Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
/
Асылан Тілеген. Бесарықтағы кішкентай блогер...

Асылан Тілеген. Бесарықтағы кішкентай блогер

06.01.2026

4985

Асылан Тілеген. Бесарықтағы кішкентай блогер - adebiportal.kz

Асылан ТІЛЕГЕН - 1993 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. «Ұлан» газетінде бас редактордың орынбасары.  «Үр», «Өзен» жинақтары жарық көрген. 2025 жылы «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың иегері атанды.

(Бастауыш сынып оқушыларына арналған)

1. Аккаунт

Жаһаншаның тегіне,

Ауыл қанық,

Біледі ел.

Әлеуметтік желіде,

Ең кішкентай блогер.

 

Осы ауылдың үміті –

Ісі қауырт, бітпейді.

Парақшаға күні-түн,

Сурет, бейне жүктейді.

 

Өзі атқарып жүреді,

Бір радионың жұмысын.

Жаһаншадан біледі,

Бесарықтың тынысын.

 

Парақшада – Бесарық,

Ұстаз,

Шопан, 

Бапкер де,

Көріп, лайк басалық,

Ең қызықты сәттерге.

 

2. Парақша

Мына бейне тым қызық,

Сүйсінерсің жақсы іс деп.

Тілшідей-ақ жүргізіп,

Баяндапты тәптіштеп.

 

Елде кәрі, жас білер,

Ағайынның ерлігі!

Қазаққа тән дәстүр ол –

Асар дейді ел мұны.

 

Ел жиылып асарға,

Үй салынар,

Құтты өріс.

Берекелі қашан да,

Бірлікпенен біткен іс!

 

*** 

Ал мына бір суретте,

Көрші-қолаң жиналған.

Қазан-табақ толы етке,

Кезегімен үйге ауған.

 

Мал сойылып жаз жайған,

Етін бөліп, жіліктеп.

Ағайын жүр мәз-мейрам,

Қауқылдасып, күліп кеп.

 

Түтінінен танимын,

Маздатуда жиі отты.

Соғымбасы – әр үйдің,

Мерекесі сияқты.

 

*** 

Бұл бейне де пайдалы,

Түсіріпті нақ бәрін.

Қар суына сайдағы,

Мал тоғытып жатқанын.

 

Қорада қап қозы-лақ,

Сайда малдың тізбегі –

Ол да өзінше қызық-ақ,

Қой-ешкінің жүзгені.

 

Жаға жаққа тырбанған,

Айда қойды ал, қане.

Үстіндегі кір-қоңнан,

Тазарып-ақ қалды әне.

 

*** 

«Құдай – жәрдем» деп шығып,

Салып елдің ғұрпына.

Жиналыпты көпшілік,

Бесарықтың сыртына.

 

Құрбан шалып, тоба ғып,

Жауын-шашын тіледі ел.

«Бұл – Тасаттық» деп анық,

Баяндап тұр блогер.

 

*** 

Мынау бейне желіде,

Көп лайк жинапты:

Көпшілік тұр еміне,

Ойналып тұр күй қатты.

 

«Бас қамшылап» от өрген,

Жарылардай намыстан.

Ат тұяғы көтерген,

Шаң көрінді алыстан.

 

Тұлпар қандай аяулы-ақ,

Шабандоз да мақтаныш!

Жаһанша тұр баяндап:

«Бүгін бізде – Ат жарыс!»

 

*** 

Ал мына бір бейнеде,

Асық атқан балалар,

Ойнағанға қой деме,

Ертең өсіп, тау алар.

 

Жаһанша – алтын асықтай,

Еңбек етер күнбе-күн.

Түсіріпті асықпай,

Асық ойыны түрлерін.

 

Ханталапай, Үш табан,

Ойын түрі әрқилы.

Асық – жігер ұштаған,

Ептілікке баулиды.

 

***

Келесі бір бейнеде.

Ел жиылып жайлауға

Жастар күліп әрнеге,

Бала-шаға ойнауда.

 

Әжелер жақ ән қосты,

Аталар жақ дәм алып.

Қымыз құйып алғашқы,

Саумал жатыр таралып.

 

Шырқалуда сүйікті ән,

Жаз күніне іліндік.

Елді бекем ұйытқан 

Бұл  той – Қымызмұрындық.

 

3. Достық

Құдды кітап секілді,

Санаңнан көр өткізіп.

Сурет, бейне не түрлі,

Бұдан басқа көп қызық.

 

Басын қосқан дүйімнің,

Мерекенің әрбірі.

Ауылдағы жиынның

Берекелі барлығы.

 

Арқалайды зор сенім,

Тәртіпті қыз, жақсы ұлдар.

Ауылыңды ал сенің,

Қандай жиын, дәстүр бар?

 

Түсір соны,

Күтпе сен,

Ауыл – бірлік қаймағы.

Парақшаңа жүктесең,

Соның бәрі пайдалы.

 

Ештеңеден тосылмай,

Ерте жастан ту алған.

Балалар да осындай,

Ауыл атын шығарған.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan