Ағаштар неге орнынан қозғалмайды?

Болгар жазушысы Ангел Каралийчевтің (1902-1972) балаларға арналған тамаша туындыларының бірі «Ағаштар неге орнынан қозғалмайды?» ертегісін жас оқырмандарға ұсынып отырмыз.

Ағаштар неге орнынан қозғалмайды? - adebiportal.kz

Ерте-ертеде, жер бетіндегі тіршілік ертегідей ғажап болған заманда, қасқыр қозымен достасқан, алқаптарда дайын піскен нан жайқалып өсіп тұрған дәуірде ағаштардың да аяғы болған екен. Иә, рас, ол кезде ағаштар қазіргі кездегідей бір орында қозғалыссыз тұрмай, өздері қалаған жаққа қарай жүріп кете береді екен. Ағаштар өз қалауынша, күні бойы мидай жазық пен көк шалғынды, қала мен ауылды аралап жүреді екен.

– Әй, ағаш! - депті бір шаруа, – Көлеңкең тамаша екен, қою түсе ме?

– Әрине қою түседі, - деп жауап беріпті ағаш.

– Онда сен диірменнің ар жағындағы шалғынға баршы! Мен сол жерге шөп шабуға барамын. Түске таман күн қатты ысығанда, сәл тыныққым келеді. Сол сәтте сен мені қою көлеңкеңе саялатшы.

– Әрине, қуана-қуана барамын! - деп жауап берген ағаш диқан айтқан жеріне қарай аяңдапты.

Кейде мынадай да әңгіме болады екен:

– Алмаларың қандай қып-қызыл әрі шырынды, хош иісті еді! - депті бір әжей алма ағашына. – Үйде он немерем бар. Мұнда қаппен келген болсам, алмаларыңды теріп алған болар едім-ау. Сосын тентектеріме күн сайын бір-бір алмадан беріп отырар едім.

– Үйіңізге бара беріңіз, әжей! – деп, бұтақтарын иіп, жапырақтарын сыбдырлата сөйлепті алма ағашы. – Кешке өзім үйіңізге жеткізіп беремін. Бұтағымдағы ең піскен алмаларды сілкіп түсіріп, немерелеріңізге: «Жинап алыңдар!» - деп айқайлайтын боламын. 

Ағаштардың осы бір еркіндігінің не себепті шектеліп, қозғалмай қалғандығы жайында айтылатын бір оқиға бар еді. Соны айтып берейін.

Мөлдір сулы құдықтың жанында бір түп-түзу жайқала өскен бір шырша болыпты. Ол шырша басқа ағаштар сияқты қырат пен шалғынды кезіп жүрмейді екен. Күндіз-түні бір орында, құдықтың жанын қозғалмай, мөлдір тұнық суға үңіле қарап, оның бетінде көрінген өзі бейнесінің сұлулығына жалықпай сүйсінумен болады екен.

Көктем келіп, күн жылынған шақ. Оңтүстіктен ұшып жеткен бір орман кептері шыршаның түбіне қонып, оған былай деп үн қатыпты:

– Бойың қандай сұңғақ әрі көрікті едің, шыршажан! Тербелгенің қандай жарасымды! Маған бұтағыңа ұя салуға, жұмыртқа басып, балапан шығаруға рұқсат етші.

– Ұяңды басқа ағашқа неге салмайсың? - деп сұрапты шырша.

– Сені таңдаған себебім: басқа ағаштар күні бойы бір жерден екінші жерге көшіп, айнала кезіп жүрген кезде, бұтағындағы ұям бұзылып, балапаным құлап жарақаттанып қала ма деп қорқамын. Ал сен болсаң, олар сияқты емес, ешқайда кетпей, осы жерде ғана тұрады екенсің. Оның үстіне, тербелгенің де сондай әдемі! Балапаным бұтақтарыңның сытырын тыңдай тербеліп, тәтті ұйқыға кеткен болар еді. Сонымен, ұямды салуға рұқсатыңды бересің ғой?

– Жарайды, сала бер, - депті де, шырша құдықтағы өз бейнесіне сүйсіну ермегін жалғастыра беріпті.

Кептер де бұтаққа ұясын салып, жұмыртқа басуға кірісіпті. Ақыры сары тұмсықты, сары аяқты, ақүрпек балапан жұмыртқа жарып шығыпты. Балапан қабықтан шыға салысымен-ақ:

– Анашым, қарным ашты! - деп шиқылдап шырылдапты.

– Қазір-қазір, балапаным! – деп ұша жөнелген бақытты ана балапанына шыбындар мен құрттарды, астық дәні мен жүзім түйірлерін дамылсыз тасып әкеліп берумен болады. Ұядағы балапан анасы әкелген тамақты тоя жегендіктен, күн санап емес, сағат санап өсіпті. Қанатында алғашқы қауырсындар пайда болғанда, кептер таныс құстарына баласының жақында ұшуды үйренетінін күні бойы мақтанышпен айтып жүріпті.

Жексенбінің таңында шырша кенет алыста ойналып жатқан бір әсем әуенді естіпті.

– Ана жақта кім музыка ойнап жатыр? - деп таңырқай сұрапты шырша.

– Бүгін жас ағаштар алаңқайға жиналып, айналма би билемек, - деп жауап беріпті кептер. – Күні бойы желбуаз ойналып, барабан соғылады.

– Мен де сол жаққа барып, барып теректермен билеп келейін! - деп шаттана айқайлапты шырша.

– Өтінемін, тек бүгін бармашы! - деп жалыныпты оған кептер. – Келесі жексенбіге дейін сабыр етіп, күте тұршы. Бір апта ішінде балапанымның қанаты қатайып, ұшуға жарап қалар. Сен бүгін биге барсаң, балапанымды ұядан түсіріп алуың мүмкін. Жерге түсіп қалса оны түлкілер қағып әкетеді ғой! Қазірдің өзінде барлық түлкі алаңқайға жиналып, ағаштардың биін тамашалауға дайын отыр.

– Анашым, - деп шырылдайды сол кезде балапан, – маған жүзім әкеліп берші.

– Қазір, балапаным! - деп кептер жүзімдікке қарай ұша жөнеліпті.

Шырша кептердің айтқан өтінішіне құлақ асқан жоқ. Сөйтіп ол алаңқайға қарай беттейді. Ол екі дәу теректің ортасында мәз болып, шайқала билепті. Билегенде қалай биледі десеңізші! Біресе секіріп, біресе иіліп, бұтақтарын сілкіп-сілкіп тастап , жұлқына билепті.

Ұядағы балапан ақыры бұл қимыл-қозғалысқа  ұзақ шыдап отыра алмапты. Ағаш сілкіне билегенде ұядан жерге құлап түсіпті. Түлкілер жемек болып тұра ұмтылғанымен, бақытына орай торғайлар дер кезінде көмекке жетіпті. Олар балапанды іліп алыпты да, би билеуге қатыспай, шетте тыныш мүлгіп тұрған кәрі еменнің бұтағына апарып отырғызыпты.

Кешке қарай би аяқталып, шырша құдыққа қарай келе жатқанда алдынан кептер шығыпты.

Ұяның бос екенін көрген кептер:

– Менің алтын балапаным қайда? - деп жанұшыра шырылдайды.

– Мен қайдан білейін? - деп астамси жауап беріпті шырша. – Балапаныңды күзетіп отыратын, мен сенің жеке қызметшің емеспін ғой!

Мұны естігенде кептер байғұс есінен танып қала жаздайды . Торғайлар ұшып жетіп балапанының қайда екенін айтқанша, кептер оны әлдеқашан өлдіге санап, бар ашу-ызасын төге ағашқа қарғыс айтады:

– Біздің балапандарымыз ұясында алаңсыз өсуі үшін, бұдан былай мәңгі билей алмайтын болып қалыңдар, ағаштар! Қай жерде тұрсаңдар, сол жерге өмір бойы қаққан қазықтай болып қалыңдар!

Дәл сол кештен бастап әлемдегі барлық ағаштар топыраққа тамыр жайып, сол тұрған жерлерінде мәңгілікке қозғалмай қалыпты!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan