Қазақ ойкумені Ұлы Дала қаншалықты ұшы-қиырсыз болса, онда өмір сүретін елдің рухани қазынасы да соншалықты қисапсыз, әрі сан алуан.
Еділден Құбы шөліне, Сібірдің нулы жиегінен Қызылқұмға дейінгі байтақ қазақ әлемін бүгіндері алты мемлекеттің шекара сызығы бөліп жатыр. Атажұртты қоса алғанда, әр елдегі қазақтың өзіне ғана тән тіршілік сипаты, өз жыры, өз мұңы бар. Ұланбайтақ Даладағы бұл қазақтарды ортақтастырып, тұтастырып тұрған ділдік, тілдік, діндік тұрғыдағы біртектілік ұлтымыздың басынан өткен қаншама қиын-қыстау кезеңдерге қарамастан, күні кешеге дейін сақталып, жұқанасы бүгінгі күнге жетті. Бұған да тәуба.
Бір ұлт дегенімізбен, көптеген факторларға байланысты әр елдегі, тіпті бір елдің ішіндегі әр өңірдегі қазақтардың ортақ рухани құндылықтарды сақтап танытудағы өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл – әсіресе, әр өңірдің музыкалық құндылықтар турасындағы сан алуандығынан айқын танылады.
Яғни, ұлттық музыканың бір түрі белгілі бір өңірде өзгелерге қарағанда ілкімдірек дамыса, келесі бір өңірде бұл көмескілеу немесе мүлде басқа бір нақышта түрленіп көрініс табады. Бірақ қалай болғанда да «бір өңірдің саз мұрасы өзге өңірдегі қазаққа түсініксіз, қызықсыз» деген пікір ешқашан туындамақ емес. Мысалы, Сыр сүлейлерінің көмеймен толғайтын мақамдарын, батыстың екпіндете тартылған төкпе күйлерін, шығыстың сыңсыған сыбызғы саздарын, Арқаның шалқымалы шырқау әндерін, Қаратаудың сезім қылын шымырлатар шертпелерін қай жердің саз түсінер қазағы болмасын, бар болмысымен беріле, жүрекпен сезіне, еліте отырып тыңдары анық.
Жергілікті жердің ерекшелігіне, көрші халықтардың мәдени ықпалына байланысты сазды орындайтын немесе сүйемелдейтін аспаптың құрылысы – бөлек әңгіменің арқауы.
Тағдырдың жазуымен қазіргі күні төрт мемлекеттің аумағында тірлік кешіп жатқан күншығыс қазақтарының саз мұрасында да әншілік пен күйшіліктің қайталанбас бояулы дәстүрі бар. Әсіресе, бірде ойнақы әуенді, бірде мұңлы сыршыл әндер мен толқындата уілдеген сыбызғы, тоғыз пернелі қалақша домбыра – көбірек тән. Домбыра мен сыбызғының егіз үнімен орындалар шертпе күйлер – шығыс өңірде бағзыдан келе жатқан үрдіс.
Домбыра мен сыбызғы сүйемелі
Егерде шығысқа тәні айқын өңірлік ерекшелік болса, ол – көбінесе толыққанды, дербес ән ретінде қарастырылмайтын «кәрі (қара) әуез» немесе «қара өлең» болар. Алғашқы екі жолы кейінгі екі жолда айтылатын нақты ойға демеу болатын, көбінесе мынау бес күндік жалғанға адам баласының қонақ екендігі, сондықтан да өлшеулі ғұмырды ойнап-күліп мәнді өткізу керектігі арқау болатын сан ондаған мақамдар сарыны Алтайдың күңгейіндегі, Қобда беті мен Шүй даласындағы жұртта күні бүгінге дейін жақсы сақталған. «Қара өлең», «қара әуез» атауының өзі бұл әуездің көнеден тамыр тартқандығынан хабар береді. Кәрі әуез мақам тым бағзыдан бері халқымызбен бірге жасасып келе жатыр. «Қара» мен «кәрінің» мағынасы бір болғандықтан екі атауы бірдей қолданыла береді. Қара әуезге салып айтылатын өлең мәтіні әрқашан ауыспалы. Қара өлең ұйқасымен жазылған өлеңдер баршылық болғанымен, көп өңірлерде қара әуездің ұмыт қалып бара жатқаны да бүгінгі күннің ащы ақиқаты. Мұқағалидың:
Қара өлеңі қазақтың қаза болса,
Қара көзден неге қан ағызбайын, -
деген қаупі бекер айтылмаса керек. Мұқағали да бұл жерде қара өлең ұйқасына құрылған өлеңді емес, сан түрлі сарынмен орындалып халықтың жанын тербетер синкретті «кәрі өлеңнің» болашағына алаңдап отыр.
Кәрі әуезге басқан Баян-Өлгей қазақтары
Кәрі әуез – қазақтың барша өмір сүру қалпымен тұтасып жатыр. Кәрі әуезді аттылы-жаяу жолда келе жатып та, дастархан басындағы қарапайым шай мен үлкенді-кішілі той-томалақта да, қысқасы кез келген жағдайда орындай беруге болады. Той-томалақ міндетті түрде ауылдың алты ауызымен әрі ол көбінесе әлдебір әншінің авторлық әнімен емес, ауыл жастарының нақыштай айтқан кәрі әуезімен басталатын мызығымас дәстүр бар еді. Мысалы:
Өлеңді тіл бастайды, жақ қостайды,
Бәйгеден келсе жүрйік ойқастайды.
Атаның аты шыққан баласы едік,
Өлеңді біз бастамай кім бастайды, -
деп келетін еді. Үлкендер жағы мұндайда желпініп, «әу деген!», «міне, әуез» десіп, жастардың бірер қайырымды әуездің ажарын бұзбай айтып шығуына демеу жасап, қоштау білдіріп отырар еді. Бұдан соң ақсақалдар мен әжелерден құлдата, әркім жеке-дара бір әуезді бастай, өзгелер қостай, қалақша қара домбырамен сүйемелдей, отырысты қыздырып әкетер еді. Бір айта кетерлігі – ауыл-аймақтағы сыралығы қауым арасында әркімнің өз дауыс мүмкіншілігіне әбден лайықтап алған «меншікті» әуезі болатын және ел жұрт сол адамнан бұл әуезге салуын күтіп отырады немесе қолқалайды. Бұл да болса отырыстың бір жарасымы. Бір отырыста қара әуездің ең кемінде оншақты мақамы орындалып жататыны – әдепкі жағдай.
Өзге аймақ-өңірлерде айтылған соны әуез «қонақкәде» арқылы атыраптан атырапқа тарап, жаңа бояумен молығып, ел игілігіне жарай беретін. Диапазон шегіне орай әдетте әйелдерге немесе ерлерге тән әуездер болатын. Екі ауыз қара әуез білмейтін, кезек пен қолқада топ алдында айта алмаған қазақты – қазақ отты қазақ санатына қоспаған. «Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен жаман жасық» дегендер – осылар.
Қара әуезге құрылған сан жүздеген кәрі әуездің нақты авторы болмағандықтан, ол халықтық туынды. Мүмкін, індете зерттесеңіз, кейбір халықтық әуездердің де белгілі бір тұлғаға немесе өңірге қатысты болып жататыны да бар. Алты айшылық Алтайдың байтақ алабында өткен әлдебір тарихи оқиғаға байланысты шыққан тағдырлы әндер қаншама! «Сұлубайдың әні», «Ой Ғайша-ай», «Ағажай, Алтай» т.б. әндерді осылардың қатарына жатқызуға болады.
"Ағажай, Алтай". Майра Мұхамедқызының орындауында
Өткен ғасырдың аяғына дейін әсіресе, Қытай мен Монғолия қазақтары арасында жиі айтылып жүрген, көш тиегі ағытылғаннан кейін Атажұртқа да кеңінен танымал болған әннің бірі – «Жорғатай». Бұл әннің ерекше түрленіп танымал болуына ҚР Халық әртісі Бекболат Тілеуханның үлесі зорлығына дау жоқ. Әсіресе, «дәй-дә-ә-әй-дәй, Жорғата-а-а-й», - деп Арқаға тән мәнермен зау биікке көтергенде, ерекше құлпырып кететіндігі рас.
"Жорғатай" әні. Бекболат Тілеуханның орындауында
«Жорғатайдың» ежелден көпке таныс мәтінінен өзгешелеу нұсқасы – Әзима Жұмажанқызы деген әншінің орындауында ғаламтор бетіне шыққан еді.
Әнші Шыңжаңның Алтай аймағы, Көктоғайынан болса керек. Кәрі әуезден «Жорғатайға» ауыса отырып, осы әнге қатысты ой өрбіткенді жөн көрдік. Бізге таныс мәтін мынадай түрде келетін еді:
Шыңында өскен асқардың сен бір шынар,
Бір көруге жүзіңді болдым құмар,
Көрмегелі жүзіңді көп күн болды,
Құмарланған көңілім қашан тынар.
«Шыңында өскен асқардың» кейде «шыңында өскен Алтайдың» болып келе береді. Әрбір екі тармақтан кейін қайырмасы келіп отырады:
Дәй-дәй-дәй жорға тай, ақ бикеш Манат-ай.
Қызылдан бордат-ай, айдай құрбым, заулатшы-ай.
Әннің қайырмасына саятын болса, бұл әннің әу баста Манат атты аруға қаратып айтылғанын бағамдаған болар едік. Яғни, «Үрия-ай», «Ақ Қазине», «Зибаш-ай» т.б. сарындас алғаулы сезім.
"Жорғатай" әні. Әзима Жұманқызының орындауында
Көпке мәлім «Жорғатайдың» екінші шумағының мәтіні көп жағдайда орнықты емес. Қара әуездің кез келген шумағы телініп жүр. Яғни, көбіне :
Аулым көшіп барады белден асып,
Белден асқан бұлттармен араласып,
Аулың алыс кеткенде беу қарағым,
Ақ қағазбен жүрейік амандасып. –
дейтін мәтін айтылатын еді. Осы жерде мәтіндік қолданысқа қатысты ойымызды айтайық: кейбір әншілердің «белден асыптың» орынан «таудан асып» деген қолданысын тауда өсіп, бел асқан қазақ қабылдай алмайды. Себебі, кезеңді, асуды, мойнақты, белді асатыны болмаса, бейбіт ауылдың көші бекерден бекер «тау асып, тас басып» көшпейді.
Жоғарыда мысалға алған «Өлеңді тіл бастайды, жақ қостайды» мәтініндегі бұл қимыл реті – ғасырлар бойы айтылып әбден қалыптасқан қазақы аксиома. Мұны бұзудың реті жоқ және тіпті анатомияға қарасаңыз да, сөйлеу, үн шығару үшін тіл ең маңызды мүше, жақтың ашылып-жабылуы – оған сүйемел. Қазіргі күні ел алдында ән салыцп жүрген үлкенді-кішілі әншілердің көбі мәтіннің мағынасына мән бермейтіні – кең тараған дерт болды. Оның емі не? Біз айта алмаймыз. Мысалы, Төреғали Төрәлі «Саған халқым» атты әнде біз мысал етіп отырған жолды «Өлеңді тіл бастайды, жақ бастайды», - дейді. Мұндай жаңсақ қолданыстар қазақ сахнасында жүрген әншілердің түгелге жуығының репертуарындағы әндерден табуға болады.
Ал «Жорғатайдың» Өр Алтайлық Əзима Жұмажанқызының орындауындағы мәтін шынымен де осы әннің сол өңірге тән авторлық дүние ме, әлде қазіргі күні белең алып жүрген әлдебір өңірге немесе адамға тели салатын «сырымталығы» ма дегенді болашақта сол өңірден шыққан азаматтар анығын айта жатар. Бұл мәтін не дейді:
Ақтастының басында Қарасеңгір,
Күміс болмас соққанмен қара темір.
Қапияда кез болған асыл жарым,
Жаны таза жақсының баласы ең бір.
Қара өлең ұйқасымен келетін, әдепкі мәтіннің бірінші жолы аталған әннің қатыстылық координатын алып Алтайдың оңтүстік нүктесі – Өр Алтайдың Қарасеңгіріне апарып тіреп отыр. Әйгілі «Беген шабылған» дейтін қасіретті оқиғаның куәсі, дала көкжалы Оспан батырдың іс-қимылдарына қатысты оқиғаларда жиі аталатын Қарасеңгір бұл.
Ал қайырмасы мүлде өзгеше. Көпке белгілі мәтінде «жорға тай» деп келсе, мұнда оның орнына Жорғасай – яғни, жер аты айтылып отыр. Расымен де сол өңірде Жорғасай атты жер болуы мүмкін ғой. Екінші жолдың «бұйра жал боз ат-ай» делінуіне қарасақ, бір шумақта екі бірдей жылқының аталмауы – қисынға сай.
Ән мәтінінің екінші шумағы беретін ақпарат біршама ауқымды екенін бағамдаймыз:
Қобықсары жайлайтын білікті елден,
Ақбоз атын ақбикеш мініп келген.
Аулың алыс қалғанда асыл құрбым
Қара сеңгір ел ауды билік белден.
Мұндағы Қарасеңгір – қазіргі Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданы, Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Алтай аймағын құрайтын жеті ауданның бірі Көктоғайдың күншығыс бетіндегі тау екенін, ал Қобықсары – Тарбағатай аймағына қарасты аудан екенін ескерсек, бұл әнді осы өлкелерде жасаған адам шығарған болуы мүмкін. «Әр әннің артында бір тағдыр жатыр» дегендік тұрғыдан алып қарастырмасақ, мұның маңызы да шамалы. Бекболат Тілеуханның шырқауындағы сол «Жорғатай» «Жорғатайдың» шыңы болып қала бермек.
Рухани құндылықтарымызды түгендеуге кіріскен қазіргі кезеңде «қазақтың дәл өзіндей қарапайым» болса да, халқымыздың ғасырлар бойғы арман-мүддесін, бастан кешкен қуанышы мен қайғысын арқау еткен қара өлеңіне, кәрі әуезіне де назар аударсақ деген ниеттен осы тақырыпты қозғаған едік. Кәрі әуездің сан ондаған мақамын тыңдап өстік. Құлақпен естіп, көкірекке тоқығанымыздың қаншасы қалғанын тап басып айта алмасақ та, бұл күндері айтатын орта, тыңдар құлақ, әуен созар уақыттың тапшылығынан көптеген әуендер ұмытыла бастағаны шындық. Және де әр мүшел буын жасарған сайын кәрі әуез қоры жұтаңдана түскені де байқалуда. Күні кеше ғана ауыл-үйдің шайында, құдалықта, той-томалақта міндетті түрде ауылдың алты ауызы айтылып, қайтарма қонақкәде, тойтарма әуез орындалып, әркім бара жеріне айтар әнін жұптап келетін дәстүр де үзілуге тақау тұр. Әлде мынау ақпараттық ғасырда қара әуезсіз де күн көруге болады дегенге мойынсал болғанымыз жөн бе? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Асылбек Байтанұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.