Алты Алаштың айбынын асқақтатқан ата-бабамыздың ілкі арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік – азап пен төзімнің, сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған қажырлы күрестің өтеуі. Ал Тәуелсіз елдің топырағында дүниеге келген өрендер егемендікпен бірге есейіп, бой түзеді. Олар өзіне «еркін еліме, тәуелсіз жұртыма менің тиер пайдам қандай?» деген сауал қойып, бағындырар биіктеріне ұмтылуда. Сол жастардың бірі – Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің қызметкері, полиция сержанты Берік Төлегенов.
Сәби шағында Тәуелсіздіктің не екенін сезінбесе де, есейіп, ес білген шақтан-ақ ол өзінің ел Тәуелсіздігімен бірге жарық дүниеге қадам басқан ақ тілеулі азаматтардың бірі екенін санасына түйіп өсті.
Берік Айтбайұлы Жамбыл облысының Жамбыл ауданына қарасты Аса ауылында дүниеге келген. Әкесі Айтбай Тасжүреков жүк көліктерін тиімді пайдалану инженер-механигі қызметін атқарса, анасы Гүлмира Исахметова аудандық əкімдікте есепші болған.
Полиция сержантының ойынша, Тәуелсіздіктің құрдасы болу – үлкен сынақ.
– Тәуелсіз мемлекет атанып, жаңа өмірге қадам басқан Қазақстанмен бірге дүниеге келіп, бірге өсу – үлкен сынақ. Тарих беттерінен бодандықтан арылған күннен осы кезге дейін, яғни мен туып-өскенше еліміз талай қиын кезеңдерден өткенін байқаймын. Бар тірлікті жаңадан бастаған мемлекетіміздің алдында көптеген асуларды бағындыру қажет болды. Жаңа Үкімет құру, заң қабылдау, жұмыссыздық мәселесін шешу, халықтың хал-ахуалын арттыру, ел экономикасын дамыту секілді алуан белестерден өту кезеңдері тұрды. Талайдың тезінен қаймықпаған халқымыз бұл қиындықтарды да бастан өткерді. Қазақ тілінің тұғыры ерекше мәртебеге ие болды. Білім ошақтарында жаңа жүйе бойынша білім қуып, жаңа басылған оқулықтармен оқыдық. Жаңашылдықтарға тап болып, оларды еңсеру жолын ұстанған еліміз, міне, бүгінде әлем таныған қауқарлы мемлекет. Сол шақтан бастап аға буын өкілдерінің бізге деген көзқарастары айрықша болды. Оны ес білген кезден-ақ байқай бастадым. Олар бізге ерекше сеніммен үміт артып қарайтын. Жас мемлекеттің жас ұрпақтарына барлық нәрсені үйреткісі келіп: «Сендер – біздің болашағымызсыңдар», – деп мейірім танытатын. «Тәуелсіз елдің ұрпағы ретінде мемлекет тізгінін ұстайтын келешектің кемеңгерісіңдер», – деп сенім артып келеді. Сол сенімге әрқашан да жауапкершілікпен қарап, Қазақстанды өркендету үшін кішкентай болса да өз үлесімді қоссам деймін, – деген ойымен бөлісті.
Полицей Тəуелсіздіктің құрдасы бола тұра, қайта құру кезеңіндегі кейбір қиыншылықтың куəгері болғанын да жасырмады.
– Тұрмысымыз нашар болған жоқ. Дегенмен, электр жарығының жиі сөніп қалатыны, дүкен сөрелеріндегі азық-түліктің болмауы, қарапайым халықтың нан алу үшін таң атқаннан кезекте тұратыны есімде. Сол уақытта егемен елімнің бүгінгідей мəртебесі жоғары, тұғыры биік болатыны жайлы ойламаппын, – дейді Тәуелсіздіктің құрдасы.
Берік Төлегенов Жамбыл ауданына қарасты Аса ауылындағы Ю.А. Гагарин атындағы орта мектепте білім алып, Тараз политехникалық арнайы орта білім беру коледжіне түскен. Құқық қорғау органдарына қызмет ету мәртебесі бұйыратынын білмеген жас түлек радиобайланыс мамандығын игерген. Дегенмен, үміт оты сөнер ме? Оқуын тәмамдаған маман арман қуып Астанаға келіп, Ішкі істер органдарына қызметке тұрамын деген шешім қабылдайды. Алғашқы қадамын әскери комессариятқа өтініш білдіруден бастайды. Уақыт өте келе Аэроұтқыр әскерлерінде қызмет етіп, әскери борышын өткерген соң мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкіне орналасады.
– Құқық қорғау саласында қызмет атқару – мен үшін үлкен абырой. Жерлесіміз Ғазиз Байтасовтың ерлігі мен Ақтөбе және Алматы қалаларында болған террористтік актты естеріңізге сала кетейін. Сол уақытта интернет желілерінде халықтың: «Біз құқық қорғау органдарының қызметкерлері жайында көптеген жағымсыз жайларды айтамыз. Ал ел басына күн туған уақытта кеуделерін оққа тосып, ел қамын ойлайтын біздің полицейлер екенін естен шығарып аламыз», – деген пікірін оқығанымда ішім жылып, үлкен жауапкершілікті сезіндім. Сол кезеңнен бастап біз өз тағдырымызды өзіміз шешетін Тəуелсіз мемлекетте өмір сүрудеміз. Сондықтан өз қызметімізді халыққа тиісті деңгейде көрсетіп, халықтың ықласына бөленуіміз қажет екенін түсіндім, – дейді полиция сержанты.
Берік Айтбайұлы – құқық қорғау органдарындағы қызметін поэзиямен ұштастыра білген жан. Оның қалам алып, ой тербеп, өлең шығарып жүргеніне биыл 15 жылдың жүзі болған. Өлеңдері бірнеше республикалық басылымдарда жарық көріп, оқырмандардың жүрегіне жол тартқан.
– Поязия – мен үшін сырласым, мұңдасым, қуанышымды бөлісетін құрдасым, – дейді жас ақын.
Назарларыңызға Берік Төлегеновтің шығармашылығын ұсынамыз.
Тілім менің
Қазақ тілім – қорғаным, қасиетім,
Көрмейік тілсіз қалу қасіретін!
Тілді ұмыту – қазақты өшіретін,
Қазақ тілі – қазақты өсіретін.
Ел болып ана тілге бас иетін,
Жалғайық бабалардың өсиетін!
«Тілім» деп оққа ұшқан даналарым –
Мағжаным, Биімбетім, Ахметім.
Тілін сүйді ер болғасын ел сүйетін!
Дамиық, өзге тілді меңгерейік!
Ол да абырой қазақтай елге биік.
Өзге тілді тез жаттап аламыз-ау,
Ең алдымен ана тілге мəн берейік!
Қазақстан – менің қайсар отаным!
Қазақстан – менің қайсар отаным!
Отанымды əркез жырға қосамын.
Бұл күндері зор сеніммен айта алам,
Мəңгілік ел мəңгі ғұмыр жасарын.
Тəуелсізбіз, байтақ елміз бұл күні,
Байтақ елдің арта берсін бірлігі!
Біз тұрайық ел күзетіп күн-түні,
Отаным деп шарықтасын ұлт үні!
Тəуелсіздік бізге оңай жетпеген,
Елде болды көтеріліс көптеген.
Қанын төкті біздің талай батырлар,
Мұзға тоңып, жанып ыстық отпенен.
Ана
Сан қате болсын кешiрген,
Құрсақта сенi қорғаған.
Мейiрiм төгiп өсiрген,
Анадан артық бар ма адам?
Төгедi әркез сәулесiн,
Көрсе де өмiр әуресiн.
Ойлаудан бiздi тынбайтын,
Әулиесiң, анам, әулиесiң!
Қорғадың ұшқан құстан да,
Қолдадың самғап ұшқанда.
Өзiңсiң берер күш жанға,
Анашым менiң, анашым!
Алдыңда сансыз қарызым,
Көп және айтар алғысым.
Рахмет айтып бәрi үшiн,
Арнады әнiн жалғызың!
Денiңе сырқат бермесiн,
Көздерiң жылай көрмесiн.
Күлкiге толтыр жер бетiн,
Сол күлкiң бiздi тербесiн!
«Полиция.kz» журналы, Желтоқсан 2016 жыл.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.