Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Байырғы мәдениет һәм кенже бала пайымы...

26.06.2022 3988

Байырғы мәдениет һәм кенже бала пайымы 12+

Байырғы мәдениет һәм кенже бала пайымы - adebiportal.kz

Мақаланың басын мына жерден оқи аласыз

Жоғарда келтірген дерекке сүйенсек, қара шаңырақта қалатын адамның өзі туғанда қойылған есімін тәрк етуге дейін жетсе, бұл дегеніңіз ерлік, батырлық істегенде қоятын лақап ат тәрізді даңықты есім болғаны. Мысалы тағы да Мағауинді келтірсек: «Осы кенже ұл өзінің туасы есімімен қоса, «Отшыген» деп аталады. Бұл – Шыңғыс ханның арғы бабаларынан бері жалғасып келе жатқан рәсім екені көрінеді. Мәселен, Қабұл ханның алтыншы (кейбір деректе жетінші), кенже ұлы – Таудан-отшыген. Екінші ұл Бартан-бахадұрдан туған Есугейдің інісі – Дәрітай-отшыген. Ал Темужіннің өзінің ең кіші інісі – Темуге-отшыген. Бұл Темуге Шыңғыс хан билікке жеткеннен соңғы заманда мүлде күшейіп, енді өз есімімен емес, әулеттегі айрықша құқығы бойынша Отшыген атағымен тарихқа енеді». Осыдан да болар жоғары мәртебеге лайық болғасын кезіндегі кенжелер өз аттарын сырып қойып «от тегін» мін деп кеуде керіп жргенге ұқсайды. Осыдан келіп аңыз-әңгіме, ертегілерде кенже батырлар бейнесі өзінше бір төбе болатындығы сондықтан. Бұл үрдіс академик Сейіт Қасқабасов айтқандай әсіресе қиял-ғажайып ертегілерінде көптеп кездеседі.

Ары қарай пайымымызды ислам келгеннен кейінгі дәуірлерге жалғасақ, әрине жаңа дін, жаңа нанымның ықпалы артқан сайын, көнені өшіре түсетіні шындық. Ислам діні бүкіл түркілер ортасына дендеп кірген сайын өз ықпалын көрсете басатды. Шәкерім Құдайбердіұлының айтуынша: арабтар түркілердің сенімдерін өзгерткенімен қоймай, құлпытастардағы көне жазуларға дейін өшіргенін айтады. Яғни «от» атауынан, отқа табынушы деген ұғымнан қашып, оттың орнынына «шаңырақ» деген. Ал «от сақтаушы», «от тегін» дегеннен «кенже» деген лайықты атқа ауыса бастаған. Мысалға айтар болсақ арабтар, түріктер тағы басқа ислам дініндегі халықтар жылқы етін жеуді харамға шығарса, біздің қазақтар өздерінің ежелгі жеңсік асына олай қарай алмаған да, шариғат шеңберінен шығып кетпейтіндей пәтуа тауып алған. Сол секілді біздің тапқыр ата-бабаларымыз «өгізді де өлтірмей, арбаныда сындырмай» ежелгі түркілік «от» ұғымын көтеріп «шаңыраққа» теліген де, «отшыгенді» кенже туған кенже қозымсың дегендей кенже атап қисын тапқан тәрізді. Мысалаға «отшыген» атауы қазіргі түріктерде «өтукен», «өтікен» деп әлі айтылады. Бірақ атау барда ұстаным мүлде ұмыт болған. Қилы заманды, неше түрлі жаугершілікті көрседе, ата қонысынан жырақтамаған қазақтар, кейбір руға бөлінетін өзбектер, қырық қылаудан құралған қарақалпақтар әлі күнге кенже, кенжем деп сақтауда. Біз үшін бұрынғы атауы ауысып, бұрынғы кісі есімін өзгертерлік салмағынан айырылса да, от деп шаңыраққа табынбасақ та, «қара шаңырақ» пен «кенже ұл» ұғымы санамызда қалайда киелік ұғымды үстеп тұрады. Бұл да болса тарихи жадымызда сайрап жатқан ежелгі ата-бабаларымыздың ұстанымының көрінісі болса керек. Осы арадан ежелгі түркілердің не үшін кенжеге неге сонша айырықша қарайтынына шамамызша жауап берген сияқтымыз.

Келесі долбарымызға қазақтар арасында сақталуға көшсек. Жоғарыда айтқанымыздай, қадым заманғы түркілерден келе жатқан түсінік, ежелден әке үйі аса қатты құрметтеп тіпті оны қара шаңырақ деген киелі ұғымға дейін жеткізді. Себебі ұрпақтар сабақтастығының үзілмес шынжырына айналған үлкен үй, еншісін алып отау шыққан әрбір кішкене үйге ортақ болды. Осы ортақтық жыл өткен сайын ұлғайып, заман озған сайын салмағы арта түсті де, өзара «үлкен» үлкен үй және «кіші» үлкен үйлер пайда бола бастады. Біз көбінде қара шаңырақ пен кенже ұлды сөз еткенде көз алдымызға жалаң бір ғана отбасындағы кіші ұл мен әке арасындағы байланыстар елестейді. Киелі қара шаңырақ, қасиетті қара шаңырақ дегендегі кие мен қасиет қайдан жиылсын. Әрине жаңағы «үлкен» үлкен үй мен «кіші» үлкен үйлердің арасы алыстап, ауқымы кеңіген сайын, әу баста заттай басталған қара шаңырақтық силастық, қасиет пен киеге ауыса бастайды. Яғни кезіндегі көшпелі түркілердің ру-ру, тайпа-тайпа болып шоғырланып жүруі, тікелей бір атадан тарадық деп бір-бірін жақын тартуынан еді. Ашып айтар болсақ, отау болып бөлініп шыққан жас отбасылардың уақыт өте келе өздерінің де үлкен отбасыға айналғанына қарамастан, бұрынғы үлкен шаңыраққа деген тәуелділік пен құрметін еш жоғалтпайтындығы еді. Яғни, адалдықтан, әкеге деген опалылықтан. «Үлкен алдында жас қарыз, әке алдында бала қарыз» дегендей, ата-текке деген мойын ұсынушылықтан. Енді ойланыңыз, осы барыста бір әулеттің болмаса бір рудың қара шаңырағы болып шыға келу - шынында қаншама мәртебе. Осыдан соң, түркі-қазақтардың кенже ұлды сонау заманнан не үшін құрмет тұтып, оны басқа балалардан ерекшелейтіні түсінікті болады. Мысалға керейлерде: ителі руын керейлердің ноқта ағасы десе, сарбас руын керейдің кенжесі, қара шаңырақ егесі дейді. Осы сияқты қазақтар арасында: арғын аға баласы деп құрметтелсе, адайлар өздерін қазақтың қара шаңырағы бізде деп мақтанады. Тұтас алаш баласы, күллі түркі жұртының қара шаңырағы біз қазақтарда деп мақтанатынамыз сондықтан. Осылай ата-бабаға деген құрметіміздің куәсі ретінде әлі күн қара шаңырақты кие тұтып, сол шаңыраққа иелік еткен кенже ұлды аялап келе жатыр екенбіз. Тарихи жадымыздағы сайрап жатқан осы дәстүр сол үшін де өзінің маңызын жоғалатпай түркілердің қара шаңырағында отырған біздерге билігін жүргізіп келеді. Тағыда бір қосымша себебін айтар болсақ, қара шаңырақты қадірлеу ата-баба аруағын қадірлеумен де байланысты шыққан, өйткені аруақтың аты біздің ең арғы үлкен үйдің иесінің аты, аруақтың аты біздің жауға шапқанда шақыратын ұранымыздың аты. Біздің шежіреміздің басы, атамыздың, атасының атасы.

Қазақта туыстық жақындығы жеті атаға толмай қыз алыспау тәртібі әбден қалыптасқан тіпті мызғымас қағида. Атадан балаға мирас болған осы дәстүр көшпелілердің отбасында қатаң сақталған. Әйтсе де, қазақтардан ерте отырықтаса бастаған өзбек, түрікмен, ұйғыр, әзербайжан т.б туысқан халықтарда кенже балалық үрдіс өзгеше түс ала бастады. Олар алыстан қыз іздемей-ақ жақын туғандарына үйлене берген себепті (Ал қырғыздар 4 атаға дейін қыз алыспады.) кенже балалық дәстүрді ұмыта бастады .Оның бір себебі ислам дінінің оларға әсерінің күшті болуынан (шариғат заңында қандас жақын адамдар өз ара үйлене беруге болатындықтан) жеті ата аспай қыз алыспау олар үшін өз маңызын жоя бастады. Ал жеті ата аспай қыз алыспау осы кенже бала дәстүрінің тікелей қорғаушысы екенін ескерсек. Сейіт Асқарұлы Қасқабасов былай дейді: «Қай ұлтта (ұлыста) рулық жүйе сақталған болса, сол ұлтта (ұлыста) кенже балалық дәстүр жойылмайды». Рулық жүйені сақтау үшін қан араласпау керек. Яғни жақын адамдар ара үйленбеу. Бұл сақталмаған жағдайда рулық тәртіп өздігіне күшін жоя бастайды. Ру сақталмаса кенже баланың да миссиясы ұзаққа бара алмайды. Анадолы түріктерінде жағдай мүлде басқаша. Еуропаның қақпасында отырған олар Азияның басқа аймағында тұрып жатқан өзге түркі тектестерге қарағанда ассимиляцияға әлдеқашан ерте ұшыраған. Қазіргі түріктерінің санасында және отбасылық құндылықтарында кенже бала деген ұғымды қойып түсінік те жоқ. Не үшін десеңіз, көп жылдық қалалық өмір мен өзара жақын некенің және қалаға тән тұрмыс дағдысы мен әлеуметтік шарт-жағдай ұрпақ мәселесінің де тағдыр тәлейіне өз әсерін тигізбей қоймайды.

Осы ратте туыстық, қандастық қатынасқа даланың тағысындай қатты сақтықпен қарайтын қазақтардың жеті ата болмаса кенже балалық ұғымын сақтап қалуына екі себеп болан. Біріншісі: «Кезінде арабтардың аталас, туыс, қандас адамдарының балаларының өзара үйлене беру салты қазақтарға «кіріп» жайіліп кетуінің алдын алған, қазақтың сұңғыла ханы Еңсегей бойлы Есім хан жарлық шығарып: «Қандас қазақтар өзара үйленсе өлім жазасына кесілсін!» - деп әділ үкім етіп, тыйым салғаны қазақтардың таза қанды, қайсар, өжет халық болып қалыптасуына сөз жоқ өз үлесін қосқаны даусыз, үлкен ұлағатты іс екені баршаға белгілі. Сондықтан қазақ халқының бала тәрбиесіндегі ең маңызды мәселелерінің бірі - балаға жастайынан «жеті атасын білгізіп, жаттақызып, санасына қалыптастыру» болмақ. Осы себепті қазақтар жақынынан қыз алыспауды берік ұстанып, жақынына жақындауды арсыздық ретінде санап, ондай хам-қарекеттен ат бойын аулақ ұстаған. Бұл да дала заңының өзіндік ерекше дәстүрі еді. Ежелгі түркілердің еш қайсысына жат емес осы дәстүрді бұл күнде негізінен қазақы жұрт сақтап қалып отыр. Екінші себеп: қазақтардың көшпенді тұрмыс тіршілігі мүмкіндік бермеген еді. Әр жерге бір қонып, көшумен өткен бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігіңде көп нәрсені құнттауға келе беремейтін қолайсыздығы болды. Әйтпесе Абылай ханың аһ ұрып елімді отырықшы етсем-ау дегені бекерге армандамаса керек. Осы көшіп-қонып жүру бізге көп нәрсе берсе, бізден көп нәрсені алып қойды. Әрине көп жұрттан өнер-білімнен кенже қалсақ та, ата-баба дәстүріне деген адалдық пен арғы текке деген ежелгі ұстанымымызды онша өзгерістерге ұшыратпай, салып-ұрып ХХ ғасырдан бірақ шығыптық. Біле білсеңіздер осы күнге дейін көшіп-қонуын тастамаған Моңғолиядағы қазақтар мен Қытайдағы қазақтар атам заманғы дәстүрді әлі өлтірмей сақтап келеді. Олардың кенже балалық салтты өшірмесі анық, бірақ бір қызық жері біздің ұлттың басқада ауылдық, қалалық өмірге бейімделеген қазақтары бәрібір кенже балалық ұстанымды өлтірмегендігінде. Басында айтылған туысқан түркілер қалалық өмірге аяқ басқасын көп өтпей өздерінің өзгеше салт-дәстүрлерін қалыптастырып, кенже балалық дәстүрді ұмытып жатса, қазақтар салт-дәстүрге келгенде өзінің негізгі діңін сақтап, әлі күнге дейін шаңырақты қастерлеп, кіші ұлды ұлықтауды ұмыта қойған жоқ. Бұл да болса бүкіл түркілердің «қара шаңырығында» отырған кенжелік рөліміздің әсері сияқты. Алтай бесігінен тараған түркі оғыландарының ұйтқысы болу мәртебесіне ие болу біздің де маңдайымызға жазған Алланың ерекше алқауы болса керек. Қанша жерден отырықшылданып, көшпенді тірілік мүлде жат әрі таңсық болды десек те, мың жерден өз тілімізді ұмытып, қазақы қалпымыздан алыстадық десек те, кенже бауырымызды аялап, әке үйін қастерлеп тұратынымыз өтірік емес. «Алтын босағадағы ұл мен қыз, шөп күркедегі ата мен анадан дәметет» деген мақалдың да ата шаңыраққа қарап ұлып тұратын әдепкі әдетіміз, қанымыздың әр тамшысында белең беріп жатқанынан дерек берсе керек. Қазақта риза болса, болмаса кейісе «қанына тартқан екен» болмаса «қанына тартты» деген сөзнің осындай текке тартқан қылыққа бола айтылатыны тағы бар еді. Қандағы бар әдет жолдан қосылған ұсақ тіршілік дағдысына бола өз тегін жойып жібермесі анық.

Осы шаңырақ иелік ұғым әсіресе қазақтар арасында осы күнге дейін сақталғаны сонша, ойымызға ешкімнің ықпалынсыз өздігінен әсерін көрсетіп жатады. Арғы-бергі тарихты сараптап, өткен-кеткенді ой елегінен өткізіп, тағыда жорамал жасап көрсек, тағы да академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың пікіріне сүйенуімізге тура келеді: «Қай ұлыста рулық жүйе сақталған болса, сол ұлыста кенже балалық дәстүр жойылмады, себебі, қай рудың еркек кіндіктісі көп, сол ру мықты, сол ру басты орынға шығып отырған». Ал кенже бала рудағы ерекек кіндіктінің үйытқысы болып отырған қарашаңырақтың егесі, болашақ ру еркектерінің жиналар тұрағының мұрагері ретінде құрметтеледі. Бұл өз кезінде жақын туыстар арасын ұйыстырып отыруға көп пайдалы болды. Ал қыз баланы жат жұрттық деп, одан тұқым тарамайды деп қарғандықтан оны ру шежіреге де кіргізбеген. Түркілер ішінде рулық түзімді қатты ұстап, осы күнге дейін өлтірмей сақтап келе жатқан қазақтар өзге туысқан ұлыстарға қарағанда кенже балаға осы күнге дейін көзқарастарын өзгерткен емес. Тарихи жадымызда сайрап жатқан осы дәстүрді ешбір боран-шашын өшіріп тастай алған жоқ. Аралықағы қаншама жыл рухани тоқырауда дінді ұмыттық, тілді ұмыттық, керемет салт-дәстүрлерімізді, қазақы қалпымызды ұмыттық. Бірақ осы рулық жүйе мен қара шаңыраққа еге болып қалатын кенже ұлдың маңызын жоғалтпадық, ұмытпадық, өшірмедік. Өзге ұлысты қайдам қазақ үшін осы салттың не үшін маңызы болғаны уақыт өтіп, құндылықтар алмасса да өз қасиетін жоймай келеді.

Енді біз осы арадан тақырыбымызды мүлде басқа бағытқа бұрып, біздің танымымыздағы кенже бала пайымының кемшіліктеріне тоқталсақ. Шәкерім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресін» де тобықты туралы тоқталғанда «төртінші атамыз Ырғызбай Абылай ханмен жолдас болған кісі еді»,- дейді. Енді есептеңіз Ырғызбайдан Арғынға дейін үш ата десек, бір атаға жиырма бес жыл берсек, Шәкерімнен ары қарай санасақ Арғынға дейін бір жүз жетпіс бес жыл болады екен. Ал өзіміздің де ата-тек шежіремізді тарқатып кеп жіберсек, ұзаса Керейге дейін жиырма ата, әйітпесе оғанда жетпейді. Сонда әр ғасырда төрт-бес атадан деп есептесек Керей болмаса Арғын, Найман өмір сүрген заман 1600 жылдардың шамасы болмаса оғанда жетпейді. Сонда дейміз ғой, Қасым хан билік жүргізгендегі 1 миллион халық қайдан шықты, Қасым ханның қол астында жалғыз Арғын, жалғыз Найман, жалғыз Керей болған ба? Бұл жерде бұл шежірелердің кенже балаға не қатысы бар деулеріңіз мүмкін. Азғантай шежіреге бойлаған себебіміз, ертегі төңірегіндегі кенже бала образының біздің ұлыстарға, әсіресе біздің қазаққа қандай әсері болды, несімен маңызы болды. Кіші ұлды сонша дәріптеп жүрген біз қазақтар басқа түркілерге қарағанда осы жерде неден ұттық, неден ұтылдық. Біздің айтпағымыз осы төңіректе еді. Қарапайым оқырманға әдетте ертегінің бәрі бірдей болып көріне беруі мүмкін. Бірақ ертегілер жанрынан шамалы сауаты бар жандарға әр ертегінің өз ішкі мәні мен маңызы бар. Қырғыздар мен өзбек халықтарында сақталған ертегілердің кейбір нұсқаларында ағайынды неше жігіт болса бәрі бірлікте бақытқа ұмтылып, мұратына жетіп жататыны бар екен. Қазақ халқында сақталған ертегілерде кенже баланың қалай да дұшпаны даяр тұрады. Не құбыжық, не жыртқыш, не туған ағалары дегендей. Ертегі болса да шындық дегендей, ертегідегі қандай сюжеттер мен стильдер қай халықта кең тараса, сол халықты шамалы болсада ертегілері арқылы бағалауға болады демекпіз.

Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» еңбегінде: «Егер Тәуке хан үш жүзге үш биді сайламағанда, елу жыл ішінде қырғыз қазаққа сіңіп кетер еді», - деген пікірі бар еді. Қазақ халқының ең үлкен қасіреті жүзге, руға бөлінуден басталды. Ол бөліну рулық жүйеден бастау алып, тайпалық деңгейден асып, жүздік дәрежеге дейін жетті. «Ұлы жүзге қауға бер де малға қой. Орта жүзге қамшы бер де дауға қой. Кіші жүзге найза бер де жауға қой» деген түсінік бар. Жоғарыдағы шежірені келтіру себебін енді ашып айтар болсақ, ата-тегімізді тарқата келгенде рулық шежіремізге байланысты, рудың аты болған аталарымыз бен ұран болған батыр бабаларымыз XVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген болып шығып отыр.

Ал енді ХІІІ ғасырда керейдің ханы болған Тұғырыл хан (Уаң хан) атамыздың үрім-бұтағы қайда, найман ханы Таян ханның ше, сонымен бірге Қоңырат, Қыпшақ , Дулаттар кім, олар қайда қалды. Бұл жерде Мұхтар Мағауин бір шындықты айтып отыр. Руға бөлу көшпенді қазақты жақ-жаққа бөліп басқаруға ыңғайлы болғанымен қатар хан билігінің нығаюына да оң әсер еткені байқалады. Биқұмар Кәмәлашұлы келтіргендей, Есім хан шығарған «жеті өзен аспай, жеті ата толмай қыз алмау» заңы қарашаңырақтық ұғымды одан ары жетілдіре түсті. «Үлкен» үлкен үйлер мен «кіші» үлкен үйлер көбейген сайын, «кіші» үлкен үйлер арасында бақталастық көбейе бастады. Өзара байлыққа, жерге талас барсында кеше ғана бір кіндік, бір емшектен шыққан аталастар бір-бірін аямай жатты. Мысалға «Абай жолындағы» бір тобықты ішіндегі Бөкенші, Борсақ, Жігітек болып бөлініп қырқысатыны көп нәрсені еске түсіреді. Жаңағы Шәкерім айытқан тобықтының өзі осындай берекесіздікке барып жатты. Осы бір тобықтының өзара сыйыспағанына Оралхан Бокей де «Айпара-Анасында" ишаралап, өкініш білдіретіні бар еді. Тіпті ауылына ұйытқы болып, сақалы желпілдеген адуындың ақсақалдар да ру намысы дегенде алашқа есесін жібермеуге тырысты. Алтыбақан алауыздық әрине билеушілерге де, сырттан келер жауға да тиімді болды. Өздерімен-өздері ала көз жұрт, қарап жүріп берекесі кетіп, рухы жасып, әлі кете бастады. Рулар арасындағы жер дауы, жесір дауы бітпейтін егес пен күреске айналды. Осылардың бәрі жинақтала келе қазақ халқының ішкі жақтан бірігу емес, іруіне, ұйысып ұлттық деңгейде ойлау емес, жұздік, тайпалық, құдай ұрып ру деңгейде түсіп, арзан намысқа алқынып шыға келетінді тапты. Зар жылаған «зар заман ақындары» осындайды көріп үрейленсе, Абайда қазақ берекесіздігі неден екен деп қаншама қапа болған еді. Түптеп келгенде бір адамның бір адамнан айырмашылығы болуы мүмкін, ал бір ұлттың ішіндегі түрлі ұлыстардың бір-бірінен ешқандай айырмашылығы жоқ. Бір рудың бір рудан айырмашылығы бар деп қарау - ұлттың ең зор қасіреті. Осы күнге дейін рулар ара артықшылық пен кемшілік көзқарасы әлі сақталғаннын ескерсек, біз әлі күн ұлттық емес рулық деңгейде ойлайтынымызға рас.

Біз бұның бәрін не үшін қозғап отырмыз, себебі осы трагедия біздің тақырыбымыздан алыс кетпейтін сыңайлы. Яғни кенже ұл көзқарасының әсері жоқ еді деп арашалай алмайтынымызды айту еді. Кенже бала ұғымы мен рулық ұстанымның тығыз байланысы осы жерде тағы бір қылаң береді. Яғни, кенже бала мен ру, ру мен кенже бала байланысы, өзара айналымы. Бірін-бірі сақтайтын, толықтырып отыратын алғы шарттары. Енді кенже баланың фольклорда алатын орны қандай, кенже бала рөлінің маңызы қаншалықты соны салмақтап көрсек.

Фольклор – аса кең тынысты, көп ауқымды, тарихи қоры аса мол халықтың рухани мұрасы. Осы фольклордың өн бойынан өзімізге керекті кенже бала танымын іздеп көрсек. Фольклор дегенде оған тек қана ертегілік және аңыздық прозалар ғана емес оған өткен ата-бабамыздың бүкіл тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, ұстанған жолы, ұстаған заты, әні мен күйі, музыкысы, биі сынды толып жатқан ежелгіден қалған мұралардың бәрін құшағына сыйдырып жатқан халық мәдениетінің жалпы атауы екені анық. Жоғарыда кенже баланың өз заманындағы өмірдегі теориясына шамамыз жеткенше анықтама бердік. Өзімізше ғалымдардан, өткен дәуір ғұламаларынан дәлелдер келтіріп, бекіте түстік. «Кенже бала» «Отшыген» болып тұрғанында фольклорда өз деңгейінде өмір сүрді. Түркі жұртының ислам келмей тұрған кезеңіндегі ертегі, аңыз, тарихи жыр, эпостарында кенже бала өзгеше түс алады. Ол замандағы кенжелер нағыз қаһармандар болды. Кенже батыр бейнесі бірден туа қоймағаны анық. Мойындау керек, кенже бала тақырыбына жасалатын әр қандай ғылми ізденісте ертегідегі «Ер Төстік» қалай болғанда да ең бірінші кезекте тұрады. Әлкей Марғұлан: «Ер Төстік» бір кезде көлемді ұзақ әңгіме болған. Ол сол қалпында осы күнге дейін қырғыз халқының «Манас» жырының бір бөлімі болып айтылады. «Ер Төстік» бір күн, бір түн айтып бітіре алмайтын еді», - дейді. Ақын Мағжан Жұмабаев халықтың ескі сөзі туралы: «Өткен дәуірдегі теңіздей тұңғыйық әдебиетіміздің бізге бұл күнде адасқан ұшқындары, тентіреген тамшылары ғана жетіп отыр. Көбі, көбі болғанда ең сұлулары ұмытылған, желдей ескен жыраулар мен бірге топыраққа айналған. Баяғыда отыз күн, отыз түн айтылатын Қобыландылардың ауызда адасып, азғантайы ғана қалған. Талай түндереге созылатын ертегілердің басы қайырылып, аяғына жетіп, шоп-шолақ болып қалған. Талай жүйріктердің тұңғиық таза толғаулары – араб, парсы, сарт-сауанның сөздері араласып, былдыр батпаққа айналған...», - деп ашына жазуының өзі мәнісі, өз шындығы бар. Осылай арқауы үзіліп, айдыны тартылып бізге жеткен фольклорлық мұраларымыздың өзінде кенже бала бітімі өзгеше суреттеледі. Ең бастысы кенже бала болмысы ұлттық фольклорымызда ғылми тұрғыдан бағасын алған, орнынын тапқан, өзіне тән ерекше мотивтері сақталған. «Тазша бала», «Жетім бала», «Жалғыз ұл» секілді ежелгі ертегілерде кенже бала ерен ерлігімен, тапқыр, зеректігімен, ақыл-айласымен ел көзіне түсіп, қиыннан жол тауып мұратына жетіп отырады. Халық мұраларындағы «кенже баланың» өзіне тән ерекшеліктері бар. Олар әуелі ерекше тағдыр-тәлеймен өмірге келеді, ерекше күйде өсіп ержетеді, сосын таңғажайып сапарға аттанады. Сапар барысында қилы-қилы уақиғаларға тап болады, барлығынан ақыл-ойы, парасаты мен батырлығының арқасында жеңіске жетіп отырады. Кенже баланың өзіне тән ерекше сипаты бар, жан серіктері мен дос-жолдастары болады. Кенже бала солардың көмегімен мұратына талпына береді. Оның мінген аты да, сүйген жары да басқадан бөгенайы бөлектеніп тұрады. Ең бастысы барлық фольклорлық шығармалар да «кенже бала» барлық сынақтардан өтіп, дұспандарын жер жастандырып, көп қиындық кешіп, өзімен бірге соңындағы рулы елін де арман-мақсатына жеткізіп отырады.

Жалпы фольклорда бар қимыл-қозғалыстар, сюжеттер, ортақ оқиғалардың бәріде кенже ұлға байланысты болып келді. Фольклордағы өзге жанрлар кейіпкері кездесетін, бастан кешетін оқиғалар желісін, кенже балалар да басынан өткізеді. Кенжелерде ақыл-парасатының, ерекше батырлығының арқасында бар қиыншылықты жеңіп отырады. Аңыз, қисса, эпос, ертегідегі басқа мотивтер баратын қаһармандыққа біз сөз етіп отырған кенже батырларда барады. Өзге мотивтерде кездесетін сюжеттерге, дәл сондай оқиғаларда біздің кенже ұлымыз да өз беделін түсірмейді. Қаймықпастан қасқайып бәрін жеңіп шығады. Жалмауыз болса жалмауызды; мыстан болса мыстанды; айдаһар болса айдаһарды; көре алмаушы, іші тар қызғаншақтар болса оларды да жер қаптырады, пұшайман етеді. Бұл кенжелер бір жақты, бір сарынды емес, жан-жақты, тоқсан өнерді тоғыстырған өрен жүйрік болып келеді. Фольклордағы барлық кенжелерді жинақтап жіберсеңіз олардың қолынан келмейтіні болмай шығады. Олардың фольколрдағы атқаратын қызмет ауқымы мен маңызының зорлығы сонша көп жанрдағы бас қаһармандардан көш ілгері. Тіпті кенже баланы фольклордағы барлық мотивтердің үйтқысы деп айтуға негіз бар. Мысалы «Тазша бала» тақылдап өлең айтар, тапқырлық қылар бірақ кенжелердей батырлық әрекеттерге бара бармейді; «жалғыз бала», «жетім балалар» ерлік жасап қайсарлық қылар-ау, бірақ туғандары жоқ, кенжелер сияқты ағалары үшін жан алып, жан бере алмайды. Түркі халықтарының фольклорында сырттан келген болмаса кейін пайда болған қандай да бір сюжеттердің барлығын «кенже балалар» иемденіп үлгірген. Кез-келген түркі тілдес халықтарының фольклорын ашып қарасаңыз, әсіресе ертегілерде кенже бала бейнесі кездестін тұстар көп. Мысалға: Қырғыздар да «Үш ағайынды», «Жеті жігіт», «Асан мен Үсен», «Береке, Тұреке, Береке». Өзбектерде «Үш ағайынды батырлар», «Кенже батыр», «Ер кенже». Ұйғырларда «Ака-Ука», «Ахмақ девилер», «Кәнжә». Якутте «Ағайынды жеті жігіт», «Шындық пен өтірік». Татарларда «Қайғы», «Қыршаңқы тай», «Зәкир мен Шәкир» осылай кете берді. Тақырыпта әр алуан, сюжеттерде әр түрлі. Қараңыз, кенжелер қалай биіктеген, қалай асқақтаған. Кенже балаға қай дәуірің болса да таңсық емес. Арғы дәуірден кіріп, бергі дәуірден шыға алады. Ескерткіш тастардан тартып, («Күлтегін») ежелгі жәдігер кітаптарда да жүр («Қорқыт ата кітабы»). Күні кешегі тарихи жырларда да («Науырзбай-Қаншайым») қаһарман болмысын жоғалтпай жарқырайды. Кенже мотиві ең ерте қалыптасқан кейіпкерлердің бірі болғасын, әмбебаптық қасиетін замандар өтуімен бойына жапсыра бергенге ұқсайды. Содан әлгінде айтқан көп ерекшеліктерге еге болып шыға келген де, өзі бір төбелік деңгейге жеткен. Кенже ұл қалай да фольклордың өн-бойына өзінің өшпес ізін қалдырған ерекше бейне. Фольклордағы кенже балаға байланысты Мұхтар Әуезов, Әуелбек Қоңыратбаев, Сейіт Қасқабасов сынды ғалымдар көптеп пікірлер білдіреді. «Ертегінің бас кейіпкері – Төстік. Оның туысы, ой-сезімі басынан-ақ Ерназардың басқа сегіз ұлына қарсы қойылған. Елге жұт келгенде сегіз ұлы ата-ансын тастап кетеді. Ер Төстік олардың әбден тарығып, ашыққан күндері дүниеге келген өзгеше ұл болып суреттеледі. Оның өсуі де ерекше: айына бір жас жасап, жылында он бес жасар баладай болады. Осы алып бала ұзамай Ерназардың отбасын түгелдеп, ең сүйікті ұлына айналады. Үйлену тұсында кенже баласы Ер Төстікке Кенжекей лайық болып шығады. «Кейінгі дәуірде, адамзат рулық қоғамға көшкенде халықтың идеалы өз руын бөтен елден, шапқыншы жаудан қорғайтын жауынгер батыр болды. Бұл бейне қазақ ертегілерінің біразында кездеседі. Рулық қоғам ыдырай бастағанда – идеал басқа. Енді ол – ыдырап бара жатқан қоғамның дәстүрін қолдаушы, ата жолын қуушы. Ол қазақ өміріндегі қара шаңырақтың иесі – кенже бала. Біздің көп ертегілерімізде бас кейіпкер осы кенже бала болып келеді». Осылай ғалымдарымыз кенжелерге арнаулы тоқтап, олардың фольклордағы маңызды рөлдеріне баса айтып, басқа халықтарда көп кездесе бермейтін кенжелерді даралауға тырысқан. Аңызды, мифті, қиссаларды өзімізше адақтап, жалпы фольклордағы кенжнелерді түгендеп шыққан сияқтымыз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар