Балалар күніне орай ақын Шолпан Балманованың балалаларға арналған тақпақтарын ұсынып отырмыз.
Қоңыр аю
Қоңыр аю қонжиған,
Терісіне қоң жиған.
Бал жегенде бармақпен,
Денесі оның қорбиған.
Қара қарға
Қара қарға қарқылдақ,
Ұшып келді қарқындап.
Қонды бір кез қонжиып,
Кәрі ағашқа қалтылдақ.
Арыстан
Аң патшасы арыстан,
Асып түскен барыстан.
Ырылдаған дауысы,
Есітілген алыстан.
Күшігім
Күркесіне кіріп алып,
Қыңсылайды күшігім.
Әрекетке сол жолғы.
Сұрағандай кешірім.
Ала мысық
Ала дорба арқалаған,
Ала мысық әне жүр.
Қайтер дейсің ауыр боп,
Дорба берсем және бір.
Лағым
Тастан-тасқа секіріп,
Секеңдейсің лағым.
Шапқыламай деміңді ал,
Түсіп қалар тұяғың.
Қошақан
Моп-момақан қошақан,
Ұстатпайтын қашаған.
Қошақанда бар ойым,
Құшағымнан босаған.
Құлыншақ
Құлыншағым құлдилап,
Келіп қалды қасыма.
Ұстайын деп ұмтылдым,
Құрық салып басына.
Ботақан
Тарпаң-тарпаң басатын,
Жолымды көп тосатын.
Ботақаным бар менің,
Мауқымды бір басатын.
Кірпі
Тікендері тік түскен,
Кірпі жатыр бүк түскен.
Ұры болдың неліктен,
Сұрамай-ақ сүт ішкен.
Жазда
Күннің көзі көктегі,
Бау-бақшаға тік түскен.
Уылжиды ұртымда,
Алма, өрік піп-піскен.
Астана
Астана – бас қала,
Қараймын жасқана.
Өсесің күн сайын,
Ұқсамай басқаға.
Көгершіндер
Көк аспанда қалықтасын,
Ақ қанатты көгершіндер,
Ағаш біткен бүршік атып,
Жасыл желек орансын жер.
Сауысқан
Саңқылдаған сауысқан,
Тарыны жеп тауысқан,
Қарап көрсем ыдысын,
Дән бар екен ауысқан.
Аққу
Аққудың қос қанаты,
Көлдің бетін көлбейді.
Ұзын мойын иілген,
Сұлулық қой сендегі.
Қырманда
Қызып дала орағы,
Қырман дәнге толады.
Асырайды қаланы,
Асырайды даланы.
Тентек бала
Партасына жазатын,
Қияс тентек баласың.
Кетірсе де сиясын,
Алды кейін жазасын.
Дәрумендер
Дәрумендер ішкенде,
Денім сау боп жүремін.
Жиі ішсем оларды,
Ұзақ өмір сүремін.
Тау тағысы
Тау ешкі мен арқарлар,
Құздан құлап қалмаңдар,
Қарсыласын қаққанда,
Мүйізімен талқандар.
Бүркіт
Биіктегі қара құс,
Шүйлігесің жем іздеп.
Көтер көкке жеміңді,
Алып ал да, деміңді.
Мысығым
Мысығым бар әдемі,
Жуытпайтын ешбір кір.
Қол-аяғы тап-таза,
Тек жуыну әлегі.
Бұлттар
Аспандағы ақ бұлттар,
Жауындатып барады.
Жасап-жасап жерден көл,
Дауылдатып барады.
Үйректер
Иректелер су беті,
Жүзіп өтсе үйректер.
Сүгіреттеп сұлуды,
Тіліңменен сөйлеп көр.
Күн
Күн нұрына бөленді,
Нұрға толы бай далам.
Таудың тасып бұлағы,
Гүлге толды айналам.
Ай
Айдың нұры, түнде әппақ,
Жұлдыздары тұр қаптап.
Шетімізден бәріміз,
Тақпақ айттық, жыр жаттап.
Аспан
Аспан көгім алыста,
Жетем оған аһ ұрып.
Жақсы оқысам сабақты,
Қол бұлғайды шақырып.
Ала доп
Ала добым ақырын,
Ұшып келді өзіме.
Жақсы болды бірақ та,
Тимегені көзіме.
Ана
Жоқты-барды білдірмей,
Жанды отың үзілмей,
Шайқап бесік отырсың,
Түнде тағы көз ілмей.
Кітап
Барлық қызық кітапта,
Ертегі де, жұмбақ та.
Көңіл бөліп, көп оқы,
Жауап беріп сұраққа.
Дәптер
Шимайыма жарайтын,
Беті жақсы дәптердің.
Бояймысың, кел, сен деп?
Інімді де шақырдым.
Гүлдер қырға толыпты
Тасып таудың бұлағы,
Көктеп жердің құрағы.
Мамыр айдың марқайған,
Қозысы мен лағы.
Келіп мамыр көрікті,
Гүлдер қырға толыпты.
Шешкен бастан бөрікті,
Шопан қырды шолыпты.
Ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Шолпан Жібекәлиқызы Балманова.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.