Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Бақытнұр Тәліпұлы. Сынбаған тағдыр...

08.12.2022 3107

Бақытнұр Тәліпұлы. Сынбаған тағдыр 14+

Бақытнұр Тәліпұлы. Сынбаған тағдыр - adebiportal.kz

                                     (Тасқұлдың тағдыры)

                                                Белгілі жазушы А.Кемелбаеваның «Шашты» 

                                                          әңгімесінің желісімен жазылған.

 

Кенжебекті көк қасқа бестінің жалына жабыстырып, амандығын құдайдан тілеп қалған күні Тасқұл өзін иен далада жалғыз қалғандай сезінді. Бар жан дүниесін әлдекім тонап кеткендей құлазыды. Құлдықта алпыс жыл жүрсе де өзін осынша жалғыз, қор сезінген шағы болмап еді. Құдай басқа салған соң көндім ғой деп, өлмеші ит тірлікті жарым-жан көңіліне медеу тұтып, шұбыра жосып, соны жайылым іздеген қалың жылқының соңынан ойсыз еріп жүре беретұғын. Бар қамы алдындағы қалың жылқы болатын. Жас құлындаған тұмса биелердің құлынын уыз сүтіне тойғызып емізгенін, аяқтарына әл біткен жібек жалды, күлте құйрық құлындардың енесінің алды-артын орап ойнақтап шауып жүргенін қызықтап қарап тұрып, өзінің де анасының алдында еркелеп жатқан кездері есіне түскенде іші қан жылайтын. Қан жылап, көкірегі ашып тұрса да туған елге барар жолдың өзі үшін мәңгі жабылғанын Атажанның қолындағы жүзінде сәуле ойнаған алмас қанжардың өзегінен сорғалаған қаннан көрген. Содан бері өзін тірілердің санатынан шығарып тастаған. 

Тұтқынға түсіп еңсесі езілген шақта да жүрегінің түбінен елге деген шам-шырақтың әлсіз жалыны соған дейін сөнбей келіп еді. Күн сайынғы бейнеттен балғын денесі шымырланып, білектеріне сом бұлшық еттер бітіп, бұлт-бұлт ойнай бастаған кезі еді. Балаң дауысы жуанданып, еңсесі тіктеліп, жауырыны қақпақтай болып, кеуделене бастағанда әншейінде көздеріне ілмейтін түркіменнің бой жетіп қалған қара көздері де бұған ұрлана қарай бастаған. Олардың тілін де еркін үйреніп, оңашада әзілдесіп те қалатын-ды. Әсіресе, бұл қалың жылқыны ауыл маңындағы құдыққа суғаруға айдап келгенде су алуды сылтау еткен түркімен қыздары да төбе көрсететін. Топ қыздардың ішінен Атажанның қарындасы Гөзел көзіне ерекше көрінетұғын. Атажанның әкесі иір қара, ұзын бойлы, сирақты, орақ мұрын, көзі қабағының астынан тесіле қарайтын суық өңді еді. Атажанның өзі де әкесіне тартқан ат жақты, жалпақ бетті, қошқар тұмсық, қапсағай жауырынды болып өскен. Жас жағынан алғанда мұнан соншалықты үлкен де емес еді. Аралары мықты болғанда 5-6 жас айырмашылық барын іштей топшылайтын. 

Гөзелдің қою кірпіктерінің арасынан сүзіле қараған мөлдір жанарынан әлдебір жылылық сезінетін. Бұрала басқан аяғы мен талшыбықтай солқылдаған нәзік мүсіні, тобығына түскен жуан да, жіңішке де емес бұрымының ұшына таққан күміс шашбаулары сыңғырлап келіп қалғанда кеудесіндегі жұдырықтай жүрегі аузынан шығып кетердей дүрсілдеп соғып, дегбірі қашатын. Қасына еріп келіп қалған құрбыларының бұны құлсынып айтқан дөрекі сөздеріне көңілі толмағанын шиедей еріндерінің бұртия қалып, мөлдір жанарының түкпірінен жарқ еткен бір ұшқын байқатып қалатұғын. Тек үнсіз қимылы мен құдық басында ұзақ тұрып қалғанының өзі бұған бір ғажайып қайталанбас сәттердей көрінетін де сол шақтардың ұзақ болуын іштей қалап тұратын. Су алуға кезекке тұрған қыздардың шелектеріне қауғамен су құйғанда Гөзелге шелегін кезектің соңынан тосуы керектігін көзімен аңғартуға тырысушы еді. Осылайша іштей арбасулары біршама уақытқа созылған. Жылқышы жігіттің Гөзелге бір жұмбақ көзқараспен қарайтыны Атажанның құлағына жеткен күннің ертеңінде осы күйге ұшыраған. Содан бері жүрегінің түкпірінде өмір сүруге деген құлшынысы қалмай, бойындағы бар қуатынан айырылып, құр көлеңкедей сенделіп күн кешіп келеді. Бал дәурен балалық шағы да әлдеқашан бел асып кеткен керуендей сағымға сіңіп жоғалған. Бұрындары туып-өскен жері, әке-шешесі, құрбы –достары түсіне енгенде құлындағы дауысы құраққа шығып, елсізде өкіре жылап алатын. Бірнеше рет өзі бағып жүрген жылқының ішінен мүсіні түзу, аяқ алысы ширақ деген атқа мініп қашып та көрген. Бірақ олар да қалың құмға малтығып шаба алмай, соңынан қуып жеткен түркімендер іші-сыртын бірдей қылып сабап қан-жоса ғып, ит күркенің ішіне сүйреп әкеп тастаған. Сондай бір қашудың соңы тағы да дүремен аяқталып, сынған қолы мен жарылған басынан қаны сорғалап жатқанда түн жарымда біреудің бетіндегі қанын жылы сумен жуып жатқанын сезінген. Соққылардан ісініп кеткен көздерін әрең ашқанда бота көздерінен жасы сорғалап басында отырған Гөзелді көрген. Оның жаспен жуылған көздерінің түкпірінен өзі осы уақытқа дейін сезбей келген бір тылсым жайды бар жүрегімен сезінді. Бастапқыда әншейін жаны ашығаны шығар деп жүргенімен өз жүрегі де Гөзелді көргенде басқа бір леппен соға бастағанын, дем алысы да жиілеп, көз алдын тұман басқандай бір тылсым күйлер кеше бастаған. Қашсам деген ойлары да сейіліп кеткен бұлттардай зым-зия болып кеткен-ді. Іштегі бір ұры ойлары «Ендігіңнің бәрі де бос әурешілік, қалың құм ішінен жол таба алмай қаңғырып өлесің. Осында қал, сонда Гөзелді күнде-күнде көріп жүресің. Саған сол да жетпей ме?» дейтін. Сұрқай тірлігіне бір жарық енгендей болып түрлене бастаған шағы еді бұл. Бір ауыз сөз айтуға дәрмені жетпей, көзбен арбасып жүрсе де, талай сыр алысқандай болатын. Атажанның қолындағы қандауырдай өткір селебенің жарқылымен мұның бойындағы өмір сүруге деген құлшынысын мәңгіге жойған күннің ертеңінде Гөзелді де еңсегей бойлы, тесіле қараған көздері жыландай суық, қияқ мұртты, сіңірдей қатты түркімен жігітіне әйелдікке беріп жіберген. Ұзатылған Гөзелмен бар жылылық кеткендей болған. Жылағысы келіп, өзін-өзі қинап көргенмен көзінен бір тамшы жас та шықпады. Бүкіл сезімі өліп қалған екен. Бүгінде Гөзел де, тіпті әке-шешесі, ағалары мен ауылдастары де түсіне кірмейді. Әлдеқашан құм басып суалып қалған құдық сияқты көзінен жас та шықпайтын болған. Жасаураған шегір көздерімен қадалып қарағанда көрері алдындағы топ жылқы мен есігі мен тесігінен қысы- жазы жел гуілдеп тұратын қараша күркесі мен зор денелі алабай төбеттер ғана. Төбеттер де шыжыған күн мен қызулы құмнан пана таба алмай кұрым киізді күркеге тығылғанда Тасқұлдың өзіне де орын табылмайтын. Таз кепешін басына кептеп киіп, шыжыған күнде шамалы көлеңкеде бас саялап отыра беретін болды. Әбден күн өтіп, аптап желдің өтінде жүргендіктен бұл да түркімендер сияқты қайыс қара болып кеткен. Күнделікті бір ырғақтан танбайтын мимырт тірлік миын ашытып жібергендей ештеңеге селт етпейтін болған. 

Ара -тұра төбесінен солтүстікке қарай қиқу салып ұшып өткен құстардың тізбегіне көзі жасаурай қарағанда жүрегінің түбі шым етіп шаншып өткені болмаса, құлдық тірлікке де әбден бойұсынып, көн тері болған шағы еді бұл.

Тасқұл қолға түскеннен бірер жылдан кейін Атажанның әкесі де бақилық болған. Түркімендердің салтында өлген адамды күн көтерілмей жерлеу керек деген ұғым бар. Түс ауа жаман күштер, арам рухтар көбейеді. Жаман күштер таза қалпында аттанатын жанға жабыспас үшін күн көкке көтерілгенше жерлеу керек деп біледі. Ендігі ауыл басы болып Атажан қалған. Содан бері Атажанның аттан түскен күні аз. Соңына ерген жолбасарларын бірер күн еру қылып тынықтырып алған соң тағы да жортуылға шығатын. Сәтті аяқталған жортуылдан түскен қалың жылқыны тәжіктер арқылы парсыларға өткізіп жүріп, бірер жылда Атажанға қараған түркімендердің ауылы біршама байып та алған. Атажанның өзінің де жылқысы мың қаралы болып қалған. Атажан көбіне Сыр бойындағы қыпшақтарға жортуыл жасайтын. Олардан әкелген жылқыны ешқашан өз жылқысына қоспайды. Қаны таза түркімен жылқысының тегін бұзады деп білетін.

Ымырт жабыла қалың жылқының бетін ауылға қарай бұрған Тасқұл Атажан байдың ауылының маңы абыр-сабыр болып жатқанын көрді. Кілең қаз мойын арғымақтар туатын бәденді биелердің маңында топай торы, мес қарын, көрер көзге сиықсыз көрінетін бірер үйір жылқыны көргенде Атажан байдың тағы да бір елдің сорын қайнатып келгенін іштей сезінді. Астындағы сымпыс құйрық, сұйық жалды сүйекті жиренін жүгірте басып ауылға тақай бергенде шеттегі тігілген қараша үйдің маңынан  жас баланың боздаған дауысын естіген. Әкесінен таяқ жеген көп баланың бірі деп оған да онша мән бермей, сорғалаған терден бозала тартқан жылқыларға тартты. Қашанан жылқы баққан дағдысымен ішінен көзіне ілігер мүсінді жылқы іздеген. Қадала қараған шегір көздерінің сұрағына жауап таппай ат басын кері бұрған. Көзіне іліккен мүсінді жылқы баласы болса, Атажаннан сұрап алуға іштей дайындалып та қойып еді. Бұл айдап келген жылқыны Атажан өзінде ұстап тұрмақ емес, шүлдір тілді тәжік пен ауған саудагерлерімен әмпейлесіп сыртқа асырып отыратын. Одан көретін пайдасы да аз болмайтын. 

Манағы боздаған дауыс Атажанның қасқыр алар алабайларына тіккен күркеден шығып жатқандай болғандықтан ат басын солай бұрды. Төбеттер қалың жылқымен ілесіп кетсе керек. Әйтпесе небір көкжалдарыңды бір шайқағаннан бел омыртқасын үзіп жіберетін төбеттердің қанжар азулары мына боздауықтың дыбысын мана өшіретін еді. Күркенің босаға тұсындағы илектенген бөстектің үстінде қол-аяғын бауырына алып, бүк түсіп солқылдап жылап жатқан баланы көрді. Үстіндегі киімінің өрім-өрім шыққанымен матасының сапасына қарап, ауқатты ортаның баласы екенін сезді. Ешкі терісінен иленген бөстектің үстіне етбетінен құлаған баланың ішін тартып солқылдай жылаған дыбысынан «апа» деген сөзді қапысыз естісе де, қағыс естігендей болып қалт тұрып қалған. Келесі ышқына шыққан дыбысынан шыққан «әке» деген сөз құлағын қамшымен осып өткендей болғанда ат үстінен домалай құлап, баланың үстіне төне түскенін өзі де байқамай қалды. Қара сұр өңді, күнқақты қайыстай болған қара шалдан шошынған бала енді бақыра жылады. Дойыр қамшының ысқырынған шартылынан әбден запы болса керек.

Үн шығармаған күй баланы бауырына басып отырып қалды. Тосын қимылдап үстіне төне түскен шалдан бастапқыда шошынғанымен оның тер иісі шыққан көкірегінен бір жылулық іздегендей омырауына басын тыққан. Тасқұл баланың жылағаны басылғанша көкірегіне қысқан күйі тапжылмай отыра берді. Екі мұңлықтың басын түркімендердің ауылында қосқанына риза болғандай күн де алаулап батып бара жатты. Айнала қою қараңғылықтың құшағына бір тегіс бұлыңғырланып сіңіп келеді. Манағы күндізгі абыр-сабыр басылып, енді бір бұйығы тіршіліктің әмірі жүре бастаған. Айдап келген жылқыларды Атажанның жасауылдары үй сыртындағы құм шағылды асырып айдап әкеткеннен кейін қараша үйлердің алдарындағы ошақтарда от жағылып, кешкі тіршілік басталған.

Манадан бері тапжылмай отырған Тасқұл өксігі басылған баланы жетектеген күйі Атажанның үйі тігілген бұлақ басына қарай беттеген. Ұзақ ырғаспай   баланы өзіне көмекшілікке сұрап алған. Бір құлы екеу болғанына риза болған Атажан да Тасқұлдың тілегіне онша қарсы бола қоймап еді.

Сүйекті жиреннің сымпың қаққан аяңшыл жүрісімен жылқыдағы қосқа тез жетті. Қосқа келген бойда шәугімді отқа қойып су жылытып, баланың бетінде сорғалаған жасымен әлеміштеніп, айғыздалып қатып қалған кірін жуды. Күркенің бір бұрышында кетеуі кетіп, аузы сықырлап тұрған қара сандықтың ішін ашып, өзі қолға түскенде Атажанның әкесі берген тері шалбар мен тері күртешені, әр жерінен тесіле бастаған сары көйлекті алып шықты. Көйлек сары болғанда да түсі сары емес еді. Бір кездері ақ бөзден тігіліп, зырлап өткен уақыт табынан әбден сарғайып кеткен. Тасқұлдың бала кезінен қалған жалғыз көз де осы ақ бөз көйлек еді. Анасың қолымен тігілген көйлекті Тасқұл қанша тозсса да тастауға қимай сандықта сақтап жүрген. Ара-тұра сандықтан шығарып анасының иісін аңсағанда бауырына басып, демін терең тартып иіскеп қоятын. Құдайдың мына бұйрығына қара. Күн жеп, көнетоз тартқан ақ көйлек Кенжебектің денесіне құйылып түсті. Алғаш көргеннен бастап ләм деп үн қатпаған қара шалдан өзіне жамандық келмейтінін сезген Кенжебек те қара шалдың ыңғайына көне берген. Ықылық атқан өкпесінен шыққан дыбысты да үнсіз ішіне жұтып жұбана бастаған. Тек мойылдай мөлтілдеген қара көздерінен әлі де қорқыныш пен жақсылықты аңсаған жылылықтың табы анық байқалады.

Тасқұл ширақ қимылдап көп жылдан бергі өзінің айнымасы серігі әрі бауырын отқа төсеп көп тұрғаннан әбден ыстанып қап-қара болып кеткен қара мосыны құрды. Еңкеңдеп барып іргеде сылдырап ағып жатқан бұлақ басына барып қара бақырдың ішін тазалап жуып әкеліп, ішіне жылқының етін салып, мосыға асып, астына сексеуілдің бұталарын бірін-біріне ұрып сындырып от жақты.

Өзінің бар жылқысын шашау шығармай бағып, әбден сеніміне ие болған Тасқұлды Атажан азықтан кенде қылмайтын. Ара тұра өздері барымталап әкелген жылқылардың ішінен семізін таңдап сойып та беретін.

Қара мосының астында бірде алаулап, бірде шоқтана, ұшқындап жанған отқа тесіле әрі үнсіз қарап отырған Тасқұлдың бойын оттың қызуынан ба, әлде қанша уақыт өткеннен соң тұтқынға түскен қандасын көргеннен пайда болды ма, әйтеуір өзіне беймәлім бір жылылық билеп алған. Үнсіз қалпында қара қостың ішінде дастарқан болмағандықтан өзі бет сүртіп жүрген орамалды да бұлақ басына барып шайып әкелді де былқып піскен етті соған ақтара салды. Қынынан кылпылдаған өткір кездігін суырды да орамалдың үстінде төңкеріліп жатқан семіз жаяның бір үлкен кесегін кесіп, Кенжебектің алдына қойды. Бала да болса, қонағы болғандықтан Кенжебекті қара қостың төріне шығарып қыпшақ салтымен алдына асқан етінің мәндісін тартты. Неше күнгі үдере тартқан ат үстіндегі жүрістен әбден қажығандықтан буы бұрқырап піскен еттің иісі баланың жүрегін саздырып барады. Әйтеуір осы қара шалдан өзіне титтей де бір зиян келмейтіндігін сезгендей баланың да жүрегі өзіне тән қалыпты ырғақпен соға бастаған. Екеуден екеу үнсіз отырған күйі орамалдың үстіне жайылған етті жәукемдеуге кірісті. Бұрындары бір-екі кесек майлы еттен қарбытқан соң ашылған аранының басы қайтып қалатын Тасқұл бүгін қара қосының төріне шығарған қара баланың алдына майлы еттерді, жая менен жалды ақ төбе қылып үйе турады. Сонда да үнсіз отырды. Асқазанын жалаған аштық енді баланың ақылын емес, өзін билеп кетті. Жеңі ұзындау болған ақ көйлектің жеңін шынтағына қарай ысырды да бес саусақты тарбита созып алдында жатқан майлы жаяны қарпып ұстаған күйі аузына апарды. Бабымен піскен семіз ет аузына түскенде өз еритін секілді. Шайнамай асай берді. Қаракөлеңке тартқан қара қостың іші есік алдында жалпылдай жанған оттың жалынымен бірде шамалы жарықтанғанымен есікке арқасын беріп отырған Тасқұлдың жүзін балаға анық көрсетпейді. Ұзақ жылдан бері асып жүрген етінің ішіндегі ең дәмдісі де, тәттісі де осы ет секілді көрінді Тасқұлға. Үндемей отырып ет желінді. Бір шеті сынған үлкен ағаш тостағанмен сорпа әкелген Тасқұл оны да баланың алдына қойды. Ет жегенде сорпа ішпейтін қазақ бола ма? Әсіресе қыпшақтардың ет жесі бір жосын. Майлы сорпаға жазда бесті қымызды, қары бұрқырған аязды қыста қою қатықты езіп, бірнеше зерен сорпаны бұйым қылмай сіміріп алатын жылқышылар сақылдаған сары шұнақ аяздарда күпісінің омырауын ағытып тастап, маңдайларынан ыстық буы бұрқырап жүретін.

Екеуі әлі үнсіз. Сорпа ішілген соң, іргедегі киізбен жабылып жатқан торсықты суырып алып, жаңағы тостағанға қымыз құйды. Бабымен ашыған бесті қымыздың жұпар иісі Кенжебектің есіне ауылын түсіріп, жаңа ғана құрғай бастаған көз жасы қайта мөлтілдей жөнелді. Салмақпен жөткірінген қара шалдың бұл дыбысынан бұнысына жаны ашығандық па, әлде жақтырмағандық па, өзі мағынасын айыра алмаған бір ұғым санасында жарқ етті. Енді көлдей жөнелгелі тұрған  жасы шып-шып етіп көз аясында ұялап тұра қалды. Тостағанды алуға еңкейе бергенде шүпілдеп тұрған қымызға қос тамшы мөлт етіп тамып кетті. Сонымен бәрі де тынғандай болды. Өзіне- өзі келген Кенжебек күндізден бері тіл қатпаған, жанып жатқан отқа тесіле қарап үнсіз отырған қарттың қасында жантайып жатқан томардың үстіне келіп отырды. Жөн сұрамақ болып дыбыстамақ болып еді, көп жылағандықтан дауысы да қарлығып қалған екен. Екі-үш жұтынып барып тамағын кенеді.

Қылғынып барып дыбысы да шықты. Сондағы сұрағаны:

- Қай ноғайсың?

…Кенжебекті қашырып жіберген күннің ертесінде жылқыдағы қосқа Атажан келген. Жетегіндегі құлаға артқан қоржынның екі басы томпайып тұр. Екеуі құлаған томардың екі басында ұзақ үнсіз отырды. Әр нәрсені сөз қылған болып еді, әңгіме ары қарай жүрмеді. Екеуі одан әрі үнсіз сөйлесті. Тасқұл орнынан тұрып кешегі соққан бораннан бір жағы қисайып тұрған қосының қадасын түзей бастады. Өзінің ешқайда кетпейтінін осылай білдірген. Атажан да орнынан сүйретіле тұрып барып атына мінген. Әбден сыралғы болған аты бетін ауылға қарай түзеді. Атқа мініп кетіп бара жатқан Атажанның әшейінде тік ұстайтын басы салбырап кеудесіне түсіп кетіпті. Екі иығы да қушиып қалған. Өзінің Тасқұлдың алдында, Тасқұлдың алдында емес-ау, Жаратушының алдында қандай ауыр күнә істеп келгендігін енді ұғынған жанның кейпі еді. 

Тасқұлдың ауылы да Сыр бойындағы қыпшақтардан еді. Азан шақырып қойылған есімі де бар болатын. Ол есімі ұмытылғалы міне аттай, алпыс жыл болыпты. Мұның атасы арғы тұқымына тартқан қобызшы еді. Ту биенің қыл құйрығынан байлаған шегі бар қара қобызын бауырына басып боздата күй тартатұғын. Қобыздың дауысы сондай зарлы болатын. Атасы ылғи да бір дүбір мен жортуылдан, зарлаудан тұратын сазды күйлердің бірінен соң бірін аңыратып тартқанда ауылдағы бүкіл тіршілік тоқтап қалғандай болатын. Ботасын іздеп боздаған аруананың, иесін жоқтап ұлыған тазының, сыңарын аңсап сыңсыған аққудың зары төгілетін еді қобыз шанағынан. Міне, енді осы күйдің бәрі де Тасқұлдың басына орнаған. Шұбырған жылқыны өзенге түсіріп үйездетіп қойып, су жағасында сыңси біткен тоғайды кезіп тентіреп жүргенде тепсеңге шығып, енді қурай бастаған тораңғының жарылмаған жерінен кесіп алып, ескі шапанына орап, көлеңкеге қойып кептіріп алып, көз алдына атасының қобызын елестетіп отырып қобыз да шауып алған. Жарылмаған ағаштан жасалған қобыздың үні де шашырамай шығады деп атасының айтатыны есіне түскен сол кезде. Қобызы жасалып бітсе де көптен бері қолына алуға жүрексініп жүретін. Қолына алса көкірегін кернеген шері мен зарын қобыз тілімен аңыратып төксем деп құлшынып жүргенде құдай айдап қасына Кенжебек қосылған. Мұның да өзінде құл болып, еркектігінен айырылып әтек болып кетерін ойлағанда аза бойы қаза болатын. Енді жатпай-тұрмай ойлайтыны Кенжебекті елге қашыру болғандықтан Тасқұл қобыздың барын да ұмытып кеткен. 

Атажан бай үлкен баласының соңынан іні боларлық тұяқ ілеспегендіктен де қамкөңіл еді. Неше рет төсек жаңартса да перзент көрмегендіктен бір шикіөкпеге зар еді. Өткен жылдың жазға салым уақытында кіші тоқалынан қошқардай ұл көргенде ат аяғы жетер жердегі түркімендердің бәріне биылғы жылы ат жарыс жасап, балуан күресетін үлкен той жасайтындығын қоса хабарлатып еді. 

Тасқұл Атажанның мың қаралы жылқысының ішіндегі өзі көптен бері ешкімнің көзіне түсірмей жасырын баптап жүрген, осы жаз беске шығатын көк қасқаны Атажанға көрсеткен-тұғын. 

Көк қасқа бестіні құлын кезінде енесі туа алмай қиналғанда ішін жарып жіберіп суырып алған. Түбінде осы көк қасқаның ерен жүйрік тұлпар боларын кәнігі ат сейістей жазбай таныған да, бірнеше биенің уыз сүтін емізіп, сырт көзден жасырын баққан. Көк қасқаны ойнақтатып алдынан өткізгенде Атажанда ес қалмаған. Тумысынан атқұмар болып өскен текті түркіменнің ұлы емес пе. Көк қасқа бестінің ар жағына бір шығып, бер жағына бір шығып шыр айналған Атажан шын тұлпарды танып есі шыға қуанған. Ешкімде жоқ текті тұлпардың өзінікі екеніне сенер-сенбесін білмей алақтап жүргенде Тасқұлдың өзіне мысқылдай қарап тұрғанын аңғармаған.

Алғырлығын атқұмарлығы басып алақтап жүрген Атажан белдігінде салақтап ілініп жүрген қол дорбасына қолын молынан салып бір уыс алтын, күмісі бар теңгені Тасқұлдың етегіне төге салды. Төге салған да бәйгеге өзге жүйріктерді емес көк қасқаны қосуды бұйырып кеткен. Кермеде ауыздығын шайнап алысып тұрған ақалтекесінің үзеңгісіне аяғы тиер-тиместе ер үстіне лып етіп қонған бетімен ауылына қарай төбелердің шаңын бір-біріне қосып бұрқыратып шаба жөнелген. 

Сол тойдың аяғына жетпестен Кенжебек елге қайтқан жалғыз қаздай болып түстікке қарай самғағанда қалың түркіменнің аяғының желі бар деп саналатын небір мақтаулы жүйрігі көк қасқа тұлпардың шаңына да ілеспей қалып қойған. Оның аяғы тағы да Тасқұлдың жалғыз қалуына ұласып еді. Бірақ бұл жолғы қалысы ештеңеге өкінбейтін, тек өз мақсатына жеткен көңілі тоқ жанның қалысы еді. Тасқұл енді түркімендер өзін ат құйрығына байлап, сүйреп өлтірсе де өкінбейтіндей күйге жеткен-ді. Шаңға шашалып, ашуға булығып ыза болып қайтқан көп қуғыншының, көк тұлпарға жете алмай босқа шаршап қайтқандардың алды болып қосқа жеткен Атажан Тасқұлдың өңін көргенде танымай да қалған. Бұрындары қан-сөлсіз өңінен ешбір өкініш пен реніштің табы байқалмайтын қарасұр тартқан жүзінде бүгін ерекше бір оттың жанып тұрғанын көргенде тұла бойын кернеп келген отты ашудың лезде тарап кеткенінен шошынған Атажан еріксіз кері шегінген. Тасқұлдың иығынан асыра жамылған бөрі терісіне ілініп тұрған көкжалдың басына кенет жан біткендей болып қозғалып, көмейінен ашу мен ызаға булыққан кекті гүрілді, қайшыласқан азу тістерінен сақылдаған дыбыстарды естігендей болды. Тасқұлдың мысы басып, басы салбырап кері қайтқан. Міне, содан бері он шақты жыл өткен-ді. Тасқұл өзінің баяғы қуатты күндерінің қайырымын енді қобыздан іздейтін болған. Баяғы атасының зарлы күйлері енді бұған ауысқан. Енді бұл күйлердің қатарына көк қасқа бестінің ерен шабысы мен тұлпардың жалына жабысып туған елге тартқан Кенжебектің «Ойбастаған» дауысының жаңғырығы естілетін бір шоғыр күйлер пайда болды. Тасқұлдың көп тартатыны да осы «Көк тұлпардың шабысы» күйі еді.Саусағы қобыз ішегіне таянса болды,дүбірлі сарын тасыған адуынды өзендей өзінен- өзі саулап қоя беретін-ді.  Сірә, жылқы қадірін, жүйрік қадірін білген елдің ұрпағы болғандықтан шығар?! Оған жалғаса талай күйлер шыға берді. Бастауы бір болғанымен, толғауы мен шешімі әрқалай күйлер. 

Бұл күнде Атажан Тасқұлды жылқы бағудан босатқан. Ауыл шетінде тоғайдың төріндегі сылдырауық бұлақтың басына қараша үй тіктіріп берген. Содан бері мұны мінер ат, ішер астан, киер киімнен тарықтырмаған. Атажан өзінің істеген күнәларын тым құрыса осылайша өтемек еді.

Тасқұл үшін бүгінгі таң әдеттегіден ерте атқандай болды. Кешеден бері бойын басқан беймәлім күйдің салмағынан еңсесін де тіктей алмай , әрі-сәрі күй кешті. Кеш бата қобызын қолына алып көк қасқаның шабысына бір басқысы келгенімен әшейінде саусақтарының басына үймелеп келетін сазды дауыстардың бастары бытырап бірікпей қойды. Ию-қиюы қашып, дағдысына айналған көп күйлердің бәрі де әлдеқайда қашып кеткендей болған соң, қобызын керегенің басына іліп тысқа шыққан. Бұлақ басына барып салқын сумен жүзін шайды. Жүрегінің ерекше бір алабұртып тұрғанын сезінді. Кеше не болғанын да есіне түсіре алмай қойды. Мосыға бақырын іліп шай қайнатып ішкісі келіп бір оқталғанымен оты да жанбайтындай көрінді. Шапанын кеудесіне қарай көтере жамылып, тері бөстекке жата кетті. Көзімен қыдырып қараша үйдің керегелерін  сүзді. Кереге басын қыдырып келе жатқан көзі ілулі қобызға жеткенде, шанағынан бір нәрсенің тамшылап тұрғанын көріп, не екенін білуге ұмтылып орынан тұрғысы келгенімен еңсесін басқан бір күш орнынан тұрғызбады. Бұйығып жата бергісі келді. Осылайша алысып жатып көзі ілінісімен керемет бір түстерге араласып кетті. Бәрі-бәрі баяғы қалпында тұр. Кең жайылып, керіле аққан Сырдың бойындағы өз ауылын көрді. Еңселі ақ боз үйдің сықырлауығы шалқалай ашылып, ар жағынан мұның атын ерекелете атап шақырған анасының дауысын естіді.

 - Ізбасар! Қайдасың құлыным! Кел шайыңды іш. Ізбасар! Ия, мұның әу бастағы азан шақырып қойған аты Ізбасар болатын. Атасы жорыққа кеткен ұлының ізін бассын деп солай қойған екен. Бұл да «мен  өскенде көкемдей батыр боламын» деп тай үйретіп, атасының садақ- найзасын сүйреп әлек болып жүретін. 

Міне, қызық бәрі де күдер үзіп, өлдіге санап  қойған көкесі астындағы торы атын жебелете бастырып ауылға жақындап келіп қалыпты. Бірақ жүзі  анық көрінбейді, бұлыңғыр тартып тұр. Тек түр-тұлғасынан, астындағы торы атының жүрісінен көкесі екенін қапысыз танығандай болып жүгіре жөнелгісі келгенімен аяғы ілгері баспайды. Апасының да жүзі анық емес, тек дауысы ғана естілетіндей. Тіпті, әріректегі үйлердің де қарасы анық көрінбей тұр ма, қалай? Міне, ғажап! Өз үйлерінің тасасынан бұған қарай күлімдей қарап, ырғала басқан Гөзелді көрді. Тіпті, алғаш көргендегіден де сұлу болып кеткен бе?! Шаштарының ұшына таққан шашбауларының сыңғыры құлағының түбінен естілгендей болғанымен оның да жүзі анық көрінбейді. Олардың бәрі де: апасы да, көкесі де, Гөзел де жеңіл қалқып жүргендей көрінгенімен мұның аяғы қозғалар емес. Жанұшыра қимылдап, қозғалғысы келгенімен жылжымайды.     

Кенет, о тоба! Бұл да жеңіл қимылдап ұша жөнелгендей болды. Құшағын айқара ашып, көз алдында көрінген ақша үйлерге қарай жүгіре жөнелді. Жүгірген жоқ, ұшып келе жатқан сияқты. Ұшып келеді, ұшып келеді, бірақ жете алар емес. Бұл жақындаған сайын олар әрі қарай алыстай бере ме қалай?! Бар пәрменімен ұмтылса да жете алар емес. Сонда да бұл оларды қуа береді, қашан жеткенше қуа береді. Әйтеуір, бір жетері анық.

Бұл кезде кереге басында ілініп тұрған қобыздың шанағынан Тасқұлдың әлі де жарық көрмеген күйлері көз жасындай кермек тамшылар болып ағып тұрған еді. Шалқасынан жатқан Тасқұлдың кең кеудесі кенет түңліктей желпілдей көтерілді де тына қалды. Алпыс жылғы бейнетті қажымай көтерген қайран жүрек өз шабысын таба алмай қапыда кеткен тұлпардай сенделектей бастады. Аһ ұрып шыққан үнімен бірге көкіректі буған барлық дерт «Апа!», «Көке!» , «Гөзел!» деген сөздермен қараша үйдің шаңырағынан аппақ буға айналып жалғанның жарығын аралап кеткенде, қара қобыздың қылы бырт-бырт үзіліп жатқан еді.

Бұл кезде Атажанның ауылы да ұлардай шулап, дауыс салып жылап жатқан. Таң ата  Атажан да үзілген екен…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар