Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
/
Бекзат Құлшар. Балаларға арналған өлеңдер...

Бекзат Құлшар. Балаларға арналған өлеңдер

56

Бекзат Құлшар.  Балаларға арналған өлеңдер - adebiportal.kz

ӨКІНІШ

«Жырмен айтып ақылын

Ашқан білім бұлағын

Абайдың шын аты кім?» –

Деп сұрады мұғалім.

 

Дәл осынау сұраққа

Жауабым бар толымды.

Күманданып бірақ та

Көтермедім қолымды.

 

«Ибраһим» деп ағайға

Айтсам бәрі білмей ме?

Қателессем алайда

Бүкіл сынып күлмей ме?

 

Ұшырармын сын көзге,

Жібермейін ағатты.

Ағай айтты бір кезде,

Мен ойлаған жауапты.

 

Өкіндім-ай, өкіндім

Тілді тістеп қалғанға

Бармақ шайнап отырдым,

Бірақ онда мән бар ма?

 

Бұл бір сабақ болыпты-ау,

Ұяңдықты тастадым.

Қателіктен қорықпау,

Керек екен, достарым.

КҮШІКТІКІ ДҰРЫС ПА?

Ойнаса да менімен

Біле алмадым қыр-сырын.

Газдалған су беріп ем,

Тыжырайтты тұмсығын.

 

Балмұздақ та жемеді,

Кәмпиттен де татпады.

Әкелгенім көп еді,

Ешқайсысы жақпады.

 

Мүжиді тек сүйекті

Темір-терсек тәрізді.

Ауыртқанша иекті

Шайнамай ма сағызды?!

 

Осы қиын жұмыс па?

Кім бар мұны бағалар.

Күшіктікі дұрыс па?

Айтыңдаршы, балалар.

ДИКТАНТ

– Кітап бетін жабыңдар, –

Деді апайым, – ашпаймыз.

Қос парақты алыңдар

Диктант жазып бастаймыз.

 

Күманданып кей сөзге,

Жазғанымды өшірдім.

«Сосын қайттің» дейсіз бе?

Парталастан көшірдім.

 

Ертеңіне мұғалім

Парақтарды әкелді.

Мен шалқамнан құладым,

Көрген кезде қатемді.

 

Күткен бағам осы ма?

Айтшы қалай мәз болам?

Өкпеледім досыма

Неге дұрыс жазбаған?

 

Ескеріңдер сендер де,

Керек емес бес кімге?

Өз өзіме сенгенде

Ренжімес ем ешкімге.

ҚҰРЫЛЫСШЫНЫҢ ӘНІ

Барлық үйін қаланың,

Мен құлпыртып саламын.

Мектеп, балабақша да –

Біздің еңбек, қарағым.

 

Сенбесеңдер, сұраңдар,

Қолымда көп құрал бар.

Бағынады біздерге,

Керік мойын крандар.

 

Мынау елге, шырағым,

Еңбегіммен ұнадым.

Зәулім үйді салғанда,

Бұлттан биік тұрамын.

 

Үлгі болып басқаға,

Салған едім Астана.

Сыйлағым-ақ келеді,

Барша адамға баспана.

 

Қарсы алатын таң нұры,

Қызықты өтер әр күні.

Құрылысшы болсаңдар,

Құрметтейді барлығы!

ӨРТ СӨНДІРУШІНІҢ ӘНІ

Қиын сәтте көптеген,

Құтқарушы боп келем.

Өмірі үшін адамның,

Күресемін отпенен.

 

Өртті жеңу оңай ма?

Керек оған көп айла.

Жанған оттан адамды,

Алып шығам қалайда!

 

Еңбек етіп терлеген,

Шын мықтылар кемде-кем.

Жануарға, құсқа да,

Жауаптымын мен деген!

 

Қорғап қала, ауылды

Соғып жүрем дабылды.

Нөсерлетіп өткенде,

Өшіремін жалынды.

 

Жөн болады шектеген,

Сіріңкені шоқ дер ем.

Сондықтан да балалар,

Ойнамаңдар отпенен.

ҚАТАЛ АПАЙ

Ұрсушы еді әр былыққа

Отырып та, тұрып та.

Бірақ бүгін апайым

Күліп кірді сыныпқа.

 

Көрмеппін бұл пішінде

Өңім бе әлде түсім бе? 

Шымшып едім өзімді

Тұрмын класс ішінде.

 

Мақтағанда таңғалдым, 

Ақыл-ойын аңғардым. 

Сипағанда басымды

Секіруге сәл қалдым.

 

Бай екен-ау сезімге,

Сенбей тұрмын өзім де. 

Махаббат бар үнінде,

Мейірім бар көзінде.

 

Шаттық мені билеп тұр,

Оқиға ғой сирек бұл.

Қарап қалсам артыма,

Отыр екен директор.

БІЗДІ НЕГЕ АЛДАЙДЫ?

Үй көтере басыма,

Дауысымды асыра,

Жерде жылап жатыр ем,

Апам келді қасыма.

 

Болсам-дағы жігерлі,

Түрім кенет түнерді.

«Тәтті берем» деді де,

Дәрі ішкізіп жіберді.

 

Тақылдатам таңдайды,

Осы үлкендер қандай-ды?

«Алдамаңдар» деп алып,

Бізді неге алдайды?

ТАПҚЫР БАЛА

– Беске оқитын ер өзің,

Тексерейін өреңді.

Білесің бе сен өзің

«Сұрақ белгі» дегенді?

 

– Жауап күтпе менен құр,

Айта аламын өткенді.

Сұрақ белгі деген бұл –

Сәл қартайған леп белгі!

ПАЛИНДРОМ

Қызықтырып мұғалім

Қойды бізге сұрағын.

 

«Кейбір сөзді оң жақтан

Оқысаң да сол жақтан

 

Бір мағына береді

Кім айтқысы келеді?»

 

«Ата» деді Фарида,

«Ана» деді Дариға.

 

«Аға» деді Нұрдана,

«Іні» деді Гүлдана.

 

«Қызық» деді Бексұлтан

«Қазақ» деді Айсұлтан.

СУПЕР ЖІГІТ

Қонақ келсе аңсаған,

«Ассалау» деп жар салам.

Сүлгіні іліп иыққа,

Құманменен қарсы алам.

 

Қысылмаймын, саспаймын,

Салт-дәстүрден қашпаймын.

Қолға суды құюды,

Үлкендерден бастаймын.

 

«Өсе берсін өркенің»

«Жарқын болсын ертеңің»

Деген тілек-батаны,

Алмаймын ба мен тегін?!

 

Құрметтейтін қонағын,

Қарапайым баламын.

Су құйып-ақ күні ертең,

Супер жігіт боламын!

ТЕЛМІРБЕК

(әні бар)

Ойынқұмар Телмірбек,

Қылмайды оған ел құрмет.

Мақтанады «Мықтыны

Телефонда жеңдім» деп.

 

Ақыл айттым мен неше,

Қол сілтедім ендеше.

Мықтылығы не керек,

Өзін-өзі жеңбесе.

 

Қайырмасы:

Әй-әй Телмірбек

Бұл түріңе ел күлмек

Айналаңа қарашы,

Ең болмаса сен бір рет.

 

Смартфоннан шабытты,

Алатыны қауіпті.

Садақтай боп белі де,

Бүкірейіп қалыпты.

 

Бойы өссе де ұзарып

Байқап жүрміз біз анық:

Сөзі кеткен сұйылып,

Көзі кеткен қызарып.

 

Осы емес пе шегініс?

Жасамайды тегін іс.

Экрандағы жеңісі –

Өмірдегі жеңіліс…

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan