Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Біржан Ахмер. Түркілік таным: әдебиеттегі жануарла...

20.08.2019 9328

Біржан Ахмер. Түркілік таным: әдебиеттегі жануарлар бейнесі 16+

Біржан Ахмер. Түркілік таным: әдебиеттегі жануарлар бейнесі - adebiportal.kz

Көне Түрік мифологиясында адам мен табиғаттың байланысы жан-жақты сипатталатын көптеген толымды шығармалар бар. Гендегі жақсылық пен жамандықтың, ізгілік пен қастандықтың қақтығысын тылсым табиғат немесе жан-жануарлар арқылы оқырманның ой-санасына әсер етуге тырысқан авторлардың бұл моделі баршаға аян. Қазақ ұғымында тағы, қасқыр, бөрі тотем ретінде «Ергенеқон» дастанында, «Оғызнама» жырында, түркі халықтарының аңыз-әңгімелерінде жиі кездеседі. Келісті әрі өміршең образдарды тудыруда жан-жануарлар әлемінің бейнесі мен тарихын ғана емес, оның характерін де тани білу қажет. Онсыз шығарманың айшықты тұстары толық ашылмай, басты идея тасада қалып қояды.

Француз жазушысы А.Экзюперидің: «Біз өзіміз бағындырған жанға әрқашан жауаптымыз», – деген сөзі есіңізде болар. Міне, осы бағындыру, үйретудің ар жағында (екінші планында) адамзаттың ақыл-парасаты орныққан. Сол ақыл арқылы адамзат биік әрі жануарларды өзіне бағындыра алады. Алайда табиғи жаратылыс тұрғысынан алатын болсақ, әр жануар – азат. Оның болмысы да, өмір сүруі де адамға байланысты емес. Кейде осы тұста адам мен жануардың ішкі қақтығысы да менмұндалайды. Жануар бағынғысы келмейді, бірақ адамзат оны түрлі айламен бағындырады. Осындай қапылыстағы жануардың жан қайғысын, ішкі дауысын естіртуде қаламгердің орны ерекше. Себебі қарапайым өмірдегі оқиғалар, болмыстар қаламгердің көзімен басқаша әсер етеді. Сезіндіреді, ойландырады... Шыны керек, Киплингтің Мауглиі («Джунгли кітабы»), Джек Лондонның «Бабалар дауысы», А.Куприннің «Ақ пуделі» секілді бірқатар шығармалар балалық шағымыздың іңкәр естелігі болып қалды. Бұл туындылардағы әр жануар бізді табиғатпен жақындастырып, оны аялауға, құрметтеуге үйретті. Бұл эстетикалық тәрбиенің бір ұшында қоршаған ортаны, табиғатты сүюдің де кілті жатқандай.

***

Жоғарыда айтқандай, қазақ болмысын қасқыр аңымен байланыстыруды әдетке айналдырғанымыз шындық. Қасқырдай текті, қайсар, өр, батыл болып танылған ұлттың өз ұстыны осындай қасиеттермен мәңгі сабақтас. Реалистік әдеби дәстүр негізінде жазылған заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі – сан қатпарлы, күрделі шығармалардың бірі. Жазушы өзін «ұмытып», бір сәт әлемге қасқыр көзімен қарап, осы әңгімені шебер суреткерлікпен жазып шыққан. Қасқыр-адам-табиғат болмысының біріккен философиялық тұтастығы Көксеректің типтік образына сыйып, оқырманды еліктіре түседі. Ақ қасқырдың ініне келген адамдардың дыбыстарын, қимылын жазушы былайша суреттейді: «Ін үстіне мүйіз тұяқтар тасырлап дүбірлетіп келді, айқай-дабыр молайды. Бірі үстіне бірі келіп, жиын көбейді. Жерге ат үстінен тастаған ағаштар сарт-сарт түсіп жатты. Ін аузына екі аяқтылар жыбырлады. Көргіш көздер ін түбіне қадалды. Күшіктер бірі үстіне бірі үйіліп, баурын көтеріп қыбырлай алмай, жақын жерде жатыр еді». Міне, осы тұстағы психологиялық бөлініс шығарманың маңыздылығын арттырып, әдеби тәсілдің өзгеше реңкін сездіргендей. Тіпті, оқырманды да сол аң болмысына жетелеп, біраз уақыт «адамдығын» ұмыттырады. Мұндағы айтар ой: сөз арқылы шығарма әлеміне енуінде, сонымен өмір сүруінде, тыныстауында.

Көксерек – қайткенмен де тағы, аң. Оны қолға үйретем деген Құрмаштың әрекеті бос әуре екенін сездіргісі келеді автор. Шынымен де, жыртқыштың аты – жыртқыш, ол еш уақытта мейірленбейді және біреуге бағынбайды. Болмысына берілген қасиетпен күн кешеді әрі адамзаттың үдесінен шығуды көздемейді. Жыртқыш аңның даналығы да, даңғазалығы да – қоңыр далада, қараған адырда. «Қаламгер осы шығармамен не айтқысы келді?» деген сауалға тағы бір «көлеңкелі» жауап бар. Көлеңкелі дейтініміз – бұл ой көп айтыла бермейді және мұның астарында адамзаттың трагедиясы жатыр. Бұл туралы жазушының тетелес інісі Ахмет Әуезов «Жас Мұхтар» естелігінде былайша баяндайды:

«Татулық жоқ, суық… Өскен сайын сызданып, суықтанып келеді, сол мінезін байқаған үлкендер:

– Енді мұны өлтіріп, терісін алу керек. Осы кәпір түбінде ел болмайды, – дейтін де болып еді. Бірақ Құмаш көнбеді».

Иә, көпшілікке қарсы тұру, ажалға қарсы тұрумен бірдей ғой. Өмірдің ащысы мен тұщысын бірдей татқан үлкен адам – әке қауіп пен қатерді тез аңғарып, қиядан шалады. Әке ойымен сөзі шынайы өмірге жанасымды болса, оның айтқанын істеп, тілін алуға балаға бірінші парыз екенін Мұхтар «Көксерек» әңгімесінде толық көрсете білген». Асылы, қазіргі таңда әке тәрбиесін, қаталдығын көрмей өскен немесе ата-анасына қарсы шығып, өз білгенін істейтін балалардың шоқ басып жатқанын айтпаса да түсінікті. Өмір мектебі бәріне үйретеді. Бірақ ақ пен қараны ажырата білетін ата-ананың сөзі, ақылы – бала үшін ауадай қажетті қазына, өмірлік ұстаным болуға тиіс. Мыңжылдықтар үлесіндегі «әке», «ата» биіктігі, олардың асқақ құны ордалы отбасының берекет-бейбітшілігін ұстап, базына-өтінішін қанағаттандырып отырған. Түркі жұртының мұндай тәлімі талай ұлт пен ұлыстарға үлгі-өнеге екені анық. Әсіресе, жаһандану үрдісі қарқын алған осы уақытта. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген дана халқымыз әке сөзінен аттамақ түгілі, көзқарасынан сескеніп, оның алдында кішірейіп отырған. Мұндай салт-санадан ажырау – ұлт үшін, адамзат үшін үлкен қауіп екенін меңзеген М.Әуезовтің астарлы ойына іштей келісіп, бас иземеске шара жоқ.

***

«Ата бура қазығын айналып, ұрынып тұр. Түн ортасы». Белгілі жазушы Смағұл Елубайдың «Ойсылқара» әңгімесі осылай басталады. Мұндағы басты нысана – түйелердің тіршілігі, қақтығысы, өмірі. Сол өмірді жіті зерттеген автор жануардың бізге таңсық қырларын кестелі тілмен, кемел оймен жеткізіп отыр. Қазақ – аттың жалында, түйенің қомында өскен халық. Сондықтан да ұлтымыз түйені – төрт түліктің төресі деп білген. Түйенің пірін – «Ойсылқара», кей жерде «Қаусыл-қазы» деп атайды. Осыған сәйкес әңгіменің атауы неліктен «Ойсылқара» екенін түсінеміз. Ұлттық өнерімізде, әсіресе күйшілік салтымызда түйе жануарына арналған күйлер де жетерлік. Мәселен, Тәттімбеттің «Бозінген», Ықыластың «Желмая», Сүгірдің «Бозінген» күйлері халық арасында кеңінен тараған. Яғни, С.Елубайдың тақырыбы ауқымы жағынан да, тарихи-мәдени жағынан да үлкен маңызға ие.

Табиғи заңдылықтарының бірі – қызғаныш. Осы қызғаныштың сарсаңында жүріп, буы мен «уына» мастанып, бойына кек біткен ата түйенің алақұйын мінезі – осы әңгіменің негізгі идеясының бірі. Қазыққа байланған ата бура ойнақ жақтағы аруаналарын аңсап, жаны аласұрады. Ондағысы – аруаналарына «көз салған» үш буыршынға деген ашу-ызасы, ішінде бұрқырап қайнаған кегі. Осындай күйдегі ата бураның характерін автор былайша суреттейді: «Бура құйрығын сап-сап ұрып, желкесін күждиіп, шірене лақ-лақ күркілдеді. Көмекейі терең судың лоқылы бүлкілдеп, ауызынан ақ көбігі шұбырды. Тісін шиқ-шиқ қайрады. Жанарында ашу-ыза оты ұшқындап, қазығын емпең-емпең айналады». Осы сөйлемдегі образдық сөздер мен қос сөздерге назар салып көрелік. Даланың керенау күйін бұзып, оқиғаны тірілтіп тұрған да осы материалдар. Ашу кезіндегі түйенің образы көз алдыңызға дәл келіп, сөзбен салынған суретке таңырқай қарайтыныңыз анық. Қаламгер бура ызаға булықса, желкесі күждиетінін (дүрдию), шірене күркілдейтінін (бұрқылдау) санаға тоқытып, сан қырлы тұстарын дәл қолданған. Сол секілді қазақ тілінің бай сөздік қорын көрсетіп, анықтап беретін сөз тіркестері де баршылық. Мәселен, жылқы кісінейді, арыстан ақырады, аққу сұңқылдайды, т.с.с. Ендеше, кейіпкерді ашу барысында мұндай сөздердің орнын білу айрықша қажетті шарт.

«Ойсылқара» әңгімесінің шарықтау шегі – Ата бура мен дүр Қараның соңғы айқасы. Бұл бір жағынан қарттық пен жастықтың шарпысуы десек те болғандай. Ата бура үйірін сақтап қалуға қанша тырысқанымен, жан алысып, жан беріскенімен, дүр Қара өзінің мақсатына жетті. Жануарлар жаратылысындағы «жеңіс», «жеңімпаз» ұғымы – ең басты орында. Тіпті бұл абырой үшін олар өз жанын құрбан етуге де дайын. Жеңіске жеткен жануар көңіл-күйдің биік шыңында, яғни эйфориясында болады. Автор әңгіменің соңын Ата бураның жығылған, мүжілген, бастырылған бейнесімен аяқтайды.

***

Су – тіршіліктің өзегі, мәні. Кейбір эволюция ғылымының мамандары «тіршілік – судан басталды» деген де пайым жасаған. Көркем әдебиетте теңіз, өзен, көл суреттері, сондай-ақ ондағы түрлі жәндіктер мен балықтардың беймәлім әлемі көрініс тапқан шығармалар жетерлік. Дегенмен, бұл тақырып кез келген жазушының «ығына» көне бермейді. Бұған жан-жақты ізденіс пен теңіз өмірінің қыр-сырын үйрену, тану қажет-ақ. Теңіз туралы сөз қозғағанда Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» повесі және «Мұхиттағы аралдар» романы, Герман Мелвилдің «Моби Дик немесе Ақ кит» романы, Янн Мартелдің «Пидің өмірі» секілді романдар еске түседі. Бұл шығармалар әлем оқырмандарын тәнті етіп, теңіз әлемінің фантастикалық және реалистік оқиғаларын танытты. Қазақ әдебиетінде осы тақырыпқа сарындас Ғабит Мүсіреповтың «Өмір жорығы» әңгімесі бар. Символикалық сипаттардың өмірлік философиямен үндесіп, оқырманға соны ізденістегі кейіпкерлерді ұсыну – жазушының әуелгі идеясы еді. Шығарманың басынан аяғына дейін тартылған желі – Көкқасқа балықтың әрекеті. Автор Көкқасқаның жағымды кейпін ашу үшін Миногадай жағымсыз бейнені суреттеп, екеуінің арасындағы қарама-қайшылықты шебер бере білген. Қос балықтың тегі, түрі бір болғанымен, екеуінің мүддесі бөлек. Сонымен қатар, автордың негізгі айтар ойы – ұрпақ жалғастыру, оны сақтап қалу жолындағы жанкешті күресте жатыр. Десе де, осы жолда аяқтан шалып, арманыңнан адастыратын Минога сияқты арам пиғылды жандардың көп екенін жазушы тілге тиек етеді. Әңгіменің психологиялық фонында осындай қайшылықтар көрініс тауып, жиі ұшырасады. Өз кейіпкерлерінің іс-әрекетіне өзі күйіне отырып: «Ең қатерлі жаулар да осылар. Қырғын майдан үстінде қыраттар семіреді» – дейді автор.

***

Жазушы Мұхтар Мағауиннің «Құмырсқа-қырғын» әңгімесі – интеллектуалды оқырманның үдесінен шыққан өміршең шығарма. Саяси-философиялық астары бар бұл әңгіменің басты нысаны – қарапайым құмырсқа жәндігінің тіршілігі. Жазушының қырағы көзіне түскен құмырсқа илеуіндегі түрлі оқиғалар әңгіме желісін қызықты етіп, ой-танымымызды кеңейте түседі. Жауынгер қара құмырсқалар әуелі еңбекқор қоңыр құмырсқаларға қарсы соғыс ашып, қырып-жойып, илеуінен бостырып жібереді. Содан кейін қара құмырсқалар түстік шымалдар және терістік шымалдар болып қақ бөлінеді де, енді бір-бірімен соғысады. Ақыры тынымсыз шайқас кесірінен түгі қалмай құрып кетеді. Илеу қаңырап бос қалады. Міне, әркім өз мүддесін күйттеген құмырсқалардың қырғынын автор осылайша шебер суреттеп берген. Мұның астарында жер мен руға бөлінген талай ұлттардың тауқыметті тағдыры жатқаны анық. Жазушы ұрпақтың амандығын, бүтіндігін ойлауға шақырып, сана бостандығын көксейді. Мәдени және рухани шабуылдарға тойтарыс беретін ішкі иммунитеттің беріктігі бәрінен маңызды. Ол тілде, ділде және ең өзектісі – ұлттық санада көрініс табатыны белгілі.

***

Жалпы, әдебиетте адам мен жануардың ара-қатынасы, мінездері ұқсас келеді. Кейде автор қоғамдағы қордаланған проблемаларды жануардың қарекетімен қозғайтыны шындық. Бұл салыстырмалы тәсілдің шынайылығы оқырманды қызықтырып, ерекше күйге бөлейді. Расымен де, жануарда бар қасиеттер: қызғаныш, күндестік, күрескерлік, сатқындық, ұрпақ қалдыру, өсу, өну сипаттары адамда да бар. Жоғарыда аталған шығармалардан бөлек, Оралхан Бөкейдің «Кербұғы» әңгімесі, Шыңғыс Айтматовтың «Жанпида» романы оқырманның есінде болар. Бұл туындыларда да жан-жануарларға екпін қойылғанымен, астарында адамзаттың трагедиясы, аласапыран күйі, түрлі эмоциясы жатыр. Сондықтан да әдеби процесте адам мен табиғаттың, жануарлардың байланысы ешқашан тысқары қалмайды.

Сурет ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар