Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Болыс өлтіру ойыны...

30.03.2017 4749

Болыс өлтіру ойыны

Болыс өлтіру ойыны - adebiportal.kz

Сын мен шығарма

Әдебиет болмысында сын мен шығарма егіз ұғымдар. Әдебиеттанушы Құлбек Ергөбек «Әдебиетте кезекті дүние көп, құбылыс – сирек» деген екен.

Мұндағы кезекті дүние деп отырғаны науқаншыл жазарман қауымның қолтумасын меңзесе керек, ал құбылыс деп отырғаны ағынмен емес, ағынға қарсы жүрген, идеологияға ішін алдырмаған, заман желіне ебелектемеген, науқанға бой алдырмай, үйреншікті үрдіске аяғын шалдырмаған, есесіне, көркемдік жинақтаудың, көркем образ тұлғалаудың биік үлгісін жаратып жаңалық ашқан шығарманы айтса керек, адамды қалай көрсетудің амалын тапқан суреткердің еңбегін айтып отырса керек.

Қазіргі әдебиет ауанына назар салсақ, өзгеден бұрын сынға өкпелі бір қауым төбе көрсетеді. Жауынгер сын неге жазылмайды дейтін сыңайлы.

Біз көбінесе, «қазанда не болса, шөмішке сол ілінеді» дейтінді ескермейтін сияқтымыз.

А. Сүлейменовтың «бүгінгі әдебиет тілі кеңсе тілі болып кетті» дейтін сөзінің мәніне бойламайтын секілдіміз. Осындағы «кеңсе тілі» деп отырғаны кезекті дүниені азық еткіш, науқаншыл әуенді жалаулатқыш әдебиетті айтқаны анық.

Егер жазушының қаламы мерізімдік әуенге бейімделгіш мінез тапса, онда шығарма «әсіре қызыл тез оңғыштың» аяғын құшпақ. Даралық тапшылығы белең алып, оның орнын бірдейлік көрінісі жауламақ. Көке жасық шығармалар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай жамырап шықпақ. Қоянның көжегіндей бір-бірінен аумайтын дүниелер баспа бетін жауып кететіні анық. Ендеше, аузы-мұрны аумайтын сусындық құмырасындай, даралықтан ада шығармаларға сын жазып сөз шығын етудің қажеті бар ма? Бұл да бір ойланатын іс.

Сосын, адамзат қоғамы әсемдік заңдары бойынша ғұмыр сүреді дейтін аксиома бар. Әсемдікті сүймейтін адам болмайды. Көркем шығарма да – құлын мүсін бір сұлу зат. Ендеше сын күтетін шығарма әуелде, келісті бітімімен, жұныттай жұмырлығымен көз арбауы керек қой. Сұлуды кім сүймейді?! Иә, шығармаң көркем болса, сынды кім жазбайды. Көріксізге кім көз салар, сұлулық, бітім сұлулығы шығарманың бағын ашып, базарын жандырмақ. Біздің көп прозамыз суреттеймін деп созуарлыққа салынатын, баяндаймын деп мылжыңдыққа ұрынатын дерттен күні бүгінге дейін арылып болған жоқ. Ел әлдеқашан жүріп өткен жолмен жүру, сол шиырды қайталау, «жолбарыстың жүріп өткен ізінен жем іздеу» шығармаға абырой әпермесе керек. Шығарма жаңалығы, әсілінде, әдебиетті жаңа бір жанрлық түрмен байыта алды ма, сонысымен өлшенбегі қақ.

Әдебиет - тірі ағза

Бір білімпаз: «Әдебиет – тірі организм. Ол да қоғаммен бірге өсіп, қоғаммен бірге адасып, сара жолға түскенге дейін әр қилы тағдыр кешеді» деген екен. Уақыт өте келе мерізімде жазылған дүниелердің асылы қалады, жасығы өшеді. Олай болса, уақыт сынына шыдағаны бар, шыдамай ұмытылғаны бар. Әдебиеттің барын бардай, жоғын жоқтай айтуымыз керек.

Дүние әдебиетінмен қоса, өз туған әдебиетіміздегі жарқын құбылыстарға көз жүгіртіп үлгірсек те, Рухани көкжиегіміз кеңейе түсер еді. Туған әдебиетіміздің қоғамдық ой-санасының өсуіне, жас қазақтың қоғамдық ой-санасының оянуына төңкеріс сипатты жаңалықтар алып келген Т. Әсемқұловтың шығармаларының өзі жарқын құбылыс еді-әу!

Р. Отарбаевтің «Жәңгір хан» хикаясының өзі жазған бұрынғы нұсқасын (тоғышар, топас, жауыз кейіптегі) отқа салып, қайта Бастан жазғанын ойлаңыз.

Әлем әдебиеті дейміз. Дұрыс. Ол айтарға жеңіл. Әлем әдебиетінің шеберліктерін толық меңгерген өз жазушыларымыздың шығармасымен толық таныспыз ба, әуелі? Әңгіме осында. Әйтпесе, Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» әлемдік шығарманың қайсысынан кем еді?

Мо Янның «Шарап елі» атты романы мен Төлен Әбдіктің «Парасат майданын» салыстырып көріңіз. Шеберлік биікке бой таласып тұрған екі ел жазушысын көресіз. Бейнелеу формасындағы жаңалық, ұтымдылық Бейнелеу өніміділігін игерудегі етенелік айқын көрініс береді. Тұлғаның екіге жарылуы, теңгенің екі беті сияқты адам жанының екіге жарылуы сынды құбылысты бейнелеудің биігіне Төлен Әбдіктер баяғыда шығып үлгірген.

Болыс өлтіру ойны

«Әдебиетте кезекті дүние көп» деп жоғарыда дәйексөз келтірдік. «Болыс өлтіру ойыны» әдебиеттегі кезекті дүнинің, мерзімді науқаншылдықтың бір типтік көрінісі болатын.

Б. Кенжебайұлы: «Елді есейткіміз келсе, есті шығарма жазайық» деп еді. Болыс өлтіру ойыны – мерзімдік идеологияға аяғын шалдырған қаламның ісі. Жазушыларымыз бір кездерде роман-повестері арқылы болысекеңдерді еш аямады. «Жүздеп-мыңдап қырып салды». Болыс өлтіру ойыны – уақыт талабынан туған құбылыс.

Болыстың бәрі мес қарын, арам етті, дөй желке, томар бас, ақылсыз. Мұндай жамандығы болыстың өз басымен кетсе мейлі, оның ұрпағына да мұра боп қалған. Болыстың баласы да даңғой, дәлдүр, ақымақ, тоғышар, топас, доғалбас, бітеу кеуде. Керек десең кем ақыл, қоянес, тіпті жынды-делбе. Әйтеуір бір ноқаты кем нақұрыс болып шығады. Бес мүшесі сау бір болыс көрмейсің. Басы таз, көзі ақи (қарсы алдында отырып самайын қасыған адамды, басымның таздығын айттың деп абақтыға қамататын болыс бар, әкесі мен баласы болыстыққа таласып, бірін-бірі өлтіретіні де сорақылық… Шаш-етектен). Ол аз десек, классик Сәбең «Жұмбақ жалау» романында айтулы азамат (әрине, атышулы болыс) Сайын Қадыровқа «Итбай» деп ат қойды. Қайран болыс шығармада сол ит атымен кетті.

Қаһарманымыздың ең үлкен ерлігі де болысты атып құлату. Болыстың көзін құрту. Мінеки, мерзімдік идеологияға аяқ шалдыру дегеннің әдебиеттегі көрінісі осы болмақ.

Иә, кезінде арқар мүйіз жазушыларымыздың өз қаһарманына болыс өлтіртуі шығарманың көркемдік келбетіне көлеңкесін түсірмесе де, көтерген тақырыпқа, ортаға салар өзекті идеяның өміршеңдігіне көлеңкесін түсіргенін байқап жетпеген-ді.

Ендеше, достар! Алға басудың жолы көргенінен жазбау емес, кәміл сенім де емес, қайта құбылыстарға күмәндана білу. Құлбек Ергөбек «Біз Қайраткерлікті қызмет, мансаппен өлшейтін түсінігі түсініксіз ұрпақпыз» депті. Ақын-жазушылардымыздың осы бір түсінігі түсініксіз ұрпақтан болмауын тілер едім.

Нұрбек Тәленұлы:

ҚХР, Іле қазақ автономиялы обылысы,

Күнес аудандық 1-орта мектебі,

Әдебиет пәнінің мұғалімі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар