Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Дидар Амантай. Квант сөз бен дауыс толқыны...

04.01.2023 1823

Дидар Амантай. Квант сөз бен дауыс толқыны 14+

Дидар Амантай. Квант сөз бен дауыс толқыны - adebiportal.kz


(Жол үстіндегі жаңа проза)

 

                                                   Тілге дәлдік қажет, қалам 
 ойды (іс-әрекет) дәл бейнелейтін  сөз қалайды
                                                   Лев Толстой (Д.А. аудармасы)
                                                                         
                                                      Жарық толқын ба,  кесінді ме,  
                                                     әлде екеуінің  бірігуінен туа ма?”

 

Әсілі, квантты жақсы түсінемін деп тоқмейілсіп сөйлеген кеудемсоқ адамның сөзінде шындық жоқ, ол жалған сөйлеп тұр. Квантты ешкім білмейді: жан-жақты, толық, түпкілікті. Бірақ, ядролық деңгейде араласып, бір-бірімен қатынасқа түскен кварктер тәрізді ұсақ бөлшектер қашанда қанша кішірейсе де тұрақты емес, адрондарды құраған протондар мен нейтрондар тәрізді үнемі өзгеріске ұшырап жатады. Ньютон механикасы – Шар заңдылықтарының мекені. Жер үстінде өмір сүреді. Жер үстінде қызмет атқарады. Қызметі өзара ықпалдас гравитациялық күштердің аясында аса түсінікті, салмақ пен күш бүкіл әлемдік тартылысқа бағынады. Эйнштейн қалыптастырған жаңа физика көп құпияның бетін ашты. Квант әлем жайлы түсінікті өзгертті.


Әдебиет-өнер ғылым табыстарына көз тігіп отырады. Бір-біріне әсері зор. Ғылым да өнер. Өнеркәсіп – екіжақты байланысты аңғартатын өндіріс түрі. 
Романтизм, натурализм, реализм ағымдары жаратылысты түсіндіру мақсатында бірт-бірте модерндік танымға көше бастады. Ақыл-ойға жүгінді. Рацио міндетті түрде логикалық тұжырымдарға арқа сүйейтін болды. Схоластиканың ықпалы әлсіреді, Рене Декарт теңдіктің ақиқаттылығын бейнелейтін формула ойлап тапты: пайымдаймын, демек, тірімін (немесе, өмір сүріп отырмын). Дүниежүзілік соғысты тоқтата алмаған, қырғынға тосқауыл қоя білмеген гуманистік идеялар, концепциялар, көркем ізденістер майданда тағы сәтсіздікке ұшырады. Қоғам дағдарды, постулаттар құрыды. Ұлы романдар сомдаған идеалдардың, адам ақыл-ойына, қарым-қабілетіне сенім білдірген кітаптардың тас-талқаны шықты.


Адам хайуан екен. Кәдімгі мақұлық: жан бар, сана жоқ. Қоғам, өндіріс және рухани нарративтер тығырықтан шығар жол іздеді. Мәдениет, философия, ғылым дағдарысқа ұшыраған жоқ, түсініктер дағдарысқа ұшырады.  Жаңаша ойлаудың жолы осы еді. Ойшылдар әлемді қайта түсіндіруге ұмтылды. Пафос жойылды. Әскери парадтар азайды. Бірақ, Еуропа алаңдарында барабан екпініне ілесіп, қайта қатар адымдай бастаған топ-топ жастар әділет іздеп, көшеге шықты. Рационализм сахнаға көтерілді. Модерн ғылымнан (өнерден) өндіріске көшті, өндірістен тұрмысқа ауысты. ҒТР – модерн бастаушысы: зауыт-фабрикалар өркендеді, адам табиғатты өзіне түбегейлі бағындырды. Физика қоғам дамуына ілесе жаңа сатыға көтерілді. Екі жармақ әлем пайда болды. Кешегі түсінік қазіргі өзгерістермен – байыды, толықты, кемелденді.


Ірі масштабтағы әрі кіші көлемдегі физика қозғалыстың үш заңдылығы қай, қандай жағдайда орындалатынын анықтады. Әр физика өз кеңістігінде өмір сүрді. Ашылған құпиялар жаңа формула тіледі. Ештеңе түсінікті емес еді, алайда ескі қағидаларды тегіс маңсұқтауға тағы болмайды. Әдебиеттің де емле-ережелері өзгеретін уақыт туды. Модерн келді. Жаңа дәстүр орнады. Жазу мәнері жетілді, мәтін формасы кемелденді. Текст (мәтін) пен контекстің (тыс-мәтін) тығыз байланыстылығы ашылды. Нарративтер үлкейді: мета-атаулар пайда болды. XIX, XX, XXI ғасырлар ұлы уақыт кезеңі еді. Тіл қызметінің аясы кеңіді. Жаңа түрлері табылды. Әдеби ағымдар теориясы күшейді. Кітап мәтін өлшемі еді.  Сана ағыны, абсурд мәні, мәтін ықшамдылығы (laconic) модерн белгілеріне айналды. 


Постмодерн, демек, модерн соңынан келген ілім, адамға деген сенімді жойды. Тіпті, пенде ғана емес, адамзат тұтас көп қиындық кешті. Кітап өлімі жарияланды,  театр құрығаны мәлімделді, тарих ақырына жетті, философия адасты, ғылым методологиясы “ескірді”. Бұл нарративтер Ницшенің “Құдай өлді” деген сөзінің салдарлары еді. Негізі, Ницше адам жүрегінде иман құрығанын тұспалдап еді. Құдайсыз, панасыз қалған адамзат өзіне қорған іздеді. “Қорғансыздың күнін” кешті. Физика – технология, өнер – тұрмыстағы түрі. Қазақ прозасы да ұлы көштің керуеніне айналды.  Бұл жастар – біз көрген, біз білетін – жастардан өзгерек. Біздің өзіміз тарихи тұлғаларға айналып барамыз. Қазіргі әдебиет жастардың қолында, тағдырын жас жазушылар шешеді.


Шетінен – жасампаз, ізденімпаз, білімпаз. Оза шауып отырады. Бәріне бірдей ортақ қасиет – ешқайсысы да анық емес, жабық шығарма авторлары. Ашық шығарма – өзін-өзі өлтірумен тең. Сонымен қатар, тегіс талапшыл, пәлсапашыл, еркін әрі тың. Екінші бір байқағаным – реалистік методты тәрк еткендері. Өнердің мұраты – дүние үйлесімін табу, жоқ болса – жасау.
Модернизм “бар” әлемнің бейнесін "кемел өңдеп", “үздік көшіреді”, постмодернизм “жоқ”нәрсені жасайды.  Анық деталь – көмескі кеңістік ішінде айқын бола түседі.  

1. Бақытбек Қадыр – ақиқат жоқтаушысы

Топтамаға енген қос әңгіменің табиғаты бір-бірінен бөлек. “Куәгерлер” форма тұрғысынан ерекше, “Қайран әке” дәстүрлі желіге құрылған. Жалпы, Бақытбек – жазуға төселіп алған жазушы. Кез келген тақырыпты дөңгелетіп, иіріп әкетеді. Кәсіби машықтың белгісі. Кәнігі қаламгерліктің айғағы. Алғашқы шығармасында шындықтың салыстырмалылығын көрсетеді, кейінгісінде күйдің шығу тарихын баяндайды, дәлірек айтсақ, өнердің өлімге деген қарсылығын кейіптейді. Өнердің мұраты – мәңгілік, тірінің соңы – қаза.

2. Досхан Жылқыбай. Еркін кванттар

Ертеректе, “Квант” әңгімесін баспасөз бетінен оқып едік. Пікір білдіріп жаздық та. Қайта оқыдық. Тереңдігіне көзім жетті. Жақсы әңгіме. Кванттар өмірін біздің әлеммен байланыстырады. Әдетте, кванттар “кеңістік қабырғаларына” “шашылып” “жағылып” тұрады. Квантта дәлдік жоқ, дәлірек, – тұрақтылық. Ол қуат алғанда, бір жолды ғана қуаламайды, онда таңдау көп. Басқа жолға да түсіп кетеді. Бірақ, сыңарынан адаспайды. Жүздеген шақырым қашықтықтардан дәл табады. Егіз квант ерекшеліктері бізді таңғалдырады.  Ол жұптасып өмір сүреді. Қосақ-қосақ. Бірінің кіндік санын өзгертсең, екіншісі қайда жүрсе де қалыбын өзгертіп алады. Екеуі қашанда бірдей. Сыртқы күштер кванттың орнына да, жылдамдығына да әсер етеді. Бірақ квант координатын табу қиын: орнын өлшесең, жылдамдығы жойылады, жылдамдығын таразыға тартсаң, орны беймәлімденеді. Автор адам өмірін, тағдыр-талайын кванттың хал-ахуалымен салыстырады, ұқсатады, ойға қалады. Қазақ әдебиетінің тақырып аясы кеңейіп келеді екен

3. Арман Әділбек. Кафкалық әлем

Бұл әңгіме (“Пойыз терезесіне түскен сағым”) – экзистенциалистік әңгіме. Символизмге құрылған: пойыз образы арқылы адамның метафизикалық тағдырын кескіндейді, тиянақсыздығын тұжырымдайды, жұмбақтығын білдіреді. Жүйткіп келе жатқан пойыздың бағыты да белгісіз. Пассажирлері персонаждарға айналады. Көрген түстері де метафора. Осындай үлкен ойларды автор шағын дүниесіне сыйғыза білген. Кафканың тоннелі тәрізді түкпірден бір сағым-сәуле әйтеуір күдер үзбеуге шақырады.

4. Есбол Нұрахмет. Жәндіктер шабуылы

Кеңес Одағы ыдыраған мезгіл. Оқуға күмәнмен, білімге мазақпен қараған уақыт. Жақсы көшеге шыққан, көше көшті билеп-төстеген, өліара кезең.  “Тарақандар'' тұс-тұстан қаптады. “Іріп-шіріп бара жатқан” капитализм емес, социализмнің өзі еді. Тізеге түскен, тепкіден көз ашпаған жұрт Кафканың сюжетіндей күй кешті. Әлеуметтік ауыртпашылықтар езіп-жаншыған қоғам ... жәндіктерге айналып шыға келді. Есбол ұсынған үш әңгіменің үшеуі де үлкен ізденістердің нәтижесі.

5. Әлішер Рақат. Сенім тұтқыны

Аса күрделі туынды. Бір қарағанда, “Үздіксіз әуез” психологиялық сюжетке құрылған жеңіл шығарма тәрізді. Автор дүниетаным күресін мегзеп отыр. Дүниетанымды орта қалыптастырады, мектеп оқытады. Бірақ, Құдайға құлшылық ету де сынақ. Оңай нәрсе емес. Нәпсіні тыю, өзіңді өзің сабырға шақыру, парызды бұзбау, міндетіне адал болу, Құдайдан шын қорқу – екінің бірінің қолынан келетін нәрсе емес. Осындай ойды әдеби кейіпкерге айналдыру – жазушылық шеберлікті талап  етеді. Дінге де, ділге де қазақтың өз көзқарасы бар.

6. Темірлан Қылышбек. Бірде айнымалы, бірде тұрақты он сегіз мың ғалам

“Инелік жылын” бір оқығанда түсіне алмайсың. Бір жағдай әр жағдайда қайталанып отырады. Бұл үш әңгіменің бірі. Қалған екі әңгіме де күрделі жазылған.   Қаламгердің атағаны алты жыл ма, алты маусым ба белгісіз. Түр-келбеті әрі ұқсас, әрі бөлек. Бұл әңгіме де физика ашқан соңғы жаңалықтарға құрылғандай... көрінді. Өзгеретіндей ме, өзгермейтіндей ме, ғауам әрі басқа, әрі сол қалпы. Әлемде әр нәрсенің (үлкеннің де, кішінің де) егізі бар, құмдағы түйіршіктер мен көктегі жұлдыздар сөзімізге айғақ. 
“Инелік жылы” күрделі туынды. Ойлы автордың қолтаңбасы білінеді.

7. Сафина Ақтай. Дүниежүзілік қақпа

Топтамаға үш әңгімесі енген екен. “Мүлдем жарық жанбайтын терезе”, “Үйге қайтамын. Шаршадым”, “Кемпір”. Уақиғалары фрагментерден тұрады. Бірақ, тұтастық бар. Бәрін тұтастыққа жеткізіп тұрған – панасыздық сезімі. Үш кейіпкер де үйін іздейді.  Бірі сәби, бірі бойжеткен, бірі қария кемпір.  Мүмкін, үйіне қоқыс жинаған кәрі актриса (шартты түрде) бала кезін, жас шағын еске ала ма екен. Қазір оны ешкім іздемейді. Ел ұмытқан. Жәндіктер ортасында өмір сүріп жатыр. Төңірегі – өлген шыбындар. Көп. Шыбын жанды адамдардың шындығы. Өлімді ойла. Жалғыздықтың алды. Пейіштің сегіз қақпасы бірдей ашылмайды. Тозақ қашанда сыртынан құлыптаулы, жұмақ ішнен жабық. Өмірдің шығар есігі біреу.  

8. Жәудір Нартай: оқырманы көп жазушы

Меніңше, Жәудір – тума талант. Қаламы жеңіл, жазғаны – оңай, қиюласып кете береді. Өз жолын тапқан қаламгер. Мәнері де, мазмұны да орнықты. 
Дәмді ас ішіп отырғандай рақаттанасың. Ол кейіпкерлерін жақсы біледі. Мінезін де, ойын да, ниетін де. Әсіресе, психологиясын ғажап меңгерген. Қиналмай жазылған дүниені ауырсынбай оқисың. Классикалық үлгідегі машық. Нақтырақ, классицизм. “Ұлжаны” қандай! “Мен он төртке толғанда”, тіпті, тамаша. Нұрғали Ораз, Сәкен Сыбанбай мектебі.  Шын қуандым.

9. Санжар Бекжанов. Естеліктер қоймасы

Санжардың “Жоғалған қараша” әңгімесі Федор Достоевскийдің “Қылмыс пен жаза” романына ұқсайды. Іштей бір шешімге келе алмай жүрген аса мазасыз персонаж. Біресе тысқа шығады, біресе ішке кіреді. Бөтен "Папасы” да күйгелек жан.  Қаламы - нақ.

10. Берікбол Батан. Бөгде халықтың аңыздары

Берікболдың әңгімесінде бейнеленетін, қоңыртөбел тіршілік кешіп жатқан, көл жағалауындағы елді мекен тұрғындарының бірі Подригтер әулеті туралы шағын шығарма аса бір шеберлікпен жазылған екен.Уақиға желісі жайлап өрбіп отырады. Дәстүрлі шытырман үлгіде емес, байыпты, байсалды түрде әңгімеленеді. Жасы кіші Димар, ағасы Уильям, ата-анасы, көрші Монтана әже шығарма басынан соңына дейін көз алдыңнан кетпейді. Көл жағасында көп жылдан бері некен-саяқ өмір кешкен Подригтер отбасының шырқын Берн-Тайн мемлекеті бұзады. Брустон елінің азаматы ретінде Уильям әскер қатарына шақырылады. Дәстүр бойынша, “Жетім оқтың уақыты” жеткенде үш жағдайда қолданылады: жау қолына түспеуге, шапқан жаудың бетін қайтарға және үйіне аман-есен келгенде салют атуға жұмсалынады. Әркім қалағанын оқиды. Әрқалай. Бірі көргенін бірі байқамайды. Басқаның көзіне түспеген нәрсені өзгенің көзі шалып қалуы мүмкін. Қазақ прозасы дамып келеді.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар