Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
/
Елдос Тоқтарбай. Бүгінгі қазақ балалар әдебиеті мә...

Елдос Тоқтарбай. Бүгінгі қазақ балалар әдебиеті мәселесі

25.07.2025

1216

Елдос Тоқтарбай. Бүгінгі қазақ балалар әдебиеті мәселесі - adebiportal.kz

ҚР Жазушылар одағы Балалар әдебиеті кеңесінің басшысы Елдос Тоқтарбайдың қазақ балалар әдебиетінің өзекті мәселелері туралы жазбасын ұсынып отырмыз.

Балалар әдебиеті – ұлт әдебиетінің ірі қазынасы. Сол қазынамызды жас оқырмандарға жеткізуіміз қиындау болып тұр. Бүгінгі қазақ балалар әдебиетіндегі ең негізгі мәселе – балалар әдебиеті бойынша шығып жатқан кітаптардың баспа-полиграфиялық сапасы. Не иллюстрациясы жоқ, не дизайны бала тұрмақ үлкен кісінің өзін қызықтырмайтын кітаптар қаптады. Бүгінгі балалар визуалды буын (алфа-ұрпақ). Оларға кітап мазмұнынан бұрын иллюстрациясы қатты әсер етеді. Иллюстрациялары ескі стильде, баланың көзіне тартымсыз, шрифті тышқанның ізіндей, макеті ауыр, мультимедиалық нұсқалары жоқ кітаптардан арылмайынша, ұрпақ сұранысын қанағаттандыра алмаймыз.

Бүгінгі қазақ балалар әдебиеті цифрландыру көшінен артта қалды. Аудиокітап, подкаст, веб-комикс форматы дамымаған, мүлде жоқ десек те болады. AR/VR технологиясын қолданатын интерактивті шығарма таппайсыз. Қазақ балалары Wattpad, TikTok-та ойнап отырғанда, біздің әдебиет қағаз күйінде ғана қалып отырғаны ойлантарлық жағдай. Бір сөзбен айтқанда, қазақ тілді контенттің цифрлық ортаға ену қарқыны өте төмен.

Қазақ әлемінің миф, фолькорлық мұрасы қанша бай болса да сол жауһарларды әлемдік аренаға шыға алмадық. Қазақ балалар әдебиеті әлі шетелдік көрмелерде, премияларда көрінбей жүр. Ағылшын, француз, корей тіліне т.б. аударылған шығармалар жоқтың қасы.

Сосын қазіргі қазақ балалар әдебиетінде ірі тұлғалық кейіпкер жоқ. Бұрынғы әдеби мұрадағы батырлар мен ертегі кейіпкерлері болғанымен, бірақ заманауи “суперқаһармандар” жоқ. Бала өзін кейіпкермен салыстыра алмайды. Pokémon, Harry Potter, Frozen сияқты кейіпкерлер қазақ қаракөздерінің жүректерін жаулады. Ал бізде «Ер Төстік 2.0» сияқты kids-бренд жоқ. Ақиқатында, қазақ балалар әдебиеті әлемдік kids-контенттен артта қалды. Балаға арналған шығармаларға мультимедиалық интеграция жетіспейді.

Қазақстанда шетелге әдеби өнім шығару үшін тұтас әдеби-индустриялық экожүйе жоқ. Шетел түгілі еліміздегі кітап сату нарығы мен тарату жүйесінің сапасы сын көтермейді. Бұл мәселелер шешілмейінше балалар әдебиетінің насихаты да болмайды.

Озық елдердің әдеби өнімдеріне қашанғы қызығып отыра береміз?! Ендігі таң – қазақ балалар әдебиетінің дамуына шапағатын тигізуі керек. Ол үшін әдеби мазмұн жаңаруы қажет. Біріншіден, заманауи жанрларды игеруіміз керек. Екіншіден, ұлттық кейіпкерлер брендін қалыптастыруға тиіспіз, мысалы «Steppe Kids Heroes» сияқты kids франшиза құру. Үшіншіден, баспадан қағаз форматында шығатын әр кітапты цифрландыру: анимация, аудиокітап, веб-комикс қосу. Бұл ойымызды жазушы да, баспагер де ескерер.

Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы балалар әдебиетін дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөлгені қуантады. Ендігіде мемлекеттік тапсырыспен шығатын балалар әдебиеті өнімдеріне қатаң талап пен шарт қою мәселесін шешсе екен деген тілегіміз бар.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan