Елордамызда 6 маусым күні жас қаламгерлердің балаларға арналған «Шұғылалы ертегілер» атты ертегілер жинағының тұсаукесері өтті. Аталмыш жинақта «Steppe and World» баспа үйі және Қазақстандағы БҰҰ-ның ұйымдастырылуымен өткен байқау жеңімпаздарының ертегілері жарық көрді. Жинақ бүлдіршіндерге салауатты өмір салтын ұстану мен табиғатты қорғауға, татулық пен отбасы құндылықтарын дәріптеуге үйретеді. Осы ертегілердің бір тобы гендерлік стереотиптерді бұзады. Кітап мектепке дейінгі және бастауыш сыныпта оқитын балаларға арналған. Тұсаукесерде БҰҰ мүшелері, ұйымдастырушылар және ертегілердің авторлары кітаптың негізгі идеясы және оның маңыздылығы туралы сөз қозғады.
БҰҰ тұрақты үйлестірушісі, жобаның негізін салушылардың бірі Микаэла Фриберг-Стори: «Кел, балалар, оқылық», - демекші, әрбір бүлдіршіндер қазақ әдебиетін үлкен қызығушылықпен оқуы керек, осы бағытта бұл шығармалар жинағы таптырмас мүмкіндік. Осы жобаға ат салысқан әрбір серіктестерімізге алғыс білдіреміз! Кітап әрбір оқырманына сарқылмас білім береді, биік белестерге жетелейді», - деп осы шараның шымылдығын ашып берді. Шараға «Шұғылалы ертегілер» жинағының авторлары, жоба менеджерлері қатысты. Олардың арасында «Ертегі әлеміндегі ханшайым», «Ақшақар арман» кітаптарының авторы он бес жасар жас қаламгер Ақпар Разия да болды. Жас жазушының бұл ертегілер жинағында «Құс жәшігі» және «Жаңбыр нығметі» атты туындылары жарық көрген. «Шұғылалы ертегілер» жуырда еліміздің дүкендер желісіне сатылымға шығады, сондай-ақ «Qonzhyq» mobile app қосымшасы арқылы осы кітаптың тегін аудиоформатын тыңдауға болады.
«Steppe and World» баспасының редакторы Еркін Ерзат жоба мақсаты мен байқау жөнінде: «Бұл жоба БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі, "БҰҰ-әйелдер" құрылымы, БҰҰ Халықтың қоныстану саласындағы қоры (UNFPA), БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі агенттігі, «Шеврон» энергетикалық компаниясының және біздің «Steppe and World» баспасының ортақ жобасы. Осы жоба аясында алдымен конкурс жарияланды. Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ертегі жазатын жас авторлар мен қалыптасқан авторлар қатысты. Жалпы жүз елудей ертегі жиналды, біз соның ішінен сараптап отыз ертегіні шығардық. Байқаудың шарттарына сай деп танылған ертегілерді жинаққа енгіздік. Бұл жерде балаларға танымдық-тәрбиелік, экологияны қорғау, дәстүрлік дүниетаным, қазіргі заманауи тұрмыс, киелі тылсым мекендер туралы келген ертегілер де болды. Сонымен қатар, қазіргі адам құқығы, әйел теңдігі яки гендерлік стереотиптерге қарсы мазмұндағы ертегілерді үйлестіріп басып шығардық. Дәстүрлі қазақ дүниетанымында ұл мен қызға тең қарайды. Дегенменде кейбір сарқыншақтар болуы мүмкін. Гендерлік теңдік тақырыбын қосу себебіміз де осы болды», - деп өз пікірін білдірді.
Байқау жеңімпаздарының бірі белгілі балалар жазушысы Зәуре Төрехан жинаққа енген ертегісінің мазмұны туралы айтып берді: «Аталмыш кітапқа «Достық матч» атты ертегім енді. Бұл ертегі конкурс талаптарына сай гендерлік теңдік тақырыбында жазылған. Спорттағы балалар мен қыздардың құқықтарының теңдігі, мүмкіндіктер теңдігі туралы шағын әңгіме. Ол әңгіменің кейіпкерлері – менің «Күйекөбелектер шаһары» атты ертегімнің кейіпкерлері. Балалар мен қыздар арасындағы теңдік, менің пікірімше, Азия, Шығыс елдеріне қарағанда Қазақстанда жақсы дамыған. Біздің қоғамда ер адамдардың жалақысы әйелдерге қарағанда жоғарырақ деген сияқты теңсіздіктер болып тұрады. Бірақ осындай гендерлік теңсіздіктерді түбегейлі жоя алмаймыз ғой. Алайда осындай ертегі, өлең, шығармалар арқылы балалардың санасына гендерлік теңдік ұғымын сіңіруіміз керек. Негізгі кейіпкерлерімнің көбі қыз балалар. Қазіргі уақытта екі апалы-інілі балалар туралы «Менің жазғы демалысым» атты әңгімелер жинағын жазып жатырмын».
Шарада балаларға арналған бағдарламалар мен ойындар, түрлі викториналар ұйымдастырылды. Сайыста жеңіске жеткен балаларға «Шұғылалы ертегілер» жинағы тарту етілді. Сонымен қатар, балалар тегін аквагрим салдырту мүмкіндігіне ие болды. Жас өнерпаздарымыз да өздерінің тамаша биін көрсетіп, тұсаукесердің рухани ауанын ерекше сипатқа бөледі.
Ақмарал Жарбосын, практикант,
Еуразия ұлттық университетінің
2-курс студенті
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.