«Көк кептердің көргені»: заманауи классика

Қуандық Түменбайдың «Көк кептердің көргені» атты кітабына енген аттас хикаят көк кептер мен адамның достығын суреттеуден басталады.  

39

«Көк кептердің көргені»: заманауи классика - adebiportal.kz

«Көк кептердің көргені» – оқырман қауымға есімі танымал көрнекті жазушы Қуандық Түменбайдың екі хикаяты мен көптеген әңгімелері жинақталған кітабының (Атамұра, 2026) аталымы. Оқырман «көк кептердің көргені не екен..» деген ойға еріксіз шомары күмәнсыз. Осы жинақтағы «Көк кептердің көргені» хикаяты қазіргі кейбір ұзақ-сонар әңгімелерге қарағанда көлемі (28 бет) шағын туынды. Қазіргі қазақ көркем прозасында қанат жайған хикаят жанры – дәуірдің белгілі бір кезеңінің шындығын суреттейтін реалистік повесть жанрының уақыт өзгерісіне сай сапалық жаңғыруы, стилистикалық дәстүр қалыптастыруы болса керек.    

Қуандық Түменбайдың «Көк кептердің көргені» атты кітабына енген аттас хикаят көк кептер мен адамның достығын суреттеуден басталады.  Көк кептер төртінші қабатта тұратын пәтер иесінің «темір тормен қоршалмаған балконын» көптен мекен етеді. Нарратор-баяндаушы: «Құстың да өз еркі өзінде, кез келген мезгілде еркін кетіп, еркін қонады. Балкондағы мыс табақшаға нанның қиқымын, күріш дәнін, тамақ қалдығын салып қояды, соны шұқып жеп бөтекесі бұлтиып тоқ жүреді»,-деп баяндайды. Осы ықшам да қарапайым баяндаудың мағыналық астары мол. Таңбаланушы – құстың еркіндігі, күйлілігі. Соны айғақтаушы денотат – қорекке толы мыс табақша. Көк кептердің «қожайыны» да осал адам емес – Кардиология институтының директоры, бас оташы Мұқаш.  Нарратор-баяндаушы «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деген өлең жолдарын жиі еске алатын Мұқаштың жан әлеміндегі әлдебір эллегиялық күйді табиғи тілмен интуитивті сезіндіреді. Жазушы-нарратордың көк кептердің «ойға шомған адамның (Мұқаштың-біз) көзінен қағажу ойды қағып алатын» сезгірлігін баяндауынан-ақ, постмодернизмдегі ойын, бетперде тәсілі көзге түседі. Дегенмен, ортаны аң-құстың көзімен бейнелеу - қазақ анималистік прозасында қалыптасқан дәстүр екені рас. Пәтер қожайындары Мұқаш пен оның әйелінің мінез-құлқы ортақ төл сөз үлгісінде мүсінделеді. Ортақ төл сөзге  баяндаушы- нарратор мен анималистік персонаждың  ортақтастығын сезіну қиын емес. Мысалы, хикаятта отбасы мүшелерінің «обал-сауапты білетін» жандар екені, белгілі оташы Мұқаштың «қолы қысқаларға болысып тұратын иманы бар кісі» екені, намаз оқитын кілемшесін «әлденеден сақтанғандай тығып ұстайтыны», тәсібі «ысырып», «көп ойланып, қатты толғанатыны», «...әйтеуір заман өзгеріп, бір топалаң болғалы тұрғанын» сезетіні, «бірақ құс түгілі адамға тіс жарып артық сөз айтпайтын аузы ауыр пенде» екені қосүнді сөз үлгісінде бедерленеді. Баяндау дискурсынан екі баяндау инстанциясының жігін ажыратуға болады. Бірі – жазушы-нарратордың баяндауы, екіншісі – графикалық түзілімде тырнақшаға алынып берілген көк кептердің баяндауы.  Бар жайды баян етіп отырған көк кептер сыртқы дүниеден көргені туралы ой түйеді: «...құстар маған қызыға қарайды, қызғанады да. Қызығу мен қызғану – тірі жанға тән қасиет...Мыс табақшаға түк салмай балконын торлап қойса қайтер едім. Нысап керек, нысап. Балкондағы тапал үстелге қонжиып ап (қожайыны туралы-біз), қап-қалың кітаптан көз алмайды...жазып қояды, ...ирек-ирек сызық сызады...(қысқартып алған-біз)... Ол – Адам сойып, адамның жанын алып қалып жүрген кәнігі оташы, тек біреуге жақсылық ойлап тұрады». Осы соңғы сөйлемнен соң,  автор-баяндаушы «деп көк кептер пыр етіп ұшып кетті» деп нүкте қояды. Автор-баяндаушы құстың сөздерін ауызша дискурсқа тән стилизация мәнерінде баян етеді.

Хикаятта басты кейіпкер оташы Мұқаштың психологиялық портреті оның іс-әрекеті арқылы динамикалық түрде толыса береді. Мысалы, нарратор бас оташы Мұқаштың ота жасар алдындағы дайындығын, кірпияздығын, мансап-беделіне мастанбайтын қарапайымдығын, тіпті  «ақ желеңді де өзі үтіктейтінін», «ар жағы таза адам» екенін», өз кәсібіне шынайы берілген жан екенін бүге-шігесіне дейін суреттейді. Мұқашты оқырманның көз алдына әрдайым қобалжыған, ойлы кейіпте әкеледі. Бірақ, бұның сырын бірден аша қоймайды. Жасыру тәсілі дер едік. Десе де, Мұқашты қамықтырған – республиканың бірінші басшысының ауқымды жүрек талмасымен ауруханаға түсуі. Автор-баяндаушы хикаяттың өн бойында кеңестік кезеңдегі еліміздің бірінші басшысының есім-сойын  атамайды, «бірінші» немесе «үлкен кісі» деп әдеттегі халық тіліндегі сөзбен таңбалап, құпиялау амалын қолданады. Әйтсе де, оқырман оны өзі танитыны күмәнсыз. Біріншіге тездетіп ота жасау керек болады. «Үлкен кісі» бас оташы Мұқашты шұғыл шақыртады. Автор-баяндаушы халқы сүйген асыл тұлғаның сол кезеңдегі қиналыс сәтіндегі бейнесін диалогта кескіндейді: «Денсаулық сақтау министрімен бірге қорқасоқтап қасына келгенде сұңғақ бойлы, қоңқақ мұрын кісі көзін ашып, баяу үн қатты. Даусы қоңыр, үні әуезді. Адамға деген сенімі тұр ар жағында... ...(қысқартып алған-біз). – Мұқаш,-деді ескі танысындай сөзге тартып. – Ота жасайсыңдар ма? – Cізге Мәскеу жасайды, олардың рұқсатынсыз бізге жол жоқ. – Саяси Бюро мүшесіне біз жасай алмаймыз-деді министр бір орында тұра алмай тапырақтап. –Басқаларға жасағанда, маған неге жасамайсыңдар? Адамның бәрі бірдей емес пе? Оташыда өтпейтін пышақ бола ма? Мені тү-у-у Мәскеуге сүйреп қайтесіңдер. Өздерің жасай беріңдер. Рұқсатты өзім алып берем,-деді де дайындала беріңдер,-деп сөзін тұйықтады». Осы үзілімдегі мінезтанымдық диалогтан сол кезеңде басы ноқтада болса да, қазақтың болашағы үшін жанкешті еңбек еткен асыл тұлғаның өзін қашанда қарапайым халқымен тең санайтын, бодандық санаға бой алдыра бермейтін өжеттігін, сөзге тапқыр кемелдігін, көркем мінезін  тануға болады. Нарратор Мәскеу Денсаулық сақтау министрлігінің Төртінші басқармасының есебінде тұратын «біріншіге» тез ота жасау қажет болған сәттегі талқы кезіндегі Мәскеу билігіне көзсіз бас ұрған «үш әріптің» қитұрқы әрекетін, денсаулық министрінің жалтақтығын, ғылым докторы мен академиктің  жауапкершіліктен бас тартқан абыройсыздығын әшкерелейді.  Мұқаш «біріншіге» ота жасауға бел шешеді. Нарратор «Үлкен кісінің» шақыртуымен оның жатын орнына кірген оташының толқуын шынайы суреттейді. «Оның жатын орнына кіргенде жастығын биіктетіп ап кереуетте бір ұзын терек сұлап жатқандай көрінді. Өзін көргенде Бірінші біртүрлі қуанып кеткендей бетінде алаулаған қызыл шырай пайда болды да, оң қолын қасына келген бұның қолына қойды», -дейтін жолдарда асылтекті тұлғаның бітімін суреттеуден ұлттық ойлау ерекшелігі танылады. Оташы Мұқаштың өжеттігіне деген эмпатиясы таңбаланады. Автор-баяндаушы бас оташы Мұқаш пен «Біріншінің» арасындағы жылышырайлы диалогты: «-Қашан бастайсың?-деді жайбарақат.- Консилиум бітті. Құдай қаласа, таңертең...-деді де, сөзін жұтып тұрып қалды.-Құдайды аузыма алдым деп қорықпа. Бәрі құдайдың қолында. Мәскеу өз еркің деп отыр...»-деп өрбітеді.  Ота ойдағыдай өтеді. Автор-баяндаушы бас оташы Мұқаштың ішкі монологына үңілтеді: «Аурудың өзі де сол аюдай ақырған үлкен жердің пышағына түскісі келмей, қойшының баласы болсам да маған сеніп кеп отыр ғой» деген тұйық ой миында қаққан қазықтай тұрып алды. Ал үлкен жер болса кіші жерге кірпияз көзбен қарайды. Оны төменгі билікте жүрген біз білгенде, бұл кісі бізден үш есе артық біледі... Өзі де ұлы Әуезовті есіне алды... ...(қысқартып алған-біз). Кремльдің пышағы қалай мүлт кетті екен?...Мәскеу өзіне жақпағандарды «батыр бір оқтық» қылады... (қысқартып алған-біз)... сол Үлкен үйдегі құдірет – Лениннің бір тұтам сүйегін көруге адамзат баласы құмар-ақ». Жазушы-баяндаушы кейіпкер монологы арқылы отарлаушы жүйенің ұлт зиялыларына қарсы зымиян әрекеттерін батыл айыптап, сарказммен түйрейді.

Ота ойдағыдай өтіп көңілі жайланған Мұқаш балконға шығып,  қашанғы әдетінше насыбайын атып, дәнін де жемей өзін күтіп жүрген қанағатшыл көк кептерімен тілдескендей болады, «құстың да тілеуін тілейді».  Жалпы, көркем әдебиетте көк кептер адалдықтың, еркіндіктің символы, адам жанының демеушісі сипатында бейнеленетіні белгілі. Табиғаттың қос перзентінің бір-біріне эмпатиясы шендестіріле бейнеленеді. «Адам-жануар» иерархиясында екеуінің мәртебесінің тепе-теңдігі аңғарылады. 

Нарратор Біріншінің отадан кейінгі жағдайын білуге келген Мұқашты қуана қарсы алған сәтін, кемеңгер тұлғасына жарасымды мінез қырларын ауызекі сөйлеу үрдісіндегі диалогтар, ықшам ремаркалар, афоризмдер арқылы ашады: «-Тәй-тәй басып жүрейін,-деді науқас күлімсіреп.-Адам өмірге еңбектеп келіп, еңбектеп кетеді дейді ғой. Біз де енді еңбектейміз». Реалист жазушы Қуандық Түменбай  Біріншінің: «Ауруханада өз тіліңде сөйлеген қандай ғанибет. Мәскеуде жатсам қалай болар еді, тұсаулы аттай шойқаңдап, әр сөзді сақтанып айтып отырар едім. Е-е-е, шіркін-ай, еркін өмір сүретін күнге біз де жетерміз» деп ішіне бір ой түйді», -деген ішкі сөздерінен оның өмірлік ішкі аңсары, мұң-мүддесі – ұлтының бостандығы, елінің еркіндігі, тілінің тазалығы екенін аңғартады. Ықшам, астарлы, мінезтанымдық диалогтар сюжеттің табиғи динамикасына ықпал етеді. Жалпы, Қ. Түменбай өзінің авторлық ұстанымын, тенденциясын кейіпкерлердің іс-әрекеттері, сөз алмасулары, монологтары, көзқарастары арқылы берудің шебері деуге болады. Қ. Түменбай хикаятында қоғамдағы зор әлеуметтік мәні бар шындықтар кейіпкер диалогтарында ашылады,  көзімен әшкереленеді. Автор-баяндаушы психологиялық дәйектемелер негізінде қоғамдық қайшылықтардың сырына терең үңілтеді.  Мәселен, бас оташы Мұқашқа  телефон соққан денсаулық сақтау министрі ота жасалғанына бір ғана күн болған Біріншінің ауруханадан тездетіп шығуын Мәскеу талап етіп жатқанын айтып, дігерлейді. Көп кешікпей қызметке шыққан «таудай тұлғаны» Мәскеу ұйымдастыру бөлімінің қызметкері қыспаққа алады. Бірінші мәскеулікке өз елінде де кәсіби мамандар бар екенін уәж етеді. Билік ортасындағы, қызмет бабындағы қайшылықтар күйзелткенімен, оташы Мұқаш ішкі ойын тісінен шығармайды: «Осында бас оташы болғалы да қызметін ойлап қобалжудан жүрегі жарылып өлген талайды көрді...Адам тақ үшін де жүрегін ауырта ма екен? Қой, әркім анадан әртүрлі боп туады. Жұрттың бәрі адам сойып күнін көріп жүрген Мұқаш емес қой». Жазушы-баяндаушының суреттеуінше, Мұқаш-ішкі еркіндігі бар адам. Бірақ, оны көрсете алмайды, көнбіс, бәріне көндіккен. Демек, әдебиет теоретигі Б. Қ. Майтанов айтқандай «қарсылығы ішінде тулап жататын көнбіс кейіпкер» реалистік әдебиетке де жат емес. Автор-баяндаушы хикаятың әр тұсында «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деген Мағжанның метафоралық мәндегі байламын рефрен қызметінде қолданып, семантикалық жүк артады. Мұқаштың  күйзелісіне көк кептер ғана ортақтаса алатындай. Автор-баяндаушы: «Ол саналылардың арасына түскен бір сәуле сияқты»,-деп суреттейді. 

Мұқаштың өз саласындағы шеберлігін, академиялық білімін бағалалаған Бірінші оны министрлік қызметке тағайындауды ұсынады, Кардиология институтының директорлығын қоса атқаратынын, ота жасау өз еркінде екенін ескертеді. Алайда, өз кәсібіне шексіз берілген Мұқаш оған дайын еместігін білдіреді. Автор-баяндаушы Мұқаштың Біріншімен кездескеннен кейінгі көңіл-күйін: «Көңіл қуанышын ең бірінші көк кептермен бөлісті. Сонан кейін ғана жамбасына қол жүгіртіп, насыбай шақшасын шығарды. Адамның ләззатына ортақ болмайын деп құс басын кері бұрды»,-деп суреттейді. Нарратор хикаяттың келесі эпизодын: «Көк кептердің қуанышы ұзаққа созылмады. Қожайынның қабағы түйілсе, оның жаны қоса шырқырайды. Үй иесінің көңіліне кірбің түссе, құс боп мыс табақшаға тұмсық тигізуден қалады, жем жеп бөтекесін бұлтитқысы келмейді. Ел-жұртта өзі түсінбес бір «дүрбелең болып жатыр, құс атаулы топталып ұшып ағаш басына қонақтады, гүлзарлар мен саябақтарда бұларға дән шашып, нан қиқымын тастайтын да ешкім қалмады...»,-деп тарихымыздағы қаны сорғалаған желтоқсан оқиғасын көк кептердің көзімен суреттейді. Дәстүрі бай, тілі құнарлы классикалық әдебиеттің мәйегінен нәр алып, ұлттық  тіліміздің ауызекі сөйлеу үрдісін бойына сіңірген, әсіре шешендікке жол бермейтін, жаңа дәуір оқырманының қабылдауына жеңіл, ұлттық бояуы қанық, лаконизмге құрылуымен ерекшеленетін үзілім үлгісі – Қ. Түменбай қаламына тән сипат. Расында, «көк кептердің көргенінің» бәрі де шындық еді: кеңес отаршыларының әділетсіздігі, қитұрқы әрекеттері, қиянатшылдығы, тәуелсіздік үшін күрескен қазақ жастарының қырғынға ұшыратуы. Желтоқсан шындығының көк кептердің көзімен баяндалуы автор образын айшықтайтын көркемдік тәсіл, әрі медиамәтін екенін тануға болады. 

Желтоқсан қырғыны Мұқашқа көп сырды ұқтырады: «Осы күндері оташы Мұқаш та Біріншінің Кремльдің пышағынан неге қашқақтағанын білгендей болды». Минстрлік қызметін мінсіз атқарып жүрген Мұқаш Орталық комитеттің Бюросына шақырылып, орынсыз желеумен лауазымынан босатылады. Осы орайдағы, автор-баяндаушының юриспруденция ілімінен де мол хабардарлығы танылады. Автор-баяндаушы Мұқаштың көңіл кірбіңін де көк кептердің көзімен: «Қожайынының дәл осылай екі бүктетіліп, еңсесі түскенін көрмеп еді, қашан көрсең де тапал бойын тік ұстап жүретін...», -деп суреттейді. Дегенмен, Мұқаш қандай күйде болса да құсын қоректендіруді ұмытпайды. Жазушы Мұқаштың интроспекциясын, желтоқсан қырғынына наразы жан жарасын полифонизм үлгісінде терең бейнелейді: «...Үй иесі қалған жарты кесе суды бір жұдырығын түйіп ап, тамағы бүлкілдеп тағы да сімірді. Көк кептер бүлкілдеген тамақ пен түйілген жұдырықты көргісі келмей, көк аспанға қарай қалықтай жөнелді». Осы пассаждағы «түйілген жұдырық», «бүлкілдеген тамақ» деген эпитеттік метонимиялар кейіпкер санасындағы психоэмоционалдық кернеуді айшықтайды. Мұқаштың жұбайы жанұшырып  жедел жәрдем шақырады. Әріптестері Мұқашқа тезарада ота жасаудан бас тартады.  Мұқашқа өзі пышақ ұстауды үйреткен ғылым кандидаты ота жасайды. Десе де, «үш әріп» ауыр ахуалда жатқан Мұқашты да торуылдаумен болады. Алматы алаңын қанға бояған кеңес қолшоқпарларының бодандық санадан арылмаған күйкі тірлігі ирониялық баяндауда әшкереленеді. Жазушы-баяндаушы осы қилы кезең, қиын сәттегі көк кептердің әрекетін: «Аурухана алдындағы сәмбі талдың төбесінде қожайынымның қарасын көріп қалам ба деп бүрісіп отырады да қояды...», -деп суреттеу арқылы «көзі түймедей» көк кептердің адам баласына деген эмпатиясын қарау ниеттілердің әрекетімен шендестіріп, мениппеялық күлкі тудырады. Бұл - шетін шеберлік. 

Жазушы-баяндаушы хикаятта бодандықтың зардабын қарапайым халық қана емес, Біріншінің өзі де, биліктегі саналы, ұлтжанды басшылар да көргеніне иландырады. Жазушының көркемдік ізденісіне күмән келтіре алмаймыз. Осы орайда,  көрнекті әдебиеттанушы Ж. Дәдебаевтың: «Жазушы шығармаларында, рас, өмірде болған оқиғалар суреттеледі. Дегенмен автордың шығармасындағы шындық – көркемдік шындық. Шынтуайтқа келгенде, өмірдің шындығынан суреткердің қаламынан туған көркемдік шындық әлдеқайда шынайы»,-деген байламы ойға оралады.

Қорыта келгенде, шыншыл суреткер Қуандық Түменбайдың «Көк кептердің көргені» хикаяты - күні батып бара жатқан кеңестік биліктің ел тізгінін ұстаған ұлт көсемі мен билік ортасындағы ұлт зиялыларына қарсы зымиян әрекеттерін әшкерелеген, ұлтжанды зиялылардың бодандыққа қарсы ішкі еркіндігін, тәуелсіздікке қол созған желтоқсан оқиғасын реалистік көркемдікпен суреттеген туынды. Хикаятта көрнекті жазушы Қуандық Түменбай бодандық күйін кешкен ұлтының болашағы үшін жанкешті қызмет етіп, қиянатшыл отарлаушылардан Абылайдай ақыл-айласын асырып, еліне әділ де қамқор болған біртуар тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев өмірінің («Біріншінің» прототипі) көпке беймәлім тұлғалық қырын бейнелейді. Сондай-ақ, хикаятта адамгершіл, парасатты, ұлтжанды азамат, кәсіби шебер, оташы-дәрігердің  образы, табиғат перзенті көк кептердің символикалық бейнесі мүсінделеді. Қ. Түменбай аумалы-төкпелі тарихи кезеңнің қоғамдық-әлеуметтік, саяси мәні зор шындықтарының сырын терең танытып суреттейді. Хикаят  көркемдік ізденіс жемісі ғана емес, Қ. Түменбайдың билік ортасының құбылыстарын, дәрігерлердің кәсіби ортасын, дәрігер-оташының «ота алдындағы кірпияздығын», «ота жасау кезіндегі қол шеберлігін», аурудың диагнозына қатысты жайларды білгірлікпен жазатындығы – қаламгер мәдениетін танытса керек. Бұндай ерекшелік Қ. Түменбайдың басқа шығармаларында кездесетіні белгілі. Осы орайда, әдебиет теоретигі Б. Майтановтың С. Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романына қатысты қаламгерлік мәдениеті туралы: «Ал қаламгер мәдениеті – тарих, өнер, әдебиет, ғылым салаларымен жете таныс автордың осы білімін көркемдік ізденістерінің бар болмысына бойлай сіңіріп, мейлінше шынайы интенционалдық қуатпен айшықтап бере алуында»,-деген пікірінің маңыздылығын тануға болады.     

Қуандық Түменбай «Көк кептердің көргені» хикаятында желтоқсан оқиғасы қарсаңындағы қоғамдық-әлеуметтік шындықты, кейіпкерлердің әділетсіздікке қарсы ішкі қарсылығын, желтоқсан оқиғасын «көк кептердің көзімен» суреттеуде реалистік дәстүрді байытып қана қоймай, кейіпкерлердің болмысы мен тағдырын, табиғатқа қарым-қатынасын бейнелеуде психологиялық портрет, пейзаж, интроспекция, диалог, ішкі сөз, қос үнді сөз, полифонизм іспетті психологизмнің көркемдік тәсілдерін, композициялық тәсілдерді (монтаж, жасыру, деталь т.б.), көркемдік құралдарды (теңеу, эпитет, метафора, метонимия, шендестіру) шебер қолданады. Әрине, хикаят тілінің көркемдігін алдыңғы құнары бай классикалық әдебиеттің поэтикалық синтаксисімен салыстыра алмаймыз. Дегенмен, Қ. Түменбайдың әсіре шешенсуден ада, оқырман қабылдауына жеңіл, философиялық астары терең, ұлттық бояуы мол, көркемдік-эстетикалық мәні зор тілінің классикалық дәстүрдегі Б. Майлин, Ғ. Мүсірепов, С. Ерубаев, А. Нұрманов тіліне хас лаконизммен ұштасып жатқанын және заманауи проза талабы биігінен табылатынын байыптауға болады. Хикаят тілінің экспрессивтілігі, композициялық жаңашылдықтар («жануар-адам» иеархиясына қатысты тосын сюжеттер, диалог семиотикасы), постмодерндік үлгілерге тән (ирониялық баяндау, бетперде, интермәтін, медиамәтін) элементтер Қ. Түменбай хикаятын тек реалистік дәстүрмен шектеуге жол бермейді. Б. Майлин, Ғ. Мүсірепов, С. Ерубаев, А. Нұрманов тіліне хас лаконизм, классикалық дәстүр Қ. Түменбай прозасында заманауи көркемдік заңдылықтар биігінен табылады.

«Түрмедегі торғай» хикаятының да негізгі лейтмотиві – қоғамдағы әділетсіздікке, қиянатшылдыққа қарсылық. Осы тенденция философиялық-публицистикалық сарындағы шығарма экспозициясынан аңғарылады. «Түрмесіз өмір жоқ. Адамзат бостандықта қалай өмір сүрсе, түрмеге де солай көндіккен. Бірақ адамның болмысы қызық...»,-деп толғанатын нарратор енді бірде: «...Прокурор, сот, милиция десе тікесінен тік тұрады да, дәрігер мен мұғалімді айтсаң, көптің біріндей көңілсіз қарайды»,-деп қазіргі қоғамымыздағы МАИ-дың, қызыл жағалылардың мәртебесі биіктеп тұрғаны, заңның орындалмауы, рухани құндылықтарды бағаламау, тіл мәселесі, ел шаруашылығымен айналысатын мамандардың жұмыс таппауы, керісінше, жоғары оқу орындарының «құмырсқаның илеуінен шығып жатқандай шала сауат заңгерлерді дайындауы» секілді қоғамдағы әлеуметтік мәні зор ащы шындықтарды батыл әшкерелейді. Оқырманға риторикалық сауалдар тастайды: «Сүйегі терісіне ілінген аш-арық құқық пен заңды қайтпекші?» немесе «Парламент өзі шығарған Заңды неге өзі аяқасты етеді?». Хикаят экспозициясы философиялық-публицистикалық сарындағы полифонизмге толы. Бұнда автор-баяндаушының ғана емес,  көпшіліктің даусы бар екені байқалады. Бұл - хикаят композициясындағы ерекше көркемдік тәсіл. Автордан басқа да адамдар сахна сыртында тұрғандай, олар жамылғы киіп алғандай. Демек, хикаят драматизмге құрылады. Әдетте, екі адамның басы қосылса талқыға салынатын қоғамдық мәселелер – хикаят мәтінінде интермәтіндік сипат иеленеді. Автор-баяндаушы: «Тіпті, ақындар да өлең шіркінді алға сап, арнау оқып, полковникте мен генералдардың жүрегіне жол табу үрдіске айналып барады. Дәрігер жігіт Есенбай осындай кездері соларға қабағы түйіліп, тыжырына қарайды»,-деп елімізде нарықтық қатынастар орныға бастаған қиын кезеңде руханият өкілдерінің де байшыкештерге, мансап иелеріне жалтаңдап қалғаны шындық еді. Соңғы сөйлемнен-ақ, бұл хикаяттың да кейіпкері дәрігер екенін көреміз. Жалпы, жазушы Қ. Түменбай шығармашылығында малшы, егінші сияқты қарапайым еңбек адамдарымен қатар дәрігер, мұғалім, заңгер секілді парасатты қауым өкілдерінің, билік өкілдерінің де образын әр қырынан бейнелегені белгілі.

Соның ішінде, аталған екі хикаяттың кейіпкерлері – дәрігерлер. Мұқаш пен Есенбай – ұқсас образдар, әдетте, әдебиетте бұндай образдарды қос образдар деп атайды. Есенбай да – оташы. Дәрігер Есенбай қарапайым халық өкіліне жанашырлық жасаймын деп, түрмеге тоғытылады. Жазықсыз дәрігерге жала жабушы – озбыр отаршыл биліктің қолшоқпарлары. Алайда, бұлар ұқсас образдар болғанмен, хикаяттардың сюжеттік-композициялық бітімі әрқилы деуге болады. 

«Түрмедегі торғай» хикаяты қазақ әдебиетіндегі ғана емес, орыс, шетел әдебиетіндегі түрме прозасымен үндеседі деуге болады. Абақтыда тар қапаста азап шеккен адамның еркіндікті аңсап, терезеге қонған торғаймен тілдесу эпизоды әлемдік әдебиет пен өнерде де ертеден өрістеген мотив екені айтпасақ та белгілі. Қ. Түменбай осы белгілі мотивті өз хикаятында өзгеше шеберлікпен өретініне көз жеткізуге болады.

Жазушы-автордың Есенбай дәрігердің қарауындағы ауру Барболсын Әйтшуовпен «емен-жарқын тілдескенін», оған қойылған «менингиома»-мидағы ісік диагнозының мән-жайын, ісіктің қауіпсіз түрін «сылып тастауды» ұқтыруын баяндауынан да қаламгерлік мәдениет танылады. Нарратор «дәрігер мен емделуші арасында жібек жіптей есілген түсіністік» қажеттігін де тәптіштей түседі. Сюжеттік байланыс сырқат пен дәрігердің тілдесуінен өрбиді. Дәрігер аурухана бөлімшесінде болмайтын «цефозалин» деген дәріні табуды аурудың өзіне тапсырып, рецепт береді. Ертеңіне ота жасау керек. Баяндаушы дәрігердің жағдайы жұтаңдығын, оның жұбайымен мешітте некелескенінен аңғартады. Оташы Есенбай ертеңгі отаға кірпияз дайындықпен, әдеттегідей ерте келеді. Жазушы-автор есіктен сығалап, дәрігер бөлмесіне кіріп келген ауру Әйтшуовтің психологиялық портретін диалогта, ремаркаларда шебер кескіндейді: «- Мен дәрі іздеп таба алмаймын. Ақысын берсем, бәлкім, өзіңіз тауып берерсіз, -деп ерін ұшынан осы сөз шығар-шықпаста-ақ екі иығы қушиып, арқасы дөңкиіп есіктен шыға берді. Ескі жейденің түймесін де салмапты, алқам-салқам омыраудың ар жағынан жүндес көкіректің одырайған сүйегі көзге қораш шалынып тұр. –Қызық адам екенсіз...- үстел үстінде қалған дәрінің рецепт қағазы мен әл-Фараби бейнеленген 500 теңгелікті қосып бүктеп, желеңнің төс қалтасына сүңгіте салды. Көзді ашып-жұмғанша көк есік шалқалай ашылып, әуелі милиция формасын киген екі қызыл жаға, соңынан қарапайым киінген тағы бір жігіт кіріп келді. – Қозғалмаңыз!...Сол кезде ғана Есенбай алақанына боялған ақшаның көкшіл дағы жұғып қалғанын байқады». Адамзат қоғамында кездесетін таныс жағдай. Кинодағыдай көз алдыңызға келеді. Қызыл жағалыларға қарсы жолыққан бөлімше меңгерушісі Анастасия Феодоровнаға оташы Есенбай Қойбағаровтың «пара алу үстінде тұтқындалғанын» жеткізгенде,  әйел «қолын жүрек тұсына қойып» қала береді. 

Нарратор бір кісілік камерадағы  Есенбайдың жұбайы Күнімайдан хабарсыздығын, орысша сөйлейтін тергеушінің Есенбайға «сен» деп сөйлейтінін, «сотталасың» дей беретін оған операцияны тезарада жасау керек болғандықтан Есенбайдың дәріні өзі тауып беруге мәжбүр болғанын, рецепте бөлімше меңгерушісі Ливенцованың қолы бар екенін айтып өзін қорғағанын Есенбайдың тергеушімен диалогында монтаж тәсілімен ықшам баяндайды. Гиппократ антынан айнымайтын Есенбай  сырқат Әйтшуовтің саулығын сұрағанда тергеуші оны мысқыл етеді. Нарратор осы деталь арқылы тергеушіні мінез-құлқын дәл пішіндейді.  

Жазушы-автор түрме қапасындағы Есенбайдың жазықсыздан жазалы болған жан арпалысын тұйық мекеншақ аясындағы сұрқайлықпен егіздес суреттейді. Нарратор қолаңса исі аңқыған қуықтай камераны: «Үш қабатты темір нар. Жалғыз торлы терезе. Шұңқырдай дөңгеленген әжетхана. Торлы терезенің арғы беті – күн, бергі беті көлеңке. Ештеңеден бейхабар мылқау дүние...»,-деп көз алдыңа әкеледі. Қарапайым сөзбен салынған жан шошырлық сурет емес пе?! Жазушы адамның адамға жасаған қиянатының өлшеусіздігін осындай айқын да дәл, қарапайым сөздермен бейнелейді. Көзіңмен көріп тұрғандай боласың. Нарратор Есенбайдың дүниетанымын, азаматтық тұлғасын, ұлтжандылығын, шыншылдығын бірінші, екінші, үшінші тергеулерді суреттеген диалогтарда қалтқысыз ашады. 

Түрмеде күйзелген жанның ой тұңғиығына батуы табиғи жағдай. Нарратордың  Есенбайдың ретроспекцияларын беру арқылы сюжетті созуын заңды құбылыс деп тануға болады. Кейіпкер Есенбай қызмет бабында жүрген кезінде кездескен небір келеңсіздіктерді есіне алады. Есенбай бір кезде өзі мүшесі болған медициналық сараптау комиссиясының қояншық ауруымен ауыратын жас жігітке: «-Айына үш рет құламасаң зейнетақы жоқ», - дегенін еске түсіреді. Ауру жігітке араша түскені үшін Есенбай комиссия мүшелігінен шығарылады. Нарратор Есенбайдың ретроспекциясы арқылы қоғамдағы келеңсіздіктерді сарказм арқылы әшкерелейді.  Хикаятта нарратордың (автор-баяндаушының) наррататорға (кейіпкер Есенбайға) баяндау тізгінін ұстатып, оқшау оқиғаны баяндайтын диалогты ұзақ өргенімен, қоғамдағы қайшылықтарды айыптайтын ирониялы баяндау шыншылдығымен маңызды деуге болады. Хикаятта ремаркалы, ремаркасыз ықшам диалогтардың жиі қолданылуы психологиялық портреттердің динамикалық толысуы, сюжеттің дамуы – Қуандық Түменбай қаламына тән стильдік даралық.

Қылмыскер мен тергеуші арасындағы диалог түрме өміріндегі заңдылық екені рас. Нарратор боямасыз өмір шындығын суреттеуде диалогты ерекше ұтымды, шынайы көркем тәсіл ретінде қолданады. Екінші тергеуде Есенбай қаралаушымен беттестіруді өтінеді. Оның сөзін аяқасты еткен тергеуші әдетінше қылмысты мойындаттыруды көздейтін негізсіз сұрақтарын жаудырады. Айыпталушы Есенбай тергеушіні заң жолымен ғана тұқыртады: «...Мен ең алдымен кедей мемлекетте өмір сүріп отырғанымды білемін. Ал дәрігер барлық уақытта жоқтан бар жасауға тырысады. Бюджетте жоқ дәріні арудың өзі сатып алады». Тергеуші: «-Ал 500 теңге қалайша сенің қалтаңа түсті?», -деп қыжыртады. Есенбай өзінің аурумен тілдесіп тұрған сәтте алдағы операцияны ғана ойлап, ауруға қажетті дәріні алып бермек болып, бес жүз теңгені төс қалтасына салғанын жоққа шығармайды. Істің мән-жайын ұққысы келмей, ақшаны қалтасына салғанын қылмыс деп мойындатып, жанын жеген тергеушіге: «-Ауру дәрі әкеп бер десе, мен оны қалтама салмай қайда салам?!»,- деп ызалы жауап береді. Тергеуші сабасына түсіп, екінші тергеу аяқталады. Нарратор Есенбай мен тергеуші диалогы арқылы кейіпкерлердің көзқарастарының қарама-қайшылығын ғана емес, бопсалауға жол берген қоғам шындығын терең танытады. 

Жазушы-баяндаушы Есенбайдың қапас камерадағы күйін: «Түсте сасық иісі мүңкіген сорпаны кезекшіге қайтарды да, жылымшы шай мен бір тілім нанды талғажау етті»,-деп гастрономиялық инстинктіні сезіндіреді. Тірі жан иесінің соты болғанша оған көрсетілер «түрме заңдылығы саналатын» қатігездіктің сан түрін қолдану кеңестік тоталитаризмнің екені әшкереленеді. Жалғызкісілік қапаста тұншыққан Есенбайдың жанына жалау болатын – торлы терезеге ұя салған құйтақандай торғай. Хикаятта экзистенциализм түрме прозасындағы дәстүрлі  торғай образы арқылы өрістейтінін жоққа шығаруға болмайды. Түрме прозасындағы торғай образы қашанда еркіндіктің, сағыныштың символы ғана емес, қоғамдағы әділетсіздіктен рухы жаншылып, тар қапаста жалғыздықтың зарын тартып, ендігі күнде өзін адамзат атаулыға керексіздей сезінген жанның торлы терезеге қонақтаған торғайға өзінің болымсыз қорегімен бөлісіп, өзінің оған қажеттігін сезінуі санасына серпіліс, жанына жылы тербеліс бергендей болады. Автор-баяндаушы кейіпкердің торлы терезеге қарап: «Ұя салам деп әуреленіп жүр ме екен. Неге сонша шырылдайды, сабаз?! Неге кең даладан жер табылмағандай түрменің терезесіне ұя салуға әрекеттенді екен?»,-дейтін толғанысынан эмфатикалық энергетика танылады. Бұл хикаятта да ретроспекция, интроспекция  кейіпкердің экзистенциалистік ахуалымен сабақтас табиғи өрістейді. Дегенмен, ретроспективті баяндау хикаяттағы ретордация амалын аңғартады. Мәселен, Есенбайдың бала кезінде торғайдың балапанына мысықтың қастандығын көруін еске алуын, Ауғанстанда госпитальда дәрігер болғанда «дұшмандар екі қол, екі аяғын кесіп алып, тікұшақпен төбеден тастаған тірі өлік – томар адамды көруін еске алуын, «бұлталағы көп саясаттың» студенттерді Ауғанстанға аттандыруын», «ағаттығын кеш түсініп, кері қайтаруын» еске алуы, шұлғау ораудан  тәжірибесіз «аяғы жаралы»  студентті «соғыссын» деген қатігез госпиталь бастығымен келіспей, хирург ретінде студентті ебін тауып үйіне қайтаруын еске алуы, студенттік құрылыс отрядында болғанда әлдебір жас жігіттің күлсалғыш жасамақ болып, тасбақаны қайнаған ыстық суға салып, шыңғыртып, азаптап өлтіргенін, ақыры әлгі жігіттің «қармақ салып жүргенде тасбақа дауылы соғып, адасып өлгенін» еске алуын  баяндауда адам баласының шектен тыс қатігездігі мен мейірбандығын шендестіре суреттеледі, әрі өзекті қоғамдық-әлеуметтік шындықтардың сыры терең ашылады. Бұл Қ. Түменбай хикаяттарындағы негізгі лейтмотив деуге болады. Жазушы Қ. Түменбайдың қоғамның даму заңдылықтарын терең зерделейтіні танылады. Осындай ретроспективті баяндауда кейіпкердің: «...Әлсіздің әлдіге жем болуы өмірдің ережесі емес қой?!» немесе  «Сал ұяңды, торғайым, мен саған, сен маған серік болайық», «...Мен неге торлы терезеден сәуле күтіп жатырмын. Менің көрем дегенім осы ма еді» дейтін ішкі сөздеріндегі лирикалық-философиялық ой ағындары: «...Неге түйені түгімен жұтқандар осылай жатпайды? Неге Ішкі істер министрі парамен ұсталып, Қазақстаннан қашып үн-түнсіз Ресейге кетеді...» дейтін публицистикалық-риторикалық дискурс, драмалық пафос полифонизммен астарлас. Түрме прозасына тән дәстүрді бұлайша жаңғырту Қ. Түменбай қаламына тән  стильдік ерекшелік екені танылады. 

Нарратор үшінші тергеу жақындаған тұстағы Есенбайдың тар қапас пен тергеушінің мезі еткен сұрақтарынан қажыған, еркіндікке шығудан түңілген сәттерін: «Бүгін тергеуге екі иығын зіл басып,өзін ауыр сезініп келді. Камера мен тергеушінің бөлмесі арасында қолына кісен салып қоятыны да жанын ширықтырып, жүйке тамырларын жіңішкертіп жібергендей. Егер де ауру Әйтшуовпен кездестіре қалса буындырып өлтіруге де шын бекінген түрі бар»,-деп баяндай келіп кейіпкердің сана қалтарыстарын: «...Мені ешкім де шығарып ала алмайды. Түрменің бәрі бірдей, оның өзгермейтін өз заңы бар. Егер бүгін беттесе қалсам, ауру Әйтшуовті буындырып әйтпесе бір ұрып өлтірсем...ақыры сотталғасын айызым қанып сотталайын. Өзі инеліктей қушық иық Әйтшуов бір ұрғаннан қала қоймас. Жанды жерден дәлдесем...Бірақ мұндайлардың жаны сірі болады», - деп монодиалог үлгісінде бедерлейді. Нейрохирург Есенбайдың сана астарындағы эмоционалды кернеуді: «Ол бес саусағын бүгіп, топ-толық жұдырығына қарады, жұдырығы жуан емес, оташыларға жуан жұдырық жараспайды», -деп метонимиялық қалыпта айшықтағанмен, ауру Әйтшуовті жамандыққа қимайтын  дәрігер арының тазалығын аңғартады. Расында, Есенбай санасындағы жарылысты Раскольниковтің сана сферасындағы психологиялық аффектімен салыстыруға болмас.  

Жазушы-нарратор «иығына он екі батпан зіл артып кірген» Есенбайды үшінші тергеуде «темекісін шүйіре шеккен» тергеушінің неліктен көңілді қарсы алғанын құпиялайды. Автор-баяндаушы: «-Айтшы, азамат Қойбағарұлы, бұған дейін тірі жанға иненің жасуындай болса да қиянатың болды ма?-деді ол ә дегеннен.-Болды, -деді бұлтармай. –Айта отыр. Бұл протоколға түспейді,-деп қорабы ашулы темекіні алдына қарай ысырды.-Қиянаттың үлкен-кішісі болмайды. Қиянаттың аты – қиянат...»,-деп диалогты өрістете береді. Есенбай тергеушіге бала кезінде мерген нағашысына еріп  саятқа шыққанда, абайсызда бүркітті атқанын қиянат, қылмыс санайтынын, нағашысының кейіннен құстың киесіне ұшырап, жалғыз ұлынан айрылып, соңынан өзі мен әйелі де опат болғанын опына әңгімелейді. Ал: «-Ертек сияқты екен...», -деген тергеуші: -Алғаның 500 теңге екен. Соны Америка долларына бес рет көбетіп берсең құтылып та кетер ме едің. Сендер қазақтар, қызықсыңдар.Ертек айтып кетесіңдер. Қылмысты әдейі жасадым деп есептейсің бе?»,-деп тергеуші Есенбаймен әдеттегісінше тәжікелесе кетеді. Бұл тәжікелесу де Родионның тергеушісінің тәжікелесуінен әлдеқайда алыс.  Қызыл жаға келіп, қолына кісен салғанда, тергеуші Есенбайға Әйтшуов сантехник болғанмен, полковниктермен бірге жүретінін білдіреді. Есенбай сонда да  әуелгі ашуын ұмытып: « ...миы көгеріп кететін болды ғой»,- деп Әйтшуовының жайын уайымдағанын, кейіпкердің өз сөзіндегі юмормен әдіптейді.  Шынында, Қ. Түменбай хикаяттарындағы  мінсіз дәрігер бейнесінің абсалютизмінен болашақта адамзат қоғамына мінсіз қызмет ететін медицинаны аңсар еткен қиял әлемі шаң беретіндей. Расында, көреген жазушылар болашақты да болжай алады деген сөз бар. Ғ. Мүсіреповтің «Оянған өлкесіндегі» ұста бейнесі – кешегі инженер, бүгінгі заманауи технология  бесаспап мамандары екеніне шүбә бар ма? 

Камераға келген Есенбайдың жан шырылын тор терезенің ар жағындағы торғай шырылы ғана тыныштандырады. Балапандары бар, ауыздарына жем салады. Еркін тіршілікте ұшып-қонып жүрген торғайды жабыққан, жазықсыз жапа шеккен жанына місе тұтып,  серік етсе де: «...Адамдар ше?...Торғай құрлы болмағаным ба? Әйелімнің қасынан табылмай, дүниенің тар қуысында не бітіріп жатырмын?...Адамның торғайлары неге торға түсіп, алаяқтар неге бостандықта жүреді?»,-уытты ой құшағына шырмалады. Автор-нарратор Есенбайдың түсіне әкесі еніп, бүркітті неге өлтіргенін сұрап жатқанын баян ету арқылы ұлтымыздың этникалық үрдістерін қағыс қалдырмайды.

Нарратор төртінші тергеуде Есенбайдың «өзін түрмеге түсірген» Әйтшуовпен беттесуін баяндайды.  Әйтшуов Есенбайдың көзімен: «Аурухана жейдесін шешіп, костюм кигесін бет-бейнесі өзгеріпті, бұрынғыдан сәл сұстылау, өзіне сенімділеу көрінеді. Бұрын байқамапты, тар маңдайлы жұп-жұқа өңіне біткен жіпсік көздерін әлсін-әлсін жыпылықтата береді», -деп пішінделеді. Шағын психологиялық пішіндемедегі «жіпсік көздердің» белгісін «жыпылықтаған» деп суреттеу бопсаға ерген адамның тайғанақ, жылтырлығын, «тар маңдайлы», әлпетін «сәл сұстылау, өзіне сенімділеу» деп бейнелеу «өзінде ой жоқ, басында ми жоқ» наданның сиқын лаконизммен шебер мүсіндеген поэтикалық синтаксис үлгісі, заманауи прозаға тән стильдік дәстүр екені айқындалады. 

Тергеуші Есенбай мен Әйтшуовті беттестіргенімен, олардың бір-бірін танитындығын ғана тексеріп алып, қулыққа басады. Нарратор Есенбайдың тергеуші қыспағынан кейін камерада торыққан күйін авторлық баяндау, ортақ төл сөз, ішкі сөз арқылы да бейнелейді: «Тұтқынның тіршілік иесінен жалғыз сырласы –торғайы ұшып кетіпті. Ұясының бармақ басындай ойдымы ғана қалыпты. Енді екі-үш рет ұшып барып сазбалшық әкелсе, дөңгелек ұяға айналып, жып-жылы мекенжай болмақшы. «Осында қыстап шыққысы келді ме екен суықторғайдың. Не де болса бір беймәлім сырың бар құс болдың сен. Әлде тұрымтайдан қорлық көрген сорлы ма едің?». Тағы да ұстар тұлдыры жоқ су-қиялмен арпалысқа түсіп, бірін-бірі ала алмай отырғанда темір есік сатыр-сұтыр екі бұралып, даңғыр етіп ашылды. –Қойбағарұлы, сыртқа шық!». Осы үзілімде де хикаяттың өн бойында өзек тартып жатқан торғай мотивінен Қ. Түменбайдың суреткерлік стилі танылады. Мысалы, кейіпкердің тағдырын «тұрымтайдан қорлық көрген құс тағдырымен шендестіру» мәтін астарынан танылады. Сондай-ақ, «құр, бос қиял» деген жаттанды сөзді қолданбай, «су-қиял» деген ауыстыруды қолдануы да соны. Жалпы, Қ.Түменбай прозасының тілі лаконизмімен ғана емес, көркемдік құралдар арсеналын шебер қолдануымен, баяндау инстанцияларының әралуандығымен, композициялық тәсілдерінің ұтымдылығымен, сюжетінің тосын, диалогтарының табиғи, шынайылығымен ерекшеленеді.

Нарратор хикаятта тергеушінің «қылмыскер санатындағы» қолы кісендеулі Есенбайды қылмысын айғақтау мақсатымен түрме-машинаға мінгізіп қызмет орнына апарғаны әрі тосын сюжет, әрі ретордация іспетті. Автор-баяндаушы сол сәттегі тергеушінің  айыпталушыға көзқарасын, іс-әрекетін, қатыгездігін суреттеу арқылы кеңестік биліктің тоңмойындығын айыптайды. Нарратор әріптестерінің көзіне түсуден жерге кірердей қысылған Есенбайды көрген бөлімше меңгерушісі Анастасия Федоровнаның іс-әрекетін: «Ой, Құдай-ай!»-деді жапалақ көзі шарасынан шыға алақанымен жүрек тұсын басып. Бұны өзінің жұмыс үстеліне отырғызды. Ол оқиға орнын айғақтау әрекетінің жасалып жатқанын білді», -деп суреттейді. Шұбар тілді тергеушінің қысастығы зиялы орыс адамының кісілігіне шендестіріле суреттеледі.  Жазушы-баяндаушының айғақтау әрекетінінен кейін камерасына әкелген Есенбайдың кәсіби мамандығын пайдаланғысы келген түрме қызметкерлерінің, танысы болып шыққан әскери адамның өтінішімен өз тамырын әйнекпен қиып өлмекші болған, атуға бұйырылған жанды құтқаруын, әлгі әскери танысының екеуінің бір шөлмекті бөліп ішуін, оның  Күнімайдан жасырын хат жеткізуге көмектесуін баяндауын, Багратион туралы реминисценцияны сюжетті созудың амалы десек керек.   

Сот процесінде нейрохирург Есенбай Қойбағарұлын қызметтегі өзінің басшысы, шыншыл, зиялы орыс адамы Анастасия Федоровна Ливенцова бар жанын салып сөйлеп, дерек, дәйектер келтіріп, ақтап, қорғап шығады: «Бұрын теледидарды ашып қалсақ, Жамбыл баба мен ақын Олжасты көруші едік. Қазір ашып қалсаң көшеде адам ұстаған милиция мен бірін-бірін алдап, айып таққан сот процесін көресің...(қысқартып алған-біз)...Қазір дәрі қат заман...Қымбат дәріні таба алатындар ғана табады. Ал жәбірленуші ауру Әйтшуовтің менгиома деп аталған ми ісігіне дәріні өзі таппаса, Қойбағарұлы да, мен де , бас дәрігер де тауып беруге тиісті емеспіз....Басты жамайтын пластмасса тек аурудың қаржысына ғана алынады ...(қысқартып алған-біз). Ал Қойбағарұлы аурудың бас операциясына арналған пластмассаны да  бар беделін салып өзі тауып беріп отыр. Бұл –дәрігер тарапынан жасалған адамгершілік...Қадірлі сот төрайымы, осы жағын да ескеру керек... Қойбағарұлындай оташы аз, Әйтшуовтей ауру көп. Бұл қандай бопса сонда?...Ол ауғанстанда алдыңғы сапта жүріп, жаралыларды емдеген оташы. Мемлекеттің кедейлігіне, дәрінің жоқтығына оташы Қойбағарұлы кінәлі ме?-деп сөзінің соңында даусы жіңішкеріп, кемсеңдеп отыра кетті». Нарратор «көп сөйлегісі келген, есіп айтқысы келген» Есенбайдың басшысының сөзінен кейін, «басын төмен салып отырған» Күнімайын көргеннен кейін, сот залындағы «ақ желеңділердің ішіне уын жиған құмырсқадай қыбырлаған» Әйтшуовті «ішіп-жеген» көздерін көрген соң ерекше толқып сөйлей алмағанын интуитивті жеткізеді. Нарратордың сот залындағы көпшіліктің жиренішін тудырған Әйтшуовті «ішіне уын жиған құмырсқадай қыбырлаған» деген метафоралық теңеумен, әрі сарказммен кескіндеуі – шебер портреттік деталь. Сот төрайымы адам миына операция жасайтын нейрохирург  Есенбай Қойбағарұлының Барболсын Әйтшуов секілді аурудан бес жүз теңге алмайтынын дәлелдеп, бұл жағдай «дәрігердің абыройын аяққа басу үшін қолдан ұйымдастырылған бопса екенін айғақтап, сот залынан босатылуын жариялаған үкім сөзін сөйлейді. Дегенмен, жазушы-баяндаушы сот процесіндегі бөлім басшысы Ливенцованың сөздеріне тым романтикалы пафос береді. Сот төрайымын да үкім сөзінде: «Парасыз қоғам жоқ, оған біздің көзіміз жеткен...Қоғамда нөлдері көп парақорлар бар... », - деп  батыл сөйлетеді. 

Жазушы-баяндаушы еркіндікке шыққан нейрохирург Есенбайдың жан толқынын былай суреттейді: «Ол ашық есіктен далаға атып шығып, шақырайып тұрған дөңгелек күнге жүзін шомылдыра қарады...Темір тор мен темір нар, қалайы тостақ пен қалайы қасықтан жерінген ол өсіп тұрған көк өскінді бір көруге зар болды, осыдан қолым жетсе, қызыл гүлді құмарым қанғанша иіскеп, көк өскінді шикілей шайнап, қызыл тіліммен топырақтың дәмін татар едім деп армандады. Ол қызыл гүлді құшырлана иіскеп, тағы да көк шөпті бырт-бырт шайнады». Иә, баяндаушы айтқандай, дәрігер еместер Есенбайдың бұл қылықтарын түсінбейді. Нарратордың Есенбайдың: «Түрме атаулыны бүгін бұзып тастаймын десе де адамзаттың қолынан бәрі келеді, осыны ертеңге қалдырмай-ақ қопарып тастаса ғой, мені екі көзі төрт болып күткен інілерім мен олардың тілеулестері»,-деген қиялын баяндау арқылы әлемде түрмені жою идеясын көздейтін гуманизмге жол ашатынын аңғарамыз.

Жалпы, әдебиет теоретигі Б. Қ. Майтановтың: «Диалог ең алдымен сөз туралы сөз қызметін атқарады. Алайда сөздің толып жатқан психо-идеологиялық, характерологиялық, логикалық, стилистикалық, интонациялық міндеттермен сабақтас әр түрлі дәрежедегі қарама-қарсылықты санаттардан ажырайтын сәттері сирек. Өмірдің жүрегі диалог болып соғады. Диалог мол тарапты шындықтың сан алуан бағамдық баламасы ретінде өмір сүреді»,-деп көркем шығармадағы диалог семиотикасының құрылымы туралы ғылыми-теориялық тұжырымына сүйенетін болсақ, Қ. Түменбайдың аталған хикаяттағы тергеуші мен айыпталушы арасындағы диалог-дауда да ел мен жер мүддесі, тіл мәселесі, кісілік, имандылық, адалдық пен мейірім, жемқорлық пен қараулық, әділетсіздік пен қиянат жайы, этикалық-мәдени, адамгершілік мәселелер қамтылады. Автор жақсыз сөйлемдерді ықшамдылық үшін ғана емес, кейіпкер басындағы психологиялық күйзелісті интуитивті сезіндіру үшін қолданады. Бұл – педагогико-психология ғылымдарынан көркем әдебиетке енген когнитивтік ээмпатия тәсілі. Жазушы-автордың түрмедегі адамның бүкіл тыныс-тіршілігін оқырман көзімен көріп отырғандай, өз басынан өтіп жатқандай етіп сезіндіре, иландыра суреттеуін көркем әдебиеттегі реализмге ғана емес, психологизм, экзистенциализм бағытына, когнитивтік эмпатия тәсіліне де қатысты бағалауға болады.Жалпы, көрнекті жазушы Қ. Түменбайдың «Түрмедегі торғай» хикаяты сөздік-образдық, жанрлық-композициялық  жаңашылдығымен, стильдік даралығымен қазақ дәстүрлі түрме прозасының көркемдік дамуына үлес қосқаны даусыз. Шығарма тілі оқуға оңай, сюжеті күтпеген бұрылыстарға толы болғандықтан, оқырманды жалықтырмасы белгілі. Қ. Түменбай – қоғамдағы өзекті әлеуметтік, өмірлік шындықтың тамырын терең танып, қоғамның дамуын жіті зерделеп, сол боямасыз шындықты зергер тілімен көркемдік әлеміне көшіре білген от тілді, шыншыл суреткер. Қ. Түменбай хикаятындағы дәстүр сабақтастығы мен стильдік жаңашылдықтар қаламына хас заманауи үрдістерді айқындайды.

Қ. Түменбайдың «Көк кептердің көргені» кітабына он алты әңгімесі енгізілген. Олардың қайсысында да адам мен қоғам өмірінің шындығы көркем суреттеледі. Біз солардың ішінде «Дар» әңгімесіне тоқталуды жөн көреміз. Жазушының бұл әңгімесі Д. Досжанның «Мағжан» әңгімесіне ұқсас болғанымен, кейіпкерлерінің өмір сүрген кезеңі басқа: Мағжан сталиндік репрессияның құрбаны болса, «Дар» әңгімесіндегі Қайрат кеңестік тоталитаризмнің құрбаны. Дегенмен, екеуі де тәуелсіздік үшін шейіт болған тұлғалар екені ақиқат.

«Дар» әңгімесі ретроспективті баяндаудан басталады. Автор-баяндаушы өлім жазасына кесіліп, тас түрмеде жатқан желтоқсан қаһарманы, қыршын жас Қайраттың өзі оқыған кітаптағы сатқын генералдың дарға асылғандағы қиналысын еске түсіруін, өлім құшар сәтін күткен жанның:  «Мені атар ма екен, дарға асар ма екен? Ататын шығар. Дарға асу патша заманындағы дәстүр емес пе? Егер дарға асып, мойныма тұзақ салса, өзімді қалай ұстар екенмін? Бірдеңе айтар ма екенмін!... (қысқартып алған –біз). Ол (Зоя Космедемьянская-біз) кинода дар жібін қолымен ұстап тұрып: «Сталин әлі келеді, бәріңе көрсетеді» деді де, «Мама!»-деп жыламсырап қоя берді. Мен кімге сеніп сөз айтып, кіммен қорқытсам екен? Сотта шешемді көріп қап, «Апа!» деп айтып үлгердім.  Зояны фашистер, мені көкелерімнің өзі өлімге бұйырып отырған жоқ па?» Қайрат тағы да жымиды. Тас түрмеде көрген зәбірден өңі қарақошқыл тартып, қышқашпен жұлынған екі-үш тал түбіт мұрт астындағы әжуа жымиысты ешкім де көрген жоқ»,-деп интроспекциясын жігерлі кейіпте интуитивті бейнелеуі көркем шындыққа саяды дегенімізбен, «Зояны фашистер, мені көкелерімнің өзі өлімге бұйырып отырған жоқ па?» деген жолдарда ащы шындық көзге ұрып тұрғаны белгілі. Қайраттың «жымиысы» – әңгімедегі жай ғана көркем деталь емес,  тәуелсіздік үшін күресіп,  қаншама жас қырғынға ұшырағанын көздерімен көріп тұрса да, араша түсе алмаған, қыршындардың қаны мойнына жүктелер бодандық санадан арылмаған күйкентай билік өкілдеріне деген қатал қарғысқа, қасіретке толы. Әңгімеде автор-баяндаушы Қайраттың түсі арқылы алдағы болатын жағдайды межелейді. Автор-баяндаушы сотта Қайраттың соңғы сөзін  «Атам десең атыңдар!» деген өлеңмен жеткізгенін, камерада жатқан Қайраттың өзіндей түбіт мұртқа: «37өтті, 87 келді», -деп cаяси сауатын танытуын, сотта анасына «менің қолым таза» деп шыңғырып айтуын, «...Елмен бірге еркін шеруге шықтым. Қайдағы бір көрмеген-білмеген орыстың өлімін мойныма қылмыс қып іліп отыр...» деген ішкі ойларын баяндау арқылы Қайраттың мінезін, қайраткерлігін көркем шындық негізінде бейнелеуде әртүрлі деректерге сүйенгенін аңғаруға болады. Нарратор тас түрмедегі Қайраттың ішкі монологына ашық монологқа тән риторикалық сауалға құрылған публицистикалық сипат береді. «Рысқұлбеков,-деді темір есікті салдыр-гүлдір ашқан күзетші жігіт.-Қолыңды артыңа ұстап, сыртқа шық! Осы жігіттің жүзі жылы, тісін қайрап тұрған басқалардай емес, ар жағынан күн көрініп тұр. Сірә, оңтүстіктің жігіті болар» деп ойлады»,-деген үзілімде астар бар. Кейбір деректердің табылуы да осындай «кейіпкерлердің» әрекеті болса керек деген ой көкейге ұялайды. Атуға апара ма деп секем алған Қайратқа күліп жіберген күзетші: «Бүгін емес, Сені әзір атпайды. Моншаға түсесің», -дейді. Не деген «жақсылық»! Оқырман үшін тосын сюжет.Аяқ-қолының тырнағын ал деп қайшы бергенде де, тәні сергіп, кір сабынмен жуынғанда да, сүлгімен сүртінгенде де күзетші өлім жазасына кесілген тұтқынның әр әрекетін аңдып тұруының сыры да – өзін-өзі өлтіріп қоймасын деген екен. Түрме моншасынан шыққан Қайратқа киім-кешек беріп, қоштасқан қазақ шалының (өмірі түрменің шаруашылық қызметінде өткен) көз жасы да – ерекше деталь. Әңгімедегі шеберліктің белгісі. 

Моншадан кейін камераны ауыстырады. Жаңа камерада Қайратты «гүжбандай орыс қарсы алды». «-Бұрынғы камерада жазу жазған блокнотым мен қаламым қалды. Оны әкеп бере ме? –деді ә дегенде әкесіндей адамға қарап. – Оның саған керегі не?-деді камераның көне тұрғыны тесіп жіберердей шұқшия қарап». Қайраттың көзі күн сәулесі түспейтін қапас камераның қабырғасына қағылған қара шегеге түседі. «Оу, камера қабырғасында бүртік атаулы болмаушы еді» деп іші шым ете қалды»,-деп баяндаушы өрен жастың өлімнен алғашқы түршігу сәтін экспрессивті тілмен, эмпатиялы жеткізеді. «-Сен ғой, орысты өлтіріп келген декабрист-герой? Осы орыстар сендерге не істеді, не жамандық көрдіңдер?»-деп көне тұрғын бірден тарпа бас салды. Жігіт үн қатпады. Қалжырап, жылы судан бойы босап, ұйқысырап отыр». Қазақтың «атау кере» дегенін де білетін «гүжбан орыс» «шай іш» дейді, Қайрат үн қатпайды, «қай жүзсің» дейді, үн қатпайды, «Айтқың келмейді. «Бір-біріңді ұстап беруді білесіңдер..Онда ұйықта, -дегенде, кірден көрінбей қалған матрас төсекке сылқ түсіп, шалқалап жата кетті..». Жазушы-баяндаушы өлім бесігі әлдилеген Қайраттың «...кірпігі айқасқанда «дарға асқан адам бір минөтте жан тапсырады» деген кітап сөздері жанарында жыбырлап, дар жібі салаң-салаң етіп салбырап тұрды»,-деп эзотериялық құбылысты, сұмдық суретті напа-нақ көз алдыңызға әкеледі. «Перзент қызығын көрмеген қандықол» ұйқыдағы өрен жасты буындырып өлтіріп, «ақ сұр жамылғыны ширатып, арқан ғып есіп» қара шегеге іліп, «жуан жұдырығымен темір есікті ұрғылап, аяғымен тепкілейді: « -У нас ЧП, -деді рақаттана сөйлеп».    

Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрескен, желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің жанкешті ерлігін, ұлтжандылығын, қайраткерлік тұлғасын қапысыз мүсіндеген, бодандық санадан арылмаған биліктің дәрменсіздігін, кеңестік отаршылардың қанішер қатігездігін сарказммен, ирониямен аяусыз айыптаған от тілді,  оймақтай «Дар»  әңгімесінің көркемдік әлеуеті, қоғамдық-әлеуметтік, ұлтжандылық, отаншылдық бағыттағы мән-мағынасы аса зор, и   нтенционалдық қуаты ерекше екенін тануға болады.  Жалпы, танымал жазушы Қуандық Түменбайдың прозасын қазіргі адам мен қоғам шындығын реалистік шеберлікпен шынайы бейнелеген заманауи проза үлгісі екендігіне көз жеткізуге болады. 

 «Көк кептердің көргені» кітабын түгел оқыған соң басқа да әңгімелерін қысқаша шолып өтуді жөн көрдік. Жазушы Қ. Түменбай «Сүлік» әңгімесінде қан қысымы көтеріліп, «жаннан артық не бар» деп ішпеген дәрісі қалмай, баласын арам қанын соратын медициналық сүлікті тауып келуге жұмсап жатқан Зұлпыхар атты кейіпкерінің аурудан есеңгіреген ұсқынсыз күйін: «Жазық маңдай, кең иықты, дембелше келген еркек үш айда қуыршақтай болды да қалды»,-деп литоталық кейіпте суреттейді. Иорниялық баяндау да ауру жанына батып, құлағы шыңылдай берген соң  басын әйелінің шәлісімен буып алған, ауру меңдегенде өзінің бағанда ұшып-қонып жүрген торғай құрлы болмай қалғанын ойлағанда жаратушының құдіретін сезінгендей болғанын кейіпкерді пішіндейді. Баласының сүлік әкелуге кеткенін білген соң, жаны жайланғандай болып жатқанда Теміртауға комсомолдық жолдамамен жұмысқа барғаны, шойын балқыту жұмысын ауырсынып, ептілігімен «кішігірім бастық болып алғаны», қызметтен  қызметке көтерілгені, қажет тұста «ән шырқап домбыра шерткені», басшыларды жағалап  жүріп, жылыстап астанаға да жеткені кейіпкер ретроспекциясы үлгісінде баяндалады. Автор-баяндаушы кейіпкердің ішкі сөзін ортақ төл сөз үлгісінде бедерлейді. Нарратор:«Терісі кең, бойы да, ойы да ұзын, қоңқақ мұрын басшының көзіне түсіп, етегінен мықтап ұстады», -деп суреттеген басшы бейнесі әңгімеде табу болғанмен, автордың алдыңғы шығармасында кездесетін таныс-бейтаныс кейіпкер екенін діттейміз. «Жұмыртқадан жүн қырыққан» епті жігіт жеке бір мекемені басқарып,  болып-толып алған соң, өзіне қамқор болған бұл кісіден «сырт айналады». «Тек Мәскеуге есеп беріп,  сөзін жүре тыңдап» тексіздігін танытады. Тіпті, кейіннен өзіне сенген, серігі болған қартқа қол ұшын беруден тайсақтайды. Аурудан жаны қысылып жатқан Зұлпыхар әлгі қамқор басшының «ауылшаруашылығының исі мұрныңа бара ма?» деп күлімсірегенін, «ұсақ шенеунікке жағымпаздық жасағанын келеке қылғанын» есіне алады. «Саржамбас болып аурып жатқан» әкесіне баласы сүліктің пайдалысын іздеп жүріп, әрең тауып әкеледі. Ауру әкесінің денесіне салады. «Сүлік ұрты бүлкілдеп, қан сора бастады, бүлк-бүлк етіп, бір орында тырбаңдап жатыр. «Тіршілік қой, -деп ойлады баласы қарап тұрып.- Әкем де осылай тырбаңдап тіршілік кешкен жоқ па? Енді сүлік кеп қанын сорып жатыр»,-дейтін ирониялық баяндауда сүліктің жиіркенішті әрекеті мен ауру Зұлпыхардың тіршілігі баланың көзімен шендестіріле суреттеледі. Дегенмен,    жылтыр қара сүліктің  адам қанын сорғандағы  жиренішті әрекеті - физиологизм, натурализм бағытында боямасыз суреттеледі. Адамның арам қанына тойған соң, жарылып өлетін жылтыр қара сүлік – қоғамда айналасындағы адамдарды алдап-арбап, қара басының қамы үшін пайдаланып алып, жалт беретін жылпос, тоғышар тойымсыздықпен күн кешетін рухани азғындаған адамның метафоралық бейнесі, әрі көркем деталь. Зұлпыхар – сүлік-адам. Дерті жеңілдеген кезде: «Өзім талайдың қанын ішіп едім, менікін екі сүлік сорып алды...», -дейді. Бала өмір бойы «әкесінің тапқанын төгіп-шашып, шалқып жүрген» шешесінің жарылып өлген сүліктен неге қорыққанына таңырқайды. Нарратор адамның арам қанын сорған сүліктің «жарылып өлгенін, оқ тиген адамдай шалқасынан түсіп, банкінің түбіне батып бара жатқанын, шыны ыдыстың қызыл ала қанға боялғанын, баланың оны әжетханаға қалай апарып төккенін, өз әкесінің қанынан қалай жиіркенгенін» бүге-шігесіне дейін баяндауы – оқырманның соматикалық  жиренішіш тудыратын гротеск үлгісі. Автор-баяндаушы адам жанын түршіктіретін қансорғыш жәндікке ғана жиреніш тудырып отырған жоқ. Қоғамда адамның неліктен сүлік тектес арамтамақтыққа бой алдыруының сырына үңіледі, өзі өмір сүріп отырған қоғамдағы адамның рухани құлдырауын шыншылдықпен әшкерелейді.   

    «Мешіт маңы» әңгімесі бірінші жақтан баяндалады. Мен-баяндаушы кейіпкердің есімі – Турабол. Н. Дәутаевтың Елтүзер атты кейіпкеріне ұқсайды. Турабол қалада қырық жыл тұрып ызы-шудан жалығып, ковидтің қырғынынан кейін қала сыртына бір қабат үйге көшіп келеді. Үйі мешіт маңында. Зейнеткер Турабол мешіттің бес уақ азан шақырған әуеніне елтігенмен, дінге бет бұруды жан тазалығына балайды. Өзінің де жат әдеттерден, «жастықтың желігімен айтылар» бейәдеп сөздерден де тыйылып, басалқы тартқанын сезеді. Адамға ең бастысы жан тазалығы екенін, егер дінге бет бұра қалса, оның шарттарын орындаудың қиын емес екенін іштей түйген ол мешіттің алдындағы «тарам-тарам орындықта» отырғанда намазға кешігіп келген, ертең қажылыққа аттанбақшы әлдебір байшыкештің боқтампаздығына куә болады. Қаланы есіне түсіргенде шенеуніктердің баласы орысша сөйлейтінін, тіпті қалада Ресей Украинаға  соғыс ашқалы «көк көздер» қаптап кеткенін мін етеді.Намаз аяқталғанда «үстіне  ақ қардай шапан киіп, басына шұбатылған ақ сәлде ораған сұңғақ бойлы, ақ сары жігіт ағасы»-мешіт имамы қасына келіп тілдеседі. ЗейнеткерТураболдың мешітке кірген-кірмегенін біліп, мешітте жаназа шығаруға барлық жағдай жасалғанын айтады, бұл болса, намазға жығылуға әлі дайын емес екенін, басқадай шаруасы жоқ екенін түсіндіріп бағады. «Ақ қардай шапан киген» діндар Тураболға құны асқындаған жекеменшік моншасын жарнамалайды. Зейнеткер имамның сұғынған сұрақтарына мысқылмен жауап береді. Турабол ауыл көшелерінің қазақша аталып жатқанына қуанғанын, қаладағылардың домбыраны харам деп жатқанына қынжылатынын білдіргенде «аққа малынған сұңғақ жігіт»: «-Оған бас ауыртып қайтесіз. Депутаттар өздері тазартып алады да...»,-дейді. Имам асығыс жөнеп береді. Ойға батқан зейнеткер шапандары делеңдеп дұғадан дұғаға асығып жүретін, асқа жиналған қауымға «жұмақ пен тозақтың жолын» айтып қарапайым халықты ықтырып алуды көздейтін діндарлардың елге сүйкімсіздігін әшкерелейді. Құдайдың бар, я жоқтығы туралы Чехов кейіпкерінің сөзін еске алады. Мәскеуде агрономдық білім алған, бірақ «нарық заманында «шоуға» жоқ Тураболдың биографиялық автормен ұқсастығын да сезінеміз. Әңгімеде сюжеттік уақыт кейіпкерлердің болбырлау тілдесулері, зейнеткердің ретроспекциясы, интермәтіндер арқылы тым созыла түседі. Турабол өзі қоныстанған ауылдың «бұрын шошқа баққан ауыл» екенін өзінен 200 теңге қарыз сұраған маскүнемнен естиді. Кешкі серуенге шыққан Тураболдың  «турниктің балтеміріне сүйеніп, иіліп-бүгіліп тұрған», «үстіне ілген киімі тап-таза, мойнында қылдай галстугі зиялының кейпін берген» мас адаммен тілдесулерінен ұлтжандылық, кеңестік кезеңнің салдары әшкереленеді.  Тураболдың имамның сөзіне сеніп, моншаға келген сәтіндегі әрекеттерден имамы саудагер ауылдың үлкеннен именуді қойған  әйелдерінің шайпау мінездері әжуаланады. Зейнеткер Тураболдың бойындағы ауылға деген сүйіспеншілігі оның жүгері, жоңышқа алқаптарын көргендегі лирикалық толғаныстарынан танылса, қаншама алқап болса да жылқыны тұсап қойған әлдекімге қынжылыстарынан, сол кең алқаптың ғана емес, жалпы қазақ жерінің қолдан қолға сатылатынын ойлағандағы қиналыстарынан елжандылығы айшықталады. Жазушы әңгімесінде зиялы зейнеткер, жаны таза ауыл ақсақалы Тураболдың көзімен нарық заманындағы ауыл өміріндегі келеңсіздіктерді бейнелейді.

        Көпшілік оқырманға таныс соны сюжетке құрылған «Тал түсте өткен той», «Келіннің көзі» атты әңгімелерінде жапон мен қазақ құдандалығы, дәстүр-cалтының ерекшеліктері мен жылы үндестігі лирикалық проза үлгісінде суреттеледі. Әңгімелердің көркемдік-эстетикалық тұтастығынан  стиль даралығы, көркемдік детальдар байлығы, автордың эстетикалық рефлексиясы  да танылады.

    «Алматыдағы алтыншы палата» әңгімесі реминисценциялық сипатқа ие туынды деуге болады. Аяғынан мертігіп ауруханаға түскен Алаухан атты кейіпкер «алтыншы палатаға» орналасқанда әйгілі Чеховтің «Алтыншы палатасын» еске түсірумен болады. Автор әртүрлі жағдайлардан мертігіп, жарақат алған алтыншы палатадағы жігіттердің таныстығын, юморлы полилогын суреттеу арқылы қоғамдағы келеңсіздіктерді кестелейді. Әңгіме тұтастай ирониялық баяндаумен көмкерілген деуге болады. Дәрігер алтыншы палата жатқандарды емдегенсымақ болады. Үйлеріңе қайтқандарың жөн дегенді ұқтырады. Оларды ақылы палатада жатқандар ғана қызықтырады. Осыны түсінген «алтыншы палаталықтар» үйлеріне қайтады. Медицинадағы жемқорлық, медбикенің дөкірлігі, қарапайым халық өкілдерінің азапты еңбегінің  (қарапайым тракторшының, көлік апатына түскен шипыр сатқыш жігіттің айыпталушысына мейірбандығы) күнкөріске жарамсыздығы, кітапты көп оқиған сауатты азамат, вахтер Алауханның да күнкөріс үшін заңды белден басқан бюрократизмге көнбістігі әңгімеде ерекше шеберлікпен суреттеледі. Қ. Түменбай реминисценциялық аталымға ие «Алтыншы палата» атты әңгімесінде қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздікті А.П. Чеховша ирониялық баяндауға құрылған астарлы юмор, ащы сарказммен  батыл әшкерелейді. Шыншыл, реалист жазушы Қ. Түменбайдың прозалық шығармаларының қайсысында да адам мен қоғам өміріндегі қайшылықтар шыншылдықпен бейнеленеді.       

 «Ех, бостандық...» әңгімесі - ұлттық мінезді, отаршылдыққа қарсы бостандықсүйгіш рухты бейнелеген шебер туынды. Әңгіме ауылына келген студент баланың аузынан баяндалады. Ол ең алдымен, түрмеден шыққан Құдабай көкесіне сәлем беруге барады. Мен-баяндаушы түрмеде болған адамның мінез-құлқын: « ...Тәтті тірліктен бөлініп, түрмеден қайтқан жарым көңіл адамның әңгімесі де қоспасы жоқ қою болады,...майда-шүйдені сөз етпейді. Ұзақ отырып келгендер өзі туралы айтпайды,тек өзгелерді тыңдайды. Олар үшін еркіндікте жүрген адамның әр сөзі қымбат...»-деп суреттеп, тап осындай мінезді Құдабай көкесіне де телиді. Оқырманды Құдабайдың алғашқы сотталуының себептеріне үңілтеді. Соғыстан кейінгі «ашқұрсақ заманда» қазақ ішіне Кавказдан жер ауып келгендерге момын ел «аузындағысын жырып береді, мұсылман деп төріне шығарады». Баяндаушының: «Шиелінің бары мен жоғына алыс Кавказдан дөң асып келген шешен жұрты бас ие боп, қара-құраға күш көрсетіп ұстап тұрыпты. Оларды сенімсіз ұлт деп Сталин қанішер соғысқа шақырмай, Орта Азияға жер аударды»,-деген интермәтіндік сипаттағы табиғи, қарапайым баяндауының саяси-әлеуметтік, тарихи астары бар екенін аңғаруға болды. Әңгіме сюжеті ауыл қазақтарының сыйлағанын, жанашырлығын аяққа басып, басынып, «түн жамылып, қорадағы арық-тұрық қой-ешкіге қол сала бастағанын» баяндау барысында шиеленісе түседі. Баяндаушы Құдабайдың соғыста аяғынан жараланып, шор аяқ болып келгенін «елден естігенім» дейді. Баяндаушы Құдабайдың бітім-болмысын: «Бойы көк теректей ұзын, кең иық, алшақ кеуде, «мен жігітпін» дегеннің кескіні осындай-ақ болар. Домбыра шертісі қандай, қырылдап шыққан даусымен ән салғаны да өзіне жарасып тұрады»,-деп елден естігенінше суреттейді. Соғыстан келген шораяқ Құдабай «ел қабағындағы кірбіңді байқайды». Базарда қазақ әйелін басынып, қауынын тартып алып кетіп бара жатқан шешенді ақсаңдап барып, қуып жетіп алқымнан алады. Шешен қанжар шығарады. Шешендер жиналып, Құдабайға жабылады. Базар у-шу болады. Құдабай шешендерге дес бермейді. Оқыста әлгі шешенді өлтіріп қойған Құдабайды жергілікті билік интернационалдық достыққа жік салды деген баппен түрмеге тоғытылады. «Кірмелер тыншиды». Баяндаушы: «Ауыл-ел түрмеге қанша түссе де Құдабайды кінәламайды»,-дейді. Құдабай екінші сотталуы да «ауыл атқамінерлерінің тісінің суын сорған қара бұқараны сталиндік тәсілмен тізеге сап бас көтертпей отырған ауыр шақ» екен. Колхоз бастықтың бос тұрған мәшинесін соғыс ардагері ретінде шопырын көндіріп, рұқсатсыз мініп кеткені үшін шопырды жұмыстан шығарған бастық, онсыз түремшік деп басқан ізін аңдумен жүрген қызыл милиция, билік өкілдері «Құдабайды егіс басынан алып кетіп, «өкімет адамына қастандық жасады, өкімет көлігін заңсыз пайдаланды деген баппен тағы да үш жыл» арқалатады.

      «Ел-жұртты шулатып, ішіп отырған шайларын жинап тастап, демін іштерінен алып, ер-азаматқа Алладан өмір тілеген оқиға-Құдабайдың ұшінші рет сотталуы болды»,-деген баяндаушы Құдабайдың «тумысынан кетпенші, кетпенді адал сермеп, адал шапқанын, колхоз сеніп күріштік жер беріп, егін егіп, елдің алды болып жүргенін» еске алады. Құдабай өнерлі, көрікті болса да отбасын құрмайды. Баяндаушы егістіктен келген Құдабайдың үйіне сыныптас досы Аққкенже келіп, екеуі Шиеліге ресторанға барғанын, төрге жайғасып, екеуі  сұхбаттасып отырғанда оларға: «-Төрге мен отырамын. Қазақтың орны босаға. Орынды босатыңдар!»,-деп бір орыс шүйлігіп, ежірейіп қайтпайды. Өзге ұлттың қорлағаны намысын қоздырады. Оң қолына ілінген «өткір шаппамен орыстың алқымын орып жібереді». Сот ату жазасын береді. Бірақ, баяндаушы-кейіпкер Құдабайдың «жоғарғы сот коллегиясы соғысқа қатысқан екінші дәрежелі мүгедектігін, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталғанын ескеріп, істі бұзып, қайта тергеуге жіберіп, жазаны 15 жыл мерзімге ауыстырғанын» баян етеді. Дегенмен, бұл әңгіме де – юриспруденция ілімінен хабары мол биографиялық автордың баяндауы екенін сезінеміз.

Шынында, әңгіменің басты кейіпкері Құдабай – қызыл кеңестік биліктің қылышынан қан тамып тұрған кезеңде жеке басының мүддесі үшін емес, халықтың мүддесін қорғап, ел ішіндегі ұрлық пен озбырлыққа, адамшылыққа жат басбұзарлыққа, әділетсіздікке, қанқұйлы отаршылдыққа, ұлттық дискриминацияға қарсы ашық күрескен ұлт перзентінің көркем бейнесі. Жазушы Қ. Түменбайдың «Ех, бостандық...» әңгімесі қазақ халқы бастан кешкен зұлмат замандарда шын мәнінде ел ішінде ішкі еркіндігі бар, бодандыққа бас имеген Құдабайдай намысшыл, қайтпас қайсар жігіттердің болғанына сендіреді. Қ. Түменбайдың «Ех, бостандық...» әңгімесі – тәуелсіздік идеясына суарылған ұлттық бояуы қанық бірегей туынды.                       Жазушының шығармаларында ой қайталау, қарабайыр диалогтар, өмірдің көлеңкелі жақтарын жан түршігерлік етіп суреттеуге әуестік - оқырманның эмоциясымен ойнау («Ех, бостандық...», «Темір аяқ»), бір әңгімесіндегі кейіпкердің басқа әңгімесіндегі кейіпкерге ұқсас болуы сияқты кемшіліктер кездеседі. Мінсіз дүниеден де, шедеврден де кемшілік табылары ақиқат. 

    Қорыта айтсақ, көрнекті жазушы Қуандық Түменбайдың «Көк кептердің көргені» жинағына енген туындылары жеке адам мен қоғам өміріндегі әлеуметтік мәні зор проблематикаларды көркемдік шындық  деңгейінде суреттеу шеберлігімен ерекшеленеді. Қ. Түменбайдың «Көк кептердің көргені»   хикаятында күйреу алдындағы кеңес билігі әшкереленеді,  желтоқсан оқиғасы қарсаңындағы қазақ зиялыларының ұлтжандылығы, әділетсіздікке ішкі қарсылығы, еркіндікке деген арман-арман аңсары зиялы қауым өкілдерінің тарихи және көркем бейнелері арқылы мүсінделеді. «Көк кептердің көргені» хикаятында желтоқсан шындығының «көк кептердің көзімен» баяндалуы - реалистік дәстүрмен сабақтастық қана емес, жанрлық-композициялық жаңашылдық деуге болады. Жазушы әлеуметтік шындық құбылыстарының сырын тарихи тұлға болмысын, адам мен табиғат қарым-қатынасын бейнелеуде психологиялық талдау өнеріне тән тәсілдерді шебер қолданады. Реализм әдебиетінен тамыр тартқан Қ. Түменбайдың «Көк кептердің көргені» хикаяты реалистік дәстүрмен де, модерндік, постмодерндік үрдістермен де үндеседі. Хикаят тілінің қабылдауға жеңілдігі, көркем де үнемді, поэтикалық синтаксиске тән лаконизм Қ. Түменбай хикаятының стильдік тұтастығын айқындайды.

Қ. Түменбайдың «Түрмедегі торғай» хикаятындағы диалог семиотикасы ел мен жер, тіл мәселесі сынды саяси-әлеуметтік шындықтар мен гуманистік идеяларды таңбалайды. Жазушының «Түрмедегі торғай» хикаяты дәстүрлі түрме прозасын композициялық-стильдік жаңашылдығымен байытқан туынды деуге болады. Аталған хикаяттың поэтикалық құндылығын адам мен табиғатты сүю бағытындағы гуманистік идеяларымен қоса, түрмесіз қоғам құру эстетикалық мұратымен де сабақтас бағалауға болады. Қ. Түменбай хикаятындағы қапысыз реализм дәстүрі мен постмодерндік   үрдістер тоғысы, ықшам да суретті тіл айшықтары оның заманауи сымбатын   айқындайды.

Қ. Түменбайдың Қайрат Рысқұлбековтің қаһармандығын, кеңес отаршыларының қандыауыз қатігездігін түйреген от тілді,  оймақтай «Дар» әңгімесінің қоғамдық-әлеуметтік гуманистік мәні де, көркемдік детальға бай стильдік табиғаты да ерекше. Жазушы «Сүлік» әңгімесінде  сүйкімсіз жәндік сүлікті деталь ретінде алып, қоғамдағы жемқорлықты сүлік-адам бейнесінде гротескілік тәсілмен аяусыз шенейді. Адамның рухани азғындауының, мешкейлігінің әлеуметтік факторларын танытады. Жазушы «Мешіттің маңы» әңгімесінде қарапайым зейнеткердің елжанды мінезі мен мешіт имамының тоғышарлығын шендестіре суреттейді. Нарық қыспағындағы ауыл өміріндегі келеңсіздіктер әңгіме өзегіне айналады. Қ. Түменбай реминисценциялық сипаттағы «Алтыншы палата» атты әңгімесінде қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздік ирониялық баяндауда шынайы суреттеледі. Ал, жазушының  «Ех, бостандық...» әңгімесін тәуелсіздік архетипін жаңғыртқан нағыз шеберлік үлгісі, әрі түрме прозасын қысқа жанрда байытқан адамгершіл, ұлттық сипаттағы туынды деуге болады. Сонымен, көрнекті жазушы Қуандық Түменбайдың «Көк кептердің көргені» кітабына енген туындылары осы заманғы көркем шығармаға қойылатын талаптарға жоғары көркемдік деңгейде жауап бере алатыны айқындалады. Қазіргі өскелең ұрпақты, жалпы  оқырманды гуманизмге, ұлтжандылыққа, мемлекетшілдікке тәрбиелеуде, олардың эстетикалық талғамын қалыптастыруға игі ықпал ете алатын интенционалдық қуатымен, шығарма проблематикасын шешудегі, кейіпкерлер образын тұлғалаудағы қаламгерлік мәдениетімен ерекшеленеді.      Жалпы, Қуандық Түменбайдың «Көк кептердің көргені» туындысы -  классикалық реалистік әдебиет дәстүрі мен постмодерндік үрдістерді шебер үндестірген композициялық жаңашылдығымен, стильдік даралығымен, поэтикалық құнары мол лаконизмге құрылған шымыр, жеңіл оқылатын зергер тілімен ерекшеленетін заманауи классика үлгісі.        

Раушан Әбдіқұлова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Қос қасиет

22.10.2026

1984

Taza Qazaqstan