Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
/
Ганс Христиан Андерсен. Бір қауашақтағы бесеу...

Ганс Христиан Андерсен. Бір қауашақтағы бесеу

06.10.2025

1213

Ганс Христиан Андерсен. Бір қауашақтағы бесеу - adebiportal.kz

Ганс Христиан Андерсеннің «Бір қауашақтағы бесеу» атты ертегісі балаларды ізгілікке баулитын, өмірде басқаларға көмектесуге үндейтін тамаша туынды. 

Бір қауашақта жатқан бес бұршақ дәнінің әр түрлі арман-мақсаты бар еді: бірі күнге қарай самғап ұшқысы келді, екіншісі жылы жерге түсуді қалады, үшіншісі дүниені шарлап көруді армандады, төртіншісі тыныш әрі бақытты өмір сүруді қалады, ал бесіншісі – айналасына жақсылық жасап, пайдасын тигізбек болды.

Бір қауашақтың ішінде бұршақтың бес дәні өсіп жатты. Олардың бәрінің түсі жасыл, қауашақ та жасыл болатын. Сондықтан да олар мына әлемдегінің бәрі жасыл түсті және солай болуы тиіс деп ойлайтын еді. Қауашақ үлкейген сайын, ішіндегі бұршақтар да өсе түсті. Олар бір-біріне бейімделе, бір қатарға тізіліп өсті. Күн сәулесін төгіп, қауашақты қыздырды, жаңбыр болса шөлін қандыра суарды. Қауашақ күн өткен сайын сымдай тартылып, ажарлана түсті. Қауашақтың ішіндегі бұршақтар да уақыт өткен сайын қатарын түзеп, жайланып орналаса түсті. Әдеттегідей, күндіз жап-жарық, күндіз қап-қараңғы – күндер өтіп жатты. Қауашақ ішінде отырған бұршақтар өсіп жетіле келе өзара ақылдасып: «Қауашақтан шығып, қандай да бір әрекет жасайтын кез келді», - деген ойға бекінеді.

– Мұнда енді мәңгі жата береміз бе? - деді олар. – Бүйтіп отыра берсек, босқа қурап қаламыз ғой! Біздіңше, қауашақтың сыртында бір ғажап әлем бар сияқты. Мұнан шығып, сол әлеммен танысып, көріп-білсек жақсы бола еді!

Тағы бірер апта өткенде бұршақтар да, олардың сыртындағы қауашақ та сарғылт түске енді.

– Бүкіл әлем сарғайып келе жатыр! - деді бұршақтар. Олардың бұл сөзіне жауап қатар жан қайдан болсын.

Кенет олар қатты дүмпуді сезінді. Қауашақты әлдебір адамның қолы жұлып алды да, өзге де көп қауашақтар жатқан қалтаға сүңгітіп жіберді.

– Мінеки, кешікпей енді біз де еркіндікке шығамыз! - десті бұршақтар. Сөйтіп олар әрі қарай не боларын күтіп қалтада жатты.

– Бесеуіміздің қайсымыз тым алысқа кететінін білсем ғой! - дейді сонда ең кішісі – Иә, көп кешікпей мұны да білетін боламыз!

– Не болса сол болсын! - дейді бұршақтарың ең үлкені.

Қауашақ шытыр-шытыр етіп жарылды да, бес бұршақ ашық күннің шұғыласына шомыла қалды. Олар балақайдың алақанында жатқан еді. Балақай бұршақтарға зер сала қарап тұрды да, бұл дәнектердің түтікше арқылы үрлеп атуға әбден жарайтындығын айтты. Балақай сөйтіп айтты да бұршақ дәнінің бірін түтікшенің қуысына салып үрлеп жіберді. Бұршақ түтіктің қуысынан ұшып шықты. 

– Қалаған жаққа ұшамын! Кім епті – сол ұстасын! - деп айқайлаған бұршақ, із-түзсіз жоғалды.

– Ал мен тура күннің өзіне қарай ұшамын! Нағыз қауашақ солай болады. Мен үшін осы жөн болмақ! – дейді екіншісі. Ол да түтіктен ұшып шыға, із-түзсіз жоғалды.

– Ал біз қайда барып жетеміз, сол жерде жатамыз! - деді қалған екеуі. – Бірақ біз қайткенде де бірдеңеге қол жеткіземіз! – Олар расымен де барынша қимылдап еденге домалап түскен болатын, бірақ соған қарамастан, екеуі де түтікшеге келіп түсті. – Біз ең ұзаққа ұшып барамыз! - деп айқайлады олар.

– Не болса сол болсын! - дейді ең соңғысы. Сөйтіп ол да жоғарылай ұшқан қалпы, ескі ағаш шатырдың үстіне барып түсті. Шатырдың астындағы құжыраның терезесі түбіндегі саңылауға кіріп кетті. Тесікте мүк пен қопсымалы топырақ бар еді. Бұршақтың бетін мүк бүркей жапты. Бұршақ топырақтың астында мына әлемдегі оқиғалардан тыс жатқанымен, құдіреті күшті құдайдың назарынан тыс қалған жоқ еді.

– Не болса сол болсын! - деді ол.

Сол құжырада бір кедей әйел тұратын. Ол күн сайын әр түрлі жұмыс істейтін: пеш тазалайтын, отын аралайтын, қысқасы не істеу керек болса, солардың бәрін атқаратын. Жұмыс істеуге күші жеткілікті болса да, жұмысқа деген құлшынысы аса күшті емес еді. Бірақ ақшаға деген мұқтаждықтың салдарынан бәріне де төзуге тура келетін! Ол жұмысқа кеткенде үйде жеткіншек жастағы жалғыз қызы қалатын еді. Ол қыз өте арық, әлжуаз болғандықтан, бір жыл бойы өлі мен тірінің арасында төсек тартып жатқан еді.

– Ол да әпкесінің жанына аттанады! - деді анасы. – Екі қызым бар еді. Екеуін бірдей асырау маған қиынға соқты. Құдайым маған көмектесейін дегені ме, екі қызымның бірін өзі берді, өзі алды! Ал екінші қызымды қаншалықты асырап сақтағым келсе де, Құдайым оны да әпкесіне қосатын сияқты. Оны да менен тартып алып кетеді-ау!

Бірақ сырқат қызға өлім тез жете қойған жоқ. Ол анасы жұмыстан келгенше ауруға сабырмен шыдамдылық танытып кереуетте жататын.

Бұл жағдай көктем уақытында, таңертең ерте, анасы жұмысқа кеткелі жатқанда болды. Күн сәулесі кішкене терезеден дәл еденге құйылып тұрған. Сырқат қыз ұзақ уақыт бойы терезеден көз алмай телміре қарап жатқан.

– Терезенің сыртында бірдеңе жап-жасыл болып, желге тербеліп өсіп тұр ғой? Бұл не болды екен? - деп сұрады қызы. Анасы терезенің жанына келіп, желдеткішті ашты.

– А, мынау ма! - деді ол. – Мына жерде бұршақ өсіп шығыпты ғой! Мына саңылауға қалай келіп түсті екен ә? Міне, енді бұл сенің өзіңнің бақшаң болады!

Қызы бұршақтың жасыл өскініне қарап жатсын деп, шешесі кереуетті терезеге жақындатып қойып, жұмысқа кетіп қалды.

– Анашым, мен ауруымнан жазылып кетемін бе деп үміттеніп жатырмын! - деді қызы кешке шешесі жұмыстан келгенде. – Бүгін күн шуағына тамаша шомылдым. Бұршағым да тамаша өсіп келе жатқанын көрдің бе? Мен де сауығып, аяғыма тұрып, күн астында серуендейтін боламын.

– Құдай жар болсын! - деді анасы. Бірақ ол қызының сауығып кететініне соншалықты сене қойған жоқ еді. Дегенмен ол қызына үміт пен жігер сыйлаған жасыл бұтақшаны жел сындырып кетпесін деп кішкене таяқшамен тіреп, сосын жіңішке кергіш бау әкеліп, оның бір ұшын шатырға, екінші ұшын терезенің жиегіне бекітіп байлап қойды. Бұршақтың өскіні өсе келе бауға шырмалып, жоғары қарай біртіндеп өрмелеп биіктей берді.

– Қарашы, қызым, бұршақ кешікпей гүлдейтін шығар! - деді анасы бір күні таңертең. Бұл кезде ол сырқат қызының біртіндеп жазылып кетеріне үміттене бастаған еді.

Ол қызының соңғы кезде таңертең кереуеттен басын көтеріп, жалғыз бұршақ өсіп тұрған бақшасының жанына әкелген соң, оған қызыға ұзақ телміріп қарап, онымен бейне тірі жан иесіндей сөйлесетінін ойлап қуанды. Мұндай сәтте қыздың көзі қалай жайнайды десеңші! Бір аптадан соң сырқат қыз тұңғыш рет кереуеттен өзі көтеріліп, бір сағат бойы аяғына тұрды. Күн шуағына шомылып отыру қандай бақыт десеңізші! Айқара ашық терезенің сыртында ақшыл сары түсті гүл бүршік жарып, жайқалып тұрды. Қыз терезеге ұмсына еңкейіп, нәзік жапырақтарды аялай сүйді. Бұл күн қыз үшін нағыз мереке іспетті болды.

– Сені жігерлендіріп қуанту үшін, әрі мені де шаттандыру үшін Құдайдың өзі бұл дәнді отырғызып, гүлдеткен болар, сүйкімді балапаным! - деп бақытты ана аспан періштесі іспетті гүлге күлімдей қарады.

Ал, басқа бұршақтар қайда екен? Қалаған жаққа ұшып, кімнің ебі бар, сол ұстасын деген бірінші бұршақ суағар жыраға барып түсті. Одан кейін көгершіннің қарнына барып түсті. Сол жерде киттің қарнында жатқан Иона тәрізді, қашан шығатын сәтін күтіп жатты. Екі жалқау да алыстап ешқайда кете алмаған еді – оларды да көгершіндер шоқып жұтқан еді, демек аз да болса пайдаға асқаны сол болар. Ал күнге ұшып бармақ болған төртіншісі, орға құлап түсіп, осындағы лай суға ісініп бірнеше апта жатты. 

– Мінеки, мен қалай семірдім! - деді бұршақ. – Расымен де мен қазір жарылып кетуге шақ тұрмын, меніңше өзге бұршақтардың ешбірі мен сияқты бола алған жоқ. Бесеуіміздің ішінде ең кереметі мен болып шықтым!

Ор болса мұның пікіріне толық келіскендей еді. 

Ал шатыр астындағы терезенің жанында көзі жайнаған, беті алаулаған дені сап-сау қыз тұрды. Ол қолын қусырып бұршақ гүлі үшін құдайға шүкіршілік білдірді. 

Ал ор болса:

– Мен бәрібір өзімнің бұршағымды қолдаймын! - деді.

Ал, жас дос, қауашақтан шыққан бес бұршақтың қайсысы ұзаққа самғады? Өзің ойлап қорытынды жасарсың.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan