Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АҢЫЗ-ӘФСАНА
Кәмел Жүністегі. Наурыз мерекесі ұлттық танымымызғ...

14.03.2019 6361

Кәмел Жүністегі. Наурыз мерекесі ұлттық танымымызға тән болса

Кәмел Жүністегі. Наурыз мерекесі ұлттық танымымызға тән болса - adebiportal.kz

Бастауын Айса пайғамбардың туған күні дегеннен алатын Европаша жаңа жыл мерекесін тойлаудың қалыптасқан үлгісі бар. Ол безендірілген шыршаның, аяз атаның, қар қызының болуы дегендей. Күнбатыстың бұл рәсімі жастардың санасына батыстың салтын ұялатып, дүниетанымымыздағы ұлттық кейіптен алыстатып, ұлттық тәлімге аса үлес қоса қоймайтыны анық. Осыған байланысты шығыс еліне тән, әсіресе өзіміз жеке меншіктегідей наурызды қарсы алудың көңілге қонар рәсімін ойластырған жөн. Ол европаша жаңа жылды қарсы алу рәсімінен кем болмауға тиіс. Біз ойластырған наурызды қарсы алу рәсімі қандай көрініс беретініне тоқталайық.

Биіктігі бір метрге жуық, жалпақтығы үстелдің бетіндей тұғырға түйенің бейнесі шөгерілген. Бұл қазақ ұғымында қасиетті жануар. Ол ғасырлар бойы қазақ көшін сүйреп келген ұлы түліктің символы. Макет мүмкіндігінше ірі, өркештерінде, балағында, басында желбіреген шудасы болғаны дұрыс. Түйе әбзелдері ақық тастармен безендіріліп, көз тартып тұрса құба құп.

Қос өркештің арасынан өткізіліп, бір ұшы жер тіреген бақан да безендірілген. Шөгерілген түйенің тұғырдан өркеш ұшына дейінгі биіктігі бір метрден кем болмаса ғана көрікті болады. Сол өркеш аралығынан өткізілген бақанның аша басына кішірек шаңырақ кигізілген. Шаңырақ күлдіреуіштеріне дейін боялған. Шаңырақтан жоғары мәңгіліктің көрінісіндей темірқазық, жетіқарақшы орналасқан.

Шаңырақтан он екі түрлі-түсті бау (уық) түсірілген. Ол баулар түйе шөккен тұғырды айналған шеңберге айнала бекітілген. Міне, осы бауларға мүшел жылдардағы жыл он екі хайуанаттың қуыршақ бейнелері бекітілген.

Тұғырдың төменгі жағына кішірек дөңгелек орнатып, бақанның жерге қараған ұшын соның ұңғысынан өткізіп қоюға болады. Сол дөңгелекшені еппен айналдырып шаңырақты бүкіл он екі хайуанаттарымен шырқ айналдырып тұрса он екі мүшелдік цикл әлемді айналып тұрғандай көрініс береді.

Наурыздың туу мезгілі «Құс қанаты» атты жапалақтап жауған қармен тұспа тұс келеді. Сол себепті залда жауған қар, сіркіреген жаңбыр көріністері де жасалғаны дұрыс. Мереке басталар тұста Қызыр атамен қатар тартылған сым арқылы әлденеше құс макеті ұшырылып, жылмен бірге келген қаздың қаңқылдаған үні естіледі.

Бұл күні ұлттық тағамның, ұлт киімдерінің, ат әбзелдерінің де көрмесін ұйымдастырып, той ән мерекесімен жалғасуға тиіс.

Жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеп, еліміздің іргесін берік еткіміз келсе жыл он екі айдың қай мезгілінде де өтетін мереке мейрамдарға ұлттық рең беруді мықтап қолға алған жөн дер едім. Тіпті бұл жөнінде Президент жанында арнаулы комиссия жұмыс істесе артықшылығы болмас еді.

Сурет ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар