«Сандықтағы» фольклорлық код
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасында «Халық шығармашылығы» пәні аясында «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасының B016-1717-25-01 және B016-1717-25-03 топтарындағы 2-курс студенттерінің ұйымдастыруымен, филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Жібек Болтанованың бастамасымен заманауи қазақ прозасының өкілі Жадыра Шамұратовамен шығармашылық кездесу өтті.
Бұл басқосу дәстүрлі сұхбат форматымен шектелмей, көркем мәтінді герменевтикалық талдау мен визуалды интерпретациялауға негізделген тәжірибелік дәріс түрінде ұйымдастырылды.
Көркем мәтінді визуализациялау: әңгімелердегі ұлттық код пен мәтін қабаттарын ашу тәжірибесі
Кездесу барысында ұстазымыз студенттерді екі шығармашылық топқа бөлді. Топ атаулары Сандық» және «Қара қазан» деп, талданғалы отырған әңгімелердің негізгі арқауына айналған этномәдени концептілерден алынды: Әдебиеттану тұрғысынан алғанда, бұл екі ұғым қазақ дүниетанымындағы маңызды символдық мәнге ие. «Сандық» – ұлттық жадының, ата-баба аманаты мен отбасылық құпияның сақтаушысы болса, «Қара қазан» – береке-бірлік, шаңырақ киесі мен ұрпақ сабақтастығының нышаны.
Студенттердің алдына қойылған басты ғылыми-шығармашылық міндет – көркем детальдардың астарындағы ұлттық кодты ашып, авторлық интенцияны, яғни шығарманың түпкі идеясын тану болды.
«Көзбен көру әдісі» және интермедиалды талдау
Сабақтың ұтымды әдістемелік қыры – визуализация әдісінің қолданылуы. Екі топ та өздеріне берілген әңгімелердің сюжеттік желісі мен ішкі драматургиясына сүйене отырып, шағын бейнефильм (экрандық интерпретация) әзірлеп, аудитория назарына ұсынды.
Әдебиеттануда сөз өнерін кино тіліне көшіру интермедиалдылықтың бір көрінісі саналады. Бұл тәсіл студенттерге бірнеше бағытта ізденуге мүмкіндік берді.
Біріншіден, мәтіннің астарлы қабатын терең игеруге жол ашылды. Оқиғаны экрандық бейнеге айналдыру барысында кейіпкерлердің қимыл-қозғалысына, мимикасына, қоршаған ортадағы заттық детальдарға ерекше мән берілді. Осылайша, шығарманың сыртқы сюжеттік қабатынан ішкі символдық-философиялық мазмұнына үңілуге мүмкіндік туды. Екіншіден, автор мен оқырман арасындағы шығармашылық диалог қалыптасты. Автордың тікелей қатысуы талқылаудың ғылыми-эстетикалық құндылығын арттырды. Студенттердің визуалды шешімдері жазушының бастапқы көркемдік мұратымен салыстырылып, мәтінді қабылдау мен интерпретациялау мәселелері, соның ішінде рецептивтік эстетика тұрғысынан пайымдалды.
Үшіншіден, болашақ филологтер дайын ғылыми тұжырымдарды қайталаушы ғана емес, көркем мәтінді жаңа медиа форматында қайта пайымдайтын интерпретатор ретінде танылды.
«Қара қазан» және «Сандық» әңгімелеріндегі басты фольклорлық код – шаңырақ құты мен ұрпақтар сабақтастығын сақтаушы заттық символдар. Прозаик күнделікті тұрмыстық бұйымдарға халықтық дүниетанымдағы кие ұғымымен сабақтас мағына дарытып, оларды ұлттық жады мен адам тағдырының көркем бейнесіне айналдырады.

Бірінші топ «Қара қазан» әңгімесіндегі фольклорлық кодтарды төмендегідей жүйеледі:
а) Құт-береке және шаңырақ киесі. Қазақ фольклорында қазан – отбасының ырысы мен ынтымағының символы. Әңгімеде қара шаңырақтағы қазанның тағдыры халықтық дүниетанымдағы «қазан шайқалса, ырыс кетеді» деген наным-сеніммен, ауылдың құты қашуымен астасады.
ә) Ата-баба рухы және өткенге тағзым. Кейуананың ескі үйдің әр бұрышын сипалап, жоғалған қара қазанды жоқтауы фольклордағы жер-су мен мекен киесін қастерлеу, аруақтар алдындағы парыз ұғымдарын бейнелейді.
б) Қала мен дала, дәстүр мен жаңашылдық тартысы. Қызының қалалық көзқарасы мен ананың дәстүрлі танымы арасындағы қайшылық ауыз әдебиетіндегі ұрпақтар арасындағы түсініспеушілік мотивін заманауи тұрғыда жаңғыртады.

Екінші топ «Сандық» әңгімесіндегі фольклорлық кодтарды анықтады:
а) Киелі қойма және құпия, яғни сакралды кеңістік коды. Ертегілер мен аңыздарда сандық жан мен сырдың, аманаттың сақталатын киелі орны ретінде көрінеді. Әңгімедегі қара сандық әженің өмірлік сырын, майданнан келген өлең-хаттар мен сағынышын сақтап тұрған қасиетті кеңістік сипатында бейнеленеді.
ә) Өлең-хаттар мен жоқтау-сағыныш сарыны. Сандық түбінен табылған солдаттың өлеңмен жазылған хаттары қазақ фольклорындағы ғашықтық жырлар мен сәлемдеме хат-өлеңдер дәстүрінің көркем жалғасы іспетті.
б) Ұрпақтар арасындағы көрінбейтін байланыс – аманат коды. Әженің «Мен өлгесін онсыз да шығарып тастайсыңдар» деуі мен немересі Саяның сандықтағы сырды ашуы ескі дәстүр мен жаңа ұрпақ арасындағы рухани сабақтастықты аңғартады. Сонымен қатар үлкендердің көзі кеткен соң ұлттық мұраның тағдыры не болады деген фольклорлық-философиялық сауалды алға тартады.
Ал екі әңгімені біріктіретін ортақ фольклорлық арқау мынадай:
а) Заттың «жандануы» – анимизм сарыны. Ежелгі мифтік таным бойынша, адаммен бірге жасасқан бұйымдарға иесінің рухы сіңеді. Екі шығармада да қазан мен сандық жай ғана тұрмыстық зат емес, иесінің тағдырымен біте қайнасқан тірі куәгерлер сипатында көрінеді.
ә) Кейуана бейнесі. Екі туындыда да ұлттық құндылықтарды сақтаушы әрі келесі ұрпаққа жеткізуші тұлға – ақ жаулықты ана мен әже.
Кездесу басында ұстазымыз Жібек Болтанова альфа, зумер және миллениал ұрпақтарының ерекшеліктеріне тоқталып, әр буынның дүниетанымы мен ақпаратты қабылдауындағы айырмашылықтарды сөз етті. Ал жазушы әр ұрпақтың танымы өзгергенімен, оны өткенмен байланыстыратын рухани жадтың сақталатынын атап өтті.
Сондай-ақ Жадыра апай қара қазанның тұрмыстық мәні мен халық танымындағы орнына тоқталды. Бұрынғы қазақ дәстүрінде қазанның ұзатылған қызға берілмегені туралы әңгімесі бізге қызық болды. Оның себебін «қазанмен бірге отбасының ырысы да кетеді деп түсінген» деген халықтық наныммен түсіндірді.
Әдеби сұхбат: оқырман сауалдарына жауап
Кездесудің келесі кезеңі қаламгер шығармашылығына қатысты сұрақ-жауапқа ұласты. Студенттерді қызықтырған сауалдар шығармалардың тақырыптық мазмұнымен ғана шектелмей, автордың өмірлік тәжірибесі мен көркем қиялының арақатынасына да арналды.
Оразғали Аружанның «әңгімелеріңіздегі сағыныш – өзіңіздің сағынышыңыз ба?» деген сауалы осы әңгімедегі сағыныш мотивінің табиғатына үңілуге мүмкіндік берді. Қаламгер «Қара қазан» әңгімесіндегі әйел бейнесінің өз анасынан, ал «Сандық» әңгімесіндегі кейіпкердің әжесінен алынғанын айтты. Кішкенеева Шолпанның «Әңгімелеріңіз балалық шақтың естелігі ме?» деген сұрағына әңгіме авторы «ескі дәуірдің белгісіндей сақталған тұрмыстық бұйымдарға ерекше ықыласпен қарап, олардың әрқайсысынан белгілі бір естелік іздейтінін» айтты.
Азиева Айнара қойған келесі сұрақ екі әңгімедегі заттық детальдардың көркемдік қызметіне арналды: «Екі әңгімеде де қара қазан мен сандықтың қосарлана көрініс табуының себебі неде?». Автор сандықтардың шын өмірде де екеу болғанын айтты. Сонымен қатар қазақ тұрмысында сандықтың көбіне жұпталып қолданылатынын, олардың бірі үлкен, екіншісі кіші болып келетінін түсіндірді.
Бұл жауап көркем шығармадағы заттық детальдың кездейсоқ таңдалмайтынын, оның нақты тұрмыстық тәжірибеден бастау алатынын аңғартты. Алайда әдеби туындыда өмірден алынған заттың қызметі сол қалпында қайталанумен шектелмейді: авторлық таным арқылы жаңа семантикалық мазмұнға ие болады. Осы тұрғыдан алғанда, сұрақ-жауап кезеңі жазушы шығармашылығындағы өмірлік дерек пен көркемдік жинақтаудың арақатынасын пайымдауға мүмкіндік берді.
Тарихтың бұралаңында қалған кезеңдер
Кездесу барысында әңгімелердің авторы өзінің жастық шағы мен сол кезеңдегі қазақ мәдениетінің ахуалына қатысты естеліктерімен де бөлісті. Әңгіме біртіндеп айтыс өнерінің қайта жаңғыру кезеңіне ойысып, қаламгер сол тұстағы ұлттық рухтың оянуы мен өнерге деген қоғамдық ықыласты еске алды. Осы орайда ол пән оқытушысы Жібек Болтанованың айтыс өнеріндегі шығармашылық жолына тоқталып, студенттерге ұстаздарының өнердегі ізін танытатын естеліктер айтты.
Қаламгердің айтуынша, ауылдағы мәдени өмірдің бір кезеңде айтарлықтай әлсіреп, дәстүрлі өнердің сабақтастығына қауіп төнген шақтары болған. Сол уақыттың көрінісін еске ала отырып: «Ауылда не көрдік? Арасында терме айтатын, киімдерінің мақтасы мыжылған, тозығы жеткен домбырасы бар адамдар болды. Дәстүрлі әннің өзегін жалғайтын тетігі бұзылған. Өте жүдеу кез. Кітапханалар, клубтар жабылды. Ол – тарихтың бұралаңында кеткен оқиғалар, кезеңдер», – деп сол дәуірдің мәдени ахуалын сипаттады.
Бұл естеліктен белгілі бір кезеңдегі ауыл мәдениетінің әлеуметтік жағдайларға байланысты әлсірегенін аңғаруға болады. Кітапханалар мен клубтардың жабылуы, дәстүрлі ән мен терменің күнделікті мәдени кеңістіктегі орнын жоғалта бастауы ұлттық өнердің табиғи жалғастығына әсер еткен. Алайда мұндай тоқырау халықтың өнерге деген ықыласын біржола өшіре алған жоқ.
Ол, әсіресе, 2000 жылдары ұлттық болмысы мен рухани қуаты бойында тұтанған жастардың өнер алаңына шыққанын ерекше ықыласпен еске алды. Сол кезеңде айтыстың қайта жандануы халықтың рухани сұранысымен астасып жатты. Қаламгердің «Шөлдеп отырған халықтың рухани шөлін басатындай» деген бейнелі бағасы айтыстың қоғамдық санадағы орнын танытады. Мұнда айтыс тек сөз сайысы емес, ұлттық рухты жаңғыртып, халықтың тарихи жадын оятқан рухани құбылыс ретінде сипатталады.
«Арқаланатынбыз», «суырыпсалмалық болатын» деген сөздері сол кезеңдегі айтыс өнерінің шығармашылық серпінін аңғартса, ақындардың өлең құрылысы, шумақтары, ұйқасы мен әуезділігіне берген бағасы жанрдың көркемдік деңгейіне қатысты байқауын танытады.
Естеліктің ең әсерлі тұсы – қаламгердің бүгінгі студенттерге қарата айтқан: «Сол ұрпақтың жалғасы сіздерге көңілім толып отыр», – деген жылы лебізі болды. Бұл сөз өткен кезеңдегі ұлттық өнерге деген құштарлық пен бүгінгі жас ұрпақтың рухани ізденісі арасындағы сабақтастықты білдіреді.
Фольклордың ортақ адамзаттық табиғаты
Кездесу барысында Жанат Әскербекқызының «Бағзыдан келдім бүгінге» атты «Әдебиет порталына» берген танымдық сұхбаты да еске алынды. Бұл сұхбат біз үшін бұрыннан таныс тақырыптың жаңа қырын ашқандай болды. Себебі фольклор пәнін Сейіт Қасқабасов пен Жанат Әскербекқызы құрастырған оқу құралы негізінде меңгеріп жүргендіктен, онда қозғалған мәселелердің бірқатарын дәріс барысында талқылаған едік.
Атап айтқанда, Жанат Әскербекқызы жапон фольклорындағы қырғауылға қатысты сенімнің ата-баба, ата-ана рухымен байланыстырылатын түсінігін сөз еткен болатын. Қатысушы автор осы әңгімені қайта еске ала отырып, қай ұлттың фольклорын алсақ та, оның тереңінде ортақ адамзаттық таным жатқанын атап өтті. Ұлттық дүниетанымдар мен мифологиялық түсініктер сырттай әртүрлі көрінгенімен, олардың түпкі мәнінде адам мен ата-баба байланысы, өмір мен өлім, рух пен жады туралы ортақ ұғымдар тоғысады.
Шын жүректен жылы лепес
Өнер мен сөз құдіретін қадір тұтқан ортада әрбір басқосудың орны бөлек. Біздің топта суырыпсалмалық өнерді серік еткен айтыскер ақындар бар. Олар қай жерде жүрсе де, ортаны думанға бөлеп, кештің сәнін кіргізеді.


Бұл жолы Ерасыл Сейтжанұлы «Қарашаңырақ» әнін нақышына келтіре орындап, киелі шаңырақ ұғымын әсем әуенмен жеткізді. Ал айтыскер ақын Аян Қуаныштың кеш қонағына арнаған жүрекжарды жыр шашуы жиынның шарықтау сәтіне айналды:
ЕҰУ-ға басталғанда сапарыңыз,
Қуанды осындағы қатарымыз.
«Қара қазан» деп жазған әпкемізге,
Қара өлеңмен жабылсын шапанымыз.
Өмірі бір кітаптай адамсыз ғой,
Кітап жазып танылған атағыңыз.
Осындағы арулар сіздей болса,
Жадырап шығушы еді жаһанымыз.
Ал енді біздің сізге тілегіміз –
«Сандықпенен» көркейсін отауыңыз.
Жүзге дейін жүз кітап жазып тастап,
Оған куә болсын Отанымыз!
Шығармашылық десе алдыменен
Білеміз Фаризадай апаны біз.
Сол апамның, бұйырса, жолыменен,
Ел-жұртымнан абырой, ат алыңыз.
Поэзия падишасы Фаризадай,
Проза падишасы атаныңыз!
Ән мен жырға ұласқан бұл кездесу әдебиет пен ұлттық өнерге деген құрметті айшықтап, кештің әсерін одан әрі арттыра түсті.

Мағыналық өріс
Көркем шығарма бір ғана идеяның аясында шектелмейді. Бір ой екінші ойға ұласып, туындының мағыналық өрісін кеңейтеді. «Сандық» пен «Қара қазан» әңгімелері де көлемі шағын болғанымен, мазмұндық тұрғыдан бірнеше идеяны тоғыстырған туындылар. Олардың өн бойынан адам мен қоғам байланысын, заман тынысын, социалистік кезең шындығын, екі дәуір ұрпақтарының таным айырмашылығы мен рухани сабақтастығын аңғаруға болады.
Прозаик бір ғана тұрмыстық бұйымның айналасына тұтас дәуірдің бейнесін, әулет тарихы мен ұрпақ жадын жинақтай білген. Сырттай қарапайым көрінетін заттардың осындай терең мағыналық жүк арқалауы бізді көркем мәтінге өзгеше көзқараспен үңілуге жетеледі. Шығармалар авторымен жүздесіп, оның шығармашылық әлеміне жақындай түсу біз үшін үлкен мүмкіндік әрі құнды тәжірибе болды.
Гаухар Абдулла,
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті,
филологиясы факультетінің
2-курс студенті
