Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
/
Комикс – жаңа әдеби форма...

Комикс – жаңа әдеби форма

28.04.2026

34

Комикс – жаңа әдеби форма - adebiportal.kz

Жақында ATA Creative Hub баспасынан мың данамен таралып шыққан жазушы Сәуле Досжанның «Көк түрік» комиксі «Ұлттық кітап» баспагерлер байқауында «Үздік комикс» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Баспа ұжымына, авторға «Құтты болсын!» айта отырып, олармен жедел сұхбат құрып, оқырман назарына ұсындық. Комикс кітап жеңімпаз атанды деген жаңалық – қазақ әдеби кеңістігінде назар аударарлық құбылыс. Бұл тек бір шығарманың жетістігі емес, әдеби форманың өзгеріп жатқанын көрсететін белгі. Өйткені бұл жерде әңгіме – комикс туралы. Ал бізде әлі күнге дейін «комикс деген не?» деген сұрақ толық жауап тапқан жоқ.

Гүлшат Бақытжанқызы, дизайнер, ATA Creative Hub баспасының беттеушісі: - Комикс деген не? Комикс –  бұл мәтін мен суреттің синтезінен туған баяндау формасы. Бұл кітап тек сурет емес, тек мәтін де емес, жалпы екеуінің біртұтас драматургиялық жүйесі. Комикстің негізгі элементтері: панельдер (оқиға бөлшектері), визуалды әрекет, қысқа мәтіндер (диалог, ремарка), ритм (оқу қарқыны). Қысқаша айтқанда, комикс –  мәтін сияқты оқылатын емес, «қарап отырып оқылатын» әдебиет деуге болады. Ал біздің жеңімпаз атанған кітап тұтас түркінің ортақ тарихи аңыз желісіне негізделген уақиға. Сәуле Досжан апамыз соны әдеби түрде жазып шықты. Соған сай суретін, мұқабасын дайындадық. 

«Әдебиет порталы»: - Осы комикс жеңіл жанр ма? 

Сәуле Досжан, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері: - Қазақ қоғамында комикске қатысты бір қате түсінік бар: оны «жеңіл», «балаларға арналған» дүние деп қабылдау. Бұл –  үстірт пікір. Шын мәнінде комикс –  күрделі композиция. Шығармаға - оқиға сценарий, режиссура, бейнелеу өнерін қажет етеді. Сондай ақ әдебиет пен киноның ортасындағы форма екенін айту керек. Сондықтан комикс – әлдекімдер айтып жүргендей қарапайым жанр емес, синтетикалық өте күрделі өнер. Мұны мен тез жаза салған жоқпын. Ұзақ ойланып, толғанып, түркі халықтарының фольклорынан дерек жинап қана барып қалам тарттым. Міне, сол неше айға созылған еңбегім жеңіске жетті.

 

Әдебиет порталы: - Бәрекелді!Құтты болсын! Жазарыңыз көп болсын! Осы кітап қалай дайындалды? 

Дана Жақсылық, ATA Creative Hub баспасының менеджері: -  Жазушы Сәуле Досжанға баспа тарапынан тапсырыспен жаздырттық. Өйткені қазіргі балалар суретті дүние оқығысы келеді. Маркетинг саласын зерттеп, анықтай келе, иллюстрациялы кітаптың сатылымы мол екенін байқадық. Кітап шыға салысымен-ақ, ә дегеннен сатылымға шығып, тарап кетті. Бұл кітаптың ерекшелігі сол –  оқушы әр суретті өз қиялымен бояп алады. Жалпы комикс  деген – жаңа әдеби форманың табиғаты. Боямақ әрі комикс форматында шығарғанымыз сол. Баспаның да, автордың да ортақ жеңісі. 

- Әдебиет порталы: - Істеріңізге береке тілейміз! 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan