Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Күн астындағы Күнікей қыз...

24.02.2017 14314

Күн астындағы Күнікей қыз

Күн астындағы Күнікей қыз - adebiportal.kz

Түні бойы дамылсыз жыпылықтаған шағын қаланың  шамдары таң ата  сөне бастады біртіндеп... 

Күнікей күндегіше ұйқыдан сағат 7.00-де тұрды. Балаларын оятып, таңғы асын беріп, сабаққа аттандырды. Содан соң  айнаның алдына отыра қалып, макияж жасауына 10-15 минуттай уақыты кетті. Бүгін жұмысына іссапармен Астана қаласынан мамандар келмек.  Қарақоңыр  шашын төбесіне түйгісі кеп оқталды да, иығынан асыра  жібере салды.  Кірпіктерін  сүрмелеп, тушьпен ұзартты,  сәл қиықшалау  үлкен көздерінің жиегін қарындашпен  бояп еді, доғадай иілген  қастарымен үйлесіп қиыла қалды.  Үстіне шымқай жасыл көйлегін киді. Айнадағы сәмбі талдай бұралған өз мүсініне өзі сүйсініп,  күлімдеді. Плащын киіп, қолына қарақоңыр сөмкесін ұстап, далаға шыққанда қызмет көлігі күтіп тұрды..

42c5705f3990492eb9f08b447b93124a.jpg

Астанадан үш қызметкер келіпті. Әріптестерін қарсы алған соң, кеңсе қызметкерлерін жинап, шағын мәжіліс өткізді. Мамандар оларға жаңа бағдарламамен жұмыс жасау тәсілін үйретпекші. Келгендердің екеуі орта жастан асқан, енді бірі  жас жігіт екен. Жиналыста  меймандардың әлгі жастауы өзінен көз алмай сұқтанып қарап отырғанын байқады.  Жігіт, әсіресе, капрон шұлық пен біз өкше туфли киген оқтаудай түзу аяқтарына қадала қарай берген соң, көйлегінің етегін тартқыштап, біресе аяқтарын қайда қоярын білмей, қызарып, дегбірі кетті. Әлгіге бір-екі рет оқты көзімен ата қараған. Келген меймандардың екеуі сол күні шаруалары біткен соң қайтып кетті де,  тіміскі көз жастауы тағы бірер күн қалып, жаңа бағдарламаны компьютерлерге енгізетін болды. Оның тіміскі көзіне Күнікей әлі бақандай екі күн шыдауға тиіс екен. Тіміскі көз жігіт екі күн дегенде жаңа бағдарламаны орнатып, шаруасын бітірді. 

Сол күні Күнікей жұмыстан шаршағандықтан креслосынан созыла тұрып, кабинеттің шамын сөндіріп, кілтті күзетшіге тапсырып, кеңседен шыққан. Бетін жібек самал желпіп өтті. Көктемнің әтір иісті ауасы біздиген мұрнын қытықтады. Баспалдақтан түсе бергенде әлдекім жөткірініп қалды. Жалт бұрылған, бұрышта қараңғылау жерде манағы жас жігіт шылымын сорып болып, бәтеңкесімен өшіріп жатыр екен. «Тә-ә-әк, салқынқанды болуым керек» деп іштей ойлап үлгергенше, жігіт сыпайы жылмиып тіл қатты:

-Кешіріңіз, жақын маңда тамақ ішетін кафе жоқ па екен?

-  Қонақүйде жоқ  па еді?- дегенін байқамай қалды Күнікей.

-  Сол қонақ үйіңізде тамақтанатын жер түгілі, меймандарға дұрыстап тынығуға да жағдай жасалмаған екен. Сізге айтуға қысылдым,- деді жігіт  мысқылдай күліп.

Күнікей білдей мекеменің басшысы бола тұра іссапармен келген мейманға жөні түзу қонақүй тауып бере алмағанына аздап ұялып қалды. Басқа мекемелер жоғары жақтан өздері бағынышты шенділер келсе жік жапар боп, асты-үстіне түсіп жалпылдайды да жатады, ал бұл болса... Күнікей ыңғайсызданып туфлиінің тұмсығымен тротуардың бетін сызғылады.

- Сонымен  бір жақсылап тамақтанатын кафе болса, ауқаттанып алып, ертең ертемен жолға шығамын, - деді жігіт енді маңғаз қалыпқа еніп.

- Жүріңіз, жолшыбай дәмхананы көрсетіп жіберейін,- деп Күнікей жігітті ертіп ап көшемен жүре берді. Көше бойында олай-былай өткендерді шақырғандай маңдайшасындағы шамдары бір жанып, бір сөніп қызықтырған  бір кафенің  тұсына келгенде тұра қалды да: - Міне, қаламыздағы ең тәуір кафелердің бірі – осы, - деді қолын шошайтып. Жігіт мырс ете қалды:

- Рахмет. Бірақ ғафу етіңіз, алыстан келген мейман деген атымыз бар, тым құрыса, менімен бірге отырып  тамақтанарсыз. Мәселен, жұмыс жайында әңгімелесуге болады ғой . Жалғыз өзім... танымайтын ортада, - деп қиыла қарады.

- Жарайды, - деп жігітке қарап басын изеді де, алға түсті. Кафе іші самаладай жарық, шетелдің бір музыкасы естіледі. Жігіт сыпайы түрде плащын шешуге көместі де орындығын жылжытып, отыруына жағдай жасады. «Қанша дегенмен, Астанадан келген, бұлардың мәдениеті жоғары ғой» деп Күнікей сүйсініп қалды. Қарама қарсы орындыққа жайғасқан жігіттің есімі Дамирекенін есіне әрең түсірді. Шақырайған шамдалдар астында жігіттің  әжаптәуір көрікті екенін байқады, қарапайым бірақ қалалықтарша талғаммен киінген, ортасы тұтаса қосылған барқыт қастары әлгі түрік сериалындағы бір актердан айнымайды.  Бір жағынан өзінің марқұм күйеуіне де ұқсайтынын байқап, таңғалды. Жүрегі лүпілдеп кетті. Бұдан үш жыл бұрын жол апатынан көз жұмған жан жары Ернары... Тек  күйеуі қара торы болатын, ал мынау ақ сары екен..

  Жігіт қазақша-орысша араластырып, қойыртпақтап сөйлейді.  Қаладағылардың бәрі сондай ғой, қайтсін!

-  Сонымен, Кун, Кюн..Кункей ханым, - деп жігіт «Күнікей» дегенді айта алмай тілі күрмеліңкіреп, -  Сіз өте сұлусыз.

-  Қойыңызшы, - деп Күнікей ұялып қалды..

-  Шын айтамын. Мына шағын  қалада алдымнан сіз сияқты хор қызындай сұлу шығады деп ойламаппын. Жап-жас болып білдей басшысыз әрі сізді біздің Астанадағы кеңседегілер  іскер деп мақтап отырады.

-  Рахмет, - деп Күнікей масаттанып қалды. Мына жігіт шынында да марқұм күйеуіне ұқсайды, тек Ернарының көзі мынаның көзі сияқты ойнақшымай, ойлана қарайтын. Жаңа кафеге кіріп келгенде актер сияқты ұзын бойлы, сымбатты жігітке қыз-қырқынның  да жапатармағай бұрылып қарағанын есіне алды.

-  Кун..., Кюн... Кункей, есіміңіз қиын, біртүрлі күлкілі екен. Кешірім өтінемін, ана тіліме шорқақпын. Есіміңіздің мағынасы не сонда?

Күнікей кішкентай кезінде әжесінен естіген ертегідегі кейіпкер - Күн астындағы Күнікей қыз туралы  айтқысы кеп кетті. Әжесі ұршығын соза түсіп осы ертегіні айтатын. «Баяғыда... есте жоқ ерте заманда....». Ертегіге еліткен Күнікейдің көзі әжесінің шыр айналған ұршығында. Шүйке жіптің созылып, жіңішкере беретініне, бірақ үзілмейтініне таңғалады... Қасында сұрағына жауап күтіп отырған жігіттің көзінен әжуаны байқады. «Сенің ана тіліңді білмей, мәңгүрт болғаныңа мен кінәлі емес шығармын, саппас» деп теріс айналды. Мынау қапырық кафеден тұра қашқысы  келді.

-  Не қалайсыздар? - Қолына ас мәзірін ұстаған даяшы қыздың сыңғырлаған  даусы шықты. Сарғылт шашты, қалың қоңыр қасты әдемі қыз екен. Дамир  айтып отырған әңгімесінен жаңылып, сәл кідіріп қалды. Күнікей оның тіміскі көздерінің  сары шашты даяшы қызды басынан аяғына дейін көз ілеспес шапшаңдықпен  шолып шыққаннын  байқады. Жігіт кенет қасында басқа да әйел заты отырғаны  есіне түскендей, іле  серпіліп, ас мәзіріне тапсырыс бере бастады. Күнікейдің қарсылық білдіргеніне қарамастан бір бөтелке шарап алдырды.

-  Ал, қане таныстығымыз үшін. Ең іскер әрі ең сұлу келіншек үшін алып қоялық, - деді жігіт қан қызыл шарап құйылған бокалды қолына алып.

Күнікей  таныс біреу-міреу кездесіп қалса қайтемін деп жан жағына жалтақтап, қысыла бастады. «Ай, ақкөңіл басым-ай. Таныстарым көрсе бір  жігітпен кафеде шарап ішіп, шалқып отыр» деп өсекті гулетер әлі».  Мейман жігіт жалынып қоймаған соң күреңқызыл шараптан бірер рет қинала ұрттап отырды. Бір кезде үстел үстінде жатқан жігіттің  ұялы телефоны шарылдап қоя берді. Жігіт қолына алып қарады да, жауап берместен селқос үстелге қоя салды. Қанды қыздыратын музыка ойнады. Күнікейдің  шарап ұрттағаннан ба, қапырық ауадан ба, екі беті қызғалдақтай құлпырып, қызыл далап жаққан ерні мен ақша жүзі  алаулай түскен. Жігіттің қанжардай өткір көздерінен  тұла бойына ток жүгіріп өткендей болады... Бір  сиқыр арбап, басын айналдырып  бара жатқандай болады да селк ете қап  сағатына ұрлана қарайды. Үстел үстіндегі жігіттің телефоны тағы да бажылдап қоя берді.. Аржағында біреу  хабарласа алмай, қылғынып бебеулейді.

-  Дамир, ұялы телефоныңызды алсаңызшы!

-  Жә, жәй таныстар ғой. Артынан хабарласамын,- деді жігіт жәйбарақат. Күнікей тағы да сағатына ұрлана қарады.  «Сағат тура 9.00-де  кетуім керек». Жігіт орнынан тұрып шылым шегіп келетінін айтып, шығып кетті. Телефонын үстел үстіне қалдырып кетті. Байғұс телефон үсті-үстіне шарылдай берді. Күнікей шыдай алмай жігіттің телефонын алып, есік жаққа жалтақтап қарады. Сосын иесіне апарып бермек боп орнынан тұрды. Сол мезетте еріктен тыс телефон соғып жатқан адамның аты- жөні тұратын жерге көзі түсіп кетті. «Жаным» деген бір сөз телефон бетінде өшіп- жанып тұр екен. «Жаным» дегені кім болды екен? Сүйген қызы...бәлкім әйелі болуы да мүмкін?». Байланыс құралын қолына ұстап фойэге шыға  бергенде, арақ-шарап тізіліп тұрған сөренің  қасында манағы сары шашты даяшы қызбен сөйлесіп тұрған мейман жігітті көрді. Сары шашты даяшы қызға көздерімен ішіп-жей қарап, әлдене деп қалжыңдасып тұр екен. Екеуінің не айтып жатқаны даңғаза музыкадан естілмейді. Күнікей сасқанынан аяғының ұшымен басып,  кері үстелге қайтып кеп, түк болмағандай телефонды орнына қоя салды.

Сәлден соң жігіт келді.

-Сонымен, сұлуым, әңгіме айтпадыңыз ғой. Мүлдем үндемейсіз. Сіз өзіңіздің керемет сұлу екеніңізді білмейтін де сияқтысыз, - жігіт енді таза орысша сөйлеуге көшті. Сөйлеп отырып қастарынан өтіп бара жатқан модельдер тәрізді сырықтай ұзын бойлы, шаштарын беліне дейін тарқатып жіберген екі қызға қарап, көзін тайдырып әкетті. «Жоқ, менің Ернарым мына Дон Жуанға мүлдем ұқсамайды. Ол екеуміз кафеде отырғанда басқа қыздардың бас-аяғына қарамақ түгілі, қайта мені көрінген еркектен қызғанып, шыр-пыр болушы еді ғой». Марқұм аяулы жарын мынадай қайдағы бір жолбикемен салыстырғанына күйінді.

- Ал, жақсы. Қош-сау болыңыз. Мен үйіме қайтуым керек, - деп күлді Күнікей. Бір жағынан іштей өзінің бүгінгі әй-шәй жоқ, кафеде отырған әпенділеу қылығына да күлген еді. Сағатқа қарап еді, сүйір тілі  тура 9.00-ді көрсетіп тұр.

-Неге? - жігіттің көзі атыздай болды. Күнікей  орнынан тұрды.

- Тұра тұрыңызшы! - Жігіт ойнақыланып,  бір қағаз салфетканы жұлып ап қаламсабымен әлденені асығыс жаза бастады. Сонсоң Күнікейдің плащын кигізіп жатып, әлгіні қалтасына сүңгітіп үлгерді. Күнікей қапырық кафеден атып шықты.  Тротуармен  жүріп келе жатып, тұра қап плащының қалтасынан жаңағы жігіт жазған қағазды алып, көше шамының жарығына тосып оқыды.

«Күнікей, сіз өте сұлусыз. Сізді қонақүйде күтемін. Келіңізші! Әріптесіңіздің қонақүйге қалай орналасқанын білуге тиістісіз ғой» деп астына қонақүйдегі  нөмірін жазыпты.

«Нақұрыс!». Күнікейдің тұла бойы ашудан қалшылдап кетті. Содан соң  қағазды күлдей қып паршалап жыртты. Бір уыс қағаз қиқымын жиіркене лақтырып жібергенде, әлдеқайдан есіп қоя берген  самал қағып ап ұшырып әкетті. Жаңағы нақұрыстың есімін айта алмай «Кун.. Кюн... Куникей» деп былдырлағыны құлағына естіліп кетті. Неге екені белгісіз, кенет соңынан қолына ұршығын ұстаған марқұм ақ жаулықты әжесі қарап тұрғандай сезінді. Артына еріксіз бұрылып қарап еді ешкім жоқ екен. Біз өкше туфлиі тротуарды тықылдатып жүріп кетті.

  Сәулеш Шәтенова.

 



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар