Сексенінші жылдардың өресінде біздің журналистикамызда Жарылқап Бейсенбайұлының (ол кезде Бейсенбаев) атағы дүркіреп тұрды. Оңай ма, ұлттық журналистика бойынша бірінші болып Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын алу. «Кенен, Кенен дейді ғой елдің бәрі», деп Жәкем айтпақшы, бір күні лауреатты көрмекке «Лениншіл жас» газетінің редакциясына бардым.
Қолымда Шоқан жайында жазылған шатпырағым бар (сол жылдары Жақаң өзі қызмет істейтін жастар басылымының бетінде отөрім ғалымымыз туралы сериялы мақалалар жариялап, соңыра оларды «Шоқан ізімен» деген атпен кітап етіп шығарғаннан кейін, біз, бірқатар студент Шоқан «ауруымен» ауырып қалғанбыз). «Бекенді көр де, әкеңді көр» демекші, Жақаң өңінің ептеген қарасұрлығы болмаса, өзі де Шоқанға іші мен сырты сондай ұқсас, бәденді жігіт екен, тек мұрты жоқ. Сөзге көп құлшына қоймайтыны, әңгімеге сараңдығы да Шоқанға тартпаған. Қара жердей салмақты. Әңгімені кесіп, турасынан тартып айтады. «Біртоға, жақсы жігіт» деп қазекең осындайда айтатын болуы керек.
Жақаң ол кезде адамгершілік тәрбие бөлімін басқаратын. Ұзынша енсіздеу бөлменің күн түсер төр жағында бөлімнің қызметкері Әділғазы Қайырбеков, одан төменіректеу екінші қызметкер Нұрлытай Үркімбаева жайғасқан, ал Нұрлытайға қарама-қарсы қабырға жақта Жақаңның үстелі. Студент болсақ та жөн-жосықты біліп қалған шағымыз, бастықтың өз қызметкерлерінен төменірек отырғаны шамалы таң көрінді. Жалғыз-ақ артықшылық — телефонның құлағы бөлім меңгерушісінің үстел аумағында.
Сол жолы көнтақым редактордың автор мақаласымен қалай жұмыс істейтінін (сол кездегі журналистік слоганмен айтқанда қалай қорытатынын) өз көзіммен көрдім. Қаламы марқая қоймаған жасталап студенттің жазғанын әрлеп, жүйелі өрнегіне келтірем деп әуреленген де жоқ, қидалап қолын батырмады да. Небәрі екі сөзді қалыпқа келтірді, — Семенов Тянь-Шанскийдің сойын дұрыстады және «кәрзеңке» дегенімді «себет» деп түзетті, сосын шатпағымды сауырдан бір салып, машбюроға қоя берді. Стилімді сақтағанына өзімше болып қалдым.
Тағы да бұдан біраз жыл бұрын-ды... Комсомол бытырап, ғылымға ауысқан жылдарымның бір күнінде автобуста Ғарифолла Әнеспен ұшырасып қалдым (ол кезде Ғарекең қоғамдық көлікті пайдаланатын). Сөзден сөз шығып, Ғарекең өзінің жаңадан ұйымдасқан «Ана тілі» газетіне тіл бөліміне орналасқанын, басред боп келген Жарылқап Бейсенбайұлы редакцияға жазатын жігіттерді жинап жатқанын айтып, өзімнің сондағы қосымша қызметтен бағымды сынап көруіме шақырды. Барсам, айтса айтқандай, жал-құйрығын тараған кіл жүйрік жиналыпты: Ғарекеңнен басқа Бақыт Сарбалаұлы, Қонысбек Ботбай, Ертай Айғалиұлы, Шәмшиден Керімов, Байбота Серікбай (Қошым-Ноғай), Аманқос Мектептегі, Болат Шарахымбай... — кейбіреуі бір-бір саланың маманы, кейбірі ғылым бабынан жазатын, әйтеуір білім сауаты жоғары жігіттер. Менің еншіме елтану бөлімі тиді. Жайдақ үстел, сықырлақ орындықтарға жайғасып алып, кірісіп кеттік.
Әдепкі кезеңіндегі «Ана тілі» толқын тоғысқандай халде еді. Халықтың көкірегінен жақсы орын алатын тақырыптарды беріп отыратын редакциялық ұжымдар ілгерілі-кейінгі заманда аз болмаған шығар, ал газетті сүйетін де, сүйейтін де қалың оқырманы бар басылым қандай болатынын өз басым сонда бірінші және бәлкім, соңғы рет көрдім. Сөз болып отырған 1990 жылдардың басында қалың қазақтың бойын тап Алаш дәуіріндегідей бір зор бұлқыныс сезімі, рухани ширығу кернеп еді. Осынау ғажайып ұлттық көтерілу, серпілу дәуірінің келтесінен шорт қайырылғанын ойласам, әліге дейін ішімнен қанды бұрау өткендей болады. Иесі де, жүйесі де белгісіз бүлдіргіге тап болмай, сол қалпымызбен кете бергенімізде бүгінде бір қараға ілігетін едік.
Қайсыбірін айтарсың, зердемде қалып қойғаны, «Ана тілінің» жалпы таралымының әуелгі 25 мыңнан келесі жылы 111 мың данаға өсіп, рекорд жасағаны. Орыс тілді журналистердің арасында «Когда газетчик пишет о газетчике, обязательно наврёт» деген бір сөз бар. Болса болар, бірақ қалай десе де бүгіннің биігінен қараған уақытта «Ана тілінің» әлгіндей боп гүлденуінің көп себебінің, бірақ елеулі себебінің бірін әлденеге оның бас редакторының кәсіби және адами қасиеттеріне байланыстыруға жақын тұратыным бар. Бас сарашының (Жақаң келе салысымен «редактор» дегенді «сарашы» деп өзгерткен) кішіпейілділік қасиеті елден ерекше. Жұртпен бірге жалпы асханаға барудан тартынбайды. Алдына атасы өлген келіндей еркінсіп кіре бересің. Бір сөзбен айтқанда, Жақаң біздің көзімізге көрініп тұратын, бірақ даусы құлағымызға онша келе бермейтін, бірақ көрінбей жүріп-ақ аз қимылмен, азбыншы сөзбен көп іс тындырып тастайтын жайлы бастық болды. Әкімқаралардың шығармашылық таланты — бұйрық беру дейді ғой, ондай таланттан Жақаң мақұрым. Сөйтсе-дағы жәй сөйлегенінің өзі жаныңды жейді. Одан да әкіреңдеп, зіркілдеп ұрысса дейсің.
«Ана тілі» газеті ұжымы. 1993 жыл.
Мұны неге айтып отырмын?!
Қазіргі бас редакторларға мәлім бір шындықтың болуы мүмкін. Ол — басылымның құлағын ұстап отырған адамның күнделікті ең кемі алты сағат уақыты журналистикаға емес, өмірдің өнбес тәртібіне кететіндігі. Жалпы біздер, қазақтар, өнер тәртібінде ем қонбайтындау халықпыз ғой. Өнерді, соның ішінде журналистика өнерін өсіретін қашанда бірінші басшы орнатар қатаң тәртіп. Журналистикада басредтің диктатурасынсыз басылымның жақсаруы неғайбыл. Мықты режиссерлердің театрға сыймайтыны сияқты мықты бас редакторлардың газет-журналдардан кетуінің де бір түйткілі осында. Қай редакцияны алып қарасаң да онда ортақ іске басы ауырмайтын, жаны ашымайтын жекелеген қызметкерлер (кейде қызметкерлер тобы) табылмай тұрмайды. Бұл қашанда басылым үшін журналист табылса да, басред табыла бермейтіндігінің бір белгісі. Шындығы сол, басылым әріден ойлайтын басред пен кеңінен орайтын журналистердің тандемімен ғана жақсарады. Бұл менің өз пікірім, бәлкім ол кейінгі жылдарда, журналистика қуаңшылыққа ұшыраған кезде қалыптасқан пікір болуы да мүмкін. Ал Жақаңның бағына қарай, ол газетке басшылық еткен жылдары кейін жан-жаққа шашырап кеткен ұлттық журналистиканың таңдаулы кадрлық корпусы шашау шықпаған еді және қазіргідей емес, жұмған жұмырықтай бірауызды-тын. Содан да болар, Бейсенбайұлы өздері қамшы салдырмай тұрған және арқасын қалың оқырманға тіреген (редакцияға хат қап-қабымен келіп жататын) ұжым мүшелерін мен айтқан диктатурасыз-ақ иегімен өргізіп, қабағымен жусататын. Қызығы, оларда намазды құбылаға қарап оқымайды, Жақаңа қарап оқиды. Енді ше, басшының жұмыс стилі ұжымның көңілінен толық шықса — уақыт жағынан шығармашылық еркіндік берілсе; ай сайынғы айлық және гонорар түрінде екі жалақы келіп қалтаға түсіп жатса; оның үстіне кейбірінің негізгі жұмыс орны болса. Егер соның алдындағы кеңестік журналистика тілшіні кез-келген тақырыпқа салып, өндірістегі көпстанокшыдай көкжұлын етіп ұстаса, Жақаң әлемдік баспасөз тәжірибесіне бағып, бізді арнайы тақырыптарға мамандандырды. Журналистердің өз жүрегіне қонақтаған тақырыпқа ғана қалам тербеуіне мүмкіндік берді (мәселен, осы жолдар авторына іссапар қаражатын және қаламақысын алдын-ала төлеп, Ресейдің бес қаласына барып, архив-кітапханаларда жұмыс істеп қайтуына жағдай жасады, осы үшін көзім жұмылғанша разымын). Кейбір жазғыштардың пеш түбіндегі қияли ойларын газет бетіне әкелуіне ада-күде тосқауыл қойды, көтеріңкі лепте, пафоспен жазуды тыйды. Танымдық сипатынан бұрын ағартушылық сапасы жоғары материалдарды көбейтті. Уақыт талабымен санасып, пікірлер әралуандығына мән берді. Жақаң қол қойған жеті жылдағы газет нөмірлерін осы ауан желімдей тұтып жатыр.
Плюрализм десе ойыма бір тауарих оралады.
Бірде интернет-ресурсты ақтарып отырып, қызылордалық журналист Айжарық Сәдібекұлының «Жалғыз эмигрант» дейтін мақаласын ұшыраттым. Автор онда бұрынғы кеңестік арнаулы қызмет генералы А. Мұстафиннің Мұстафа Шоқайды нацизммен сыбайласқан коллаборационист етіп көрсеткен мақаласы облыстық газетке қалай келіп түскенін, кеңестік шалықтан құтыла қоймаған сол кездегі арнаулы қызметтің жан-жаққа мақала жолдап, Шоқайды қаралауды жоспарлы негізге қойғанын әңгімелепті. Жазуынша, доғарыстағы генерал мақаласына қосып жіберген хатында материалын бұрынырақта «Қазақ әдебиеті», «Өркен—Горизонт» газеттерінің жариялаудан бас тартқанын, тек республикалық «Қазақ тілі» қоғамының баспасөз органы — «Ана тілі» газеті ғана 1991 жылғы 8 тамыздағы нөмірінде басқанын чекистік мәттақамдықпен тізіп келтіріпті. Мақаланың негізгі мазмұны сақталғанымен, мәтін ықшамдауға ұшырағанын, оған қоса сол нөмірде Шоқаевты жақсылайтын, бұрынғы «Түркістан легионына» қатысушы Уахит Тұрысбековтің естелігі қоса берілгенін айтып, енді өз мақаласын қысқартпай, толық күйінде шығаруды талап етеді.
Иә, ондай жағдай болған. Материал алдымен өзім отырған елтану бөліміне келіп түсті де, соңыра басредпен ақылдаса отырып, жариялауға келіскенбіз. Біріншіден, сол кезде сәнге асып тұрған плюрализмді ұстандық, екіншіден, ол жылдары арнаулы қызметтің қолындағы Шоқайға қатысты материал біздің қолымыздағы шөпшек деректерден анағұрлым қомақты-тын (Мұстафаның үстінен «Франс» деген атпен тұтас досье ашылып, ондаған жылдар бойына агентуралық мәлімет жиналып келгені кейін анықталды ғой), яғни Шоқай мен нацистердің арақатынасы шын мәнінде қалай болғанын ол кезде ешкім, соның ішінде біз де дәлдеп білмейтінбіз. Ендеше шындыққа көз жеткізбей тұрып, жоғарыдағы тұлғаны бірыңғай мақтай беру қалай десе де тарихи объективтілік болмас еді. Қысқасы, бөлім меңгерушісі мен басредтің бұл жөніндегі ойы бір жерден шықты және осы факті екеуіміздің біраз жас айырмашылығымызға қарамастан тетелей теңесіп, ортайып кеңесіп кетерлік бір «қан тобынан» екенімізді көрсетумен қатар, Жақаңның кез келген адамның пікірін сыйлайтын, әрі объективтілікті жоғары қоятын әділ пікірлі адами болмысын, ақиқатшыл азаматтық ажарын да танытады.
Жақаң негізгі кәсібі — журналистикадан әзірге дейін қол үзбей келеді (ал бұл — студенттік жылдарын қосып есептегенде артық-кемі жоқ жарты ғасыр!). Бес ондық жыл тек қана жазумен машқұл болу дамылсыз іздену, табанды еңбектенумен ғана келіп қоймайды, ол психофизикалық тұрғыдан үлкен төзімділіктің арқасында ғана мүмкін болмақ. Жазушы үшін таза ақ қағазды алдына қойып, мелшейіп соған қарап отырғаннан өткен азап жоқ. Дүние тіршілігіндегі ең тозақы нәрсенің бірі. Кейде тіпті бәрін тәрк етіп, Үшқоңырдың шатқалына кіріп, шалаш тігіп жатып алғың кеп кетеді. Жақаң сондай-сондайдан өткен және бар қылатын да, жоқ қылатын да сөздің азабына шыдап, сынынан абыроймен өтіп келеді. Аз жазады, бірақ талғаммен жазады. Шығармашылық қуатының аздығынан емес, жаттанды тақырыпқа, қалыпқа қатырылған канонға, нәрсіз сұйық сөзге ата жау бипоздығынан. Содан «Жақаң қашан жазар екен, не жазар екен» деп күтіп жүргенің. Кезінде «Ленжастағы» «Аққу» эстетикалық клубы мен «Әдеп әлемі» айдары аясында жариялаған материалдар топтамасы оқырманды осылай дүр еткізіп еді (кейін «Буырқанған бояулар» және «Әдеп әлемі» деген екі кітап болып шықты және Жақаң комсомол сыйлығын осы кітаптары үшін алды). Бізде маскүнемдікті арнайы тақырып етіп көтергендер аз болмаған, әсіресе Хрущев пен Горбачев тұсындағы араққа қарсы дүркін-дүркін науқандар тұсында біраз қазақ шабылудай шабылды емес пе. Осы кіді тақырыпқа «Денсаулық үшін алып қояйық!» дейтін парадокстік атпен Жақаң да барды. Бұл әлеуметтік зерттеудің жоғарыдағы шала шабылулардан айырым қасиеті сонда, егер соңғыларын оқу боқалды мәймілдете толтырып алып, түбіне жетіп барып «талдау» жасайтын әдеттің қылшығын әсте қисайта алмаса, Жақаңның «ақаңа» шабуылынан соң ауық-ауық алып қойып жүретін біздің өзіміз алдымызға ас қойып, әкетіп қалғандай күйге түстік. Осының барлығы сөз иесінің мойын бұрғызбастай орынды дәлелінен, кісіні еріксіз иландыратын дәйегінен һәм сөзден саңылау қалдырмай, қиюынан қыл өткізбей жазатын асқан шеберлігінен туындап жатады. Жарылқап Бейсенбайұлы кәнігі аптекші сияқты сөз бен ойды алдымен дозалап бере келіп, бірте-бірте күшейтіп, соңында оқырманын қалайда өз жағына шығарып алатын, бір сөзін «былай болса» дегізбейтін стилист қаламгер. Қаспағы кетпеген қыр елі — Қызылқұмның қоқты-қоқтысында өзеннің басындай ескі адамдардың қасында отырып, сөз бағып өскен елдің оғыланы қазақтың қара сөзінің мәйегін бар айшығымен жеткізуімен ерекшеленеді (енді бүгін интернеттің транслейт аудармасын еске салатын қазіргі материалдарды көргенде ауа жетпегендей жұтынып қаласың, сонда бізге жетпей тұрғаны — Жақаңдардың қаламынан тамған баяғы мақалалар, олардағы қазақтың шұрайлы, шүйгін, рақат тіл жайлауы екен ғой).
Сөзіміз құрғақ болмасын, айта кетейік, Жарылқап Бейсенбайұлы «Ана тіліне» сарашылық еткен жылдары тілімізге жаңадан қосылған аталымдар мен атауларды санап шығу мүмкін емес. Соның барлығы болмағанымен көпшілігі автор-иелерінің аты ұмытылып, халыққа байырғы бояудай сіңісіп, өзіміздің төл сөздерімізге айналып кетті. Осы құбылысты Жақаң кейінгі жылдары басқарған «Мәдени мұра» журналының тәржімелік тәжірибесінен де байқаймыз. Мысалы, ол бұрын көне сәулет өнері саласында әрқилы, әрі сәтсіздеу аударылып келген «барабан купола» тіркесіне «күмбез мойындығы» дейтін жүзікке қас қондырғандай әдемі де табиғи дәл баламаны пайдаланды. Ал енді біздің осы жерде ұқсастыруымыздағы «қас» сөзімен ежелгі түрктер «нефрит» тасын да атапты. Әнеу бір жылдары 130-ға келген бір кемпір шөбере-шөпшегін «Маған компьютер үйретіңдер» деп қинапты, сол айтқандай, алпысқа келген жасында заманауи технологияның құлағында ойнап кеткен Жақаң ондағы жыныс сөздіктерді ақтарыстырып отырып, жоғарыдағы сөздің де аутентті баламасын тапты. Айтуынша, «қас» ұғымының семантикалық мағынасы кең, ол заманында «свастика» мәнін де беріпті (бірақ мен бұл турада свастиканы «гамашпаш» деген өз пікірімде қаламын).
Спорттағы бапкер-ойыншы секілді басред кездерінде өзі де қаламын құрғатпай жазған және әдемі, жақсы жазып үлгі көрсеткен Жақаңның материалға ат (тақырып) қоюының өзі бір жосын. Оның бір себебі, ұстазы — есімі қазақ журналистикасы үшін қастерлі Сейдахмет Бердіқұлов қой. Сейдағаңның тақырып қойғыштығы жұртқа мәлім. Мысалы, кезінде бір мерейтойлық мақаласы «Кайнозой аршылып жатыр» деген көкпар аттай ойнақы тақырыбымен тәнті еткені есте (Жақаң жайлы осы мақаламыздың да атын ұстазының сол бір материалына ұқсастырып алдық). Ал Жақаң өз кезегінде ұстазы жайындағы естелік мақаласына «Ұстахана дүрілдеп тұр» деген ат тақты. Аз сөзге кең мағына сыйғызған оңтайлылығына қоса ертеңге деген сенімін, әріптестеріне үмітдар оптимистігін көрсететін қандай әдемі атау! Жазушыны, оның жазу мүсінін жазған дүниесінің аты бәрінен де дәл суреттеп беріп тұрады деген сөздің шындығына осындайда қол қояды екенсің. «Кітаптың аты — адамның көзі» дейтін Константинэ Гамсахурдиа теңеуі шылғи рас.
Жақаң журналистикаға баулып, жазуын түзетіп шығарған шоғыр өз алдына ғой, сонымен бірге тәжірибелі басшының әріптестеріміздің қатарын қалыңдатуда өзгеше, тосын бір әдіс қолданғанын да айту жөн. Осы жұрттың бірқатары басқа мамандықтарға ауысқан журналистерден кірпідей жиырылуын қоймағанымен, өзге кәсіптерден журналистикаға келіп, нан айырып жүргендерді «ұмытып» кете береді. Несі бар, бұйырған несібе шығар, жүре берсін, келе берсін. Гәп солардың кімнің қолынан, нендей мектептен өтуінде болса керек. Айтайық дегеніміз, журналистикаға Жақаңның шақыруымен жуықтау болса да өзге кәсіптен ауысып келген марқұм Марат Қабанбай мен марқұм Жұматай Сабыржанұлы (бірі балалар әдебиетінен, екіншісі сатирадан ауысқан-ды) «Ана тіліне» келе салысымен «екінші тыныстары» ашылып, аузымен құс тістеген кәнігі көсемсөзшілер ретінде құлпырып сала берді. Бұл жағынан да Жақаң атса ондыққа тигізетін, соқса қасқыр соғатын түйсікшіл шалымдылығын танытты. Енді айта беруге болады, осынысымен ол тағдыр жолдары ауырлау болып жүрген әлгі қаламгерлердің қалған жарық сәуле өмірлерін мәнді де айшықты өткізіп, берерін беріп кетулеріне жол ашты да ғой.
Х Х Х
Әнеу бір кезеңдерде шын тарихына қаталап жүрген қазақ тарих тақырыбына жазылған көркем кітаптарды оқып, шөл басушы еді. Бұл өзі маңдайыңа сарт етер шоттың басы сияқты екі жақты нәрсе: негізінде көркем әдебиет оқырманның қиялын ұштап, түйсігін жеттіктіре отырып, тарихи алыс уақыттың тереңіне бойлауына мүмкіндік беретін керемет қасиетке ие. Ғажап емес пе, Ноэль Шаяхметов қалпына келтірген Махамбеттің бассүйегі мен суретшілердің оған дейін жұрттың айтуымен, бірақ өз қиял жолын негіз етіп салып шыққан сомсуреті адам таңқаларлықтай ұқсас болып шыққан ғой. Аристотель «Поэтикасындағы»: «Тарихты көркем бейнелеу шындық тұрғысынан келгенде тарихи бейнелеуден де дәлірек. Поэтикалық өнер мәселенің мәніне терең бойлатады, ал дәлме-дәл есепшілдік мәселенің егжей-тегжейін тізбелеумен шектеледі» деп келетін пікір және Карл Маркстің «Француз буржуазиясының тарихын Бальзак шығармалары арқылы жақсырақ және толығырақ біліп алуға болады» дегені осы жерге дәлел. Уақыт өтіп, әдебиет өркендей келе ол тарихи ақпараттардан көркемдігі мәнді бірліктерді ғана ала отырып, өз дәуірінің шындығын іздестіретін дәрежеге жетті, заманға онтологиялық талдау жасау үрдісін қоса қалыптастырды. Бірақ кенже жазулы халықтар әдебиетіндегі тарихи жанр тарихи жағдайларды суреттеумен шектелуден көпке дейін арыла алмады (солардың ішінде қазақ әдебиеті де болғанын және онда басталған оң өзгерістер нарықтың келуімен тоқтап қалғанын мойындауымыз керек). Себебі, сипаттамашылық әлгі көркемдік тәжірибенің тікелей қайнары болып саналатын ғылыми білімнің негізінде жатыр еді. Сондықтан ішінде Әбіш Кекілбаев, Әнес Сарай, Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғараұлы бар бірқатар «алпыскер» қаламгер суреттемелік тарихи проза ендігі жерде өскелең талап-тілекті қанағаттандыра алмайтынын сезіп, шекара-жігін нақпа-нақ белгілеу мүмкін емес алабөтен бір жанрда жаза бастады.
Солардың қатарынан 1970 жылдар өресінде біздің кейіпкеріміз де табылды, бірақ ол жоғарыда аталған топқа әнеу бір ұқсай да қоймағанын айтуымыз керек. Себебі, сайып келгенде, шындықтың арқауын тарихи өреде ширатуда дәйектілікті ұстану сол шындықтың өзіндей кәделі бола алмайтын-ды. Шындықтың туған, бекіген сәттерін шынайы болмыш өмірмен және заманды жіті ұғыну сезімімен өлшей отырып қайта жаңғыртып, көз алдымызға келтіре алмасақ, онда тарихи ақиқатты да ешқашан түсіне алмақ емеспіз. Ал бұл міндеттің үдесінен объективті түрде өзі суреттейтін уақиғаларға сырт бақылаушы болып қала беретін «фактологиялық проза» ыңғайындағы қаламгер мен кабинетпен шектелетін интеллектуал зерттеуші-эссеистен гөрі бағзыны реконструкциялауға мүмкіндік беретін журналист-жазушы, басқаша айтқанда кейіпкерге айналып кететін автор ғана шыға алатын. Редакцияда жүргенінде, газеттің «қара қамытынан» мойын босаған сәттің бірінде тарих музасы Клио келіп, көкірегіне ұя салып кеткен Жарылқап Бейсенбайұлының маңдайына тағдыр бізге мүлде таңсық осынау жаңа құбылыстың, — шынтуайтында, бұрынғы көркем очерктік прозаның, кейінгі эссеистік проза мен зияткерлік журналистиканың қосындысынан түзілген аралық жанр — тарихи эссеистиканың басында тұруды жазыпты. Және де журналистік кәсіп оған осы орайдағы тырнақалды ізденістерін тарихи географияның, оның «көшпелі» әдістері — іссапар, экспедициялардың көмегімен өрістетуіне, яғни тарихи шындықты он екі қырлы, он сырлы өмірдің өзінен іздеуіне жол ашыпты. Әсіресе жастар газетіне тілші кезінде Шоқанның ізімен жаяу-жалпы жүріп жасаған саяқ саяхаты, сол сапар нәтижесінде тревел-бук стилінде жазылып жарық көрген кітабы ұлттық журналистикамызға жыл келгендей жаңалық сыйлады. Сол тұстағы осы тектес ілгерілі-кейінді ізденістер — жазушы Қалмұқан Исабаевтың Ертіс-Қарағанды каналын бойлап жаяу жүрген сапары, журналист Зұлқарнай Сақиевтың Сырдарияны жағалап жасаған экспедициясы, тележурналист Серік Байхоновтың салдауырмен өзен өрлеген жобасы бірі өндірістік, екіншілері экологиялық мақсат-міндетті көздесе, Жақаңның «Шоқан ізімен» кітабы (1977 ж.) — тарихи өткенімізді мосылап қос тігіп, жаппа құрып жатып, тау-тас кезіп жүріп тірілтудің отының алды, суының тұнығы ретінде өзі де тарихқа кірді. Сол шығармадан басталған зерделі сапардың жалғасы «Жасын-тағдыр жарқылы» (1987 ж.) кітабына ұласып барып, 2009 жылы «Қазақстан» баспасынан «Шоқан» деген атпен жарық көрген көлемді роман-эссемен түйінделді. Бұл басылым көппланды, яғни онда Шоқанның тұңғыш толық ғұмырнамасы жасалумен бірге Кенесары-Наурызбай қазасының да жайы алғаш рет жүйеленіп, талдап берілген жойқын еңбек. (Осы орайда аталмыш құнды кітаптың Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің қолдауымен орысшаға аударылып, 2015 жылдың соңында Мәскеудегі Орыс географиялық қоғамының штаб-пәтерінде арнайы тұсаукесері болып өткенін де айта кеткіміз келеді).
«Шоқан менің көп уақытымды алды, бірақ ол өкінетін бейнет емес еді» деп Әлекең (Әлкей Марғұлан) айтпақшы, Шоқанның әбігері Жақаңа да біраз бейнет болғанымен, түбі хайыр. Жақаң «Шоқан ізіменнен» соң барған жерінде өзіне сеніп тапсырылған басылымды алдыңғы басылымдардың алдына алып шығумен қатар редакциялық мүмкіндікті тиімді пайдаланып кітап жазуын әдетке айналдырды. Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген «Қазақ шежіресі» зерттеуі осылай жасалды. «Ана тілінде» жүргенімде кәтекі қаламгердің бұл материалды қалай жинағанын, құдды қазіргі шоу-бизнестің атжалман продюсері іспетті халықты қызған үстіне қыздыра түсіп, материалды қалай еселеткенін (аз уақытта 2 мыңнан аса шежіре түсті) өз көзіммен көрдім. Жеті атамды айтар алдында міндетті түрде қағазға қарап алатын мен осы істі ат басындай алтын берсе де атқара алмас едім.
Жақаң өзі тұғырдан көтеріп, төрге шығарған сүйікті «Ана тілінен» талант-тәжірибесі толысқан, басылымды «Ұлт газеті» деңгейіне көтерейін деп тұрған кемел шағында қол үзуге мәжбүр болды. Бас жарылып, көз шыққан дәнеңесі жоқ. Белгілі жай емес пе, — көңіліне ұнамаған адамды қызметтен нарықтың әлегіне, тағы бірдеңелерге сайып ауыстыра салатын. Сөйтіп Жақаң жаңадан құрылып жатқан Қазақ ақпарат агенттігінің (бұрынғы ҚазТАГ) қазақ контентіне жауап беретін бас редакторы қызметіне ауысып, сол жаңа мекемемен бірге Астанаға көшіп, жаңа қала, соны ортада өмірінің жалғасты кезеңін tabula rasa — таза парақтан бастады. Тағы да мігірсіз еңбек, тағы да тынымсыз ізденіс. Алланың адамға тартқан сыйының бірі жағдайға бейімделе алу ғой, — ол ҚазАқпаратта да жұмысты жаңа сапаға көтеріп әкетті: өзіміздің «қара орыстармен» жағаласып жүріп, ұлттық мазмұнды көбейтуге қол жеткізді, елімізде бірінші болып шетелдегі қандастарымызға арнап латын және араб қаріпті (төте жазу) ақпараттық прейс-парақшалар жүйесін жасап енгізді. Төте жазудағы «Қазақ руханияты» атты аса ауқымды әдеби, мәдени және этнографиялық портал ашып Қытайдағы қалың қазақтың рақметіне ие болды. Техниканың тілін өзің біліп тұрмасаң, тіліңді кім алады?! Осыны ұққан Жақаң аз уақытта заманауи ақпараттық технологияларды еркін меңгеріп алды. Сол білгенінің арқасында интернет-ресурстардың ұшы-қиырсыз айдынында еркін жүзіп, нәтижесінде көптен көкейде жүрген ойын — қазақ тарихының арғы түрк кезеңдерін зерттеу ісін жүзеге асыруға кірісіп кетті. Ғұн тарихының үлкен білгірі Отто Маенхен-Гельфеннің «Ғұмыр бойы жаңалық ашуға арбалумен жүріппін», деген сөзі Жақаңа да қаратып айтылғандай.
Негізінде Жарылқап Бейсенбайұлы интеллектуалды тарихқа Шоқан арқылы келген деу жөн. Байқаған адамға, Шоқанның жазғандарында арғы тарихымыз бойынша әдістемелік ойдың ұшқындары бар. Бірақ Шоқанның кезінде ориенталистика енді-енді қарақаттанып келе жатқан. Одан беріде ол, соның ішінде Батыс түркологиясы орасан ілгері кетті. Азияның Еуропаға барып өзін тауып жатқаны сияқты, бертін темір дарбаза құлағанда шетел ғалымдарының шығарған кітаптарынан өз тарихымызды өзіміз ашып, талып қала жаздағанымыз бар. Сонымен бірге оларда даусыз жетістіктермен қатар еуроцентристік көпе-көрнеу бұра тартушылықтардың орын алғаны да анықталды. Егер соларды орнына қойып, түбі түрк нұсқалы материалдарды пайдалана отырып тосын факт ұсынып, тыңнан дәлел келтірсе, екеуінің арасынан Қожекең айтатын «дегенбай» шашпа палау шығар еді. Бірақ, содан бергі ширек ғасырдай уақытта біздегі тарих ғылымы түркология бойынша ауызға аларлық еңбек бітіріп тастады деу қиындау болып тұрғаны. Бәлкім, осы тақырыпта жарияланып жатқан мақалалар, шығып жатқан кітаптар бар шығар, бірақ соларды біз — қалың оқырман оқымасақ, ой елегінен өткізіп талқыламасақ, сөйтіп семген санамызды селт еткізбесек одан не пайда?! Біле білгенге, тарих дегеніміз ең алдымен біздің осы заман шындығы туралы түсінігімізді жылдамдататын ерекше ғылым ғой. Оны білуіміз тарих доңғалағы неге басқа жолмен кеткен жоқ, неге дәл бүгінгі күнге бастап әкелген сүрдек соқпақпен дөңгеледі деген сауалға толымды жауап алуымызды және болашағымызды ой көзімен көріп, болжауымызды жеңілдетпек. Ондай жауапқа, ондай болжауға бүгінгі академиялық ғылымды дендеп алған оқтау жұтқандай стандарттар, санада сартап болып сіңіп қалған тұрақты тұжырымдар мен біржақты қағидалар ырық берер емес, содан да тарихымызда аламыш-аламыш ақтаңдақтар мен бозтаңдақтар аяқ алып жүргісіз. Қиыны — «академияның қалбырға салып тастаған май шабақтарының» (Қалтай Мұхамеджанов лұғаты) жалпылама теориялық мәселелерді одан өткен жалпылама сөздермен әуезе еткен ұзын-сонар дерексіз дүниелері жұрттың тарихқа деген көңілін әбден суытып біткенін олардың өздерінің де жете сезінбеуі. «Жарлыны хан қойсаң да көжені айтады» демекші, он тарих институтын ашып берсең де баяғысынан танар түрі жоқ. Одан да қиыны — өз беттерімен тарихи зерттеулерге барған басқа мамандық иелерін, соның ішінде жазушы-журналистерді осы тақырыптар бойынша зеңбірек добы жететін жерге дейін маңайлатпауы.
Алайда, әр нәрсенің өзіндік шегі бар. Лосев дұрыс айтқан: «Блаженны учёные-профессора, ибо скоро скиснуться они на своих факультетах!» Осы сөздің дәлеліндей болып соңғы жиырма жылдың өресінде қоғам халықтың талап-сұранысына орай өз ішінен тарих жазатын оншақты ұстын авторды екшеп шығарды: Қазақ әлемін құбылыс ретінде кешенді зерттеудің керегесін керіп кеткен жазушы-журналист Ақселеу Сейдімбек, қазақ тарихын арғы дәуірлердегі түрк өркениетінен іздеген ақын Олжас Сүлейменов, марқұмдар — журналист Амантай Айзахметов пен географ Серікбол Қондыбай, ілгергі орта ғасырдағы түрк тарихын қопарған жазушы-журналист Қойшығара Салғараұлы, жазушы Тұрсын Жұртбай, кейінгі орта ғасырдағы ұлттық тарихты тесіле зерттеп жүрген жазушы Әнес Сарай және арғы түрк тақырыбын қопарып, жазғандарына жазушы-журналист деп қол қоятын Жарылқап Бейсенбайұлы (байқайсыз ба, дәуірлер қалай әдемі қиылып бөлінген!). Жақаңның зерттеу нысанының ерекшелігі — қазақ-түрк тарихын ізерлеуді адамзат тарихының елең-алаңынан бастауы және мұны нақты тарихи-жағырафиялық аяда — Орталық Азия (Хартленд) аймағы бойынша алуы. Жиырма жылға созылып келе жатқан осы азапты да мігірсіз жұмыстың алғашқы нәтижелері «Арғы түрктер ақиқатының ізімен» (Алматы, «Қайнар», 2006) және «Орталық Азиядағы арғытүрк сипатты мәдениеттер: этнотектік аспектілер» (Астана, «Ғылым», 2015) деген атпен екі зерттеу кітап түрінде жарияланды. Бірі 20, екіншісі 30 баспа табақтан тұратын іргелі еңбектер. Біз пақыр әудем жерден көрінетін омақаға сүрініп, апталарды безбендей алмай жүргенімізде, Жақаң мыңжылдықтарды мұрнынан тізіп, көгендеп тастапты. Ал сен пақыр апталарды ғана безбендей алатындығыңнан үнемі-ұдай «анау неге олай, мынау неге бұлай» деп келетін қаптаған жауапсыз негеш сұрақтардың қоршауында жүргенің. Әсіресе кекірелеп олай-бұлай шығып, ел көріп, жер тани қалғаныңда әлгі сауалдар ми қыртыстарыңда жауап тілеп анталай тізіле қалатынын айтсайшы... Тамашасы сол, қадау-қадау соншама жауапсыз сұрақтарымызға Жақаңның қос кітабы нақты жауап береді.
Бұл еңбектер негізінде компилятив, соның ішінде 600-дің үстіндегі ғылыми қайнарларды бір жерге топтап, әр бөлім, әр тараудың ретімен сүзіп талдап, қорыту арқылы бірнеше пікірдің ортасынан ортақ түйін шығаратын сүлделеу (силлогизм) әдісімен жазылған. Егер сол пайдаланылған дереккөздердің парақтарын ұзыннан ұзақ жайып тастар болсақ, құдай біледі деп айтайық, теңізкешкен Магеллан сияқты жер шарын бір рет орап алуға қаптал жетер еді. Ал енді осы ұшы-қиырсыз кітап-мақаланы тек оқып шығудың және жай оқымай, ішіне түсіп оқудың, әр жерде шашылып жүрген болжамды идеяларды қиырдан жиып, қиыннан қиып, топшылауын көпей, жүйелілігін дөкей етіп негізгі мақсатыңа қызмет еткізудің тозақы азабын айтсайшы. Бұл мақала соның бәрін жіліктеп талдап жататын жер емес. Жақаңның бұл еңбегіне бізге дейін қаламы ұшқыр, ойы үшкір авторлар рецензия мақала арнап, бағасын беріп қойған. Сондықтан келтесінен қайырғанда әңгіме былай.
Ж. Бейсенбайұлының зерттеулері алдымен түрк тектес жұрттардың талай мыңжылдықтарға кететін тарихы бар екенін қандай да болсын тірі ағзада биологиялық ақпаратты сақтап, ұрпақтан ұрпаққа бұлжытпай беріп отыратын тірі торша (клетка) өзегіндегі нуклеин қышқылы арқылы пәк тұрарлықтай етіп дәлелдеп берген ДНҚ-генеалогиялық зерттемелеріне де арқа сүйейді. Гаплотоптарды талдау нәтижелері түрк этносы мен тілінің ілкі бастауы бұдан 50-60 мың жыл бұрынға кететінін көрсеткен. Яғни, осы тарихи уақытта шығыс ностра тобындағы ілкі алтай, түпкі түрк тілді қауымдар Ұлы Даланың алып кеңістігінде тұтаса қоныс теуіп жатқан. Бірқатары Алтай-Саянды қуалап, Беринг бұғазы арқылы Америка асып, кейін «үндіс» атанған. Энеолит дәуіріндегі ұлыдалалық көнешұңқыр, ботай мәдениеттері, сондай-ақ Минусин ойпатындағы афанасьев малшылар қауымы мәдениеті, бұлардан өрбіген қола дәуірінің андрон, беғазы-дәндібай, арқайым (арақайың) мәдениеттерінің барлығын да түбі түрк текті жұрттар өркендеткен. Бір-бірімен байырғы түрк тілдері диалектілерінде ұғынысқан. Бұл қауымдарды тек үндіирандық деу қате. Арғытүрктер еуропеоид әлпетті болғандықтан Батыс ғалымдары оларды үндіеуропалық дей берген. Ал негізінде жабайы жылқыны қолға үйрету, сүйек ауыздық, үзеңгі жасау, арба міну әлемге осы арғытүрктік ортадан тараған. Алғаш қымыз ашытып, жылқы малын соғымға жыққан да қазақ жеріндегі ботайлықтар екендігі анықталып отыр. Қорытып айтқанда, арғытүрктерге тән ежелгі атамекен, қазір айтылып-жазылып жүргендей, Саян-Алтай мен Ордос арасындағы кеңістікпен ғана шектелмейді, ол — Хинган таулары мен Каспий теңізі аралығын қаусырып жатқан күллі Орталық Азия аумағын қамтиды. Автордың пайымдауынша, Батыс және Ресей ғалымдары соңғы кездері ғылыми айналымға қосқан сан түрлі археологиялық, остеологиялық, этнографиялық, мифологиялық, топонимикалық, этнотектік, глоттогенездік, лексика-семантикалық және ДНҚ-генеалогиялық деректер осылай демеске лаж да қалдырмайды. Бұл бағалы мәліметтердің қазақтардың зәузаттық төркіндерінен бәз-баяғысынша табылуы — халқымыздың бағзы түрк ата-бабасының ұйық жұртында отырғандығының, яғни автохтондығының даусыз дәлелі. Осылайша Жарылқап Бейсенбайұлы түрк тілдері тарихын 2-3 мың жылмен шорт қайырып жүрген еуроцентризмді, алтайлық қауымдардың пайда болу ареалы мен түпкі тілі бастапқы қалыптасқан кеңістікті Алтайдан батысқа қарай шығармайтын «үндіеуропалық» теорияны ақырындап, бипаздап отырып және еуроцентршілдердің өз материалдарына сүйене отырып талқандап шығады. «Өзі құрған торға өзі түсті» деген осы (Батыстың еурокіндікшіл зерттеушілерін айтамын).
«Бипаздау» дегеннен шығады. Негізінде Жарылқап Бейсенбайұлының кейінгі кітаптары — гиперреалистік еңбектер. Олар тарихи шындық қатаң, дәлме-дәл ғылыми дәлелдемелерге негізделгенде ғана ашылады дейтін қағида бойынша орындалған. Соған сай тарихи зерттеудің заманауи тәсілдері: нақтылықтан дерексіздікке, дерексіздіктен деректілікке көшіп отыру, салыстырмалы-тарихи, тарихи-жүйелі әдістер, сондай-ақ баяндау қисыны, тарихилық принциптері және салғастырудың, объективтіліктің, дереккөздерге сын көзімен қараудың жалпы ғылыми әдістері аралас қолданылған. Осы қалпында оларда теңеу қуып, эпитет аулау былай тұрсын, тілдік эквилибристиканың қандайына да орын қалмасы өзінен өзі түсінікті. Содан ба екен, Жақаңның тіл өрнегі, стилі осы жолы ептеп қасаңсығандай көрінеді, бірақ, бұл сырт көздің үстірттеу әсері. Терең аңғарып қараса, олардан бәрібір екі қаңылтырды қосып, жымдастыра жауып жіберетін ауылдың кәтекі шеберінің әдіс-машығының ізін көргендейсің: автор ретті жерінде ғылыми лұғат мен халықи қара сөзді жіліктің майындай ұйқастырып, тоғытып жіберіп отырады. Осы қасиет бір есептен мәліметкөзге, дерекке сүйенгіш таза ғалымдық ыңғайды эссеистикаға жуықтатады. Қазақта бұрын ғылыми әдебиеттің де, көпшілік қолды әдебиеттің де мұндай түрі болмаған. Дәлірегі, болған, оның жарқын мысалы — 45 қара сөзімен тарихи эссеистикамыздың негізін салып кеткен Абай. Бірақ ат беріліп, айдар тағылмаған. Ал Батыста пәнсалааралық зерттеудің бұл тәжірибесі инфороман, этнографиялық роман, т.с.с. деп түрліше аталып жүр. Оларда тарихи монографияны деректі прозаға, тіпті тарихи романға да ұқсататын көзқарас бар. Соған сай олар бұл дәйектеме-роман жанрын әрдайым көтермелеп, дем беріп отырады. Мысалы, 2015 жылы беларус жазушы-документалисі Светлана Алексиевичке «У войны не женское лицо» деректі бестселлері үшін әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы берілді. Еуропалық оқырманның талғам-тұщымына лайықтап жазылған жағдайда жоғарыдағы нобелист кітаппен деңгейлесе аларлық дүние біздің қаламгерлерден де шығуы мүмкін, егер эссеистикаға деген көзқарасымыз жөнделген жағдайда. Кезінде тарихшы ғалымдар «жазғаны таза тарих емес» деп, ал географтар «таза география емес» деп бетбақтырмай, қатарларына қабылдамай қойған Лев Гумилевтің басына келген әрі-сәрілік біздің эссеист жазушыларымызға да қатысты болып отыр. Солардың көбі Жазушылар одағына мүше, алайда толық мағынасындағы жазушы ретінде қабылдана бермейді десек қателесер ме екенбіз. Бұдан шығар жол — Жазушылар одағы жанындағы деректі проза секциясын деректі проза және эссеистика секциясы етіп қайта құру.
Былтыр жетпіс жылдығын атап өткен Жақаң бүгінгі күні де «қара лашығында» компьютерін жүгері қуырғандай бытырлатып, қағаз бәдіздеуде. Алтын Орда дәуіріндегі түрк бектері ғұмырнамаларын қаузауға кірісіп кеткен. Мақсат айқын, іс нақты: Алладан уәсиет етілген борышын ада ету. Ойбай, ұмытып барады екенбіз ғой, ол кейінгі жылдары журнализммен де шұғылданды: жоғарыда өзіміз айтып өткен Ұлттық музей жанынан «Мәдени мұра» — «Культурное наследие» дейтін әп-әдемі, ал ең бастысы рухани саламызға аса қажет журналды үш жыл бойы шығарды. Онымен қоса баяғы «Қазақ шежіресі» кітабынан басталып, арғытүрктер туралы зерттеулерімен ұласқан ізденістерін әрі қарай жалғастырған, қайыра сараптаған «Ұлы даланың ежелгі тарихының этномәдени төркіндері» деген көлемді жалпақ иллюстрациялық кітабы да былтыр баспадан жарық көрді. Кезінде Әлкей Хақанұлының «Сексеннен асқасын адамда еңбек қабілеті артатын кезең туады» деп айтқаны бар еді, сол секілді жетпіске енді асқан біздің Жақаңның да «порох» толы оқшантайының тығыны енді алынған сияқты. Тек осынау еселі еңбектері үшін атақ беріліп жатқаны яки кеудесіне теңге-тана тағылғаны естілмейді. Себебі, өзі қолдан жасап алған және дүниежүзілік тәжірибеде қолданылатын өте-мөте дұрыс принциптердің бірі — «Атақты сұрап алмайды, атақты ел-жұрт бастап, өкімет қолдап береді» дегенге саяды. Біз «Әр жазушының өзіне лайықты орны бар. Қай-қайсысына да лайықты құрмет көрсетілуі тиіс» десек те көнбейді. Атақсыз қазақ өзін сапсыз ожау секілді сезінер болар еді, ал Жақаңда ондай сезімнен дым жоқ. Ойлаймын: неде болса Алланың назары түскен бұл кісі осылай ниетке рия, мақтангершілік араластырмай орташа жүріп-ақ үстем шығатынын біледі-ау деп. Ендеше бұл — өмірді түсінгені.
Осы қалпыңыздан танбаңыз, Жақа! Ешкімге жалынбай, қорынбай, аршып жатқан мезозойыңызды тереңдеп қаза беріңіз, ал біз қадірлі ағалардың жанында қадірімізді арттырып жүре берейік.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.