Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Маржан Ершу: «Ертегітерапияны  Батыс елдерінің пси...

22.05.2025 1404

Маржан Ершу: «Ертегітерапияны  Батыс елдерінің психотерапевтері ойлап тапқан...»

Маржан Ершу: «Ертегітерапияны  Батыс елдерінің психотерапевтері ойлап тапқан...» - adebiportal.kz

Ақын, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың «Ертегі - әдеби мұра» атты ертегітерапия сағаты Астанадағы  ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өтті. 66 мектеп-лицейінің 1 сынып оқушыларымен емін-еркін өткен ертегітерапия сағатын көзбен көріп, тамашалап, іс-шара соңында автормен осы тақырып төңірегінде аз-кем әңгіме өрбіткен едік, соны оқырман назарына ұсынып отырмыз.

- «Кітапхана педагогикасы: Ертегітерапия» атты кітабыңыз жарық көрген екен. Бұл кітаптың қандай жаңалығы және ұрпаққа берер қандай пайдалы жақтары бар, айта отырсаңыз? 

- Елімізде 2022 жыл – «Балалар жылы» деп жарияланды. Мемлекет басшысы балаларға ерекше назар аудару керектігін атап өтті. Олардың әл-ауқаты - Қазақстанның табысты болашағының сенімді кепілі. «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы - бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз», - деген еді ҚР  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.  Бүгінде елімізде кітапхана ісінде кітапханалық педагогика саласы да дамып келеді. Қазіргі заманғы кітапханашы жай кітапханашы емес, педагог-кітапханашы. -«Кітапхана педагогикасы: Ертегітерапия» жобасы туралы айтар болсам, Ертегі - халық педагогикасының қуатты тәрбиелік құралы. Ертегілерде ақыл-ой тәрбиесі ғана емес, адамгершілік,  эстетикалық, дене  тәрбиесі,  отан сүйгіштік,  еңбек тәрбиесі суреттеледі, мұның бәрі адамзат баласының  дамуы үшін аса қажетті алғы шарттарының бірі болады. Ертегі әлем халықтарының ауыз әдебиетінің барлығында кеңінен таралған. Ертегі жанры халқымыздың өте көне замандарынан бері жалғасып келеді. Ең алғаш қазақ ертегілерін жинақтаған  Радлов, Потанин, Шоқан Уәлиханов , Әубәкір Диваев және даланың философтары атанған жырауларымыз екенін білеміз. Ертегілер, соның ішінде өз халқының төл ертегілері баланың бойында рухани иммунитетті қалыптастырудың алғашқы сатысы болады. Баланың ой-өрісін, қиялын дамытуда ертегілердің рөлі зор. Бала естіген немесе оқыған ертегісінің мазмұнына мән береді, оны өз ойымен қабылдап , жеткізуге тырысады. Кейіпкерлердің қилы  іс-әрекеттері, таңғажайып көріністер, теңеу, оқиғалардың әдемі тілмен бейнеленуі баланы қызықтырып қана қоймай, ойлау жүйесіне ықпал етеді. Ертегі – көркем әдебиетке баулу, баланы тәрбиелеуге арналса, ертегітерапиясы сол тәрбие арқылы баланы жөнге салу, онын көзқарасын бағдарлау және ішкі әлемінен хабардар болу және жанын емдеу тәсілдері болып табылады. Ертегітерапияны кітапхананың оқыту-тәрбие саласына  енгізу арқылы  бала санасын жетілдіру , кітап әлеміне қызықтыру, кітапхананың жас оқырмандарының  жан әлемін ізгілендіру ең абзал міндеттердің бірі болмақ. Сол жағынан алғанда мен мұны пайдасыз дүние деп есептемеймін. Бүгінде ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Күміс Сейітованың қолдауымен осы жобаларымызды іске асыру жолындамыз. 

-Ертегітерапия деген термин қайдан шыққан? 

-Ертегітерапияны Батыс елдерінің психотерапевтері мен психологтары ойлап тапқан. Ол жақтағы адамдар осы екі мамандықтың көмегіне көбірек жүгінеді. Қабылдауға келген науқастар, оның ішінде егде жастағы немесе ересек адамдар көбіне көңілі толмайтын немесе бір мазасыздық, жалғыздық, үмітсіздік туралы айтып күйзеліске түсетіндерін баяндайды. Бұл адамдардың жанын емдеу үшін қандай тәсілді қолдануға болады дегенде, психотерапевтердің есіне ертегі түскен. Қазіргі кино мен шығып жатқан кітаптарда немесе өмірдің көрінісінде суықтық, соның ішінде адам жанының суықтығы, жауыздығы көп суреттеледі. Бұл көріністер көптеген адамдардың психикасына қатты әсер етіп, ақылынан алжасып немесе сезімдерінің күйреуіне әкеле бастаған. Өмірдің алдамшылығы, жалғандығы да адам жанын қатты күйзеліске ұшыратады. Ал ертегілердің жазылуының көне тәртібі бар. Ертегілер әдемі басталады да, арасында  фантазиялық қиялмен өрбіген қилы-қилы оқиғалар болады. Ертегінің бәрінің финалы «мұратына жетіпті, бақытты өмір сүріпті» деп аяқталмай ма? Тәтті аяқталу тәнге тыныштық, жанға қуат береді екен.  Біздің ел көркем әдебиеттен алыстағаны соншалық, ересек адамдар түгілі балалар да  өмірдегі көріністерді «ертегі айтпашы» , «биліктің ертегісі ғой» деген сөздерді жеп-жеңіл айта салатын болды. Ертегі- әдеби, мәдени мұрамыз. Біздің бұл мұрамыз ешбір халықтан кем емес. Ендеше  неге ертегіні мазаққа айналдырып жүрміз? Мені осы сұрақтар көп мазалады. Осылайша мен кітапханаға бейімдеп, ұлттық тәрбие негізінде «Кітапхана педагогикасы: Ертегітерапия» атты әдістемелік құралын жаздым. Бұл еңбегіме алғаш қолдау білдірген адам  ҚР Ұлттық кітапханасының бұрынғы басшысы Үмітхан Мұңалбаева еді. 

- Өзіңіз қозғап жүрген «Ертегітерапия» тақырыбын көпшілік оқырманға қалай түсіндірер едіңіз?

-Ертегітерапия  - халық ауыз әдебиеті үлгілерімен  үндесіп, фантазиялармен байытылған шығармашылық әдіс. Ертегітерапия - бұл тұлға дамуының  жан жақты даму әдісі,  психология, педагогика, психотерапия, мәдениеттану мен философияның жинақталған  синтезі.  Ертегітерапия жан-жақты білім беру мен тәрбиелеу үрдісінің озық үлгісі болып табылады. Бүгінде  Ертегітерапия  Батыс елдерінде,  Ресей мектептерінің іс- тәжірибелерінде  методикалық әрі шығармашылық  әдіс  ретінде кеңінен қолданылуда. Ертегітерапия бұл күнде психотерапевтер мен психологтардың шеңберінен шығып кетті. Ертегітерапиямен педагогтар, кітапханашылар, қаламгерлер айналыса бастады. Соңғы кезде авторлық ертегілер, психологиялық ертегілер деген жаңа жанр пайда болды десек те болады. Тәрбие құралы саналар Ертегітерапияның қамтитын аудиториясы үлкен болғандықтан, оны тек балаларға арналған жоба деп қарастырмаған жөн. Мысалы: Ересектерге арналған ертегітерапия деген бар. Әлем халықтары Ертегітерапияны осылайша аялап,  дамытып жатыр. Біз болсақ, «ол не, бұл неге керек» деген сұрақтармен бас қатырудамыз. Жаңа ғасыр ғылым мен техниканың шарықтап дамыған ғасыры. Дегенмен жаңа ғасырдың жетістіктерімен қоса, өз қиыншылықтары да жыл өткен сайын көбейе түсуде. Әлеуметтік- экономикалық дағдарыс, табиғат заңдарының тепе-теңдігінің сақтала бермеуі салдарынан рухани құндылықтардың тоқырауы, материалдық құндылықтардың алға шығуы болашақ ұрпақ тәрбиесіне әсер етпей қоймайды. Сондықтан да қазіргі кезеңде бала тәрбиесін рухани тұрғыда дамыту өзекті мәселеге айналды. Жас ұрпақ тәрбиесін жаңаша жүргізу, рухани адамгершілігін жетілдіру барысындағы шаралар қолға алынып, кеңінен зерттелуде. Қазіргі баланың ұғымы басқа. Талап-түсінігі басқашалау, себебі интернет олардың миына кіріп алған. Ұлттық тәрбие негізіне бағытталған дүниені мейлінше кеңірек қолданысқа енгізу –болашақ ұрпақ тәрбиесіне игі әсерін тигізері сөзсіз.   

- Осы тақырыпқа байланысты ойға қашан, қалай келдіңіз?

- 2018 жылы сол кездегі басшы Ү.Мұңалбаева ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы жанынан балалар кітапханасын ашты. Сол кезде мен ол кісіге Ертегітерапия туралы ойларымды айтып жүрдім. Бұл ой сол кезде туған еді. сүйтіп кітапхана саласына бейімдеп, "Кітапхана педагогикасы: Ертегітерапия"  әдістемелік құралын жазуды бастап кеттім.

-«Ертегітерапияны» дамыту үшін қандай жұмыстарды қолға алу керек деп ойлайсыз?

 -Кітапханаларда  «Ертегітерапияны» насихаттауға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыруды  бастау керек ойлаймын. Ертегітерапия жобасын түсіндіру ,таныстыру және жүргізу жұмыстары үшін  кітапханашыларға арнап семинар-кездесулер өткізу, Халық ауыз ертегілері мен авторлық ертегілер туралы түсінікті кеңейтіп, ертегі-сабақтарын ұйымдастыру, Ертегі авторларымен кездесулер ұйымдастыру, Ертегі кітаптардың Көрмелерін ұйымдастыру; Шығармашылық кездесулер, Театрда ертегі қойылымдарын тамашалау және талқылау. мастер-кластар, дәрістер, флеш-моб, конкурстар және т. б шараларды ұйымдастырған абзал. Мәселен: кітапханаларда

«Ертегілер әлемінде» атты оқырмандарға арналған жаңажылдық Бал ұйымдастырылып, сол кешке барлық жастағы оқырмандар қатысып, бір ертегі әлемінің ішінде ертегі тыңдап, тамашалап, талдап жатса керемет емес пе?! Сондай-ақ, ертегі авторлары үшін шығармашылық байқаулар ұйымдастыру: Балалар арасында «Ертегі кейіпкерлері», «Менің сүйікті ертегім» тақырыптарында сурет Көрмесін ұйымдастыру;

Ертегілерден  балалардың күшімен сахналық қойылымдар әзірлеу;

«Ертегі кейіпкерлерінің бейнесі –балалар қиялымен» тақырыбында ойыншықтар жасау, тігу, комикс түрінде сурет-кітапшалар салу;

Балалар арасында Ертегі оқудан байқау өткізу сияқты шараларды жүзеге асырсақ , жақсы емес пе? Ертегіге сенбеген бала ертеңіне сенбейді. Ертегіге қызықпаған бала кітапқа қызықпайды. 

- «Ертегітерапия» жобасын қалай жүзеге асса, балалар ой-санасын дамытуға тигізер пайдасы зор болады деп ойлайсыз? 

- «Ертегітерапияны»  дамыту  бүгінгі қоғамға керек  үрдіс әрі кітапхана  педагогикасы  мәдениетін насихаттау болып табылады. Ертегітерапиясының  педагогикалық ,  психологиялық, философиялық , әдеби, мәдени-тарихи , анатомиялық, музыкалық , эстетикалық  қырларына да көңіл бөлу қажет.  Этнопедагогика және қазақ ойшылдары мен ағартушы ғалымдарының педагогикалық көзқарастары мен ұлттық ұстанымын негізге ала отырып, «Ертегітерапия» жобасы – үш технология бойынша жұмыс жасау керек. Олар мыналар:

Тәрбие технологиясы . Ертегітерапия – психотерапияның құрамдас бөлігі. Батыс елдерінің  дәрігерлері ертегітерапияның бала денсаулығына  пайдалы әсері барын  жазуда. Бұл біздің халық үшін  жаңалық емес. Қазақ баласының дүниетанымы ертегімен жетіледі. Бұл ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан халықтық үрдіс, халықтық дәстүр. Ертегітерапия  – бала тілімен жеткізілуі, баланың ой –санасына, табиғатына тән әдіс-тәсілдермен жеткізілуі керек.  Бала ертегіні тыңдап, әсерлену  арқылы өзінше ой қорытады және түрлі шығармашылық қабілетінің ашылуына мүмкіндік алады. Педагогикалық тұрғыдан қарағанда  ертегітерапияның  қозғаушы күшімен түрлі ойыншықтар, ең тамаша анимациялық картиналар, бояулар мен суреттердің өзі теңесе алмайды.

Ақпараттық  технологияға компьютерлік оқыту технологиясы жатады. Қазіргі деңгейде дамыған коммуникациялар ақпарат тасқынын меңгеруге үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Тіпті ертегіні  экрандау,  компьютермен сурет салу да баланың зор қабілеттерін  ашады, өйткені қазіргі ойын баласы компьютермен  дос. Түрлі бағдарламаларды  тез үйреніп алып, дамытуға шебер боп келеді.

Қарым-қатынас технологиясы. Ұлттың рухани иммунитеті –рухани байлықтың аса маңызды ажырамас бір бөлігі  болса, рухани иммунитет  жанға азық болар  жақсы кітаптан дариды.  Кітапхананың бір бөлмесін  «Ертегі бөлмесіне» айналдырып безендіру және атақты ертегі кейіпкерлерінің бейнесі де кітапханаға келген бала оқырманға ерекше көңіл күй сыйлайтыны анық. Ертегітерапиясында  ертегі айтумен ғана шектелмей , талқылау, сұрақ-жауап түріндегі әңгімелер ұйымдастыру да баланың тіл байлығын дамытуда  ықпалы зор. Ертегінің сюжетіне сурет салу  не болмаса сахналық қойылым ретінде көрсету де жақсы әдіс. Балалардың өздерін ертегі кейіпкеріндей сезіндіру үшін ертегіні сахналауға балалардың өздерін де араластыру , сондай –ақ, сүйікті ертегі кейіпкерінен қуыршақ , ойыншықтар жасау да Ертегітерапиясының әдіс-тәсілдеріне жатады.    

-Өзіңіз ертегі оқып, жазып жүрсіз бе?

-Өзім ертегі жазамын. Бірнеше поэзиялық және прозалық ертегілерім бар. Көңіл күйімді көтеру үшін әрі ойлану үшін ұйқыдан тұрғанда кейде ертегі оқимын не тыңдайтын әдетім бар. Ертегі таусылып болмас арман, түгеп бермес фантазия. Шығармашылық қиялыма жан бітіру үшін де ертегіні көп оқып, көп тыңдауға тырысамын.

- Уақытыңызды бөліп сұхбаттасқаныңызға рақмет!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар