Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Менің ең ұлы жаңалықтарым өлең оқығанда ашылады...

31.03.2023 1390

Менің ең ұлы жаңалықтарым өлең оқығанда ашылады 14+

Менің ең ұлы жаңалықтарым өлең оқығанда ашылады - adebiportal.kz

Ақын Олжас Сүлейменов айтты деген сөз бар: «Шекспирі жоқ елдің Ньютоны да болмайды», - деп. Бұл жерде әрі ақын, әрі ғалым Олжас руханият пен ғылым арасындағы ұлы үйлесімділікті өзек етіп отырғаны әмбеге аян. Жалпы ешбір ғылым да, өнер де жеке тұрып кемелділікке жете алған емес. Өнер де, ғылым да жаратылыстың ұлы заңдылықтарына бас ие отырып, бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі жетілдіріп отыратын табиғи құбылыс. Бұл пайым өнер мен ғылымды тудырушы тұлғаға да байланысты айтылар кеп. Әлемде көптеген ғалымдар өз жасампаздық жолында музыкадан, поэзиядан тағы басқа эстетикасы биік өнерден қуат ала отырып, әлемге өз жаңалықтарын ұсынған. Оған көптеген дәлелдерді келтіруге болады. Сондай данышпандардың бірі - физик, инженер, электроника және радиотехника ғылымының өнертапқышы Никола Тесла. 

Бала Никола

Тесла қазіргі Хорватия жерінде дүниеге келген. Серб ұлтының өкілі. Бала Никола 4-5 жас кезінде қатты ауырады. Ол кезде медицинаның шамасы белгілі, баланың беті бері қарамауға айналады. Әредікте есін жиған Тесла әкесіне: «Әке, мен өскенде инженер болайыншы», - деп өтінеді. Сонда әкесі: «Мен сен үшін Құдайға дұға еткенде, балам өскенде сен үшін мінәжат ететін тақуа болады деп уәде етіп едім», - дейді. Сонда Тесла: «Әке, мен өз қалауыммен өмір сүрмесем өлемін», - деп үздіге тіл қатады. Сонымен әкесі келісімін береді де. Екі-үш күннен кейін өлім аузында жатқан бала, асыр салып ойнап кетіп елдің бәрін таң қалдырады. Шын ұлыларға алғырлық пен айрықша ойлау қабылеті тылсым күш арқылы берілетін кезі де болатын сыңайлы. Осы науқастан кейін бала Никола мүлде басқа адам болып оянады. Осы науқас оның жасырын жатқан күштерін оятады. Көз алдында түрлі заттардың пішіні сызылып, миында түрлі пішіндегі заттарды бейнелейтін аспап пайда болған сияқты ерекше күйге түседі.

Тағы бірде кішкентай Тесла үлкен ағаштың қасында ойнап жүріп, ағашқа жай түскенін көреді. Және ол жай отының жалыны өзінде шарпып өткенін сезіндеді. Бірақ Теслаға жай оты зақым әкелмейді, қайта бала Никола ерекше бір күйді басынан өткіздеді. Болашақ данышпанның жарық энергиясымен айналысу сапарының бастауы осы оқиғадан кейін тіпті де күшейе түседі. Ол бейне өзін жарықтан жаралған адамдай сезінеді. Кейін Париж университетін тамамдап инженер мамандығын алып шығады.   

Тесла мен Эдисон

Никола Тесла Эдисонмен 1882 жылы Париже танысады. Сол кезде Эдисонға тиесілі аймақтық компания жобалаушыларының кесірінен Страсбург вокзалының электростнция құрлысы өз жұмысын аяқтай алмай қалады. Олар Теслаға жобадағы ақауды тауып берсең жирма бес мың АҚШ долларын береміз деп уәде етеді. Станция жұмысы жүргеннен кейін: «Сен бар болғаны кеңес бердің, жұмысты өзіміз бітірдік», - деп Теслаға тиесілі ақысын төлемейді. Тесла мен Эдисонның арасындағы таныстық осындай жайсыздықпен басталсада, Тесла амалсыз тағы да біршама уақыт Эдисонға жалданып жұмыс істеуіне тура келеді. Жирма сегіз жастағы жұмыссыз эмигрантты алдау оларға өте ыңғайлы еді. Тесланың өзі кейін: «Эдисон деген неменің басының дәулігін жұрт бекерге сөз етпейді. Ол бастың қатты істейтініне таласым жоқ. Бірақ сол бастың ішінде бір тамшы да ар, ұят болмайтын», - деп ызалана еске алады. Сонымен Тесла Эдисонның компаниясына қатардағы инженер боп жұмысын жалғастыра береді. Ғылымдағы екеуінің нағыз қайшылығы осы кезден басталады. Бұны инженерия саласында тоқтар шайқасы деп те атайды.

Осы компанияда Тесла күніне 18-20 сағаттан еңбек етеді. Негізгі жұмысы тоқ тудрушы электор қозғалтқыштарын жөндеу болсада, ол ең негізгі күшін шығармашылыққа арнайды. Осында жүріп ол жаңа тоқ тудрушы қозғалтқыш ойлап табуға кіріседі. Яғни ауыспалы тоқ өндіретін электро қозғалтқыш жасауға жанын салады. Бұл қозғалтқыш Эдисонның тұрақты тоқ қозғалтқышынан әлдеқайда өнімді еді. Ал, Тесланың бұндай тәуекеліне Эдисонның іш қылп ете қалғаны түсінікті. Ол бірден Теслаға: «Егер менің тұрақты тоқ қозғалтқышымнан асырып бірдеме жасай алсаң мен саған 50 мың АҚШ долларын төлеймін», - деп уәде етеді. Айналасы бір айға жетпейтін уақыт ішінде Тесла Эдисонның тұрақты тоқ қозғалтқышының жетілген 24 нұсқасын ұсынады. Эдисон өзіне қандай қауыпты бәсекелес туғанын сонда барып түсінеді. Әрине, 50 мың доллар гонорар жай ғана әзіл болатын. 

Тоқтар шайқасы

Тесланың ауыспалы тоғы Эдисонның тұрақты тоғына қарағанда бағытын да, көлемін де жиі ауыстыра алатын қасиетке ие. Оның физикада жиілік деп атайды. Эдисонның тапқырлаған тұрақты тоғы тіршілік пен өнеркәсіпке өте қолайсыз еді. Одан шығатын тоқпен тек бір жарым шақырым жердің айналасын ғана жарықтандыруға болатын. Келесі шақырымға тағы бір құрылғы орнату керек болады. Сол кездегі Нью-Йорк қаласын тұрақты тоқпен жарықтаныдру үшін тұтастай жүздеген генераторлар керек болады. Бұл кәсіпкерлер үшін де, тұтынушылар үшін де тым қымбат және қолайсыз еді. Ал Тесланың ауыспалы тоғы арқылы бір қаланы жарықпен қамтуға бір ғана үлкен электростанция жеткілікті еді. Осы сәттен бастап Эдисон жарық энергиясы ғылымында Тесладан оңбай жеңілген еді. Енді эмигрант деп менсінбеген Никола Тесланың күні шығып, айы туып келе жатқан болатын.

Осы жылдар аралығында Эдисонның құрғақ уәдесінен жалыққан Тесла, намыс пен ызаға булығып Эдисонның компаниясындағы жұмысын тастап кетеді. Енді оның алдынан жоқшылыққа толы қиын күндер күтіп алады. Жас эмигрант үшін сүрдекке толы сол күндер тұтастай екі жылға созылады. Бірде Тесланың ескі досы Брауын Николаны көшеде қара жұмыс істеп жүрген жерінен, электр өнімдерін өндіретін компанияның кәсіпкерлеріне таныстырады. Сонымен аз уақытта Тесла пілдей компанияның тең төрағасы болып шыға келеді. Бұл кезде Эдисонның тұрақты тоғы сұраныстан қалып бара жатыр еді. Электр энергиясының ендігі болашағы Тесланың ауыспалы тоғында болатын. Дегенмен, сол уақыттағы адамдар үшін Тесланың тапқырлығы ақымақтық болып көрінетін. Әйтседе, 1888 жылы мамыр айының бірінші жұлдзында ауыспалы тоқ генераторының жобасына екі бірдей патент алады. Бірде инженер Джорж Вестингауз есімді электр өнімдерімен шұғылданатын компанияның директоры Теслаға келіп, тоқтарды алыс аралыққа тасымалдайтын жаңа инженериялық жоба іздеп жүргенін айтады. Тесла оған өзінің ауыспалы тоқ құрылғысын ұсынады. Вестингауз мырза бірден келісіп Тесланың жобасын бір миллион долларға сатып алады. Өзі сол компанияға кеңесші болып кіреді. Сол күні кеште ол миллион доллардың жартысын «Жақсылыққа жақсылық» деп қиын күнде қол ұшын берген досы Брауынға ұсынады. 

Тесла өзі тапқырлаған ауыспалы тоқты «Кемел жүйе» деп атаған. Ол кез келген дүниені тазартып, тіпті адамның ауруын да емдей алады деп есептеген. Және оны өмірде көп қолданған. Оның ауыспалы тоқ жүйесінің атағы лезде Америка жұртына тарай бастайды. Бұл Эдисонның қызғанышыш еселей түседі. Қызғаныштың қызыл иті айтақтаған Эдисон Тесланы сотқа береді, әйткенмен, дәлелі мен дәйегі тастүйін Тесла жеңіп шығады. Енді Эдисон оның жолын кесудің басқа жолдарын қарастыра бастайды. Эдисон Тесланың ауыспалы тоғын пайдаланып, қылмыскерді жазалайтын құрал ойлап табады. Тіпті пілдің баласын ауыспалы тоққа соқтырып өлтіріп газеттер мен телеарналарға жариялайды. Эдисон қанша жерден аяқтан шалғанымен ауыспалы тоқтың даму қарқынын тежей алмайды. Бәрібір жеңілген Эдисон ақыры өзі де ауыспалы тоқ генераторын өндіре бастайды. 

Өртенген зертхана

Осы жылдар ішінде Тесла магнитті өріс пен жоғарғы жиілікті тоқты зерттеп зертханада жеті жыл отырады. Патенттерінің саны үсті-үстіне көбейе береді. Америкалық Электоэнергетика институтының жеткеші ғалымдары алдында лекция оқиды. Тесла шамды қолымен ұстап тұрып оны ауадағы электр өрісімен жағады. Электр тоғын сымсыз таратудың жолдарын көрсетеді. Найзағайдың күшіндей тоқты қолымен бағыттап, миллион ваттық тоқты денесінен өткізеді. Осылайша Тесланың ғылыми жетістігінде шек болмады. Ол электр энергиясымен не істеу керек болса соның бәрін жасайды. Американың білікті ғалымдары оны «Болашақтың» адамы деп баға береді. Ғалымдар Тесланы құрметтеп оны ұлы физик Фарадейдың орындығына отырғызады. Фарадей өлгелі оның орындығына ешкім отырып көрмеген. Және Фарадейдың шөлмегіне виски құйып беріп ерекше құрмет көрсетеді. Бұл ХХ ғасыр ғылым тарихындағы ерекше уақиғалардың бірі еді. Осының бәрі айналып келіп Эдисонға жақпағаны белгілі. Осының бәрін көтере алмаған Эдисон Тесланың жеті жыл бойы зерттеу жұмыстарымен айналысқан Зертханасын өртетіп жібереді. Бұны сол кездегі Нью-Йорк халқының дені біледі. Бірақ Эдисон қылаудай да айғақ болатын із қалдырмаған еді. 1895 жылғы сол өртте Тесланың он жыл бойы зерттеген жұмыстары, зерттеу жобалары түгелдей күлге айналады. Бұл Теслаға ауыр тигені анық. Дегенмен, Тесла бар күш-қуатын бойына жиып, өзінің физикалық зерттеулерін қайтадан толықтай жазып шығады. Өз қаражатымен қайтадан жарық, кең зертхана салып шығады. Сол зертханасында «Талғамалы резонанс» теориясын сынақтан өткізу үшін өз қолымен механикалық қозғалтқыш жасап шығады. Бұл аппарат арқылы бірнеше минутта-ақ Бруклин көпірін қиратып жіберуге болатын еді. «Талғамалы резонанс» дегеніміз – үздіксіз әрі бір қалыпты тербеліс арқылы қалаған дүниеңді қиратып жібере алатын жойқын күш. Ал Тесла сол тәжірибесін жасау үстінде тұтас бір ауданды қиратып ала жаздайды. Сол кездегі америкалық басылымдар Нью-Йорктың Тесла тұратын ауданындағы жер сілкініс туралы жарыса жазып жатады. 

Тесла және поэзия 

Тесла әдетте өзінің тұрмыс тәртібі мен дағдысын өзгертпеуге тырысқан. Оның өмірі, жүріс-тұрысы ғылыммен, физика, матетатикамен біртұтастанып кеткені сонша, тіпті алдындағы астың мөлшерін математикалық жолмен есептеп шықпай көңілі көншімейтін болған.

Физик, инженер Никола Тесланың жандүниесі нәзік, аса сезімтал, ерекше өткір түйсікке ие адам болған деседі. Ол кептер баққанды жақсы көрген. Құстарды еркіндігі үшін, қалаған жағына ұша алатын қамсыздығы мен тазалығы үшін ұнатқан. Өз үйінде мысық ұстаған. Мысықтың да тіршілігін не қаласа соны істейтін өзінің ғылыми жетістіктеріне балаған. Жалпы Тесла жан-жануарлар мен құстарды, табиғатты адамзаттан артық сүйгені анық. Ғылыми жаңалықтары әкелген табысының арқасында Тесла Нью-Йорктағы дәулетті адамдардың бірі болды. Тесла тіпті Нью-Йорктегі ақын, жазушы, музканттарды шақырып үлкен рухани кештер өткізіп тұрған. Ол кешке сол кездегі ең беделді өнер адамдары мен қоғам қайраткерлері жиналатын. Тесла олардың бәрімен жақын дос болған. Ондай салихалы кештерде ақын Киплинг өлең оқыса, жазушы Марк Твен небір қызықты әңгімелер айтып елді күлкіге бөлеген. Ал композитор Дворжак фортепианинода ойнайтын. Кештен кейін барлық қонақтар Тесланың зертханасына жиналатын. Тесла оларға қызықты тәжірибелерін көрсетіп, ғылымның болашағы туралы айтып беретін болған. Тесланың ең жақсы достарының бірі Роберт Джонс еді. Ол Америкадағы белді журналдың редакторы. Тесла мен Роберттың арасындағы мызғымас достықтың дәнекері поэзияға деген ортақ қызығушылықтан туындаған болатын. Тіпті екеуі бірге тізе қосып серб ақындарының өлеңдерін аударып жарыққа шығарады. Солардың ішінде Тесла Йован Йованович-Змай есімді ақынның өлеңдерін ерекше жақсы көреді. 

Ар мен алтын тең емес,

Адалға байлық шен емес.

Дәулеті оның ар-намыс,

Ақшаға сатар мен емес. 

Ар бұлдаған әпенде, 

Сұр қоңыздан кем емес. – деп келетін Йованның өлеңдерін Тесла жатқа оқыған.

Никола Тесланың айрықша түйсігі, алдын-ала болжағыш көрегендік қасиеті де достары арасында аңыздай болып айтылады. Ол бірде жол жүргелі тұрған досы Робертты поезға отырмауға көндіреді. Айтқандай-ақ, сол поез жол апатына ұшырап көп адам шығыны болады. Ол тағы бір досы полковник Асторға Титаник кемесіне отырма деп көп жалынады. Ал кейіннен Титаник кемесінің тағдыры не болғаны бәрімізге түсінікті.  

Тунгус метеориті

Сол кездегі кәсіп орындардың ұсынысына сай Тесла найзағайдың қуатын электорстанцияға жинап оны тоқ ретінде пайдаланатын құрылғы ойлап табады. Бұл құрылғы найзағай өрісін бойына жинап алып кернеуі бірнеше миллион волтт, ал жиілігі 150 мың герц болатын тоқ тарта алады. Және Тесла бұл өлшемді онан сайын жоғарлатады. Ол аздай найзағай өрісінен алған тоқты сымсыз жолмен жеткізіп айналаны жарықтандыруға болатынын тәжірибе жүзінде іске асырады. Өкінішке қарай, жергілікті электорстанциялары бұндай экспормотқа дайын болмай шығады да генераторлары күйіп қалады. Дейтұрғанмен, Тесла найзағай қуатынан тоқ шығару және сымсыз жер арқылы тоқ тарату жүйесін арнайы мақала етіп жазып Роберттың журналына жариялайды. Онда Тесла жоғары жиілікті толқын арқылы беруге болатынын, сол арқылы көшелер мен үйлерді жарықтандыруға, жылытуға, жердегі электоркөліктердің қозғалысын басқаруға, автоматтарды іске қосуға болатынын дәлелдейді. Осыдан соң Тесла энергияны сымсыз таратудың жобасын жасайды. Ауадан жиналған энергияны әлемнің кезкелген нүктесіне шоғырландырып, оны әртүрлі жолмен таратуға болатын құрылғы ойлап шығарады. Мәселен мың бомбаның күшіндей жарылыс жасауға немесе солтүстіктегі түнгі сәулені қолмен жасауға болатынын көрсетеді. Яғни жершарының бір нүктесінен бір нүктесіне мол энергияны сымсыз тасымалдауға болатынын айғақтайды. Алайда, бұндай ақылға қонымсыз тапқырлық сол замандағы өнеркәсіп иелерін қызықтыра қоймайды. Дегенмен, Тесла осы жобасын іске асырып көру үшін, ешкімге зияны тимесін деп Сібірдің адам аяғы баспайтын шығыс нүктесін талдап, негізгі энергияны сол алаңға шоғырландырып сол аумақты жарып жібереді. Сол кезде бұл құбылысқа жер шарының жартысы куә болады. Бірақ ешкімде бұл құбылысты Тесла жасады деп ойламаған. Өйткені Тесла АҚШ-тың қаупсіздік комитетіне бұл туралы тіс жармауға уәде берген. Тарихта бұл «Тунгус метеориті» деген атпен қалады.  

Тесланың бұл құрылғысы қарапайым қолданбалы ғылым еді. Егер Тесла ақылын сәл ғана қозағп жұмыс істесе бір сәтте неше жүз шақырым алыстағы, неше мың жаудың соғыс ұшағын жойып жіберетін «Әлем сәулесін» ойлап табады. «Әлем сәулесі» арқылы әрбір ел көзге көрінбейтін «Қытай қорғанын» тұрғыза алады. Әр ел өзінің шекарасын «Әлем сәулесімен» қоршап алса болды, оған сырттан ешқандай қауып жоқ. Тесла бұл жобасын әскерилерге бермеген. Өйткені, олар бұл «Әлем сәулесін» соғыс арқылы өлім сәулесіне айналдырары сөзсіз еді. Бұл Пентагонның ең озық қаруына айналып кетер еді. Тесла соғысты жек көрген. Ол өзі жасаған бейбіт құрылғының мойнына кісінің қанын жүктейтін озбыр қаруға айналуын қаламаған. Соның салдарынан да әскери адамдардан көп жапа шеккені белгілі. 

Ауамен жүретін машина

Тесла 1908 жылы Нью-Йоркте өткен электр көрмесінде радио арқылы алыстан басқарылатын қайық ойлап тауып, көрмеге қояды. Сосын бұл нәрсе үлкен ойыншықтарға көшеді. Осы негізде әскери кемелерді жағадан жирма бес шақырым қашықтықта тұрып басқаруға мүмкіндік берді. Осы негізде жау кемесін анықтайтын құрылғы ойлап табады. Әу баста Тесла оны жердегі қазба байлықтардың орнын анықтау үшін ойлап тапқан еді. Тесла өз сөзінде: «Мен әскерилерді жақсы көрмеймін, олар қан ағызуға құмар. Мен қарапайым адамдарға арнап жаңалық ашқым келеді, өкінішке қарай, қарапайым адамдар жаңаны қабылдауға дайын болмайды. Олар көбіне ақымақ әрі соқыр келеді»,- деп ашына айтқаны бар.  

Бірде Тесла энергияның ауада тарайтынын тәжірибе жүзінде көрсеткісі келеді. Ол автокөліктегі жанармаймен жұмыс істейтін қозғалтқышты алып тастап, оның орнына қуаты сексен аттың күші болатын ауыспалы тоқ қозғалтқышын жасап орналастырады. Тесла орнатқан электроматор еш жерден қосымша энергия алмай бір апта бойына жұмыс істей алатын еді. Ал көлік 150км/һ жылдамдықпен жылжи алатын қуатқа ие. Таңқаларлығы кәсіпкерлерге бұл қызық болып көрінген жоқ. Ауадан алынған энергия үшін оларға ешкім ақша төлемесі анық еді. Электро қозғалтқышын қайтарып алған Тесла қайтып оны ешкімге көрсетпеген.

Алпыс жыл жазылған алып жыр және Тесланың қуаты

Заманына мерзімді баспасөздер Тесланы тылсым, зұлым күштермен байланысады деп айыптаған. Біз білмейтін құпия күштерді бағындырып, сол арқылы адамзаттың миына сыймайтын жаңалықтар ойлап тауып жүр деп қауесет шығарған. Шын мәнінде бұл шалықтаған пікірлердің еш негізі, тиянағы жоқ еді. Фауст айтатын «Талпынған жан адаспай тегі тұрмас» деген сөздің ұшығы осы Тесланың таланына тікелей қатысты пайым еді. Фауст ойы сергек, санасы ұшқыр нағыз гуманист ғалым. Ол тынымсыз ізденіс үстіндегі, өз білімі мен жетістігіне қанағттанбайтын тұлға. Ол жаратылыстың сырын, табиғаттың құпиясын іздеп басын тау мен тасқа ұрады. Фауст – өмірдің мәні тек ғылым да деп білген. Ол адамның қауқарсыз, қораш, ергежейлі танымына жиркене қарап, өмір бойы ұлы ақиқаттың бастауын табуға ниет еткен жанкешті адам. Бұл тұрғыдан Фауст пен Тесла бір типтегі, бір танымдағы тағдырлас тұлғалар екені анық.  

Жағымпаздар мақтағанға дандайсып бір кетсем мен,

Өз-өзіме көңіл толып кесірлікке жетсем мен.

Қара басып, ұйқы жеңіп, бойкүйездік шексем мен,

Өтсе өмір жар құшақтап әйел таңдап екшеумен.  

Тап сол сәтте ажал құшып обалым жоқ өлсем мен. 

Бұл Фаусттың Мефистофельге жанын сатардағы айтқаны. Тесла Гетенің «Фауст» трагедиясын ерекше жақсы көрген. Тесла өзінің жаны мен Фауст арасынан үндестік тауып, шығармашылық шабыт көзін табады. Тесла бір сөзінде: «Фауст екемізде табиғаттың құпияларын ашу үшін жанымызды қиюға даярмыз», - деп айтқаны бар. Тесла Фаусты оқығанда жаны жай табатыны сондай: «Менің ең ұлы жаңалықтарым өлең оқып отырғанда ашылады», - деп шын сөзін айтқан болатын. 

«Фауст» – өлмейтін қазына. Никола Тесла – өшпейтін даңық. Екеуіде адамзаттың жасампаздық жолындағы шамшырағы. Ұлы өркениеттер тоғысының күмбезі. Бір-бірінен нәр алған кесек ой көшкіні. Тесла талай таңда ұлы сырласы Гетенің поэзиясын күбірлеп оқып, терең ойға батып, шабыттың қайнар бастауын тапқаны анық. Ол «Фаустың» қаншама шумақтарын жатқа айтып, зертханасында ары-бері теңселіп жүрді екен?..

О, дүние-ай, бір кеудемде екі жан,

Тартысады екі басты жыландай.

Бірі жерді ұнатады жанындай

Жер бетінің бар қызығы оған тән.

Екіншісі лапылдайды жалындап,

Жоғарыға сүйрелейді бағынбай. 

Марспен тілдесу

1915 жылы Никола Теслаға физика ғылымы бойынша Нобель сыйлығын бермек болады. Бірақ Тесла бас тартады. Өйткені ол сыйлықты Эдисон екеуіне бірдей бермек екен. Тесланың өз сөзімен айтқанда Эдисонда да ұяттың жұрнағы бар екен, ол да солай істеп аталмыш сыйлықтан бас тартады. Алайда, Американың Электроэнергетика институтының Эдисон атындағы сыйлығынан Тесла бас тарта алмай қалады. Тесла үшін Эдисон деген аттың өзі жүйкесіне тиетін жиркенішті есім болған. Сондықтан да шарасыздан алған Эдисон атындағы сыйлықтың медалын ара темірмен екіге бөліп, екі хатшы қызына жалақы ретінде бөліп береді.

Бірде Тесла достарына бөгде планеталықтармен сөйлескенін айтады. Оны өзі былай түсіндіреді. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде жұрт радиодан басқа әңгіме айтпайтын болды. Инвесторларда сол радиоға ғана ақша салатын болып алады. Ал Тесла үшін радио байланыс ескірген жаңалық, кешегі күннің үлесі болатын. Бірақ 1926 жылдың бір күнінде көне досы полковник Астордың мұрагерлері хабарласып сапасы жоғары радио байланыс жасап беруді өтінеді. Тесла досы Астор мырзаның аруағын сыйлап бұл тапсырманы орындауға келіседі. Тесла құрылғысын сынақтан өткізіп отырып технагенді табиғаттың дыбыстық белгілерін ұстап алады. Тесланың есебі бойынша бұл белгілер марстан келіп жатқаны анықталады. Оған өзі 94 пайыз кепілдік береді. Бірақ бұл дыбыс екінші рет қайталанбайды. Мүмкін бұл соңғы бірнеше мың жылда марстың жерге ең жақын жылжып келуінен болған құбылыс болуы ықтимал. Сонымен марс жерден алыстап, байланыс та үзіледі. Десек те, Тесланың марспен байлансқа түсуі ел іші-сыртында аңызға айналып кетеді. Тіпті бұл туралы жазушы Герберт Уэлсс «Айдағы алғашқы адам» романында жазады. Тесланың пікірінше Марс болсын, басқа планета болсын ол жақтада біреулердің бар екені анық. Олардың да бізбен байланысқысы келеді, күндердің күнінде біз оларды көреміз. Олар жұлдыздар әлемін оңай кесіп өтетін тіршілік иелері. Біздің өзге ғаламшарлықтардан үйренеріміз көп деп түйіндейді.

Түйін

Тесла ғалым ретінде ғаламның барлық құпиясын түйсіне, сезіне білген. Ол бейне жарықтан, энергиядан жаралған адамдай жер шарындағы ірі физикалық құбылыстармен үйлесімді өмір сүреді. Ол әлемді қоршаған энергияны екі қолымен-ақ басқаруды білді. Ол бейне екі қолынан найзағай оттарын ойнатып, энергия арқылы жұмыс істейтін барлық құрылғыларға өз ықпалын жүргізе алатын ғаламның әміршісі сияқты еді. Ал, энергиясыз жер бетіндегі тіршілікті елестету мүмкін емес. Сондықтан Тесла бір өзі әлемнің қожасындай әулиелікпен ғұмыр кешті деу ақылға қонымды.   

Никола Тесланың бір ғасыр бұрын болашақ жайлы айтқандары да айнымай келіп жатқаны аян. Ол болашақ бүгіннен басталады, сондықтан көптеген корпорациялар әлемдегі үздік өнер тапқырлықтарын сатып алады да, оны тығып тастайды. Олар үшін болашақты монополдап отыру аса маңызды. Дегенмен, адамзат өмірінің дағдысына орай олар өз уақытымен жарыққа шығып отырады. Тесланың пайымынша болашақта электроқозғалтқыштар жаппай тұтынуға түседі, жанармаймен жұмыс істейтін қозғалтқыштар қатардан қалады, жеке радио арқылы адамдар кезкелген қашықтықтан сөйлесе беретін болады. Электорнды есептеуіш құралдарын қолға ұстап жүруге болады, әлемде ортақ ақпарат жүйесі қалыптасады, кезкелген ақпаратты сымсыз таратуға болады, энергияда солай, электр тоқтарын шалғай ауылдарға ешбір электр сымдарын қолданбай жеткізуге болады, сондай-ақ, адамға көмектесетін жасанды интеллект пайда болады, оны адамдар бір-біріне қару ретінде жұмсайтын болады. Әскерилер бір-бірінің байланыс жүйесі мен электроникасын микротолқындар арқылы істен шығаратын болады. Планеталық деңгейдегі неспера арқылы жасанды жерсілкінісін тудыра алады. Болашақта адамдар күннен қуат алатын батерия, газ трубинасы, жасанды интеллект, әскери лазер сынды толып жатқан жаңалықтарға қолы жетеді деп ескертеді. Тесла осылайша біздің күңгірт әрі қорқынышты болашағымызды болжап, өз пайымымен дәлелдеп береді.

Никола Тесла 1943 жылы құпия жағыдайда қайтыс болады. Ресми деректерде ол жүрек науқасынан қайтыс болды деп мәлім етілген. Негізгі болжам бойынша Тесла өлмеген. Оны ұрлап кеткен. Мәйітінің орнына ұқсас біреуді жатқызып салтанатты түрде жерлеген. Арнайы жасақ қызыметкерлері Тесла тоқтаған қонақ үй бөлмесін тінтіп, оның қолжазбаларын алып қалған. Бірақ ол жазбаларда негізінен ғалымның философиялық ой-толғамдары ғана қамтылған. Ғалымдардың басым көбі Тесланың ғылыми жаңалықтары мен зерттеу еңбектерінің барлығы құпия сақталған деп есептейді. Және ХХ ғасырдағы ғылыми жаңалықтардың баршасының бастауында Тесланың еңбектері тұр деп баға береді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар