Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Алаш және азаматтық журналистика жайлы аз ғана сөз...

28.06.2024 293

Алаш және азаматтық журналистика жайлы аз ғана сөз... 14+

Алаш және азаматтық журналистика жайлы аз ғана сөз... - adebiportal.kz

Журналистика – әлеуметтік жауапкершілікті қажет ететін мамандық. Журналистің басты міндеті – аудиторияның ақпаратқа деген сұранысын қанағаттандыруБұл олардың арнайы құқықтарын ғана емес, сонымен бірге олардың ерекше міндеттерін де анықтайды. Осы тұрғыдан алғанда қоғамдағы келешек мәселелер мен маңызды мәселелерді жариялау мен бағалауда аса жауапкершілігі мол мамандық ретінде есептелінеді. Сәйкесінше журналистикасыз қоғамның хал-ахуалын, кескін-келбетін елестету мүмкін емес. Яғни, қоғамның мүддесіне, сеніміне, көзқарасына үн қосатын БАҚ өзінің бейтараптығын қатаң сақтап, қоғамды нақты және дәлелді ақпараттармен қамтамасыз етуге міндетті.

Дәлірек айтсақ, шыншылдық пен нақтылық, бейтараптылық, тәуелсіздік және әділдік журналистиканың өзгертілмес Темірқазығы демек артық айтқанымыз емес. Десе де, аталған критерийлер белгілі бір күшке яки үстем тап өкілдеріне немесе билікке бағынышты журналистерден іргесін аулақ салып жататыны тағы бар. Осы тұрғыда азаматтық журналистиканың маңызы мен алатын орны ерекше. Азаматтық журналистика, белгілі бір идеологияға негізделмеген, еркін, тәуелсіз, әрісі дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан тыс қалған оқиғаларды қамтиды. Негізінен азаматтық журналистика технологиялық контексте  жаңа медиа арқылы дамиды. Себебі цифрлық технологияның дамуы барлық әлеуметтік салаларға ықпал еткені секілді БАҚ-қа да белгі бір деңгейде әсер етті. Сәйкесінше азаматтық журналистиканың дамуы және кең өріс алуына интернет өрісінің маңызы зор. Десе де экономикасы мен демократиясы толық қалыптасып үлгермеген, бірақ сонда да болашақтан үмітті біздің мемлекет секілді елдерде биліктен тәуелсіз азаматтық журналистиканың көрінісі көңіл көншітерлік жағдайда емес. Әрине, қызылды-жасылды ақпараттардан бөлек, қоғамның шындығын шырылдап айтып жүрген азаматтық журналистика саласында жүрген жандар да аз емес. Олардың жұмыстарына сәттілік тілей отырып, қазақ баспасөзіндегі азаматтық журналистиканың тарихына қысқа да нұсқа көз жүгірткіміз келеді, құрметті оқырман.

Сонымен қазақ тілді азаматтық журналистиканың ең көркем, ең жарқын тұстары Патшалық Ресейдің құлауының соңғы ширегі мен Уақытша үкімет және Кеңестік биліктің алғашқы жылдарында көрініс тапты. Дәлірек айтсақ, қазақ жеріндегі кәсіби азаматтық журналистика  институтын қалыптастырған бірден бір басылым - «Қазақ» газеті. «Қазақ»  газеті, қызметінің қысқа мерзіміне қарамастан газеттің пайда болуы қазақ зиялыларының саяси белсенділігі туралы куәландырады. Газеттің атауына байланысты А. Байтұрсынұлы «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетамыздың есімін Қазақ деп қойдық» деген сөзінен-ақ, ұлт қайреткерлерінің газетті шығарудағы негізгі мақсаты, отаршылдықтан әдбен зәрезап болған ұлттың мүддесін қорғау болғанын анық аңғарамыз. 

Осылайша, ұлт тағдырына жауапты сезінген Алаштықтар елдің болашағы білекте емес, білімді екенін басты назарға қойып, «Қазақ» газетін өмірге алып келді. Әрине, аталған газет қазақ баспасөзінде алғашқы газет болмаса да, «жолының» үлкендігіне, ауқымдылығына, ықпалына байланысты бірінші жазып отырмыз. 1913-1918 жылдар аралығында Орынборда шыққан «Қазақ» газетінің өз рөлін сезініп, ұлттық коммуникацияның, халық жаңғыруының тілшісі болуы тегін емес. Редакция жұмысына ұлт зиялыларының көрнекті өкілдері қатысты. Шығармашылық жолын халқының азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған ақын, аудармашы, тіл жанашыры, ұстаз А.Байтұрсынов газеттің редакторы болды. Газетте Әлихан Бөкейхановтың фольклоры, Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілі мен қазақ әдебиетіне қатысты ғылыми зерттеулері жарияланды. 1917 жылы наурызда «Қазақ» газетінде жарияланған либералдық зиялылар Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, М.Тынышпаев «Алаш Орда» мемлекеттік саяси партиясын құрды. Осылайша, Патшалық Ресейдің озбырлығына қылыштан гөрі, қаламның өткір екенін тағы бір рет дәлелдеді. 

Мұнымен қатар, «Қазақ» газетімен қатар айтылатын, алғашқы қазақ журналы «Айқапты» да осы қатарға қосуға болады. Белгілі бір деңгейде иедологиялық керағар пікірлердің болуына қарамастан, «Айқап» журналы патша үкіметінің саясатын насихаттайтын журнал емес, қазақтың мүддесін көздейтін, оның жоғын жоқтайтын журнал болғанын да айта кетуіміз керек. Дәлірек айтсақ, журнал қазақ депутаттарының мұсылман фракцияларының жұмысына қатысуының толық тарихын ұсынды, Мемлекеттік Думаның жұмысын қамтыды, патша үкіметінің озбырлығы, ішкі және сыртқы саясат туралы мақалалар жариялады.  Сонымен қатар, «Қазақстан» газеті қазақтың азаматтық баспасөзінің алға шығуына маңызды рөл атқарды. 1911 жылдың наурыз айынан бастап жарыққа шықты. Өзінің төртінші санынан кейін редакция қаржылық себептерге байланысты газетті шығаруды тоқтатуға мәжбүр болды. Хабар тарату 1913 жылдың қаңтарында қайта басталып, 1913 жылдың маусымына дейін созылды. Газет алдымен Ордада, кейін Оралда басылып, озық ойлы зиялылардың баспасөз органына да айналды. Бұл қатарға  Б. Майлин мен Ж. Тілепбергеннің редакциясымен Уфада жариялаған «Садақ» журналын да қосуымыз керек. Идеялық-саяси бағытқа негізделген басылым, қазақ-татар ұлт зиялыларының қалыптасуына да едәуір дәрежеде ықпал етті. Сонымен қатар, қазақ жеріндегі социологиялық-экономикалық, қоғамдық-саяси тақырыптарды басты назарда ұстаған «Сарыарқа» газетін де айтпай кетпеуге болмайды. Аталған газет беттерінде сол кездегі Патшалық Ресейдің отарлау саясатының қазақ халқына келтірген зияны, қазақтар мен көшіп келген орыс шаруаларының өзара қарым-қатынасы туралы материалдар жарияланды.  Қазақ баспасөзінде азаматтық журналтиканың қалыптасуына бірден бір ықпал еткен тағы бір басылым болатын болса, ол Мұстафа Шоқайдың редакторлығымен басылған «Бірлік туы» газетін айтуға болады. Газет 1917 жылы ақпан революциясынан кейінгі қоғамдық-саяси жағдайды, қазақ жеріндегі әлеуметтік-экономикалық ақуалды бағамдап, саралап, хабардар етіп отырды. Осылайша, газет Түркістанды демократияландыру жолындағы автономиялы партиялардың міндеттері мен мақсаттарын оқырман қауымға жеткізуді және Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары мен қос билік жылдарында қазақ халқына жасалған әділетсіздіктерді көрсетуді өз міндетіне алды. Әрине, қазақ баспасөзіндегі азаматтық журналистиканың алғышарттарын қалыптастырған басылымдар мұнымен шектеліп қалмайды. «Ұран», «Жас қазақ» газеттері де белгілі бір деңгейде қоғамның мұның мұңдап, жоғалтқанын табуға бір кісідей қызмет еткен басылымдар. Қаншама кедергілер мен қолайсыздықтарға қарамастан, патшалық биліктің, кейіннен кеңестік биліктің озбырлығын ашық және нақты деректермен жазып, қоғамның саяси және әлеуметтік білімін арттыруда және осы арқылы халықтың көзін ашуда орасан зор қызмет етті. Міне, осындай қиын-қыстау кезеңде қаламның сертінен таймай, халық алдындағы борышын адал өтеген басылымдардың арқасында,  осы басылымдардың ұстанған позициясынан ауытқымай, бүгінгі қазақ жерінде белгілі бір күштердің қыспағына төтеп беріп, әлі күнге дейін азаматтық журналистика өкілдері қызмет етіп келеді. Әгәрәки, елімізде азаматтық журналистика бар болса, оның басында алаш идеясы мен ұстанымы тұрғандығы сөзсіз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар