Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Дахан Жәмші. Таңғы ас тәңірден...

04.06.2024 757

Дахан Жәмші. Таңғы ас тәңірден 12+

Дахан Жәмші. Таңғы ас тәңірден - adebiportal.kz

Олжастың көзі ілінер емес. Түн жарымынан ауды. Ойы он, санасы санға бөлінді. Ертең кешке пойызбен қайтуы керек. Бар жоғы 12 сағат уақытта алатынын алып үлгермесе... Ел аузында жыр болған «банкрот» қамыты мұның мойнына киілмек. Соны ойлағанда, арқасы мұздап кетеді. «Банкрот болатындай, бай кәсіпкермін бе?» - деп, күліп қояды. Уақыт тығыз, не аларын шеше алмай, санасы сан бөлініп дөңбекшиді. Алты күнде ала алмаған затын, бірнеше сағатта алатынына сенгісі жоқ. Үш ай шала ұйқы жүріп, шаршап шалдығып тапқан табысын өсірсем, баспаналы болсам деген арманы алыстай бастады. Дегенмен, көңілі тоқ. Жүрегі тыныш. Әжесінің «таңғы ас тәңірден» дейтіні, есіне түсті. Күлімсіреген болды. Көрпені басына орады. Көз алдында соңғы өткен үш ай тізбектеліп өте берді. 

...Елде демократия толқыны келісімен, аласапыран басталды. Бәрі еркін. Не істесең де өз еркің. Бұрынғы «анау болмайды, мынау болмайды» жайында қалды. Елдің бәрі саудагер. Шетелден машина дейсің бе, тауар дейсің бе, ақшаң болса әкеле бер. Сан білесің бе, саудаға ебің бар ма, болды. Ұялма, жас, кәріге еш сөкеттігі жоқ, сауда жаса...

Жариялық дәуірі осылай басталды. Сөз бостандығы кеңіді. Газет-журнал қаптады. Өте өтімді. Хат танитын сегіз жастағы баладан, сексендегі селкілдеген шалға дейін газет оқуға құмар болып кетті. Газеттердің де жазбайтыны жоқ. Жазуға ыңғайың болса, қалам ал да сілтей бер. Бұрынғы бүркемелеу, саясаттан тыс жүру деген бүгін жоқ. Бірі – саясаткер, бірі – саудагер. 

Олжас жасынан қағілез, сезімтал еді. Болып жатқан өзгерістен ол да құр қалғысы келмеді. Тұрмыстары да шамалы болатын. Кәрі анасымен жер үйде тұрады. Шыны керек туған анасы емес, асырап алған анасы. Оны Олжас өзі де білетін, соған сай «әже» деп, атап кетті. Әке-шешесі ауылда қалған. Көп балалы болған соң, осы әжесі күйеуі екеуі өзінде бала болмаған соң, қызмет бабымен қалаға көшкенде: «Бізге серік болсын, өлсек басымызды сүйейді, асырап-бағып беремін», - деп ата-анасынан қалап алып келген. Олжастың жанұясы көп балалы, тұрмысы да төмен еді. 

Асырап алған әкесі Олжасты жанындай жақсы көрді, өте бауырмал-тын. Амал не, қалаға келген соң көп кешікпей ауырып қайтыс болды. Үкімет тірісінде пәтер беретін болған. Енді мына аласапыран басталып, не болары белгісіз болып кетті. Олжас өз қатарлы балалармен бірге газет сатумен айналысуға бел буып, осы ойын әжесіне айтты. Әжесінің: «Сабағың нашарлайды, болмайды», - дегеніне қарамады. Сабағы кілең бес болмаса да, жақсыдан жоғары болатын. Сөйтіп Олжас бір сәтте мектепте оқушы, көшеде газет сатушы болып шыға келді. Олжастың сататыны – атышулы «Демократия» деген алты беттік газет. Екі күнде бір шығады. Сатылатын газеттің жаңа нөмірі таңғы алтыда сатушылардың аты жазылып, буып-түйілген қалпында баспахананың тарату залында санымен сақылдап дайын тұрады. Санап уақыт кетірмейсің. Сатушы балалар да аманатқа қиянат жасамайтын. Егер газет бумада артық шықса сатып бағасын, кем шықса қайтып келіп, алған газеттің санына қарай төлейді. Үш ай газет сатқанда, ақша кеміп, газет жоғалған жайында сөз болған емес. Сабақ басталғанша газетті арқалай жүріп өзіне тиесілі аумағына жеткенше сатып, келісіп алған үйлердің пошта жәшігіне, есігінің астынан қыстырып кетеді. Қалғанын мектепке жеткенше сатады. Бастапқыда газетті көшеде сатам деп, уақытын жоғалтып, өткізе алмай қиналды. Адам сөйлей-сөйлей шешен, көре-көре көсем болатыны рас екен. Газетті сату мен өткізудің ебін тауып алды. Кәнігі пошта тасушыларша, үй-үйді аралап газеттерді таратып береді. Сабақтан соң, газетін сата жүріп, ақшасын жинап алады. 

Бірде өз мектебінің мұғалімі киоскіден газет алып жатқанын көріп, тың ойға кетті. Мұғалімге жолығып газет сатып жүргенін айта келе: «Қарсы болмасаңыз, керек газетіңізді жеткізіп беріп тұрсам», - деген, емеурін білдірді. Мұғалім келісті. Осыдан соң, бір мұғалім емес, мектептің барлық мұғалімі газетті Олжастан алатын болды. Сабаққа келгенде мұғалімдердің атын жазып кезекшіге тастап кетеді. Үзіліс кезінде жүгіріп жүріп ақшасын жинап алады. Сабақтан соң үй аралап ақшасын жинағанда, көзі нашар көретіндер, қарт адамдар газеттегі қызықты оқиғлардың мазмұнын сұрап, әлек шығарады. Қызықты жерін айттыру үшін қарттар шай қайнатып, тамақ дайындап қояды, «жас баласың» деп, ақшаны артық та береді. Олжекең мұның да ақылын тапты. Үй сайын лекция оқуға уақыты жетпейтінін айтып, белгілі бір жерге жиналуға ұсыныс білдірді. Қарттар келісті. Көбіне аулада жиналатын. Жиналғандар, бір-біріне еліктеп, саны көбейе берді. Кетерінде жай кетпейді, газеттен бір-бірді ала кетеді. Қарттарға лекция оқимын деп, тілі жатылып, сөзі түзеліп, кәнігі лектор болып алды. Газеттерді оқи-оқи, саясат пен тарихтан, т.б. тақырыптан білмейтіні де қалмады. Кітапты да көп оқитын. Соның арқасында қарттардың сұрағына қиналмай жауап беретін халге жетті. Арасында әжесіне газет жеткізіп кетеді. Ол кісі де қарап отырмай, күніне отыз-қырық газет сатып қояды. 

Осылай жаз бойы тыным тапай газет сатудың арқасында, сегіз мыңдай төгрөг тапты. Үш жүзіне Қытайға баратын шақыру, үш мыңына Пекинге барып келу үшін пойызға билет, бес жүзіне шетел паспортын шығартып алды. Қалғанын долларға ауыстырды

Жүрерге бір күн қалғанда, қаланың шетіндегі жер үйлерге барып, алдын ала келіскені бойынша көзін шала ашқан төрт күшік сатып алды. «Сатып алды» деген – айтуға ғана, иттің иесіне бір қорап кәмпит, бірнеше төгрөг ұстатты. Жас күшікті қалай асыраймын деп отырған жалғызбасты кемпірге бұл өзі жақсы сауда болды. Кәрі әжесіне жетерлік ақша тастап, күшіктерін жол дорбаға салып, үлкен сауда жасауға пойызбен Пекинге тартты. 

Келгеніне міне аттай алты күн. Базар аралап сенделді. Алған түгі жоқ. Бұрын өтірік айтып көрмеген басы, кеденшілерге өтірік айтқаны есіне түсіп: «Осы қиналысым, өтірік айтқанымнан болды!» - деп, ойлағанда арқасы мұздап кетеді. «Неге өтірік айттым? Құдай көріп тұр ғой. Адамды алдағанменҚұдайды қалай алдаймын? Құдай көрген соң, мені осылай жазалап тұрған шығар!» - деп налиды. «Өтірік айтпасам, күшікті қалай шекарадан шығарам? Күшік шықпаса, қалай ақша табам, амалсыз жасадым ғой. Құдай мейірімді ,кешіреді!» - деп, өзін өзі бір уақ жұбатып қояды. 

Көп ойлаудың әсері ме, өңінде көргені көз алдында тізбектеле бастады. Шекараға таяғанда ұйқының дәрісін суға езіп күшіктердің ауызына шприцпен құйып жіберді. Онсыз да көзін ашар-ашпас, жолсоқты болған ұйқылы-ояу күшіктер ұйқыға басты. 

Шекараға жетті. Шекарашылар паспортын әкетті. Кеденшілер келді: қол жүгін сұрады: «Азық салған дорбам бар, анда жатыр», - деп, төсектің астын нұсқады. Кеденшілер: «Басқа жүгің жоқ па, жалғыз дорба ма?» - деп, болмаған соң: «Алдыңғы вагонда ағам бар, қалған жүк сонда. Билет болмаған соң екі вагонға билет алдық», - деп, өтірікті басып жіберді. Жас балаға жармасып не қылады: «Жарайды!» - деп кеденшілер кетті. 

Қытай кеденшілері жүк туралы сұраған да жоқ. Паспортына мөр басты да қоя берді. Пекинге таяғанда күшіктер оянып қыңсылай бастады. Купедегілер күшіктің дауысын естіп үрписіп кетті. «Не болды, иттің даусы ма?» - деп, шошына бастады. Бұл болған жайды амалсыз купедегілерге жайып салды. «Қаршадайыңнан осының бәрін қайдан біліп жүрсің? Біз жүрміз: доллар қалталап келіп, түйедей-түйедей қап көтеріп. Сен, төрт күшікпен не істемексің?» - десті олар. Күшіктерді сататынын айтты. Қытайда ит табылмайды. Пекинде ит қат, қымбат екен. Итті қымбатқа алатынын газеттен оқып білді. Бұрын саудаға барған балалардан ит сату жайын біліп, алушылардың мекенжайын да алған. Бірақ бұрын барғандар иттің етін ғана апарған екен. Ет алушылар: «Тірі ит әкелсеңдер өте қымбатқа аламыз», - депті. Тірі итті қалай шекара асырады? Ол бітпейтін шаруа. Бірақ Олжекең оның ебін таптыМіне әкелді. 

Төрт күшікті мекенжай бойынша апарып біреуін 200 юаньнан, төртеуін 800 юанбға берді. Өзіндегі 200 юаньмен қосқанда бір мың юань болды. Міне содан бері бақандай бес күн. Не аларын білмей сенделуде. Саудагерлердің көбі қырым күрте, пуховик алды. Бұл да алғысы келеді. Есептейді, есебі қабыспайды. Қандай зат өтімді деп, жазып алған тауарының тізімін шығарып көріп, бағасын салыстырады. Мардымды айырма жоқ... Газеттен сауда туралы оқығандарын көз алдында тізбектеді. Тұщымдысы жоқ. Жалғыз ғана «Ине сатқан бизнесмен» деген мақала оқығаны ойына қайта-қайта орала берді. Мақалада: «Бизнеспен аты шыққан бәленше» деген, сексенінші жылдары Ресейде оқып жүргенде кәдулгі іс тігетін ине сатып мол табыс тапқан жігіт жайлы жазылған еді. Ол – Кеңес үкіметінің кезі, сауда шеңбері тар болатын. Қазір сапырылысқан сауда, сол инені біреулер тонналап әкелген шығар. Бұл болмайды», -дегендей мең-зең ойланып жатқан Олжасты біреу жұлқылағандай болды. Көзін ашса, үй иесі кәрі қытай екен. Кеше қытайға: «Дая қаншадасың?» - дегенде тоғыз саусағын көрсеткен. Онысы: «Тоқсандамын» дегені. «Қытайлардың көп жасайтыны рас екен. Ұрпақ жоқ, жалғыз басы. Өлсе кім көмедіСөйтіп жүріп, үйін жалдап, шай сатып ақша табады. Не жетпейді екенМен мұндамын, әжем қандай халде екен?» - деп ойлап үлгерді. 

Темекінің түтініне ысталған орсақ тісі ырсиып қытай төніп тұр. Мұның ойын біліп қойғандай. «Шайыңды іш те шық, таң атты», - дегендей, кесені, соңынан есікті нұсқады. 

Бір кесе шайды асықпай сораптап ішті. Ойланып қояды. Асығар-асықпасын білмейді. Ойына ештеңе келер емес. Түнде неге әлгі жігіттің ине сатқаны түсіне енді екен? Неге бұл түсіме кіредіОл мұны түсі ме, өңі ме, айыра алмады. Бұл тегін емес шығар. Ине алсам ба екен... Не болса да шығайынмен» базарға келді. 

Базар алды ығы-жығы халық. Бірі кіріп, бірі шығып жатыр. Аттап басудың өзі мұң. Халықтың көптігі, құмырысқаның илеуінен де ары ма дейтіндей. Келгелі базар аралап әбден зықысы шығып, мезі болғандықтан, базарға кіргісі жоқ. Базардың алдында біраз аялдамақ болып, шетке шегіне беріп еді. Аяғының астында темір сылдырлағандай болды. Еңкейді: қолсағат екен. Алды, тыңдадысағат соғып тұр. Бір жақ бауының шиі шығып кетіп, қолдан түсіп қалған сияқты. Олжалы болғанына қуанып қалды. Ырымдап та тұр. «Базарға кірмей жатып олжаға кезіктім. Құдай бұйырса жолым болар. Асықпай сағаттың шиін салдырып алайын, содан соң кірермін», - деп, базардың қарсысындағы сағаттың суреті ілінген, шеберханаға кірді. 

Бір жас қытай жүгіріп шығып, асты-үстіне түсіп зырылдады. Қытайша сәлемдесу, «бағасы қанша»«тамақ, шай бар ма»«қонатын жер бар маны» ғана жаттаған Олжас, қытайдың айтқан бір сөзін түсінбеді. Сағатты көрсетіп еді. Зырылдатып бір терезеге жетектеп әкелді. Терезе ішінде сағаттың бауын ұстап тұратын шидің неше түрі: ұзыны, қысқасы, жуаны бәрі тұр. Тесікте отырған қытайға сағатты беріп едісып етіп алып, лып етіп қайтарып берді. Сағатына қараса: шиін салып бауды тағып қойыпты. Жылдамдығы, өз ісіне шеберлігі ғажап. Қытай ыржиып басын изеді. Бұл да жай тұрмай, күлімсіреген болып, басын шұлғып: «Қанша?» - деп еді, бас бармағымен сұқ саусағын дөңгелентіп «Ноль» санын көрсетті. Қалтасын ақтара бастап еді. Ол басын шайқады. Оныс тегін дегені екен. Байқамапты, жөндеткен сағатына келетін шидің 50 данасы бір юань ғана екен. Бір дана ши Монғолияда 2 төгрөг тұратыны есіне сап етті. Әжесінің сағатының бауының шиі үзілгенде, әреңге тапқаны есіне оралды. Бір юань 10 төгрөгке тең. Сонда бір ши 20 мөнгө. Ұланбатырдағыдан 50 есеге арзан. Бір юань беріп шиді нұсқап еді, қанша дегендей калькуляторын тосты. Елуді жазып еді: алпысты санап берді. Көтерме бағасы бөлек сияқты. 

Сыртқа шықты, сағатына қарады. Пойызға отыруға 8 сағат қалыпты. Базарға кірді. Әжесіне, шығарып салған достарына сыйлыққа деп біраз нәрсе алды. Шағын сумкасын толтырды. Саудаға арнаған 500 юаны сол қалпында. Не аларын әлі де шеше алар емес. Түс болды. Күнде өріп жүретін базаршы монғолдар көрінбейді. Бүгін пойыз жүретін күн болған соң, аларларын алып, заттарын буып-түйіп дайындалып жатқан сияқты. Кімнен ақыл сұрайды. Ешкім кезігер емес. Сенделіп әлі жүр, алған түгі жоқ... 

Манағы шеберхана алдында бір қытай дәу сағатты шағын автобустың есігінен кіргізе алмай әлек болып жатқанын көріп, көмектесуге жанына келді. Көтерісті, автобустың есігінен сыймады. Қытай ыржиып: «Көтерісіп жібер», - деп, ымдады. Бір жағынан көтерісті. Сағатты шеберханаға қайта кіргізді. Рахмет айттып 2 юань ұсынды. «Алмаймын», - деп, еді. Мұның жолаушы екенін білдіме, әлде шаршаңқы жүзін көріп аяды ма, қарсыласқанына қарамай қалтасына салып берді. Қытай таксфонмен ағылшынша сөйледі. Олжас қытайшаға жоқ болса да, ағылшынша әжептәуір сөйлейтін. Одан түсінгені «сағатты жөндеттім, көлік жоқ, көлік жібер» дегенді ұқты. 

Олжекең ойдан арылар емес, ойдан арылу да мүмкін емес. «Не алам, не апарып саттсам, қалай пайда табам. Түсіме неге ине кіреді, неге сағаттың маңында айналсоқтап қалдым. Манағы бау тоқтататын шиді барып көріп, тағы біразын алайын», - деп бекініп, терезеге таяды. Манағы қытай ар жағында ыржиып, басын шұлғып күліп қояды. «Ағылшынша білесің бе?» - деп, еді. Ол басын шайқады. Мұның сөзін естіп тұрған манағы дәу сағаттың иесі сөзге араласты. «Мен түсіндірем, ағылшынша айта бер», - деді. Шиден тағыда бір жүз дана алатынын және арзандатасың ба деп, сұрауды өтінді. Анау аударып еді: «Бір қорапта екі жүз мың дана, жүз юаньге береді», - деп, жеткізді. Жүз юаньге ши алсам, басқаға ақшам азайып қалады. 

Ары тарт-бері тартпен, ойланып шамалы тұрды. Ана екеуі қытайшылап бірдемелерін кеңесіп жатыр. Қайдан келгенін сұрады. Монғолияданн келгенін айтты. «Саудагерсің бе?» - деп, күліп қояды. «Саудагеріңе болайын», - деп, іші қыж-қыж қайнайды. Екі жүз мыңды алып, елге барған соң екі теңгеден сатам, төрт жүз мың төгрөг. Ал біздегі халық саны – 2 млн. Он кісіге бір шиден деп, еріксіз күліп жіберді. Ана екеуі бажырая қарайды. Күлгеніне аң-таң. Бұл ойын айтып еді, түсінбеді ме. Олар үндемеді. «Ресейге шығармаймын ба?» -деген ой сап етті... «Бес жүз юаньге бір миллионды алып, аш құлақтан тиыш құлақ, шаруаны бітірейін, нар тәуекел! деп шешті. Ана екеуі «шының ба» дегендей бажырайып қарайды.

Тілмашқа қайта айтып, бір миллион алатынын жеткізіп 500 юань шығарып еді. Қытай қасындағы телефонға жармасты. Тілмаш қазір мұнда бір млн. жоқ, зауытқа телефондады, ертең таңертең дайын болады, ертең келсін деп айтқанын жеткізді. Бүгін кешкі алтыда кететінін айттып еді, қытай телефонға қайта жармасты. Ұзақ сөйлесті. Телефонды ұстап тұрып 4 саусағын шошайты. Бұл басын шайқап 3 саусағын шошайтып еді. Біраз сөйлескен соң «окей» деп телефонды қойды. Тілмаш үшке дейін далада жүре тұр деді. Бұл: «Нақ па?» - деп қайта сұрап еді, сатушы 500 юаньді алып, қытайша жазған бланкке бір млн. оған қосу белгісін салып жүз мың деген сан жазып қолын қойып ұстатты. Тілмаш оқып: «Бәрі дұрыс, екіден аса келсең болады», - деп, дәу сағатына қарай кетті. Сағатты көлігіне артысып берді. «Рақмет!» - деп, ол кетті. 

Айтқан екі сағатында келіп еді. Манағы қытай тосып тұр екен, ыржалаңдап жетіп келіп, басқа бөлмеге алып жүрді. Кіргізіп қораптың бірін ашып көрсетті, толы екен, басқа төртеуін көресің бе дегендей, ымдады. Бұл басын шайқаған соң, аналардың жартысындай қорап шығарып ашты да, қолына ұстатты. Бұл саған сыйлық деп тұрғанын сезді. Шап-шағын алты қорап. Алып жүруге, көтеруге жеп-жеңіл. Күшік салған дорбасына сыйып кетті. «Төрт күшігім 1.1 млн. сағаттың бауын тоқтататын ши болды. Біреуін екі төгрөгтен сатсам2,2 млн. төгрөг. Бәрі сатылып кетсе, пәтердің көкесін алар едім, әжем қандай қуанар еді. Тіпті машина алуға да жетеді» деген ой келгенде, денесі дір етті. «Мен не ойлап кеттім. Бұл күпіршілік қой», - деп, құдайдан бұйрықсыз ойлап, күпіршіліке барғанына кешірім сұрап тәубасына келді. Пойызға үлгерді. Шекарадан тыныш өтті. Ел дәу-дәу ала сөмкелерді вагонға сыйдыра алмай жүргендемұның құржиған дорбасын кеденшілер сыртынан қарап, кете барды... 

Олжастың ендігі уайымы шилерін тез сатып пайдасын көру қиялына ұштасты. Ұланбатырдағы сағат жөндейтін шеберлерді аралады. Ең көбі 500 данадан артық алмады. Бұрынғы газет апарып беріп жүрген үйлерге де кіріп шықты. Баланың көңілін қимай 10- 20 данасын алған болады. Одан көпті қайтеді, қажеті жоқ нәрсені. Бір айда жүз мыңды әреңге өткізді. Кейбірін арзанға берді. Республикалық тұрмыс қажетін өтеу басқармасына барып жағдайын айтып жалынып еді: «Бір төгрөг елу мөнгөмен 500 мыңды алайық, біздің бір аймақ жылына 20 мың сағат жөндейді, оған бау керек пе жоқ па, білмейміз. Темір ғой шіріп кетпес, сақтап қояр, арзан дүние болған соң алып отырмыз. Дайын ақша бере алмаймыз. Ақшаңды салатын есеп шоттың номерін әкел», - деді. 

Мектеп бітірмеген, жасы да 18-ге толмаған Олжаста қайдағы есепшот. Есепшот болғанда, мекеме-ұйымның есепшоты керек. Мұндай қыруар ақшаны жеке адамның шотына салу заңда жоқ. Шала таныс бір-екі кәсіпкерге барып еді: «Кіріс көбейеді. Салық ұсталады. Машақаты көп, саған да бізге де тиімсіз болады»деп маңайлатпады. Негізі сенбеді. 

Сабақ басталып кеткен. Бұл әлі сабаққада барған жоқ. Миы айналып көшеде жүр. Тарығып бұрынғы газет басатын баспаханасына барды. Бәрі жамырай қарсы алды. Бұл мұңын шақты. «Газет сатып жүр берсейші», - десті. Кетерінде сатып ақша қып ал деп, екі бума газет берді. Арқалап үйіне келді. Сатылмаса отқа тамызық. Бірақ үй жағдайы бұрынғыдай емес түзеліп қалды. Ши сатып түскен ақшаға шындаса ортаң қол машинада алуға болатын еді. Бұған да шүкір деп қояды. 

Әкелген газеттерді шетінен қарай бастады. Оқу жылы басталған, оқуға шақырған жарнамаға толы. Бұған қайдағы оқу, енді ғана 10 сыныпқа барғалы отыр. «Жә, бір жөні болар әжем айтқан «Таңғы ас тәңірден» деген бар емес пе!» 

Сабақ басталғалы аттай он күн. Бұл үйде.. Ермегі – газет оқу. Газеттің жаңа санын қарап отырып, «үкімет жанынан маркетинг және менеджмент акедемиясы жаңадан ашылды. Бизнеске қабілетті жастарды қабылдаймыз» деген жарнамаға көзі түсті. Қайта-қайта оқыды. Кәсіпкерлік, бизнестің жолын жоғарғы деңгейде үйретеміз дегені есінен кетпеді. «Шіркін, оныншы бітірген болсам, барар едім. Жоғарғы денгейдегі бизнесмен болсам, мына заттарымды қиналмай сатып, пайдаға кенелер едім», - деп қояды. 

Дегенмен, бір көмегі тиер, басшысына барып жолығайын, тонымды шешіп алмас деп, ши салған қораптың біреуін көтеріп академияға барды. Қабылдауына жазылды. Көмекшісі қабылдап танысты. Жас жігіт екен. Болған оқиғаны қайта-қайта тәптіштеп сұрады. «Сен өзің онсыз да оқымай-ақ бизнесмен болыпсың ғой!» - деп қояды. Оған Олжекең:«Мынау шын айта ма, әлде мазақ етіп отыр ма!» - деп бетіне бажырая қарап еді, анау: «Шын айтам. Мұндай іс он алтыдағы сен тұр ғой, білдей оқымыстылардың қолынан келмейді. Ректор келсін саспа, көмектесем!» - деп желпінді. «Тым жылпылдақсың, табысымның жартысына жармасқалы отырсың ғой, өткізіп берсең онсыз да берем», - деп, бұл отыр. 

Ректор келді. Көмекші кіріп, біраздан соң шықты. Кіргізді, аты-жөнін сұрады. Көмекші жағдайды таныстырған сияқты. «Затыңды өткізіп береміз. Банкіден өз атыңа депозитке шот аштыр, ана ақшаңды соған салып береді. Жеке кәсіпкерлік аш, көмектесеміз. Сатылмай қалған 600 мың дана шиді Ресейге шығарамыз. Оған асықпа. Сен ерекше туған бала екенсің. Талабың зор, маңдайың жарқыраған бағың бар. Енді миллионермін десең де болады. Қалай ғана, осының бәрін ойлап тапқансың! Ойға келмейтін жайт екен. Оқыған газет пен кітабыңды жатқа соғасың, өте зерек екенсің. Ойламың да тез. Ой-өрісің де кең шығар. Елімізге сендей қабілетті жастар керек. Сендерді қолдау – міндетіміз. Сендер еліміздің ертеңісіңдер. Ертеңнен бастап бізге сабаққа кел. Қалғанын мына көмекшім түсіндіреді, бара ғой!» - деді. 

Көмекші ыржиып мәз: «Айттым ғой, сен нағыз бизнесменсің. Ертеңнен бастап бізде оқисың. Ректор саған бұйрық шығар деген, мына қағаздарды толтыр, кел дос болайық!» - деп, қолын ұсынды. Қуанғаны сонша. Бұлда тартынған жоқ. Қолымен қоса өзінде құшақтай алды. «Мен орта мектеп бітірген жоқпын, қалай жоғарғысын оқимын?» - деп еді: «Жарты жылға дейін тыңдаушы боласың, оныншы класты сырттай оқып куәлік аласың. Бәріне үлгеру керек. Нарықтың заманы ешкімді аямайды, талап, білімің болса жергеде тастамайды. Уақыт алмай айтқанымды орында. Ректор бәрін реттеуді тапсырған, қам жемей харекетіңе кіріс. Шот аштыр. Таңертең сабақтан қалма. Бар, демал!» - деп шығарып салды. 

Ғимраттың есігінен шыға бергенде, артынанОлжас!» - деген дауыс естілді. Қараса, ректордың көмекшісі екен. «Қораптағы шилеріңді қалдырыпсың!» - деп, әкеліп тұр. Оған қиналатын Олжас па: «Менде әлі төрт жүз мың данасы бар. Солда жетеді. Қалса қала берсін. Ертең сабаққа келгенде алармын. Кабинетіңе қоя сал!» - деп, қолын бұлғап кете берді. Көмекші келіскендей басын изеп: «Шиіңді ал. Әйтпесе шиіңмен қосып, миыңды шашып жіберем. Шиді миллиондап табасың. Ми табылмайды. Миың шашылмасын. Сенің миыңдай миды жаратушы, мыңның біріне ғана береді» - деп, қарқылдай күліп қорапты алып кері қайтты. 

Олжастың көзіне жас үйірілді. Арқасы қызды. Осындай жаны жомарт, елінің ертеңін, халқының қамын ойлайтын ағалары бары Олжастың көңілін шалқытып жіберді. Есіктен шыға кеудесін кере дем алып, Монғолдың ұлы ақыны Д.Нацагдоржының «Отаным» толғауының «Қолқа жүрегіме байланған Монғолдың әсем отаны» - деп басталатын шумағын ыңылдай әндетіп бара жатты. Ол, өз заманының жас та болса, бас болар миллионері болды. Ол табысты бұдан кейін де күреп тапты. Бірақ, қарапайым болмысын, миллионерлік сезімге ешқашан жеңдірмеді. Атағы аспандасада қарапайым Олжас қалпынан ауған жоқ.

Ескерту: Әңгіме өткен ғасырда Монғолияда нарықты экономика басталғанда болған оқиға ізімен жазылды. Кейіпкерлердің есімі қазақшаланды.

 – Төгрөг, мөнгө. - Монғолияның ақшасы, тиыны.

 – Дая – қытайша - ақсақал.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар