Биыл Алашорда қозғалысының құрылғанына 100 жыл толды. Алаш зиялыларының шығармашылық мұраларын зерделеу және оны жандандыру мәселелері бойынша нақты қандай жұмыстар атқарылып жүр? Сауалымызды белгілі жазушы, жүсіпбектанушы ғалым Нұржан Қуантайұлына қойған едік.
– Алашорда қайраткерлерінің еңбегі мен ерлігін бүгінгі буын толық бағалай алды ма?
– Алашорда қайраткерлерінің еңбегі туралы біршама жазылды, әлі де зерттелуге тиіс дүниелер бар. Әйткенмен олар біздің ресми тарихта әлі толық бағасын ала алмай отыр. Мектеп оқулықтарында жалпылама таныстыру бар, одан әрі ештеме жоқ… Мектеп оқушылары ғана емес, мысалы, тарих факультетінің студенттеріне «қазақ жерінің қазіргі шекарасын 1921-1922 жылдары кімдер белгілеп берді?» деп сұрақ қойсаңыз, жауап бере алмайды, өйткені оқытылмайды… Одан арғысын айтпай-ақ қояйық.
– Алаш қайраткерлерінің ішінде зерттелмей қалған тұлғаларымыз бар ма?
– Бар ғой. Аз емес. Рас, біраз мәлімет бар, бірақ мәселен, Сабыр Сарығожин, Молданияз Бекімов, Ғали Самыратбеков, Хамит Тоқтамышев секілді Алашорданың полктерін жасақтаған офицерлер туралы зерттеулер жоқ, төңкеріске дейін-ақ Абай мен Міржақыптың өлеңдерін орыс тіліне алғаш аударған кісі, тұңғыш қазақ агрономы (туған жері – мына іргедегі Қаскелең), өзі шығыстанушы, Алашорда мүшелігіне кандидат болған Сатылған Сабатаев әлі зерттелмей жатыр, тіпті басқасын айтпағанда, Алашорда – ұлт кеңесіне мүше болған Уәлихан Танашев, Айдархан Тұрлыбаев, Халел Ғаббасов, Базарбай Мәметов, мүшелікке кандидат болған Батырқайыр Ниязов, Ережеп Итбаев, Биахмет Сәрсенов секілді ірі тұлғалар жеке зерттеу объектісі болмай жатыр.
Алашорда автономиясы, Алашорда үкіметі соңғы жиырма бес жылда біршама зерттелді. К.Нұрпейісовтың, М.Қойгелдиевтің, Д.Аманжолованың монографиялары секілді іргелі еңбектер жазылды, баспасөзде тұщымды дүниелер шықты, бірер деректі фильм түсірілді. Бұл тарапта әдебиетші, тарихшы ғалымдардың еңбектерін бағалауымыз керек, баспасөздің жұмысын атап айтуымыз қажет. Алаш автономиясының, Алашорда үкіметінің құрылғанына биыл бір ғасыр толады дейміз, соның қарсаңында тиісті іс-шаралар үкіметтік деңгейде өткізілсе деген тілек бар. Былтыр Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын ғалымдар ғана атап өтті, баспасөз назар салды, өкінішке қарай, біз күткендей республикалық деңгейдегі мәдени шаралар өткізілмеді. Әлихан Бөкейхан болмаса, Алашорда қозғалысы тумас еді, біз соны терең түсінуіміз керек. Биыл Алашорданың 100 жылдығы дәл солай, жетім қыздың тойындай өтпесе екен деп тілек бар.
ХХ ғасыр басындағы қазақ тарихындағы ең айтулы, ең қуанышты дата, қазақша айтқанда, ақ түйенің қарны жарылған күн осы – 1918 жылдың 24 қыркүйегі болатын.
Бізде Алашордаға байланысты екі қате түсінік қалыптасып барады. Біріншісі, тарихта ешқашан Батыс Алашордасы (Күнбатыс Алашордасы) немесе Шығыс Алашордасы (Күншығыс Алашордасы) деген болмаған. Тіпті байқаймын, осы бағытта бірнеше диссертация да жазылып кеткен екен… Бұл – түбірімен қате. 1918 жылдың күзінде Комуч (Құрылтай жиналысы комитеті) басшыларымен кездескенде, Әлихан Бөкейхан мен Жаһанша Досмұхамедов «Батыс Алашордасы деген жоқ, бір ғана Алашорда бар» екенін қадап айтқан. «Алашорданың уақытша құрылған батыс бөлімі бар, бірақ Батыс Алашорда деген жоқ» деген екеуі де. Өкінішке қарай, Алаш қозғалысына қатысты біздің жаңа энциклопедияларда да «Батыс Алашордасы» деген ұғым жүр. Бұл, сірә, Алашорданы қаралау үшін Бочаговтың 1927 жылы тапсырыспен жазылған кітабынан бастау алса керек. «Күншығыс Алашордасы» деген атау соңғы 20-25 жылда пайда болыпты, сірә, әлдекімдердің «Батыс Алашорда болса, неге Шығыс Алашорда болмауы керек» деген «темір логикасынан» туындаған секілді… Міне, алдағы уақытта осы қателіктер түзетілсе деген ниетіміз бар.
– 1918 жылы құрылған Ойыл уәлаяты ше?
– Ойыл уәлаяты төрт ай ғана өмір сүрген. Әрі ол автономия емес, кантон ретінде уақытша құрылған бірлік болатын. Оған екі-үш-ақ ояз, жердің аумағы кірген. Құрылуы себебі, біріншіден, Алашорданың ресми жариялануы алмағайып заманда сақтық үшін кейінге қалдырылғандықтан, екіншіден, Оралдағы большевик-совет өкіметінен қазақ ауылдарын қорғау үшін Жымпитыда ресми Ойыл уәлаятын жариялап, Алаш әскерін тез арада жасақтау үшін қажет болған секілді. Қалай болса да, Жаһанша Досмұхамедов бұл қадамға амалсыз барған.
1917 жылы 5-13 желтоқсан күндерінде Орынборда екінші жалпы қазақ-қырғыз съезі өтеді. Алаш автономиясы және оның Алашорда деп аталатын ұлт кеңесі осы кезде құрылды. «Желтоқсанның 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге Алаш автономиясы келіп, азан шақырылып, ат қойылды, – деп жазады сол кезде Әлімхан Ермеков «Сарыарқа» газетінде. – Алты Алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Қырғыз бен қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт отанды болды». Қазіргі күнтізбемен айтқанда, бұл – 25-желтоқсан. Бұл күн – қазақ тарихында алтын әріппен таңбалануы керек.
– Екінші қате түсінік неде?
– Екіншісі, Алаш автономиясын біз тек қазақтікі деп жүрміз, жоқ, автономия қазақтікі ғана емес, қырғыздікі де болатын. «Жалпы қазақ-қырғыз съезі» деген атауы да соны көрсетіп тұрған жоқ па?! Жәнеке Солтоноев бастаған қырғыз депутаттары да Алаш автономиясына дауыс бергені – тарихи шындық. Өкінішке қарай, біз қырғыз бауырларымызды ұмытып кетеміз. Байырғы ұғым бойынша, Алашқа тек қазақ қана емес, Алашқа қырғыз, қарақалпақ және сол замандағы өзбек кірген. «Алаш автономиясы» дегенде аталарымызда әзірге тек қазақ-қырғызға автономия алып алсақ деген ой болған. Бірақ Мәскеу басқаша шешіп, 1920 жылы Қазақстан автономия алады да, қырғыз Түркістан автономиясының құрамында кетеді.
1917 жылы 5-13 желтоқсан күндерінде Орынборда екінші Жалпы қазақ-қырғыз съезі өтеді. Алаш автономиясы және оның Алашорда деп аталатын ұлт кеңесі осы кезде құрылды. «Желтоқсанның 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге Алаш автономиясы келіп, азан шақырылып, ат қойылды, – деп жазады сол кезде Әлімхан Ермеков «Сарыарқа» газетінде. – Алты Алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Қырғыз бен қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды». Қазіргі күнтізбемен айтқанда, бұл – 25 желтоқсан.
Бұл күн – қазақ тарихында алтын әріппен таңбалануы керек.
Бірақ сол кездегі бірқатар саяси жағдайларға байланысты және Түркістан қазақтарының Алашордаға қосылуын күтіп автономияны ресми жариялауды бір айға кейін шегерді. «Бүкілресейлік құрылтайда Алаш автономиясын мойындатып алайық, ал оны жариялау ешқайда қашпас» деген шешімге келеді Алаш қайраткерлері. Бұл – сол кездегі қоғамдық-саяси жағдайларға орай өте дұрыс шешім болатын.
Тағы бір себебін тоғыз ай өткен соң, 1918 жылы Міржақып Дулатов былай деп жазады: «Арамыздағы анасы басқа жұрттармен келіселік, мелисиямызды жасап, ұлт қазынасын жинап, қамданған соң жариялайық деп қаулы қылдық. Үлкен себебі, жұртқа большевизм дерті жайылып келе жатқанда сөйлеспей жариялап жіберсек, көршілерімізбен арамыз қандай болып кететініне көзіміз жетпеді. Бұл сақтықтың орынды екеніне жұрттың көзі енді жетіп отыр».
Дегенмен кейінге ысырған, сол бір ай мезгіл өтпей жатып, қазақ зиялылары үлкен үміт артқан Бүкілресейлік құрылтайды 1918 жылдың 5 қаңтарында Петерборда большевиктер қару кезеп, күшпен таратып жібереді. «5 қаңтарда 500-ден аса депутат жиылған еді» деп жазады Әлихан Бөкейханов бұл жөнінде «Қазақ» газетінде. «Николай түскеннен бері жұрттың сүйенгені, таянғаны, Құдайдан соңғы, құрылтай еді. Құрылтай басына бұтын көтеріп большевик сарыды… Айғайлап алдымен шабатын большевик еді. Соғысты тоқтатам, бітім қылам деп қараңғы солдатты ертіп алып, демогогияға сүйенетін іс жүргізген». Сөйтіп, автономияны жариялайтын күн әзірге белгісіз болып қалады.
Большевизм профанациясы империя ішінде обадан бетер тез тарайды. Орынбор, Орал, Семей, Ташкент, Верный шаһарларында гарнизон-гарнизон болып тұрған, большевиктік жалған уәде, жалаң ұранға емексіген орыс әскері 1918 жылдың көктемінде күрт қимылға көшіп, қарумен ықтырып «совет» деп аталатын жаңа өкіметті жаппай қолдайды. «Қай болыс, қай қала болсын, – деп жазады сол кезде «Сарыарқа» газеті. – Большевик өкіметі алмаған жер жоқ. Советтен совет шығып жергілікті мекемелердің бәрін төңкерді, иледі, биледі». Большевиктердің айтқанға көнбегенді атып тастауға дайын тұратынын, Алашорда қозғалысының, кейін автономиясының үні саналатын «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Жас азамат» газеттері, «Абай» журналы ашық жазған.
Мысалы, «Сарыарқа» газеті 1918 жылы былай деп жазады: «Автономия болдық деген жұрттар да, біз де бұл жолға тентектікпен түскеніміз жоқ, мемлекет күйі, саясат ісі құбылып, еріксіз айдап түсіріп отыр. Март басында басталған өзгеріс алғашқы күндегісіндей болмады. Жыртықты жамап, бүтіндікті бұзбай учредительное собранияға тыныштықпен жетуге жібермеді. Барған сайын ұлғайды, күшейді, неше қабат сұранып, сан қатерге кездесіп, ақырында бастапқы түрінен, бастапқы күйінен айырылды. Мемлекет тізгіні большевиктерге ауысты, большевиктер қалай билік қолына тиіп күш алған соң, Николайдың таз кепесін жұртқа қайта кигізуге айналды, айтқанына көнбеген, айдауына жүрмеген елді аттырды, талатты. Кедей мен байды, оқыған мен қараны жауластырды».
Уолл-стрит пен Ми-6-ның Ресейді тонау жобасы есебінде жүрген большевизмнің инферналь өзегін Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлері көріп, таныды деп ойлаймын. Кейін Ресейде әскери диктатура орнатқысы келген адмирал Колчактың да Антанта империалистерінің қолындағы құрал екенін шамалады деп білем. Саяси жағдайдың қолайсыздығы, әскери күштің жоқ болуы себепті 1918 жылдың наурыз-сәуір айларында Алашорда басшылары саяси шарасыздықтан совет өкіметінің Мәскеудегі көсемдерімен еріксіз жақындасады.
1918 жылдың наурызында Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхановтың тапсырмасымен Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Орал қаласынан шығып, Мәскеуге барады. Онда совет өкіметінің көсемдері Ленин мен Сталинге жолығып, ІІ Жалпы қазақ және қырғыз съезінің қаулысын табыс етеді. Ол қаулымен танысқан Иосиф Сталин 19 наурыз күні Әлихан Бөкейхановты телефон арқылы келіссөзге шақырады. Қырға шығып кеткен Әлекеңнің орнына ертесінде, 20 наурызда Семей қаласында Халел Ғаббасов телефон арқылы Иосиф Сталинмен келіссөз жүргізеді. Ол келісімнің толық мәтіні «Сарыарқа» газетінде бар: «…Ұлт мәселесі тақырыбын совет өкіметінің негізгі қызмет жобасы етіп келеді. Жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы түгелімен жоғары жобаға муафиқ келеді», – деп жазылған Сталиннің газетте берілген сөзінде, – «Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз; егер сіздің съездің қаулысы өкілдеріңіздің совет өкіметін тануға қарсы болмаса, болғаны».
Әйткенмен Алашорданы қолдаған көп жұрт зорлықшыл большевик солдаттардың кесірінен жергілікті совет өкіметімен тіл табыса алмайды. Сол кездегі саяси жағдай жөнінде 1918 жылы «Абай» журналында басылған «Қазіргі саяси хал» мақаласында Жүсіпбек Аймауытұлы былай деп жазады: «Ұрандасып, бас қосып, кеңесіп ұлт жұмысына кірісе бастағанда қожасының артынан қолы келіп, басымызға міне түсті; Ол қол – ойдан, қырдан жиылған жітікке саяқ, олжа тапқыш сығандар, социализмнің атын сатқан большевиктер. Революцияның берген бостандық теңдігі, большевиктің істеген жұмысы – ел шауып олжа табу, аузын ашып қарсы келгендерді шабу, асу, ату болды. Большевиктің босякты қырғандығын көрген жұрт жағасын ұстап, Николай бірсәрі екен ғой деген де болды. Большевиктің содыры тимеген ел, таланбаған дүние, талқан болмаған қала қалмады… Большевик хүкіметі тұра берсе, қазақ та аман құтылмас еді. Россияның әр жерінен ақ гвардия, қазақ-орыс, афесерлер қосылып, күш жинап большевикті жоюға қам қылған. Соның аяғы – осы майдың ішінде бүкіл Сібір қалаларындағы большевиктер қуыла бастады. Омбы, Том, Новониколайск, Краснояр, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау, Павлодар, Қарқаралы, Семей, Барнауыл, Өскемен, Зайсан – бәрі алынды. …Семейден, Барнауылдан қашқан большевиктер Рубцовка деген қала маңында жиылып жатыр дегенді естіп, большевиктің тұқымын құртуға афисер, казак-орыс, қазақ отрядтері жіберілді. Қазақ отряды большевикпен төбелесіп, қуып, бірнеше кісілерін тұтқын қылып қайтты. Енді большевик қалған жер – Түркістан жағы. Барлы-жоқты күші Ташкентте деген хабар бар. О жаққа тілігірам жүрмегендіктен, анық хабары алынбай тұр».
Мақала соңында Жүсекең қайратты азаматтарға атқа мініңдер деп Алаш милициясына жазылуға шақырады. Ел болу, мемлекет көтеру үшін ең алдымен, әскер керегін жазады, өйткені «шамамыздың кемдігінен большевик хүкіметі автономия беремін деп, емексітіп, алдап кетіп отыр. Енді күш алдырмаймын, ғаскер жасатпаймы н дейтін большевик жоқ. …Алаш қаласында қазақ басшылары жиналып, Алашордасын көтеріп, қызметке кірісе бастады. Алашорданың қазіргі мақсаты – қазақты жұрт қылып, автономия алу. Осы жолда Алашорда милициясын жасап, қазынасын толықтыруға кірісіп жатыр».
Қазақ милициясын құру үшін барлық мүмкіндік пайдаланылады. Қазақ жігіттерін әскер ғылымына үйретуге подполковник Ғали Самыратбеков сияқты азаматтар шақыртылып, Қостанайда 2-қазақ полкінің, Жаманқалада (Орск) 3, 4, Оралда 5, 6-қазақ полктерінің құралғанын, қазақ офицері, штабс-капитан Хамит Тоқтамышев Өскеменде 1-полк пен офицер даярлап шығаратын мектеп ашады.
Дәл осы кезеңде Батыс Сібірде өкіметке таласқан саяси, әскери күштердің көбейгені белгілі. Сондай өкіметтердің ірісі – Жүсіпбек Аймауытұлы жазғандай, «патша заманының қара күнін қайта туғызып, қазақтың басына әңгіртаяқ орнатқан Колчактың кер заманы» еді.
Алашорда делегациясы мен Сібір өкіметінің комиссиясы арасындағы келісімге Уфа қаласында өткен мемлекеттік мәжіліс қарсаңында қол жетті. Тарихта Уфа мемлекеттік мәжілісі деген атпен қалған бұл басқосу 1918 жылы 8 қыркүйекте ашылды. Міне, осы басқосуда, сол кездегі қазақ газеттерінде жазылғандай, 11 қыркүйек күні (қазіргіше 24 қыркүйек) Бүкілресейлік құрылтай жиылысында Алашорда үкіметі басқарған Алаш автономиясын Ұлттық республика ретінде таниды. Бұл күн – қазақ тарихында алтын әріппен таңбалануға тиіс айрықша дата. Ол жөнінде «Қазақ» газетінде де, «Абай» журналында да жазылған. Мәселен, «Абайда» шыққан, сол кезде Уфада жүрген Әлихан Бөкейхановтың атынан Алашордаға келген жеделхатты оқиық:
«Құрылтай уәкілдігінің комитеті Алашты автономиялы жұрт деп таныды! Бар күшті ұлт ғаскерін жасауға салыңдар. Алаш – Россиядағы одақтас мемлекеттердің бірі. Сондықтан тіреудің бір ұшы – Алаш ғаскері. Алаш полкіне не керегін тауып беріп, таратпаңдар. Керек нәрсені, қаншаға болсын, қарыздануға қорғанбаңдар. Жетік, білікті қару алсын. Алаш отрядының Орал, Торғай бөлімдерінде ғаскер жасау жұмысы жалғассын. Оралда қазақ офицерлерін шығармаңыз. Алашорда бастығы Бөкейханов».
ХХ ғасыр басындағы қазақ тарихындағы ең айтулы, ең қуанышты дата, қазақша айтқанда, ақ түйенің қарны жарылған күн осы – 1918 жылдың 24 қыркүйегі болатын.
– Шығармашылығы сіздің зерттеу объектіңіз болған Жүсіпбек Аймауытұлы 1928 жылғы репрессияның алғашқы құрбандарының бірі болды. Ол кісі неге қатарынан бұрын атылып кетті? Себебі неде?
– Голощекиннің тапсырысы деп ойлаймын. Голощекин мен сол кездегі НКВД басшысы Ягоданың арасында достық қатынас болған, екеуі де Қызыл террор заманында Свердловтың жеке жендеттері саналған. Совет қайта орнаған кезде, яғни, 1920-1921 жылдары Жүсіпбек Семей губерниясының ревкомында, Семейдегі «Қазақ тілі» газетінде қызмет істеген. Ол заманда қазіргі Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының аумағын алып жатқан Семей губерниясы Сібір өлкесіне қарайтын, оның орталығы Томск болатын. Ол кездегі Қазақстанға тек қазіргі Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола облыстары ғана кіретін. 1920 жылдары Семей губерниясын Қазақстанға қосу үшін бір кезде Алашордаға мүше болған қазақ қайраткерлері жан аямай іске кіріседі. КирЦИК-тің қаулысымен Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынбордан арнайы комиссия шығып, кейінгі жас қайраткер Смағұл Садуақасов сол комиссияны басқарып келеді. Семейдің шовинист большевиктері оңай жау емес, өзі де өжет, өткір Смағұлды Семейдегі бұрынғы Алашорда қайраткерлері, оның ішінде Халал Ғаббасов, Жүсіпбек Аймауытұлы қолдайды. Смағұл басқарған комиссия біршама жұмыс тындырып кетеді. Бірақ жер үшін талас тоқтамайды. Мәселен, 1924-1925 жылдары Сібір мен Қазақстаннан тағы бір комиссия шығып, Алтай өлкесінің біраз жерлері Қазақстанға қосылған. 1923 жылдың наурыз айында Мәскеудің тапсырмасымен әйгілі Ежов (1936-1938 жылдары НКВД-ны басқарған) Семей губкомын басқаруға келеді. Міне, сол, кезде шаш ал десе, бас алатын, әумесер Ежов Семей қаласының азаматтары Жүсіпбек Аймауытұлы (1923 жылдың жазында Қарқаралы мектебінде директор болған Жүсіпбек негізінде Семейде жиі болып тұрған) мен Халел Ғаббасовты, өзге де қазақ қайраткерлерін жақсы білген. Бұл кезде Семейдің Сібір жақ төңірегін, Батыс Алтайдың біраз жерін Қазақстанға қайтару проблемасы күн тәртібінде тұрған. Жер мәселесіне орай қазақ қайраткерлері мен орыс шовинистерінің (оның ішінде Ежов бар) арасында керіс, кикілжің болмай тұрмаған. Кейін Голощекиннің оң қолы болған Ежов Аймауытов пен Ғаббасов туралы толық «компромат» берсе керек, 1928 жылғы Алашорда репрессиясында Жүсіпбек пен Халел алғашқылар болып 1929 жылы жазғытұрым Мәскеудің Бутырка түрмесінде атылады.
– Биылғы мерейтойға орай «Алаштың аманаты» атты деректі фильм түсіруді қолға алды. Деректі туындыны түсіруде нені ескергеніміз абзал?
– Алашорда туралы бірнеше бөлімнен тұратын деректі фильм түсірілетін болса, онда тек 1917-1919 жылдар ғана емес, Алашорда қозғалысының бағытында қызмет еткен қайраткерлердің 1920-1925 жылдардағы еңбектері де (мәселен, республика территориясын белгілеу жұмыстары) міндетті түрде қамтылса деп ойлаймын. Алаш азаматтарының 1921-1924 жылдары Сібір, Түркістан өлкесінен, Алтайдан, Самарқан, Закаспий облыстарынан қазақтар қоныстанған жерлерді алып, Қазақстан деген автономиялы республиканың аумағын үш есе кеңейтуі оңай болған емес. Осы ұлы еңбектері деректі фильмдердің назарынан сырт қалмаса екен деймін. Содан соң, әрине, бұл тақырыпты терең білетін Мәмбет Қойгелдиев, Дина Аманжолова секілді ғалымдарды фильмдерге кеңесші етіп алу керек.
– Алаштың 100 жылдығына орай, арнайы экспедиция ұйымдастыру қажет секілді. Қалай ойлайсыз?
– Әрине, экспедиция ұйымдастырылса, оған тек қуану керек. Орынбордан бастап Ор, Жымпиты, Орал, Торғай, Қостанай, Семей, Өскемен, Үржар, Алматы қамтылса деп ойлаймын. Алашорда милициясының (кейін Комуч, Колчак әскерінің құрамындағы Алаш полктері) Батыс Қазақстанда (Жымпиты, Жәнібек, Орал), Жетісу мен Тарбағатайдағы (Лепсі, Үржар) соғыстарда шәйіт болған азаматтары еске алынып, марқұмдарға ас берілсе, сауап болар еді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАС
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.