Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Олжас Беркінбаев. Сығанның түсі...

01.03.2018 4412

Олжас Беркінбаев. Сығанның түсі

Олжас Беркінбаев. Сығанның түсі - adebiportal.kz

Бүгін – қазаққа даласының ауасын жұтып, дастарқанының дәмін татқан кез келген халықтың тірісі түгіл, өлісі де алғыс жаудыратын күн.

Мен айтайын деген әңгіме Бекжан деген досымның отбасында өткен ерекше бір оқиғаға қатысты. Соны шама жеткенше баяндап көрсем деймін. Атасы Нұрлыбай ақсақал ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Қазір жиі талқыланып жүрген «Түркістан легионында» болыпты. Ақсақал туралы мәліметті арxивте істеген кезімде суретімен тауып алып, досым үшін сенсация жасағаным бар еді. Елге оралысымен «сатқын» есебінде өмірінің он жылын Сібірдің орманында өткізіпті.

Сол атамыз соғыс пен қуғын-сүргіннен соң Шымкент қаласының маңындағы ауылдардың бірінде отырықшылыққа бет бұрған сыған отбасымен көрші тұрып, жақсы араласады. Кейінірек Сталин өліп, «жылымық» жылдарында сығандар Молдоваға көшер алдында балалы болып, ақсақалдан ат қойып беруін өтініпті. Бата сұрапты. Нұрлыбай қарт батасын беріп, құдайы көршісін бар жоралғысымен шығарып салыпты. Әлгілер жылап қоштасты дейді. Тірі болсақ әйтеуір бір оралармыз, ұмытпаспыз деп аттаныпты. Кейін бұл оқиға ұмытылады.

Еліміз Тәуелсіздік алған соң, атамыз бертін келе 93 жасында немере-шөбересінің алдында, кемпірінің қолында дүниеден өтті. Бекжан досым да Астанаға қоныс аударды.

Осыдан 3-4 жыл Нұрлыбай ақсақалдың қара шаңырағына 4-5 адам келіпті. Жөн сұраса келгенде әлгілер баяғы сығандардың ұрпағы екенін айтыпты. Арасында ақсақал ат қойып берген әлгі бала да бар. Жөнін естігенде әжеміз орнынан тұра алмай қалды дейді. Бұлардың әкесі де қайтыс болыпты. Қазақстаннан кетер кезде туған баласына әкесі өлер алдында: «Сол қазақтарды тауып, қазақ шалға мұсылмандықпен ас беріп, шығынын көтер», - деп аманаттаған екен. Баласы онша мән бермеген сияқты, уақыт созып жүре берген. Бір ғажабы, әкесі жиі түсіне кіре бастапты. Аян беріп, әлгі аманатын есіне сала беріпті. Ақыры болмаған соң, бүкіл шаруасын жиып қойып, Шымкентке тартқан ғой.

Сонымен не болған? Бүкіл ауылды жиып, ел-жұртты шулатып, аста-төк ас берген. Елден кеткен сығандар қазір Молдовадағы ең бай адамдардың бірі екен. Шарап шығаратын бірнеше зауыттары бар көрінеді. Әжемізді Кишиневке шақырыпты, «бар шығынды көтереміз, тек келіңіз», деп отыр дейді. Сексеннен асқан әже жолға дайындалып жүр. Міне бір қазақ, бір сыған отбасының басынан өткен оқиға осылай болған.

«Алғыс айту» күні осы оқиға есіме түсіп, жариялауды жөн көрдім. Өзге ұлттың тірісін қойып, өлісі де риза болған екен ғой деп ойлайсың. Қазақ жарықтық айрықша риза болғанда айтатын «бұл жақсылығыңды өлсем де ұмытпаспын» деген кептің нағыз мысалы. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейміз ғой, талай ұлттың баласын қойып, бабасының өзі көрінде жатып алғыс айтып жатқан елдің бағы еселеп артар-ақ...

Олжас Беркінбаев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар