Жыр жүйрігі қашаған…
Өмірі туралы жырларының бірінде:
Атам бір қайтып дүниеден,
Бес жаста жетім қалдырды.
Басыма қайғы салдырды.
Анам көрді жесірлік,
Сөйтіп басым қаңғырды, –
деп сөз өрнегінде көзін ашпай жетімдіктің салмағы мойнына түскендігін баяндайды. Өмір өгейсіткенімен, өлеңі өгейлемей, тыңдаған құлақтың құрышын қандырған ақынның әдемі жырлары жүре келе көпшілік жиналған жерде елдің қуанышына айналып, жұртшылықтың құрметіне бөленді. Тіпті, оны жалшылық жұмыстан босатып, жұртшылық бас қосқан жерде өнерін жырлатып, тамашалайтын күнге жетеді. Айтулы жыраудың басына қонған бағы – өнермен қалай серік болғаны туралы жыршы, немере інісі Шәдімен Үсембаев өз естелігінде былай дейді: «Жаз. Шілде. Өкшесі ойылып, табаны сойылып, мал соңында азап шегіп, арып-ашқан Қашаған бала таяғын жерге шаншып, шапанын күрке етіп жата қалса, көзі ілініп кетеді. Түс көреді. Түсінде бір қара кісі келіп, баланың қолынан тартып тұрғызып: «Дорбалап аласың ба, қапшықтап аласың ба?» деп сұрайды. «Бергеніңді аламын» дейді Қашаған. Қара кісі қолын жайып, бата береді: «Өнер бердім, елге шаш» дейді. Қашағанға жырдың бағы осылай қонған екен. Дауылпаз ақын өзінің төкпе жырының бірінде таланты туралы айтқаны өте сәтті, нанымды шыққан дүние:
Менің атым Қашаған,
Тәңірім артық жасаған.
Адай түгіл Алшынның,
Алшын түгіл Алаштың,
Айтқышы едім қашаннан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Қашаған Күржіманұлы
Ақын – халық қазынасы. Оның ерекшелігі де сол, халықпен бірге қайнаған өмірдің ортасында жүреді. Сол арқылы халықтың барын базарлап, жоғын жоқтайды. Ал қалдырған шығармалары жинала келе халықтық мұраға айналады. Уақыт өте тарихтың тұғырына шыққан бұл мұраларды халық әспеттеп, кейінгі толқын-жастардың қолына береді немесе жас ұрпақтың жүрегіне жететіндей етіп насихаттайды. Ақын көңілінен төгілген ақмаржан жырлардың бағасы сол жырлар халық санасына сіңіп, жүрек төрінен орын алғанда ғана беріледі. Міне, Қашаған ақынның жыр мұрасы да осындай биікке көтерілген кезде өзінің бағасын алды. Осы сөзімізге нақты дәлел, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқалы жыраудың 170 жылдығына арнаған құттықтау хаты: «Қашаған Күржіманұлы – ғибратты ғұмыр кешіп, өткір тіл, парасат және қара домбыра қару болған рух майданында жоғары адамгершілік құндылықтарды ту етіп көтеріп, халқымыздың орынды мақтанышына айналған ерекше тұлға. Күллі мәдени мұраларымызды, оның ішінде рухани құндылықтарымызды жинақтау, зерттеу мен зерделеу – уақыт талабы. Ұлылардың мұрасы да, мұраты да, атақ, даңқы да, мерейтойы да кейінгіге үлгі. Ал үлгіге қарап ұрпақ өседі десек, Қашаған ақынның мерейтойын Тәуелсіз еліміздің болашағы үшін баршамызға ізгілікті іс тындыруды міндеттейтін, ұрпаққа ұлағатты үлгі алуды аманаттайтын мерейтой деп білгеніміз жөн». Ақиқатында жан дүниесін толқытқан құбылысты жырдың бұлағымен суарған ақынның әр өлеңі жібек жіпке тізген меруерт моншақ тәрізді әдемі өрілген дүние. Ерекшелігі – әр түрлі психологиялық сипатында. Көңіл-күйдің бірде төмен, бірде жоғарылауы өміріндегі болып жататын сан қилы оқиғалардан туатын болса керек.
– Бұл дүниеде не жетім?
– Кім қажетсіз болса, сол жетім.
Жетпістен жасы асқанда,
Сексенге аяқ басқанда,
Жастар елеп келмесе,
Қайғысы келіп күңіренген,
Күнінде асыл десең де,
Қартайған күнде ер жетім.
Қашағанның бұл өлеңі адамның басынан әруақытта өтетін алмағайып кезеңге арналған. Адам басындағы психологиялық күйді таразыға салып, сосын маржан сөзбен өру – ақынның ой еңбегінің бір жемісі. Бұл тұрғыда Қашаған үлкен психолог. Қандай уақытта қандай қиын-қыстау күй кешсе де рухын биік қойған тума таланттың шығармаларының тақырыбы сан алуан. Өлеңдерін өз өмірінен бастаған ақын елге, жерге деген сүйіспеншілігін жырмен дестелейді. Көзі жұмылғанша халқының ардақтысы болып өткен дарынның алмас жырларының қатарында «Нұрым мен Қашаған» айтысы, «Қашаған мен Ізбас» айтысы, дастан-жырларының сүбелісі «Адай тегі», «Атамекен», «Топан», «Қарасай-Қази», ж.т.б. шығармалары халық арасынан кеңінен тарап, өзінің лайықты бағасын алған.
Өнердің өркенін жайып, өрісін кеңейтіп, өмірін ұзарту – таланттың еншісіне тиетін ұлағатты іс. Ол үшін ел аралап, жер аралап, өнерді бағалап білетін алқалы жиындарға қатысып, сол шаршы топтың алдында өнеріңді көрсетіп, сынақтан өтуің керек. Арқалы Қашаған да өз өнерін ел-жұртқа жария ету мақсатында ел аралап, жер көріп, халықтың ортасында жүрген. Маңғыстау, Хорезм аймақтары, Еділ, Жайық, Елек, Қобда, Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл өзендерінің бойын жайлаған елдердің бәрін шарлап, өзекті шығармаларын ел назарына ұсынады. Бұл дәстүр бір жағынан Қашаған сынды тума таланттың ел-жұртқа танылуына септігін тигізсе, екінші жағынан қазақ жырауларының арасындағы өнер сайысының дами түсуіне, кеңінен таралуына мүмкіндік береді. Талантты талант танып, бұлбұл мен дүлдүлдің, ақын мен батырдың, жыршы мен жыраудың, күйші мен әншінің бас қосқан үлкен той, жиындары Қашаған жыраудың Құрманғазы, Мұрын, Ақтан, Мұрат, Балораз, Қоспақ, Қашқынбай, Ізімшайыр, Нұрпейіс, Мұрын, Өмір, Ығылман сынды өнер жүйріктерімен, Адайдың жеті қайқысы – Әділ, Шолтаман, Тастемір, Досат, Жылкелді, Өскінбай, Тұрсын сынды күйші, әншілермен жақын танысуына ықпал жасайды. Әрине, талант бар жерде талап бар, өнер бар жерде сайыс бар, бұл кездесулер жай бас қосу емес, тағылым алмасу, пікір түйістіру, сөз жарыстыру тәрізді мән-мағыналы жүздесулер екені түсінікті де. Жырау өнерінің кең қанат жаюына, өз тыңдармандарын табуына осы мазмұндас кездесулердің көптеп септігі тигені ақиқат.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚАШАҒАН ЖЫРАУДЫҢ ЖЫРЛАРЫ
Баршамызға белгілі Қашаған Күржіманұлының 170 жылдық мерейтойы 2011 жылдың тамыз айында Маңғыстау өңірінде әдемі етіп тойланды. Үш күнге созылған жыр дариясының тұлпардың тұяғында әндетіп бара жатқандығын көзбен көріп, көңілмен тамашалаған Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың әр сөзінен бал тамған көнекөз шалдар туралы айтқанын есімізге алғанда көңіл толқиды. Сөз зергері Әбекең атышулы жыр дүлдүлінің сол мерекесінде: «Қашағанды көргендерден адам қалмай барады. Ат көтере алмайтын болғасын қара бурасына мініп, қаракөлден жасаған тығырық бөркін едірейте киіп, ел аралап жүрген қара шал деседі. Қасына Аралбай, Сәттіғұл, Мұрын, Түмен, Сүгір, Шамығұлдар еретін көрінеді. Қашаған өлгесін ол салтанат та көзден бір-бір ұшты.
…Қазіргі қолда бар Қашағанның шығармалары негізінен марқұм Қабиболла Сыдиықов ағамыздың еңбегі. Оған Мұрын, Жанжігіт, Шамығұл, Шәдіман, Құмар, Назарбек, Әлқуат, Қобылаш, Сұлтандардың Қашағаннан айтқан жырларының қаншалықты толық екендігін ешкім білмейді.
Біздіңше, талай өлеңінің тек сұлбасы ғана жүрген сияқты. Қашаған жырлаған жырлар да толық сақталмаған. Қашаған тіріліп кетсе, өзінен қалған асыл мұраларды ұрпағына жеткізген Қабиболла Сыдиықовтай асыл ағамызға әбден риза болар еді» деп айтқаны көңілге түрлі ой салар орынды әңгіме. Жыр дүлдүлі Қашағанның жыр мектебін қалыптастыруға ықпал еткен алдыңғы аға толқын ағалары – Махамбет пен Абылдың мектебі деседі зерттеушілер. Дауылпаз ақынның жырлары Қазақстанның батыс аймақтарына, қарақалпақ, түрікмен елдеріне кең тараған. Табиғаты зерек ақын ескі жыраулардың әдісімен ауызша жаттап алып, жырлаған. Қазан төңкерісіне дейін Қашағанмен жолдас болған Мұрын Сеңгірбекұлы, Сүгір Бегендікұлы, Бақтыбай Тайшанұлы, Сәттіғұл Жанғабылұлы, Ығылман Шөреков, Ыбыр Досалиев, Құмар Жүсіпов, Сұраубай Үттібаев, Өмір Көшекбайұлы, Шамғұл Ыбырайымұлы, Шәдіман Үсембаев, Көшен Өсербаев, Жанжігіт Қосназаров, Назарбек Раев сынды ақын, жыршылар.
Көзі тірісінде жампоз жыраудың өз аузынан жыр, дастандарын жазып алған Көшен Өсербаев пен Темірғали Күнтуғановтар болатын. Рухы биік қазақтың тағдыры қандай күйге түссе де, ұлттық рухани байлығын жоғалтпай, көзінің қарашығындай сақтаған халық. Осы сөзіміздің айғағы ретінде Қашағанның бүгінге жеткен айтыстары мен сүбелі шығармалары айғақ. Көрнекті ғалым Қабиболла Сыдиықов: «Қазақстан Республикасының Ұлттық академиясының ғылыми кітпахана қоры (398, 429-б), Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында (258,387, 332, 328-б)Қашаған жырларының бірқатар жазбалары сақтаулы. Олар негізінен, Қазақтың ұлт мәдениеті институтының 1939 жылғы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының, тіл және әдебиет институтының 1947, 1957 жылдардағы экспедициялары жинаған, сондай-ақ, Бекарыстанов Зердебай, Сариманов Бисен, Күнтуғанов Темірғали, т.б. азаматтар тапсырған нұсқалар» деп жазды «Қашаған Күржіманұлы» атты зерттеу еңбегінде.
Тума таланттың таңдай қақтырар асыл мұраларын шашау шығармай, тірнектеп жинап кеткен ғалым Қабиболла Сыдиықов туралы қазақтың көрнекті ақыны, поэзияның патшайымы атанған Фариза Оңғарсынова атақты жыраудың Маңғыстау топырағында өткен 170 жылдық мерейтойында: «Мен Астанадағы академиялық ұлттық кітапханадан Қашаған шығармасын таба алмадым. Екі күн іздеп, әрең дегенде осы Ақтауда тоқсаныншы жылдары компьютер шықпай тұрған кезде баяғы баспаханада Қабиболла ағаның шағын ғана алғы сөзімен басылған он бес-жиырма өлеңін тауып алдым.
…«Соңымда бір тұяқ қалмады» деп күңіреніп өткен Қашаған бабамыздың туғанына 170 жыл толғанын атап өту үшін осы жиынға атсалысып, жергілікті жерде болса да тойлап жатқандарыңызға алғыс айтамын. Қашекең о дүниеде бір аунап түсіп, тұяқтарым, ұрпақтарым бар екен ғой деп риза болып жатқан шығар» деп еді. Сол ақын апамыз айтқандай, Қашаған ақынның асыл мұралары бір күндік, бір жылдық, он жылдық той тойлау емес, қазақ өнері мен әдебиетінің қазанында өмір бойы қайнап, өмір бойы сұрыпталып, өмір бойы зерттеліп, насихатталатын кесек дүниелер.
Қашаған Күржіманұлының ең өресі биік, сүбелі шығармаларының бірқатары туған ел мен өскен жерге, Отанға, атамекенге арналған. Өзге ақындар тәрізді боямалап, әсерлеп, сөз айшықтарымен безендіру деген сияқты тәсілдер тума талантқа жат нәрсе. Арқалы ақын көзбен көрген көріністі сол қалпында-ақ боямасыз бере салады. Мысалы, «Топан» дастанында:
Бекіресі Жайықтың,
Асыл еді алтыннан,
Иісі жұпар аңқыған,
Байлығына қызығып, – деп төгілтсе, осы шығармадағы мына бір жолдар ел көрінісінен хабар бергендей:
Мынау Еділ мен Жайық, Жем екен,
Бұл жетімдерге жем екен,
Жесірлерге кең екен,
Шөбі малға май болар…
Ақын – ел адамы. Оның көкірек-сандығынан туған жырлар өзі өмір сүрген ортамен бірге өріліп отырады. Бұл табиғи заңдылық. Ақынның даралығы, ерекшелігі сол, ол туған халқынан бір сәт те ажырамауы керек. Төпелетіп жырлаған «Топан» дастаны 1900 жылы Жем өзені тасыған сәттегі оқиғаға арналған. Сөзбен сурет салған ақын бұл дүниеде топанның елге әкелген зардабымен бірге сол елдің табиғатының ажарын, адамдарға несібе-ырзық беріп отырған өзендердің бағасын лайықты етіп, әдемі өрген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚАШАҒАН - СӨЗДІҢ ДҮЛДҮЛІ
Қай нәрсенің де өз сәтімен шығатын уақыты болса керек, жырау шығармаларының баспасөз бетінде жариялануы 1930 жылдардың шамасы. Олай дейтініміз, дарабоз композитор Ахмет Жұбанов күй атасы Құрманғазының шығармаларын зерттеп, жинау үстінде атақты домбырашы Махамбет Бөкейхановтан «Көбік шашқан» күйінің тарихын, Хайролла Бегешовтен Қашағанның домбыра туралы жазған «Қолымдағы қу ағаш» өлеңін жазып алады. Бұл деректер әр кезде баспасөз бетінде жарияланып келеді. Тамыры тереңге тартқан таланттың қайталанбас дарынды іздеуі кездейсоқ емес, бір құбылыс деп айтсақ та болар. Сол сияқты, 1935 жылы «Әдебиет майданы» журналының 6 санына Аралбай ақынның баласына арнаған жоқтау өлеңдері жарияланған. Жұбановтың «Құрманғазы мен Қашаған» деген мақаласында арқалы ақынның домбыраға арнап шығарған өлеңінің тарихын былайша әңгімелейді: «Қашаған мен Құрманғазы бір күні ел аралап жүріп, бір дүмше молданың үйіне келеді. Молда шығып кеткенде кішкене баласы Құрманғазының домбырасын қолына ұстап, тамаша етіп отырады. Сырттан бір кезде молда келіп, баласына ақырып: «Ей, қолыңдағы қу ағашың не, таста!-дейді. Бала қорыққанынан домбыраны иесіне қайтарып береді. Сонда Қашаған молдаға қарап, домбырасын қолына алып отырып:
Қолымдағы қу ағаш,
Сөйлеп тұрған бұл ағаш,
Алып жүрген домбыра, –
деп көсіле жөнелген екен. Осы оқиғаға байланысты халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың «Жақсының сөзін тыңдасақ» деген шағын шығармасында бір әдемі пікір қағаз бетіне түсірілген: «Бүкіл дүниежүзінің дүйім поэзиясынан кәдімгі ағашты осыншама қадір тұтып, мақтауын жеткізген, аса жырлаған ақынды өз басым білмеймін.
…Жүрегімді жалғауға,
Нәсіп болар бұл ағаш.
Пайғамбарлар туғанда,
Бесік болған бұл ағаш.
Жаратылыстың адамзатқа деген жақсылығын, өмір игілігін осыншама ұтымды суреттеп, халыққа ұқтыру – халықтық тағлиматтың тамаша көрінісіне айналғандай» деп аяқтапты өз пікірін халық жазушысы. Бір рулы елдің тарихына арнаған «Адай» деген дастанының жазылу тарихы батыс өңіріне белгілі ақын Таз Қашқынбайдың: «Адайдың әкесі кім?» деген сұрағына жауап ретінде шығарылған дүние екен. Қылжақты сұраққа ақынның салмақты өлеңмен жауап беруі – біріншіден, ел тарихына немқұрайлы қарамағандығы болса, екіншіден, ақынның тегіне нұсқан келтіргісі келген менменсіген көкірекке өзінің биіктігін көрсеткен терең астарлы, мағыналы өлең. Бұл – елдің намысын қорғап, арын арлаған өршіл өлең деп айтуға тұрарлық шығарма. Сөз қаруында осалдық танытпаған Қашаған ақынның зерделілігі осында жатыр. Айтыс додасында алдына жан салмаған Қашағанның сөз саптасы, сөз қайыру мақамы сөз өнерінің шексіз мәңгілігімен тұтасып жатқан дүние. Ойнақы орам, шұрайлы сөз бір-бірімен қабысып, ақылмен астасып тұрған парасатты ойды туғызады. Мысалы, өзін төмендетіп, тұқыртқысы келген Ізбасқа:
Сен бір жабы, мен – тұлпар,
Сен бір қарға, мен – сұңқар,
Тоғыңды шайқап бүлінбе.
Мен – мұхит жатқан тереңмін,
Шамшырақ жанған түбімде.
…Мен қайыртпай кеткен Қашаған,
Анау Таз Қашқынбай, Тама Ізімге,
Ұлық болар, Ізбас-ау,
Таласқан бізбен білімге! – деп қайырған шумақтар жақсының жағасына жармасқан жаманның маңдайынан атқан оқпен бірдей. Жырау мұраларына қалам тартқан филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов өзінің «Қашаған шығармашылығы: Тарихилық. Деректілік.Көркемдік» деген мақаласында төмендегідей тұжырым жасайды: «Отаршылдықтың қамытын киген ноқталы қазақ – нешеме асылдарынан, ардақты жөн-жосықтарынан, үлгі-өнегелерінен амалсыздан ажырап қалғаны мәлім. Бұл ретте миы толық сезімтал Қашаған «қаңбақтай қара жер зыңырап, ауып кетпегей» деп тілейді. Ақынның қайғылы ой сарындары былайша өріледі:
…Тілінде бар жақсының
Діні кеткенге ұқсайды.
Өтірік сөздер көбейіп,
Шыны кеткенге ұқсайды.
Әкімнен кетіп әділдік,
Бай қайырсыз секілді.
(«Замана халі», 1912 жыл)».
2011 жылдың тамыз айында Маңғыстау түбегінде өткен Қашаған Күржіманұлының 170 жылдық мерейтойында бұрын ойда жүргенімен, басы құралмай келе жатқан бірқатар шаралардың жүзеге асқаны барша жұртқа мәлім. Тойдың алғашқы беташары ретінде өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференцияда оншақты ғалым баяндама жасап, Қашаған жыраудың шығармашылығын жан-жақты талқылады. Тойдың құрметіне өткізілген жыр мүшәйрасына Астана, Алматы қаласынан, еліміздің батыс өңірінен 20-ға жуық, айтыс өнеріне 10-ға жуық ақындар қатысты. Көптен бері тиянақталмай жүрген жыр жинағы «Қайыртпай кеткен Қашаған» дүниеге келді. Іші-сырты әдемі етіп, безендіріліп шыққан бұл шығарманың алғы сөзін жазған Маңғыстау облысының сол кездегі әкімі Қырымбек Көшербаев: «Ел ішіне тараған жырлары арқылы Қашаған атына жастайынан қанық болған жыр алыбы Жамбыл Жабаев:
Сүйінбай мен Қашаған,
Қара өлеңді матаған.
Атын жаттап балалар,
Әлі күнге атаған, – деп Қашаған ақынды өзі пір санайтын Сүйінбаймен қатар қойып, оның жырларынын өскелең жастар үшін тәрбиелік маңызы зор» деп жазды. Осы шығарманың бір сүбелі бөлігін алып тұрған халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Жыр-дария» деген еңбегіндегі: «Қашаған жырын тыңдасаң, оқысаң, әр ғасырда әрқилы аталғанмен, ықылым заманнан жер үсті ғаламаттарының бәріне қатысып келе жатқан халқымыздың көп ғасырлық көне тарихының көк айдын мұхитына жүзгендей, сол көп ғасыр бойғы қордаланған рухани ырзығының бәрі төкпей-шашпай жиылып, қаймағы алынбай туырылып тыныш тұрған қасиетті қара қазанының қақпағын ашып, нәр татқандай, халық парасатының көп замандардан бері тұяқ кешті болмай тұнып тұрған кәусар көліне күмп бергендей боласың. Қашағанның уытты сөздері тасты ерітіп, қорғасынды қорытқандай, көңілді егілтіп, мұзды жібіткендей қуатты әрі жігерлі. Жетімдіктің, жоқшылықтың тауқыметін тартса да, ертеңгі күнге деген үміті өмір-өнерінің көкжиегін кеңейтіп, өміріне сәуле түсірген жыраудың жаратылысы нәзік. Жауына өршелене қаһарланғанмен, досына сондай мейірімді. Мұрат Мөңкеұлымен кездейсоқ жүздесуіндегі мына бір айтыс өлең соның мысалы.Мұрат:
Аман-есен жүрмісің,
Қашаған аға, заңғарым?
Қайдан білсін мына жұрт
Қашаған мен Мұраттың
Анттасып дос болғанын?!
Біліп келе жатырмын,
Кейбір жылпос қулардың
Айдап салып біздерді
Айтыстырмақ «арманын, –
дегенде, Қашаған ақын оған былай деп жауап беріпті:
– Бармысың, менің жүйрігім,
Артыңа қара салмаған.
Айыбым бар, білемін,
Іздеп сені бармаған…
Қу тірліктің қамымен
Ініден хабар алмаған.
Болдың ба, тәуір, тарланым,
Құшағыңды аш, кәнеки, – деп орнынан тұрып барып екеуі ұзақ құшақтасып көріседі. Міне, ел мен елдің, ер мен ердің арасына сызат түсірмейтін татулық деген осы! Ақынның күні бүгінге дейін жанашыр жандардың қамқорлығының арқасында жинақталып, дүниеге келген үлкенді-кішілі шығармаларының қатарында «Ақындар аманаты», «Топан», «Бұл дүниеде не жетім?», «Қайыртпай кеткен Қашаған» және ақынның 170 жылдық мерейтойында ұйымдастырылған шаралардың басын қосып, жинақтаған «Қашаған – сөздің дүлдүлі», ж.т.б. туындылары бар. Аты алты алашқа мәлім болған жыр жампозының гауһардай асыл мұраларын там-тұмдап жинақтап, еңбек еткен Зердебай Бекарыстанов, Бисен Сариманов, Күнтуғанов Темірғали, Көшен Өсербаев сынды азаматтар. Олардың соңына ала ақынның мұраларының сөзін зерделеп, өзін зерттеп, мұраларының сыры мен мұңына үңілген ғалым Қабиболла Сыдиықовтың орны бір төбе. Сонымен қатар, жыр дүлдүлінің алдында перзенттік парызын өтеген іспетті терең мазмұнды мақалалар жазып, тұжырым жасаған Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Темірхан Медетбеков, Серік Негимов, Темірхан Тебегенов, Жұмат Тілепов, Нағбду Қамарова, Бибіайша Нұрдәулетова, Бақтыбай Жайлау сынды тағы басқа да көптеген қолына қалам ұстаған азаматтардың атын атап өткеніміз жөн болар. Биыл Ел Тәуелсіздігінің алтын тұғырына орныққанына 25 жыл. Ата-бабаларымыз армандап өткен ұлы тарихи мерекемен дарабоз ақын, әйгілі жырау Қашаған Күржіманұлының 175 жылдығының тұспа-тұс келуі – өнер сүйер жұртшылыққа ерекше құлшыныс беретін тарихтың бір айшықты беті болар деп ойлаймын. Өйткені, қанына сіңген талантты шашау шығармай, халқының асыл қазынасына айналдырған айтулы жыраудың көңіл тебірентер алмас жырлары ел азаттығына, халық теңдігіне, қазақтың бақытты болашағына арналған ғажайып дүниелер еді. Қашаған ақынның баспа бетін көрмеген, ел аузында жүрген жырлары тиянақты жинақталып, айтулы жырау туралы фильм түсірілсе, ірі мұнай кеніштерінің қолдауымен Қашаған атындағы мұражай ашылса, жыл сайын жыр мүшәрайлары ұйымдастырылып, оған сыйлықтар берілсе, орта, жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге ақын атындағы стипендия тағайындалып, құнды мұралары мектептің, жоғары оқу орындарының оқыту бағдарламаларына енгізілсе, Ұлттық Банктен ақынның мерейтойына арнап монеталар шығарылса құба-құп болар еді. Тәуелсіздіктың ұлы мерекесі қарсаңында еліміз үшін болғалы тұрған тағы бір қымбат игілік – биыл Атырау өңіріндегі үлкен ауқымды жоба – Қашаған кен орны пайдалануға берілмек. Бұл маңызды оқиға елінің ақиық ақынға көресетіп жатқан құрметінің бір көрінісі.
Өмірзақ Озғанбаев
тарих ғылымдарының докторы, профессор
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.