Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Ораз Исаев әдебиетке қалай қамқорлық жасады?...

27.05.2025 1348

Ораз Исаев әдебиетке қалай қамқорлық жасады? 12+

Ораз Исаев әдебиетке қалай қамқорлық жасады? - adebiportal.kz

Тоғыз жыл бойы қазақ үкіметін басқарған Ораз Исаевтың ұлт әдебиеті мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесі қандай? Деректер не дейді? Мақала осы сұрақтарға жауап іздейді. 28 мамырда Ораз Исаевтың туғанына 125 жыл толды.

ХХ ғасырдың 20-50 жылдары – күрделі саяси, әлеуметтік және мәдени өзгерістерге толы сындарлы кезең. Сол дәуірде билік басында жүрген немесе әдебиет пен өнер, өзге де салаларда есімі елге әйгілі болған тарихи тұлғалардың қызметтік, шығармашылық жолына қатысты кешегі, бүгінгі күннің көзқарасы тұрғысында әрқилы пікірлер көрініс тауып жатады. Әрине ақтаңдақ жылдардың ақиқаты айтылуы тиіс. Оған сөз бар ма? Мұрағат құжаттары мен газет-журналдарды, тұстас-тұрғыластардың жазбаларын, ел аузында қалған деректерді сол дәуір билігінің саяси ұстанымымен ұштастыра тұжырым жасау – ең дұрысы болар, сірә?

Осындайда ақын Есенқұл Жақыпбектің:

Олар жайлы білгің келсе, ортасына кіріп көр,

Солар жүрген жолдарменен дәтің болса, жүріп көр.

Ерте туып, еш заманның маңдайына сыймаған,

Қайран біздің қасиетті қара нардай жігіттер, - 

дейтін жыр жолдарына әдемі үйлескен Жәкен Омаровтың әні еске оралады. Иә, "былай тартасаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады» дейтіндей, қылпылдаған пышақтың жүзінде жүргендей заманда өмір сүріп, қызмет істеу - қашанда ерге сын. Қайдан оңай болсын. 

Солақайлап тиер соқтықпасы көп, большевиктер сызып белгілеп берген таптаурыннан өзге соқпақсыз дәуірде ел билігіне араласып тарихта қалған азаматтардың бірі – көрнекті советтік және қазақстандық мемлекет қайраткері, сталиндік зұлматтың жазықсыз құрбаны Ораз Исаев. 

Алғашқы еңбек жолын земство басқармасында кеңсе хатшылығынан бастап, біртіндеп өсу жолынан өтіп, 1929-1938 жылдары тоғыз жыл бойы Қазақ АКСР-і мен Қазақ КСР-і Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы (қазіргіше – Премьер-министр) қызметін атқарған көрнекті мемлекет қайраткері Ораз Исаевтың туғанына 125 жыл толып отыр. 

Қазақстан компартиясының бірінші хатшылары Ф.Голощекин мен Л.Мирзояндардың заманында жоғары лауазымды қызмет атқарған, қайраткер тұлға Ораз Исаевтың есімі – отандық өнеркәсіпті, кен-байыту мен ауылшаруашылығын, теміржол саласын дамытумен байланысты аталады. Біз мақаламызда тұлғаның жоғарыда аталған еңбегінен өзге, Ораз Исаевтың Қазақстандағы әдебиет пен мәдениетті, өнерді дамытудағы еңбегіне тоқталып өтуді жөн көрдік.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында күллі Кеңес Одағында, оның ішінде Қазақстанда елдегі сауатсыздықты жою, өнер-білім мекемелерін ашу, халықтың мәдениетін арттыруға көп мән берілгенін көреміз. «Ликбез» немесе «Саужой» ұйымдарының көптеп құрылуына жәрдемдесіп, оған сауатты адамдарды тартып, олардың әсіресе жаз уақытында қосымша қаржы табуына жағдай тудырып отырған. Үкімет басшысы Ораз Исаев қазақ тілінде газет-журналдардың, кітаптардың шығуына барынша қолдау көрсетіп отырған. 

1926 жылдың шілде-тамыз айларында «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бас редакторы болған Ораз Исаев Қазақстандағы баспасөз бен әдебиеттің даму үдерісін үнемі қадағалап, тиісті қолдауын аямаған.

Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов және басқа да ұлт әдебиетінің сол кездегі белгілі өкілдерімен тығыз қызметтік байланыста болып, оларға қажетті қолдаулар көрсетуге тырысқандығын көреміз. Бұған нақты мысалдар да жетерлік.

«Юридическая газета» басылымының 2011 жылғы 4 сәуіріндегі санында жарық көрген Алипа Утешеваның Мұхтар Әуезов туралы «Он творил для народа» атты деректі мақаласында ұлы жазушының Ораз Исаев туралы жылы естелігін келтіреді: «Мен 1930 жылы абақтыдан азаттыққа шыққан едім. Алайда менің пьесаларыма тыйым салынып, әсіресе «Еңлік-Кебекке» шабуыл өршіп тұрған еді. Себебі өздерін сыншылармыз дейтіндер: «Әуезов – феодалдың баласы. Ол феодализм дәуірін, оның -салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, заңдарын суреттеп жүр. Бұл пьеса – қалың бұқарының, жастардың санасын уландыратын у», - деп тұжырымдап жатты. Мен көмек сұрап біршама қоғам қайраткерлерінің алдында болғаныммен, олардың ешқайсысыда карьерасына көлеңке түсіргісі келмеді. Оның үстіне менің пьесаларымды олардың мүлде оқымағанын түсіндім. Сөйтіп, басымнан кешкен бұл әуре азаптан әбден шаршаған мен, соншалықты көмек көрсете қоярына сенбесем де, бір күні амалсыздан Исаевқа кірдім. Бірақ онымен әңгіме барысында менің күмәнім бірден сейілді. Ол маған: «Мұқа, сіздің «Еңлік-Кебегіңізді» мен үш рет оқыдым. Лирика әлемінде оған тең келер ештеңе жоқ. Меніңше тіпті Шекспир мен Пушкин де сізге жол береді ау. Олар жас адамдардың арасындағы қақтығыстарды ғана көрсеткен, ал сіз экономикалық, саяси, қоғамдық құрылыстарды, әрқилы мінез-құлықты, ескі қоғамның салт-дәстүрлерін көркем сөз арқылы кең көлемде тамаша ашып беріпсіз. Қамықпаңыз, бір жылдың ішінде пьесаларыңызға айқара жол ашып беретіндігіме уәде беремін», - деді. Және ол сөзінде тұрды: мүмкін бұл жолда ол өзіне зиян шектірген де болар, бірақ ол шын мәнінде менің аман қалуыма себепкер болды.»

Автор сондай-ақ Ораз Исаев жайындағы Мұхаңның сөзіне қоса, 1952 жылы Әліби Жангелдиннің көмекшісі Қазтай Бозжановтың айтқан ой-пікірін келтіреді: «Мен бір күні өзімнің бастығымнан: «Аға, сіз Н.Оңдасынов тұлғасына қалай қарайсыз?» - деп сұрадым. Әліби Тоғжанұлы сонда: «Ол кісіні Исаевпен салыстыруға келмес, Исаев сияқты совнарком бізде енді болмайтын да шығар», - дей отырып, Молотовтың Исаев туралы: «Сталин оны Бұлбұл – шығыстың шешені» деп атаған еді. Оны бәріміз сыйлайтынбыз. Бірақ оңбаған Ежов бізге ескертпестен оны құртып жіберді ғой», - дегенін айтқан еді.» Артық алып-қосарымыз, бір дәуірдегі тұлғаларды өзара шендестіруден аулақпыз: бұл – оларды көз көрген адамдардың берген ой-пікірлері. Бұдан біз Ораз Исаевтың өз ұлтының әдебиеті мен мәдениетіне деген қамқорлығын, өжет де өршіл мінезін, В.И.Сталин, В.М.Молотов қатарлы жоғарғы билік өкілдері алдындағы биік беделін танимыз.

Осы тұрғыда «Айқын» газетінде 2019 жылы 31 мамыр күні жарық көрген Есенжол Қыстабаев пен Бауыржан Ғұбайдоллин атты қос автор «Ораз Исаевтың еңбегін неге ескермейміз?» атты мақаласында былай деп атап көрсетеді: «Есіл ердің қосақ ішінде бос кетуіне қазақтың басына нәубет болып келген «қу жақ» Голощекиннің тікелей қатысы бар. Тарихтан белгілі ғой, Голощекиннің Қазақстанды басқарған жылдарында, ел ішін алапат аштық жайлады. Қазақ қынадай қырылды. Міне, осы кездегі Голощекиннің асыра сілтеуінің зардаптарына сол кездегі Үкімет басшысы болған Ораз Исаевты да кінәлайды. Шындығына келсек, Исаев Голощекиннің қанқұйлы саясатына қарсы шығудай қарсы шыққан, өзінің қарсылығын айтудай-ақ айтқан. Дәлел керек пе, мінекей: Қазақ АССР-ы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары Ұзақбай Құлымбетов бір сөзінде «Айыптың бәрі Голощекин мен Исаевта, бізде кінә жоқ дей алмаймын! Біздің бәріміз де кінәліміз. Өлкелік комитеттің соңғы пленумында Ораз Исаев екеуміз Голощекинмен табандатқан үш күн бойы айтысып, әуре болдық. Бәрібір Голощекинді райынан қайтара алмадық», - деп жазады кейін «Социалды Қазақстан» газетінің 1933 жылғы 12-14 шілдедегі санында.»

«Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын! Қазақстанда Кіші Октябрь ұйымдастырамын!» - деп өктемдікпен жетіп, қазақ даласын ақсүйек жұтқа ұшыратқан, өзге түгілі Романовтар әулетінің соңғы патшасы ІІ Николай патшаны үйелменімен қоса қойдай тізіп атқан қанқұйлы басшы Ф.Голощекиннің Ораз Исаевты тыңдамайтыны да, тыңдамағаны да анық еді. Біз үзінді алып отырған авторлардың мақаласындағы мына бір дерек те маңызды екені сөзсіз: «Бұған дейін Қазақстанда Голощекиннің тұсында болып жатқан асыра сілтеулер мен аштық жайында Сталинге Тұрар Рысқұлов хат жазған деп келдік қой. Оған қоса Ғабит Мүсірепов бастаған «Бесеудің хаты» да сол тұста жазылды деп жүрміз. Ал, шындығына келіп, Алланың атымен айтсақ, Сталинге олардан бұрын Ораз Исаев жазған! Бір емес, екі емес, үш қайтара (!) жазыпты. Біріншісі – 1932 жылы 11 мамырда. Екіншісі – 1932 жылы тамыз айында. Үшіншісі – 1933 жылы 2 желтоқсанда. «Бесеудің хаты» 1932 жылдың 4 шілдесінде жазылған. Яғни, Ораздың алғашқы хатынан кейін екі айдай уақыттан кейін. Онда да бұл хаттың Сталинге жазылуына Ораз Исаевтың өзі түрткі болған. Ал Тұрар Рысқұловтың хаты 1933 жылы наурызда жазылыпты. Мұны әлі күнге дейін: «Исаев орын алып жатқан жағдай туралы жоғарыға хабарламапты, айтпапты» дегенді көңірсітіп, оны «жау» қылып көрсеткісі келіп жүргендерге қарата жазып отырмыз.» 

Расымен де сол алмағайып, аласапыран дәуірде елдің ең жоғарғы билігінің құрамында жүрген ұлт патриотының көз алдында өтіп жатқан орасан зор ауқымдағы апатқа, қасіретке көзжұмбайлықпен қарауы мүмкін бе? Мүмкін емес қой! «Саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған» қиын кезеңде де ұлтты сақтау жолында сан қатерге бас тіккен ерлер сол заманда қызмет атқарған басшылардың арасында да аз болмаған. Үкіметбасы Ораз Исаевтың бұл хатқа қатысты бұл әрекетін де осыған саямыз.

«Су түбінде құрғақ тас болмайды» деген ұстаныммен, сталиндік дәуір басшыларына және сол заманда тағдырдың жазуымен тірі қалғандардың бәріне бірдей әлдебір сезік-күмәнмен қарай салатын ұстаным әлде жағдай – бүгінгі заманда аз емес қой?

Ораз Исаевтың тұсында қазақ әдебиеті мен мәдениеті жауһарларын жинау ісі қызу жүрілді. Бұл турасында да көптеген мәліметтерді таба аламыз. Танымал зерттеуші, жазушы Бейбіт Қойшыбаев «Ұлттың оғланы Ораз Исаев» атты мақаласында (аbai.kz/post/91265) Ораз Исаевтың қазақ әдебиетіне қамқорлығы жөнінде мынадай деректі алға тартады: «…Сондай-ақ Исаев халқымыздың сөз өнері мұрасын жинауға да зор мән беріп қарады. Ой-пікірлерін «Әдебиет майданы» журналы беттерінде жариялап тұрды. Бір мысал. 1931 жылғы 21 қарашада «Садуақасұлы Жанайдар жолдасқа. Көшірмесі. Жандос ұлы Ораз, Мүсірепұлы Ғабит, Аспандиярұлы Санжар жолдастарға» жазған екінші хатында «Біздің мәдени, тарихи мәні өте зор бірқатар материалдарымыз жиналмай қалып барады. Атап айтсақ: 1. Әубәкір молданың өлеңдері, Ғұмар Қарашұлының өлеңдері, Дәукен Шолақұлы (Батыс Қазақстан), Абай және басқалар (Шығыс Қазақстан), 2. Сансыз көп шежірелер бар. Бірден бірге қалып, ел аузында келе жатқан, көбінесе өте жақсы да шыққан ел ерлерінің, білгіштерінің сөздері бар. Жеке елдің, ханның, патша өкіметі адамдарының өмірі, ісі жайынан айтылған ауыз әңгімелері бар. Мақал-нақылдары бар. Әртүрлі жазбалар бар. Көп тарамаған газет-журналдарда және өзгелерде басылған мақалалар да бар», - дейді. Әрине «бұлардың ішінде салт-санасы үйлеспейтіндерінің үстіне тіпті бізге жат шығармалар да бар» екенін ескерте келіп, «бірақ кеңес заманынан бұрынғы көркем шығармалардың бәрі де байшыл шығарма деп, бәрін де іске алғысыз етіп тастаймыз деу дұрыс емес» екенін шегелеп айтады.»

Бұл ақпараттан біз Ораз Исаевтың қазақ әдебиеті мұраларын жинау мен оны сұрыптап, болашақ ұрпаққа ұсынуға қатысты нақты да дұрыс ұстанымын көреміз. Шындығында осы кезеңде халқымыздың рухани мұраларын жинауға мән беріліп, Жамбыл шығармашылығының жарқыраған тұсы болды. Ораз Исаевтың тікелей қамқорлығымен оқуға аттанған Ә.Қастеев қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалады. Опера және балет театрының негізі қаланып, құрылды. 1936 жылы 17-27 мамыр аралығында Мәскеу қаласында өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің І онкүндігі қазақ әдебиеті мен өнерін үлкен биікке шығарды. Осы кезеңде Қазақстанның бірінші басшысы болған Левон Мирзоян өзі ауырып қалған себепті Үкімет басшысы Ораз Исаевтан он күндіктің қалай өтіп жатқаны, «Қыз Жібектің» қалай қойылғаны туралы телефон арқылы тәптіштеп сұрап отырғаны туралы деректі кездестірдік. Демек осы бір жауапты іс-шараның тізгіні мен жауапкершілігі кімде болғанын аңғару қиын емес болар. 

Осы он күндік – қазақ халқының, Қазақ АКСР-інің рухани-мәдени, экономикалық зор әлеуетін күллі Кеңес Одағына танытқан, мойындатқан маңызды ауқымды іс-шара, қайырлы сапар болғаны анық еді. Осыдан кейін 1936 жылы 5 желтоқсанда автономиялық деңгейден одақтас республика мәртебесіне көтеріліп, Қазақ КСР-і құрылған болатын. Бұрынғы автономиялық республика үкіметінің соңғы, жаңа одақтас республика үкіметінің тұңғыш басшысы Ораз Исаев болды. 

Бұл келтіріп өткен деректер – мемлекетшіл тұлға Ораз Исаевтың үкімет басында тұрған кезде қазақ әдебиеті мен өнеріне жасаған сан алуан игілікті істерінің бір парасы ғана болар. «Мәскеу бір-ақ күнде ғана салына қалған жоқ» демекші, бүгінгі Қазақстанның жеткен жетістіктері, оның ішінде әдебиеті мен өнері де ұзақ жылдар бойы қалыптасу, даму сатысынан өтті. Осы жолдың бастауында еңбегі елеулі-елеусіз қаншама адамдардың есімдері тұр. Қазақстанның үкімет басшысы қызметін тоғыз жыл бойы атқарған Ораз Исаевтың бұл тұрғыда өлшеусіз еңбегі бары анық.

Биік қызметтің талабы, орталықтан орындауға берілетін зілді бұйрықтар, лауазымға сәйкес құрамында міндетті түрде енуге тиіс «НКВД ерекше үштігі» құрамында болуы т.б. факторлар кез келген тұлғаның өмірбаянына азды-көпті көлеңке түсіріліп, күдіктелгені және анық еді. Өзі өмірден өткеннен кейін халыққа, мемлекетке зиян келтірерліктей ешқандай қылмыстық әрекеті жоқтығы дәлелденіп ақталды ғой. Күрделі заманда ел билеген мемлекет қайраткері Ораз Исаевтың есімі мен еңбегін қазақ халқы ұмытпаса, бүгінгі, кейінгі буын ұрпақ лайықты еске алып жүрсе деген ниетпен осы мақаланы жаздық. Ел үшін жасалған еңбек – ешқашан ұмытылмайды.

Ғұмырбаяндық қысқаша дерек:

Көрнекті мемлекет қайраткері Ораз Жанұзақұлы Исаев – 1899 жылы 28 мамырда қазіргі Орал облысының Ілбішін уезі, Қарасу болысы, №4 ауылда (қазіргі Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы, Көнеккеткен ауылы), қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1906-1908 жылдары ауыл молдасынан алғаш сауат ашып, одан соң 1908 жылы Жуанышкөл 1 кластық орыс-қазақ училищесінде, одан соң Қарасу-Шалқар екі класты орыс-қазақ училищесінде оқиды. 1913 жылы әкесі қайтыс болып, отбасының үлкені болғандықтан үй шаруасын атқарады. 1916 жылдан қатынас қағазын тасушы, іс қағаз хатшысы, земство хатшысы болып жұмыс істейді. 1919 жылдан басқару, ұйымдастыру ісіне араласып, 1924 жылға дейін облыстық деңгейде түрлі қызметтер атқарады.

1924 жылдан республикалық деңгейдегі лауазымды қызметтер атқара жүріп, 1929 жылы сәуір айында Қазақ Автономиялы Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы, 1936 жылдан Қазақ КССР-і Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы қызметінде, тоғыз жыл бойы қазақ үкіметін басқарады. 1929 жылдан КСРО Орталық Атқару Комитеті Төралқасы мүшелігіне кандидат, 1935 жылдан мүшесі ретінде сайланған.

Халық жауы деген жалған жаламен жазықсыз тұтқындалып 1938 жылы 29 тамызда ату жазасына кесілген. 1956 жылы есімі толығымен ақталған. 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар