Парасат парағындағы ғұмыр

Лесхан Әмірханұлының ғылыми ізденістеріндегі негізгі бағыттардың бірі – логика ғылымының тарихи қалыптасуы мен философиялық мазмұнын зерттеу. Логика – ойлаудың құрылымы мен заңдылықтарын қарастыратын ғылым ғана емес, сонымен қатар адамның дүниені жүйелі танып, пайымын дәлелді тұжырымға айналдыруына мүмкіндік беретін интеллектуалдық құрал. Ғылыми танымның тереңдігі де, философиялық пайымның негізділігі де ой қисығының дұрыстығымен тығыз байланысты. Сондықтан логиканы ойлау мәдениетінің іргелі негізі ретінде қарастыру ғалым зерттеулерінің басты бағдарларының біріне айналған.

27

Парасат парағындағы ғұмыр - adebiportal.kz

(Ғалым әрі ұстаз Лесхан Асқар туралы эссе)

Адамның рухани және интеллектуалдық болмысын айқындайтын басты қасиеттердің бірі – оның ойлау мәдениеті. Ойлау мәдениеті дегеніміз – ақиқатты тануға ұмтылу, құбылыстардың ішкі заңдылықтарын зерделеу, дүниені пайым мен парасат арқылы түсіндіру қабілеті. Бұл қасиет, әсіресе, философия ғылымында айрықша мәнге ие. Өйткені философия адамды дайын тұжырымдарды қабылдауға емес, олардың мәніне үңілуге, себеп пен салдарды ажыратуға, әрбір құбылыстың арғы негізін тануға жетелейді. Осы тұрғыдан алғанда, философия ғылымының дамуына ұзақ жылдар бойы педагогикалық және зерттеушілік қызметі арқылы үлес қосып келе жатқан ғалымдардың бірі – Лесхан Әмірханұлы Асқар.

Лесхан Әмірханұлы 1956 жылғы 15 қарашада Оңтүстік Қазақстан өңірінде, қазіргі Түркістан облысында дүниеге келген. Оның азаматтық және кәсіби қалыптасу жолы білімге деген ұмтылыс, ізденіске бейімділік және ғылымға қызмет ету мұраттарымен сабақтасып жатыр. 1974 жылы Шымкент қаласындағы №12 мектеп-интернатты тәмамдаған жас талаптың өмір жолындағы келесі маңызды кезеңі әскери борышын өтеумен байланысты болды. 1976–1978 жылдары Кеңес әскері қатарында азаматтық міндетін атқарғаннан кейін жоғары білім алуға бет бұрды.

1978–1983 жылдары С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия және экономика факультетінде білім алып, философия мамандығын меңгерді. Университет қабырғасында қалыптасқан теориялық таным мен дүниетанымдық ізденістер оның кейінгі ғылыми қызметінің берік негізіне айналды. Философиялық білім адамды тек белгілі бір ғылым саласының аясында ойлауға емес, қоғамдық құбылыстарды тарихи, әлеуметтік және мәдени байланыстар тұтастығында қарастыруға үйретеді. Бұл ерекшелік ғалымның кейінгі зерттеу бағыттарынан да айқын аңғарылады.

Еңбек жолын 1983 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтында оқытушылық қызметтен бастаған Лесхан Әмірханұлы педагогикалық тәжірибесін ғылыми ізденіспен ұштастыруға ұмтылды. 1987–1990 жылдары М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің философия мамандығы бойынша аспирантурасында білімін жалғастырып, ғылыми-зерттеу жұмысының ауқымын кеңейтті. Аталған кезеңде ол ұлтаралық қатынастар жүйесіндегі идеологиялық үдерістерді реттеу мәселелерін зерттеп, «Ұлтаралық қатынастардағы идеологиялық үдерістерді реттеу мәселелері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Бұл зерттеу ғалымның әлеуметтік-философиялық мәселелерге, қоғамдық сананың қалыптасу тетіктеріне және қоғамдағы рухани-идеологиялық байланыстарға деген ғылыми қызығушылығын танытты.

1992 жылдың қаңтар айынан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультеті философия кафедрасында доцент қызметін атқарып келеді. Университеттегі көпжылдық педагогикалық қызметі барысында ол философиялық білімді дәріптеу, ғылыми ойлау дағдыларын қалыптастыру, студенттердің интеллектуалдық әлеуетін дамыту бағытында жүйелі еңбек етіп келеді. Ғалымның зерттеу аясы логика, түркі мәдениеті мен философиясы, қазақ философиясы, әл-Фараби мұрасы, ғылым тарихы мен философиясы, сыни ойлау мәселелерін қамтиды. Бұл бағыттардың әрқайсысы жеке ғылыми саланы құрағанымен, олардың басын біріктіретін ортақ өзек – адамзаттың танымдық тәжірибесін, ойлау заңдылықтарын және рухани өркениеттің даму жолдарын зерделеу.

Лесхан Әмірханұлының ғылыми ізденістеріндегі негізгі бағыттардың бірі – логика ғылымының тарихи қалыптасуы мен философиялық мазмұнын зерттеу. Логика – ойлаудың құрылымы мен заңдылықтарын қарастыратын ғылым ғана емес, сонымен қатар адамның дүниені жүйелі танып, пайымын дәлелді тұжырымға айналдыруына мүмкіндік беретін интеллектуалдық құрал. Ғылыми танымның тереңдігі де, философиялық пайымның негізділігі де ой қисығының дұрыстығымен тығыз байланысты. Сондықтан логиканы ойлау мәдениетінің іргелі негізі ретінде қарастыру ғалым зерттеулерінің басты бағдарларының біріне айналған.

Осы ғылыми ұстаным 2014 жылы жарық көрген «Логика как феномен культуры мышления в контексте истории философии» атты монографиялық еңбегінде жан-жақты көрініс тапты. 292 беттен тұратын бұл зерттеу логиканың философия тарихындағы орны мен танымдық қызметін кең ауқымда қарастыруымен ерекшеленеді. Автор еңбекте Батыс және Шығыс философиясындағы логикалық ілімдердің қалыптасу тарихын салыстырмалы тұрғыдан талдап, әртүрлі өркениеттік дәстүрлер аясында дамыған ойлау жүйелерінің сабақтастығы мен өзіндік ерекшеліктерін ашуға ұмтылады.

Монографияның назар аударарлық тұстарының бірі – антикалық философия өкілдерінің логикалық көзқарастары мен ортағасырлық Шығыс ойшылдарының интеллектуалдық мұрасын өзара байланыстыра қарастыруы. Әсіресе, әл-Кинди, Әбу Насыр әл-Фараби және Ибн Сина еңбектеріндегі логикалық таным ерекшеліктерін салыстырмалы талдау арқылы автор Шығыс философиясының жалпыадамзаттық ойлау мәдениетінің қалыптасуына қосқан үлесін айқындауға мән береді. Бұл зерттеу логиканың белгілі бір тарихи кезеңге немесе географиялық кеңістікке ғана тән құбылыс емес, түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің өзара ықпалдастығы нәтижесінде дамыған әмбебап танымдық жүйе екенін пайымдауға мүмкіндік береді.

Ғалымның ғылыми дүниетанымында Әбу Насыр әл-Фараби мұрасының алатын орны ерекше. Әл-Фараби – философия тарихында Аристотель ілімін түсіндіруші ғұлама ғана емес, адамзат білімінің сан саласын біртұтас таным жүйесіне біріктірген энциклопедист ойшыл. Оның логика, таным теориясы, метафизика, этика, саясат және музыка салаларындағы еңбектері Шығыс пен Батыс интеллектуалдық дәстүрлерінің тоғысуына зор ықпал етті. Сондықтан әл-Фараби мұрасын зерттеу – бір тарихи тұлғаның ғылыми жетістіктерін сипаттаумен шектелмейді, сонымен бірге өркениеттер арасындағы рухани және танымдық сабақтастықтың табиғатын түсінуге жол ашады.

Лесхан Әмірханұлының фарабитануға қатысты зерттеулерінде ұлы ойшылдың логикалық ілімінің мазмұны мен әдіснамалық ерекшеліктерін зерделеу басымдыққа ие. Ол әл-Фараби логикасын антикалық философиялық дәстүрмен салыстыра отырып, ғұламаның логикалық білімді жүйелеудегі, ойлау заңдылықтарын түсіндірудегі және философиялық танымның әдіснамалық негіздерін қалыптастырудағы орнын пайымдайды. Мұндай зерттеулер әл-Фараби мұрасының тарихи құндылығын ғана емес, оның қазіргі заманғы ғылыми және философиялық таным үшін де маңызын көрсетуге бағытталған.

Ғалымның бұл бағыттағы ізденістері 2019 жылы жарық көрген «Фарабитану» оқу құралында да жалғасын тапты. Ұжымдық авторлықпен әзірленген еңбекте Лесхан Әмірханұлы әл-Фарабидің таным теориясы мен логикалық трактаттарына қатысты ғылыми тұжырымдарын ортаға салып, ұлы ойшыл мұрасын жүйелі түсіндіруге үлес қосты. Оқу құралының мазмұны әл-Фарабидің философиялық көзқарастарын білім алушыларға таныстырумен қатар, оның ғылыми мұрасын қазіргі зерттеу әдістері тұрғысынан зерделеуге мүмкіндік береді. Бұл еңбек фарабитану саласындағы оқу-әдістемелік ізденістердің маңызды бір үлгісі ретінде өзектілігін сақтап келеді.

Лесхан Әмірханұлының зерттеушілік болмысын айқындайтын тағы бір маңызды еңбек – 2015 жылы жарық көрген Б.М. Аташпен бірлесіп жазған «Өрісті логика» монографиясы. Авторлар бұл еңбекте логикалық ойлаудың дәстүрлі қағидаларын негізге ала отырып, өнімді ойлау мәселесін кеңірек қарастырады. Мұнда логика тек дайын білімді жүйелеудің немесе пікірдің дұрыстығын тексерудің тәсілі ретінде емес, жаңа идеялар қалыптастыруға, тың шешімдер іздеуге және шығармашылық танымды дамытуға мүмкіндік беретін интеллектуалдық үдеріс ретінде пайымдалады. Әл-Фараби логикасындағы ойлау тәртібі мен дәлелдеу мәдениетіне қатысты тұжырымдар осы ізденістің теориялық негіздерінің бірі ретінде көрініс тапқан.

Ғалымның 2010–2016 жылдар аралығында жариялаған еңбектері де оның фарабитану мен логика тарихын зерттеудегі ғылыми ұстанымын айқындай түседі. Атап айтқанда, «Философско-логическое учение аль-Фараби» атты мақаласында әл-Фараби философиясының логикалық негіздеріне тоқталса, «Искусство логики в фалсафе аль-Фараби» зерттеуінде ойшылдың логиканы философиялық танымның қажетті құралы ретінде қарастыру ерекшелігін талдайды. Ал А.А. Құранбекпен бірлесіп жазған «Логические учение аль-Фараби» атты еңбегінде ұлы ойшылдың логикалық көзқарастары мен олардың философиялық мәні сараланады. «Наука логика в понимании Абу Насыр аль-Фараби» мақаласында да әл-Фарабидің логика ғылымына қатысты пайымдарына назар аударылады.

Сонымен қатар «Ойлау эволюциясы: ретроспектива – интроспектива – перспектива» атты зерттеуінде ойлау үдерісін тарихи тәжірибе, адамның өзіндік танымы және болашаққа бағдарланған интеллектуалдық ізденіс бірлігі аясында қарастырады. Бұл еңбектердің мазмұны ғалымның логиканы оқшау ғылыми пән ретінде емес, адамзаттың рухани және интеллектуалдық дамуымен тығыз байланысты күрделі танымдық құбылыс ретінде зерделейтінін көрсетеді.

Жалпы алғанда, Лесхан Әмірханұлының ғылыми мұрасы логика тарихы, философиялық таным, түркі дүниесінің рухани-мәдени сабақтастығы және әл-Фараби мұрасының қазіргі заманғы маңызы тәрізді өзекті мәселелерді қамтиды. Оның қаламынан 200-ден астам ғылыми мақала, оқулық, оқу құралы және монографиялық еңбек жарық көрген. 1992–1993 жылдары Түркия Республикасының Ыстанбұл университетінде ғылыми біліктілігін жетілдіруі де ғалымның халықаралық академиялық кеңістікпен байланысын нығайтып, зерттеу көкжиегін кеңейтуіне мүмкіндік берді. Қазақ және орыс тілдерін жетік меңгерген зерттеуші ғылыми ойларын әртүрлі академиялық ортада жеткізуге және философиялық білімнің таралуына белсенді атсалысып келеді.

Лесхан Әмірханұлының тұлғалық және кәсіби болмысын оның ғылыми еңбектерімен ғана шектеуге болмайды. Ол үшін философиялық білімді тарату, жастардың дүниетанымын кеңейту және олардың дербес ойлау қабілетін қалыптастыру ғылыми қызметтің ажырамас бөлігі саналады. Осы ұстанымның айқын көрінісі – 1992 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан құрылған «Кіші Фараби» академиясы.

Университеттің студенттері мен жас ізденушілерінің танымдық қабілетін дамыту, олардың ғылымға, мәдениетке және қоғамдық өмірге деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған бұл академия ширек ғасырдан астам уақыт бойы өз қызметін үздіксіз жалғастырып келеді. Оның негізін қалаудағы басты идея – жастарды дайын білімді қабылдаушы деңгейінде қалдырмай, өз ойын еркін білдіре алатын, пікірін дәлелдей білетін, қоғамдық мәселелерге сыни көзқараспен қарайтын интеллектуалдық тұлға ретінде қалыптастыру.

Академия қызметі университет аясымен шектелмей, өзге жоғары оқу орындарының студенттерімен, қала және республика көлеміндегі қоғамдық-танымдық ұйымдармен, түрлі шығармашылық бірлестіктермен тығыз байланыста өрбіді. Мұнда қоғамның рухани өмірі, ұлттық мәдениет, тіл, тарих, дін, әдебиет, философия, ғылым мен өркениет мәселелері тұрақты түрде талқыланып отырды. Әртүрлі сала өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған кездесулер мен пікірталастар жастардың дүниетанымын байытып, олардың қоғамдық құбылыстарды тереңірек түсінуіне ықпал етті.

«Кіші Фараби» академиясының жұмысына Қазақстанның ғылым, мәдениет, әдебиет және қоғамдық өмірінде өзіндік орны бар көрнекті тұлғалардың қатысуы оның танымдық әрі тәрбиелік маңызын арттыра түсті. Академия мүшелері белгілі теолог-ойшыл Халифа Алтаймен, арабтанушы ғалым, бұрынғы Қазақстан Республикасының Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлімен, қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шахановпен, қоғам қайраткері, қазақ тілінің жанашыры Асылы Османмен, Зейнеп Ахметовамен, Қазыбек Исамен, Жұмабек Ашуұлымен, Дос Көшіммен және басқа да зиялы қауым өкілдерімен жүздесіп, тағылымды әңгімелерге қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Мұндай кездесулердің құндылығы шақырылған тұлғалардың танымал болуымен ғана өлшенбейді. Ең маңыздысы – жастардың өмірлік тәжірибесі мол, қоғамдық ойға ықпал еткен азаматтармен тікелей сұхбат құруы, олардың көзқарастарымен танысуы, өздерін толғандырған сауалдарға жауап іздеуі. Философиялық тұрғыдан алғанда, сұхбат – танымның ерекше формасы. Өйткені адам өзгенің пікірін тыңдау арқылы ғана емес, сол пікірмен ойша сұхбат құрып, өз ұстанымын қайта саралау арқылы да кемелденеді. Осы мағынада «Кіші Фараби» академиясы жастардың интеллектуалдық әлеуетін дамытуға бағытталған ашық пікірталас мәдениетінің өзіндік мектебіне айналды.

Академияның рухани бағдарын айқындаған маңызды ерекшеліктің бірі – оның ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби есімімен аталатын университет қабырғасында құрылуы. Бұл атау кездейсоқ таңдалған символ емес, ол белгілі бір дүниетанымдық жауапкершілікті де білдіреді. Әл-Фараби мұрасы – білім мен парасатты, ғылым мен ізгілікті, жеке адамның кемелденуі мен қоғамның игілігін өзара сабақтастырған тұтас философиялық жүйе. Сондықтан академия мүшелері ұлы ғұламаның трактаттарын зерделеуді, оның философиялық тұжырымдарын талқылауды және ғылыми мұрасын жас ұрпақ арасында насихаттауды дәстүрге айналдырды.

Әл-Фарабидің қайырымды қоғам, кемел адам, ізгілік, білім және парасат туралы идеялары академия жұмысының мазмұндық бағдарымен табиғи үндестік тапты. Себебі ұлы ойшыл үшін білімнің түпкі мақсаты – адамның рухани жетілуіне және қоғамның игілігіне қызмет ету. Осы тұрғыдан алғанда, жастардың бойында ғылыми ізденіске құштарлық, азаматтық жауапкершілік пен адамгершілік ұстаным қалыптастыруға бағытталған академия қызметі фарабилік дүниетанымның тәрбиелік әлеуетімен сабақтасады.

Бұл бағытта академия тарихындағы тағылымды кездесулердің қатарында көрнекті философ, философия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының мүшесі Ағын Хайроллаұлы Қасымжановпен және белгілі математик, ғылым тарихын зерттеуші, фарабитанушы Асқар Көбесовпен өткізілген жүздесулердің орны айрықша. Олармен болған сұхбаттар жастарға әл-Фараби мұрасын тереңірек тануға, отандық философия мен ғылым тарихындағы іргелі мәселелерді түсінуге жол ашты. Ғылыми мектептердің сабақтастығы, ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланыс, ұлттық ғылымның даму жолы тәрізді мәселелер осындай кездесулердің өзегіне айналды.

Ғылымның өміршеңдігі тек ғылыми еңбектердің санымен немесе теориялық тұжырымдардың тереңдігімен өлшенбейді. Оның шынайы жалғастығы – кейінгі буынға берілген білімде, қалыптасқан зерттеушілік дәстүрде және жас ұрпақтың бойына сіңірілген таным мәдениетінде. Осы тұрғыдан қарағанда, Лесхан Әмірханұлының «Кіші Фараби» академиясына жетекшілік етуі оның ұстаздық қызметінің маңызды қыры ғана емес, отандық философиялық ойдың сабақтастығына қосқан қоғамдық-ағартушылық үлесі деуге негіз бар.

Лесхан Әмірханұлы Асқардың көпжылдық ғылыми-педагогикалық қызметін тұтастай қарастырғанда, оның зерттеушілік ізденістері мен қоғамдық-ағартушылық жұмыстары бірін-бірі толықтырып отыратын ортақ мұратқа бағытталғанын байқаймыз. Бір жағынан, ол логика ғылымының тарихи және теориялық негіздерін зерттеп, әл-Фарабидің философиялық мұрасын қазіргі ғылыми таным тұрғысынан зерделеуге үлес қосса, екінші жағынан, осы білімді жас ұрпақтың дүниетанымдық қалыптасуына қызмет ететін рухани тәжірибеге айналдыруға күш салып келеді.

Оның ғылыми ізденістерінің маңызды ерекшелігі – ойлау мәдениетін философиялық танымның өзегі ретінде қарастыруында. Себебі логикалық сауаттылық адамның ақпаратты қабылдау, талдау, салыстыру және бағалау қабілеттерін жетілдіреді. Ал сыни ойлау сол білімді саналы қолдануға, дәлел мен болжамның ара-жігін ажыратуға, күрделі мәселелерге байыппен қарауға мүмкіндік береді. Қазіргі ақпараттық қоғам жағдайында мұндай қасиеттердің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Осы тұрғыдан алғанда, ғалымның логика мен сыни ойлауға қатысты зерттеулері бүгінгі білім беру кеңістігі үшін де өзекті.

Әл-Фараби мұрасын зерттеу арқылы Лесхан Әмірханұлы Шығыс философиясының әлемдік интеллектуалдық тарихтағы орнын танытуға, отандық фарабитану саласындағы ғылыми ізденістерді толықтыруға және ұлттық философиялық ойдың тарихи тамырларын тереңірек пайымдауға атсалысып келеді. Оның еңбектерінде ұлы ойшылдың логикалық ілімін тарихи салыстыру, таным теориясын түсіндіру және философиялық мұраны қазіргі заман талаптарымен сабақтастыру бағыттары өзара байланыста өріледі.

Ғалымның өмір жолы мен шығармашылық қызметінен байқалатын тағы бір маңызды қыр – ғылымды жеке кәсіби жетістік деңгейінде қалдырмай, оны қоғамдық игілікке айналдыруға деген ұмтылыс. «Кіші Фараби» академиясының ұзақ жылдар бойы атқарып келе жатқан жұмысы осы ұстанымның нақты көрінісі. Мұнда білім тек дәріс пен оқулық шеңберінде берілмейді, ол сұхбат, пікірталас, ізденіс және өзара интеллектуалдық ықпалдастық арқылы дамиды.

Өткен ғасырдың соңында негізі қаланған бұл академияның бүгінгі күнге дейін өз қызметін жалғастыруы – оның идеялық тұғырнамасының өміршеңдігін аңғартады. Әр кезеңнің өз сұрақтары, әр буынның өз ізденістері болғанымен, адамды білімге, ізгілікке және парасатқа жетелеу мұраты өзгермейді. Осы орайда Лесхан Әмірханұлының ұстаздық қызметі мен академияға жетекшілігін бір арнаға тоғыстырған басты құндылық – жастардың ой еркіндігін, интеллектуалдық дербестігін және рухани жауапкершілігін қалыптастыру.

Қорыта айтқанда, Лесхан Әмірханұлы Асқардың ғылыми-педагогикалық қызметі логика мен философия тарихын зерттеу, әл-Фараби мұрасын зерделеу және жастардың танымдық мәдениетін дамыту бағыттарындағы жүйелі еңбегімен ерекшеленеді. Оның 200-ден астам ғылыми жарияланымы, монографиялық зерттеулері мен оқу-әдістемелік еңбектері ғылыми ізденістерінің ауқымын танытса, «Кіші Фараби» академиясына жетекшілік етуі ұстаздық мұратының қоғамдық маңызын айқындайды.

Ғалымның өмірлік және ғылыми ұстанымын бір арнаға тоғыстыратын негізгі идея – ойлауды жетілдіру арқылы адамды, ал адамды жетілдіру арқылы қоғамды рухани дамыту. Бұл – әл-Фараби философиясындағы кемелдік пен ізгілік мұраттарымен үндесетін, уақыт өткен сайын маңызын арттыра түсетін құндылық. Ғылымға адалдық, ұстаздыққа жауапкершілік және рухани мұраға құрмет Лесхан Әмірханұлының ұзақ жылдар бойғы еңбегінің мазмұндық өзегін құрайды.

 

Қанат АЛТЫНБЕК

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

ҚР Ұлттық кітапханасының Ғалым хатшысы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Философия кафедрасының PhD докторанты

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Қос қасиет

22.10.2026

2133

Taza Qazaqstan