«Ақбілек» - қазақтың алғашқы модернистік шығармасы
«Ақбілек» романы жайлы екі спикер – жазушы Айгүл Кемелбаева мен ақын Ықылас Ожайұлы өз ойларын ортаға салды. Сондағы айтылған пікірлерді ықшамдап ұсынып отырмыз.
Астанадағы Ұлттық кітапхананың Жасөспірімдер залында «Ай кітабы» атты жаңа жоба басталды. Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Астана қалалық Жазушылар одағының филиалы бірлесіп ұйымдастырған жобаның мақсаты – қазақтың сүбелі шығармаларын талдап, құпиясына үңіліп, оқырман қауымның назарына қайта бір ұсыну. «Ай кітабының» алғашқы таңдауы – ұлтымыздың ұлы жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романына түсіпті. Жобаны үйлестіруші Тоқтарәлі Таңжарықтың айтуынша, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Жүсіпбек Аймауытов шығармашылығының қатпары көп. Оны әркез оқырман қаперіне салып, заманға сай талдап, таразылап отырған дұрыс. «Ақбілек» - кәсіби қазақ романының бастауында тұрған бірегей туынды.
Бұл жолы «Ақбілек» романы жайлы екі спикер – жазушы Айгүл Кемелбаева мен ақын Ықылас Ожайұлы өз ойларын ортаға салды. Сондағы айтылған пікірлерді ықшамдап ұсынып отырмыз.
Жүсіпбек Аймауытов – қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті жазушы, драматург, публицист, педагог және психолог. 1889 жылы Баянауыл өңірінде дүниеге келген.
1914 жылы Семей мұғалімдер семинариясына түсіп, 1918 жылы тәмамдаған. Алаш қозғалысына араласып, «Абай» журналын шығаруға атсалысқан. Кейін мемлекеттік қызметтер атқарып, Семей губерниялық оқу бөлімін басқарған, «Қазақ тілі» және «Ақ жол» газеттерінде редакторлық қызмет еткен. Шымкент педагогикалық техникумының директоры болған.
Оның «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» хикаяты, «Әнші», «Елес», «Қара бақсы» әңгімелері – ұлт әдебиетінің бірегей туындылары. Сонымен қатар «Психология», «Тәрбиеге жетекші» секілді ғылыми-педагогикалық еңбектер жазды.
1929 жылы кеңестік қуғын-сүргінге ұшырап, тұтқындалды. 1931 жылы Мәскеу қаласында ату жазасына кесілді. Кейін ақталып, шығармалары 1990-жылдардан бастап қайта жарық көрді.

Тоқтарәлі Таңжарық: Бүгін біз «Ай кітабы» атты жаңа жобаны бастап отырмыз. Ай сайын қазақтың айтулы шығармаларын талқылаймыз. «Ай кітабының» мақсаты – қазақ әдебиетіндегі ең мықты шығармалардың құпиясына үңілу. Бұл жерде формат ерекше: екі спикер бір шығарма туралы өз пікірін ортаға салады.
Біз бүгін не үшін «Ақбілекті» таңдағанымыз баршаңызға түсінікті шығар деп ойлаймын. Өйткені, «Ақбілек» романы – қазақтың кәсіби романының бастауында тұрған бірегей шығарма. Иә, оған дейін де «Бақытсыз жамал», «Қалың мал» секілді жеті-сегіз шығарма жарық көрген. Десе де, кәсіби романның бастауында осы «Ақбілекпен» пен «Қартқожа» тұр деп айтсақ, қателеспейміз.Бұл шығарма арқылы автор кәсіби қазақ прозасының алғашқы кезеңінде тұрса да, әлемдік деңгейдегі өте көркем туындыны жаратты.
Кеше осы «Ақбілек» туралы оқып отырып, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына автордың жазған хатын оқыдым, сонда Жүсіпбек: «Мен екі жарым ай қылуетте отырып «Ақбілекті» жазып шықтым. Көлемі «Қартқожадан» екі есе жоғары» дейді. Бұл роман 1927-28 жылы «Әйел теңдігі» деген журналдың бірнеше санына жарияланған.
Ал енді Айгүл апай, осы шығарманы өзіңіз оқыдыңыз, сізге қолқа салу себебіміз – сіз жазушылығыңыздан бөлек, әдебиет тануды тереңдете зерттеп жүрген жансыз. «Ақбілек» қайта оқығанда қандай әсер алдыңыз? Бұрын байқамаған қандай тәсілдерді көрдіңіз?
Айгүл Кемелбаева: «Ақбілекті» жақында екінші қайтара оқып шығып, ерекше таңғалдым. Бұрын байқамаған көптеген көркемдік детальдарға көзім жетті. Осыдан 100 жыл бұрын Жүсіпбек Аймауытов қазақ әдебиетінде модернистік романның негізін қалап кеткен екен.
Шығарманың композициясы өте күрделі. Мұнда Орхан Памуктың «Менің атым – Қызыл» романындағыдай, оқиға түйіндері кейіпкерлердің (Мұқаштың, Ақбілектің) монологтары арқылы беріледі. Ал шығарма соңында Ақбілек пен Камиланың диалогы өрбиді. Сонымен қатар, романда Ақбаланың Күланға ғашықтығы баяндалатын күнделік формасы да бар.
Жүсіпбектің әлемдік әдебиетті осыншалықты терең игергені сүйсіндіреді. Оның тілі өте көркем, еркін әрі ырғақты. Арасында ақ өлең де, жыраулық поэтиканың сарыны да қатар өріліп отырады. Абай дәстүрінің әсері де айқын білінеді. 100 жыл бұрынғы қазақ психологиясы мен қоғамының барлық артық-кемі шынайы бейнеленген.
Әйел тағдыры – антикалық кезеңнен басталатын әлемдік әдебиеттегі мәңгілік тақырып. Батыс Европа прозасымен салыстырсақ, Томас Гардидің «Тэсс» романындағы немесе Лев Толстойдың «Воскресение» романындағы Катюша Маслованың бейнесі Ақбілекпен шендеседі. Рухани тазару, күнәдан арылу идеялары ұқсас. Жүсіпбек – орыс және әлем классикасын терең меңгеріп, қазақ прозасын биік деңгейге көтерген ғажап суреткер.

Ықылас Ожайұлы: Мен «Ақбілек» романын қайта оқығанда үш түрлі сезім мен ахуалды басымнан кешірдім.
Біріншіден, бұл – романның тілі. Онда қазақтың тұнық, шұрайлы, шын мәніндегі ауызекі сөйлеу тілі сақталған. Өкінішке қарай, бүгінгі оқырман сол бай тілдік қорымыздан алшақтап бара жатқанын сезесің. Роман біздің тілдік жүйеміз бен рухани тамырымызды қайта түгендеуге шақырады. Мәселен, автор жай ғана «әзілге жоқ адам» демей, «әзілге доғал адам» дейді немесе бауырсақты жеуді «үркіту» деп қолданады. Бұл – сөзге жан бітіретін ғажап оралымдар.
Екіншіден, бұл – ұлттық иммунитет мазмұны. Роман оқиғасы ХХ ғасырдың басындағы ақ пен қызылдың топалаңында өтеді. Осы туындыдан орыс отаршылдығын қазақ болмысының қаншалықты бөгде, жат санағанын көреміз. 1916 жылғы көтерілістің де түпкі мотиві – тек әскерге адам бермеу емес, отаршыл жүйені іштей қабылдамау еді.
Үшіншіден, бұл – отарлық ахуалдың философиялық танымы. Әлеуметтанушы Анибаль Киханоның (Aníbal Quijano) тұжырымына сүйенсек, отаршыл жүйе адам тағдыры мен тәніне тек ресурс және арзан еңбек күші ретінде қарайды. «Ақбілек» романы – осы ғылыми анықтамаға көркем сөзбен берілген ұлы жауап.
Ақбілек бейнесі – жеке бір әйелдің ғана емес, отарлық қорлықты бастан кешкен бүкіл ұлттың типтік жиынтық образы. Роман соңында Ақбілектің қарамұрттың аяғына жығылып, жан сауға сұрау көрінісі немесе Бекболаттың дәрменсіздігі – Жүсіпбектің біздің ұлттық рухымызға, менталитетімізге, арымызға қойған үлкен сауалы. Сондықтан «Ақбілек» – ұлтқа салмақты сұрақ қоя білген туынды.
Тоқтарәлі Таңжарық: Айгүл апай, енді өзіңізге сұрақ қойсам деймін. Осы романдағы кейіпкерлерді ашу процесі мен ішкі психологиясы өте терең бейнеленген. Мәселен, Мұқаштың өз әрекетін өзі ақтап алатын тұстары болса, Ақбілектің де ішкі монологтары шебер берілген. Жалпы, бұл туындыда кез келген кейіпкердің екіжақты көзқарасы мен психологиясы жан-жақты ашылады. Бұл – «Қартқожада» да, «Ақбілекте» де айқын көрінетін, кейіпкер жан дүниесін тереңдетуге мүмкіндік беретін көркемдік тәсіл. Осы жағы сізге қалай әсер етті?
Айгүл Кемелбаева: Жүсіпбек шығармаларында ұсақ кейіпкер деген жоқ, мұнда типаждар өте көп. Негізгі кейіпкерлермен қатар, жанама кейіпкерлердің де бейнесі толық ашылады. Жарым-ақ беттік эпизодта көрінетін кейіпкердің өзіне автор толық портреттік сипаттама береді.
Мәселен, Бекболаттың жолдасы Ақбергенді алайық. Автор оның қандай жігіт екенін, ештеңеден қорықпайтын өте батыр да тік мінезді екенін көркем суреттейді. Дегенмен, романда әрбір адамның жеке басының мүддесін ойлайтын психологиясы да назардан тыс қалмайды.
Сондай-ақ, Әлдекей шал сияқты кейіпкер де назар аудартарлық. Ол тамақ іздеп жүрсе де, шежіреші, Абайдың аулына барып көңіл айтып, бата жасап қайтатын білікті кісі. Романда Абайдың аты екі жерде аталады, себебі Абай сөзінің қуаты мен дәстүрі Жүсіпбектің болмысында айқын білініп тұр.
Жүсіпбектің драматургиялық таланты да ғажап. Ол әзіл мен юморды, тұрмыстық бояуларды кейіпкер тілі арқылы табиғи жеткізеді. Сонымен бірге, Мұқаш сияқты кейіпкерлер арқылы отаршылдық пен аласапыран заманда адал жолдан таятын, материалдық пайда іздеп, бір-бірін сататын адамдардың ішкі моральдық құлдырауын да жасырмай ашып көрсетеді. Бұл тұрғыдан Ги де Мопассан шығармаларындағы психологизммен ұқсастықтарды байқауға болады.
Сонымен қатар, Матайдың Әбені, Мұқаштың әйелі Алтынай, кішкентай Медеу сияқты кейіпкерлердің әрқайсысы бай палитрамен, кинематографиялық сценарий деңгейінде өте шебер бейнеленген.
Романда Ескендір диуана деген кейіпкер бар ғой. Қыста да жалаңаяқ жүретін, софылық бағыттағы, ерекше бір жұмбақ бейне. Бір жерде тұрақтамайды, «барлық қазақтың үйі – менің үйім» деп жүреді. Ықылас, осы Ескендір диуана бейнесі және оның эволюциясы туралы не айтар едің?
Ықылас Ожайұлы: «Ақбілек» романында ерекше екі кейіпкер бар: бірі – осы Диуана, екіншісі – Ұрқия. Ұрқия – қазақы кісіліктің, адамгершілік пен эмпатияның биік үлгісі. Ақбілекке демеу болып, баланы бауырына басатын жаны жомарт жан.
Ал Ескендір Диуанаға келер болсақ, ол – қазақтың имандылық пен рухани еркіндігінің бейнесі. Ол ешқандай байлыққа, шен-шекпенге байланбаған, «Алла» деген жалғыз ауыз сөзбен өмір сүретін тұлға. Ахмет Байтұрсынұлының: «Басына сәлде ораған молдалардан «қара қойдың кәлдесін» айтып ел кезіп жүрген диуаналардың жүрегі әлдеқайда таза» дейтін сөзі бар ғой. Ескендір – сондай таза иманның иесі. Ол тіпті еркек пен әйелді де бөлмейді, бәріне адамзаттық биіктен қарайды.
Тағы бір назар аударарлық жайт – Ақбілектің туған баласына да Ескендір деп ат қойылуы. Шығарманың шарықтау шегі де осы деталь. Ол бала мінезді, қатты, тентек болып өседі. Меңзеп отырғаны болашақта бала Ескендірдің прото Ескендірмен үйлеспейтін, басқа сипатта ержететінін меңзеп отыр. Бала Ескендір кейін Оралхан Бөкейдің «Атау-кересіндегі» Ерік сияқты типтік бейнеге, яғни «Ескендір синдромына» ұшырайтын кейіпкерлердің прототипіне айналады. Автор: «Оны орыстар тілі келмей Александр дейді, бұл Ескендір емес, Александр» деп, оның бөтен типін ашып көрсетеді.
Айгүл апай, Жүсіпбек Аймауытов отыздан астам көркем әдебиет пен ғылыми еңбекті қазақшаға аударғаны мәлім. Пушкин, Гоголь, Лев Толстой, сондай-ақ Батыстан Джек Лондон, Ги де Мопассандарды тәржімалады. Осы тұрғыдан алғанда, Жүсіпбектің роман жазудағы көркемдік ізденістеріне әлем әдебиеті өкілдерінен кімнің әсері көбірек болды деп ойлайсыз?

Айгүл Кемелбаева: Көркемдік эстетика тұрғысынан Мопассан мен Лев Толстойдың әсері зор болды деп есептеймін. Мәселен, Матайдың Әбенінің образы – сондай бір тоқмейіл, дәулетті адамның табиғатын дәл ашады. Оның жүріс-тұрысы, салтанаты мен қылығы бәрі де өте шынайы. Жүсіпбек соны фрагменттерге бөліп, реалистік дәлдікпен береді.
Сонымен қатар, қойшы бала Қойтекенің образы – Максим Горький прозасындағы реалистік бағыттағы балалар бейнесімен үндеседі. Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» мен Жүсіпбектің «Ақбілегі» – кезеңдес, сабақтас туындылар.
Жалпы, Жүсіпбек Аймауытов ХХ ғасырдың басында қазақ прозасын кенеттен әлемдік, еуропалық биік деңгейге көтерген феномен жазушы. Оның «Ақбілек» романы француз, ағылшын, испан тілдеріне сапалы аударылуы тиіс. Өйткені бұл – қазақ әдебиетінің әлемдік аренада мақтана алатын шоқтығы биік шедеврі.
Тоқтарәлі Таңжарық: Бәрібір бұл кеңестік идеологияның алғашқы құрсауын кезеңінде жазылған шығарма. Себебі сол кездері әйел теңдігі мәселесі жарияланып, қазақ әйелінің тағдыры туралы көптеген туындылар жазылды. Бірақ бұл роман сол идеологияның аясында жазылса да, ешқандай жасандылық, идеологиялық феминизмнің сарыны байқалмайды.
Айгүл Кемелбаева: Бұл жерде екіұштылық бар. Мысалы, Ақбаланың Күлән деген қызға ғашықтығын күнделік арқылы қазақтың оқыған қызы мен оқымаған қызының айырмашылығы жер мен көктей екенін автор әйелдердің психологиясын суреттегенде өте дәл береді.
Сосын мынадай бір сөз бар: бірде «заман оқығандікі, қызды оқыту керек» дейді. Бірақ сол оқыған қыздардың да жүріс-тұрысы бұзылып жататынын жасырмайды. Жүсіпбек мұнда нағыз реалист жазушы ретінде көрінеді. Ол ешнәрсені бүркемелегісі келмейді, өмірде көргенін суық қалпында шынайы жазады. Бұл шындық әдебиет үшін өтіріктен гөрі әлдеқайда маңызды.
Түйін: «Ай кітабының» алғашқы алғашқы талдауын қысқартып ұсындық. Көрермен дер сұрақ қойып, оған спикерлер мағыналы жауап берді. Толық нұсқасы YouTuobe-тағы «Әлқисса» арнасында жарияланады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба ай сайын өтеді. Қараша айында Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» хикаяты талданады.
