Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Қадыр Мырза Әлі Думан Рамазанның "Көкжал" әңгімесі...

24.02.2017 8687

Қадыр Мырза Әлі Думан Рамазанның "Көкжал" әңгімесін талдаған екен

Қадыр Мырза Әлі Думан Рамазанның "Көкжал" әңгімесін талдаған екен - adebiportal.kz

Бүкіл ұлттық әдебиетке көз жазбай қарап отыру, қадағалап отыру мүмкін болмай қалды. Қазіргі қазақ әдебиеті қырқыншы – отызыншы жылдардағыдай қазақ әдебиеті емес. Ол кездегі республика жазушыларының саны саусақпен санарлықтай ғана еді. Аз, өте аз болатын. Бүгінде қолында Жазушылар одағының мүшесі деген құжаты бар қазақ қаламгерлерінің саны, әлі де мүше болып үлгермеген, бірақ бірнеше кітап шығарып, көзге түсіп жүргендерді қосып есептер болсақ, Құдай біледі, мыңға тартады.

8e8876581a627cc7a50a50d7c9bd6d83.jpg


Басқалардың қалай қабылдайтынын біле қоймаймын, менің Жаратқаннан бұйырған жалғыз өнерім – ақындық-жазушылық болғанымен, басты шаруам – кітап оқу, қолдан келсе, үзбей оқу. Кейбіреулердің күлуі мүмкін. Бала кезден тірнектеп жинаған кәдімгідей бай кітапханам бар, кейде мен сол байлығыма қарап жатып, осы кітапханамды тағы бір қайыра оқып шығарлық мүмкіндігім болса ғой, шіркін, деймін қиялдап!.. Бұл жетпістің үстіне шыққан шал түгіл, жиырмаға жаңа жеткен жас жігіттің өзіне бұйыра бермейтін бақыт!..

«Ауру қалса да, әдет қалмайды» - дейді халық даналығы. Ата-бабаларымыз дұрыс айтқан әйтсе де. Ауырып жүргеніме қарамай, шалқамнан жатып, біраз дүниені сүзіп шықтым. Көзіммен, әрине. Солардың ішінде қолыма ала қоймаған, көптің ішінде кезегін күтіп жатыңқырап қалған біраз шығармаларды ерінбей-жалықпай оқып шықтым.  Солардың бірі – Думан Рамазанның әңгіме-хикаялары.

Маған бәрінен де шоқтығы биік тұрған шағын туынды – «Көкжал» боп көрінді. Жасыратыны жоқ, сол дүние маған ерекше әсер етті. Әсер етіп қана қойған жоқ, ойыма айналып соға берді. Көңіл алаңдай бергеннен кейін осы туындымен тақырыптас біраз нәрсені қайта қарап шықтым. Оған түрткі болған «Көкжал» атты әңгіме. Кейбір шығармаларды әлсін-әлсін қайта оқып тұрғанға не  жетсін!.. Уақыттың тапшылығына, онсыз да жетпейтіндігіне қарамай, ең алдымен қолыма түскен, бала кезден жақсы таныс – «Ақазу» болды. Американ жазушысы Джек Лондонның атын әлемге әйгілі еткен кәдімгі - «Ақазу». Көлемі жағынан романдармен қатар түсетін қызықты да, қуатты хикаят. Оны автор өткен ғасырдың бас кезінде, яки 1906 жылы, отыз жасында, жазушы ретінде әбден пісіп – жетілген кезінде жазған екен.

Осы саладағы келесі бір аттап өтуге болмайтын көркем дүниені еске түсіруге тура келді.  Ол – Канада  жазушысы Э. Сетон-Томпсон. Ол өзінің  тамаша хикаяты «Виннипег бөрісін» қай жылы жазғанын анықтай алмадым. Әйтсе де ол осы шығармасының кіріспесінде-ақ «Менің Виннипег бөрісімен кездесуім 1882 жылы ұлы борасын кезінде болып еді» деп жазады. Соған қарағанда Э. Сетон-Томпсонның бұл кітабы, шамамен алғанда, он тоғызыншы ғасырдың аяғына таман жазылған болуы керек.

Уақыт логикасына сүйенер болсақ, Лондон «Виннипег бөрісін», Мұхтар Әуезов Лондонның «Ақазуын» оқыған сияқты. Ал  «Көксеректі» Сәкен Жүнісов міндетті түрде оқыды деп білемін. Сәкеннің « Ақан сері» кітабының бірінші томында Бірішек деген арлан қасқырдың көркем бейнесі жасалған. Көкжал қасқыр туралы осы бір әдемі оқиғаны бөліп алып, жеке дүние жасауға да болар ма еді, қайтер еді...  Әншілік пен аңшылық қазақ даласында қатар өмір сүрген табиғи байланыстағы құбылыс болғандықтан, Бірішек Сәкеннің авторлық идеясына қажеттеу болған-ау деп ойлаймын. Мұның бәрі менің, оқырманның байқауы, болжамы ғана. Солай болуы да ғажап емес. Қалай болған күнде де, ешкімге ешқандай кінә тағылмайды. Қайта олардың қай – қайсысына іштей риза боласың.

Думан Рамазанның бізге ерекше әсер еткен «Көкжалы» да қасқыр туралы өте әдемі жазылған әсерлі әңгіме. Тақырыбы бір болғанымен, бұрынғылардан мүлде бөлек дүние. Бастауын бастасаң болды, қызығына тартып, иіріміне өзі-ақ үйіріп әкетеді. Бас алмай, бір демде оқып шығасың.  Бас кейіпкер Елубай мен оның әйелі Гүлғайшаның образы қандай, болмаса, арлан мен қаншық қасқырдың немесе қазақы төбеттің іс-әрекеті мен көркем бейнесі қандай сәтті шыққан.

Рас, Думан көркем образ жасауға шебер екен. Әңгімені оқып болғаннан кейін, бас кейіпкер – Елубай мен әйелі Гүлғайшаның , иттері – Ақжол мен Ақтөстің, бөлтірік ұрлағыш қос жігіт – Серік пен Қанаттың, тіпті кек қуғыш арлан мен қаншық қасқырдың көркем бейнелері өздерінің іс - әрекеттері арқылы өзінше бір әлем боп көңіл түкпірінде қалып қояды. Жалпақ тілмен айтар болсақ, Елубай қаталдығымен, Гүлғайша қазақ әйеліне тән көнтерлілігімен, Ақжол төбет тектілігімен, Ақтөс қоян жүрек қорқақтығымен, Серік иненің көзінен өтетіндей жылтырлығымен, Қанат жетекке ерген түйедей марғаулығымен есіңде жатталып қалады.

Әңгіменің аяғында кекшіл көкжал Елубайды абайсызда өзі мерт қылған текті төбетін жайлау маңындағы сайға апарып көміп жатқан жерінде талап өлтіреді. Елубай өзіне адал болған төбетті жазым қылса, бөлтірігінен айырылған көкжал оны  жазықсыздан жазықсыз жарып кетеді. Ойландыратын-ақ жайт. Кейде өстіп өмірде адал адамдар да жаманатқа байланып күйіп кетіп жатса, енді біреудің жасаған күнәсін екінші біреу арқалап кетіп жататындары да шындық қой. Ал , кейде шек – шекарасынан асырып жіберсең, жақсылықтың да жамандыққа айналып кетер немесе жасаған жақсылығың жамандық боп қайтар кездері де болады. 

Әңгіменің аяқталуы да тосын Һәм сондай әсерлі. Сенбесеңіз , бірігіп оқиық: « ... Арлан қаймығар емес , ешқандай қауіп – қатердің жоқтығын іші сезетін сияқты. «Қасқыр адамның көзінен қорқады» деуші еді...» Елубай оның алақ – жұлақ еткен отты көзіне көзін тіке қадады. Арланның аялдайтын түрі жоқ. Сұсы басым. Ол жанарын тез тайдырып әкетті.

- Ажалымның жеткен ... Жоқ, мен... Гүлғайша... Балалар... Жо... жоқ... атама...-  деді іштей күбірлеп. Жанарына жас іркілді, иегі кемсеңдеді. Көзі қарауытты, басы айналды. Жүрегі атша тулап, аузына тығылды. Сол мезет:

- Әке, есіңді жи!- деген дауыс естілді. Шошына селк ете түсті. Осыдан он жыл бұрын құдыққа құлап өлген тұңғыш ұлының жандауысы.

- Әке, есіңді жи!..- Дауыс жаңғырып тағы қайталанды. Жан – жағына жалтақтай қарады. Ентелеп келе жатқан қасқырдан басқа көзіне ештеңе түсе қоймады.

- Әке... Әке...

Арт жағына кілт бұрылған Елубай биік таудың ұшар басында тұрған баласын көрді. Қол бұлғап шақырып тұрған сияқты:

- Мұрат... Мұратым менің... Сен тірі екенсің ғой!.. - Ол ұмтыла беріп, етпеттей құлады. Бойын жиып тұра бергені сол еді, ырылдап келіп сол жақ иықтан ала түскен арлан ақсиған азу тістерін батырып жіберіп, күтір – күтір еткізді де, жұлқылай тартып қалды. Үсті-басын қан жуып кеткен Елубай есі шыға есеңгіреген қалпы тізерлеп отыра қалды. Көзінің алды тұманданып, дүние астаң – кестеңі шыға төңкеріліп бара жатқандай көрінді.

- Мұрат... Мұратым менің... – Ернін ғана жыбырлатуға шамасы келді. Басын төмен салбырай беріп, домалап түсті. – Мұр... ат...

Аузын қандап алақтаған аш қасқыр буы бұрқыраған жас етке тұмсығын тығып, қомағайлана асап – асап жіберді де, «есем қайтты ғой, осы да жетер» дегендей, жаймен көткеншектей беріп, жалт бұрылды да, бүлкектей басып, жорта жөнелді. »

Міне, осы шағын үзіндіден-ақ Думанның өз қолтаңбасы анық көрінеді.  Осындағы он жыл бұрын өліп қалған баласының айғайлауы, бір қарағанда сенімсіздеу болып көрінуі де мүмкін. Дегенмен, адамның  жаны мұрнының ұшына келіп қысылған шағында, не істерін білмей, есінен адаса аласұрған кезінде, тағдыры қыл үстінде тұрған соңғы сәттерде періште ұлының көз алдына келуі табиғи заңдылық.  Қол бұлғап өзіне қарай шақырып тұрғаны да сенімді һәм нанымды. Бұл өзіміздің қазақы наным – түсінік. Мүмкін, ол Елубайдың жанын алу үшін бала кейпінде келе жатқан Ажал шығар...  Әрине, ойландырады... Ал ойландыра алған шығарманың ғұмыры әманда ұзақ болары сөзсіз...

Әңгімені оқып болғаннан кейін тағы ойланасың... Автор бұнымен не айтпақ болды екен?.. Өзіңше әртүрлі жорамал жасайсың...

Елубай – кім?.. Төбет – кім?..  Бөлтірік ұрлаушылар - кім?.. Көкжал – кім?.. Осы сұрақтар мені көп мазалады!.. Жауабын өзімше тапқан да сияқтымын.

Елубай – соры қайнаған қазаққа көбірек ұқсайды... Қанша рет таланды!.. Қандай жаны сірі десеңізші!.. Мың өліп, мың тірілген қазақ қой бұл!..  Төбет – қазақтың қасиетті санайтын салт – санасы, әдет – ғұрпы сияқты... Яғни, тән мен жан секілді... Біз өзіміздің қасиеттімізді өзіміз тұншықтырған, өзіміз өлтіре жаздаған халықпыз. Бөлтірік ұрлаушылар – ел ішіне іріткі салушылар... Ал , көкжалдар ше?.. Айтпаса да түсінікті шығар!.. 

Міне, менің бұл әңгімеге барынша көңілімнің түскен себебі осы. Өзіндік айтары бар, астары терең дүние. Бұл менің шынайы ниетім, шын көңілім.

Тағы бір атап айтатын нәрсе , Думан тілді өте жақсы біледі екен. Қазақ тілінің құпиясын өте жақсы меңгергені кез келген шығармасынан көрініп тұрады. Жоғарыда келтірген шағын үзіндіден-ақ  жазушының қалам сілтесі айқын аңғарылады. 

Рас, ақын – жазушылар да болмысынан бала сияқты. Жылы сөз естісе, жанбасын шапалақтап шауып кете береді. «Біз де кемпір болғанбыз, қапқа тары салғанбыз» дегендей, біздің де жатсақ – тұрсақ ойлайтынымыз - әдебиет болатын. « Қайтсек, келесі дүниені жазамыз! Қайтсек, көзге түсеміз! Қайтсек, дуалы ауызға ілігеміз» деп түнгі ұйқымызды төрт бөлетінбіз. Бірақ, біздің өнерге келген кезіміз – сапты аяққа сыра құйып, сабынан қарауыл қарайтын заман. Батыр – батыр сөйлеп, батыл – батыл жазу аты әйгілі көкжалдардың өзіне оңай соқпайтын. Кейбір нәрсені жазбақ түгілі, жазсам деп ойлаудың өзінен шошынатынбыз.  Оған да қарамай бірдеңе айтып жүретінбіз. « Шындық та жөтел тәрізді, жыбырлап тұрар тамақта» деген егіз тармағым цензурадан аман – есен өтіп, кітабыма басылғанда қуаныштан жарылып кете жаздағанмын. Кейін « Жазушы » баспасының Бас редакторы әлгі екі тармақты басылымнан алып тастады. Қалай қол қойып жібергеніне таң қалды... Редакторлар шұқылап отырып, қайтсе де бірдеңе тауып алатын. Ал біздер болсақ, әрқилы сыпайы сөздермен сылап-сыйпап қолайсыздау ойларды кіргізіп жіберуге талпынатынбыз. Біразын кейін білдік, өзіміз туып - өскен жұмбақсыз жапан далада ешкім білмейтін құпия қала, құпия заводтар да болған екен ғой. Ретін тауып, соларды да айта кетуді мақсат ететінбіз. «Біз білетін жерлерде біз білмейтін қалалар» деп жазып, бірде сол өлең жолдарын өткізіп те жібергем. Бас редактор аңғармай қалды. Мен автор ретінде кәдімгідей мәз болдым. Мәз боп жүріп ұмытып та кетіппін. Бірде маған Қайнар Олжай, болмысынан аңғарымпаз інім:

- Осы  сіздің «Біз білетін жерлерде біз білмейтін қалалар» деп келетін өлеңіңіз болатын еді ғой. Біздің аса қырағы цензурадан қалай оп-оңай өтіп кетіп жүр солар? – деп сұрады.

Қол қойған адам байқамаған, оқымай өтіп кеткен «бақытты» өлең жолдары екен деп жүрсем, аңғаратын адам бар екен, таң қалдым.

Өнер өкілдері, әсіресе, ақын-жазушылардың соңына шырақ алып түскен цензура, өкімет бақылауы, ресми қадағалау болатын. Құдайға шүкір, бүгінде одан құтылдық. Өркениетті елде өзінің ар-ожданынан асқан қандай бақылау болуы тиіс. Бұл жағынан жас дарындар біздің елде, бұрынғы заманмен салыстырғанда, әлдеқайда қауіпсіз, тіпті бақытты деп айтуға әбден болады. Иә, солайы солай! Бірақ оларға қоғамдық, мемлекеттік, ұлттық қамқорлық жетіспейді. Рас, ол жағы, жастар түгілі, біздерге де жетіспейді. Бірақ үлкен ағалардың азды – көпті қолдауын, қамқорлығын көріп қалдық. Олар туралы өз басым «Иірім» кітабында біраз жаздым. Әлі де, амандық болса жалғастырмақ ойларым бар.

Иә, өз тарихымызда да, өзгенің тарихында да жақсылық – жанашырлық дәстүр жетіп жатыр. Дәл осы арада В.Г. Белинскийдің Ресей таланттарына жасаған көптеген қамқорлығы еске түседі. « На Руси явилось новое могучее дарование – Лермонтов » деп жазыпты ол 1839 жылдың аяғында замандасы В.В. Станковичке.

Неткен мойындау! Неткен қуаныш! Неткен ірі сөз! Бұл хат жазылған кезде М.Ю. Лермонтов небары жиырма бесте ғана. Бірақ, ол жастау ғой, ертерек қой демей, ұлы сыншы, ұлы азамат айтатын жылы сөзін айтып үлгерген. 1841 жылы жаз айында Лермонтов опат болды. 1842 жылдың наурызында сол Белинский В.П. Боткинге жазған хатында «Лермонтов далеко уступит Пушкину в художественности и виртуозности ,.. но содержание, добытое со дна глубочайшей и могущественнейщей натуры, исполинский взмах, демонический полет – с небом гордая вражда – все это заставляет думать что мы лишились в Лермонтове поэта, который по содержанию шагнул бы дальше Пушкина»- дейді.

Лермонтов ақын ретінде  ғана емес, проза жанрының да ғажап өкілі ретінде біраз замандастарын таң қалдырған. Әлем әдебиетінің кемеңгер өкілінің бірі Л.Н. Толстой Лермонтовты аса жоғары бағалаған. «Біздің заманның қаһарманын», әсіресе, оның « Тамань » тарауын Л. Толстой теңдесі жоқ ғажап дүние деп есептеген...

Ұлы әдебиеттердің ұлы өкілдерінен келелі – келелі мысалдар алып, оларды өзара салыстыра  отырып, Думан Рамазанның  «Көкжалын» өз биігіне көтеріп көрдім... Менің мұным, біреулерге оғаштау көрінуі де мүмкін... Бірақ, бірақ ұлы классиктердің пысы басып тұруы заңды да... Дегенмен жас дарынның дөп-дөңгелек, жұп-жұмыр дүниесінен өз басым көзге ұрып тұрған олқылық байқамадым.

Думан Рамазанның бұдан да басқа «Алланың әмірі», «Күйік»,  «Жылап аққан тамшылар», «Сағындым сені , жанқалқа» ,  «Жантәсілім», « Ақсақал мен ақ жылан», «Соңғы дем», «Азалы күн» қатарлы біраз шығармасын оқыдым. Көңіліме жақсы әсер қалдырды... Оның бәрін айтып жатудың қажеті шамалы, әрине. Теңіздің дәмі тамшыдан білінетінін, біз емес, данышпан ата-бабаларымыз айтып кеткен ғой!..

Көрмегеннен көрген, кемдеу бағалағаннан артықтау  бағалаған өсетін елдің азаматтарына жарасатын сияқты. Ендігісін Уақыт өз таразысына салып, безбендей жатар...

 

  2007 жыл 


Әңгіменің толық нұсқасы



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар