«Әдебиет порталы» кеше ғана дүниеден озған талантты ақын Қайрат Белгібайұлының жақындарына көңіл айта отырып, ақынның мөлдір тұмадай бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынамыз.
Өмір – теңіз...
Сан жылдар сананы ыстап,
Адам толқын-тағдырмен сан алыспақ.
Уақыт-кеме тоқтамай алға тартып,
Күннен‑күнге барады жаға алыстап,
Алып қалып ең қимас сәттерімді
Жасыл арал – қол бұлғар – балалық шақ..
Адам, шіркін, қимастан кете барар
Қайта-қайта артына қарағыштап...
Тіршілік
Біз, адамдар, өмір мәнін кеш ұқтық,
Айыра алмай күншуақ пен түнекті.
Батысымның көкжиегін бесік қып
Тірлігімнің тағы да бір күні өтті.
Күміс көрпе төсеп бұлттың төсіне,
Торғын көкке толықсыған Ай шықты.
Қою қаймақ қалқып шығар бетіне
Елестетіп берекеге бай сүтті.
Кең әлемге терезе боп шаңырақ,
Уайым-түндік сыпырылып жай тапты.
Үмітімнің жұлдыздары жамырап,
Ертеңімнен бір жылылық байқатты.
Сұлулардың сұңғақ мойнын сәндеген,
Аппақ жібек орамалдай көлбеген
Құс жолы да жатыр шұбап көлденең
Ойлы жанға ол да өлең...
Дауылпаз Қасымға
Жалынды аға, жарқын ой, жаны жас ағам,
Жаныңның дара жарқылын сезгем ұшқынын.
Ақтара төгем сырымды тағы да саған,
Аққанат өлең аңсаса өз кеңістігін.
Пайдасын әркім жүр дара, атақтан біліп,
Айнасы ардың — жыр ғана — ақынға тірек.
Таныттың жұртқа тау мінез, тәкаппар қылық,
Шабытың бұлтқа, ал өзің шатырға түнеп.
Қасымдар жүрген кең шарлап ән-жыр өлкесін,
Тасырлар күлген, қонса бақ — тамаша бәрі.
Жайған ер едің досына жалғыз көрпесін,
Қайран өлеңің жылытып бала-шағаны.
Санаңда — қырау. Өмірдің күзі мұң өрді,
Адалға мынау тірлікте ниетің тар, Құдай.
Жұмақтан іздеп көретін қызығын енді
Бұ жақтан үзбек үмітін ақын тағдыр-ай!
Балбұлақ өлең толғансаң, діліңе тұнар,
Қалғыған әлем-сәбидің тілеп күзетін.
Жылу оты бар, жырының құдіреті бар
Жүректі жетім бір сипап дір еткізетін
Еңселі Арқа дегендей: ”тұлпарым озды-ау!”
Мол сенім арта елеңдер жас ұрпағына.
Ғажап жырларды сезінер ұрпағың аздау
Заманның зарлы лебінен тосырқады ма?
Асыл өнерді сатпадың асау баққа өзің,
Жасын өлеңді тудырдың алаулап, аға,
Қайран қап мүлдем, қараймын жасаурап көзім,
Тайраңдап жүрген жабылар жадау далаға.
Өткірлігіңнен нәр алған ойым қашан да,
Текті ұлды жүрген Алашы мойындап ұдай.
Қасым-тағдырдан қаталдау айырмасаң да,
Дос, іңкәр жырдан Қазаққа айырма, Құдай.
Сағыныш
Түсіме кейде енесің
Ұмыт болды деп жүргенде.
Аққанат арман — елесің
Кірпікке ілініп түндерде.
Көзіңде тұнық, таза мұң
Қарасың сәл-cәл салқын ба?
Баяғы көркем ажарың,
Тәкаппар сол бір қалпыңда
Мен тұрар едім мүдіріп,
Жүректен жанға жас тамып.
Ерніңнен сүймек түгілі
Шашыңды ұстауға жасқанып.
Түсіме еніп кенеттен
Жарқ етсе қайран дидарың,
Күндерімді еске ап сол өткен
Жүректі оймен қинадым.
Жалт ете қалып өтті ол шақ
Жанарың сынды өзіңнің.
Қайтеміз енді текке аңсап
Күмбезін күл ғып төзімнің.
Арманнан алау‑от жағып
Қинайсың, жаным, несіне?
Сағыныш тамшы боп тамып
Санамның терезесіне.
Сондай түс көрем тамаша.
Айналмас, әттең, түс өңге
Отырған сәтте оңаша
Ойыңа, әлде, түсем бе?..
Қайран, достар!
Қайран, достар!
Сендер — менің тасыған мерейім ең,
Сағыныштан маздатқан көңіл отын.
Аңқылдай кеп күлгенде, көмейінен
Аппақ болып жүрегі көрінетін.
Бағым жанып, жеңсем мен бәйгелерде,
Ол — сендердің ақ ниет, тілеулерің.
Арқаларың — боп жатсам әйгі өнерде,
Жырымды оқып, сүйсініп біреу менің.
Мен жеңілсем, тағы да жасымаймын,
Сендер барда, жеңілу сирек, бірақ,
Досым — қуат, додада досым — айбын,
Күйініштен жатпаймын күйреп, құлап.
Мен қайғырсам...
Қайғысыз болмайды өмір,
(Аулақ қылсын десек те бетін оның)
Сендер тағы келдіңдер арнай көңіл,
Аршылсын деп уайымнан көкірегім.
Мен қуансам, жарқылдап көздеріңде от,
Жандарыңды жеттіңдер жалын қылып.
Сендердің де, бірақ та, кездерің көп
Мұңайтатын...
Сағындырып.
Алаш анатомиясы
Ауырсақ, жақсы түске жарымаушы ек,
Түсімде...
Жүрек — әскер, омырау — шеп.
Он екі мүшем менің бірлігінен
айрылып, ажырапты бір-бірінен.
Қалғандай тежеліп ой,
түлкінің тезегі ғой,
Қазекем жамандыққа жорымаушы ед...
Төсінде із қалдырып арман белдің
Тек шаңын көрсетердей маңмаңгер күн.
Бұл не түс?!
Ішіндемін қанды әлемнің,
Әз басым жалғасы еді арлан ердің,
Тәнімнен бөлініп ап,
Елінен көңілі қап,
Шарлап жүр музейлерін орман елдің.
Азап түс!
Алыс болды-ау жақын таңым,
Бабам жүр.
Жатырқай ма жат ұрпағын...
Бассыз тән сүңгіп ақша қойынына,
Бордельдің араласты ойынына,
Даңғаза‑шуға қашам,
Ал, енді бір қарасам,
Итжеккен қарлы аймақта жатыр тәнім.
Көздерім шарасыздық шарасында,
Ал, қолым өз шапаным жағасында.
Көмейім бұлбұл құс кеп ұя салған,
Күміс ед Тәңір өзі құя салған
үніне ел жақсы уанған,
кеше Атам ат суарған
Сенаның бүлкілдеп тұр жағасында.
Иығым «танаулының» тартып жүгін,
Жон арқам жуандардың артып жүгін,
Асқақ ем,
Айбынды едім,
Айбарлы едім,
Жат біреу салмақ салып, қайран белім,
Қайысты нар атаным,
Қарысты алақаным,
Сонда да у мен буға шалқып жүрмін.
Түйсікпен тез атуын таңның күттім,
Шөлдедім, қаным ұйып, талдым, біттім.
Ал, миым жаңалықты енді үдетіп,
Жұлдызды жалауларды желбіретіп,
Ғылымның кенін ашып,
Мұхит пен теңіз асып,
Шарлап жүр зертханасын әр құрлықтың.
Тек жігер арқаламай, көтермей мұң,
Аяғым...
ол да тәннен бөтен деймін.
Үш жүз алпыс бойлықты, жүз ендікті
кезіп жүр.
Тізем болса — тізем мықты,
Жауынан қалтырамас,
Білетін даңқын Алаш,
Шақ қапты бүгілуге екен деймін.
Қайратсыз қайран жаным қысылды әбден,
Бағынбай күшім тәнге, ісім мәнге.
Қатал күн қайдан құйсын жанға ізгі леп?
Рухымды ұстап тұрған жалғыз жүрек.
Шыңғырып ышқынады ол.
Тәңірім, түс қыла көр!
Ояндым...
Үрейімді ұшырған не?
Түсім бе, әлде?..
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.