ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында кәсіби деңгейдегі қазақ әдебиетін, оның ішінде көркем проза үлгілерін қалыптастырып, дамытуда ерен үлес қосқан қазақ қаламгерлерінің қатарында Қошке Кемеңгерұлы есімін де баса атап кеткеніміз орынды болар еді.
Сол кезеңдерде жазған өзінің көркем әңгімелерімен оқырмен қауымға кеңінен танымел болған Қошке Кемеңгерұлының шығармашылық өрісін, көркемдік қуатын зерделеп,таныту бүгінгі күннің еншісі болмақ. Жазушының көркемдік арсеналындағы шұрайлы тіл өрнегі, құнарлы сөз кестесі, оның суреткерлік болмысын айғақтайтын көркемдік факторлар екені даусыз. Сол тұстағы қазақ қаламгерлері арасында Қошке Кемеңгерұлы – әлі де кең танылмай жатқан, өзінің суреткерлік болмысы дараланған, ерен талант, ерек тұлға.
Алаш қайраткерлерінің бірі болып саналатын Қошке Кемеңгерұлының шығармашылық мұрасы кеңестік кезеңде өз мәнінде толық талданып, ғылыми айналымға түспеуі кезеңдік идеологияның салқынынан туындаған жағдаяттар еді. Соңғы жылдардың көлемінде Қошке Кемеңгерұлының өмірі, шығармашылық мұрасы арнайы ғылыми зерттеулердің нысанасына айналып үлгерді.
Онда Қошке Кемеңгерұлының тұлғасына мынадай баға беріліпті: «Қазіргі қазақ әдебиетінің қалыптасып, аса қысқа мерзімде дүниежүзілік деңгейге шығып, жаңа әдебиет болуына Қошке Кемеңгерұлының да үлесі бар. Ол тым ерте, қыршын, қырық бір жасында дүниеден өтсе де ұрпағына мол мұра қалдырып кетті. Қолға түскен сол мұраларды жіктеп, зерттей білсек әлі де Қ.Кемеңгерұлының талантына тәнті боларымыз хақ». [1;85]
Қазақ әдебиеттану ғылымында Қошкетану тамтұмдап болса да өткен ғасырдың (ХХ ғ) сонау алпысыншы жылдарпының орта тұсынан бастау алады.
1965 жылы Қ.Кемеңгерұлының жұбайы Гүлсім Кемеңгерованың қажырлы қайраты арқасында қаламгердің екі-үш әңгіме, пьесалары “Алтын сақина” деген атпен шағын жинақ болып жарық көреді. Жинақтың алғы сөзін Қ.Кемеңгерұлының досы, замандасы белгілі ғалым, жазушы М.Әуезов жазды.
Қ.Кемеңгерұлы мұраларын талдап, тану осы кездерден басталғандығын айтуымыз керек.
“Осыдан кейін өнертанушы, әдебиеттанушы ғалымдар қаламгердің мұрасы туралы пікірлерін білдіре бастады. Қ.Кемеңгерұлы пьесаларын, драматургтік шеберлігін, аудармашылығын, ақындығын сөз еткен еңбектер қатарында С.Оразалиевтің “Драматургия деңгейі”, Р.Нұрғалиевтің “Трагедия табиғаты”, Б.Құндақбаевтың “Қазақ театрының тарихы”, С.Сейітовтің “Пушкин лирикасын қазақ тіліне аудару дәстүрі” тағы басқа зерттеулерді жатқызуға болады.
Қ.Кемеңгерұлының өмірі, әдеби мұрасы туралы тұңғыш рет көлемді мақала жазған ғалым – Р.Рүстембекова. Ғалым қаламгердің мұрасын зертеп, бірнеше мақалалар жариялады, ғалымның әдеби мұрасын жинастырып, кітап етіп шығарды. Қ.Кемеңгерұлының әдеби мұрасын зерттеуде соңғы жылдары М.Мұсағитов, Т.Қожакеев, Т.Кәкішев, Д.Ысқақов, Д.Қамзабекұлы, Г.Ордаева, Б.Бекімов, Ә.Меңдеке, Қ.Омар, В.Нұрмағамбетова сияқты ғалымдардың үлесі зор”. [2;9-10]
Қаламгер қаламының қарым-қуатын, көркемдік тегеуріні мен суреткерлік серпінін оның шағын әңгімелерінен байқауға болады. Жазушының жұртшылыққа белгілі оқулық кітаптары, пьесалары және мақала очерктерінен басқа өткен ғасырдың (ХХғ) жиырмасыншы, отызыншы жылдардың аралығында жазылған. “Қазақ әйелдері” (1927), “Момынтай” (1925), “Жетім қыз” (1924), “Назиза” (1928), “Дүрия” (1927), “Қанды толқын” (1926), “Отаршылдық ұшқындары” (1925) атты әңгімелері бар.
Жазушының қазақ балаларының ауыр тұрмыс, жетімдік тағдырын сөз еткен шығармалары “Момынтай”, “Жетім қыз”. Осы әңгімелердегі әлеуметтік мәселелерді өзінің Қ.Кемеңгерұлының өмірі мен шығармашылығын арнайы зерттеп көрсеткен. “Алаштың бір ардағы” деген еңбегінде Гүлжаһан Жұмабердіқызы талдай отырып бұл әңгімелерді қазақ қаламгерлері М.Әуезовтің “Қорғансыздың күні”, “Жетім”, С.Дөнентаевтың “Көркемтай”, орыс жазушылары А.М.Горькийдің “Жетімек”, А.С. Серафимовичтің “Торғай түн”, американ жазушысы Джек Лондонның “Жолдан тайған” әңгімелерімен қатар алып, салыстыра қарастырады. [1;55-66]
Қаламгер әңгімелерінің келесі тақырыбы – әйел теңдігі, оның еркіндігі мен бақыты. ХХ ғасырдың басындағы көптеген ақын-жазушылар бұл тақырыпқа бей-жай қарай алмаған. Сол кездегі қазақ тұрмысының күрделі түйіні де осы мәселе еді. Азаттық, демократиялық, гуманистік принциптерді басшылыққа алған С.Көбеев, М.Сералин, С.Дөнентаев, С.Торайғыров бұл мәселені ең көкейкесті, түбегейлі мәселе ретінде көтерсе, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Қ.Кемеңгерұлы, М.Әуезов, С.Сейфуллин, Б.Майлин әрі қара өрістетіп, дамытты.
Шығармашылық жолында үлкен гуманистік концепцияларды басшылыққа алған қаламгер Қ.Кемеңгерұлы да осы тақырыпты негіз етіп, өзінің “Дүрия”, “Қазақ әйелдері”, “Ерлік жүректері”, “Қарашаш”, “Назиқа” әңгімелерін жазды. Осы аталған әңгімелерді оқи отырып, біз қаламгердің өзіне тән көркемдік қолтаңбасын, ерекше суреткерлік дарынын байқағандай боламыз. Қ.Кемеңгерұлының әңгімелеріндегі суреткерлік қарым, оның табиғат көріністерін кестелі өрнекпен жеткізе алуында деп білеміз.
Қазақ даласы, оның ішінде Арқа табиғаты қайталанбас көркімен, өзіндік ерекшелігі, көркемдік бояуы, нәрімен Қ.Кемеңгерұлы әңгімелерінде өшпестей бедерлі із қалдырған. Сырлы сурет көз алдыңызда көлбеңдейді. “Арқаның ерке желі жорғалай жылжып, өрден ылдиға құлағанда, торғындай толқыған салалы көк шалғын бұйраланып, жаңа түскен келіншек құсап тәжім еткендей. Марқа құлын жасырынғандай көкорай дариясында белуардан сүңгіп, шағаладай шаңқан үйлер арқасын күнге беріп, мүлгіп тұрды. Ақмеруерт көбіктен қанат жайып, арқаның кербез сұлуындай бұраңдап күн сәулесіне күлімдеп сылдыр қаққан бұлақтың мөлдір суы ауылды қуалай белдеулеп ағып жатты”. [3.36]
“Жорғадай жылжыған ерке жел”, “торғындай толқыған салалы көк шалғын”, “жаңа түскен келіншектей тәжім етіп қалған”, “Арқасын күнге беріп, мүлгіп тұрған шағаладай шаңқан үйлер”, “арқаның кербез сұлуындай бұрандап, күн сәулесіне күлімдеп сылдыр қаққан бұлақтың мөлдір суы” міне, осылардың баршасы сіздің де ынтазар сезіміңізді оятып, інкәр көңіліңізді дүбірлетіп, көз алдыңызға жазғы табиғаттың, туған жеріңіздің қимас та аяулы бейнелерін оралтады.
Ішкі жан-дүниеңіз жаратылыстың осындай жан жадырытыр жарасты күйімен жарасқандай, тұтасқандай, бірігіп, кірігіп кеткендей әсерге бөленесіз. Көрікті көрініс көңіл түнпіріңізді әлдилегендей, өзінің шуақты сәулесімен себездегендей, тілмен айтып жеткізгісіз, ішкі бір күй тұла бойыңыздағы бұла күшіңізді шымырлатқандай, бұлқынтқандай әсерлі ағын, шуақты бір сезім…
Даланың ерке керімсал самалы бетіңізді өпкендей. Ерекше бір көркемдік аура жан-дүниеңізді баурап өзің ағынына тартқандай. Табиғат суретін берудегі жазушының осындай тіл өрнегі, оның қаламгерлік шеберлігінің қырларын айғақтайтын мәнді қасиет. Көзден кетсе де көңілден кетпеген көшпелі тірліктің берекелі болмысы алыс күндерді ойға оралтқандай. Төскейдегі дүбірлеген төрт түлік мал, алалы жылқы, ақтылы қой… Көз алдымыздан сағымдана мұнартып, көшпелі тірліктің өзіндік бояуы жарқырай түсіп, көлбеңдегендей болады.
«Қара құрттай қаптаған қалың жылқы шаң боратып, жер қайыстыра дүбірлетіп кең өріске қоңыр салқынды құшақтай бара жатты. Көгеннен босатылған көп қойдың тас бұғаудан босанып шыққандай мәз боп маңырай борсаңдап жүгіргені, жар басынан ойнақшып қозылардың шапқаны – бірін-бірі іздеп маңырасқан мал атаулы төңіректі азан-қазан шумен дүрліктіріп жатқанды»[3,36]
Қайталанбас көшпелі тірліктің идиллиясы! Қошке қаламы көшпелі тірліктің осындай бедерлі суретін беруге өте шебер. Жазушы адам характерін, мінез-болмысын, ішкі жан-күйін табиғат суретімен астастыра, саластыра суреттеуге де шебер. Мысалға, «Ерлік жүректе» әңгімесіндегі бас кейіпкер Зайраның қапастан қашып шығар алдындағы табиғат суреті: «Аспанды көмірдей қара бұлт басқан найзағай ойнап, бұлтты қақ жарып,етегін жырып жарқылдап тұр», - деп, берілген.[3,40]
Қуғыншылардан әбден алыстап кеттім деп ойлаған, қара бұлт қаптаған, айналада торуылдаған бөрілердің даусы естіліп тұратын қап-қара қара түнді, бұрын алыс тұрмақ, қараңғыда үй сыртына шығуға қорқатын әсіресе күн күркірегенде қатты қорқатын Зәйра, бұл жолы қандай қорқынышты болса да басын бәйгіге тіккен шерменде Зәйра, қапалы жүректің иесі Зәйра осы қорқынышты өз басынан өткерген Зайра, енді осының барлығынан құтылдым деп жүрегі алып-ұшып қуанған Зайраның, жарқырап атып келе жатқан таңды қарсы алып тұрған күйін былайша суреттейді: “ Бұлт астында жасырынған таң да қылан бере бастады. Түн шырағы – жұлдыздар таңнан құғын жеп селдірей бастады, белдеуленген ақтандақты көргенде, сағынған ананың баласын көргендей Зәйраның қуанышы қойнына сыймай кетті, жанды жабықтырған, басты торлаған қайғы тағы да серпілгендей болды.
Уайымсыз бозторғай көк жүзінде шарықтап, қашағандай жалтарып, жібектей созылған, күмістей сылдыраған әнмен жаратылысты түн ұйқысынан оятып тұр. Ақтаңдақтың бетіне қан жүгіріп, тау шымылдығы көк мұнармен құшақтасып, алып қанатын жабыңқырап, күн шығыстың бетін қызғылт-көгілдір жібекпен кестеледі. Біраздан кейін брилианттай көзді ойнатып, анадай мейірімін төгіп, сары алтындай сәулесімен әлемді жарық нұрға бөлеп бауырмал күн басын көтерді.» [3,42]
Алғашқы суреттелген табиғат көрінісі Зайраның қапалы, қамырықты мұң-күйімен ортақтасқысы келгендей қара бұлттар қабағын түйіп, найзағайлар жарқылдап жасын ойнап тұрса, ал Зайраның қапастан құтылғандай сезім күйде тұрған шағында жаратылыстың да қабағы жібиді. Егіздеу (параллелизм) әдісін қаламгер өте ұтымды пайдаланған.
Жоғарыдағы жарқырай атып келе жатқан таңғы табиғаттың әсем көрінісі қылқалам шеберлерінің көрікті полотналы пейзаждарындай көңілді баурап, таңдай қақтырады.
Міне, осы бір жайттардан-ақ біз Қ.Кемеңгерұлының қаламгерлік стилінің бір белгісі – табиғат суреттерін берудегі суреткерлік потенциалының (әлуеті) тереңдігі, көркемдік диапазонының кеңдігінде дер едік.
Көркем әдебиеттегі басты күш – образдылықта, бейнелілікте. Құбылыстардың көркем суреті образдылық, бейнелілік арқылы оқырман санасын баурап, қиялын қозғайды. Образдылық, бейнелілік тудырудың сан-алуан тәсілі бар. Соның бірі – кейіптеу. Табиғат құбылыстарының жанды бейнесі көркем шығармада кейіптеу тәсілі арқылы беріледі.
«Кейіптеу (олицетворение) – әр түрлі табиғат құбылыстарын , жансыз нәрселерді адам кейпіне келтіріп, немесе, қалайда жан бітіргендей етіп суреттейтін көркемдік тәсіл.» [4,108]
Жоғарыдағы әңгімеде табиғаттың мынадай әсерлі суреті бар: “шалқар түс, күн нұрын құйып тұр. Балдырған гүлдер емшек емген баладай күнге баурын төсеп мастануда: аз өмірге алданған, аз өмірін қызықпен өткізген көбелек гүлден-гүлге қонақтап, серуендеуде, құрт-құмырсқа тамақ іздеп, жер бауырлауда, күн сәулесімен сүйіскен тау өзені құлашын сермеп ағуда.” [3,42-43]
Осындағы «емшек емген баладай күнге баурын төсеп мастанған балдырған гүлдер», гүлден-гүлге қонақтап, серуендеген көбелектер,» «күн сәлесімен сүіскен тау өзені» жанды кейіпке түскен жаратылыстың осынау бір көріністері оқырман санасына бөле жарылмаған тіршіліктің бүтін бір ұлы күйін паш етіп, жеткізіп тұрғандай.
Құбылысты беруде жазушы теңеу әдісін де ұтымды пайдалана біледі. Жазушы қолданысындағы теңеулер мергеннің оғындай нысанаға дөп тиеді. Сонымен бірге бұл теңеулер жұрт жауыр қылған арзанқолды теңеулер емес, әлі де көп қолданысқа түсе қоймаған тың теңеулер болып келеді. Мысалға ауыл үйдің қотанында күйсеген қойлар мен пысылдаған түйелерді жазушы былай суреттейді: “Қотанда көп қойлар біріне-бірі ұйлығып, қадым оқыған молдадай жақтарына дамыл берместен күйсеп жатыр. Ілуде бір жерде үйінен, елінен айрылып, күзетте тұрған солдаттай түрегеп тұрған қойлар да бар.
Үйге жақын көк майсада көп түйе паровоздай пысылдап, кейбіреуі сәждеге бас қойғандай мойнын қылқитып, мұрнымен жер тіреп жатыр” [3,38]
Осы үзінділердегі “қадым оқыған молдадай жақтарына дамыл берместен күйсеп жатқан”, “ерінен, елінен айрылып , күзетте тұрған солдаттай” көп қойлар, “паровоздай пысылдаған” көп түйелер сол кездегі оқырмандар үшін тың теңеулер еді.
Көшпелі тұрмыстан, жаңа тіршілікке енді бет қойған қазақ ұғымына «солдат», «паровоз» деген сөздер жаңа кіре бастаған еді.
Ал жазушы болса осы ұғымдарды теңеу ретінде төрт түлікке қатысты қолданып отыр. Осы үзіндіде сонымен бірге кісіге езу тартқызар жеңіл юмор да байқалады.
Мұның өзі қаламгер стиліне юморлық сипаттың да жат еместігін байқатады. жазушы теңеулері құбылысты дәл де айқын бейнелейді дедік. Ол әңгімеден тағы бір-екі үзінді келтіре кетелік:
«Әр үйдің есігінң алдында жерошақта жылмаңдаған сиыр тіліндей қазанның қара күйесін жалаған жалыннан балық көзді ұшқын ұшып, көкпе құлашын сермейді.» [3,38]
«Албастыдай басқан қараңғылықтың құшағында, жез қармақтай бүктеліп, уыз денесі, жалынды жаны жараланып, жаңбырдай жасын төгіп Зәйра жатыр»[3,39]
Соңғы үзіндідегі «албастыдай басқан қараңғылықтың құшағында, жез қармақтай бүктелген Зәйра» күйі Ж.Аймауытовтың «Күнекейдің жазығындағы» Күнекей тағдырын, Күнекей күйін еске түсіреді.
Жазушы қолданысында эпитетті метафора (ауыстыру) да өз орнын ұтымды тапқан. «Жер жүзін уысына сыйғызған от көңіл, өмір көрген бейнетті балауыздай мөрлеген көңіл, әуелде елдің рәсімінен шыға алмай, ата-ананың көңілін қимай келіп едің, екі жылдай Бермекшінмен бос өмір өткіздің, түнде төсекте бір өлімтікпен қатар жатқандай жаның жиіркенуші еді, қызыл гүлдей жайнаған өмір таңында ойын-күлкі орнына у ішіп едің . Күндестің қолында, таяқтың астында шірігенше, қара көрге кіргенің жақсы” деп қуат берді.» [3,39]
«Зәйраның артқы өмірі – алдамшыл адам бетіне қара күйе болып жағылған, тасқа салған бедердей мөрленген қанды соққы, қара қайғы, еркіншілікті көксеген жан күйзелісі, алдыңғы өмірі – көмескі, мұнар қара тұман»[3,41]
Осы үзінділердегі “бейнетті балауыздай мөрлеген көңіл”, “тасқа салған бедердей мөрленген қанды соққы, қара қайғы” жазушының сөздік қорындағы, қаламгерлік лексикасындағы өзіне ғана тән тың сөз, өзіндік қолданыс екенін айта кетуіміз қажет.
Қазақ прозасының көшбасшыларының көпшілігінде құбылысты беруде табиғат суретін ерекше тәсіл ретінде пайдаланады. Солардың қатарында Қ.Кемеңгерұлы да бар. Бұл қаламгерлер кейіпкердің ішкі көңіл-күйін табиғат суретімен салыстыра беруге, егіздеуге (психологиялық параллелизм) қатты мән береді.
«Жетім қыз» әңгімесінде көңілсіз, аянышты халді суреттемес бұрын табиғаттың кескінсіз көрінісін бейнелеп алады.
«Тоқтаған жерлері шалшық судың жағасы, сасыған жұмыртқадай қорыстан шыққан иісі мұрныңды жарады. Алысқа салған көз көсенің бетіндей тап-тақыр тау-тасқа түседі. Аяқ астында шала үйтілген құйқадай, тырбық беттегі қадау-қадау жерлерде ыстықтап үйездеген үйірлі жылқыдай түпті ши. Бір түптегі шидің кейбіреуі сексенге келген кемпірдей бүгілген, сахарға салған сүйектей бозарған. Кейбіреуі бурылданған, кейбіреуі – жаңа өспірімдері – бойы биік.»[3,46]
Жан жадыратпас, көңілсіз жайтты суреттеп отырған қаламгер жадыраған жаз айындағы көріністердің өзін ерекше бір ракурста көреді. Осыған орай табиғат суретін беруде тым қара бояулар таңдап алынған. Құбылыстың сұрқай, күңгірт бояулары мол. Бұл – қаламгердің ерекше тәсілі. Жазушы стилінде Ж.Аймауытов прозасында байқалатын шешендік сөз үлгілеріне тән ырғақ, сөздердің әуенділігі,ұйқасымы, ырғақты прозаның, ақ өлең секілді үйлесімді қара сөзді ән үлгілері де кездесіп отырады.
Мысалға «Қазақ әйелдері» деген шығармасында Қ.Кемеңгерұлы қазақ әйелдерінің ауыр тұрмысын төгілген ұйқасты сөздермен былайша жеткізеді: «Асқар белді, шалқар көлді, самал желді еркін ел – Сарыарқа сайран еді. Күнде той, күнде сауық мейрам еді.Бірақ әйелі күң еді, әйелдің көрген күні түн еді. Бағасы мал еді, жүрегі қан еді. Сол кездегі әйелдердің қанды тұрмысы, торлы тұрмысы көшкен бұлттай, тоғысқан қойдай алдарыңнан өтеді. Ақ қағазды бояған жүректің тұңғыш сырын, ауыр мұңын, асау қарқынын, баяу толқынын, қан төккен зарын, азап шеккен арын суық ақыл ұғынбайды, ыстық жүрек ұғынады.» [3,43]
Бұл жолдардан қаламгер тілінің ақындық, ерекше көркем, поэтикалық болмысын да байқаймыз. Шешендік ойлау мен сөйлеудің сипаты да менмұндалайды.
Біз қаламгер тілінің шеберлік сипатына аздап тоқталып өттік. Алдағы уақытта да қаламгердің шеберлік өрісінің мүмкіндігін бажайлап қарастыра берген ләзім. Түйіндей келгенде Қ.кемеңгерұлы өз дәуірінің , заманының құбылыстарын суреткерге тән пайыммен зерделеп көре білген қаламгер демекпіз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Жұмабердіқызы Гүлжаһан. Алаштың бір ардағы. Алматы: Рауан, 1998
2 Кемеңгерұлы Қошке 2 том. Алматы: Алаш, 2005
3. Кемеңгерұлы Қошке (Қошмұхаммед). Шығармалар. Алматы: 1995
4.Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Алматы: Ана тілі, 1996
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.