«Қаламгерге әдеби орта да, оқырмандар ортасы да қажет»

«Қаламгерге әдеби орта да, оқырмандар ортасы да қажет» - adebiportal.kz

 Батыс Қазақстандағы әдеби ортаның бүгінгі тынысы қандай? Қаламгерге шығармашылық орта қаншалықты қажет? Жас ақындардың ізденісі қай бағытта? Ал әдеби мұраны насихаттау ісі қалай жүріп жатыр? Осы және өңір әдебиетінің өзекті мәселелері жөнінде Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалының директор-өкілі, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Ерен еңбегі» медалінің, «Парасат» орденінің иегері Дариға Мұштановамен әңгімелестік.

- Әлеуметтік желіден облыстағы ақын-жазушылардың басқосулары, әдеби іс-шаралар жайында ақпарат-хабарларды көзіміз шалып қалады. Жалпы қаламгердің шығармашылық өсуіне әдеби орта қаншалықты әсер етеді? Ақын-жазушыға өзімен пікірлес, шығармасын талқылайтын орта міндетті түрде керек пе?

- Бұл жерге келгеніме бір жыл да толған жоқ, негізі… Дәлірек айтсам, тоғыз ай, тоғыз күн. Иә, бүгінгідей ұшқыр хабардың, желдей ескен әлеуметтік желінің заманында қоғамның қай саладағы тыныс-тіршілігі де алақандағыдай көрініп тұрады. Соның ішінде ҚЖО Батыс Қазақстан облыстық филиалының да мәдениет пен руханият алаңында өзіндік үлесін қосып, бірге келе жатқанын айтар едім. Одақ филиалында 24 мүше болса, солардың қай-қайсысы да елге танымал, әдебиет, өнер майданына қаршадайларынан араласып, қаламгер деген атқа ие болған адамдар. Әрине, олардың ішінде табиғаты томаға-тұйықтаулары да, азаматтық белсенділігі жоғары, сергектері де бар. Жастары да, орта жастағылар мен үлкендері де бар. Анығы сол, олар қоғамдық қызметке өмір бойы тегін жегіліп келе жатқан идеология өкілдері. Шығармашылық жұмыстары өз алдына, әрқайсысының өз ауыл, аудан, қала, тұрған жерлерінде өзіндік орындары бар, көрінбей қалса, халқы іздейтіндей тұлғалар. ҚЖО облыстық филиалы сонысымен де салмақты, беделді қоғамдық ұйым саналады. Осы аз ғана шоғырдың ішінде 5 халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, бір халықаралық «Ертөстік» сыйлығының иегерлері бар. Орден, медаль, қайраткер атағын санамай-ақ қояйын. Әңгіме марапатта емес, дегенмен, сапалық құрам деңгейінен хабар береді ғой деп ойлаймын.

Аталған мерзім ішінде жоспарлы және оның сыртында өңірдегі басқа да мәдени іс-шаралардың бел ортасында болып келеміз. Өткен жылы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығымен бірлесе қолға алынған ақынның мұраларын насихаттау жобасын, одан әрі әдебиет жорықтарына ұластырып, одақ мүшелерінің аудан, шалғай ауылдардағы оқырмандармен кездесулерін ұйымдастыру сияқты біраз істер тындырылды. Бұның қаламгерлерге де, оқырмандарға да керек қадамдар екені әдебиеттен хабары бар адамға түсінікті. Әсіресе, жастардың шыңдалуына, аға буын ақын-жазушылардың ел алдында есеп беруі сияқты дүние. Қаламгерге әдеби орта да, оқырмандар ортасы да қажет деп ойлаймын. Екеуі де қанаттандырады, жауапкершілік маңызын ұқтырады. Мысалы, осы жаздың аяғы, күздің басында Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарына бір топ қаламгерлер болып сапарлап қайттық. Әрине, жастар да бар арамызда. Сонда байқағаным, бірінші, екінші кездесулердегіден қарағанда кейінгі басқосулардағы өлеңдердің оқылуы да, сөз саптау да ширап, саңқылдап, шабытты естілді.

Қаламгерге жазған-сызғандарын оқытып, пікір алысып, бағалатып отыратын сұңғыла орта, тым болмаса бір-екі адам керек деп есептеймін. Ол бірақ көзге өтірік мақтап, әлеуметтік желіде құр (кейде тапсырыс, өтінішпен) жарнамалаушылар емес. Өзімді айтар болсам, үш «рецензентім» бар сондай, шығармам жарық көрмес бұрын оқытып, пікірін тыңдап аламын. Кейінгі жас ақындардан жаңа кітаптарын алып келіп, пікір-бата сұрайтындар бар. Аяқалысы көңіліме қонғандарына шын қуанып, тілегімді білдіріп, қолдап та отырамын.

- Биыл ақын Жанғали Набиуллин ағамыздың мерейтойы деп ақынның жырын оқып бастама бастап едіңіздер, ол кісінің өзі болмаса да, қаншама жыр кітабы қалды ғой, ақынға арналған әдеби жиындар өтіп жатқан шығар?

- Иә, Жанғали Набиуллиннің мерейтойы деп көктемде ақынның жырын оқып, әлеуметтік желі бетінде біраз сағынышымызды бастық, ел назарын ақын есіміне аудардық. Жазғы ыстық, одан кейінгі саяси науқандарға байланысты кішкене толастап қалғандай болғанмен, арнаулы жоспар-бағдарлама бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Жаңақала ауданы, Қадыр Мырза Әли орталығы және біздің филиал бірігіп, ақынның туған топырағында Жанғали күнін өткізіп қайтуға таяуда бір топ ақын-жазушылармен аттанғалы отырмыз. Ал облыс орталығында республикалық деңгейде өткіземіз бе деп жоспарлаған шарамыз жүзеге аспай қалатын түрі бар. Ой жеткенге бой жетпей қалып жататыны бар ғой кейде…

- Жазушы, облыста алғаш халықаралық «Алаш» сыйлығын алған жазушы Мұқадес Есламғалиевтің де айтулы жасы. Бізге ол кісінің ағасының немере қызы хабарласып, Мұқадес атам жайлы жазсаңыздар екен деп өтініш айтқан. Ол кісі елден ерте кеткен бе, соңғы кезде аталмай кеткен сияқты.

- Мұқадес ағаны біз де әңгімелеп, жоспарға қойып отырмыз, Сырым елінің азаматтары қарап қалмас… Мұқадес Есламғалиевтің мұралары музейлерінде сайрап тұр, Жұбан атындағы облыстық кітапхананың кітап көрмелерінен де бір түспейді. Қаламгерлердің өздерінің де үйренері көп ол кісіден. Бұл жөнінде Сырым ауданы әкімінің орынбасарымен сөйлескенімде, жылдың басында Мұқадес ағаның мерейтойына байланысты төрт жанр бойынша байқау жарияланғанын, 13 қарашада сол байқау қорытындыланып, жазушы шығармасы бойынша спектакль қойылып, әдеби кеш өтетінін айтты. Жазушының жұбайын, туыстарын шақырамыз, кітапхана ішінен музей ашамыз ба деген жоспарлары бар екен.

- Жазушы Құрманғазы Қараманұлы да жақсы жазушы еді, кете-кеткенше елге, туған жеріне барып тұрған, анасының атындағы стипендияны тағайындап, сабаққа алғыр балаларды қуантқан адам. Сол кісілердің атында проза байқауы ұйымдастырылса да жаман болмас еді, айналып келгенде бәрі насихат.

- Құрманғазы Қараманұлының жазушылық қолтаңбасы, бір мектеп. Елжандылығын, туған жерге деген шексіз махаббатын үлгі етіп, мұраларын жаңғырта бір кешін өткізіп беру де Қаратөбе ауданы мен филиалдың мойнында тұр.

- Өңірге белгілі журналист, кітапты көп оқитын Тихон Әліпқалиевтің әңгімелерін көп тыңдайтыныңызды байқадық. Облыстың әдеби қазынасына қатысты қандай дерек білгеніңіз бар?

- Иә, ағамен жиі әңгімелесіп тұрамын. Дұрысы, ол кісі айтады, мен тыңдаймын. Алматыдан Оралға келген көрнекті әдебиет өкілдерінің бәрімен тілдесіп, сапарлас болып, қасында жүрген адам ретінде естеліктері көп. Тұлғалардың біз білмейтін адами-пендеуи қырлары туралы естудің өзі бір қызық. Мысалы, Қажым Жұмалиевтің дүкір мінезін естігенде қайран қалып, күліп те алдым… Жалпы, өңірдегі поэзиялық, прозалық жаңа шығарма, туындылар жайлы көп пікірлесеміз. Өте сауатты, білгір, зерек адам ғой, және әділін бір-ақ айтып, нысанаға дөп тигізетін шешен. Әдеби сын жоқ кезде ол да болса бір жұтым саф ауа сияқты…

- Облыста ақындар көп, олардың дені айтыстан көрініп жүр, ал енді таза жазба поэзиядан мөлдіреген жақұт термек болып талпынып жүргендерден кімді атар едіңіз? Ол жастардың өлеңінде ерекшелік бар ма, болса ол қандай?

- «Өлеңге әркімнің де бар таласы» дегендей, Құдай көпсінбесін, ақындар баршылық. Әрқайсысының өз оқырмандары бар шығар… Өз басым, Абылайхан Мақсұтовтың, Меңдібек Лұқпанның, Ернар Жақсыбайдың өлеңдерін кәдімгідей ұнатып оқимын. Үшеуінде де пайым, ақынға тән ойлылық пен буырқаныс бар. Өндіріп жазыңқыраса екен деп отырамын. Бірақ өлең жоспарға көне ме, жазылар уақытында ғана жазылатын ерке дүние ғой.

- Жалпы өңірлердегі филиалдардың жұмыстары негізінен осы әдебиетке құштар, өнер мен мәдениетке ықыласты адамдардың қажыр-қайратымен жүріп жатқаны белгілі. Десе де, сіздерге де қолдау мен қамқорлық керек шығар?

- Қолдау мен қамқорлыққа зәру емес кім бар дейсіз… «Өз қотырын өзі қасып», «барымен базарлап» дегендей жүріп жатқан жай ғой сол. Дегенмен, облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы жылына бір рет одақ мүшелерімен кездесіп, пікір алысып, бір жолғы стипендия табыс етіп дегендей мезірет білдіріп отырады. Бірақ жергілікті қаламгерлердің туындыларын кітапханаларға сатып алып берудің күрмеуі қиын болып тұр. Кітапханаларға түспеген соң насихаттадым, кездесу өткіздім деудің өзі бекер.

- Әлеуметтік желінің арқасында ақын-жазушылардың жаңа кітаптарына қатысты ақпарат, мағлұматпен жұртшылық дер кезінде танысып отырған сияқты. Соңғы кезде кітаптардың таныстырылымы көбейді, бұл бір жағынан біздің біріміз жазып, біріміз онымен танысуға ниетті екенімізді білдіретін шығар, ал енді осыны оқып үлгеріп жатырмыз ба, қалай ойлайсыз? Бірақ кітаптың жарық көруі мен оның әдеби құндылығы екі бөлек дүние ғой, автор үшін «кітап шығардым» деген межеден кейінгі ең маңызды қадам қандай?

- Мұхтар Ниязов айтты деген бір сөз бар ғой: «Тұсауы кесілген кітаптың бәрі бірдей шауып кетеді демеңіз» деген…

Кітап шығару оңай болып кетті иә, құндылығы туралы әңгіме бөлек. Бұл бір жанды жарасы бүгінгі әдебиеттің. Одан айықтыру үшін әдеби сынға мемлекеттік қолдау керек. Онсыз шешілмейді.

- Бірде «Құрманғазы, Дина туралы бірде-бір толымды роман жазылмады» деген пікір оқыдым. Оны айтқан адам Сәуірбек Бақбергеновтың кітабын оқыған да шығар, мүмкін, жаңа шығарма күтетін шығар. Өзіңіз ақынсыз, бірнеше кітаптың авторысыз, осы үлкен өнер адамдары туралы үлкен шығарманы сол топырақта туған жазушылар жазу керек деген пікірдің қисыны неде (бәрі қазақтың өнерпазы, игілігі емес пе)? Әлде бір топырақтан шыққасын табиғатын түсінеді дегеннен солай айта ма?

- Оншасын білмедім. Өзіңіз айтқан, «үлкен өнер адамдары жайлы үлкен шығарма» көркем шығарма міндетті түрде жазылуы керек. Ол көптік етпейді. Әрине, Құрманғазы мен Дина жайлы сол құмның уілін тыңдап өскен, күйлерін құлағына сіңіріп өскен адам жазса құба-құп. «Біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейді» дегендей, сол тақырып жанына жақын болмайынша, өзі де өнер ортасының адамы болмайынша, ұлы сазгерлердің ішкі жан-дүниесін дендеп ашу қиындау соғатын шығар. Құрманғазы баба туралы «Әз ғұмыр» повесін жазу барысында соны сездім. Құдайға шүкір, бұл кітабымды да оқырмандар жылы қабылдады. Бастысы, жас буынның кәдесіне жарап, осы кітап бойынша ғылыми жобаларға қатысып, республикада бірінші орын алып дегендей игіліктер болып жатыр.

Дина туралы да бір «құмшық» әдемі кітап жазып шықса, несі бар?.. Жалпы, тұлға ортақ, өнер ортақ, оны географиясына бөлгеннен көрі, жазушының жан қалауынан күткен дұрыс шығар.

- Бүгінгі жас ақын-жазушылардың шығармашылығына зер салғанда, олардың ең басты ізденісі неден байқалады? Тақырып таңдаудан ба, тілден бе, әлде жаңа форма іздеуінен бе?

- Жаңа форма іздеуге бой ұру көбірек пе деп қалам кейде. Қайдам, өздері біледі ғой, оқырман қабылдай алса.

- Сондай-ақ жастардың өлеңдерінде әлеуметтік желінің, қазіргі өмір ырғағының ықпалы байқалады. Сіздіңше, бұл әдебиеттің табиғи жаңаруы ма, әлде әдеби тілдің жұтаңдау қаупі бар ма? 

- Өлең, өз заманының жемісі. Ақ қағазға қаламмен, жүректің жылуымен жазылған өлең бір бөлек, клавишпен теріп жазған өлең кішкене үстірттеу болатын сияқты ма… Өзін сыйлаған, өлеңді сыйлаған адам өлең тілін жұтатпаудың бір жолын табады ғой.

 Әлеуметтік желідегі әсіре мақтай салу да өлеңге бүйірден тиген жау болып тұр… «Ақын» да, «жазушы» да көп…

- Өзіңізге ұнайтын бір өлеңді ұсынсаңыз, «Әдебиет порталының» оқырмандары да оқыр еді.

- Қаламдастарды Нарын сапарына шақыру

 

Барайық Құм-Нарынға, Күн-Нарынға,

«Бір тылсым бар, – дейді ел, – бұл Нарында»

Астасып аспанменен, дастанменен,

Уілдеп әуез ойнар құмдарында.

 

Барайық. Жол шықпайды күнде бұлай,

Жырлайық. Қуат берген тілге – Құдай.

Балқыған сары алтындай сары құмды,

Кезбесең, бекер оны білгенің-ай.

 

Бедері ирек-ирек бұдырланып,

Кеткендей әр ирекке Қыдыр дарып.

Бір көріп келуіңді бір ғұмыр деп,

Көңілім Құм-Нарынға жүгірді алып.

 

Тарихты қойшы, елге баян бәрі,

Баяннан кімдер қандай жай аңдады.

Паң-сары құм-белестің құпиясы,

Тек қана бір Аллаға аян-дағы.

 

Шығайық. «Қайдасыңдар, халқым», – десіп,

Жанарға «халқым» десең, жарқыл көшіп.

…Тарта тұр аттың басын, қосшы бала,

Алайық алақанға алтын көсіп.

 

Құм Нарын. Құм-құм Нарын. Күн-Күн Нарын,

Аша алар Күн-Нарынның кім құндағын?

Тым-тырыс топ қаламгер құлақ түрсе,

Жеткізер түн сыбырлап, мүмкін, бәрін?

– Әңгімеңізге рахмет.

Фотосуреттер Дариға Мұштанованың жеке архивінен

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan