Әдеби ортадан жырақта жүрсе де әдебиетте өзіндік орнын қалыптастырған қаламгерлер аз емес. Солардың бірі ақын Нарша Қашағанов еді. Оның Қаратаудың қойнауында жүріп жазған ізгілікке толы жырларымен оқырман қауым жақсы таныс.
Ол аз болса да саз жазуды өзіне мақсат қылғандай. Содан да болар «Өлеңге менің дағы бар таласым», «Елде тұрам», «Жақсылық жаса адамға» сынды бірнеше ғана жыр жинағы жарық көрген.
Ол өзінің естеліктерінде Қазақтың қабырғалы ақыны Тұманбай Молдағалиевті өзіне ұстаз, жырына үлгі қылғанын айтады.
«Қатарын қуып жету үшін екпін, күш, қайтпас тау бұзар жігер керек екенін Нарша жақсы түсінеді. Сонда ғана Нарша Қашағанұлы өзі армандаған, өзі көріп тұрған биігіне жете алады, - деген екен ақын Тұманбай Молдағалиев інісінің кітабына жазған алғы сөзінде.
Рас, Нарша әдебиеттегі ізденісі жағынан қатарластарынан еш қалған жоқ. Алайда көзге түсейін деп «арзан атақ» пен «жалған танымалдықтың да» соңынан ермеді. Тек поэзия алдындағы парызын адал атқаруға ұмтылды.
Оның қаламынан туған әрбір өлең оқырманды шынайылығымен баурайды. Әсіресе, ақынның сөзіне жазылған «Хат жазып тұр» әні бүгінде талай жүректің мұңдасына айналды.
Наршаның ақындығынан бөлек айтқыштығы туралы да ел арасында жиі айтылады. Бұл туралы ізінен ерген інілері «Нарша деген...» атпен шағын жинақ та шығарған.
Бүгін ақын Нарша Қашағановтың дүниеге келген күні. Сондықтан ақынның ізінен ерген рухани інісі, журналист Ерман Әбденовпен болған аз-кем әңгімемізді және ақынның бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Сіз ақын Нарша Қашағановпен жақын араласқан інілерінің бірісіз. Жалпы ол кісімен алғаш қалай таныстыңыз?
– 1990 жылдардың басында Алматыда студент едім. Сол жылдары әдеби бірлестіктер жақсы жұмыс жасайтын. Бірде ақын Тынышбай Рахыммен кездесу өтті. Менің Таластан екенімді біліп, ақын елде Нарша Қашағанұлы деген ақын тұратынын айтты. Бұл менің қызығушылығымды тудырды.
Мен ҚазПИ-де оқығанмын. Институт бітіріп келген соң мектепке мұғалім болып орналастым. Ол кезде Ақкөл аудан орталығы. Ауылда Наршаның есімі дүрілдеп тұр. Ендігі арман ақынмен танысу. Оның да сәті түсті. 1995 жылы Абайдың мерейтойына орай ірі іс шаралар ұйымдастырылып жатты. Сондай бір мектеп ұйымдастырған шарада Абайдың рөлін ойнадым. Әділ қазылар алқасында Нарша отыр. Бір үзілісте ақын жаныма келіп: «Сен бала Қанжанның ұлысың ба?» деді.
– Иә
– Әй, сен ақынның ұлдарына қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ берудің қиындығын білесің бе?
– Білемін.
– Мықты екенсің онда, - деді.
Міне, танысытығымыз осылай басталды. Расында ақынның үш ұлына да сабақ бергенмін. Бұл таныстық рухани сабақтастыққа ұласты.
– Нарша ағамыз әдеби орта іздеп Алматы, Астана секілді үлкен қалаларға бармай елдің ішінде жүрді. Әрі, елде жүріп те жақсы жазуға болатынын көрсетті. Ал елі қалай құрметтеді? Ақынының бағасын тірісінде біле алды ма?
– Ол кісі «Ауылдағы ақындық адасқандық» афоризмін теріске шығарған ақын. Елде жүріп-ақ, елге еркелеп-ақ ел ақыны болды. Елі құрметтеді, төбесіне көтерді. Елге келген ақын-жазушы, қоғам қайраткерлері ақынмен еркін, тең сөйлесетін. 1997 жылы аудан орталығы Қаратауға көшті. Бірақ ақын Ақкөлде қалып кетті. Тек 1999 жылы Батырбек Құлекеев аудан әкімі болып келген соң ғана ақынды аудан орталығына шақырып, қызмет ұсынды. Ақын аудандық мәдениет бөлімінің басшысы болды. Әкім ақынның 50 жасын дүркіретіп өткізіп берді. Астына көлік сыйлады. Алғашқы кітабы жарық көрді. «Өлеңге менің дағы бар таласым» кітабының алғы сөзін ақын Тұманбай Молдағалиев жазды. Жалпы, Наршаның Тұманбай ақынға деген құрметі жоғары болатын. Наршаның;
Мына таулар аспантаудың етегі,
Армандасаң алысқа алып кетеді.
Абай болсам дейтіндер де бар шығар,
Ал, өзіме Тұманбай болсам жетеді, - дегені тегін болмаса керек-ті.
– Нарша ағамыздың ақындығынан бөлек айтқыштығы туралы да ел арасында жиі айтылады. Бұл туралы өзіңіз «Нарша деген...» атпен шағын жинақ та шығардыңыз. Нарша ақынның осы қыры туралы айтып беріңізші.
– Ақын өмірден өткеннен кейін әр отырыс, жиындарда оның қалжыңдары жиі айтылып жүрді. Алайда, кейбір пысықайлар «оны Нарша айтқан жоқ, мен айтқанмын» деген уәжді алға тартып жүрді. Бұл Наршаның жақсы білетіндер үшін өте ауыр еді. Сонымен марқұм, ақын Болат Бекжановтың ұсынысымен ақынның қалжыңдарын жинай бастадым. Алматы, Тараз, Қаратау және ақынның туған ауылында топ жинап, біраз дүние жинадым. Әрине, кітапқа енбей қалған қалжыңдары да бар. Алдағы уақытта оны жинақтау ойда бар. Осылайша, ақынның қалжыңдарын түгендеп, өзіне меншіктеп бердім.
Нәкеңнің ұлы Қаратауда өтіп жатқан бір спорттық шарада волейбол ойнап жатса керек. Ойнағанда да жанкүйерлердің делебесін қоздырып, елдің барлығы «Тайлақ, Тайлақ» деп айқайлап жатыр екен. Сонда отырған аудан әкімі Батырбек Құлекеев: «Нәке, осы ұлыңыздың аты шынымен Тайлақ па?» – десе, Нәкең: «Енді, нардан лақ туа ма?» – дейтін көрінеді.
Сондай-ақ, Нарша ағамыздың үйіндегі жеңгеміз де айтқыш кісі. Бірнеше күн үйге қонбау оңай ма? Нәкең жеңешеме не сылтау айтарын білмей есіктің алдында сәл тұрып, ақыры өтірік бірдеңеге ашуланған болып үйге кіріп барып, шешініп, жатып қалса керек. Бірнеше күн бойы «дүрілдеткен» Нәкеңе тамақ дайындаған Болған жеңгеміз жаңадан түскен келініне: «Атаңды тамаққа шақыр» – дейді. Нәкең тамаққа келмей тас бүркеніп жатыр. Сонда ашуланған Болған жеңгеміз: «Әй, Нарша, үйге қонбағаның еркектік, ал тамаққа келмегенің қатындық...» – деген екен. Кейін бұл әңгімені інілеріне айтып берген ақын: «Әй, сол жолы жеңгелеріңнен жеңілгенім-ай...» – дейтін көрінеді.
– Ағамыздың үш кітабы поэзиясы болса, бір кітабында публицистикасы мен қанатты сөздері жинақталған екен. Яғни, оңашадағы ойлары мен өмірден түйген дүниелері ғой. Сіз осы кітаптың да жарық көруіне атсалыстыңыз. Бұл кітап оқырман үшін несімен ерекше деп ойлайсыз?
– Жалпы, ақындардың жан дүниесі нәзік қой. Кей ақындар күнделік жазады, кей ақындар өмірлік-танымдық түйгенін қағаз бетіне түсіреді. Ақын Нарша Қашағанұлының «Бітпейтін кітабы» міне, осындай ақынның өмірден көргендерін көкрігені түйіп, қағазға түсірген ойлары. Тіпті, көзі тірісінде қаттап, реттеп, атына дейін қойып дайындап кеткен екен. Ол дүниені ұлы Тайлақ Болат Бекжановқа әкеліп береді. Ал, оны қарауды Болат аға маған тапсырған болатын. Иә, ақын үшін кей данышпандардың айтқан философиялық ойлары ұнап, қайталануы мүмкін. Сондықтан, ол дүниелерді жіті қарап, дайындап баспаға ұсындық. Және, осы «Бітпейтін кітап» еңбегімен қатар ақынның «Елде тұрам» өлеңдер жинағын қайта шығарған болатынбыз. «Бітпейтін кітап» оқырмандар үшін құнды дүние болды.
– Нарша ақынның жеке адам ретіндегі болмысы қандай еді? Көпшілік біле бермейтін қай қырын айтар едіңіз?
– Нарша ақынның «Жақсылықтың ірісі, майдасы, айласы болмайды» деген сөзі бар. Менің ойымша ақынның өмірлік ұстанымы осы болды ғой деймін. Ақынмын деп кеуде қақпады. Елдің еркесімін деп ешкімнің төбесіне шықпады. Қарапайым ғұмыр кешті. Өлең жазды, халық әндерін тамаша орындайтын. Ғазал ғұмыры – өмірлік қағидаларынан айнымай өтті.
Нартәуекел
Біліп жатыр мен туралы ел нені,
Білетіні – естігені, көргені.
Ақынмын деп айтпасам да сеніммен,
Анық бірақ Құдай сезім бергені.
Бар байлығым – басқада жоқ сезімім,
Кім біледі, бәлкім, соның өзі мін.
Үйлеспеген жиырмасыншы ғасырмен,
Мен баяғы сал-серінің көзімін.
Ақынмын деп қақпағанмен төсімді,
Ақ сөзіммен сақтап келем сесімді.
Талай қазақ кітапсыз-ақ таныды,
НАРША деген есімді.
Тынып іштен талай-талай текті өткен,
Менің де есем бұл тірлікке көп кеткен.
Кешіккенмен, өлкесіне өлеңнің,
Өтіп келдім Өмір атты мектептен.
Жастық шақта жан гүлдерін жайқалтып,
Жарқылдадым, талай басты шайқатып.
Мені іздеген тілеулеске тірлікте,
Қояйыншы барымды мен байқатып.
Танытатын болмысымды, затымды,
Тарады елге талай сөзім татымды.
Жүріп-жүріп бәйгесіне өлеңнің,
Нартәуекел! Мен де қостым атымды.
Көңілімнің құйқылжыған құсын мың,
Қанат байлап ұясынан ұшырдым.
Ең болмаса сезімімді сезсін деп,
Елім, саған сырларымды ұсындым.
Өлеңдерім – халқыма жазған хаттарым
Тағдырым менің тұрмайды тек жеңістен,
Балы да бар, уы да бар мен ішкен.
Өлеңдерім – халқыма жазған хаттарым,
Өмір жайлы ойларымды бөліскен.
Жақсылыққа жан ем бұрған бүйрегі,
Жастықтағы көп «жоспарлар» күйреді.
Жылдар желі жұла-жұла бүгінде,
Қалың қара шаштарым да сиреді.
Қанша таңды арманменен атырдым,
Қанша күнді өкінішпен батырдым.
Мәресіне өлшеп берген өмірдің,
Түк бітірмей таяп келе жатырмын.
Салмақ салып, санам менен арыма,
Отырамын ой мен мұңға малына.
Жібергім келмей, жүйіткіген жүйрік жылдардың,
Жанұшырып жабысамын жалына.
Өткен күндер – суға кеткен кемелер,
Тұңғиыққа біржолата жөнелер.
Халқым қайдан түсінеді жанымды,
Қалтарысын аша алмасам мен егер.
Жанымның жасыл жапырағы күйгенін,
Жүрегімнің кімді, қалай сүйгенін.
Өзім ғана білгенімнен не пайда,
Шертейінші көңілімнің күйлерін.
Еркелікпен, жалқаулықпен жан күтіп,
Өтті жылдар. Сөз қалдырмай мәнді түк.
Асығайын айтарымды айтуға,
Қалса қайтем, қапияда дем бітіп.
Өлең екен өмірімнің мәні шын,
Өлеңімде – сезімім мен намысым.
Әр өлеңім – жазған хатым халқыма,
Халқым мені сол арқылы танысын.
Елде тұрам
Елде тудым, елде есейдім, ержеттім,
Кісіліктің мектебінен елде өттім.
Елде жүрсе, болады екен ерде екпін,
Есік жақта қалмай, еркін төрге өттім.
Елде тұрам, әлі де сол елдемін,
Жан-тәніммен сезінемін ел демін.
Еркелеймін, шағам кейде елге мұң,
Елсіз қызық қуаныштан кендемін.
Елде жүріп, көгердім мен, көктедім,
Елден таптым қасиеттің көп кенін.
Бермесе де шені менен шекпенін,
Елім менің ең жоғары мектебім!
Елге аян өткенім мен жеткенім,
Қуанғаным я, қайғы шеккенім.
Сондықтан да адамы түгіл сол елдің,
Қаламаймын иті қайғы шеккенін.
Перзентінің пейіліне шөлдеген,
Кеңпейілді кейуана Ел деген.
Алматы кешір, сен де кешір, Астана,
Еңкейгенше қалармын, сірә, елде мен!
Елден менің ештеңем жоқ жасырын,
Еркелігім, қателігім бар сырым.
Елден келдім Өлеңге де,
Естіңдер,
Ел деп соққан жүрегімнің тарсылын.
Туған жер
Тапқаныңнан жат жерде алтын уыстап,
Туған жерде жүрген артық ту ұстап.
Елге еркелеп жүргеніме қуанам,
Атамекен ауасымен тыныстап.
Ортақ бесік әруақ пен тірі үшін,
Сені сатып көрген күнім құрысын.
Сенен артық мекенді мен таппаспын,
Дүниенің кезсем де төрт бұрышын.
Сенен мені айыра алмас тегі ешкім,
Өзіңнің бір бөлшегіңмін деп өстім.
Өзгермеймін өзегімнен тепсең де,
Өйткені мен өгей балаң емеспін.
Безе алмаймын ащы екен деп суыңнан,
Сол суыңнан нәр алғам мен, жуынғам.
Безе алмаймын жаңбырсыз деп жазыңнан,
Аңызақ пен аптабыңнан қуырған.
Қаталдығыңа қарамастан сүйем мен,
Саған ғана сан сындарда сүйенгем.
Жанға жайлы жаққа кетіп қалуға,
Жан мекенім, қорқам сенің киеңнен.
Сенде жатыр бабаларым ақылды,
Сәл ұзасам, солар мені шақырды.
Ұшқан ұям өзің едің алғашқы,
Қонар жерім сен боларсың ақырғы.
Ауыл – ауыспайтын астана
(немесе қалалық қазақтарға хат)
Заңдылық деп қарайтұғын азапқа әр,
Көңілі кірсіз, секілді бейне таза, ақ қар.
Ауыл деген ауруы көп ананы,
Аялаңдар, қаладағы қазақтар.
Жетілсін деп қала деген жас бала,
Аузына оның барын, нәрін тосты Ана.
Алматыны алмастырар Ақмола,
Ауыл ғана ауыспайтын астана.
Қаладағы ағайындар зиялы,
Ұмытпаңдар ұлтарақтай ұяны.
Ауыл – қарашаңырағы қазақтың,
Киесі бар, жоқ алайда зияны.
Аман қалған замандардың тезінен,
Көрінетін көп қасірет көзінен.
Ауыл – автопортреті қазақтың,
Аумай қалған бар бітімі өзінен.
Қарап тұрсаң, қазіргі үлкен қалалар-
Қарт анаға қарамай кеткен балалар.
Көріңдерші, кейуана – ауылдың,
Көкірегінде қанша қайғы, нала бар?
Алақандай аяулы атамекенің,
Айдалада кешіп жатыр жеке мұң.
Бауырым-ау, білмейсің бе шынымен,
Ауылды сақтау – қазақты сақтау екенін.
Өсіп кетіп өзінен туған жас бала,
Ауыл-Ана қарайды, әне, жасқана.
Ауысқан талай, ауысар әлі бас қала,
Ауыл ғана ауыспайтын астана!
Қайран Ауыл қалың қазақ алған нәр,
Қайырымға қарашы енді болған зар.
Ұлтымыздың ұлы анасы – Ауылдың,
Жанына жара, көңіліне қаяу салмаңдар,
Ей, елде туып, қалада тұрып қалғандар!
Көшіп жатыр Ақкөлден
1.
Көндіге алмай қиындыққа тап келген,
Көп адамдар көшіп жатыр Ақкөлден.
Туған жерден таба алмаған бақытты,
Жазғандар-ай, тапса жақсы-ау жат жерден.
Біреу мұнда бала сүйген, бақ көрген,
Тағы біреу таянышын тапты елден.
Жұртқа тастап жақсы, жарқын жылдарын,
Көп адамдар көшіп жатыр Ақкөлден.
Әр жерде бір аңғал-саңғал тұр ақ там,
Шатырын ап, қабырғасын құлатқан.
Құты қашқан құтханалар құлазып,
Әлдекімді күтетіндей жырақтан.
Келер деген үміттері үзіліп,
Үйлердің де өңі өзгерген, бұзылып.
Үңірейген терезенің көздері,
Аш адамдай анталайды сүзіліп.
Таба алмай байлық пенен бақты елден,
Тапшылыққа шыдай алмай тап келген.
Үймен бірге тас-талқан қып тағдырын,
Көп адамдар көшіп жатыр Ақкөлден.
Қанша адамның тері тамған бұл жерге,
Қанша адамның белі талған бұл жерде.
Қанша адамның сүйегі қалған бұл жерде,
Обалдары осылардың кімдерге?!
Қастерлемей қасиетті бұл жерді,
Өшіріп алсақ өткен белгі, іздерді.
Кешегілер кешіре ме біздерді,
Ертеңгілер ескере ме біздерді?!
Кешегінің бәрін басып қақ белден,
Кете берсе, не қалады текті елден?!
Құтылардай құрығынан заманның,
Көп адамдар көшіп жатыр Ақкөлден.
Бала көшсе, тастап туған үй, елін,
Ана көшсе, саудыратып сүйегін.
Кәрі көшсе, бәрі көшсе біртіндеп,
Сонда мынау сорлы жұртқа ие кім?!
Туған жердің ары деген ағалар,
Туған жердің нары деген ағалар,
Туған жердің бары деген ағалар,
Босып жатса, басқа ел қайда сағалар?!
Көп адамдар көшіп жатыр Ақкөлден...
2.
Қайран Ақкөл – қасиетті құт мекен,
Жұрттан бөлек жетті саған жұт бөтен.
Айдың, күннің аманында өзіңді,
Өгейсітіп, өкімет не ұтты екен?!
Көшіп жатыр күнде бір үй бөгелмей,
Көшелерің босап қалған көгендей.
Қара ағаштар қарайды, әне, қамығып,
«Қайда қашып барасыңдар» дегендей.
Сендей көшкен елді қалай бөгейін,
Сен түгілі сенделсе Көкше, Семейім.
Сан құбылған саясаттың салқыны,
Саған дағы тиді-ау, енді не дейін?...
Көшіп кетті көп беделді мекемең,
Қайран Ақкөл! Жоқшысы жоқ жеке ме ең?
Байгелдінің Өмірбегі сияқты,
Тұлғаларға тұғыр болған мекен ең.
Арғы-бергі әруақтар жатқасын,
Димекең де иген саған ақ басын.
Елге тұлға азаматтар, жол түссе,
Алдыменен бұрушы еді ат басын.
Қайран Ақкөл! Қалың екен сорың да,
Қайдан қондың опасы жоқ орынға.
Тірілердің тірлігінен түңіліп,
Қоңырайып қарайды анау қорым да.
Талын кесіп, малын құртып тұяқты,
Қиратты ел құтханасын үй атты.
Көтере алмай көп күнә мен ұятты,
Жапырақтар жанып жатқан сияқты.
Қайран Ақкөл! Қандай едің сен кеше,
Енді елсіз құлазиды кең көше.
Бүгінгілер сені сақтай алмадық,
Обалың болса, ол да бізге, ендеше!
3.
Көбейіп жатыр көш күнде,
Алысқа кетті алды ұзап.
Екі Отан жоқ ешкімде,
Әркімде Ол жалғыз-ақ.
Оны ойлаған бірақ та,
Жоғарыда жоқ кісі.
Отырған елге тұрақтап,
Оңай ма заман соққысы.
Жылжып жатыр жыраққа ел,
Жылы ұя қалды қиыны.
Бәрінің де бұл Ақкөл –
Жүректегі түйіні.
Жатыр қимай жылап көл,
Жоқ оның да жазығы.
Қанша адамның бұл Ақкөл –
Қасиетті қазығы.
Құландай безген қағынан,
Құлазиды ел үнсіз.
Көп адам кеше ағылған,
Көшелер де көңілсіз.
Асаның арғы бетінде,
Ақ қыштан соққан тұр бейіт.
Айналып ол да жетімге,
Айдалада тұр кейіп.
Ауа райын ұққандар,
Ауылда енді қала ма?
Ауасын кеше жұтқандар,
Ауысып жатыр қалаға.
Көшуде суын ішкендер,
Дәм-тұзын талай татқандар.
Балықша көлге түскендер,
Байлыққа мұнда батқандар.
Көбейіп жатыр көш күнде,
Көрінбей кетті алды ұзап.
Екі Отан жоқ ешкімде,
Біз үшін Ақкөл жалғыз-ақ.
Көшіп жатыр жыраққа ел,
Жоқ ешқандай жазығы.
Көбінің бірақ бұл Ақкөл –
Қайтып келер қазығы.
Енді қашан ел келер,
Елегзиді бос ауыл.
Бұзылған үйлер жөнделер,
Бәрінен де осы ауыр.
Сөгілді бүтін іргелер,
Бөлінді бауыр бірге өлер.
Дегендей «түбі бір келер»,
Мүлгиді қырда мүрделер.
Екі Отан жоқ ешкімде...
