Ақиқаттан айнымаған ақын

50

Ақиқаттан айнымаған ақын - adebiportal.kz

Шілде айының бірінде ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, аудармашы Зейнолла Әкімжановтың туғанына 75 жыл толды.

Шығармашыл тұлға Зейнолла Әкімжанов 1951 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Амангелді ауылында дүниеге келген. Орта мектептен соң Алматыдағы қазіргі Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1974 жылы бітіріп шығады. 1975 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінде қызмет атқарады. Аталған  мәдениет бөлімін басқара жүріп, шығармашылықпен қоса шұғылданған Зейнолла Әкімжановтың тұңғыш жыр жинаға «Жерұйық» 1993 жылы жарық көреді. 2001 жылы «Мизамшуақ», 2008 жылы «Нұрлы шуақ» кітаптары жарық көрді. Өзі дүниеден өткеннен кейін ақынның 2021 жылы «Оттай ыстық Отынағаш», 2024 жылы «Замана шам-шырағы» кітаптары басылды. Ол аудармашылықпен де шұғылданып, Александр Блоктың және жерлес қаламгерлер Иван Шухов пен Владимир Шестериковтардың туындыларын қазақ тілінде сөйлетті. 

Өзінің саналы ғұмырын Есіл бойының сұлу табиғатын жырмен кестелеуге, осы өңірде өмір сүрген айтулы тұлғалардың шығармашылық талантын дәріптеп танытуға арнаған Зейнолла Әкімжанов бірде былай деп жазған екен: «Мағжанға еліктегендер қазір шығып жатса, бұл кесел емес, қуаныш, оны тану, оған табыну деп білген жөн. Сөз жоқ, Мағжан-қазақ жырының пайғамбары, ұлттың ұлы ақыны. Ал пайғамбарға табыну, ұлыға қызығу әбес емес, әдемі сезім, бас ию, тәнті болу әрекеті. Ендеше мен де «Кенесары» дастанымды жазғанда Мағжанға еліктедім. Мағжан көзімен, Мағжан жүрегімен сөйлегім келді. Алайда өз сезімімді, өз сөзімді айтуға талпындым.  ...Мен ұлы Мағжанға бас ие отырып, оған ердім. Ол мені осы сезіммен жетектеп, жанына ертіп жүрді. Маған «Былай жаз, анадай кесте сал, мынадай бояу қос, былайша әрле, былайша кескінде!» деп үйретіп отырады.»

Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шәймерденов, т.б. дүниеге келген құнарлы топырақта туып-өскен Зейнолла ақын осылай тебірене толғанады. 

2020 жылы 25 шілдеде алпыс тоғыз жасында жасында дүниеден өткен ақын, аудармашы Зейнолла Әкімжановтың туғанына 75 жыл толуына орай, 2026 жылдың 1 шілдесі күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Ақиқаттан айнымаған ақын» атты ғылыми-практикалық конференция және осы тақырыптағы естеліктер кітабының тұсаукесері өткен болатын. 

«Ақиқаттан айнымаған ақын» атты естеліктер жинағының жарық көруіне мұрындық болған ақын, журналист Самрат Құскенов өз сөзінде былай деп атап көрсетеді: «Бұл кітапқа академик Рымғали Нұрғали, Қазақстанның халық жазушысы Сафуан Шаймерденов бастаған белгілі қаламгерлердің естеліктері енгізілді. Жалпы жинаққа 72 автордың материалы енді. Олардың қатарында ақынның замандастары, әріптестері, ауылдастары мен шәкірттері бар. Кітаптың басты ерекшелігі – Зейнолла Әкімжановтың ақындық қыры ғана емес, азаматтық болмысы, адамгершілік қасиеті жан-жақты зерттеліп, зерделенген.»

«Әдебиет порталы» қаламгердің 75 жылдығына орай, аталған кітапқа енген естеліктердің бірнешеуін оқырмандарға ұсынады. Елімізге белгілі әдебиеттанушы ғалымдар мен ақын-жазушылардың әр кезеңде жазған бұл естеліктерден оқырман Зейнолла Әкімжановтың шығармашыл тұлғасын танитыны анық.

БАҒЫ ЖАНСЫН!

1969 жылы Қазақстанның барлық атырабынан ел астанасы Алматыға келіп, Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетіне түскен қарадомалақ балалар бүгін жер ортасы елуге келіп қалыпты. Азамат. Ел таныған қайраткер. Белгілі ғалым. Жақсы ақын. Бұл қатарда осылардың барлығы да бар.

Қазақ Ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Құныпия Алпысбаев, Алматы мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, профессор Балтабай Әбдіғазиев, Алматы мұғалімдер білімін жетілдіру институтының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Тұрсынбек Баймолдаев, ақын, журналист Өтеген Оралбаев, ақын, журналист Зейнолла Әкімжанов – бәрі бірге оқыған, университетті 1974 жылы бітірген түлектер. Абайбек Қоқымбаев, Айғали Файзуллин Семей полигонының құрбаны болып ғұмырдан ерте кетті.

Еңбек жолын М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып бастаған Зейнолла үй ішінің жағдайына байланысты Солтүстікке, туған жерге оралып, ұзақ жылдар баспасөзде қызмет етті. Талантты журналист болып қалыптасты. Деректі новеллалар, очерктер, мақалалар жазды, публицистика саласында терең із тастады. Ең бастысы - Зейнолла табиғат сыйлаған дарынға опасыздық жасаған жоқ, ақындық өнердің қазанында қайнап, татымды жырлар тудырды. Олар аймақтық, республикалық газет-журнал беттерінде ширек ғасыр бойы үздіксіз жарияланып келді. Оқырманын тапты. Көпшілік ілтипатына ілікті.

Зейнолла сан қуған жоқ, жылда өлең кітабын шығарам деп қызылтанау болмады. Оның сұрыпталған, екшелген, көркем жырлары бұрын «Жерұйық» деген атпен оқырман қолына тиген. Енді бұрын жарияланбаған, ақын дәптерінде сарымайдай сақталған көркем өлеңдер топталып, тағы да қалың қауымға жол тартып отыр.

Іні шәкіртіміз, белгілі публицист, дарынды ақын Зейнолланың жаңа жыр кітабының бағы жанып, сергек оқырманның сырлас, мұңдас, ақылдас досына айналарына сеніміміз кәміл.

Рымғали НҰРҒАЛИ,

Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

«МИЗАМШУАҚ» ЖЫР КІТАБЫ. 2001 ЖЫЛ. ҚЫЗЫЛЖАР. 4-БЕТ.

БІР АУЫЗ СӨЗ

Мен соңғы кездері естеліктер жаза бастағанымды жұртшылық, оқырмандар біледі. Алдыңғы тарауларда қазақ тарихының ұлы тұлғалары туралы өз пайым-танымымды қағаз бетіне түсіргенмін.

Кейінгілерінде кейбір озық деген, есімде жүрген шәкірттеріме көңіл бөлдім. Солардың бірі – қазір Қызылжарда тұратын жақсы ақын, аудармашы, публицист, жан-жақты энциклопедиялық білімдар азамат Зейнолла Әкімжанов. Менің студентім. Екінші курстан өзім қолдап Қазақстан академиясына (студент болса да) қызметке алдыртқан едім.

Ол бесінші курста диплом жазғанда бұл жұмысын кандидаттық диссертация деп бағаладық. Мен, Тұрсынбек Кәкішев, Темірғали Нұртазин Зейнолланың болашақ зерделі ғалым екеніне сендік. Алайда профессор Белгібай Шалабаев қарсыласып отырып алды да, жас жігіттің жолын кесті. Мұндайда ғылыми кеңес толық келісуге тиіс қой. «Бір құмалақ бір қарын майды шіріткен» деген осы да. Бақсақ, Белгібай Шалабаев Зейнолланың немере ағасы Сафуан Шаймерденовке өш екен. Осы өштіктің салқыны жас ғалымның болашағын бөгеді. Біреулер «Зейнолла Қабдолов Зейнолла Әкімжановты адасы болғасын қолдап жүр» деген сөз шығарып қойыпты. Олар ағат ойлайды! Егер осы Зейнолланың білімдарлық көкжиегіне шынайы көз жібере алса, олар әлгіндей ойларынан айныр еді.

Оқасы жоқ, ғылыми атақ-дәреже иеленбесе де, Зейнолла Әкімжанов қазақ, орыс және әлем әдебиетін біліп-тануда ешбір ғалымнан төмен емес, деңгейі биік. Соған қоса, ол бірқатар ғылым салаларына да жетік екенін білемін.

Ол – қазақтың талантты ақындарының қатарында!

Зейнолла ҚАБДОЛОВ, академик. 

2002 жыл. Алматы қаласы.

ҚАРАҒЫМ ЗЕЙНОЛЛА!

Қарағым Зейнолла!

Күні кеше өрім жас едің, бүгін елуге келіпсің. Қайран, уақыт-ай десейші! Өзім де сексенге шығар тұста артымдағы саған қарап қартайғанымды сеземін.

Әдебиет атты әлемнің асқарына шығарған азды-көпті дүнием бар мен соңыма ерген саған сүйсінемін. Дарынды әдебиетші, жүйрік публицист, талантты ақын інім екеніңе шын жүректен қуанамын. Сенің өсуің көз алдымда. 

Сенің бойыңдағы адалдығың, әділдігің, шыншылдығың жырларыңнан жаздай жарқырап, дарыныңды айғақтап тұратынына ана бір жылы қолыма тиген «Жерұйық» атты жинағыңнан көзім жеткен. 

Сезім мен шабыт шалқытқан жырларыңа ғұмырлық бақыт тілеймін. Өнерліге өлермен өш келетін тірлікте күйкілікке салынба, өлерменге егесіп, өшпенділікке бой алдырма. Талант иесі көре алмайтын көзге ғана тар екенін есіңде ұстағайсың, қарағым!

Қаламың – шабыт, ғұмырыңа – бақыт тілеймін! Елуің қосынан келсін, айналайын!

Ақ тілекпен ағаң Сафуан!

Сафуан ШАЙМЕРДЕНОВ,

Қазақстанның Халық Жазушысы.

ЖАН-ЖАҚТЫ, БІЛІМҚҰМАР ЖАН ЕДІ

Зейнолла Әкімжановты мен сонау 1971-ші жылдан бастап білемін. Ол кезде С.М. Киров, қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетінің бірінші курсында оқып жүргенде таныстым. Зейнолла бізден үш курс жоғары оқыды. Менің көкшетаулық, оның ішінде ақсары керей екенімді білген соң, бауырым, жерлесім деп жақын тартып жүрді. «Тұқым, тұқым! Біз бір тұқымбыз!» - деп тебіренетін шабыттанған шақтарында! 

Қызық адам еді ғой, жарықтық. Жан-жақты, білімқұмар болатын. Орыс тілін де жақсы білетін, еркін сөйлейтін, сауатты жазатын. Орыс және әлем әдебиеті классиктерін біраз оқығаны байқалып тұратын. Әңгіме айтқанда екпіндеп,ешкімнен қысылмай емін-еркін сөйлейтін. Әр түрлі тақырыптан хабары мол, кругозоры кең еді. 

Ілияс Есенберлиннің «Қаһар», одан кейінгі «Алмас қылыш» романы сол кезде студенттер арасында қызу талқыланып, жиі сөз болатын. «Қаһар» туралы әңгіме айтқанда Зейнолла қызбаланып, жанып кететін.

– Бұл  кітап ауылда қолдан қолға өтіп, жұрт таласып оқып жатыр! - дейтін. – Халық тарихқа әбден шөлдеп отыр екен ғой! Біздің ауылдың шалдары өткен-кеткен тарихты еске алып, кәдімгідей қауқылдасып қалды! Арасында дауласып, тіпті, біз естімеген аңыздарды да еске алып жатыр! Міне, бұл кітап елді дүр сілкіндірді!

Солтүстік Қазақстанның ызғар, аязында шынығып, шыңдалып өскен Зекең студент кезінің өзінде қазақ тарихы дегенде арқаланып, алысқа сілтеп кететін. Ал ана тіліміздің тағдыры жайында сөз бола қалса, ол тіпті алаулап, жалындап сөйлеген кездері есімде. «Егер ертең ана тілім жойылатын болса, мен бүгін өлуге бармын!» - деген Расул Ғамзатовтың аруақты, атақты сөзі сол кезде бүкіл қазақтың, соның ішінде күллі студенттер қауымының  ұранындай болды десек, Зекең сол ұранға сүрен қосушылардың бірі еді.

Курстастары ақын Өтеген Оралбаев, әнші, ғалым Құныпия Алпысбаев сияқты мықты азаматтар болды.

Тағы бір курстасы Әбен Жұмашев көп оқитын, білімді жігіт еді. Момын кісі болатын. Ұмытпасам, Қызылордалық. Сыр елінен. Бір күні олар пойызбен студенттік құрылыс отрядына кетіп бара жатады. Жолда Зекең шабыттанып, әңгіме айта бастайды. Біраздан кейін өзге жұрт ұйқтап қылып, тыңдаушы Әбен ғана қалады. Тақырып – футбол. Зекең керемет жанкүйер, арғы-бергі футбол тарихынан ағып тұрған шежіре. Әбекең әңгіме жазатын, әдебиетші адам, спортқа онша қызыға бермесе керек. Бірақ, Зекеңнің екпіндеп айтқан әңгімесін ынта қойып тыңдайды. Жақсы құлақ табылғасын, Зекең тоқтасын ба, жиған-тергенін құяды келіп аямай. Әуелі Алматының «Қайратынан» бастап, Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев, Сейілда Байшақовтан тартып, Сергей Квочкин, Вадим Степанов тарихынан қозғап, Евстафий Пехлеваниди, Сергей Грохвадатский, Ионкин, Масудов сияқты тарландарды біраз толғайды. Одан қанаттанып, Бразилияға бір –ақ тартып,  Гарринча, Пеле, Загало, Тостао, Жаирзиньо, Ривелино сияқты саңлақтарды санап шығады. Әлемдік аренаға бір шыққан соң, оңайлықпен қойсын ба, атақты венгр Пушкаш, португал Эйсебио, неміс Беккенбауэр, ағылшын Бобби Мур мен Бобби Чарльтон, испандық Ди Стефанионың бәрін сыпыра толғап, одан совет футболына түседі. «Түсіндің бе?» - деп сұрап қояды, Әбекең: « Иә, қызық екен!» - деп, ақырын ғана қыздырып қояды. Содан өз ағамыз өзбектің Берадор Абдураимов, Бохадир Ибраимовынан бастап, грузин саңлақтары Слава Метревели, Михаил Месхи, Муртаз Хурцилава, Давид Кипиани, Анзор Кавазашвилиден таратып, комментатор Коте Махарадзеден кейін Николай Озеров пен Владимир Маслаченкоға бір-ақ тоқтайды. Одан мәскеулік «Спартак», «ЦСКА», «Динамоны» қозғап, Лев Яшинге бір тоқтайды да, Киевтің «Динамосына» ауысады. Лобановскийдің өнерін, Олег Блохин мен Леонид Буряктың ойынын сипаттайды. Біраздан соң әңгіме мен пойыздың ырғағымен әбден балқыған Әбекең қалғып кетіпті. Бір кезде Зекең: «Әбен, сен қалай ойлайсың, қазір «Динамо» Киевтен асқан команда бар ма?!» - деп, сұрап қалады. Сөйтсе, ұйқылы-ояу Әбекең сасып қалып: «Әй, Зейнолла, осы «Динамо» Киев қай жердің командасы?!» - деп жіберіпті. «Ойбай-ау, мен бағанадан бері не айтып отырмын? Сен не тыңдап отырсың? «Динамо» Киев қаласының командасы, ал Киев Украинаның астанасы емес пе?» - деп, Зекең курстасының аңқаулығына шат-шәлекей болыпты. Бұл сол кезде студенттердің арасында Зейнолланың әңгімешілдігі мен Әбекеңнің тыңдаушылығы жайындағы бір жарасымды әзіл әңгіме болатын.

Университетті бітіргеннен кейін ол кісі елге кетті де, біраз жылдар кездеспей кеттік. Арада талай жылдар өткенде, Қызылжарға, Солтүстік өңіріне ақындар айтысына барғанда басқа да шығармашылық сапарларда ұшырасып қалсақ, құшақтасып, арқа-жарқа болатынбыз. Студенттік кездегі сыйластығымызға қылау түспей, құрметіміз арта түсетін.

Иә, шынында да Зейнолла Әкімжанов шабыттанып сөйлейтін, ұзақтан қайыратын, көсіле толғайтын әңгімешіл жан еді. Әсіресе, елдің тарихы мен жағдайы дегенде, қандай мінбеден болса да жақ жаппай сөйлейтін. Ащы шындықты ашық айтып, тайсалмай жеткізе алатын батыл мінезді болатын. Кейде шындық айтамын деп, ауырлатып, артық та кетіп қалатыны бар еді, соның зардабын да тартты-ау деймін! Ол  ана тіліміздің теңдігі, туған өлке мен жалпы қазақ тарихы, елдің жағдайы дегенде көсіле сөйлеп, кеңінен толғайтын. Дау-дамайға да араласып, солтүстіктегі жер-су, көше аттарын қазақшаландыру, тарихи тұлғалар мен өмірден озған азаматттардың есімдерін есте қалдыру турасында қажыр-қайратын аямай, қаламын батыл сілтеп, көптеген мақалалар жазды. Ол жазбалары облыс, республика баспасөз беттерінде жарияланып, жеке кітап болып та шықты. Онда да біраз нәрсе бар. 

Зейнолла Әкімжанов дарынды ақын болатын. Оның төрт аяғын тең басқан жорға жырлары бір төбе. Арқаланып айтысқа да шықты. Еріккеннен немесе желікеннен емес. Солтүстік өңірінде сиреп кеткен суырыпсалма ақындық өнердің отын өшірмеуге, қайта жандандыруға өзінің перзенттік үлесін қосайын деген тілекпен! Бірталай айтыстарға қазы да болды. Оның айтыс болсын, өлең –жыр болсын, жалпы көркем әдебиетке беретін бағасы да қызықты, пайымдаулары бөлекше болатын. Талғамы жоғары, талабы қатал, талдауы нақты! Ұлттық деңгейдегі рухани оқиғаларға, елеулі әдебиет, өнер туындыларын талқылауға да үн қосып, батыл араласып отыратын. Өтірік мақталып, топшылдықпен дабырайтып жатқан даңғаза дүниелерді аямай сынап тастайтын. Ал жақсы нәрсені қуана құптап, пікірін ашық айтып және жазып жүретін. Мен Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын сахнаға ыңғайлап жазып, оны Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық театры қойғанда  Зекең облыстық газет бетіне үлкен мақала жариялап, жақсы пікірлерін жарқыратып жазды. «Аблай хан и батыры» атты орыс тілінде жазған кітабымды оқып, газет бетінде ризашылығын білдіргені де есімде. Омбы қаласының архивіне барып, қазақ тарихына қатысты біраз деректер жинаған сапарында Сегіз Серіге қатысты бір жазба деректі көргенін де айтып еді. Зейнолла Әкімжановтың айтуынша, Сегіз Сері – Мұхаммед-Қанафия Баһрамұлы Шақшақов  Омбының әскери кадет корпусында емес, басқа бір оқу орнында оқыған екен. Әлгі оқу орнының колледж бе, училище ме, есімде жоқ сол уақыттағы тізімінде Мухамед-Канафия Шакшаков не Бахрамов деген есім бар екен. Тіпті, орыс тіліндегі мақалада жазылған көрінеді. «Сол деректі жоғалтып алып, кейін таба алмай қалдым, қайтадан іздеп архивке баруға уақыт болмай кетті!» - деп, күрсінгені есімде. Бұл пікірге мән беріп, осы күні жұртшылықтың қақ жарылып, дауласуына  түрткі болған сұраққа , яғни, Сегіз Сері Омбы кадет корпусында оқыды ма, жоқ па деген сұраққа басқаша қарау керек сияқты. Дау мынада: Қарсы пікірдегілер Омбы кадет корпусының тізімінде Сегіз Серінің аты-жөні жоқ, демек, Сегіз Сері мүлде болмаған, аңыз адам деп қорытынды шығарады. Ал егер Сегіз Сері ол жерде оқымаса, оның аты тізімде  қайдан болады? Жалпы, орыс  деректерінде, документтерінде, архивінде аты-жөні жазылмады екен деп, халқымыз ардақтаған, аттары аңызға айналған аталарымызды өмірде болмаған деп сызып тастай беруге бола ма?! Әрине, жоқ! Рас, асырып айтамын деп, артық кету, жобалап қосып жіберу сияқты жағдайлар тарихты зерттеушілер мен шежіре жазушыларда аз кездеспейді, мұны да ескеруміз керек. Зейнолла Әкімжанов  мұндай фактілерге күмәнмен қарап, артық-кемін сынап, ақ-қарасын айырып айтуға тырысатын.

Қатты ауырып жүргенде, ауруын жасырмады. Және жасымады. Қызылжарға өнер сапарымен барғанда, түрлі жиындарда кездесіп, кейде телефонмен хабарласып тұрдық. Бір күні: «Мен қайтқанда, сен келерсің... Жарай ма?» - деді. Апырмай, жарайды деп қалай айтарсың?! «Қойыңыз, Зеке! Жазыласыз!» - деп жақсы тілек айтып жатырмын. Амал не, ақыры аттанды аталардың жолымен. Хабарын кештеу, фейсбуктен көрдім. Бара алмай қалдым. Әйтеуір, дәтке қуат, арнап құран оқып, Алладан рахмат, пайғамбардан шапағат тіледім. Бір ауыз шынайы естелік те дұға, тілек емес пе? Міне, сондай ниетпен еске алып отырмын. 

Қазақ қаламгерлерінің қатарынан табылып, қазақ тілін сақтап, дамыту жолында аянбай еңбек еткен, әдебиетке өз үлесін қосқан ақын, жорналшы, тарихи шындық жолында талмай күрескен тұлға, Солтүстік өңірінің айтулы азаматы Зейнолла Әкімжановтың атын ұмытпай, іздеуші болған жандарға рахмет! Ендігі жерде қаламгердің қалдырған әдеби мұрасын жинақтап, түгендеп, кітап етіп шығару парыз. Оның қаламынан туған дүниелерде бірталай мәнді нәрселер бар. Бүгін керек қылған адам іздегенін табатын, келер ұрпақтың кәдесіне жарайтын рухани қазыналарымызды жоғалтпай сақтап, жаңғыртып отыру игілікті іс деп білемін. 

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ,

ақын, жазушы, драматург, жыршы, манасшы.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

5- 21. 02.2025ж.

Порталға шығарылымға әзірлеген Асылбек Байтанұлы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan