Қарлығаш

Қарлығаш

10

Қарлығаш - adebiportal.kz

Қарлығаш

I

Қарт тарих сауып тұрды сақалын:

– Бұл далада көтерілді қанша шаң? 

Оқы да көр білгің келеп аңсасаң. 

Оу, адамзат, мені түсін, қойыныма қарашы, 

Сусап жаның, ғұмырыңа қанбасаң!

– Деді дағы 

Мүлгіп кетті артынша, 

Оған бола болмады ешкім жазықты; 

Біреу ұқпай 

Біреу естіп аз ұқты. 

Дана тарих шежіресінің басына 

«Қарлығаш» деп айдаршалап жазыпты. 

Әне сонда: 

Сайын дала төсінде, 

Көктеулікте отырыпты бір ауыл. 

Ерте, ерте, қызыл кезде қырғауыл. 

Ақ орданың шаңырағына ұя сап, 

Жұп қарлығаш әнге басып жырлап жүр. 

Жыл бойының жасыл жайлау жаннаты, 

Тұнық ауа, биік таулы аңғарлы; 

Қаздай шұбап көшпенділер сан барды. 

Ел алдымен жылжитұғын ақ орда, 

Қозғалмай тұр. 

Былайғы жұрт таңқалды. 

Белгілі оның бесенеден себебі, 

Осы ауылды дүйім халқы сыйлайды. 

Десе де іштей қайшылықтар ұлғайды. 

Шаңырақта қарлығаштың ұясын, 

Жықса бұзады 

Оны әке қимайды. 

Аузын ашқан балапандар ақ үрпек, 

Қос қарлығаш асырайды дамылсыз. 

Іші жылып қарап отыр әлі үнсіз. 

Бір ұйғарым жасамаса жан тынар, 

Наразы ұлы, қатал қолдар қайрымсыз. 

Бір күні әке өз ауылын жиып ап, 

Алқа-қотан бала-шаға аралас; 

Бұйырды енді:

– Жұртта қалу жарамас. 

Үзік-жүгін, туырлығын артыңдар, 

Ал, ордамыз қала берсін жалаңаш! 

- Жаз айында балапандар жетілер, 

Әлі-ақ олда көк жүзінде ұшады. 

Мұрат алып тірлік дәмін құшады. 

Сол күндері көшірсек те кеш емес, 

Ол адамға жақын жүрген жанашыр, 

Жанашырға ашық әлем құшағы... 

Ұл сұрланып әкесіне қарады: 

Әр жанарлар түйілді оған жамырап, 

Қақыраған аязға ұқсап аңырап.

– Жұртта қалса болмай ма, әке, масқара 

Бабамыздан қалған шаңырақ?! 

Алжыпсың ғой 

Жасың жетпей әкетай, 

Ақылыңа айла қосқан дарам ең, 

Қарлығаш көп 

Оған мынау дала кең. 

Ел алдында жұртқа тастап ордамды, 

Қара атанды қалай алып барам мен? 

Досым күліп, дұспан жүрер табалап, 

Сен – бөрісің 

Мен – ауылда бөлтірік. 

Тілімді алшы айтқаныма келтіріп. 

Шаңырақты жұртқа тігіп кеткенше, 

Кеткенің жөн 

Бізді тастап өлтіріп! 

Әке бұрын деп жүретін текті ұлын, 

Мұны қалай аңғармаған тек бұрын. 

Насыр шабар мұнан ары кетсе ұғым.

– Сен, сарамес, - деді ұлына кектеніп, 

Менен қалай туды екенсің жексұрын. 

- Құс болса да пана көріп өзіңді, 

Бауырыңда балапандап өрбійді; 

Даңқ осы деп түсінеді ел мұны. 

Ақ үрпекті қара қанат ұшырған, 

Бабамыздан қалған бізге ерлігі.

- Қалай тағдыр тонады сені сезімнен, 

Тұрғаным жоқ топастыққа таңырқап, 

Жетімдіктен жаман екен сұрқия 

Жетім көңіл тұрғандығы маңырап! 

Дүн-тірліктің тіліменен бақытты, 

Біздің мынау қасиетті шаңырақ.

- Шарасызбын өз қолымды кесуге, 

Бірақ сені тектеу керек назарға ап. 

Жамағаттар ғибрат ал базарлап. ,

- Деді де ол бұзау тісті қамшымен, 

Нысабы жоқ ұлын соқты жазалап...

.. Соған жалғас достық – сенім арайлап, 

Түзу ұшты шаңырақтың түтіні. 

Мирас болды табиғаттың бүтіні. 

Адамдардың ізгілігі сөз болса, 

Еске алынады сол әкенің үкімі!

II

Ал, қарақтар 

Қара жолды шаңдатып, 

Арман қуып атқа мініп барасың. 

Думандатып боз жусанды даласын. 

От жігерді өжет мінез тұрқыңды, 

Танытады көзіңменен қарасың. 

Талғар ойлы, дара тұлға – ұландар, 

Заңғар бойлы замананың жүгіндей; 

Боз таң өбіп 

Талмай шапсаң бүгілмей, 

Алдарыңда дана баба рухы тұр, 

Аттап өтпе 

Аруағына жүгінбей!

Аққұс

I

Өнерліні заңғар ойлы, зау биікпен тілдескен, 

Өмір мүлде айқарыла құшақ жайған күреспен!... 

Оған куә 

Аққұс әні, 

Аққұс жайлы жырлары, 

Тарихтың парағынан ақтарылған сырлары. 

Ән жөнінде толғандырған сөз аз ба? 

Ән – адамның рухы, күші, қанаты. 

Мәңгі ашылмас қасиетінен көзі азға, 

Көк жайлаудай көңілінің 

Көсегелі жәннәті!... 

Біздің байтақ даламызда, қарағым, 

Мұңын жоқтап, жырын жырлап даланың, 

Аузын ашып жараның, 

Әлдиіндей ананың... 

Ақ алмастай жарқылдаған жұп-жұмыр, 

Аққұс кепті Ақ аязда қытымыр, 

Жаз таңымен құты бір. 

Жұмыршақтай болғанымен ғажабы: 

Ол жыласа күллі тірлік азалы; 

Ол қуанса күлкісімен сайраған, 

Беу, дүние қаны тасып қозады. 

Адам тұр ғой әнге ұйыған аң-құсқа, 

Болған екен ұзын сары таң қысқа. 

Жылқышылар жырын жаттап отарда, 

Өтті күндер табиғатта, отауда... 

Түлкі, тазы, қасқыр мен қой сап түзеп, 

Ән тыңдаған заман бопты, о, тәубә!... 

... Бұдан артық кім іздеген бақытты, 

Тоқтатқандай дөңгеленген уақытты; 

Ұлы Ақ құстың ұлы жырын шар тарап, 

Ұғып алып шашу етіп жатыпты... 

... Ұлы тауда өз әлінен ешбір тірлік аспаған, 

Қаһарымен жасқаған; 

Әлмисақтан басқадан 

Қорқу түгіл именуді білмеген. 

Ғұмыр бойы, тіпті, қатты күлмеген; 

Мынау маймақ дүниенің танабы мен аязын, 

Қай-қашанда бір деген. 

Оның алып тегеуріні тауды қысқан умалап, 

Қорқау тағдыр құрығында сала алмаған құрмалап. 

.. Ежелден-ақ бір Қара құс мекенденген бұл жерді, 

Қаһарланса самұрықты тастайтұғын жұлмалап. 

Әрі патша әрі зордың еш еңбексіз тоятын, 

Әдеті бар тасын тәлей шымқай бестен қоятын. 

Құрақ ұшып жағатсынған көлгірлер мен «жайдары», 

Маңайында майпаңдаған жорға- жұмсақ «айлалы», 

«Айлалының» таңы сыңсып, күні жылап батады, 

Кейде осы «айлалының» қолымен 

Ер көңілдер құрбан беріп жатады!... 

II

Ақ жаңбырды шөл жұтқандай, 

Ақ табандап ел көшкен; 

Ғалам бойы іңкәрлік пен дұспандықтар белдескен! 

...Аққұс жайлы естігенде «айлақұс» 

Бір көруге ынтық болып, зыр жүгірді ол «байқұс». 

Удай ашып, іші от боп, дәт қылмады бармауға, 

Әнші құсқа аңсары ауды ақ жем етіп жалмауға. 

Қанжар жартас – тегеуріні, қанаттары-қаз шыңдай, 

Қарақұстың қаһарына іліндіріп қармауға! 

Әншілдігін таңдай қағып күллі жаһан жатқанда, 

Дәт қылмады нағыз өнер қоңырауын қаққанда! 

... Әнін естіп 

Аппақ құстың есінен ол танса да, 

Танымансып, білмегенсіп құдіретін қаншама?! 

Долы ашудан жарылардай қып-қызыл боп өртеніп, 

Сақылдады өшпенділік ішін кернеп жер теуіп. 

Жанарынан жарқылдаған кек кернеген от жанып, 

«Әннен, сәннен адыра қал», - деп зарлады шыдамай; 

Сарайына Қарақұстың жеткен шақта аттанып, 

Тұтанып ол күл боп өңі төзе алмады жыламай: 

- Ойбой, тақсыр қормалым ең, асқар ең, 

Бізді талай «ізгілікке» «сұлулыққа» бастап ең. 

Біз білмейміз мынау әлем қанша кең, 

Құдіретің бірақ күнде болғаныма сонша кем?! 

Бір Аққұс келіп сахараға әлек салып жатыпты, 

Мұқым елді аузына ол қаратып та алыпты. 

Сіздің құрған патшалық пен нарқыңыз, 

Бірақ күнде жексен болып қалыпты. 

Мынау қандай қоршылық еді көзге ілмеген «алыпты»!... 

... Қаһарынан Қарақұстың боран соқты долданып, 

«Жеткізіңдер», - деді оны табанда ұстап қолға алып! 

Жағымсумен жан бағуға жағатсынып жай табар, 

Әнші құсты ұстап алды қоршап, қорлап «айлалар.» 

Шынашақтай

Аппақ құстың түрін көріп баяғы, 

Күлкісінен көзін ашпай Қарақұста таяды: 

- Мынау кейпің, шәкене сиқың жаураған, 

Мұқым елдің аңсары қалай саған аунаған?!... 

Білмейсің- ау, оу, сорлым- ай, білмейсің, 

Алыптықтан атым шыққан, 

Үкіміран тірлік әмірімді ұққан, 

Қалай төтеп бере аласың, ал, маған! 

Бәлкім, мынау, жандайшаптар болар мені алдаған?!... 

Мейлі, қалай болса да, 

Зарлағансың баршаға; 

Сол үшінде күнәһарсың бейшара!... 

Не тілегің тез айт соңғы, жаның қазір шығарда, 

Тек, өлесің, өлім ғана сені күтіп тұр алда! 

... Аспай-саспай Аққұс тұрды, кербез қарап, таранып, 

Маңайында өңкей жендет әлекедей жаланып. 

- Бір тілегім, тақсыр, - деді – мейлі, өлсем қолыңда, 

Өнерлінің өрісі кең, сол өнердің жолында. 

Мынау ғажап кең сарайдан шығайын бір далаға, 

Қаша алмаспын қарауыл тұр оңым менен солымда. 

Желбауыма құрт түскендей құлығымнан қыршылып, 

Алтын сарай ауасынан барамын мен тұншығып! 

Ен далада, еркіндікте 

Бір ән салып өлейін, 

Жаралған ем ән үшін. 

Ғұмыр бойы сарып болды осы өнерге бар күшім. 

Кебін киіп, тағдыр басқа қыспағына салғасын, 

Әнсіз өмір – жай бір өмір 

Әнсіз қалған жан құрсын! 

III

... Қабылданып 

Аққұс айтқан тілегі де ең соңғы, 

Майдандасып өмір, өлім қанатына тең қонды. 

Тәккәпәр құс – аппақ таза... 

Көрмегендей еш жаза; 

Шүлен күннің шуағына малынып, 

Қауырсынын тарап қойды майысып; 

Зәмзәм тірлік сұлулыққа сұқтанып, 

Нәзіктіктен үзілердей қайысып! 

... Ән әуендеп шығандады... 

Естілмеген, білмеген; 

Кеңестікте шексіз кеткен 

Сусап жұтты жырды әлем... 

Уақытта тоқталғандай ән шырқалды қаншалық, 

Тірлік – ғалам қатықтай боп ұйығаны соншалық. 

Сағыну ма, зарығу ма, кек пе әлде қуаныш?... 

Әйтеу, осы тіршіліктің төбесінде жүр алыс! 

Бір сәт көктен үзілгендей ән әуені жерге еніп, 

Асқан жауыз 

Қарақұста кеткен еді тербеліп. 

Кілт тоқтады әуенде, 

Мынау төрткіл әлемде: 

Жылай алмай, күле алмай, 

Қарақұста қалған еді не болғанын біле алмай. 

Күннің аптап танабы 

Жанын жылтып барады... 

Нар кеудесі жастық шағын сағынып, 

Дір- дір етеді қорыққаны ма 

Төзе алмады не ғылып?... 

Не болмаса шынашақтай 

Аққұсқа қалғаныма бағынып?? 

Қандай сиқыр, қандай сиқыр торлап алған, 

Жүйкелеген сананы, 

Көздерінен өзі сезбей жас сауғалап тамады... 

Аққұс тұрса адыра қап ертең күні- ақ қорғалар, 

Аққұс тұрса не күйге енер сауысқандар, қарғалар!... 

Мүмкін, бір күн өзі де оның қол астында жалбаңдар, 

Кең сарайдан шыға алмайтын сорпа шығар сор болар. 

Селт етті ол сумаң қағып қара ниет түрткенде, 

Қыж-қыж қайнап жыбырлады 

Қыбырлады құрт кеуде... 

- Жоғал, - деді ол қаһарлана - көзіме енді көрінбе, 

Сен асқансың, асқан өнер ұзатпайды сені де! 

Азат етім сол үшінде, азат болдың Аққұсым, 

Мен білмеймін тіршілікке сорымысың, бақпысың?! 

Бұл ғаламнан қараңды өшір, түсте жөнел жолыңа, 

Кешірмеймін, кешірмеймін, 

Енді түссең қолыма! 

IV

... Азат Аққұс бұл пәниден алмағайып жол алды, 

Қарғыс – нәлет, обал – сауап 

Қарақұстың үкімімен қаралды. 

Аққұс кетіп бұл әлемнен қарарымен әмірдің, 

«Айлалылар» үні өктеп бар әлемге таралды. 

Таразысы кем тартса да тәңірдің, 

Зар өмірден өтсе дағы бәріде; 

Тау-далада сол Аққұстың әні өлмеген әлі де... 

Ол елестен, қуаныштан, қайғыдан, 

Айырылмаған бір елі; 

Сезімдерде, көкіректе, жүректе Аққұс әні жүреді. 

Бар өнерге өрге жүзген пендеге Аяз-аптап қарыған; 

Сол Аққұстың киесі кеп

Бағы жанып дарыған! 

Шын өнердің ту шыңына құлаш жайған білектер, 

Ұлы Аққұстың ұлылығын жалғай алған жүректер. 

Соған тәнті болары хақ ертеңгі ізгі тілектер!!... 

V

Хикаясын әкем марқұм жатқа айтқанда ойланып, 

Екеуіміз де кетуші едік ертегіге айланып. 

Ұзақ-ұзақ ойға шомып отыратын шақтарым, 

Осы жырға қалғандай-ақ қанатымнан байланып! 

Рас-рас әр өнердің болады шын Аққұсы, 

Аққұс – кие 

Әр көңілді қуантқан, 

Әр дарынды сынатқан; 

Мен-мен деген кеуделердің қақпышы, 

Әнін оның тыңдай алмай жырақтан; 

Талайларды түсірген ол құр аттан, 

Талайларды құлатқан. 

Құр қиялды еміздіктеп емгенді, 

Шырылдаған сәбилердей жылатқан... 

Осыдан ғой «айлалылар» кенезесі кеберсіп, 

Күншілдікпен өнерліні тістейтіні балақтан. 

Нағыз дарын иелерін жөлерсіп, 

Қағатыны табақтан! 

Өнер – өмір, өмір – өнер егесте, 

Әу бастан-ақ жазмыш солай жаратқан. 

Өнерліні заңғар ойлы зау биікпен тілдескен, 

Өмір мүлде айқарыла құшақ жайған күреспен!... 

VI

Жас өркенім 

Өмір - қорған, 

Қағып тұрсың қақпасын; 

Тағдырыңды тас керең шақ 

Меңіреуден сақтасын!!...


Секен Шәріпұлы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Қос қасиет

22.10.2026

2122

Taza Qazaqstan