Жүрегімді жұлмалайсың бейуақта

Азамат Серікұлы – 2002 жылы Абай облысы, Ақсуат ауданы, Ойшілік ауылында дүниеге келген. «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының «поэзия» аталымы бойынша жеңімпазы. Балалар әдебиетін дамыту мақсатында Астана қаласы тұрғындары арасында өткен «Ертегі-ел ертеңі» байқауының бас жүлдегері. «Рахметолла Райымқұлов – ХХ ғасырдың көрнекті қаламгері» атты республикалық байқаудың үздік әңгіме номинациясы бойынша жеңімпазы.

41

Жүрегімді жұлмалайсың бейуақта - adebiportal.kz

Астана

Жырларыма салғанда ғасыр өрнек,

Сұлулықтың кетеді жасы меңдеп.

Қара өлеңнің киесі тулайды екен,

Бабалардың күмбезді басына кеп.

 

Бұл өлкенің дауылын естігендер,

Тұсауымды қара шал кесіп берген.

Астана деген қаланың даңғылдарын,

Жалғасындай Тәукенің кешіп келгем.

 

Сені ойласам — тарпаң жұрт, жанған ішім,

Шыңға біткен ұлылық шамдарысың.

Алты Алаштың аруағын аспандатқан,

Сарыарқаның сап түзер сардарысың.

 

Ақ жағалы көшіңді араласам,

Осында кеп сәурік тағаласам.

Қараөткелдің сауырын ел жайлатып,

Сарыарқаның тауларын жағаласам.

 

Таңғы жырға ұласты тамыз ғана,

Медеу болар жаныма аңыз дала.

Ер Қосайлар басқан жер аттан салып,

Аруағыңнан айналдым, абыз баба.

 

Күй ойнап, күмбір-керуен аттарында,

Жолың түссе, бауырым, тоқта мұнда!

Қобыланды қылышы қанға бөккен,

Заңғар-заңғар таулардың қатпарында.

 

Ақыныңның тулайтын кезі келген,

Баурайыңда бура күн, сезім ерген.

Тағдырыңның таспасы — тастарыңда,

Астана мекен — махаббат, өзің өлең.

 

Нажағайы жаныңның жарқылдайды,

Ардакүрең айбоз-жыр алқынбайды.

Беу, Астана, өлеңмен өршеленіп,

Есіліңнің өзені тартылмайды.

 

Амандасып, көне көз шалға келгем,

Қасиетіңде айналдым «Ар ма?!» деген.

Бұл күндері біздерге жалғасыпты,

Сенің төсіңде қалған өлең.

 

Жарқылдайтын жасындай кезіміз бе?!

Сыр-сандықтың табы бар сөзімізде.

Астана — менің тағдырым, тарпаң басқан,

Сәлем бере келдім мен өзіңізге!

 

Ақтарылу

Міне, бір бөлмелі пәтердегі құлшылық,

Бұл жүректің мүмкін емес тыншуы.

Осы өмірден ала-алмаған қандай өш,

Осы өмірге неге жүрміз қырсығып?!

 

Дала көрдім, қала көрдім, көргенім,

Ағыстарға қарсы жүздім, өрледім.

Жүрегімді жұлмалайсың бейуақта,

Жыртығымды жамап беріп сен менің.

 

Іңірдегі құстар сазын билетіп,

Мұң-зарыңды мұңлық болып иледім.

Құламайтын жерлерімде құладым,

Күйремейтін жерлерімде күйредім.

 

Жоқ, осымен таусылмайды бұл әуен,

Құлар болсам баяғыда құлар ем.

Жылар болсам баяғыда жылар ем,

Неменеге жетісемін мына мен?!

 

Өмір танып, өлең танып, ой танып,

Әкенің де, ағаның да жаны шірін жай тауып.

Аға, бәрін таста, қаңғыруды доғарып,

Комсомолға қайтайық!

 

***

     Ардакүрең Ғалым Жайлыбай ағама

Құлазып кей түндерi жаным аға,

Бұл өлең бiлем, рас, бағым аға.

«Ғалымның хаты өлмейдi» дейдi қазақ,

Қазақ та бiлiп айтқан Ғалым аға.

 

Басылмай сiзге деген толғанысым,

Жаныңа киелi жыр, ән дарысын.

Жаңаарқа жазығында саяқ жүрiп,

Қап кеткен қара өлеңнiң сардарысың.

 

Тағдыры-ай, тарпаң жүйрiк Құлагердiң,

Шығардық бiз де шаңын құба белдiң.

Есiлдiң толқындарын толқындатып,

Алдымнан айбарланып шыға келдiң.

 

Сыймайды-ау, шабытыма жер шеңбері,

Көп арман, бiрi – сiздi көрсем болды.

Аға деп арқа тұттым өзiңiздi,

«Ақын» деп ардақтаған ол сен болдың!

 

Ағасын iздемейтiн жан бола ма?!

Ауылға апарар жол, жол қалаға.

Төсiнде Алты Алаштың жолыққанша,

Аман жүр алшаң басқан сардар аға!

 

***

                            Мерей Қартқа

Мерей аға, қалайсыз, халің нешік?

Үмітіңнің оттары жанып-өшіп.

Алшаң басып Семейде жүр ме екенсің,

Өлең жазып түндерде, әніңді есіп.

 

Сөзден қамшы өресің лапылдаған,

Сары аязда шерленіп сақылдаған.

Ертіс бойын жағалап кеттің бе екен,

Еркеқарадай естісін тақымдаған.

 

Төр жайлауда түн қатып, көз ілесің,

Бағзы қазақ жұртына кезігесің.

Баба-бейіт басында сөзің қалып,

Балбал рух деп жылайсың, езілесің.

 

Жанарынан Бесқасқа мұңыңды оқып,

Тарбағатай жонынан сырыңды оқып.

Үшқара деп бебеуге басар ма едің,

Үштөбенің басынан жырыңды оқып.

 

Тау ұлына талайлар тас атады,

Бесатары таусылып, қосатары.

Түн жарымда кісінеп жатырсың ба,

Тыныштықбек шайырдың Қошақаны?!

 

Толағайдың жортасың түздерінде,

Ала қашып өңі сүр күзден ірге.

Апырай-ау, жоғалап кетер ме екен,

Айға ұлыған тағылық сізбен бірге.

 

Күрсініске толғандай әттегенім,

Жыр жазбаған жылдарды жат көрейін.

Серілікпен өткізген асау ғұмырын,

Амансың ба, Семейдің Қарт Мерейі?!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan