Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
/
Қазақ балалар детективінің жаңа өрісі...

Қазақ балалар детективінің жаңа өрісі

45

Қазақ балалар детективінің жаңа өрісі - adebiportal.kz

Бүгін халықаралық балаларды қорғау күні еді ғой, ендеше, бұл балалар әдебиетіне қатысты атаулы күн деп айтуға болады. Қазақ баласының ой-санасын өсіремін деп жүрген жазушының бірі де бірегейі – Бекен Ыбырайым. Иә-иә, кәдімгі көрнекті жазушы Бекен Ыбырайымның есімі де, шығармашылығы да талғампаз оқырманға жақсы таныс. Өзгеше өрімді прозасымен де, мәдениетті әдеби сын, талдауларымен де оқырман ықыласына бөленген. 

Жазушының «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын иеленген «Іздер құпиясы» романы, сөз жоқ, қазақ балалар әдебиетіндегі елеулі жаңалық.  Бұл шығарма әдеби ортада қазақ әдебиетіндегі балаларға арналған тұңғыш детектив роман ретінде бағаланды. Өйткені қазақ балалар прозасында тәрбиелік әңгіме мен хикаят аз жазылған жоқ. Алайда оқырманды жұмбақ пен логика арқылы жетелейтін детективтік шығарма некен-саяқ еді. Міне, Бекен ағамыз осы олқылықтың орнын толтырып, бөгенайы бөлек жаңа өрісті туынды жазыпты. 

Романның басты жетістігі – оның балалар психологиясын дәл тануында. Қазіргі балаға құр ақыл айту әсер етпейді. Оған құпия, белгісіздік, шытырман оқиға, сыр жасыру сияқты сюжет керек. «Іздер құпиясы» дәл осы тәсілмен жазылған. Шығарма басынан бастап оқырманды жұмбақ оқиғалардың ішіне тартып әкетеді. Күдікті іздер, жұмбақ салт аттылар, түсініксіз әрекеттер – бәрі баланың қызығушылығын оятады. Автор осы интриганы роман соңына дейін мықтап ұстап отырады.

Шығармадағы басты кейіпкер Саян – бүгінгі қазақ баласының жаңа типі. Ол бұрынғы әдебиеттегі тек тілалғыш немесе тым момын кейіпкер емес. Саян – ізденетін, бақылағыш, күмәнданатын, логикаға сүйенетін жасөспірім. Оның батырлығы күшінен ғана емес, ақыл, пайымынан көрінеді. Осы арқылы жазушы балалар әдебиетінде жаңа қаһарман бейнесін жасаған. Саян жұмбақтың шешімін тек төбелеспен емес, парасатпен тереңнен ойлау арқылы табуға тырысады. Бұл – романның тәрбиелік қуатын күшейтетін басты ерекшелік.

Романның оқиғасы шөлейт дала мен жайлау тіршілігі аясында өрбиді. Бірақ табиғат мұнда жай фон үшін алынған емес. Құм, тұман, түнгі дала, иен кеңістік – барлығы роман атмосферасын күшейтіп, детективтік сезімді тереңдетеді. Автор табиғатты кейіпкердің ішкі күйімен байланыстыра отырып суреттейді. Сол себепті шығармада кинематографиялық әсер бар. Киноға сұранып тұрған оқиға. 

Бекен Ыбырайым роман тілін де балаларға ыңғайлап құрған екен. Тілі жеңіл болғанымен, тартымды, мазмұны жұтаң, қарабайыр емес. Оқиға үнемі қозғалыста болады. Динамика бар. Жалықтырмайды. «Енді не болар екен?» деп ынтығып отырасың.  Әр тарау жаңа күдік тудырып, келесі бөлімге өзі жетелейді. Бұл қазіргі балалардың қабылдау психологиясына сай тәсіл. Сондықтан роман бір деммен оқылады.

«Іздер құпиясының» тағы бір маңызды қыры – оның танымдық сипаты. Шығармада қазақы орта, шопан өмірі, дала табиғаты, ауыл тіршілігі т.с.с. элементтер табиғи әрі шынайы көрінеді. Бірақ автор мұны арнайы түсіндіріп отырмайды. Барлығы оқиға барысында байқалады. Осы арқылы шығарма әрі көркем, әрі танымдық қызмет атқарады.

Бұл романның әдеби маңызы – қазақ балалар әдебиетіне жаңа жанр алып келуінде. Бекен Ыбырайым балалар әдебиеті тек тәрбиелік насихат немесе жеңіл әңгіме ғана болмауы керек екенін көрсетті. Баланың ойлау қабілетін дамытатын, логикасын жетілдіретін интеллектуалдық проза да қажет. «Іздер құпиясы» осы қажеттіліктен туған шығарма деп батыл айтуға болады. 

«Іздер құпиясы» – қазақ балалар прозасының жанрлық аясын кеңейткен мерейлі туынды. Бұл шығарма балалар әдебиетінің де терең, тартымды, интеллектуалдық деңгейі жоғары бола алатынын дәлелдеді. Автордың қаламына құт берсін! 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan