Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Қазақ детективі: бар ма, жоқ па?...

04.11.2022 4641

Қазақ детективі: бар ма, жоқ па?

Қазақ детективі: бар ма, жоқ па? - adebiportal.kz

Детектив қызық жанр, ол тек қылмыс туралы баян етпейді, адамның күрделі психологиясы туралы ойлануға мәжбүрлейді, адам баласының – өзіне Құдай берген керемет зерек ақыл-ойын қылмыс істеуге, оны жасыруға жұмсайтындығына таңғала отырып, із жасырудағы адам логикасының қаншалықты сыйымдылығы мен тапқырлығына таңғаласың да, ең соңында ешбір қылмыстың із-түссіз кетпейтіндігіне, түбі бір ашыларына (әсіресе, классикалық детективте)  көңілің жайланып, өзіңше түйін жасайсың. Бұл жанрды қазаққа қажеті жоқ деп есептейтін қаламгерлер барын да білеміз. Детектив элементтері кездесетін бірді-екілі классикалық шығармаларды айтпағанда, бұл тізімге келгенде Кемел Тоқаевтың, Қалмұқан Исабаевтың 2-3 шығармасынан кейін мүдіріп қалатынымыз  да рас. Ал негізінде бұл жанрды дамыту арқылы жақсы шығармалардың жазылуына себепші болып, күнелтістің соңында кеткен халықты қазақ тілді шығарма оқуға бұруға болады десек ше... 

Жақында Астанадағы «Абай» кітап үйі, «Эльдорадо», «Меломан», «Книжный», «Алматыкітап» сияқты кітап дүкендерін аралап,  Кобо Абэнің өзімізге қажет кітабын іздеп таппадық, жалғыз «Flip» қана тапсырыс арқылы алдырамыз деп уәде берді, ал осы дүкендердегі детектив жанрындағы кітаптардан көз сүрінеді. Кіреберістен бастап тізіліп тұр, акция жасап, жарты бағасына сатып жатқандары қаншама, авторлардың аты-жөні мәлім болмаса да, кітаптардың дизайны, сапасы деген керемет. «Оның ішінен жақсы дүниені қалай танып табуға болады, арасында тұрпайылау беллетристикасы де жетерлік осылардың арасынан сапалы детективті табу үшін де терлеу керек қой» деп ойлап тұрғанымызда бірнеше адамның детектив кітаптарын сатып алғанын көрдік. Өзіміздің қазақтар сатып алып жатыр (егер өтпесе осынша көп детектив тұрмас та еді). Ал енді осы мың сан кітаптың арасында қазақша детектив болған жоқ десем, осының өтірік деп ешкім айта алмас. 

Құпия қай заманда да қоғамның қызығушылығын тудырған. Бірдеңенің сырын білуге деген осы құштарлық ақыры өнерге, оның ішінде әдебиетке де келді.  Детектив сөзі ағылшынның «ашамын, әшкерелеймін» деген сөзінен шыққан екен де, ең алғашқы детектив шығармалар 1840 жылдары жазылған екен. Әсіресе, У. Коллинздің «Ақ киген әйел» шығармасынан кейін жанр танымалдыққа ие болып, детектив көптеп жазыла бастайды. Біз әдетте детектив десе Агата Кристидің мисс Марплын, Жорж Сименонның комиссар Мэгресін (негізі француз детективінің негізін салушы Э.Габорио), Конан Дойлдың Шерлок Холмсын, Э.Поның із кесуші Огюст Дюпенін («Морг көшесіндегі кісі өлімі»),  Честертонның патер Брауны, Коллинздің мистер Каффы бар, осыларды еске аламыз. Әрқайсысы өз ерекшелігімен келді. Дегенмен, Эдгар Поның ерекшелігі – ол детектив сюжетін ширықтыра отырып, жалпы қылмысты ашу кезіндегі алғырлығына қарай із кесуші мен полицияның арасындағы бәсекелестікті тудырғанын да айта кету керек. «Неге осы шетелдік детективтерде полициядан бұрын жеке детективтер ширақ келеді?» дегенді әрқайсысымыз бір рет болса да ойлап көрген шығармыз...          

«НЕГЕ ҚАЗАҚТЫҢ АРАСЫНАН КІТАБЫ МИЛЛИОН ТАРАЛЫММЕН БАСЫЛАТЫН ДЕТЕКТИВШІ ШЫҒАРМАСҚА?»

Соңғы кездері кенжелеу қалған деп саналатын осы детектив жанрында жазуға деген құлшыныс байқалады. Және оны жазатындар баяғыдан қаламы төселген жазушылар емес, негізінен сот, құқық қорғау саласындағы мамандар мен әдебиетке жаңадан келгендер. Қазақ детективін дамытамыз деп, осы олқылықтың орнын толтыру міндетін мойнына алып жүрген республикалық «Заң» медиа-корпорациясының жыл сайын ұйымдастырып отырған байқауының өзі осы жанрға қызығатындарға кәдімгідей серпіліс бергенін айта кетейік. Байқауға ұсынылған шығармалар «Заң» газетінде жарияланып, оқырмандардың түскен шығармалармен танысуына мүмкіндік жасалады. Бұл байқауды өткізу идеясы кімдікі, бұндай ой қашан келді, қалай жүзеге асты, демеушісі кім, осы туралы білмек болып «Заң» газетінің бас редакторы Айнұр Сембаеваға хабарласқан едік. 


Айнұр Сембаева, “Заң” газетінің бас редакторы:  

- Біздің байқаудың тарихы 2017 жылдан басталады. "Заң газетінің" 25 жылдық мерейтойын өткізу бойынша жұмыстар қызып жатқан кез еді. Басшымыз Досымбек Өтеғалиевке детектив шығармалар байқауын ұйымдастырсақ деген өтініш айттым. Ол кезде газетте "Үкім", "Тергеуші жазбалары", "Сот залынан" деген айдарлар тұрақты шығып тұратын. Таза детектив шығарма болмағанмен, бұл айдарлармен шыққан материалдарда шытырманның белгілері бар еді. Ал таза детектив жазып, осы жанрда қалам тербеп жүргендер тым аз болатын. Шетелдерде детектив жанры – ең танымал, ең көп табыс әкелетін әдебиеттің бір саласы ретінде мойындалған. Ресейде де таралымы ең көп кітаптардың көш басында детектив шығармалар тұрады. Ендеше, неге бізге Кемел Тоқаевтан кейін кенжелеп қалған жанрды жандандырмасқа? Неге қазақтың арасынан кітабы миллион таралыммен шығатын детективші шығармасқа? "Заңдықтардың" жобаны қолға алғандағы негізгі мақсаты осы еді. Біздің ұсынысымыздан кейін  Досымбек Қонысбекұлы жобаның қаржылық мәселесін шешуге кірісіп кетті. Шындығында бұл байқау – үлкен ізденістің жемісі. Жаңа істі бастамас бұрын жанрдың табиғатын түсіну үшін Жамбыл атындағы кітапханаға арнайы барып, Ғазиза Құдайбергеновадан бірталай кітапты құшақтай қайтқанымыз әлі есімізде. Одан кейін өзге елдердегі детектив байқаулардың табиғатына үңілдік. Жобаны зерттедік, тексердік. Ақыры 2018 жылдың наурызында байқау жарияланды. Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауын жұртшылық жылы қабылдады. Бірінші жыл ұйымдастырылғанына қарамастан қоржынымызға 72 шығарма түсті.  Осы жылдың 12 желтоқсанында Алматы қалалық сотында жүлдегерлерді марапаттадық. Сол кездегі сот төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов шараның жоғары деңгейде өтуіне барынша қолдау білдірді. Алғашқы байқауға төрелік еткен Сағымбай Қозыбаев, Аманхан Әлімұлы, Елеусіз Мұратұлы, Дәулет Байделдиновтер детектив жанрында жазылған шығармаларды  талдап, әдебиеттің дамуына үлес қосқан байқаудың болашағына сәттілік тіледі. Міне содан бері үзбей Кемел Тоқаев атындағы байқау бес жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Биыл төрт жылғы үздік шығармаларды жинақтап "Шытырман" деген кітап шығардық. Жобамыздың жылдан жылға танымал болып, детектив жанрының жандануына ықпал етіп келе жатқаны рас. Әр жыл сайын детектив шеберлері арасынан миллионер шығару біз үшін үлкен жетістік. Осының өзі жобамыздың діттеген межеге жақындай түскенін аңғартса керек.

«ШЫҒАРМАЛАР ЖЫЛДАН-ЖЫЛҒА КҮРДЕЛЕНІП КЕЛЕДІ»

Қазақ жазушылары көрінбейді демесең, жалпы алғанда, детектив жанры бүгінде  көпшілік оқырманның ықыласына бөленіп отырған жанр: адамның ойын бөліп, сергітетін, тіпті көңіл көтеретін қасиетінен бөлек, логиканы да дамыта түседі. Детективте қылмыскер әлдебір сиқырдың емес, логикалық ақыл-ойдың көмегімен табылуы тиіс. Ал оның бәрін жалғап отыратын бір шеңбер мен дәлелдерге негізделген анализ керек екені анық. Тіпті қылмыс жасаушы жалғыз емес, оның көмекшісі болған күннің өзінде де негізгі салмақ қылмыскердің өзіне түсуі тиіс және мұнда ұзақ-сонар баяндаулар, атмосфера беретін суреттемелер, мінездеулер болмайды (көркем әдебиеттегі жазушылардың детективті көркем дүниеге жатқызбайтындығының себебі содан болса керек). Енді не болар екен, енді қайтер екен? деп соңына дейін оқып келгенде ол қылмыс адамның өзіне қол жұмсауынан немесе бақытсыз жағдайдан болса ішің ашып кететіні бар, оған кеткен уақытыңды аяйсың. Айталық, біз Коллинзді не үшін жақсы көреміз? Онда автор кейіпкерін сыртынан бақылап,  бізбен бірге қызықтап отырып жазады. Сонымен бірге детектив шығармада «осының қылмысқа қатысы бар ау» деген яғни қылмысты жасауға қақы немесе себебі бар адамдар болатыны да қызықтырып, баурай түседі. Ал, шынында мұның бәрі оқырманды шатыстыру үшін керек. Сосын ол адам не үшін соған барды? дегенді ойлап жүргенің. 

 Жалпы бүгінгі детектив шығармалар жазып жүрген қаламгерлердің аяқ алысы қалай, даму бар ма? Бұл турасында республикалық Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар  байқауына түскен шығармаларды түгел оқып, қараған жазушы Серік Әбікенұлынан сұрадық.


Серік Әбікенұлы, жазушы:

- Қазақ әдебиетінде детектив жанры кенжелеп келе жатқаны баршаға аян. Неге олай екенін білмедім, әйтпесе әлем танитын Шерлок Холмсты біз де танимыз, Артур Конон Дойлдың "Шерлок Холмс жайлы әңгімелерін" тамсанып оқығанбыз. Ал, Кемел Тоқаевтың "Түнде атылған оқ", "Сарғабанда болған оқиғасын" оқыған, кейіпкерін білетін адам көп пе? Насихат кемшін еді.  Мәселен, 2000-жылдарда дүңгіршек біткенді украиналық Александра Марининаның кітаптары басып қалды. Кітап дүкенінде де осы көрініс еді. Том-том кітаптарды дорбалап көтеріп әкетіп жататын. Ресейлік, украиналық киногерлердің осы бағыттағы телесариалдары әлі күнге нарықта дес бермей тұр. Ал, АҚШ-та 1941 жылы Дэшил Хэметтің шығармасы желісінде  түсірілген "Мальта қаршығасы" кинокартинасы әлі күнге дейін Голливуд түсірген көрермені көп, үздік жүз фильмнің ортасында тұр.  Демек детективке сұраныс бар. "Заң" корпорациясы К.Тоқаев атындағы байқауды бастағалы 4-5 жылдың жүзі болды, түскен шығармаларды барынша қалдырмай оқуға тырысамын. Бір ғана байқау бір жанрдың осынша өрлеуіне себепкер болады деп ойламаппын.  Қазақ қаламгерлері жылдан-жылға өрлеп, шығармалары күрделеніп келеді. Әу баста бірсыдырғы баяндау басым еді, кімнің қылмыскер, қылмысты не үшін жасағанын алғашқы абзацтан кейін-ақ біліп отыратынсың.  Детектив шығарманың басты мақсаты оқырманды соңғы сөйлемге дейін арбап отыруында болса керек. Биылғы байқауда осы үдеден шыға білген шығарма көп болды. Бұл – зор жетістік. Сол әңгімелердің арасында оқиғаны барынша күрделі берген  "Қылмыскердің күлкісі", "Үтіктегі қан", "Жазба сыры" т.б. шығармалар бар. Қадыр Ғұмаровтың  "Қателесуге тыйым салынадысы" өте жақсы жазылған, оқиғасы тартымды шығарма  екен. Кейіпкері Артемды бүркей түсіп, оның сиқыр (гипноз) қолдануын ұштай түссе мистикалық детектив болып шыға келер еді. Белгілі ақын Елена Әбдіхалықованың "Қасіреті" де қоғамның сыздаған жарасы – діни радикализмнің кесірін ашық жеткізген дүние болыпты. Осынша шығарма арасынан көптің даусымен Асхат Өмірбаевтың "Қылмыскердің күлкісі" атты әңгімесі озды.  Асхат тек Жетісу емес, тұтас қазаққа танылып келе жатқан қаламгер, "Алтын қалам", "Дарабоз" секілді іргелі байқауларда топ жарған, жазуға төселген, қалыптасқан жазушы.  Жеңімпаздарға құтты болсын деймін!  Жазушылардың детектив жазуға тез машықтанып келе жатқанын айттым. Бұл тек байқауға қатыссам, жүлде алсам деген ниеттен тумаса керек. Қазіргі шығармалар бәрі бір сарынды,  оқиға – полиция – тергеуші – қылмыскер, яғни полициялық фабуламен өріліп жатыр. Ал, әдебиеттің бұл тармағы өркендеуі үшін бұның психологиялық детектив, тарихи детектив, жабық детектив, саяси детектив деген сан алуан түрі қатар дамуы керек. Саяси қылмыс бізде өте көп, оны жазушылық қиялмен көркемдей жеткізсе талай адам бас алмай оқитын туынды болары анық. Жалпы, қазіргі беталыс қуантады, болашақта қазақ қаламгерлері арасынан әлем сүйініп оқитын детектив-жазушы шығатынына кәміл сенемін.

ДЕТЕКТИВ ЖАНРЫМЕН БІРГЕ 

КРИМИНАЛИСТІК ҒЫЛЫМ ДА ДАМЫП ОТЫРҒАН 

Ия, жазушы ағамыз айтқандай беталыс жаман емес, осындай байқаулар талай детектив жазушысының жолын ашуы мүмкін.  Сөйтіп, күндердің күнінде Эдгар Поның шығармасындағыдай ұлы детективтің образы жасалады деп сенейік. Әрине, бұған уақыт керек. Және сондай «сегіз қырлы, бір сырлы» тергеуші не детектив-полицейдің образы жасалған кезде, біздің қоғам да жақсы жағына өзгеруі мүмкін ғой. 

Мысалы, Эдгар По шығармасын новелла деп атай отырып, қылмысты ашуда логикалық шешім жасайтын әдіс-тәсілдерін көрсетеді, сюжеттік әрекет пен бұрылыстар, өмірі кілттеніп тұратын бөлме ме, ашпайтын өтірік кілт бар ма, соның бәрін ойнатады. Оның осы тәсілдері Артур Конан Дойлге әсер еткен дейді. Кейін Шерлок Холмс пен Доктор Ватсонның орнына Раффлз және Банни деген екі алаяқтың образы дүниеге келді. Бұл образдарды әкелген Эрнест Уильям Хорнунг сол Конан Дойлдың өзінің күйеу баласы. Жалпы зерттей қараған көзбен назар аударсақ, детектив жанры дамыған сайын криминалистік ғылым да дамып отырған. Киімдегі қан дағы адамдыкі ме, аңдыкі ме, содан бастап айырып, келе-келе антропометрикалық белгілер, фотороботтар, саусақ ізі, детектор деген сияқты әдіс-тәсілдер де керегіп, олар туралы алғашқы идеялар жазушылардан шығып отырғанын да айта кетейік (Тағы да қайталап айтайық, өнерді жасайтын қиял). 

Бүгінде басқасын біле бермейміз, орыстарда бұл жанрда жазылған кітаптардың көптігі былай тұрсын, арнайы ғылыми жұмыстар жазыла бастаған. Ал бізде қалай? Біздің детектив деп жүргеніміз ағылшынның, француздың, корейдің детективіне ұқсамайды, бұл дұрыс та шығар, дегенмен, олардың көбі детектив талаптарына жауап бермейтін сияқты көрінеді: егер тергеуші жазса ол құрғақтау, қиялдан ада болады, тергеу амалдарына көп мән беретін сияқты, егер судья жазса оқиғаны ойнатып, ширатуға емес, жалпы процесске көңіл бөледі, егер жазушы адам жазса ол жартылай мистика немесе басқа бірдеңеге ұқсап көрінеді. 

Бұл бағытта не дейді екен деп  оқырманға «Банкирдің өлімі» «Махаббаттың ажалы», «Бет перде» атты детектив кітаптарымен таныс, санаулы детектив жазушыларының бірі Зияш Телеуованың пікірін білгіміз келді. 


Зияш Телеуова, жазушы: 

- Ия, мен әлеуметтік желіде жарияланған детектив жанрындағы шығармаларды оқып жүрмін. Көбісі құр баяндаумен шектеледі. Детектив – көркем әдеби шығарма. Мен шетелдік, еуропалық детективтерді көп оқыдым. Неге олардың оқырмандары көп? Себебі, олардың туындылары өмірдегі реализмге жақын. Оқырмандары детективті оқып отырып, өмірді көреді. Әрине, әдеби тіл де керек. Дегенмен қазіргі уақытта тек қана әдеби тілмен ұзаққа шаба алмайтынымыз білініп қалып тұр. Детективтің ерекшелігі – оған әлемдік деңгейде ізденіс, терең білім керек. Сонымен қатар, өкінішке қарай, әлі де  өреміз жетпей отырған терең психологиялық толғаныс қажет. Меніңше, бұл жанрда бәрін де тізгінді тартып қолдану керек. Барлық детальдарды уысқа қысып ұстап, суыртпақтап шығарып отырмасаң, оқырманды жалықтырады. Мистикалық толғаныстар көбінесе  детектив жанрында қолданылмайды. Стивен Кингтің үрей шақыратын шығармаларындағы мистика қорқыту құралы ғой. Мен мистика қолдануды ұнатпаймын. Детектив онсыз да  сондай көріністерден  құр алақан емес. Детектив жазудың қиындығы оның стилі, тілі басқа. Біздің көптеген талапкерлеріміз, тіпті детектив жазып жүрген тәжірибелі қаламгерлер әдеби тілге түсіп кетіп, содан шыға алмай қалады. Сосын ол көркем шығарма мен хикаяттың арасында қалып қояды. Детективті нақты деректермен толықтырып отыру да тиімді әдіс. Бұл үлкен ізденісті қажет етеді. Жуырда "Дәуір"баспасынан "Бет перде"деген детектив кітабым шығып жатыр. Осы кітап көптеген сауалдарға жауап берді деп ойлаймын.

***

Ия, жұмбақ-детектив, тарихи детектив, әлеуметтік детектив, полиция детективі, реалистік детектив, натуралистік детектив, әдеби детектив, айлакерлікке толы немесе басы аяғына ауысып кеткен, «ми ашытатын» детектив дейсіз бе... жалпы детектив не үшін керек, ол бүгінгі адамның ақыл-ойына нәр бере ме, шаршағанды баса ма, болмаса миды жұмыс істеуге мәжбүрлеп, өз бетінше қылмыскерді тапқанынан ләззат алу үшін  керек пе? Бұны тап басып айту қиын. Қалай десек те, детективтің дегеніміз құпияның төресі. Аса шебер жазылған шығармаларда оқырман қиялына кеңістік қалады, құпияны өз бетінше ашуға мүмкіндік беріледі. Детектив деген терминнің өзін детективтің анасы саналатын Анна Кэтрин Грин (біз Агата Кристиді детективтің анасы деп жүрміз) енгізген. Оның «Ливенуорт ісі» деген шығармасы бас айналдырар табысқа ие болған. Ол өзі юристің қызы болған, тергеу процедураларын бес саусағындай білген, ал қорқынышты құпиялар мен адам шошитын қылмыстар оның қиялының жемісі. Кейде ешқандай қылмыс жасалмаса да готикалық лепте жазылатын шығармалар да детектив аталады. Ал классикалық детективтің ерекшелігі – мораль, құндылықты биікке көтеруде, әділдік орнап, қылмыскердің түбінде ұсталуы маңызды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар