Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Қазақ поэзиясының құс қанатты құбылысы...

26.05.2023 2027

Қазақ поэзиясының құс қанатты құбылысы 14+

Қазақ поэзиясының құс қанатты құбылысы - adebiportal.kz

Әрбір жақсы шығармадан көңілге сәуле іздейтін, қуаныш тауып, күш-қуат алатын, әрбір көркем әңгімемен, әрбір өлеңмен бірге жасап, өмірін ұзартып, жан рахатын табатын көпшілік оқырманның біріміз. Ес біліп, етек жапқалы бері кітап жастанып келеміз. Бас жағымызда бірер кітап тұрмаса ұйықтай алмайтын әдетіміз бар. Көңіл орта тартып, жан жабырқағанда кез келген бетін ашып жіберіп, сананы сілкінтіп, сезімді серпілтіп алатын сол құдіреті күшті кітап атаулының қатары қанша рет жаңарды десеңізші. Дегенмен ширек ғасырдан астам уақыттан бері тапжылмай бас жағымызда тұрған, әлі күнге қолымыздан түспей, ауыспай келе жатқан бір киіз кітап бар, ол – кең шалқар қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушановтың 1994 жылы баспадан шыққан таңдамалысы, «Қара бауыр қасқалдақ» кітабы.

Есенғали Раушанов! Жүріс-тұрысы нартайлақ сияқты болғанмен, бойында көш бастайтын көсем түйенің мінезі бар. Шаңырақ артсаң – шақпайтын, кебеже артсаң – сындырмайтын, тең артсаң – түсірмейтін, алтын артсаң да ауырсынбайтын қазақтың нағыз атанжілік ақыны (Ә.Кекілбайұлы). Қадыр қаған Мырза Әлінің өзі «Қазақ поэзиясының классигi» деп мойындаған, «шығармаларының қай-қайсысы да қазақ поэзиясының шын мәнiндегi алтын қазынасы» деп баға берген «Есенғали Раушанов шығармашылығы – ғасырлар тоғысындағы қазақ әдебиетiнiң аса қызғылықты құбылысы. Шығыстың классик шайырларындай әр шумақтың сазды сурет құруын, әр өлеңнiң өзiнен өзi жырлап тұруын қамдайтын, әр теңеудiң, әр бейнелеудiң дәл, орынды шығуын, өлеңнiң тiлi де, пiшiнi де, уәзiнi де сондағы ойға, сезiмге сай келуiн қатты құнттайтын қаламгердiң өлең алдындағы жауапкершiлiгi жанкештiлiкпен барабар» (С.Абдрахманов).

Е.Раушанов пышақтың қырындай жұқа, пішімі алақандай ғана шағын «Бастау» тұңғыш өлеңдер жинағымен-ақ қазақ әдебиетіне, киелі поэзия әлеміне қалыптасып үлгерген, сезімі тұнық, ойы орнықты, сөзі салмақты бір дарынның келгенін паш еткен еді. Жинақта бас құраған тұма бұлақтай мөлдір, жүрек пернесін шерткен шынайы жырлар бірден баурап әкетеді, жеңіл, әсерлі оқылады.

Бұлттарды омырауға алып,

Найзағай дүркіретеді.

Шеңгелдер коңырау қағып,

Жас жауын бүркіп өтеді.

 

Қолатты керіп кеткенде

Қош иісі жусанды қырдың.

Бала – гүл өріп бөктерге,

Кең төсі бусанды құмның.

 

Заңымен ойшыл даланың

Жол-жолды жалғастырады.

Жабуын Ойсыл қараның,

Жазы кеп алмастырады.

 

Көк шалғын өседі ғажап,

Әуезге ұйып бар маңай.

Қыстаудан көшеді қазақ –

Көш жолы тұйықталмағай…

Қандай керемет сурет! Өлең үлгісі, ырғағы қандай ұтымды болса, тілі де сондай тұщымды, ұтқыр. Мұндай жылы шуақты шумақтарды жинақтың кез келген өлеңінен, кез келген тұсынан алып, батыл көшіре беруге болады. Кішкентай ғана кітапша баз бір жазармандар қанша жырласа да таба алмайтын тың теңеу, тосын тіркестер, ой-образдарға толы, тұнып тұр. Осының өзі ақынның жас дарындардың бәріне тән болып келетін еліктеу-солықтауға соншалықты ұрынбай, бірден өзіндік бет-бейнесін тауып, танытып, төрт аяғын тең басқан, тынысы кең өлеңдер жарата алғанын көрсетеді. Табиғи болмыс-бітіміне көркем сөздің күш-қуаты мол дарыған ақынның образды ойлау жүйесі ешкімге ұқсамайды, мүлде бөлек. Тек өзіне ғана тән ою-өрнектермен сұлу да сүйкімді жырларды бірінен соң бірін сәнімен түзе береді.

Сезімімді төгейін, сел ғып бөлек,

Тізгінімді тарта ұста, кергітпе көп.

Көкмойнақ жыр – ұмтылған көкжиегім,

Көкмойнаққа қора емес, кеңдік керек.

 

Өмір – тартыс, серпіліс-толқыныс көп,

Толқыныста көп толқын олқы түспек.

Кейде маған аспани шеңбердегі,

Жұлдыздар да кетеді қорқыныш боп.

 

Қорқыныштар қарайды түніменен,

Тау көшеді, кеудемде сынып емен.

Ғұмырнамам жазылып жатыр менің,

Жыр дейтұғын бір құстың тіліменен…

Жинақтағы «Қаракөк айғыр туралы баллада», «Жігіт пен үміт», «Қарабура» баллада, толғаулары ақынның кең тынысты, эпикалық туындыларды да ерте бастан еркін игергенін аңдатады. Ақынның алғашқы еңбек жолын туған елімізден тыс, шалғайдағы қарақалпақ елінде бастап, ақындар астанасы – Алматыға сақа тартқан шағында келуінің өзі үлкен рухани оқиға ретінде қабылданғаны белгілі (С.Ақсұңқарұлы. «Есенғалидың Алматыға келуі»; С.Нұржан. «Елден келді Есенғали»).

Көрсе де ауыр күнді, қиын жылды,

Саудаға салмай өсті сүйіп жырды.

Өмірде кейін жүрді ол осылай,

Өмірде ол осылай биік жүрді.

 

Сол ақын, беу, Алматы, келдi саған,

Ол бүгiн кереметтей сенгiш адам.

Өмiрдi үйретiңдер оған ендi,

Өмiрдi үйренiңдер ендi содан.

Қашаннан қазыналы, дүлдүл дарындарға онсыз да бай қазақ поэзиясына, міне, осындай ерен екпінмен енген Е.Раушановтың ақындық стихиясы, өзі де аса қуатты ақын достарының бірі жазғандай, қатарластарының бәрінен жойқын болды. Бірден-ақ ақ маңдайы жарқырап, қатарластарынан қара үзіп шықты. Әрбір кітабы тұрмақ, жарияланған әрбір өлеңі, топтамасы қазақ поэзиясының жаңалығы, үздік үлгісі болып танылды. Әлі күнге көп айтылатын, ақын шығармашылығы дегенде алдымен ауызға ілігетін «Мұратберген оқудан құлап келді...», «Осы ауылдың шофері», «Кенбай ұста», «Моторшы Мұхи», «Жылқышы Тәліп», «Қайықшы Дәуімшар», «Өзбек әні»,  т.с.с. тамаша, тағдырлы жырлары топтастырылған «Келінтөбе» жинағы жарыққа шыққанда, 1984 жылы Есенғали ақын бар-жоғы «Ай-хой, 25!-тен» енді ғана асқан жаста екен!  Осының өзі ақынның айрықша қарым, талабы бір бөлек, әдебиет әлеміне өз мүмкіндігінің үддесінен шығуы үшін арғы-бергі озық нұсқаларды түгесе оқып, терең зерделей білген, таным өрісі кең, тұлпар текті тұлғаның келгенінің айқын дәлелі еді. Одан кейінгі, «Қара бауыр қасқалдақ» таңдамалысына дейінгі «Шолпан жұлдыз туғанша», «Ғайша бибі» кітаптары да шырайлы, шұғылалы өлең-жырларға, толғауларға толы. Бір ғана, экспромт түрінде жазылған «Бейнеуді көргендегі ой» өлеңіндегі мына шумақтарға назар аударалықшы:

Тізілген ісек қой деп жонды ұғасың,

Үзілген ішек қой деп жолды ұғасың –

Аты озған қазақтың бір қызба шалы

Тартқанда есерленіп домбырасын.

 

Тұмсығы секілденіп лашынның,

Имиіп бітісін-ай, мына асудың.

Соқпақтар – саумалаған арқаны екен

Құбырмен белін буған құба шыңның.

 

Құбырмен белін буған құба шыңға,

Осы айтқан дұрыс па екен, расында?! 

... Асығып келешекке ұласуға

Шыңылдап бағаналар қыр асуда.

Қандай бейнелі сурет, не деген құйылып түскен өлең жолдары десеңізші?!.

Әр ақынның дарынын даралап, болмыс-бітімін, бет-бейнесін танытып тұратын өзіндік әлемі болатыны белгілі. Есенғали поэзиясы адамшылық абзалдыққа, санаға салмақ түсірер, сартап болған сағынышқа, таңғы шықтай  мөлдір мұңға, аяулы, аңсат сезімдерге, «жанға да, жүрекке де нұр құятын» мейірім, шапағатқа толы. Мұндай толғаныс, тебіреніс ештеңеге енжар қарай алмайтын, дүниедегі барлық құбылыстан адалдық пен жарасым іздейтін, оны таппаған жағдайда қарадай қапылып, «күңгір-күңгір күмбездер» тілінде, күңіреніп сөйлеп кететін ерекше сұңғыла сезім иелеріне ғана тән болса керек. Оның өлеңдері – жақсылыққа деген зор сенімнің, сұлулыққа, тазалыққа деген іңкәр жүректің, адамдар арасындағы қиямет-қайым қарым-қатынастардың, ізгілік пен әділдік жолындағы күресте жан алып, жан беруге дайын мәрт, жомарт мінездің айнасы, көрінісі. Ақынның көркем кейіпкерлері де шетінен риясыз ақ адал пейілдің, қажыр-қайрат пен бұла күш-жігердің иелері. Мұратберген, Қанағат, Мұхи, Көркембай, Төребектердің қай-қайсысы да, күнбе-күн қатарымызда жүрген, өздерінің қарапайым, тақуа тірліктерімен-ақ бізге дүниенің ақ-қарасын, жақсы-жаманын, обал-сауабын ажырата білуге септесіп тұрған, тылсым тағдырлы бейнелер. Бір ғана «Адам» өлеңін алайықшы?!. Төркінінен жүкті болып келген жарынан туған баланың шетінеп кеткеніне қайғырып, қамырыққан Көркембай ақсақ бейнесі қандай аянышты, аяулы?!. Жалпы, ақынның нақтылы аты аталатын кейіпкерлері тұрмақ, жай, қатардағы өлең-жырларының бәрі бейнелі, қозғалысты, ішкі иірімдері ширығып тұрған шымыр дүниелер.

Е.Раушановтың қазіргі қазақ поэзиясын жаңа бір биікке көтеріп, жаңаша түлетіп, өзіндік мектеп қалыптастырған ақындардың бірегейі екендігі бүгінде толассыз шындық. Есенғали поэзиясы – үлкенді-кішілі ақын, сыншылардың барлығы алдақашан қол қойып мойындаған, артық-кемі жоқ, классикалық поэзия. Ақын шығармашылығынан мынау қалай дейтін өлең, шумақ тұрмақ, жекелеген сөз, сөз тіркесін де таба алмайсыз. Мазмұн мен мақам, сөз бен сезім, болмыс пен бояу, әуен мен әуез берік қабысып, жарасым тауып, тұтас бірлік құрап тұрады. Қым-қуыт қоғамдық құбылыстардан, талайлы тағдырлардан, адам мен табиғаттың тылсым үйлесімінен тамыр тартатын сәулелі өлең-жырлар санаға салмақ артады, сезімге от құяды, дәтке қуат береді. Ойы ұшқыр, сөзі кемел, сезімі терең. 

Ақын шығармаларында көркем әдебиеттің метафора, эпитет, теңең, егіздеу, кейіптеу сияқты өтімді амал-тәсілдері молынан ұшырасады. Әсіресе, кейіптеу тәсілімен сомдалған өлеңдері көп. Автор айтар ойын астарлап, басқа бір бейнелеуіш құралдардың көмегімен жеткізуге бейім. Мәселен, арманда кеткен ағасын еске алып жазған жыры мен дауасыз дертке дес беріп, мезгілсіз мерт болған аяулы қарындасын жоқтап жазған өлеңін саралап көрелікші. Басқа бір ақын болса ағасының асыл қасиеті мен қарындасының көркем мінезін тәптіштеп, түгендеп отырып алар еді. Есенғали ақын өзінің жан күйзелісін жеткізу үшін «ағасы өлген күні ұрып сындырған» домбыра мен кешіккен көктемді көркемдік әдіс ретінде қолданады. 

Мен өлер ем сол сағыныш құрғырдан,

Өлмейді адам, майысқанмен зіл-мұңнан.

Домбырамды қайта құрап алсам ба,

Сен өлген күн өзім ұрып сындырған.

Домбыраның жазығы не? – дейді.

 

Соңғы күні төңірегін жай барлап,

«Қашан?» деді маған қарап қайран қап.

... Келіп тұрсың түк білмеген болып сен,

Бəрі біткен кезде, міне, жайраңдап.

Мен сені жек көремін, көктем, – дейді. 

Осы өлең шумақтары-ақ тірліктің баянсыздығын, бірге туған бауырға деген сағынышты, өзекті өртеген өкінішті білдіріп тұр емес пе?!. Бұдан артық қандай сөз керек?! Мұндай бейнелілік, астарлы ой, кейіптеу ақын өлеңдерінің көпшілігіне, тіпті баршасына тән. 

Не жазса да мың ойланып, жүз толғанып, мұрат тұтқан шығармасын сана сарабынан, көңіл сүзгісінен өткізіп барып қолына қалам алатын сарабдал ақын алғашқы «Біз Гагарин қаласынанбыз», «Бәрдәулет пен Жоламан» поэмаларынан соң «Сарыөзен», «Ғайша бибі» поэмаларын дүниеге әкелді. Алғашқы екі поэмасы да жыр жарыстарынан жүлде алғаны белгілі. Дегенмен соңғы екі поэма ақынның эпикалық кең ауқымын молынан танытқан, тынысы кең, тамыры терең, өресі биік, идеясы ардақты, көтерген жүгі салмақты, өткен тарихтың ащы ақиқатын бүгінгінің керек тағылымдарымен берік сабақтастыра білген кесек дастандар болып танылды. Әсіресе, сөз саптауы, ой толғауы былай тұрмақ, пішім-порымы да мүлде бөлек «Ғайша бибі» поэмасы өзінің композициялық және архитектоникалық құрылымы тұрғысынан да, көне күрмеулер мен жаңа сарындардың ұласа үндесулері тұрғысынан да, қарама-қайшылыққа толы кейіпкерлердің болмыс-бітімін боямасыз, үлкен шеберлікпен көрсете білу тұрғысынан да, ой қорыту, тақырыпты тиянақтау тұрғысынан да, айтары жоқ, шоқтығы биік шығарма. Бұл поэма – тек ақынның ғана емес, жалпы қазақ әдебиетінің зор табысы!

... Біз дағы сол халықтың біріміз деп,

Күпіндік мақтан тұтар іріні іздеп.

Кең жаһан – 

кемел тарих соқпағы, әне,

Бір шалға тіреледі түбіміз кеп.

 

Аулақпыз атасы арзан болжамдардан, 

Жұртында әр ғасырдың олжаң қалған. 

Жамиғат, 

Біздің тарих – алтын шынжыр, 

Әр жерден жиі үзіліп, 

көп жалғанған!..

Сөз арасында айта кеткен жөн, осы, поэманың соңында айтылатын «Біздің тарих – алтын шынжыр, әр жерден жиі үзіліп, көп жалғанған» тіркесі ақынның «Иіріп кеп соққаның жауың емес, маңайың. Қолыңдағы шоқпарың кімдікі өзі, ағайын!..», «Қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды», «Қыздардан ақын шықпайды, биші не күйші болмаса», т.с.с. мәтелге айналып кеткен, сан тарау жыр жолдарының қатарында, қалың қатпарлы, «...оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы» (Қ.Мырзалиев) қарт тарихымызға қатысты көп қолданылады.

Ақын поэмалары жөніндегі пікірімізді Е.Раушановтың қаламдас серігі, белгілі ақын Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғайдың мына бір сөзімен түйіндегіміз келеді: «Ұлттық үрдіске қайтадан бетімізді бұрған оның таңғажайып дастандары көркемдігі және көтерген проблемалардың ауқымдығы, мәңгілігі, көкейкестілігі жағынан әлем ақындарының алтын қорға лайық жыр жауһарларымен шоқтық таластырып, бір сапта тұр деп айта аламыз».

Бір ғажабы, алды он-он бес том өлең-дастандар жазып қалдырған арғы-бергі ақын-жыршыларымызбен салыстырғанда Есенғали ақын өлеңді мүлде аз жазған ақын. Бар өлең-толғаулары, поэмаларымен қосқанда, толық екі томды әзер құрайды. Мұның өзі ақынның киелі поэзияға аса ұқыптылықпен, барынша жауапкершілікпен қарағанын білдіреді. Өзіне қатал талап қойып, әрбір өлең, шумақ тұрмақ, әрбір сөздің орнында тұрмағын қатаң қадағалайтын қапысыз суреткер ретінде аз болса да саз жазуды, әрбір шығарма санада әбден пісіп-толған соң, жазбауға мүмкін болмай қалған жағдайда ғана қолына қалам алуды қаламгерлік қағидаға айналдырғаны анық байқалады. Адамзат атаулыны ежелден толғантып келе жатқан адалдық пен аярлықтың, махаббат пен зұлымдықтың, ізгілік пен жауыздықтың, қайырымдылық пен озбырлықтың, қыл қысқасы, баршаға ортақ жақсы-жаман, қуаныш-қайғының мағұрып пен машырықтай кері ағар аралығын, мәңгі бітіспес майдан алабын еркін шарлап, бәрі-бәрін – адами ой-толғамдар мен парасат-пайымды санасына молынан сыйдырып, олардың барлығына қазақтың қара өлеңінің барша қадір-қасиеті, бояу, машығын молынан сіңіріп, ұлттық ой-сананың бүгінгі айғақ көрінісіндей етіп оқырманға ұсына білу тек Есенғали ақынның өзіне ғана тән қолтаңба. Сол себепті де оның шығармашылығын көлемімен емес, сапасымен өлшеген жөн. Ақынның екі томды түзген ғажайып өлең-жырлары баз біреулердің жиырма томдық жыр-дастандарынан әлдеқайда салмақты, әлдеқайда құнды, әлдеқайда ғұмырлы!

Аз жазған дегеннен шығады, сөз ләмінде айтылған «Қара бауыр қасқалдақ» кітабынан соңғы жыр жинағы «Амал деген айыңыз...» арада ширек ғасырға жуық уақыт өткенде ғана жария көрген екен. Бұл аралықтағы «Періштелер мен құстар», «Бозаңға біткен бозжусан» кітаптары негізінен сол бұрынғы, «Қасқалдақтағы» өлең-толғаулардан түзілген. Ал «Амал деген айыңыз...» жинағына соңғы жиырма жыл көлемінде мерзімді басылымдарда жарық көрген белгілі өлең-жырлары топтастырылған. Онда да 60 жылдығына орай, ақынның жанашыр іні-қарындастарының бас-көз болуы, құрастыруымен жарыққа шықты. Тағы да айтпай кете алмаймыз, білдей бір баспа директорының сағындырып күттірген кітабының анадай сапамен, соншалықты қатемен шығуы да Ақынның кесек, қызық болмыс-бітімінен хабар беріп тұрғандай.

Өлең-жырды аз жазды дегенмен Е.Раушанов әдебиеттің басқа барлық жанрларында еркін қалам тербеді. «Нұрдан жаралған» романынан бастап, «Көктем еді...», «Айғырға ода» хикаяттарын, бірнеше көркем, деректі әңгімелер жазып тастады. Драма саласында «Нұх пайғамбардың кемесі», «Капподокия ертегісі», «O, tempora! O, mores! немесе Цицеронның айыбы», «Құнанбай мен Абай» драмаларын жазды. Олардың бірқатары еліміздің театрларында сәтімен сахналанды. Осы тұрғыда аударма саласына да барып, Джузеппе Вердидің «Аида», Уильям Шекспирдің «Гамлет» драмаларын еркін аударма жасады. Таңсық тақырыбы – «Құстар – біздің досымыз» қандай, одан қалды «Жыл он екі ай» сериясымен жазған танымдық мақалалары қандай?! 

Сатпаған құстар ғана,

Əсіресе, бозторғай ұшқан дара.

Менің ессіздіктерімді қайталауды

Тілемеймін дос түгіл, дұшпанға да.

 

... Бізде нендей алысқа самғар күш бар,

Бəрі өтпелі – арзу, ой, арман құштар.

Қалатыны түк те емес – бір құлпытас,

Қонып ұшар қанаты талған құстар, – 

деп жырлаған ақынның өлең-толғауларындағы құстар тақырыбы бір бөлек әңгіме. Сол тұрғыда қанатты құс біткеннің терең табиғатын қара сөзбен пайымдаған «Құстар – біздің досымыз» кітабын «Қара бауыр қасқалдақ», «Періштелер мен құстар» атты жыр кітаптарының заңды жалғасы десе де болғандай. Бірнеше рет, тіпті жақын шетел тілдеріне аударылып басылған бұл танымдық, тағылымды кітап кезінде бір ауыздан ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізді байытқан құтты ырыс, құнды қазына, тың жаңалық деп бағаланғаны белгілі.

Сондай-ақ қазақ руханиятының, қазақ әдебиетінің қарқаралары, аға буын өкілдерінің, сондай-ақ алыс-жақын шетел әдебиеті мен мәдениетінің классиктерінің өмірі мен шығармашылығына арналған естелік-эсселері де мерзімді басылымдарда үзбей жарияланып тұрды. Тәуелсіздікпен тыныс тартқан егемен еліміз өміріндегі әрбір өзгеріс, жаңалыққа да сергек қарап, қоғам өмірінде қордаланған, күлбілтелі тақырыптарға қатысты өз көзқарасын батыл, ашық білдіріп отырды. Оған әр кезеңде жазылған «Ауылға кетсек пе, әлде эмиграцияға ма?», «Айтпаса сөздің атасы өледі...», «Мүйіздің Мырзашөлде сырқырауы», «Қазақстаннан басқа Отан жоқ», «Керек емес кезде айтылған керек емес әңгіме», т.б. жазбалары дәлел. Осының бәріне ақынның жиырма жылдан астам уақыт еліміздегі байырғы баспалардың біріне директор болған бейнетті қызметін қосыңыз. Айтылғандардан шығатын қорытынды – ақын қай кезде де қоғам өмірінің қайнаған ортасында жүрді, қай кезде де қаламын суытқан жоқ. Үнемі әрекет, ізденіс, жазу үстінде болды. Ұлт жоқшысы, әлеуметшіл ақын ретінде бәрі-бәрін көңіл таразысынан өткізіп, жүрек күшімен жеріне жеткізе айтты, жазды, жырлады. 

Классик қай қиырға салсаң да классик! Е.Раушановтың проза, драма саласындағы шығармалары да, естелік-эсселері де автордың зият білімділігін, алған тақырыбын жан-жақты зерттеп, кеңінен ойлап, терең толғайтын алымды талантын танытады. Ақын өзіне етене қазақ әдебиетінің ғана емес, халықтың тұмса тарихының, мәдениетінің де аса үлкен білгірі. Қазақтың көркем сөзі мен өнерінің қабырғалы қайраткерлері туралы жазбаларында ол бұрын-соңды белгілі жай-жапсарларды қайталамай, үлгілерді шиырламай, тыңнан түрен тартады, орнықты ой қозғайды, соны сөз айтады. Әрбір мақаласы шеберлік мектебі сияқты оқылады. Тіпті әредік мерзімді басылымдарға беріп тұратын сұхбаттарының өзі тың мәліметтерге, өзіндік ой-толғамдарға толы болып келеді. Қазіргі қазақ қоғамы мен мен ұлттық әдебиеттің ахуалы, әдеби үдеріс, жекелеген ақын-жазушылардың шығармашылығы туралы айтқандары қандай?! Ойыңа ой қосады, танымыңды байытады, өрісіңді кеңейтеді.

Ақынның бар жазған-сызғандарын мүмкіндігінше үзбей қадағалап, сүйсініп оқып жүретін жанкүйер ретінде, автордың өз жазғандарына салдыр-салақ қарайтынын, «жоғалтқаны көп» екенін жақсы білетін біз, қайсыбір жылы жалынды күндерімнің, жастық жылдарымның нәзік жыршысы, бүгінгі алапат ақын, Е.Раушанов шығармашылығын тыңғылықты зерттеп, «Көркемдік өріс» атты толымды монография жазып жариялаған ғибратты ғалым, ғылым докторы Жанат (Әскербекқызы) досымды араға салып, әр жылдарғы естелік-эсселерінің басын біріктіріп, кітап құрастыруға ниет білдірген едік. Есағаң бұл талабымызды қуана қабыл алды. Басталған баталы іске ақынның тағы бір рухани бауыры, сырлас-мұңдас інісі, Алаштың Айт-Ман ақыны Светқали Нұржан ат қосылып, бас-көз боп, еселеп екпін берді. Жинаққа ақынның бүкіл өмірі мен шығармашылығын көктей шолып, кеңінен талдаған тамаша алғысөз жазды. Жиналған, жүйеленген еңбекті Есағаңның өзі қарап шығып, бұрнағы бір жазбаларына болмашы өзгерістер енгізді. Құрастырушылар кітаптың атауына естеліктерінен алып екі ат ұсынған едік: «Жаздың жұпар жаңбыры», «Адалдықты аңсау». Автор алғашқысын таңдады.

Дегенмен бас-аяғы бүтінделіп, қатталып-шотталып тұрған кітаптың жарық көруі кешеуілдей берді. Ол екі ортада жер-жаһанды адамзат баласы бұрын-соңды көрмеген алапат эпидемия жайлап, от басы, ошақ басына қамалып қалдық. Ақырында тәжді тажал деп айдар тағылған жымысқы дерт көлденеңнен килігіп, есіл ер Есағаңды да арамыздан мезгілсіз алып кетті. Иманы кәміл болсын! Ардақты ақынмен бірге әлі де талайларды тамсандырар жауһар жырлар кетті, абадан кітаптар кетті. Өкінішті!..

Ақынның қайғылы қазасынан соң «Жаздың жұпар жаңбыры» қауырт қолға алынып, есті-басты азаматтардың алқауымен, демеушілігімен құдайы қырқына дейін кітап боп шықты. Жүйеленуі, түзілуі, пішімі, қатталуына дейін айрықша, әсем безендірілген жинақ бірден көпшіліктің көңілін баурады. «Қанша жыл баспа директоры болып жүріп, өзі де бір кітабын мұндай сапалы, ұсынықты етіп шығара алған емес» деп Светқали аға айтқандай, барша қауым жылы ықыласпен қабылдады. 

Одан соң ақынның жүз күндігіне орай, Е.Раушановтың өмірі мен шығармашылығы жайлы әр жылдары жазылған рецензиялар, мақалалар, өлең-толғаулар, сондай-ақ ақын дүниеден озған кезде мерзімді басылымдарда, әлеуметтік желілерде көптеп жарық көрген қазанама, қоштасу сөз, аза жырлар топтастырылған «Есенғали» атты кітап құрастырып, бастырып шығардық. Аталған екі кітап та бұл күндері сұранысқа ие, көпшілік қолды дүниелер. 

Мен өзім ақынды жүзбе жүз екі-ақ рет көрген екенмін. Алғашында, Қарағанды мемлекеттік университетінің үшінші курсында оқып жүрген кезіміз. Елімізде Қырғызстан әдебиетінің онкүндігі өтті. Бауырлас ақын-жазушылар жер-жерлерге шығып, оқырмандармен кездесулер көптеп ұйымдастырылды. Құрамында атақты «Сынған қылыш» романының авторы Төлеген Қасымбеков, қазаққа күйеу болып келетін ақын Сооронбай Жусуев, тағы басқалар бар делегацияны Қарағанды облысына сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы Әбіш Кекілбаев бастап келді. Жанында Есенғали Раушанов бар. Есағаң Қарағанды университетіндегі кездесуде «Бақыт құшағында» өлеңін, ертеңінде «Ой өрісі» кітап дүкенінде өткен кездесуде «қырғыздар үшін Шыңғыс Айтматов қандай қадірлі болса, қазақтар үшін Олжас Сүлейменов те сондай құрметті» деп алып, «Мен сол кезде-ақ иттерді жек көретім» деп басталатын өлеңін оқыды. Ақын-жазушылардың қолтаңба беру сәтінде жанына жақындап, алақандай «Бастау» кітабын ұсындым. Кімге жазу керегін сұрағанда кідіріп, күмілжіп барып, бір бойжеткеннің атын атаған едім, мұрнының астынан жылы жымиды да: «Ә, қу бала, сырың белгілі болды!» деп, келістіріп қолтаңба жазып берді.

Екінші рет ХХІ ғасырдың бас шамасында, дәлірек айтқанда 2003 жылы Қарағанды «Болашақ» институтында қызмет етіп жүріп, Алматы қаласында, «Атакент-Экспо» көрме орталығында өткен бір халықаралық кітап көрмесіне бара қалдық. Бір қарасам, есік алдында Есенғали аға ақын досы Байбота Қошым-Ноғаймен әңгімелесіп тұр! Жүгіріп барып сәлем беріп, өз кітабы жоқ, әлгінде ғана сатып алған Ж.Жұматаевтың «Ләйлә» кітабына қолтаңба жазып беруін өтіндім. Бұл жолы да өз атыма емес, балама жаздырдым. «Жарасқан балама! Жарасқан ақындай мықты бол, ең бастысы – аман бол!» деп жазылған кітапты ақын қолының табы бар қымбат жәдігер ретінде әлі күнге аялап ұстап келемін.

Ақынды үшінші рет көрудің де реті болып еді. 2018 жылдың күзінде Қарағанды қаласында бір поэзия кеші ұйымдастырылды. Қапталдас отыратын жігіт ағасы соның хабарын айтып, барып, өлең тыңдап қайтсақ қалай дегенде, кежегем кейін тартып, қатардағы жоспарлы шаралардың бірі шығар деп, қалып қойып ем. Сөйтсем, әділқазылар құрамында Абзал Бөкен, Қалқаман Сарин сияқты ақындармен қатар Есенғали аға да болыпты. Кейін естіп, қатты өкінгенім. Шараның басы-қасында жүрген жігіттерге: «Ойбай-ау, «Қарағандыға қазақ поэзиясының жалғыз классигі Есенғали Раушанов келіп жатыр!» деп жаһанға жар салмайсыңдар ма?!.» деп реніш те білдірдім.

Ақынның Тәкен Әлімқұлов, Сырбай Мәуленов, Қуандық Шаңғытбаев, Ғафу Қайырбеков, Тоқаш Бердияров, Тұманбай Молдағалиев, т.б сынды айдынды ақын-жазушы ағалары, тұрғыластары жайындағы жазбалары ішінде, Мұратберген, Көркембай, Қанағат, Мұхи, Төребек сияқты, алды аңызға, фольклорға айналып кеткен әдеби геройларының санатында қияметтік досы, ақын Аманхан Әлім образының жөні де, жосығы да бөлек («Н.Рубцов болам дейді Аманхан, сонда біздің Тоқашымыз кім болмақ?!.», «Таң атса екен тезірек, Аманханды тауып алсам сәріден. О байғұс та дәл өзімдей мезі боп, қажып жүр-ау бәрінен», т.с.с.).

Алдыңғы жылы досы мезгілсіз қайтыс болғанда: «Абай айтады: «Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда. Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда. Мұнан менің қай жерім аяулы деп, Бірге тұрып қалады кім майданда?» деп. Қай майданға да бірге баруға тұратын жігіт еді... Абайдың әлгі шумағындағы бірінші тармақтың салмағы ерек боп тұр, әсіресе, соңғы жиырма, отыз жыл бойында. Қазақтың ахлақ әдебі, иман ұяты өзгерді. Үстем таптың сіз бен бізді жетелеп әкеп жеткізген жері осы боп тұр. Қаншалықты ұсақталып, қаншалықты қор болып, қаншалықты лас, жиркенішті жылдарды бастан кешіргенімізді біз сатқын емес достар кеткенде ғана анық сезінеміз», – деп жазған еді.

Соңғы жазған, досының асқақ рухын арулаған өлеңдерінің бірінде:

Көнбестен кермесіне ол кетті ортаның, 

Барған күн дара шығып көптен қалың,

«Сен неге әділетсізсің?» деп Құдайды

Жағадан алды-ау бірден деп қорқамын. 

 

О дүние бір ғажап үй алып та асқақ, 

Қайран дос жырмен жұртты жарып бастап,

Жоқ, әлде отыр ма екен басын ұстап, 

Жұмақтың терезесін шағып тастап. 

 

Бұл дүние жардан секір, ордан атта,

Ол неге жалғыз отыр тор қамақта?!

Сол жаққа кетсем бе екен, жетсем бе екен, 

Досыма ара түсіп қорғамаққа, – деген жолдар бар екен... 

Аузына құдай салды ма, арада жыл өткенде досының артынан өзі де қайтпас сапарға аттанды. Бұл күндері, шынында да, екі шаһбаз шайыр бастары қосылып ап, жәйін жұмақты жырмен баурап, сөзбен баулап жүрген шығар-ау!.. 

Ия, есенғалитану енді басталып жатыр. Біз, Светқали аға бас болып, Жанат үшеуіміз ақын шығармаларының толық жинағын құрастырып қойдық. Әуеліде жеті томға жоспарланған кітаптар көлемі сегіз томға шығып кетті. Ақындарын әулиеден ардақтаған Алаш жұрты, оның алдияр азаматтары аман тұрса, ол кітаптар шоғыры оқырман олжасына айналатын сәт те алыс емес деп білеміз. Есенғалитанудың алғашқы қадамы, негізгі іргетасы осы томдықтар болар, бәлкім. 

Адамдық бекзаттың пен ақындық шеберліктің шын үлгісіндей ғұмыр кешкен ақ қанат ақынның өнегелі өмірі мен сан қырлы шығармашылығына арналған толымды ой-толғамдар, тұғырлы зерттеулер бұрын қаншалықты көп болса, алдағы уақытта одан да мол боларына сеніміміз кәміл. Өйткені, оның шығармашылығы аспандай зеңгір, Алатаудай асқақ, теңіздей түпсіз терең – қараған сайын, бойлаған сайын сиқырдай арбап қарайлата беретін, иіріміне тарта беретін құдірет! Ол бізге енді өзі көп айтатын аспан жақтан жиі көрініп, тым биіктен тіл қатып жүретін болады. Оның жұлдызы саф алтындай, саумал самаладай жақұт жырларының тылсымына, тереңіне үңілгендердің саны көбейген сайын жарқырай түсетін болады. 

 

Жомарт ОСПАН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар