Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Қиянат үстіне құрылған тәрбие жайлы деконструкциял...

06.09.2023 1829

Қиянат үстіне құрылған тәрбие жайлы деконструкциялық оқу 14+

Қиянат үстіне құрылған тәрбие жайлы деконструкциялық оқу - adebiportal.kz

Кезкелген мемлекеттің болашағы – жастар. Жастарға ерекше көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жете алады. Жастардың инновациялық әлеуетін тиімді қолдана білген мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болады. Сондықтан барлық мемлекет жастарды тәрбиелеу, білім беру, оларды еңбекке баулу, психологиялық және идеологиялық тұрғыдан толық азамат қылып шығаруды басты назарда ұстайды. Әрине, мұның саясат философиясында либералдық, континенталдық және т.б. секілді бірнеше модельдері бар. Бірақ бірінші және екінші әлемнің барлық елдерінде жүргізілген жастар саясаты негізінде жастардың, дұрысы мектеп жасындағы балалардың орта білім алуы міндеттеледі. Яғни, қоғамдық үдерістерге жастарды дайындау балабақшадан, әріс бастауыш сыныптан бастау алады. 

Ең алғаш кеудесіне қолып қойып әнұранды айтып мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, барлық оқушы сол мемлекеттің болашағы ретінде тәрбиеленеді. Оқушының ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, нағыз патриот, елі үшін аянбай еңбек ететін азамат болып болашақта жасайтын үлкен қадамдары осы бір мектеп кезінде кішкентай қадамдардан басталады. Мектеп парталарында оқыған һәм жаттаған кей оқиғалар, өлеңдер, тақпақтар т.т. өмірімізден айнымас бөлшегіне айналып кететінін ешкім жоққа шығармас. Барлығымыз саналы яки бейсаналы тұрғыда қоғамдағы персонамыздың қалыптасуына белгілі бір деңгейде мектеп қабырғасында алған біліміміз бен тәрбиеміз әсер етеді. Мұны, әрине, біз айтпасақ та, көзі қарақты оқырманның барлығына таныс. Тіпті сіздің қазір осы жазбаны оқып отыруыңыз да, кішкентай кезіңіздегі оқуға деген құмарлығыңыздан бастау алғанын сіз жақсы білесіз. Ең алғаш әріп танып, оқыған кейбір хикаяларды өміріңіз бойынша ұмытқан емессіз. Сол оқиғалардан алған біліміңіз, шығарған шешімдеріңіз қазіргі болмысыңызға едәуір дәрежеде ықпал еткен-дүр. 

Міне, сондай оқиғалардың бірі қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының И. А. Крыловтан аударған «Шегіртке мен құмырсқа» мысалы. 

Шырылдауық шегіртке

Ыршып жүріп ән салған.

Көгалды қуып гөлайттап,

Қызықпен жүріп жазды алған.

 

Жаздыгүнгі жапырақтың

Бірінде тамақ, бірінде үй,

Жапырақ кетті, жаз кетті,

Күз болған соң кетті күй.

 

Жылы жаз жоқ, тамақ жоқ,

Өкінгеннен не пайда?

Суыққа тоңған, қарны ашқан

Ойын қайда, ән қайда? – деп басталатын өлеңді оқымаған қазақ жоқ деп ойлаймыз. Тіпті мәнерлеп оқып бергеніміз немесе жатқа айтқанымыз үшін мұғаліміміздің басымыздан сипап, бес алған кездеріңіз де болған шығар. Мұғаліміз осы бір мысал арқылы бізді, яғни оқушыларды еңбекке деген сүйіспеншілігін арттырып, босқа уақыт өткізбеу керек деп тәрбиелеген болатын. Құмырсқа секілді еңбекқор болу, «қыстың жайын жаз ойлау» керек екенін, ал шегіртке секілді жаз бойы «көгалды қуып гөлайттап» жүру ешқандай опа бермейтінін сол дәрістен бастап миымызға сіңген. Біз осылайша еңбекқор болуды құмырсқадан үйрендік, шегіртке секілді болмаймыз дедік. Бәлкім, қазіргі таңда бүгінге қарағанда болашақты көп ойлайтынымыз, болашақтағы өзімізді елестететіп жақсы жетістіктерге жету үшін маңдай терімізді төгіп, еңбек ететініміз осы бір мысалдан бастау алған шығар. Ешқайсымыз ешқандай сәтте шегірткенің орнына өзімізді қойып көрмедік. Себебі мектептегі алған біліміз бойынша (бұл әлі күнге дейін осылай жалғасып келеді) шегіртке жалқау, еңбекті қош көрмейді, тек ән салғанды ғана ұнатады деп үйрендік. 

Оныменен тұрмады,

Қар көрінді, қыс болды.

Сауықшыл сорлы бүкшиді,

Тым-ақ қиын іс болды.

 

Секіру қайда, сүрініп,

Қабағын қайғы жабады.

Саламда жатып дән жиған

Құмырсқаны іздеп табады.

 

Селкілдеп келіп жығылды,

Аяғына бас ұра:

- Қарағым, жылыт, тамақ бер,

Жаз шыққанша асыра! –деп құмырсқаның алдына қол жайып келген шегірткенің хәлі кімге болса да аянышты. Сол үшін барлығымыз қал-қадіріміз жеткенше еңбек етуді құп көрдік. 

Бірақ араға жылдар салып осы бір мысалды қайта оқығанымызда білім беру саласында үлкен қателікке бой алдырғанымызды, тіпті бүгінге дейін шегірткеге үлкен қиянат жасағанымызды, әрісі мысал жайлы ойымыздың үлкен бір өтірікке құрылғанына көзіміз жетті. Әрине, бала кезіміздегі ең жылы естігіміз туралы бұлай жазу біз үшін де өте қиын. Себебі дәл осы естелікпен жылдар бойы өмір сүрдік, тіпті өмірлік кей шешімдеріміздің қабылдауына белгілі бір деңгейде әсер етті. Бірнеше ұрпақ осы бір мысалмен тәрбиеленіп шықты. Енді мұның барлығы біз ойлағандай болып шықпағанда оның қасіреті тіпті ауыр. Осы сәтте Мишель Фуконың «Надзирать и наказывать: Рождения тюрьмы» кітабындағы «Удивительно ли, что тюрьмы похожи на заводы, школы, казармы и больницы, которые похожи на тюрьмы?» деген сөзі ойымызға оралады. Егер бұл тұрғыдан алып қарайтын болсақ, мектеп әрбір оқушының ерік-жігерін, ой-қиялын белгілі бір деңгейде шектеп, қоғамдық стандарттарға сай азамат ретінде «тәрбиелеуге» мәжбүрлейтінін көруімізге болады. Жоқ, біз бұл арқылы қоғамдағы қалыпты өмір сүруге қажетті білімді алатын орын, әлеуметтену және осыған ұқсас игілікті міндеттер атқаратын мектепке көлеңке түсіруден аулақпыз. Біздің жазбамыз жоғарыдағы мысалмен тәрбиеленген алып бір ұрпақтың қасіреті жайлы болмақ. Яғни, біз аталған мәтінге француз философы Жак Дерриданың деконструкциялық оқуымен қарап, басқа нәтижелерге қол жеткізбекшіміз. Олай болса, миымыздың тізгінін босатып, бір-біріміздің қолдарымыздан жақсылап ұстайық, құрметті оқырман.

Әуелі «Шегіртке мен құмырсқа» мысалын Абай Крыловтан аударады. Крылов болса мұны француз ақыны Жан Лафонтеннен қотарған. Әрісі Лафонтен де мұны грек ақыны Эзоптан «терісін айналдырып» француз әдебиетіне алып келген. Осылайша, ғасырдан ғасырға аттап, «Шегіртке мен құмырсқа» қаншама ұрпақты тәрбиелеуде үлкен роль ойнады. Осының нәтижесінде мәтіннің орталығына құмырсқаны қойып, шегірткенің «кеудесінен итерген» «еңбекқор», «ұйымшыл» бірнеше жастар тәрбиеленіп шықты. Мұндағы «орталық» және орталықтан алыстатып «кеудесін итеру» сөздерін мұқият оқығандарыңызды қалаймыз. Себебі Жак Дерриданың пікірінше, Батыс өркениетінде (қазіргі жағдайда қазақ өркениетінде) барлық мағына бір орталықтандырылған. Олардың түсінігінше, мағына – «өз-өзін қамтамасыз еткен» және «тұрақты болудан» тұрады. Ал құрылымның барлық элементтері осы орталықтың негізде бағаланады, бағамдалады және «болады». Яғни, орталықта «болу» бүкіл құрылымды анықтайды және кез келген құрылымның құраушы элементі ретінде қарастырылады. Ең өкініштісі, тұрақты орталығы жоқ кез келген құрылым есепке алынбайды, көзге ілінбейді. Көзге ілініп, есепке алыну үшін, оның міндетті түрді бір орталыққа бағынуы қажет және міндетті. Орталығы жоқ немесе орталық тарапынан анықталмаған кез-келген құрылым  бейне бір шегіртке секілді «болмайды». Сәйкесінше орталықта болмаған «екінші» элементтер түкке тұрғысыз және ойлануға тұрмайтын нәрсе ретінде көзден таса болады. Себебі екінші элемент зерттеушіні немесе оқырманды дұрыс жолдан адастыратын болмыс деп қарастырылады. Яғни, шегіртке секілді «жаз бойы гуляйттау» құрдымға алып барады деп тәрбиеленген біржақты ұрпақты көз алдыңызда елестетсеңіз болады. Мұнымен қоса, құмырсқаның гегемониясы үшін, тіпті құмырсқаны бар ету үшін шегірткеге жасаған қиянатымыз, Дерриданың «Батыстық ойлау тәсілі абсолютті зорлық-зомбылыққа негізделгенін және бұл зорлық-зомбылықты кез-келген әрекетімен қайталау арқылы өзін бар етуге талпынады» деген сөзіне дәлел бола түседі.

Нәтижесінде иерархиялық құрылымға негізделген жақсы/жаман, ақ/қара, еркек/әйел, шегіртке/құмырсқа секілді дуалистік ұғымдар дүниеге келеді. Ең өкініштісі, аталған дуалистік ұғымдардың бірі орталық болса, екіншісі орталықтан тыс мекенге «қоныстанған». Осылайша, шегірткенің де аяғына тұсау салып, мойнына қамыт кигізіп, құмырсқаның «жетегіне» байладық. Тіпті бүгінге дейін ешқандай классикалық қазақ әдеби сыны «Шегіртке мен құмырсқаны» жазбаның кіріспе бөлімінде айтқанымыздай шегірткені жалқау, құмырсқаны еңбекқор деген дуалистік талдаудан әрі асып кете алмағанын ойласақ, біздің сөзіміздің еш негізсіз емес екеніне көзіңіз жете түседі. Ал Дерриданың деконструкциясы аталған иерархиялық қатынастардың ойлау жүйесінде қалыптастырған авторитарзмді жою үшін қолданылатынын ескерсек, деконструктивтік мәтінді оқу әдістемесінің басты мақсаты осы бір зорлық-зомбылыққа негізделген пайымдаулардың негізсіздігін, әділетсіздігін күн бетіне шығару. Осы мақсатқа сәйкес орталықтың көлеңкесінде еленбей қалған, кейінге қалдырылған немесе алынып тасталған барлық элементтерге «еркіндік» беруді көздейді. Толығырақ айтатын болсақ, деконструкциялық мәтінді оқу әдістемесі мәтіндерде көрсетілген орталықтың орнына, сілтемелердің және «кеудесінен итерілген» ұғымдар мен таңбалардың парадоксальды түрде мәтіннің негізін қалаушы орталық бола алатынын көрсетуге тырысады. Яғни, дерридиандық деконструкцияда әрбір мәтін аяқталмаған сөз ретінде түсініліп, мәтіннің түпкілікті мағынасы бар деген пікірге күмәнмен қарайды. Міне, осы бір пайымдауларды негізге ала отырып, орталықтан шеттетілген, құмырсқаның «зорлық-зомбылығына ұшыраған», қоғамдық стандарттарда «жалқау» деп бағаланған шегірткеге болысып, классикалық бір орталықтандырылған мәтіннің құрылымын бұзу арқылы жаңа құрылым түзуге тырысамыз. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, деконструкцияны екі кезеңді деп қарастырсақ болады. Бірінші кезең – бұзу, екінші кезең – қалпына келтіру. Бірінші кезеңде мәтіннің құрылымы бұзылады. Екінші кезеңде мәтін мүлде басқа контексте қайта құрылады. Екінші кезеңде қайта құрылған мәтін өзін ақиқат ретінде көрсетпей, керісінше шексіз мағыналар тізбегіндегі бір із болып қалыптасады. Яғни, деконструкция – жай ғана мәтіннің «күлін көкке ұшыру» емес, «көкке ұшқан күлдерді қайта жинау» деп сөзімізді қорытындылай аламыз. Олай болса ең бірінші сұрағымызды қоюға рұқсат етіңіз: «Шегіртке неге жазда гуляйттады?!». 

Бұл сұраққа жауап беру үшін біз аталған шығармада шегірткенің биологиясына көз жүгіртпекшіміз. Себебі Лафонтен өз шығармасына әуезді және қатты дауыс шығаратын цикада (француз тілінде «la cigale») шегірткесін арқау етеді. Ал француз тілінде  құмырсқа да «la fourmi», шегіртке де «la cigale» - «әйелдік» (женской род) мәнге ие. Шығарманың француз тіліндегі нұсқасына көз салатын болсақ, цикада мен құмырсқа сөздерінің біз айтқан мағына қолданылғанын көруіңізге болады. 

La cigale, ayant chanté

Tout l'été,

Se trouva fort dépourvue

Quand la bise fut venue :

Pas un seul petit morceau

De mouche ou de vermisseau.

Elle alla crier famine

Chez la fourmi sa voisine,

La priant de lui prêter

Quelque grain pour subsister

Jusqu'à la saison nouvelle.

"Je vous paierai, lui dit-elle,

Avant l'Oût, foi d'animal,

Intérêt et principal. "

La fourmi n'est pas prêteuse :

C'est là son moindre défaut.

Que faisiez-vous au temps chaud ?

Dit-elle à cette emprunteuse.

- Nuit et jour à tout venant

Je chantais, ne vous déplaise.

- Vous chantiez ? j'en suis fort aise.

Eh bien! dansez maintenant.

Көріп отырғанымыздай, Лафонтен құмырсқа мен шегірткені үй ауласында әңгімелесіп отырған екі өсекші әйелдің бейнесінде суреттейді. Себебі француздар да қазақ халқы сияқты ежелден құмырсқаны еңбекқорлық пен үй шаруасын атқаратын «әйелдің» озық үлгісі деп санаған. Бұл жерде қоғамдық құрылымда әйелді «жабық алаңға қамау» (Фуко), оны тек объект ретінде көру сынды мәселелерді де көтеруге болады. Алайда жазбамыздың ауанын бұзбас үшін, әңгімемізді «әйел» құмырсқа мен шегірткеге қайта бұруға мәжбүрміз. Осылайша, Лафонтеннің мысалында цикада (la cigale) мен құмырсқа (la fourmi) үй алдында диалог құрады. 

Все прошло: с зимой холодной

Нужда, голод настает;

Стрекоза уж не поет:

И кому же в ум пойдет

На желудок петь голодный!

Злой тоской удручена,

К Муравью ползет она:

«Не оставь меня, кум милый!

Дай ты мне собраться с силой

И до вешних только дней

Прокорми и обогрей!» —

«Кумушка, мне странно это:

Да работала ль ты в лето?» —

Говорит ей Муравей.

«До того ль, голубчик, было?

В мягких муравах у нас

Песни, резвость всякий час,

Так, что голову вскружило». —

«А, так ты...» — «Я без души

Лето целое всё пела». —

«Ты всё пела? это дело:

Так поди же, попляши!» - деген Иван Андреевич Крыловтың француз тілінен аудармасында да құмырсқа мен шегірткенің диалогына куә боламыз. Бірақ француз тілінен орысшаға аударғандағы бірнеше «олқылықтар жайлы» Лев Успенский «Слово о словах» еңбегінде «Лафонтен өз мысалында кәдімгі еуропалық шегірткенің орнына (француз тілінде «гриллон»), Жерорта теңізінде өмір сүретін әуезді және даусы қатты шығатын цикаданы (француз тілінде «la cigale») қолданады. Ал осы мысалды орыс тіліне аударуды ойлаған Крылов біраз қиындықтарға тап болған» дейді. Успенскийдің қиындықтар де отырғаны «la cigale» мен «la fourmi» жәндіктерінің жынысына байланысты еді. Мысалы, аталған жәндіктерді Крылов орысшаға дәл жеткізу үшін «муравейдің» орнына «муравьица» (қаз. әйел құмырсқа) сөзін қолдану керек болды. Алайда мұндай сөз орыс тілінде де, қазақ тілінде де жоқ еді. Сонымен Крылов оны жай ғана «құмырсқа» деп аударғаннан кейін, француз мысалының фабуласы өзгеріп, орыс тілінде құмырсқа мүлде өсекші емес, «мықты шаруа» адамының образына айналып шыға келеді. Бұл аз десеңіз, Л. Успенский ХІХ ғасырға дейін орыс тілінде «цикада» сөзі қолданылмаған дейді. ХІХ ғасырға дейін орыс халқы цикада жәндігімен кездеспеген, сәйкесінше оған атау да бермеген болатын. Яғни, Крылав Лафонтеннен мысалды аударарда орыс тілінде цикада сөзі қолданыста емес еді. Ал қарапайым халыққа түсінікті және қолжетімді поэтикалық шығарма ұсыну үшін құмырсқаның қасындағы жәндікті ешкімге белгісіз «цикада» деп атау Крылов үшін мағынасыздық болатын. Осылайша, Лафонтенде өсекші екі жәндіктің орнына, Крыловтың аудармасында «ыршып жүріп ән шалған» шегіртке мен «маңдайынан тер аққан» құмырсқаның диалогы пайда болады. Крыловтың «жаңа фабуласы» орыс әдебиетінде үлкен маңызға ие болғаннан кейін, көп ұзамай А. Құнанбайұлының аудармасымен қазақ оқырмандарына жетеді. 

Мұның, жаным, сөз емес,

Жаз өтерін білмеп пе ең?

Жаның үшін еш шаруа

Ала жаздай қылмап па ең?

 

Мен өзіңдей шаруашыл,

Жұмсақ илеу үйлі ме?

Көгалды қуып, ән салып,

Өлеңнен қолым тиді ме?

 

Қайтсін, қолы тимепті,

Өлеңші, әнші есіл ер!

Ала жаздай ән салсаң,

Селкілде де, билей бер!

Қанша жерден аударма кезінде шығарма кейіпкерлерінің жынысы/болмысында қателіктер орын алса да, өзгермеген бір дүние бар. Ол, шегіртке – жалқау, құмырсқа – еңбекқор деген иерархиялық құрылым. Негізінде бізді алаңдататын да Лафонтеннің немесе Крылов пен Абайдың аудармасындағы «өзгешеліктер» емес, дәл осы «иерархиялық құрылым». Себебі аталған мысалды деконструкциялық оқу кезінде Лафонтеннан бастап Абайға дейін (тіпті әлі күнге дейін) цикада шегірткесінің табиғатына қатысты жасалған үлкен бір әділетсіздіктің, орталықтағы құмырсқаның үстемдігі үшін шегіртке жайлы айтылған өтіріктің бар екенін  аңғардық.  Аңғардық та, қайғыға баттық. 

Шынтуайтына келгенде, мысалда жыр қылып айтылатын «жалқау», «қыстың жайын жаз ойламайтын», «опасыз» цикада (фр. la cigale) қыста өмір сүрмейді. Лафонтен құмырсқаның еңбекқорлығын орталыққа қою үшін, сұрауы жоқ цикада шегірткесін «құрбан қылып» жібереді. Әйтпесе шығармадағы цикада биологиялық зерттеулерге сәйкес, тамыздан кейін «арғы дүниеге айттанады». Яғни, цикада үшін қысқа азық жинау – мәнсіздік. Бірақ бұл оның жалқаулығын білдірмейді. Өмір күріс өлердей күрескен цикаданың болмысына қарап оны мысалдағыдай «жеңілтек» деп ойлай алмайсыз. Иерархиялық құрылымда орталықтағы құмырсқаның гегемониясы керісінен шегірткенің бұл «ерекшелігі» көзге ілінбеген және тек қана орталықтың белгілеген ережелері мен нормаларына сәйкес бағаланғаны үшін цикада өзіндік субъектілігінен толықтай айрылған. Нәтижесінде барлығымыз құмырсқаның жағына шығып, шегірткені кінәлаудан ары асып кете алмадық. Ал эмоциядан ада, барлық субалтерндерге өз деңгейінде қарайтын болсақ, мағына мүлде басқа арнаға бұрыла түседі. Дәлірек айтатын болсақ, аналық цикада ағаштардың түбіне жұмыртқалайды. Жұмыртқадан шыққан «нимфтер» дереу топырақ астына тығылады. Осылайша, ағаштың тамырындағы шырынды сорып, он жеті жыл бойы топырақ астында өмір сүреді. Тек осыдан кейін ғана тамыз айында небәрі төрт аптаға жер бетіне шығып күн кешеді. Ал енді осы бір төрт аптаның ішінде Лафонтен-Крылов-Абай айтатын секілді «көгалды қуып гөлайттап, қызықпен жүріп жазды» алмайды. Төрт апталық жер бетіндегі ғұмырында өзіне жұп іздеумен өткізеді. Жұбын табу үшін де «шырылдайды». Ал біз мұны бүгінге дейін оқыған мысалымыз арқылы «ән салды» деп ұқтық. Жұбын тапқаннан кейін цикадалар тамыз соңы өледі. Ал аналық цикалалардан шыққан жұмыртқалар марқұм әкелерінің тағдырын жалғастыру үшін топырақ астына қайта кіреді. Енді «шегіртке неге жазда гуляйттады?!» деген сұрағымызға қайта оралсақ, жауабымыз да айқын бола түскен секілді: Лафонтен-Крылов-Абай айтқандай цикада шегірткесі жазда гуляттамады, ол өмірінің соңғы сәттерін өткеріп жатқан болатын. Ал «ән салғаны», оның өлім алдындағы ақырғы ышқынысы еді. 

Жоғарыдағы қойылған сұрақтың орнына «орталықтағы құмырсқаның стандартарына сай болмағаны үшін қаншама жыл бойы орталықтан шеттетілген «жалқау» цикаданың обалы кімге?! – десек қалай жауап беретін едік. Шегірткенің парадоксальды түрде мәтіннің белгілі бір деңгейде орталық құра алатынын потенциалы бар бола тұра, оны құмырсқаның көлеңкесінде қалдыруымыз қаншалықты дұрыс?! Егер мәтіннің «терісін айналдырып» өмірінің соңғы күндері үшін жер бетіне шыққан цикада шегірткесінің көзімен оқитын болсақ, құмырсқаның өзімшіл және материалистік рухы туралы сіз не айтпақшысыз?! Қысыл-таяң сәтте жақыныңа қол созбай, жайылған алақанды кері қайтарып, «жығылған үстіне жұдырық болу» қаншалықты рухани тәрбие береді?! Бәлкім біздің қазіргі қателіктеріміздің бірі шығармадағы кейіпкердей қара басымызды ойлап, шамадан тыс «құмырсқаланып» кеткеніміз емес пе?! Расын айтқанда, енді ғана мектеп табалдырығын аттап, болашақтағы үлкен қоғамдық үдерістерге қосылу үшін жетілетін ойларымыздың сол мектептің өзінде-ақ шек пен шегараның ішіне қамалып, форматталғанын ойласақ, жанымызды қоярға жер таппаймыз. Ол аз десеңіз, шегірткеге жасалынған қиянаттың үстіне құрылған тәрбиеміз үшін де ұялатын кездеріміз және бар. Бәлкім, мемлекеттің болашағы үшін еркін ойлы, тәуелсіз жастарды тәрбиелейтін болсақ, кез-келген мәтіндегі мағынаны бірорталықтандырылған классикалық үлгіде емес, «айдың арғы бетінен» де қаратып, оқытуымыз керек шығар. Әйтпесе дәл біз секілді тағы қанша «қартайған ұрпақтың» дүниеге келетінін кім біледі?! 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар