Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Қоңыр дауысы сағынышқа айналды... ...

12.10.2019 5974

Қоңыр дауысы сағынышқа айналды... 12+

Қоңыр дауысы сағынышқа айналды...   - adebiportal.kz

Іздеймін күнде

(Талғат Кеңесбаевтың рухына)

Ертемен шолып жан-жақты,

Іздеймін күнде Талғатты.

Талғатым түспей көзіме,

Жаныма қатты шер батты.

Ақ көңіл еді, аңқылдақ,

Жүретін жайнап, жарқылдап.

Думанның көшін бастайтын,

Бойында ыстық қан тулап.

Атымтай жомарт жан еді,

Қиынға салсаң нар еді.

Қамқоры туған-туыстың,

Жақсы әке, асыл жар еді.

Бітімі бөлек ер еді,

Өрнекті сөздің шебері.

Қаламы құтты, қуатты,

Мол еді алда берері.

Өмірді сүйді өлердей,

Ғұмыры сұлу өлеңдей.

Есікке күнде қараймын,

Талғатым кіріп келердей.

Несіпбек Айтұлы

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Ермен

Талғат аға, бірде ауылындағы ерменнің ұзарып өсіп, өзінің еңкіш тарта бастағаны туралы әңгіме айтып еді. Осы әңгіме көптен бері тербесе де ағаның көзі тірісінде жазылмай қалды. Бірақ ол кісі өмірден өтсе де тыңдап жатады деп ойлаймын. Аға бұл сіз бен біздің жырымыз!

Аласарып кеттім бе,

Сен өстің бе ерменім?!

Балауса кез жоқ мүлде,

Бұртияды дөңдерім.

Бір кездері сен менен,

Аласа едің көк ермен.

Мен ілестім жолға ерен,

Қалдың бірге сен елмен.

Мен ұзаппын жерімнен.

Топырағымда тамырың.

Көшкенде елім көңілден,

Аласұрдым, арыдым.

Сағынышым қозғанда,

Көкірегімде ой өрген.

Шимай шимай жазбамда,

Уытың бар ей ермен!

Жан дүниемнің қажытты,

Бос қалғаны ей ермен.

Сырласатын аңқылдап.

Дос қалмады ей ермен.

Айтар саған тайынбай.

Күбірім бар ей ермен.

Сенің ғана бойыңдай,

Ғұмырым бар ей ермен!

Ей кәрі дос біл мұны.

Жуық бізге шерлі өлім,

Тамырыңды бір күні,

Жатам сүйіп ерменім!

Олжас Қасым

Ең соңғы жүрекжарды сырласу...

Талғат ағаның өзінен бұрын шығармаларымен таныс едім. Көкшетаудан Астанаға қоныс аударып келген кезде жазушы ағамызбен таныстым. Сырттай қараған адамға әлдеқандай тәкапар, паң мінезді адам сияқты болып көрінгенімен, ол кісімен аз-кем аралас-құраластықтан кейін-ақ, бастапқы болжамыңыздың мүлдем қате екеніне көз жеткізген болар едіңіз.

Прозадағы қалам қарымымен, талантымен ерте танылған Талғат аға аңқылдаған ақкөңілді, адамға болмасын емес, болса деп тұратын мейірбан жүректі жан болатын. Кейбір ел таныған ағалар мен інілердің жұрт алтында өзін өзі ұстауында өкінішке қарай аңғарылып қалатын кіділеніп кісімсіну, алымсынбай асқақтау деген сияқты пендешілік мінездерден Талғат ағамыз ада азамат болатын. «Бар қазақ – менің бауырым» деген қағидатты ұстанған асыл ағаның қолынан келген жақсылығына бөленіп, тарыққанда мейірім шуағына жылынған қара көз жастардың қарасы көбі-ақ, Тәкең ағаның, турасын айтқанда тіпті де екі туып бір қалғаны емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сонау шетелдерден келген бауырлары болатын.

Талғат ағадан өзінің шығармашылығы, болашақ жоспарлары, өзге де сұрақтар жайлы сұхбаттасқан едік. «Мен әлі жазушы емеспін» деген атпен «Әдебиет порталында» жарық көрген бұл сұхбат қаламгердің оқырмандарымен ең соңғы жүрекжарды сырласуы екендігін білмеппіз-ау. Былайша айта алудың өзі – тұлғаның жазушы болмағандығы немесе бола алмағандығы емес, шығармашылық адамының өзіне мәңгі көңілі толмайтын талғампаздығы мен көлеңкесінен қорқар күлбілтеліктен ада ашықтықтан туындаған еркін ойдың көрінісі еді.

Туған халқының рухани қазынасына қосар үлесі әлі де алда дерліктей нағыз кемел шағында өмірден өткен талантты жазушы Талғат Кеңесбайдың есімі елімен бірге жасай берері сөзсіз.

Асылбек Байтанұлы

Жазушы, журналист

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗЫ: Талғат Кеңесбаев. Мен әлі жазушы емеспін...

Қоңыр дауысы сағынышқа айналды...

«Француз әтірінің» исін қазақ прозасына сіңіруші Талғаттың өкшесін басқан інісі болғандықтан қазақтың мәдени әлеміндегі “Француз әтірінің” исі аңқыған алашқа танымал әр жаңа туындысын дер кезінде оқып отыратын едік. Қазақты әлемге таныта бастаған проза кеңістігін Талғат Кеңесбайсыз елестету қиын. Жиі қоңырау шалып хал-жағдайымды сұрап тұратын ағайдың қоңыр дауысы бұл күндері сағынышқа айналды. «Мен туралы жазба. Мен тек келмеске кеткен соң ғана өз шынайы бағамды аламын» дейтін сол сөзі қаламгерлік ғұмырының келтелігін көрсетіп тұр екен ғой.

Ағай «Аққудың өлімі» әңгімесіне жазған әдеби талдауыма қатты ренжіді. Екі жылдай сөйлеспей де жүрді. Кейін «Мен әлі нағыз «Өлмес шығармамды» тіптен жазған жоқпын. Бұл соған барар жол болатын. Ал, сен мені орынсыз дәріптеп жібердің», - деп бауырына тартып, басымнан сипап еді. Сол аялы алақан қалам ұстаудан қалады деп кім ойлаған.

Тәкең шынында мақтау сүймейтін. Өзінің жан жүрегін толғандырған «Басты шығармасын» жазып шығудың қамында жүретін. Ол қандай шығарма екені мәңгі жұмбақ болып қала берді.

Заманалық Алаш прозасында өзіндік стилін тауып, «Кәнден», «Аққудың өлімі» сынды өлмейтін туындыларын артында қалдырған ғажайып талант иесі жаһандасу дәуіріндегі шығармашылық ғалам көгіндегі исламдық прозагерлер шоғыры арасынан өз жұлдызын сөнбестей қылып жағып кетті. Көзі тірісінде әдеби атақ-даңқты керексінбеген жанның енді міне өлімнен кейінгі мәңгілік шығармашылық ғұмыры басталды.

Сол кездерде ағаның көбіне көңілін қалдырып жүрдім бе деген ойға қаламын. Ол кісі өзінің кейін өңдеп жұтындырып, жазамын деген шығармаларына жазған мақалаларымды, жаратпай кейін қайырып жататын. Егер ол кісінің орында басқа бір шығармашылық иесі болса, «жариялай бер» деп құптай салар еді. Тәкең өз шығармасына да, өзі туралы жазылған дүниелерге сын көзбен қарайтын. Лепірме мақтауға елп ете қалмайтын еді. Ағамның көзі тірісінде тек «ҰЛТТЫҚ АҚЫРЗАМАН ЕЛЕСІ» атты әдебиеттанушылық талдауымды ғана жазған екенмін.

Заманалық қазақ проза кеңістігін бір жазушыда айқын, бір жазушыда көмескі жаһандастыру дәуіріндегі қазақ қоғамның қос тілділігі мен көп дінділігіне үрке қараған милеттік ажал елесі кезіп, сөз таныған жанды өзінің үрейлі көлеңкесімен зәресін зәр түбіне кетіріп, рухани ұлттық ақырзаманды жақындата түскендей әсер қалдырады...

Оның туындыларында белгілі бір тақырыптар, белгілі бір мотивтер шығармашылық акті үстінде мәтін кеңістігі жаңаша авторлық көзқараспен игеріліп, аллегориялық тілмен кестеленетін.

Тәкеңді өзгеден ерекшеленіп тұратын өзіндік ерекшелігінің ең бастысы – ұлттық сөз өнері қазынасына әдеби процесс барысында өз жанынан қоса білген әдеби жаңалығы болатын. Ол не өзіне дейін ешкім айтпағанды айта білуші ретінде, не өзіне дейінгі болған дүниені соны қырынан жаңғырта милетіне ұсынуы түрінде оқырманынан өзіне лайықты бағасын ала алды.

Ағамыздың қаламының құдіреті тәмсілдік сипаттағы миниәңгімелері деп білеміз.

Əбіл-Серік Əліакбар

Әдебиеттанушы

Естелік айтар екі сурет

Ол кісі туралы ойланғанда екі деген сан қайта-қайта көз алдымда көлбеңдеп тұрып алды. Екеуміз бар-жоғы екі жылдай ғана аға-іні ретінде араласқан екенбіз. Сол екі жылда небәрі екі рет кездесіппіз, екі кездесуден естелік айтып екі сурет қана қалыпты.

Бірінші суретке 2017-жылғы шілде айының 18-жұлдызында түскенбіз.

Астанада өткен ЭКСПО көрмесін көрмекке барған едік, үлкен басын кішірейтіп қонақ үйге өзі іздеп келген.

–"Сен, маған іні бол, мен аға болайын",– деп еді амандаса сала құшағына қысып тұрып. Бала мінез, таза адам екен. Қалбалақтап қалтасынан кітабын суырды. Қонақ үй қызметкерлерінен қаламсап сұрап алып, бірінші бетіне қолтаңбасын басты. Қолында діріл бар, икемге келер емес, екі-үш сөзді әзер жазды. Осылайша «Ойшоғыр» деген жинағын сыйға тартты, мен «Сүлікқараны» «мінгіздім». Кітап алмасқан сәтімізді суретке бастық. Қонақүйдің фойесінде әңгіме айтып бір сағаттай отырдық. Телеарнада қызметтес болған бір інім үйіне шақырып қойған еді. «Шықтың ба?», «Қайда келе жатырсың?»,–деп ол да дегбірді алып барады. Ал, ағам асықпайды. Әрнәрсені сұрайды. Талдықорғанның Қапал аймағы қайынжұрты екен, бармағалы көп болды деп қояды. Жібергісі жоқ, қысқасы. Ақыры «бүгін менімен бірге жүріңіз, түн ұзақ, асықпай әңгімелесейік»,–дедім. «Қой, әке, басқа шаруаларым бар еді»,–деп сытылып кетер деп ойлағанмын. Бірақ олай болмады. «Қайда барамыз?»,–деп те сұраған жоқ, томпаңдап ілесе кетті. Студенттік жылдар еске түскен. Осындай едік. Біріміз бір жаққа кеттік десе, екіншіміз ойланбастан жүре беретінбіз. Қайда барамыз? Не істейміз?–деп сұрау салт басты, сабау қамшылы жігітке жараспайтындай көрінетін. Бір-бірімізге шексіз сенетінбіз. Сол сенімнің жетегінде жүріп тауға да, бауға да достармен бірге бардық, тіпті дос үшін дауға кіріп, ойланбастан «жауға» да тидік. Бертінде сол мінезді қатарластарымнан сирек көретін болған соң ба, ішім жылып сала берді. Қонақта бірге болып, түннің бір уағында үйіне жеткізіп салдым.


– Әпкең үйде жоқ, әйтпегенде қонақ қылар едім,– деген таксиден түсіп жатып.

–Сіз, туыстықты өзіңізден тартсаңызшы, жеңгем шығар, бәлкім,–дедім қалжыңдап.

–Талдықорғанның бәрі менің қайын жұртым,–деп бәрібір жеңістік бермеді. Тауып айтылған жауабына өзі риза болды, мен де тоқтаған сыңай таныттым. Қайта-қайта қол алысып, қимай қоштастық.

Сол таныстықтан кейін байланыс үзілген жоқ. Көбіне әлеуметтік желіде сөйлесеміз. Мессенджер арқылы бейнеқоңырау шалуды үйреніп алыпты, мессенджерім масадай ызыңдай бастаса болды Талғат ағам екенін бірден білемін. Өйткені онан өзге ешкім мессенджер арқылы қоңыраулатпайды. Кейде күндіз, кейде түнде іздейді. «Бүгін екі бет жаздым», «бір әңгімені бастадым», «көптен ойда жүрген бір повесть бар еді, соған отырдым»,– деп жаңалығын үнемі айтып тұрады. Жарияланған шығармаларының сілтемесін жібереді. Бес-алты күннен соң «оқыдың ба?»,–деп сұрайды. Менің және мен қатарлы жастардың жаңадан жарияланған әңгімелерін қадағалап отырады. Оқып, пікірін айтады. Бір күні түнде бірнеше мәрте мессенджерге қоңырау шалыпты. Жұмысқа келген бетте хабарластым. Түрі шаршаңқы көрінді, сақалы көптен қырылмаған секілді, шашы да ұйпа-тұйпа. Бірақ көзі ұшқын атады.

–Бітірдім,–деді бірнеше бет парақты жұмарлай ұстап. Түрі жау түсірген батырдай нығыз.

–Нені бітірдіңіз?

–Әлгі повесті. Енді роман қылу керек.

–Жіберсеңізші! Оқиық та...

–Тұра тұр. Сынап бәле қыласыңдар... Үстінен бір-екі рет жүру керек. Қателері бар. Сен білесің бе, менің диктовкамен жазатынымды?..

–Жоқ, аға!

–Жазуға жарамай қалдық қой, қазір. Әпкең жазады, мен диктовать етем. Жас кезде жүре беріппіз ғой, әкең... Саған айтар ақылым: денсаулық бар да жаза бер, жаза бер. Нашар болса да жаза бер. Кейін үстінен бір қарап, жариялай бересің. Жас кезде жазбасаң мен секілді өкініп қаласың.

–Сол жазуға қол тимей жүр, – дедім міңгірлеп. Ол кісі менің сылтауымды тыңдағысы келмеді. Повестің бас кейіпкері Ике атасы жайлы біраз әңгіме айтты. Бірақ оқуға берген жоқ. Ол шығарманы «Ұлт болмысы» бәйгесіне

қосты, сол жерден оқыдық. Айтпақша «Түнде ұшқан Қаршыға» повесі сол байқауда бас жүлде иеленіп, автокөлік ұтып алғаны бар. Ағамызды осы бәйгі біраз серпілтіп тастады. Көңілі едәуір өсіп қалған.

Екінші сурет 2018-жылғы қыркүйек айының 11-жұлдызында түсіріліпті. «Замануи әлемдегі оқу мәденеиеті» деп аталатын халықралық конгресске қатысу үшін Астанаға тағы жол түсті. Біздің барарымызды естіген сәтте «үйге келесіңдер»,–деген.

–Жалғыз емеспін, үш адамбыз. Қасымда Ерлан Жүніс пен бір кітапханашы келіншек бар,–деймін ағамнан сыр аулап.

–Бәрің келіңдер!

–Келіншекке әпкем қалай қарайды екен,–деймін онан әрмен қажап.

–Әпкең үйде болмайды ол күні. Саспа, бауырым!

Талдықорған әуежайынан ұшаққа мінген сәтте бір, Астанаға қонған кезде бір қоңырау шалды. Біз барған жиын аяқталғанша әлденеше рет хабарласты. Кештеу бардық. Ет асып, жайнатып дастарxан жасап қойыпты. Тағы да түннің бір уағына дейін отырдық.


–Қышқыл судан ептеп ұрттайыншы, рұқсат болса,– деді. Ерлан: "қожайын өзіңіз ғой"– деп жатыр, мен біраз қажағым келіп қарсы болдым әуелгіде. Қылмойынды қылғындыра ұстап, ашар-ашпасын білмей балаша сасқалақтап тұрған тұрысы әлі көз алдымда. Бірер сөйлетіп барып, рұқсат бердім. Еркін отырды, біраз әңгіме айтты.


– Роман жазып жатырмын, компютер алдында көп отыра алмаймын, диктовкамен жазамын,– деді. Қозғалысы қиындап, жүдеп қалғанын аңғардық. Кетер кезде қайта-қайта құшақтады.


–Талдықорғанға барамын, жастармен бір кездесу ұйымдастыршы, "О, Ләйлә" фильмін түсірген жігіттермен жолықтыршы,– деген. Ерланнан тәптіштеп ұшақтың қашан ұшып, қашан қонарын, билет бағасына дейін сұрап алған. Арада ай өтпей ағамыз қайта құлапты деген xабар құлақты тесердей болып жетті. Оншақты күн өткенде сауығып келе жатыр дегенді естіп, қуанып едік. Дегенмен болмапты. О кісі со кезде-ақ басқа жаққа «билет» алып қойған екен.

Есболат Айдабосын

12.10.2019 жыл.

Талдықорған

Семейді қатты сағынып жүретін...

Әдебиет әлемінде әр жазушының өз орыны бар. Біреуді шығармалары арқылы танып-біліп жатсаң, енді бірін өмірде көзбе-көз көріп, жанына жақын жүресің. Сүйініп жүрген кей жазушылардың пенделік төмендігін көргенде, ойдағы асылыңды жоғалтасың. Біз - ТАЛҒАТ ағаны шығармасынан бұрын өзін танығанбыз. Көбіне керісінше болып жатады ғой. Біз деп отырғаным Семейдегі әдеби ортаның жас буыны. Студент күнімізден ой бөлісіп, жиі дидарласып тұрдық. Қоғамға, әдеби ортаға өкпелі болатын. Неге? Не үшін? Кімге?.. деген сұрақтар қоймадық. Талғат аға көбіне жастармен жақсы араласты. Туған күн кештерімізге де талай қатысқаны бар. Ақкөңіл, сенгіш адам еді. Жарықтық өмірінің соңғы жылдарын елордада өткізгенмен, Семейді қатты сағынып жүретін. Әр шығармасы дүниеге келгенде жарқылдап қоңырау шалып, оқы осындай сайтта тұр, жекеңе жібердім деп міндетті түрде БІЗДІҢ пікірімізді күтетін. Жылы сөз жазып, жақсы тұстарын айқындап айтсақ, балаша қуанып, мәз болатын. «Мен шынымен жазушымын ба? Әй, білмеймін...» - деп үнемі сұрап жүретін. Үлкен жауапты міндеттің жүгін арқалап жүргенін сезінетін.

Енді, аңқылдақ аға бұрынғыдай қоңырау да шалмайды, пікірің де керек емес, Семейге де келмейді... Рухы көкте қалықтап, баладай аңғал мінезімен көңілімізде ғана қалды. Заманның көшіне ілесіп, уақыттың уысынан сусымайтын шығармалары арқылы мың жасамақ. Саржалдың сары қымызындай сақталған сағыныш санада шайқалады. Ажалға амал жоқ дегенмен шын талант өлмейді. Қанша өмір сүргені емес, қандай із қалдырғаны маңызды емес пе?! Мәңгілік ғұмырды шығармашылығы сүрсін деп тіледім!

Мерей Қарт

ҚЖО Семей өңірі филиалының төрағасы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Арман Шеризат. Шебер жазушы

Асыл аға!

Жыл өтіпті жүзіңді көрмегелі,

Суық сөзге «жоқ» деген сенбегелі.

Хабарыңды жел айтты жылап тұрып,

Жүрек шіркін «жалған» деп сенбеп еді...

Сол баяғы сіз көрген қаладамын,

Жарқын жандар азайды, санада – мұң.

Таусылғанмен ғұмырың алып жатыр

Жазып кеткен туындың бағаларын.

Сол баяғы салқын күз, суық бәрі,

Күн күлгенмен шуағы жылытпады.

Сіз таусыла жазатын сол баяғы,

Жөнделмей тұр замана бұзықтары.

Көңілге дәт, жанға күш мұраң қалды,

Сағынышым сарғайтты, шырайды алды.

Жалған өмір көрсетсе суық қабақ,

Сына жаздап, ағажан, шыдам қалды.

Жаның – ақ, жалғандыққа бас ұрмаған,

Жан едің жанайқайын жасырмаған.

Қазақтың өзі барда әр туындың,

Күмбірлеп сөйлеп тұрар ғасырлардан.

Үміт Шәріпова

"Ертіс өңірі" газетінің журналисті


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар