Қос қасиет

Еліміздің ғылыми кеңістігі мен зиялы қауымына жақсы таныс Жандос Қожахметұлы Смағұловтың зерттеушілік қарымы мен қайраты әсіресе ғылым әдіснамасы саласында айқын көрініс тапты. Автор бұл мақалада ғалымның сан салалы еңбектерінің ішінен әдебиеттану әдіснамасы жайындағы зерттеулерін арқау еткен. 

193

Қос қасиет - adebiportal.kz
Фото: Мақала авторының жеке мұрағатынан

Жаратқан Иеміз өзінің жұмырбасты пендесіне өмір бергенде соған қоса белгілі бір қабілетті де қоса дарытатынын білеміз. Осындай табиғи қабілетті әркім әртүрлі пайдаланады екен. Соған орай оның тағдыр дәптері жазылады да, әркім жарық дүниеден өзіне бұйырған орнын алады. Осы ғұмырлық қағидамен келгенде бүгін де жетпістің биігіне шығып отырған Жандос Қожахметұлы Смағұлов – өзінің тағдыр дәптерін әуелде Алладан келген қабілетті-бейімімен барынша толтырған тұрлаулы азамат. Бұл – оның ғылымға аса адалдығы. 

Тәуелсіз еліміздің зиялы қауымына  жақсы таныс тұлғаның зерттеушілік қарымы мен қайратына құрметпен қарап,  сан салалы еңбектерінің баршасына емес, ғылым әдіснамасы жайындағы зерттеулерін ғана арқау етеміз. 

Әрбір танымның жүйелі және дұрыс болуы үшін белгілі бір әдістер қажет десек, осы тұжырым ғылым үшін аса өзекті. Осы орайдан келгенде, адамзат баласының қазірге дейін жасаған, қалыптасқан ғылыми ойы осындай әдістердің жиынтығынан тұратыны да ақиқат. Әдістер адамның ғылыми ойлау дағдысын, дәстүрін, жалпы зерттеушілік деңгейін қалыптастырса, өз кезегінде олардың туу, қалыптасу және даму үдерістерін зерделеу де  аса маңызды. 

Ғылым әдіснамасын, оның ішінде әдебиеттанудың әдіснамасын зерттеу көркем өнер ретіндегі сөз өнеріне берілген ғылыми бағаны сараптау десек, оның нәтижелері сол ғылымның өзін дамытуға оң ықпал етпек. Қазақ әдебиеттану ғылымының әдіснамасын зерттеу үшін белгілі бір уақыт кеңістігі қажет болды. Біздің ойымызша, оның үш түрлі себебі бар.

Біріншіден, ұлттық әдебиеттану әдіснамасын зерттеу үшін белгілі бір уақыт кеңістігі керек. Біздің әдебиеттану үшін оған шамамен жарты ғасырдай уақыт керек болды. Сөйтіп, қазақ әдебиеттануы өзінің тарихына 1960 жылдардан бастап ғылыми баға бере бастады. Әлбетте, тоталитарлық кезеңде ұлттық әдебиеттануға оның объективті сипатына баға беру дұрыс болмайтыны түсінікті. Бұл кездегі еңбектерде Алаш қайраткерлерінің сын, зерттеу еңбектері біржақты мансұқталды. Бұл зерттеушілердің кемшілігінен гөрі идеологияға құрылған саясаттың салқыны екені түсінікті. 

Екіншіден, өзінің тарихын жазу үшін әдебиеттану ғылымының әдістері де жетілуі тиіс еді. 1920-40 жылдардағы әсіре саясатшылдықтан аздап болса да алыстай бастаған қазақ әдебиеттануы 1950 жылдардың соңына және 1960 жылдардың басына қарай бірқатар әдіснамалық жетістіктерді игерді. Біздің ойымызша, ол 1959 жылы ұйымдастырылған «Әдеби мұра және оны зерттеу» тақырыбында өткізілген ғылыми конференциядан жақсы байқалды. Осы алқалы ғылыми басқосу ұлттық әдебиеттану ғылымындағы ең алғашқы  маңызды жиын. 

Үшіншіден, әдебиеттану әдіснамасын зерделеу үшін оған дайындығы бар мамандар қалыптасуы қажет. Осындай мамандар біздің ойымызша, аталған жылдары қалыптасты деуге болады. Ұлттық әдебиеттану ғылымның тарихын жасаудың басында танымал ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы тұрды.Оның дарынды шәкірті Жандос Қожахметұлы Смағұлов ХХ ғасырдағы ұлттық әдебиеттанудың туу, қалыптасу және даму арналарын мейлінше толық зерттеді. Ондаған мақалаларында және бірнеше кітаптарында қазақ әдебиеттану ғылымының өрістеу жолдары тыңғылықты зерделенді. Солардың ішінде біздің ойымызша, әдебиеттану әдіснамасы барынша сөз етілетін негізгі еңбегі екеу. Олар: «Әдебиеттану әдіснамасы» және  «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеттану ғылымы» еңбектері.

 «Әдебиеттану әдіснамасы» монографиясы – жалпы ұлттық әдебиеттанудағы осы бағыттағы алғашқы үлкен зерттеу еңбек. Кітапта ғылыми әдістер, әдебиеттанудың әдіснамалық негіздері, социалистік реализм тұсындағы әдебиеттанудың жайы, әдебиеттің ғылыми тарихын жасаудағы қадамдар, әлемдік  және ұлттық әдебиеттанудағы ғылыми мектептер туралы толымды зерттеулер жүргізілген. 

Автор бұл еңбегін әдебиеттану әдіснамасының әліппелік, хрестоматиялық мәселелерінен бастайды және бұл дұрыс қадам. Өйткені, осыған дейін мұндай мазмұндағы дәл осындай еңбек жазылмағандықтан, зерттеуші әдебиеттану ғылымының бастапқы түсініктерімен таныстыруды жөн көрген. Соның нәтижесінде автор бұл жөнінде: «суреттеу, яғни нысандардың, құбылыстардың бейнесін жасайды және белгілейді», «құбылысты өзінше пайымдай отырып, талдаулар арқылы себептерін іздейді», «құбылыстардың байланысын, олардың үнемі жұмыс істеуімен түсіндіріп және байқауға мүмкіндік беретін теориялар, сол теориялық аспектілер мен тұжырымдарды жасақтайды», «болжау – ашылған заңдар мен заңдылықтар негізінде құбылыстардың көріну және даму бағыттарын ұсынады» дегенқисынды тұжырымдар жасайды. Бұл – әдебиеттану ғылымын әдіснамасын тану мен меңгеруге бағытталған аса маңызды теориялық толғамдар. Қазіргі жоғары оқу орындарының филология мамандығында оқитын барлық сатыдағы білім алушыларға әдебиеттану әдіснамасының осындай хрестоматиялық ұғымдары оқытылуы қажет. Кейбір жоғары оқу орындарында бұл мәселеге селқос қарайтын болғандықтан, білім алушылар өз деңгейінде жалпы ғылым, оның ішінде әдебиеттану әдіснамасын игермеуде. Бұл реттен келгенде Е. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Жандос Қожахметұлы жұмыс істейтін қазақ әдебиеті кафедрасы көшбасшылық орында. Профессор ғалым өзінің тікелей әдебиеттануға қатысты еңбектерімен қоса көптеген шәкірттерін осы арнаға бағыттады. Олардың алды бүгінде ғылым докторлары, кандидаттары, Phd зерттеушілер. 

Адамның жалпы жаратылыс пен адамды тануы сияқты ғылым да – гносеологиялық құбылыс. Осы реттен келгенде, Ж. Смағұлов өз еңбегінде ғылыми таным туралы сан ғасырлық теорияларды жинақтай келе, оның негізгі бағыттарын атайды. Ғылыми танымды айқындайтын негізгі бағыттар: «танымдық әрекетті адамдардың арнайы тобы атқарады», «танымның арнайы тәсілдері қолданылады – материалдық, математикалық, логикалық, модельдеу, гипотеза, теорияларды жасау, тәжірибе жасау», «білімдер белгілі критерилер негізінде белгіленеді», «ғылыми зерттеудің жүйелі және мақсатты сипаты болады». Гносеологиялық осы пайымдаулар ғылымды таңдаған жастар үшін аса маңызды.

Жалпы бұл еңбек - әлемдік әдіснаманың тарихы мен теориясынан мол мағлұматтар беріп, ғылымға ден қойған қазақ жастарына қажетті білім дарытатын еңбек. Сол арқылы талапты жастар әдіснаманың өздеріне қажет қыр-сырын ұғынады. Кітаптың мазмұны, құрылымы және стилі – Жандос Қожахметұлының қос қабілеті: оқытушылық қасиеті мен ғылыми дарынынан өрістеген шығармашылық табысы. Профессор Жандос Смағұлов өзінің мол біліміне қоса, үлкен шешен тұлға. Сондықтан шәкірттерге білім беруде тамаша ұстаз, білімпаз ғалым биігінде тұр. Осы қос қасиет – университет аудиториясында дәріс оқитын әрбір тұлғадан талап етілетін негізгі сипаттар. 

«Әдебиеттану әдіснамасындағы» ғылыми тұжырымдары бағалы ойлар автордың көркем әдебиет табиғатын түсіндіретін тұстарымен сабақтас. Біздің ойымызша, осындай тұжырым біздің ұлттық әдебиеттануымыз үшін аса өзекті. «Көркем әдебиеттің негізгі екі – әлеуметтік және көркемдік жағы бар. Осыған орай қоғамдың өмірдің әлеуметтік мәселелерін зерттеудің, сол сияқты әдебиеттің көркемдік қырларын ашудың өзіндік тәсілдері бар. Осылайша екі түрлі бағытта қолданылатын зерттеу әдістерін бір жерге басын қосып, әдебиетті талдауға қолданғанда туындайтын қиындықтар зерттеушіден жан-жақты білімдарлықты, шеберлікті, тапқырлықты қажет ететіні анық» деп сөз өнерінің қоғамдық және эстетикалық мазмұннан тұратынын дәйектейді. Қазақ әдебиеттану ғылымында сөз өнерінің тарихы азаматтық тарихпен тікелей байланыстырылып жүргендіктен, ғалымның бұл пікірінің өзектілігі жоғары. Жалпы ғалымдардың осы сияқты пікірлерін негізге алып, әдебиет тарихын оның көркемдік эволюциясымен сабақтастыра зерттеудің кезеңі келді деп ойлаймыз. Себебі сөз өнерінің халықтың азаматтық тарихымен салыстырғанда өзінің өрістеу жолы бар. Сондықтан да көркем әдебиеттің тарихын нақты көркем мәтіндердің негізінде эстетикалық мазмұны арқылы бағалау және дәуірлеу қажет. 

Жандос Қожахметұлы ғылыми пікірлеріндегі құнды ойлардың бірі – ғылымдар тоғысындағы әдіснамалық интеграция десек, бұл жайында ғалым:  «...тұтас бір дәуір бейнеленген көркем туындының көркемдік қасиеттерін ашып көрсету үшін бір ғана әдебиеттану ғылымының әдіс-амалдары жеткіліксіздік танытып, ондай кездерде басқа да қоғамдық ғылымдардың жетістіктері мен зерттеу тәсілдерін пайдалану да – жиі кездесетін жәйт». Ғалымның бұл пікірі көркем шығарманы немесе әдеби үдерісті әдіснамалық тұрғыдан тек қана әдебиеттану ғылымының негізінде емес, сонымен қоса басқа да ғылымдардың әдістерін пайдалану қажет деген  оймен орайлас. Әсіресе, сөз өнері сияқты адам танымының эстетикалық, психологиялық және философиялық қырларын бейнелейтін өнер түрін зерттеуге жалпы кешенді көзқарас қажет. Сол себепті де қазіргі әдебиеттану ғылымына эстетиканың да, психологияның да, философияның да және сонымен қоса әдебиет сөздің өнері болған соң тіл білімінің де, қоғамның айнасы болғандықтан қоғамтану мен әлеуметтанудың да ғылыми нәтижелерін барынша қолданған жөн. 

Жалпы зерттеушінің алдыңғы еңбегіндегі ғылыми ойлары келесі еңбегіне жалғасып, орайына қарай толықтырыла түседі. Біздің ойымызша, кеңестік дәуірдегі әдебиеттануға алғаш рет толымды баға берген Жандос Қожахметұлы «Әдебиеттану әдіснамасындағы» ойларын «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеттану ғылымы» ғылыми еңбегінде еселей түсті. Ғылыми ақиқат жөнімен келсек, кеңестік кезеңдегі әдебиетке объективті баға берумен бірге әдебиеттану ғылымына да дәл осындай әділетті баға бергеніміз жөн. Оған алғаш болып толымды қадам жасаған профессор Жандос Смағұлов екенін арнайы атауға тиіспіз. 

Ғалымның қос еңбегі әдебиеттану ғылымының ішкі кезеңдерін тануға мол мүмкіндік береді. Автор Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған алғашқы мақалаларынан бастап тәуелсіздік тұсындағы ұлттық әдебиеттану ғылымының эволюциясына шынайы ғылыми тұжырымдарға негізделген  әділетті баға беріп, қазақ ғылымының табиғи үдерісін дәл танытқан. Бұл – әдебиетші ғалымның үлкен олжасы. Оны бүгінгі шәкірттер мен мамандар қалай қажетіне жаратса, келешек ұрпақтың да санасына ұлттық әдебиеттану ғылымының нәрін сіңіреді деп ойлаймыз. 

Әдіснамалық ойлары жинақталған еңбектеріне қоса, «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» атты көлемді зерттеуін атауға тиіспіз. Осы еңбек жөнінде белгілі ғалым, профессор Қуандық Мәшһүр-Жүсіптің мына бір пікірін келтіруді жөн санадық. Ол: «Бұл тұрғыда саясатқа телінген қазақ әдебиеттану ғылымының кеңестік дәуірде жүріп өткен жолын қарастыру – салиқалық пен парасаттылықты да қажет ететін ақиқат. Сондай сүбелі зерттеулер қатарында Алматының  «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген Жандос Қожахметұлы Смағұловтың «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» атты монографиясын атауға болады» деп жоғары бағалайды.

Профессор ғалымның «Әдебиеттану әдіснамасы» монографиясы және «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеттану ғылымы» оқулықтарымен қоса, ондаған мақалаларынан ұлттық әдебиеттанудың әдіснамасы жайындағы өрісті ойларымен танысамыз. Бұл ретте ғалымның өзінің ғылыми бағытына адалдығы мен тұрақтылығын жақсы аңғарамыз. Жалпы, осы қасиеттер ғалым үшін аса бағалы деп білеміз. «Әл-Фараби және әдебиеттану ғылымының негіздері», «Қазақ әдебиеттану ғылымының негізгі арналары», «Ұлттық әдебиеттану ғылымының әдіснамалық мәселелері», «Әдебиеттану ғылымының бүкіл түркі халықтарына ортақ негіздері», «Ұлттық әдебиеттанудағы ғылыми мектептер» және тағы да басқа ғылыми мақалаларында әдіснаманың толғақты мәселелері талданған. 

Ұлтжанды азамат, ұлағатты ұстаз, білікті ғалым Жандос Қожахметұлы Смағұловтың зерттеулеріндегі негізгі арқаулардың бірі – Алаш көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мол мұрасы. Ахаң ақталғалы бері отыз жылдан астам уақытта оның еңбектерін талмай зерттеумен келеді. Мақалаларынан бастап «А. Байтұрсынов – қазақ әдебиеттану терминдерінің негізін салушы», «Ахметтану бастаулары» сияқты оқу-әдістемелік құралдарымен жалғасқан ахметтану мәселелері Жандос Қожахметұлының негізгі зерттеу нысандарының қатарында. Осы арада бәріміз бірлесіп дайындаған «Ахмет Байтұрсынұлы» тұлғалық энциклопедиясында сіңірген еңбегі де орасан. Ғылыми ізденімпаздығы ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойында Мәскеу қаласына барып, Ресей Федерациясының орталық мұрағатында еселі жұмыс істеп, қаншама деректер әкеліп, ғылыми айналымға қосқанынан айрықша аңғарылды.  

Жәкең туған Ақтоғайын ерекше перзенттік сезіммен сүйетінін ерекше атауға тиіспіз. Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбайұлы, Әлімхан Ермеков және қаншама көрнекті тұлғалар тудырған қасиетті Ақтоғай туралы ағасы Мұратхан Қожахметұлымен бірлестікте жазылған «Абыз дала, аңыз дала - Ақтоғай» атты шежіреге толы туындысы өлкетануға қосылған үлкен үлес.    

Біз бұл мақалада туған еліміздің білімі мен ғылымына жарты ғасырға жуық адал еңбек еткен ғалымның зерттеулеріндегі әдебиеттану әдіснамасы мәселелеріне ғана тоқталдық. Оның көркем әдебиетті зерттеу, өлкетану және тұлғатану саласындағы жемісті еңбектері Қазақстанның ғылыми ортасына жақсы таныс деп ойлаймыз. Ұстаз ғалымның мол әлеуеті, тегеурінді қуаты әлі де ұлттық әдебиеттануда жаңа сөз, соны тұжырымдар жасауға толық мүмкіндік береді. Ең бастысы, профессор Жандос Қожахметұлы Смағұлов – өзінің қос қасиеті ғылыми қабілетіне қалай адал болса, ұстаздығына да сондай адал азамат. Сондықтан да әріптестер мен шәкірттерінің мақтанышына айналған үлкен тұлға. 

Ербол Тілешов,

ҚР ҒБМ Тіл саясаты комитетінің төрағасы, 

филология ғылымдарының кандидаты. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Той-қазына

19.10.2026

1263

Taza Qazaqstan