(Әңгіме)
Жаңа жылдан кейінгі бір аптаға жуық демалыс көзді ашып-жұмғанша зу етіп өте шықты. Жұмыстың алғашқы күні-ақ жоғары жақтан келіп түскен шұғыл хабарлама жергілікті басқару үкіметін әбден әбігерге салды. Облыс активтері тайлы-тұяғымен жиналып өткізген отырыс сол күні-ақ қала, аудан, басқарма, орталық, бөлім, бөлімшелерге құлдилай жалғасып, толықтай бір тәулікке ұласып кетті. Жинала қалып ақылдасты, бас изесіп құптасты, қоян-қолтық жұптасты, қол берісті, қол алысты...
Ертеңінде-ақ әдеттегі жұмыс күндері аузы-мұрнынан шығып, шенді-шекпенділерге лық толып отыратын кеңселер қаңырап бос қалды да бәрі жаппай көшеге шығып кетті. Әрине, көшеге дегенде әлде бір наразылық шеруі немесе митингке шықты деп ойлап қалмаңыздар. Біздің қалада ондай болмайды. Болған күннің өзінде бұғып қалатын басшылар мен атқосшылар қалайша жайлы-жұмсақ кеңселерін бос қалдырып, далаға шығады?
Үлкен кісінің арқасында бейбіт мамыражай күн кешіп, тұрақты дамуға ниеттеніп, бірнеше жыл бойы бір орында тоқтап, тыныш қана мүлгіп тұрған жергілікті өлкеде ондай алабөтен алауыздық деп саналатын бетбұрыс бола қоюы екіталай. Болған күннің өзінде ел мен жерді басқарып отырғандар шыға ма екен, ондай митинг пен шеруге. Былтыр бір сәбиін көтеріп, бес-алты баласын шұбырта жетектеп, оншақты ана топтасып көшеге шыққан. “Атаулы әлеуметтік көмек қайда?” - деп. Осылайша, жай ғана алуға тиіс жәрдемақысын талап еткеннің өзінде оларға бес қаруы сай әскер мен полицейлерін жіберіп, өздері қорыққанынан әкімдіктің жертөлесіне кіріп кетіп, маңдайларын түйістіріп үнсіз тұра қалып еді ғой. Олар тек бірлігі жарасып көше тазалауға ғана шыға алады. Бұл жолы да жаппай сенбілікке шыққан беті болатын.
Жергілікті үкіметтің орталығы саналатын әжептәуір ірі қалада көше көп қой. Оның бәрін жөнге келтіремін, қоқыстан және баттасып басып қалған ақ қар мен көк мұздан тазартамыз деу аңыз болар. Ат төбеліндей шенді-шекпенділер қампиған қарындарының өзін зорға көтеріп жүргенде, ондай ауыр жұмыстан титықтап, зорығып өлмей ме? Сол себептен, олардың жанталаса тазартуға ден қойған жерлері әуежайдан басталып, әкімдік пен билеуші партия кеңсесі тұрған ғимаратқа дейінгі аралық қана. Сол маңда тұрған бір мектеп пен емхана бар. Оған баратын жерді де тазарту керек. Қала щаруашылығы күнделікті тазартқан болып жүрсе де бұл жолы олар ешкімге сенбеді. Өздері кіріспесе, өзгелер бірдеме бүлдіретіндей күмәнданып, бар шаруаны көздерімен көріп, қолдарымен ұстағылары келді. Неге?
Айтайын, бұл қалаға ел астанасынан Үлкен кісі өзі келгелі жатыр. Ал, ол кісінің аралап көретін, барып бас сұғатын жерлері мұнтаздай таза, көрсе көз тоярлықтай әсем болуға тиіс. Сол үшін жергілікті бастықтар өздері бастап, халқы қостап, көше тазалауға кріскен.
Жергілікті үкіметте шағын бөлім басқаратын Сайлау көше бойындағы тұрғын үйлердің қасынан өтетін күре жолды тазалауға әріптестерімен бірге қызу кірісіп жатыр еді:
-Ха, ха, ха! Мына Сайлаудың мықшыңдап жүрген түрін қарасаңшы-ей! Жақсылап тазала-ей, менің ауламды! - деп, гүжілдеген бір таныс дауыс тас төбесінен естілді.
Жоғарыға жалт қараймын дегенде, басындағы құлақшыны жерге түсіп кетіп еді, әлгі гүжілдек тағы да қарқылдап күлді. Жоғары жаққа қараса, құрдасы Жайлау екен. Бесінші қабаттағы балконда темекі тартып тұр.
-Үлкен кісі біздің үйдің жол жиегі жағын ғана емес, кіреберіс жағын да көремін деуі мүмкін ғой. Бәлкім, біздің үйді бір айналып өтіп, әкімдікке баратын шығар. Күңгейін ғана емес, теріскейін де ескеріп, айналдыра тазартыңдар-ей! - деп, қарқ-қарқ күлді де, ары қарай кіріп кетті.
Сайлау қасындағы қоластындағыларынан бір қысылып, үстінен қарайтын басқарма басшыларынан тағы именіп, ештеңе дей алмады. Бар қолынан келгені іштей бір сыбап, кіжінді де қойды. Сонда да сырттай сабырлы кейіп танытып, жайбырақат түр жасап алды да, қар күреуін жалғастыра берді.
Үлкен кісі келерден бір күн бұрын қарбалас жұмыс одан ары қыза түсті. Ішкі саясат пен мәдениет басқармасы қызметкерлері және билеуші партияның белсенділері әлгі темекі тартқыш Жайлаудың үймен қатарлас тұрған ескі тұрғынжайлардың ала-шұбар болып, айғыздалып кеткен күнгей жақ қабырғаларын әрлеумен айналысты. Көнетоз балкондарын сырлап еді, әжептәуір жаңарып, жайнап шыға келді. Бұл шаруа аяқталғанымен келесі маңызды істер тағы да алға шығып, шаруа шашетектен туып жатты.
Енді, аспанның ашық болуы, Үлкен кісі келіп-кеткенше қар жауып кетпеуі үшін дін қызметкерлері қаладағы дәстүрлі діндердің бірнеше ғибадатханаларына бөлініп алып дұға оқыды. Ішінара әкімдіктің арнайы тапсырмасымен қала шетіндегі бақсы-балгерлерге барып, қобыз тартқызып, жын-перілер шақырып қарлы боранның алдын алуға тырысты. Олардың бұл әрекеттерін кейбір әсіре діншілдер “Жаратушыға серік қосу, ширк” деп сынап-сөксе да, шенеуніктер оған пысқырып та қараған жоқ. Жергілікті шенділер үшін ең бастысы, Үлкен кісіге серік қоспаса болды, қалғаны, далбаса болса керек. Әртүрлі сенім-нанымдағылардың сан алуан дұға-тілектерінің әсері болған-болмағанын кім білсін. абырой болғанда, сары шұнақ аяз қанша қысса да аспан шайдай ашық тұрды. Мешіт имамдары мен шіркеу поптары оны Үлкен кісінің нұр шапағатының арқасы деп халыққа түсіндіріп қойды.
Қала әкімдігі қызметкерлері мектеп, колледж, жоғары оқу орындары мұғалімдері, оқушы, студенттер және медицина мамандарымен бірге қардан тазартылған қара жолдың екі жақ жиегіне қаз-қатар тізіліп күні бойы репетиция жасады. Оларға өздеріне жүктелген шаруаларын мерзімінен төрт сағат бұрын бітірген билеуші партия мүшелері мен жас өрен қанатының белсенділері келіп қосылды. Сонымен әуежайдан әкімдікке дейін созылып жатқан күре жолдың қос жиегі сап түзеген адамдарға лық толды.
Сақылдаған сары аязға қарамастан репетицияны іңірге дейін жалғастырды. “Жасасын, Үлкен кісі!”, “Алға, біздің өлке!” деген ұрандарды түрлі дауыстармен қосылып, айғайлай-айғайлай тамақтары қарлықты. Бәріне ертең таң сәріде келіп, жол бойындағы орындарында тапжылмай тұруды міндеттеген бас ұйымдастырушы:
-Егер, кімде кім уақытында келмесе, дәл бүгін тұрған орнына жайғаспаса, ол адам қандай қызметте екендігіне қарамастан жұмыстан шығарылады. Солай етуге тура келеді. Өйткені, бұл аса маңызды саяси іс-шара. Сондықтан, осында жиналғандардан бірің де қалмай келіп, қолдарыңдағы плакаттарыңды ұстап, ұрандатып тұрасыңдар! Ал, енді үйлеріңе қайтыңдар! Дауыстарың тұнық әрі әуезді шығуы үшін үйлеріңе барған соң тамақтарыңды сода қосылған жылы сумен шайыңдар! Таңертең араның балы қосылған шәй ішіп және бір-бір шикі жұмыртқа жұтып алып келіңдер! - деп тапсырма берді.
Осы сәтте жергілікті үкімет ордасында да қызу дайындық жүріп жатты. Қаладағы ең белді екі театрдың аттарынан ат үркетін режиссерлері ел астанасынан келген орталық аппараттың қызметкерлерімен бірлесіп, маңызды саяси қойылым әзірлеп жатты. Қойылым дейтіндей-ақ бар. Үлкен кісіні әуежайда қарсы алатындар мен жергілікті үкімет ордасындағы жиында сөз сөйлейтіндерді қызу дайындықтан өткізіп жатты. Актив жиналысында алдыңғы қатарға отыратындарды бұрын-соңды “Жігіт сұлтаны” байқауында топ жарған жастар мен жасамыс еркектерден және әртүрлі “ең сұлу ару”, “теңдесі жоқ мисс” конкурсында жеңімпаз болған қыз-келіншектерден жасақтап қойды. Оларға тек қана болмашы ғана жымиып, қуана күлімсіреп отыру тапсырылды. Ал, беталды ыржалақтап күлуге де, қабақ түйіп түксиюге де қатаң тиым салынды.
Орталық аппараттан келгендер жиында сөз сөйлейтіндерге өздері дайындап әкелген мәтіндерді жаттатып әлек. Әркімнің өзіндік ойы мен шынайы сөзі емес, біреулердің дайындап берген жасанды жалған бірдеме болғандықтан ба, көлемі екі-үш беттік қана мәтінді игеру де оңай шаруа емес екен. Одан гөрі “Қобыланды батыр” немесе “Алпамыс батыр” жырын түгелдей жаттап ала салу оп-оңай секілді көрінді.
Кәсіпкер, дәрігер, мектеп мұғалімі және кітапханашы төртеуі берген мәтінді лезде жаттап ала қойды. Тексерген кезде мүдірмей айтып бере алды. Орталықтан келген ұйымдастырушы қағаздағы мәтінге қарап тұрып, әлгілердің әр біріне жатқа айтқызып көріп еді. Олар өте мұқият жаттағандары соншалық, үтір, нүкте қойылған жердің өзінде тиісті паузаны алып, барлық талапты мүлтіксіз орындап шықты. Ішіндегі ең мықтысы кітапханашы еді. Бірақ, оны орталықтан келген уәкіл онша ұнатпады да орнына ай десе аузы, күн десе көзі бар, өзі жас бір қызды алдырып, сөзді әлгіге жаттатып біраз уақытты зая кетірді. Қазақша сөйлейтін өзге ұлттың өкілін бүкіл өлкені шыр айналып іздегендер ешкімді таппай бос келді. Оны естіген әкімнің орынбасары тас-талқан болып ашуланды:
-Әй, әлгі Тянь, Пак дегендер қайда?
-Олар Алматыға көшіп кетіпті.
-Шнайдер бар емес пе?
-Екі жыл бұрын Германияға кетіп қалыпты.
-Өзіміздің Александр ше?
-Екі апта бұрын Ресейге көшіпті ғой.
-Қой-ей! Колледждің директоры кім еді? - деп әкімнің орынбасары есімін есіне түсіре алмай тұр еді:
-Светлана Марковна! - деді, көмекшісі.
-Енді, сол бар емес пе? Біліп тұрып неге ала келмедіңдер?
-Бардық қой, оған да...
-Келмеймін дей ме, не?
-Жоға, келер-ақ еді...
-Не болып қалыпты?
-Қазақшаны ұмытып қалыпты.
-Әй, ол қазақ ауылында өскен қыз еді ғой. Албасты басты ма, оны, неге ұмытады, а?
-Оған біз де солай деп едік, өзімізді кінәлай жөнелді ғой.
-Не деп?
-Қалада барлық қазақ орысша сөйлейді. Ауылға барсам, бәрі көшіп кетіпті, иен тұр. Соңғы бес жыл бойы қазақша сөйлесетін адам таппай ақыры, ұмытып тындым деп өзімізді ұрсып-ұрсып қуып шықты.
Әкімнің орынбасары амалы таусылғандай екі иығын қомдап тұрды да қалды. Осы сәтте орталық аппараттан келген уәкіл залдың шетінде тұрған қысық көз, шашы тікірейген арық қара жігітті шақырды да:
-Қазақша білесің бе? - деп сұрады.
-Әрине, білемін. Қазақпын ғой.
-Бәрекелді! Ертең сен корей ұлтының өкілі болып сөз сөйлейсің. Түрің ұқсап тұр екен.
-Қойыңызшы ағасы, әзіліңіз бе? Менің қазақ екенімді бәрі біледі, ұят қой.
-Ештеңе етпейді. Кейін жергілікті жұртқа аты-жөнін модератор қате жариялап жіберді дегендей бір сылтау айта саламыз. Бастысы, Үлкен кісі сені танымайды ғой. Болды! - деп, мәселені дереу шеше салды.
Бәрінен қиыны, жергілікті университеттегі ең жас профессорды көндіру болды. Ол үшін түн жарымы ауғанша дауласуға тура келді. Ақыры ең соңында:
-Мен біреудің жазып берген сөзін жаттап айта алмаймын. Не айтарымды өзім білемін. Сондықтан, маған репетицияның қажеті жоқ! Өз ойымды ашық білдіруге мүмкіндік болмаса, не үшін сөйлемекпін! - деп, жас профессор шорт кесті.
-Үлкен кісінің алдында сөз сөйлеу деген зор құрмет әрі аса жауапты мәселе. Екінің біріне беріле салмайтын бақ. Ол жерде әркім өз білермендігімен не болса, соны беталды айтпайды. Бәрі біз жасаған бағдарлама бойынша өтуге тиіс - деп, орталық аппараттың өкілі қоймады.
-Сіздің мұныңыз бағдарлама емес, сценарий ғой. Мен актер емеспін. Сіз дайындаған мәтінді неге жаттап айтуым керек? Оның үстіне менің туған қаламды сіз Үлкен кісінің атымен атауды маған жүктеп отырсыз. Мен келіспеймін. Жазған мәтіндеріңіз ұнамайды. “Сіздің дана басшылығыңыздың арқасында...”, “Сіз болмағанда, біз қоңыз теріп кетер едік” дей ме, не бұл?! Неткен жағымпаздық? Өзіңіз айтыңыз ендеше! - деп, әлгі жас жігіт шығып жүре берді.
Аппарат қызметкерлері алдын ала бекітілген бағдарламасына сәл өзгерту енгізіп, оның орнына ең қарт профессор шақырылды.
-Ол ақсақалдарың әлгіндегіден өткен қырсық біреу болып шықпасын. Дұрыс адам ба, өзі? - аппаратшылардың бірі әкімнің орынбасарынан сұрады.
-Сенімді кісі. Біздің ақсақалдар жақсы ғой. Не айтсаң да, “ләппайлай” береді - деді, әкімнің орынбасары шалдардың көнбістігін мақтан етіп.
Айтса айтқандай-ақ екен. Шал даяр мәтінді көз жүгіртіп оқыды да дереу айна-қатесіз айтып берді. Арасында, оны түрлендіріп, Үлкен кісіге айтылатын мадақтың бояуын қанық ете түсетін сөз тіркестерін қосуды ұсынды.Онысы аппаратшылардың көңілінен шығып, оларды қуантып тастады. Сонымен, бәрінің көңілдері жай тапты.
Аппарат өкілдері мейманханаға барар жолда әкімнің орынбасарынан:
-Ақсақал мәледес екен. Өмір бойы ұстаздық еткен кісі ме? - деп сұрады.
-Совет кезінде обкомның идеология жөніндегі хатшысы болған. Компартия тараған соң профессор болып, шәкірт тәрбиелеп жүр.
-Бәсе, көрініп тұр. Алтынның сынығы екен ғой. Ал, анау ең жас профессорың оппозиция өкілі секілді ғой. Қалай ондай адамды бақылауға алмай жүрсіңдер? - деп, аппаратшы кейи сөйледі.
-О, не дегеніңіз, басеке! Бізде оппозиционерге орын жоқ. Ол “Болашақ” түлегі, ешбір партияға мүше емес.
-Қайдам, тым бірбеткей екен. Ертең активтер жиналысына жолатпаңдар! Біздің жоспарымызды бүлдіріп, сын-сөгіс бірдемелер айтып немесе қыңыр-қисық сұрақ қойып, ыңғайсыздық тудырып жүрмесін!
-Мақұл, басеке! - деді, әкімнің орынбасары елпең қағып.
Сол түнді әкім-қаралардың біразы ұйқысыз өткізді. Орталық аппараттан келгендер мен екі режиссер, жиында сөз сөйлейтіндердің де ұйқылары қашты. Ең қарт профессор да қатты толқып, ояу жатты. “Үлкен кісі сөзімді ұнатып, жеке қабылдауына шақырса, бек жақсы болар еді. Жалғыз ұлымның қызметте өсуіне бір септігім тисе...” деп ойлаған сайын түн ұйқысы төрт бөлінді.
Әкімнің орынбасары да осы жолы көзге түсіп, көңілден шықса, Үлкен кісі ұнатса, министрдің немесе әкімнің тағына жармаса кетуден дәмелі. Шағын ғана бөлімнің қозы қарын бастығы Сайлау да кірпік айқастырмаған күйі таңды қарсы алды. Оның да көкейін тескен мәнсап. “Провинциядан кетіп, орталыққа жетсем, министрліктің бір департамент басшылығының тізгіні қолыма тисе, ары қарай...” - деп, аһылап, дөңбекшумен болды.
Жиында сөз сөйлейтіндер де қатты қобалжып, ұйқылары шала болды. Сөздерін жаңылмай айтып, бастықтарына жақса, жағдайларының жаман болмайтынын іштері сезетін секілді.
Үлкен кісі бас сұғады делінген мектеп директоры да қатты қобалжып, ұйқы-күлкіден айырылды. Осы жолы бәрі сәтті өтсе, ол білім басқармасының бастығы болудан дәмелі. Сол үшін бүгін күні бойы қаншама әуіре-сарсаңға түсті десейші.
Оқушылар мен ұстаздармен кездесу өткізетін залдағы орындықтардың бірі де ұнадым. Директор шаруашылық жөніндегі орынбасарын шақырып:
-Үлкен кісі келгенде отыратын бір жақсы жұмсақ орындық тауып әкеліп мұнда қойшы! - деп тапсырма берді.
Ол күні бойы кеңсе тауарлары мен үй жиһаздары сатылатын дүкендерді шарлап ештеңе таппай келді. Директордың әбден басы қатты. Көрші мекемелерден бірлі-жарым орындықтарды сұрап әкеліп, орынбасары көрсеткен креслолар ұнамады. Өте керемет бір орындықты директор бір жерден көргені кенет есіне түсті. Өткен күзде жаңадан салынған жұқпалы індеттер диспансерінінің ашылу салтанатына барғанда бас дәрігердің кабинетінен көрген. Дереу орынбасарын диспансерге жөнелтті. Обалы нешік, әкелді, екі күннен кейін қайтаратын болып, келісіпті. Тазалаушы әйелді шақырып:
-Мына орындықты жақсылап тазартшы! Ертең Үлкен кісінің отыратын креслосы ғой! - деп еді, өзі де көкбет қатын еді, тазалаушы:
-Сіздер оқушылар мен ұстаздар ортасына туберклез диспансерінен орындық әкеліп, ауру таратқалы отырсыздар. Алдымен, маған одан кейін өзгелерге, ең соңында Үлкен кісіге де ауру жұғады. Ертең мен мұны барлығының көзінше айтамын! - деп бұлқан-талқан болды.
Директорда зере қалмады. Тазалаушы әйелді алдап-сулап, оған су жаңа теледидармен қоса азын-аулақ ақша беріп зорға тоқтатты.
Осылайша, санаулы ғана жандар болмаса, жергілікті өлкенің жалпы жұрты бұл түнді тыныш өткізіп, ұйқыларын толықтай қандырып, таңды әдеттегісінше шүкіршілікпен қарсы алды.
Үлкен кісі мінген ұшақ әуежайға талтүсте қонады деп хабарланғанымен жергілікті басшылар мен халық таң сәріде жиналып, белгіленген орындарында қаққан қазықша қақиып тұрды. Қарапайым халық ақырып тұрған таңғы аязға қарамай жолдың екі жағында қаз-қатар тізіліп тұр. Ара-тұра тоңа бастағандары аяқтарын жылыту үшін тұрған жерлерінде тыпыршып, секірісіп қояды. Ауыздарынан шыққан демдері сол сәтте будақтаған буға айналып, қасы-көздері мен тері малақайларын лезде ақ қырауға орайды. Олардың көкейіндегі жалғыз ойлары, ұшақ тезірек келіп, құрметті мейманның осы жол бойымен зулатып өте шығуы ғана. Ары қарай өздері-ақ тарап, жылы үйлеріне барып, ыстық шәйларын сораптап отырса, дүниенің рақаты әзірше, сол болып тұрған жайы бар.
Ал, жергілікті үкіметтің жылы ғимаратына құлқын сәріде келіп алып, ерсілі-қарсылы ойқастап жүрген шенділер сағаттарына әлсін-әлсін көз салып, Үлкен кісінің келетін уақытын тағатсыздана күтіп жүр. Негізі, талтүске дейін қай заман. Бірақ, игі жақсылардың өзара ақылдасатын, алдын ала белгілейтін іс-шаралары әлі бар секілді. Бірақ, бұрынғыдай кабинеттерінде мамыражай жайғасып отырған тірі жан жоқ. Бәрі абыр-сабыр болып, ерсілі-қарсылы шапқылап жүр.
Кең дәлізде топтасып, жергілікті үкіметтің жайсаңдарымен бірге орталық аппараттан келген уәкілдер де тұрған еді. Кенет көрші облыстың әкімі осындағы әріптесіне телефон шалды. Екеуі аман-сәлем алысқаннан кейін жаңалық сұрасып жатқан. Аяқ астынан мұндағы әкім қатты дауыстап жіберді:
-Не дейді-ей! Ой, Үлкен кісі осында келеді деп біз жік-жапар болып жүрсек, ол қалай болғаны? Бір сәтте екі облысқа қатар баруы мүмкін емес қой... Бәлкім, алдымен бізде болып, кешкісін сіздің өлкеге баратын шығар? Расымен солай ма? Қазір біз анықтайық! - деді де, әкім орталық аппарат уәкілдеріне:
-Бұл қалай болғаны? Үлкен кісі көрші облысқа келіп, одан ары шетелге аттанады деп тұр ғой, менің әріптесім.
-Мүмкін емес! - деп, қатты абыржыған уәкіл Үлкен кісінің көмекшісіне телефон шалды.
Әкімнің айтқаны айна-қатесіз рас болып шықты. Орталыққа дереу хабарласқан уәкіл ұйымдастыру басқармасындағы әлде бір қызметкердің жауапсыздығынан аты ұқсастау екі облысты шатастырылғанын білді. Үлкен кісі келеді деген дүрмекпен біраз шаруаларын реттеп алған әкім қуанып, көп дүниеден үміттенген орынбасардың көңілі ортайып қалды.
Ал, жол жиегінде талтүске дейін бүрсеңдеп, шеру тартып тұрған көптің назарын бесінші қабаттан айғай салған Жайлаудың барқылдаған даусы бірден аударды:
-Әй, Сайлау құрдас! Босқа дүрлікпей тарасаңдаршы! Үлкен кісі көрші облысқа келіп, ұшақтан түсіп жатыр. Бізге келмейді дейді ғой. Көрші облыстан шетелге кетеді дейді. Міне, Фэйсбүктің тікелей эфирі! Ха, ха, ха! - деді, смартфонын жылтыңдатып.
2020.
Сурет ашық ғаламтор кеңістігінен алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.