Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Қуандық Түменбай. Өмір ғой...

03.02.2020 4070

Қуандық Түменбай. Өмір ғой 16+

Қуандық Түменбай. Өмір ғой - adebiportal.kz

Зейнеткер серуенге шықты. Есік алдына жақын саябақта жасыл бояуы оңа бастаған шырша мен биік өскен сәмбі тал, көнбіс қарағаш пен тіп-тік боп көк тіреген аққайың көзге сұлу көрініп, көңіл шіркінді өзіне баурайды. Бірақ, уақыт-сынапқа дауа жоқ. Бәрінің мезгілі жетіп, қиғаш жапырақтар қара жерге қалықтап түсіп жатыр. Сап-сары дүниені табанмен тұншықтырып басқың да келмейді, бірақ бұрылып кетер жол жоқ. Даланың дәл кіндігіндегі саябақта ерекше тазалық болу керек деген нұсқаумен аула сыпырушылардың да қолы бір тынбайды. Сыпырып болмай жатып, сары жапырақ ағаш басын аластап, тағы да сауылдап жерге түседі. Анадай жерде «Тазалық – денсаулық кепілі» деген төртбұрыш тақтайша тұр. Әбден көнеріп, ескінің сарқытындай көзге әрең көрінеді. Қара ағаштың қатпар-қатпар діңінде төрт аяғы тырмысып, тиін шошандап жүр. «Тірі жан ғой, ол да жүрсін, барар жеріне барсын» деп аянышпен көз алмай қарап қалды. – Тірі тіршілігін істесін» деп өзін-өзі құптап қойды. «Қанша уақытта бір сыпырасыңдар?» – деп сұрағанда үсті-басы кірге шыланған қазақ жігіт: «Екі сағат сайын. Бұл – қаладағы ең элитный район. Бұл маңға әкімдер көп келеді. Жиырма бес итаж гәстіницадан шетелдіктер шығып серуендейді. Дәл түбінде Республика сарайы. Ана жерде Абай тұр», – деп ұлы ақынның тас мүсінін иегімен нұсқады.

Қаладағы көзге тартар ең көрікті жер болғасын ба, бұлар нұсқаудан мүлт кетпей, қара жерге қылау жұқтырмауға шындап кіріскен сияқты. Сөзін тыңдап, түйілген қабақтарына қарасаң, адамзаттың білгенін істеп, білмегенін сұрамайтын бұра тартар қылығына қарны ашатындықтарын да байқатып қалады. Бұған анау ағаш түбіне шаптырып келе жатқан біреудің сұлбасы куә. Қолдан жасалған көлшіктің ортасында субұрқақ атқылап тұр. Су бетінде қалықтап жүзген бірен-саран жапырақты тағы бір жігіт аяғына резеңке етік киіп ап, суды кешіп жүріп, шабақ сүзгендей қалқып алып, сыртқа шығарып жатыр. Әнебір жерде гранит тастан жасалған шахмат тақтасы. Кеше алабажақ тақтаның үстіне сарт та сұрт карта соққандарды көріп еді, бүгін король мен офицердің орнына тығыны жоқ қос бөтелке қонжиыпты. Қаз-қатар тізілген пешкалардың орны нанның қиқымы мен сарымсақтың қалдығы. Бергі жақтағы тас орындық та мүжіліп, орнынан қозғалып кетіпті. Саябақта орындық көп, бірақ бәріне қарттардан гөрі жастар еркін жайғасқан. Мына бір қыз қос тізесін бүгіп отырса, жігіт жұмыр тізеге басын қойып, әкесінің үйіне келгендей шәниіп жатыр. Қыз сүйіктісінің маңдайынан иіскеп, шашын тарақтап, екеуі де ел-жұрттан бөлініп, басқа бір кеңістіктің қызығына бөккен. Әнебір кәмелетке толған тағы бір қыз екі өкшесін орындыққа қойып ап барынша талтайып, қалта телефонның қызығына көмілген. Қарсы алдымда адам келе жатыр-ау, еркек келе жатыр-ау деп именбейді, қарлығаш-лыпасын көрсетіп, саябақты көрікке бөлегеннің бірі сол. Зейнеткер Ахмет есімді кісінің күнде көретіні осы. Бір рет темекі тұқылын қайта-қайта жүргінші жолына тастаған балаң жігітке ескерту жасап еді, «Сенің жұмысың болмасын», – деді жайбарақат ғана. Бұл жерді күзететін қоғамдық тәртіп сақшылары да жоқ, тек бір күндері қызыл жаға дегенің қаптап кетеді, тіпті соғыстағыдай бөлімше-бөлімше боп саппен жүреді. Сөйтсе, Республика сарайына әкім кеп іс-шара өткізеді екен. Көз көрген оқыс әрекеттерді айтып еді, «Бұл біздің құзырымызға кірмейді, біз жиналыс кезінде ың-шың болмауын қадағалаймыз», – деп нақты жауабын берді.

Зейнеткер кісінің көңілі бүгін күз күніндей салқын. Сары жапырақтар сауылдап түсіп жатыр. «Жаздың да біткені ме?» Жан-дүниесін бір ауыртпалық басқан Ахмет тас басқышты аттап жоғары көтерілді. Айнадай жарқыраған мрамор еден жылан жалағандай тап-таза, тіпті, табан тигізгің келмейді. Зәулім Сарайдың дәл алдында соңғы үлгіде тізілген субұрқақтар ышқынып, аспанға су шашып тұр. Бірақ, оны қоршаған қоғамдық тәртіп сақшылары жаз қызығын соңғы рет көріп қалғысы кеп ұмтылған кішкентайларды алға жібермей әлек. Тік тартылған субұрқақтың арасымен денеге су тигізбей сидаңдап өте шығу олар үшін бір арман.

– Бұны неге қоршап тұрсыңдар? – деді бүлдіршіндерге болысып.

– Әкім кеткенше суға жақындауға болмайды.

– Балалар соңғы рет жаз қызығын көруге келді ғой, - деп көздері дәметіп тұрған тәмпіш танауларға қарап еді, «Нұсқау солай!» - деп шорт кесті қызыл жағалылардың дөкейі иығын қиқаң еткізіп. Өзімен бірге майор жұлдызы да шалға түйіле қарады.

Сөз айтып ешкімді жеңе алмасын біліп, тағы да биікке қарай өрледі. Терренкурмен жүріп, таудан басын алған өзен суымен сырласып, қасынан кеткен баласы мен кемпірінің өлі бейнесімен су арқылы тілдесіп, көңілін сумен жуғысы кеп алға аттады. Сексенің де оңай емес. Кірбіңі бар адамның қимылы да баяу. Жүрек тық-тық соққасын оған не дерсің.

***

Таңертең ерте тұрып өзен жағалайды. Таудан сарқырап аққан өзеннің кілт-кілт еткен толқынын санап, сексенге жеткізеді. Сексеннен кейін басын бұрып ап алаулап шығып келе жатқан Күнге қарайды. «Күнді көргеніме разымын, жаным жалғыз балам мен кемпірімнен артық емес». Таңғы таза ауада сылқ-сылқ күлген су адамзатты мазақтайтын секілді. Өмірде көргені мен түйгені, қылқынып галстук тағып, кеңседе отырғанда жұртқа жасаған жақсылығы мен қиянаты сумен сытылып кетіп, басы мен аяғы бар бір скелет-Адам жүріп келе жатқандай. «Қиянатым аз, жақсылығым көп, – деп өзін-өзі жұбата бастады. – Мен ондай адам емеспін» деп өзіне-өзі көпшік қойды. Шалт бұрылып, келген ізімен аяңдап Абай ескерткішінің алдына келді. «Алып қаланың айбары осы ғой. Қарашы, жарықтық... шапаны сол иығынан сыпырылып түсіп барады. Сол қолында кітап, сол өкшесі сәл көтеріліп тұр. Жер басып жүру оңай ма, әсіресе, Абайдай қиял адамына... Өңірі ашық, алға ұмсынып тұр. Тас мүсін болса да тірі адам сияқты». Томсарып тұрып қап, ілгері аттады. «Өзі 175-ке толады дейді». Кеше естігенін бүгін еске түсіріп, қалтасына салып жүрер алақандай томпақ радиосын сыртынан бір сипап қойды. «Алдына барып тәу етіп, туған-өлген жылын өз көзіммен тағы бір оқиыншы», - деп, адымын алшақ алды. Әне, қара, ескерткіштің тас тұғырында екі дүние бір қадам боп біреу ұйықтап жатыр. Қайта мынау бір өзі екен, әнеукүні қаз-қатар тізілген үшеу дәл әкесінің үйіндей тәтті қорылға басып, көсіліп жатыр еді, ұйқыларын бұзбайын деп кері бұрылып кеткен. Осы тас тұғырда түс ауа кішкентайлар каталка-сырғымаларымен зырғып кеп сальто жасап, жарысып жүргенін көресің. Кішкентай белсебед мінгендер де тайқарды тақымынан түрткендей ытқытып кеп, кемпірқосақтай иіліп, екі бүктетіліп түседі. Қасында кемпірі жоқ шал қарап тұра алмай аузы жыбырлайды.

– Е-ей, – деді белсебеттің тізгінің шап беріп ұстап ап. – Мынау кім?

– Ескерткіш, – деді он екі-он үштердегі бала орысша жауап беріп.

– Кімдікі?

– Космонавтікі. Наверно Гагарин.

– Бұл – Абай. Қазақтың ұлы ақыны.

– Ұлылыр көп қой. – Бала ығар емес.

– Басқа жер табылмады ма ойнайтын?

– Қалада сальто жасайтын орын жоқ. Ең қолайлы жер осы.

– Әке-шешең бар ма?

– Бар.

– Менімен қалай сөйлескеніңді әке-шешеңе айтып бар.

– Ладно, – деп бала келесі жаттығуға кірісті.

Зейнеткер таудан аққан тұнық сумен көргені мен түйгенін тезірек жуып тастап, санасын сергітпекке терренкур-соқпақ жолға қарай асығып, шалт адымдады...

Ескерткіштің тізеден келер тұғырының жан-жағына ұшып түскен ұсақ тастардың үгіндісі жиналып қалыпты. Абай бабаның сол жақ бүйірін ала арқақапшығын жастанып, қос қолын екі бұттың арасына тығып ап біреу тәтті ұйқы құшағына бөгуде. Үсті-басы кіршең, сірә, қалада тұрағы жоқ қаңғыбас секілді. Сығалап келген күз күнінің сый-сияпатына әбден бойұсынған сыңайы бар. Бүріссе де, өзін-өзі бір нәрсемен жылытып, жанын жұбатып жатыр. Кір-кір қара шашына қолын тигізді. Ол көзін ашып, басын изегенде сақал-мұрты өсіңкі өң-жүзінен бомждың келбетінен басқа ештеңе білінбеді. Мұсылман баласы екендігін қоңқақ мұрны мен қысыңқы көзі айтып тұр.

– Бұл не жатыс? – деді шал жәймен ғана.

– Өмір ғой, – деді таңғы таза ауада тұнық естілген дауыс.

«Мынаны сөзден жеңе алмассың, Абайдың тұғырын үй қылғандарға сабақ болсын». Қалта телефонын алып, 102-ні терді.

– Қоғамдық тәртіпті сақтау бөлімшесінен аға лейтенант Отыншиев тыңдап тұр.

– Дәл Республика сарайы алдындағы Абай ескерткішінің тұғырында біреу ұйықтап жатыр.

– Қан бар ма? Кровь есть? – деді орысшалап.

Бұл қарап тұр, анау тас тұғырды үй қылған мұңсыз бүріскен үстіне бүрісіп, бәріне көндім дегендей, бір уыс боп бүктетіліп жатыр.

– Келгесін көресіз.

– Қан бар ма, жоқ па? Мен қазақша айтып тұрмын ғой. Егер қан шықпаса қылмысқа жатпайды.

– Келгесін көресіз. Мен де қазақша айтып тұрмын, – деп шал сабыр сақтады.

Бас-аяғы он бес-жиырма минөтте лейтенант пен қатардағы полисай жетіп келді.

– Сіз бе шақырған? – деді ескерткіш қасында арлы-берлі жүрген шалды тап басып.

– Мен.

– Не болды?

– Анау ұйықтап жатқан адамды көріп тұрсыз ба?

Ол әлгінің қасына кеп, қушиған иығын әрлі-берлі қозғады да:

– Қан жоқ. Құрамында қылмыс жоқ, – деді тақпақ айтқан баладай тақ-тақ етіп. Кетуге ыңғайлана бергенде шалдың шыдамы таусылып, сыздауығы жарылды.

– Сонда мынау... ұйқыға бөгіп қала бере ме?

– Енді... қалмағанда...

– Оның қайда жатқанын біліп тұрсың ба?

– Это не имеет значение.

– Мен әкіммен хабарласайын, – деп қалта телефонына қол сала бергенде, төс қалтасынан қалам-қағаз шығарып: «Сіз мекен-жайыңызды айтыңызшы», – деді. – Телефоныңыз осы ғой.

Қарауындағы бағыныштыға иек қағып еді, анау ұйқыға бөккен бөгденің жеңінен жұлқи тартып, «Жүр, кеттік!» – деді бұйрық раймен.

Шал тағы да көргенін су сылдырымен жуып тастамаққа асығып, өзен-соқпаққа бет алды. Әлгіні иығынан тартып жұлқылап, сары мәшинеге салып жатыр.

***

– Айыпкер Мықтыбаев Жылқыбек, сіз неге ескерткіштің түбіне түнедіңіз? – деді сот төрағасы кірқожалақ жігітке жирене қарап.

Жігіт орнынан тұрды. Бетін бұрғанда байқады – сол атжақты, қысық көзді, қоңқақ мұрын қазақ. Бір аптада өзгерген ештеңе жоқ, кіршең қою қара шашы ұйпалақтанып, қырылмаған сақалы үрпиіп, айналасына еркін көз салып тұр. Бойында бір батылдық бар, ешкімнен ығар емес, соттан да, жасауылдан да жасқанатын түрі жоқ, бұл үшін бәрі үйреншікті дағды сияқты.

– Мен Абайды сүйем. Көп оқыдым. Ауған жерінде соғысып жүргенде «Қарашада өмір тұрды» ішімнен айтып жүретінмін. Кілең мұсылман бас қосқан бос уақытта «Көзімнің қарасын» домбырамен айтатынмын, – деп қолын қалтасынан шығарып, домбыра тартқан боп ербеңдеп, екіленіп кеткенде қос молақ қол шолтаң-шолтаң ете қалды. Сосын «Өмір ғой!» – деді күбірлеп. Жақын тұрған жасауыл қозғалақтап кетті, сот төрағасы қою қастары дірілдеп, даусы күмілжіп шықты.

– Бұның іске қатысы жоқ. Сіз, именно, сол күні, тап сол момент, неге Абай ескерткішінің түбіне ұйықтадыңыз? – деді қазақша шүлдірлеп.

– Абайды сүйем дедім ғой. Оның үстіне 175 жылдығы келе жатыр. Өмір ғой.

Куәгер ретінде қатысушы зейнеткер орнынан атып тұрды.

Айыпкердің салбырап тұрған молақ қолдары қайтадан қалтасына сүңгіді.

– Сот төрағасы мырза, осы істі қысқартыңызшы. Менің де жалғыз балам Ауғанда мерт болды. Кемпірім болса жоқ. Жалғыз тұрам. Осыны қолыма алайын. «Екі жарты, бір бүтін» болайық. Құдай ақы, қысқартыңызшы! – дегенде, айыпкер жігіт тағы да «Өмір ғой», – деп күбір ете қалды.

– Сізге сөз берілген жоқ, сөз берілгенде ғана өз ойыңызды айтасыз, – деп сот төрағасы тыйып тастады.

Арада он бес минөттей мәуліт өтті. Сот шығып кетіп, қайта келді.

– Соңғы сөзіңізді айтыңыз, – деді айыпталушыға қарап.

– Ауғанда кеңес әскерінің құрамында болдым. Мүгедек боп оралдым. Үй береміз деген уәдені күткеніме ширек ғасыр боп қалды. Жатар орным жоқ. Бәрін қойып, Абай бабаның бауырына тығылдым. Өмір ғой, – дегенде қос молақ қол тығылған кіршең кәстөмнің жеңі селтең ете қалды.

Сот үкім шығарды. Үкім кешіріммен аяқталды. Алты ай мерзім полисай бақылауында жүруге жаза кесілді. Төраға: «Сот процесін жабық деп жариялаймын», - дегенде, жасауыл қасынан кетіп, сотталушы жалғыз қалды. Жақындап келген куәгер шалға қарап: «Өмір ғой», – деп молақ қолын ұсынды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар