Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Рысбек Рамазанұлы. Астраханның соңғы билеушісі...

28.12.2018 5703

Рысбек Рамазанұлы. Астраханның соңғы билеушісі

Рысбек Рамазанұлы. Астраханның соңғы билеушісі - adebiportal.kz

Қазанды жерледік. Кезек Астраханға келді. Негізінде Қазан татарлары Мәскеу үшін әлдеқайда қуатты қарсылас болды. Ұлық Мұхамедтің кезінен бері санағанда жүз жылдам астам уақыт арыстандай арпалысты. Соның 40 жылында қазан татарлары Мәскеу әскерінен басым түсіп, салық алып отырды. Тіпті Мәскеу князі II Василийді тұтқындағаны белгілі.

Ал Астрахан...

Осыдан тура 4 жыл бұрын Қазан татарларының кесілген басы Еділмен ағып Астраханға жеткенде жергілікті халықтың зәресі зәр түбіне кетті. Ана жақта Қазан күл-талқан болып жатқанда Дәруіш Әли, Жаңбыршы, Ақкөбек деген билеушілер таққа таласты. Олардың қырқысына жергілікті ноғай мырзалары көмектесіп отырды. Олардың көбі Мәскеу билігімен санасып, бейбіт тұруға талпынды. Мұны жазба деректер растайды. Қазан трагедиясы өз еліне төнерін сол кезден-ақ түсінген Жаңбыршы орыс көпестері мен елшіліктерін шапты. Оның әрекеті жағымпаз ноғай мырзаларының үрейін ұшырды. Өмірінің мәнін Мәскеумен байланыстырған мырзалар IV Иванға Жаңбыршының көзін құртып, орыс партиясының сенімді өкілі болады деген ниетпен Дәруіш Әлидің кандидатурасын ұсынды.

Айналып келгенде Жаңбыршыны өздері таққа отырғызып, енді Мәскеуге қарсы шыққасын тақтан түсіруі азаттық жолындағы күрескердің рухын сындырған еді. Енді оның қолдаушылары саусақпен санарлық қана. Бүкіл Астрахан хандығының халқы небәрі 100 мың шамасында болса, оның жартысынан көбі егіншілер мен балықшылар. Әскер саны әрі кетсе 5000 адам. Мұның тең жартысы мәскеулік мырзалар жағына шығып кетті. Осындай жағдайға қарамастан IV Иван Юрий Шемякинді қолбасшы етіп жіберген орыстың 30 мың әскерімен шайқасады. Әлбетте жеңіліс тапты. Бірақ шайқаста өлмеді, кіші ноғай мырзаларының қолынан ажал құшты. Әйелі тұтқынға түсіп, баласы христианша шоқынып, «Петр» деген есім алды.

Ал Дәруіш Әли таққа отырып, Мәскеу билігін мойындап, 3 мың Еділ балығын беріп, жан сақтады. Арада екі жыл өтпей жатып Астраханға орыс армиясы қайта келді. Бұл жолы салықпен құтыла алмасын білген Дәруіш Әли мен оның жақтастары қаланы тастап қашты. Қала аяусыз тоналып, бұл жер Мәскеу мемлекетінің иелігі деп жарияланды. Ал Дәруіш Әлидің тағдыры Сафа Герейден сәл өзгешелеу аяқталады. Елінен айрылып, безіп кетсе де дінінен айырылмаған ол алдымен Азау қаласына, одан әрі мұсылмандардың қасиетті мекені Меккеге жеттеді.

Мүмкін ол өз хандығының христиандар қолына өткенін, енді халқы дінінен безіп, шоқынатынын араб жұртына айтқан болар. Ал арабтар болса орыстың не екенін, Иван Грозныйдың кім екенін де білмейтін. Себебі Иван Грозный масаттана қаққан шіркеу қоңыраулары Кавказдан әрі аспай үні өшетін. Дәруіш Әли өз көзімен көрген үйілген бастар, су бетінде қалқып жүрген өлі денелер арабтарға қиял ғажайып ертегідей естілген болар.

Ал оқымыстылар Бағдаттың сарғайған кітаптарын ақтарып жіберіп бұрынғы халифат кезіндегі ибн Фадланның саяхаттарын еске алатын. Орыстың ит тұмсығы өтпейтін ну орманы, аяғына аң терісін орап алып, күркені паналаған орыс бүгін мына Дәруіш Әли айтып отырған орысқа мүлде ұқсамас емес. Кезінде арабтар дүниенің теріскей шеті деп атаған Қазан, қажылардың сапаржайы Қажы-Тархан енді жоқ.

Енді тек Мәскеу ғана бар.

«Мәуелі дарақ саясында отырып, ертегінің неше сүлейін тыңдап өскен арабтар алдарына келген мына адамның кезінде хан болып, алтын тақта отырғаны жайлы әңгімесін тамсана тыңдар еді. “Мың бір түн” ертегілерінде айтылатын сиқырлы жүзіктің көмегімен қайта елін басқарып, барша мұратына жетеді деп қиялдады. Алайда Дәруіш Әлиді ешқандай сиқырлы жүзік құтқара алмайтын. Себебі «Мың бір түн» дегеніміз жай ғана ертегі. Ал Дәруіш Әлидің ертегісі көзге жас әкелетін, туған жердің топырағына зар қылатын ертегі... жай ғана ертегі...»

Астраханның соңғы ханы Дәруіш Әли елінен жырақта, туған жерінің бір уыс топырағы бұйырмаған күйі Мекке қаласында дүниеден өтті.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар