Парсы тілді ақын, ойшыл Саади Ширази (1210-1292) классикалық парсы әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі болып саналады. Оның шығармалары, әсіресе «Гүлістан» мен «Бустан» Шығыс әдебиетіне үлкен әсер етті. Парсы тілдес елдерде ғана емес, Орталық Азияның түркітілдес аймақтарында, соның ішінде Қазақстанда да әсері сезіледі. Саади қазақ даласынан жырақта өмір сүрсе де, оның философиясы, этикасы, баяндау стилі, әдеби бейнелілігі қазақ халқының мәдениетімен, дүниетанымымен үндесіп жатқаны таңғаларлықтай. Бұл мақалада Саади шығармаларының қазақ әдеби мәдениетіне қалай еніп, ел поэзиясына, әңгіме айту дәстүріне, адамгершілік көзқарасына, дидактикалық әдебиетіне қалай әсер еткенін қарастырамыз.
Әр тыныс өмірді ұрлар әр қадамың,
Көрдім мен одан түк те қалмағанын.
Ұйқымен елу жылым өтті солай,
Бес күндік қалды өмірің ең соңғы орай.
Көшуге соңғы сырнай салғанда жар,
Артылмай жүгің қалса, арман болар.
Жаңадан бір ғимарат салсаң егер,
Сен кеткен соң рахатын ұрпақ көрер.
Өмір – қар тамыздағы жатқан еріп,
Иесі сезбей ойнар қуып желік.
(Саадидің Гүлстан шығармасынан үзінді)
Саади Шығыстың әмбебап ұстазы ретінде. Саади жай ғана ақын емес, ұстаз, Шығыстың данагөйі, ислам руханиятының мол дәстүрінің мұрагері. Оның шығармалары этика, тәрбие, өмір даналығы туралы кітап болып саналды. Парсы тілінде сөйлейтіндерге ғана емес, түрлі түркі тілдес этнос өкілдеріне де арналған кітап. Орта ғасырларда анекдоттарға, ақыл-кеңестерге, даналық бейнелерге толы мұндай шығармалар ақыннан ақынға білім беретін Орта Азияның даласында өте танымал болды.
Саади және қазақ поэзиясы: ортақ тақырыптар. Саади поэзиясы өзінің ерекше моральдық-философиялық реңктерімен танымал. Әділдік, қайырымдылық, кішіпейілділік, адалдық, кедейлерге қамқорлық, сөздің қадірі, білімнің құдіреті туралы айтады.
Көп атақты қара жерге жерленді,
Өшіп бітті, аты да жоқ елде енді.
Сүйегі де топыраққа айналып,
Енді қалған бар қызығын жер көрді.
Наушарбанның жақсы ісімен қалды аты,
Жер жүзінде болмаса да тән заты.
Жақсылық қыл, ертең өзің кеткенде –
«Түк қалмады» демесін жұрт албаты....
Дәл осы құндылықтар қазақтың ақындық дәстүрінде де тереңнен орын алған. Біздің Абай Құнанбайұлы, Бұқар Жырау, Асан қайғы сияқты тұлғалардың Саадимен дүниетанымындағы айқын ұқсастықтарын көруімізге болады.
Абай Құнанбайұлы Саади шығармаларымен таныс болғаны сөзсіз. Оның «Кара сөздерінде» орыс және шығыс философиясының іздерін ғана емес, сонымен қатар парсы идеяларының ықпалын көруге болады. Ол Саадидің күрделі ұғымдарды қарапайым әрі қысқаша жеткізе білуіне тәнті болды.
Саади шығармалары және қазақ даналығы.
Саади шығармаларындағы ойды білдірудің негізгі түрлерінің бірі – астарлы әңгіме. Мағынасы терең, кейде таңғаларлық аяқталатын қысқа да мазмұнды әңгіме. Бұл форма қазақтың ауыз әдебиеті дәстүріне айтарлықтай әсер етті. Қазақ ақындары өнеге, өмір тағылымын жеткізу, қоғамдық-саяси мәселелерді жеткізу үшін анекдот әңгімелерді жиі пайдаланған.
Шертілмесе най, даф, чанга күй төгіп,
Екі құлақ жүдей қоймас «иті өліп».
Көз де шыдар сүйсіне бау кезбей-ақ,
Мұрын шыдар гүл жұпарын сезбей-ақ.
Құдай қойса құс жастыққа жарытпай,
Ұйқы қысса қара тас та мамықтай.
Құшырлана құша алмасаң жарыңды,
Қол қусырып, көз ілерсің налулы.
Ал бірақ та қарын жазған төзбейді-ақ,
Аш құрсағың бір талғажау іздейді-ақ.
Али Акбар Талеби Матин,
Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы
елшілігінің мәдени кеңесшісі
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.