Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Сағынтай Бисенғалиев. Жайығына Жұбан келе жатқанда...

16.04.2025 1035

Сағынтай Бисенғалиев. Жайығына Жұбан келе жатқандай…

Сағынтай Бисенғалиев. Жайығына Жұбан келе жатқандай… - adebiportal.kz

Жұбан Молдағалиев. Бұл иісі қазақ алты алаштың аузынан тастамай, ғасырдан ғасырға айтып жүретін ардақты есімдердің бірі. Бұлай деуімізге оның ақындығы, ғажайып эпикалық жанрдағы туындылардың авторы екендігі немесе біздің мақтанышымызға айналған жерлесіміз екендігі, туғанына биыл 105 жыл толатындығы ғана себеп болмаса керек. Ақын шығармашылығы, өмір жолы туралы әңгіме, естеліктер айтылып та, жазылып та келеді. Елі аман болса айтыла да, жазыла да бермек. 

Жұбан туған топырақ

Әлімсақтан тарихты тұлғалар жасайтыны аян. Ал тұлғаны, хас талантты туған топырағы береді. Жұбан ақынның  ерлігінің түп-тамыры да («Жұбанның үш ерлігі» Қ Жұмағалиев)  туған топырағынан бастау алады. 

Жыланды. Ақжайық ауданының Қарауылтөбе ауылдық округіне қарасты Жыланды ауылында Жұбан ақын дүниеге келген. Бүгінгі таңда сол жерде көп шұңқырлардың орны мен төмпешіктер және жазуы оқылмайтын, құлаған құлпытастар сақталған. Ел «Мыңшұңқыр» деп атайды. Бағзы заманнан қалың ел ұзындығы 20 шақырымдай осы Жыланды сайының жағалауын мекендепті. Құлпытастарға қарағанда бұл өңір негізінен құл тайпасының атакүлдігі. Ойылдың суы мол жылдары Жыланды кемерінен асып жайылып, шөп шығымы, шабындықтар жақсаратын болған. Соғыс жылдары сай бойы шаруашылық мақсатқа пайдаланылады да, артынша мемлекеттік жер қорына көшеді. 1962 жылға дейін «Есенсай», одан әрі «Орал» каракөл совхоздар аумағына берілген. 1980 жылы 10 қазанда 60-қа толған мерейжасына орай жерлестерімен болған кездесуде ақын өзінің кір жуып, кіндік кескен Жыландысы жайында былай деген: «Жыланды ата-бабамыздың ежелгі қонысы. Алайда қуаңшылық жылдарында олар қолайлы қоныс іздеп, Жыланды бойы әлденеше мәрте «әдіра қалатын» болған. Менің кіндік қаным тамған жер болғанымен, алты айлығымнан бастап ес білгелі Сайқұдықта тұрып, анамның арқасында ер жеттім. Солай болғанымен Жыланды маған ерекше ыстық. Қайда жүрсем де ойымда. Келген сайын ерекше күш-қуат алып, шабыттанып қайтамын».

Жұбанның ауылдасы, күні кеше арамыздан кеткен қоғам қайраткері, көрнекті қаламгер Бисен Жұмағалиев ағамыз сол маңда алты мешіт болғанын айтып еді. Соның ең маңыздысы - Мәулімберлі мешіті Жұбан туған Жыландыға тиіп тұр. Ал ол жерде кезінде ұстаздары Мысыр мен Бағдадтан оқып келген медресе болған, сол өркениеттің негізін қалаған алып үш мәрте Меккеге барып, соңғы сапарынан қайтпай, сол жақта жерленген. Атақты ғалым Ханғали Сүйіншәлиев, Жұбанның жан досы ақын Сағынғали Сейітов, тана Сүгір жырау, Шымыр ишан, жазушы Сайымжан Еркебаев секілді белгілі жерлестеріміз де сол жерлерде туып-өскен.

«Мен қазақпын!»

Жұбан ақынның батырлығы бір төбе екені белгілі. Оған мысал ретінде тоталитарлық жүйеден тайсалмай, «Мен қазақпын» деп жар салуы мен 1986 жылғы желтоқсанда жебе болып жалғыз атылғанын айтсақ та жеткілікті деп ойлаймын. Ұлы Отан соғысындағы қан майданда бастан-аяқ қару мен қаламды қатар ұстағаны, «Жыр туралы жыр» жазғаны бөлек әңгіменің арқауы болар еді. Енді сол батырлық қасиет, ерлікті аңсап тұратын ақберендік ақынға кайдан келді десек, тағы да туған жер топырағына жүгінеміз. Себеп: Жұбан туған жерден қол созым жерде атақты Науша, Байбарақ батырлар жатыр. Сәл әрірек, иек астында атақты Есімхан мен Сатай батыр да мәңгі мекенін тапқан. Ақжайығыма қарай келсек, Жантөре хан, Хамза, Ораздар менмұндалайды. Алаш тарихынан ойып тұрып орын алған осыншама ірілер туған топырақтан Жұбан қалай батыр болып жаралмасын!

Жұбағаң сол кездегі Одақ қаламгерлерінің көбінің түсіне де кірмейтін лауазымды қызметтер атқарды, биік мінберлерден сөйледі, жыр оқыды. Бір ғана «Мен Қазақпын!» поэмасы (1964) ақынның атағын аспандатты. Кеңестік жүйе  кезінде бұлайша батыл жырлау – арыстанның аузына барумен бірдей болатын! 

 

Ақынды елі ардақтайды

Биыл бесінші қазанда Жұбан шайырдың туғанына 105 жыл толады. Дөңгелек дата болмаса да, ақынның атаулы күнін туған жері Ақжайық ауданы ауқымды шаралармен атап өтуді жоспарлады. Яғни, Ақжайықта биыл «Жұбан жылы» (бейресми) деуге толық негіз бар деп есептеймін. Оған Қазақстан Жазушылар одағынан бастап,облыс, аудандардағы зиялы қауым, қаламгерлер атсалысса құба-құп! Туған топырағы – Ақжайық ауданы ақынның мерейтойларын өнегелі өткізіп келеді. Жұбанның  80, 90, 100 жылдығына орай «Қазақтың Жұбаны» атты кітаптар жарық көрді. Бұл үрдіс алда да жалғасады деп ойлаймын. Ал бүгінгі жас ұрпақтың Жұбан ақын жайлы терең білуі, мақтан етуі маңызды, Жұбан жырларын жаттап өскені дұрыс. Ондай елжандылық қасиет дарыған өңірлердің жарқын мысалдары бар. Мысалы, Мұқағали туған Қарасаздың, Қадыр Мырза Әлі туған Жымпитынының кәрі-жасы жерлес ақындарының жырларын кез келген ортада жатқа соғады! Бізге де осы үрдіс үлгі болса, кәне! Дана Қадырдың өзі Жұбағаңның:

...Асан боп туып қазақтар, 

Өледі Асанқайғы боп...» 

– деген егіз жолына таңқалумен өткенін өз аузынан естідік.  «Апырай, осы ой менің ойыма қалай келмеді?» – деген өкініш,тіпті қызғаныш та болды!» – деген еді Қадыр ақын. 

Естеліктер не дейді?

Бес жыл бұрын ақынның ғасыр тойына дайындық барысында Алатау өрлеп, Алматыға барып Жұбанның жансерігі София жеңгемізді 90 жасымен құттықтап, Жазушылар одағына бас сұғып, Кеңсай зиратындағы ақын қабіріне тәу еткен едік. Бәрінен бұрынғы олжамыз Жұбан ақынды көзі көрген әдебиет корифейлерінің бірнешеуін іздеп тауып, сұқбаттасуымыз болды. КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақсақал жазушы, абыз ата Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Бұл қазақ Жұбанмен қалай мақтанса да артық емес» деп қадап айтты. Осы сөздің өзі біраз нәрсені аңғартқандай, баһадүр шайырдың бағасын білдіргендей емес пе! Ауруханада жатқанына қарамастан аталы сөзін айтқан атақты ғалым Серік Қирабаев ағамызға да алғысымыз шексіз. Жұбан ақынмен жакын араласқан Серік аға ақынның туған жерге деген шалқар махаббаты мен азаматтық келбетіне көбірек тоқталып еді. Белгілі қаламгер Мыңбай Рәш та түн жарымында мазалағанымызға ренжімей, талай сырды ағытқан. Осы жерде айта кетейік, облыстық «Ақжайық» телеарнасының деректі фильм жасағаны көңілге медеу.... 

Мен өзім Жұбан ақынмен кездескен адаммын. Біздің «Базартөбе» ауылында үш жерде саяжайы болды. Елге жылда келетін. Оған себеп кеңшар директоры Досқалиев Бисен ағай соғыстан бұрын бірге оқыған досы болатын. Алғаш келген 60-шы жылдары, әрине, біз бала болдық, кездесе алмадық. Бүгінде еңбек ардагері, партия, кеңес қызметінде болған Ақжайық ауданының құрметті азаматы, көненің көзі, құймақұлақ ағамыз Әленғали Кереев ағамыз былай деп естелік айтады: «Ақынның 1961-1963 жылдары елге келген сапарларынан есімде сақталғаны – соғыс аяқталғаннан кейін ақын Алматыда тұрып қалды. София жеңгемізге үйленіп, 1949 жылға дейін ауылға жи келіп тұрды. Әр келген сайын Зеріп анамыз елге деген сағынышын білдіретін. Ол келінін ұлттың салт-дәстүріне, қарапайым ауыл өміріне дағдыландырды. Мәселен, ол кезде қазіргідей дайын отын болмайды, ауыл маңынан жұрт тезек теріп әкеліп жерошаққа от жағады, тамақ әзірлейді. Бұл үйден, әлбетте, қонақ арылмайтын. Үлкен қаладан бірден ауылға келе қалған сондағы жап-жас София келін Зеріп анамыздың да, келім-кетім ауылдастардың да бабын тауып, көптің көңілінен шығатын, ақ баталарын алатын. «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас» демекші, София жеңгеміздің бүгін кешкен ұзақ ғұмыры сондағы ауыл-елдің, енесінің алғыс-батасынан екені айдан анық.

Ақынның 1963 жылғы сапары ауылдастарының өміріне үлкен өзгеріс жасайды. Соның бірін ғана айтсам, осы келгенде Жұбағаң Өлеңті ауылына қолға түсе бермейтін екі бірдей дизель мотор алуға ықпал етеді. Сөйтіп, әр үйде электр шамдары жағылады. Әр кездесуде, ол мейлі қатардағы еңбек адамдары ма, ауыл, аудан, басшылары ма, бәрібір, ақын өз ойын бүкпесіз, ақтарыла айтып беретін, өз өмірінің қайсыбір сәттерін, өлке тарихын әсерлене әңгімелеуші еді. Солардың ақын аузынан жазып алынған бірқатарын келтірейін.

«Қазақта «Жайпақ», «Тайпақ» деген сөздер бар. Бірақ кең жазық көл атын, көл арқылы аудан атын халық қолдап, «Тайпақ» жеңіп алған. Екінші дерек, қалмақтар біздің өңірге үш ғасыр мекендегенін тарихтан білеміз. Сол қалмақтар осы өңірде бау-бақша өсіріп, тірлік етіпті. Солар өсірген жүзімдерінің ішінде түсі ақ, баданадай, дәмі тіл үйіретін тәтті түрін «Тайпақ жүзімі» деп атапты-мыс. Тайпақ ауданында алты кеңшар бар. Олар: «Краснояр», «Котельников», «Тайпақ», «Орал», «Есенсай», «Өлеңті», Мен сонғы кездері сапарларымда малшы-шопан, егіншілермен дидарласып, көптеген қуанышты жайттарды көрдім. 

Азынабай Тайпақ көлінің шығысында Жыланды деген жер бар. Мен дүниеге келгеннен кейін өмірімнің алғашқы алты айын сол жерде өткізіппін. Содан соң ес білгелі мен бұл жерді көрген емес едім. Соның 1963 жылы ғана бір сәті түсті. Көлікте отырған Қалаш Аманқұл ағай «мынау пәленшенің қыстауының орны» – деп, әр жердегі ескі жұрттарды көрсетіп келеді.

– Ал, әне бір жол бойындағы төмпешік, ұмытпасам, сен туған қыстаудың орны болса керек, – дей берді де, оң жаққа келіп тоқтады.

– Жыланды дегеніміз осы, Қалеке, – деді автомобиль жүргізуші Мақсат езу тартып бұрылып.

 – Туған жеріңізде соңғы жылдары, шамасы, сіз де болмағансыз-ау. Әйтпесе Жыландының өзен болып кеткенін білуге тиіс едіңіз. 

– Апырай, – деді Қалекең, көзін бір сипап жіберіп, бізге бұрылып.

– Осы Жыланды жыландай ирелеңдеп кеуіп жататын жылға, сай ғана болатын. Менің жігіт шағым осы жерлерде өтті, жақсы білемін. Анау дала су келмеген жылдары баяғы Кербала бүгінде көлге айналып, жағасында төрт түлік мал қаптаған құтты мекенге айналыпты. Қарап тұрмын. Әлгінде, туған қыстауымның орны мен күлін көргенде, кенет бір ерекше сезім билеп, тәй-тәй бастырмай жатып, дүние салған бейтаныс әке мен парызын қырық жыл қоса атқарған қайран ананың ыстық құшағы көзге елестегендей, өзім да еріксіз сәл тұнжырап қалған едім. Ал енді мына жана өзен, жаңарған туған өлкем жүрегімді жұмсартты. Қазіргі көңіл кірбіңін бір жуғандай, тұла бойыма әсер етіп, самал демімді аймалағандай, әп-сәтте шабындық пен бекеттен бірер шақырым жердегі шағаладай жаңа ауылды көргенде, ескі жұрт естен лезде ғайып болды».

«Анкетама қосымша»

Соншалықты бай өмірбаяны бола тұра, Жұбан ақын өзі туралы том-томдап кітап жазып, мемуарлық дүниелер шығарып уақыт кетірмеген адам. Бар ниеті халқына адал қызмет ету, өлмес туындылар қалдыру болды. Жастайынан жетімдік көріп, қиындық кешкен, бақытты балалығы болмаған, жалғыз анасының қанатының астында өскен ұл өмірдің ұлы жорығын бір ғана өлең толғауға асқан шеберлікпен сыйғыза алған! 

Атышулы аштық жылы өмірге келген ұлдың «Ұлы жорығы» жырмен кестеленіп жүре береді. Әйтпесе, ақынның аналарға арналған «Жесір тағдыры» атты кең құлашты,эпикалық поэмасы бар екені де белгілі ғой. Естеліктерге қарағанда, ақынның анасы тұрмыста көпшіл, тура айтатын мінезі де болған. Отағасы ерте дүние салғаннан кейін ағайын-туыс жиылып, Молдағалидың ағалары мен інілерінің біріне әмеңгерлік жолмен қосу жайлы айтқанда Зеріп анамыз мүлдем көнбей қояды. Бар арманы – Молдағалидан қалған жалғыз тұяқты аман өсіріп, қатарға қосу болған. Бұл жолда әйел затының екінің бірі төзе бермейтін қиындықтарды бастан кешіп, ер-азаматтарша еңбек еткен,колхозда қой бөлімшесінің меңгерушісі болған. Отан соғысы жылдарында колхоз басқармасы болған елге сыйлы Әбілхалық Бектұрсыновтың әңгімесінен: «Зеріп батырлар жырын жатқа білетін, әр сөзін мақалдап сөйлейтін шешен, дініне берік, ұстамды жан болатын. Әскерге алынған әкесінің, ұлының, ағасы мен інісінің, сүйген жарының «қаралы қағазын» алып күңіренгендерге сүйеу болып, қолдан келгенше қамқорлап, қайғы-қасіретін бір адамдай бөліскен адам болған. Жұбан бойындағы ерлік пен өжеттік сол ана сүтімен берілгеніне сұрапыл соғыс жылдары Зеріппен жұмыстас болған біз куәміз. Жұбан бала күнінен аз сөзді, ойға көп берілетін, ісіне тындырымды, мектепте озат оқушы болды. Техникумдағы оқуын тәмамдап, мал дәрігері мамандығын меңгерді. Қаршадайынан өлең жазуға құштар-тұғын. Отан қорғауға бастан-аяқ қатысып, қаруымен де, қаламымен де жеңісті жақындатты. Майданда жүріп қазақ тілінде газет шығарды, онда жалынды жырларымен қазақ жауынгерлерін жеңіске жігерлендірді. Қазақтың Жұбаны болғанын біз мақтан тұтамыз. Елге келген сайын соғады, хал-жағдайыңды біліп тұрады. Анасы Алматыға көшіп барып, немерелерін көрді, ұлының бүкіл елге танымал ақын болғанын көріп дүниеден озды. Арман бар ма!».

 

Анасы, жары, ұл-қызы туралы да бейнелеп, бағалап айтып өтеді. Бүгінде 95 жасқа толып отырған аяулы жары Софья туралы:

«...Жар да жоқ Софиямдай жер бетінде,

Жел болып бір тимеген ел бетіне.

Қуаныш, Қуандығын, Азаматын,

Ананың сусындатқан шербетіне!» 

– деп, бір-ақ шумақпен асыл жарының адамдық, аналық қасиетін танытып өтеді.

«...Үйлендік,үйлендік те, тұра бердік,

Жоқ еді сынық ожау мұра дерлік...», –  деп келетін жолдар болушы еді алдыңғы басылымдарда. 

P.S. Осы «Анкетама қосымша» өлеңіне ақынның бар ғұмыры сыйып тұр деуге болады. Ақын туған жерін өле сүйді, бірақ жершілдікке,жерлестікке бармады, руға бөлінген жоқ.

«... Білмеймін бөлінуді, ру заңын,

 Білемін бір жатақта тұру заңын.

Ұлына Отан-Ана болса риза,

Мен оған өле-өлгенше ризамын!»  

– деуі содан.

* * *

Желтоқсан жебесі

 «Табылғанда» елдің өгей «егесі», 

Ағылғанда өзен бұзып көбесін. 

Сабыр жанда қалмай тұрған күн еді,

 Аңырағанда іздеп халқы Жебесін.

 

Қазақ елі іздеп еді Жебесін. 

Тозақ еді, тоғышарлар не десін?! 

Азап еді айтарыңды айту да, 

Ғажап еді – айта алсаң сөз төресін! 

 

Сөз төресін айтсаң – күнің ғапыл-ды. 

(Ездер кімді жекпе-жекке шақырды?!) 

Осы кезде ерлік болып ел күткен. 

Жұбан-Жебе «шүрегейге» атылды! 

 

- Мен – қазақпын, көктеп келем бүр шығып

 Қанша ғасыр ғұмыр кештім түншығып.

Қыз бұрымы қызыл қанға боялса, 

Ақын үшін мағынасыз тіршілік! 

 

Ұраным да, Құраным да  – Ел менің,

 Ел ішінде жуылған-ды жөргегім. 

Бұл сұмдықты көріп, тірі жүргенше, 

Дұрыс еді қан майданда өлгенім!». 

 

Осылай деп Жұбан  қазақ толғады, 

(Кей жазушы бәлкім «іштей» қолдады).

 Жүрегіне салмақ түсіп өлді ақын, 

Неден өлді? Сұраған жан болмады.

 

Қолдамаған ағайын да жүр аман, 

Қорғалаған бұта сынып құлаған. 

Жұбан-жүрек шыдамады зорлыққа,

 Төрт жыл кешкен қызыл қанға шыдаған!

 

 Содан бері… гүл көмкеріп жас талды, 

Егемен ел алды талай асқарды. 

Құрбан болып кеткенімен жыр ғұмыр, 

Нұрдан болып бір ғұмыры басталды. 

 

Еркін елміз шырқап салар жыр әнді,

 (Алланы бір, екі дедік құранды) 

Жұбаным деп мақтана бер, Жыланды, 

Қыраным деп таны Қазақ Жұбанды!

 

Жайығына Жұбан келе жатқандай…

Алыптардың адымы да алып қой, 

Алып адым алты алашқа салыпты ой.

Қазақ кім деп сұрасаңыз, ертеңге, 

Еркін бара жатыр, міне, танып қой!

 

Қазақ деген бүгін азат халық қой, 

Азат елдің ақ таңы да жарық қой.

 Ұрпақтарын бастап болашағына, 

Жыр-Жұбан да бара жатыр, танып қой!

 

Күн аймалап кереқарыс ақ маңдай,

 Асыл халқы алдан шырақ жаққандай.

 Киікотының хош иісін сағынып, 

Жайығыма Жұбан келе жатқандай.

 

Нық сеніммен аяңдайтын сияқты, 

Ақжайыққа аялдайтын сияқты.

 Көк туы бар келешек ұл-қызына, 

Өткен шағын баяндайтын сияқты.

 

Жайық тасып, қайнап кетер сияқты, 

Жыр-жасаумен жайнап кетер сияқты.

Жігіттердің жанып жасық жігерін, 

Намыстарын қайрап кетер сияқты!

 

Ынжықтарды иықты етер сияқты, 

Сұлуларды сүйікті етер сияқты. 

Туған жерге тебірене еңкейіп, 

Топырағын сүйіп кетер сияқты. 

 

Жұбан елден саяқ қалмас сияқты,

Жұрты барын аяп қалмас сияқты. 

Шайырымның шартарапқа сапары, 

Мәңгілікке аяқталмас сияқты! 

 

100 жасына жасап жатқан халық той, 

Өр ақынның өлмейтіні анық қой.

 Туған елі төсеп берген жолменен, 

Жұбан келе жатыр, міне, танып қой!

 

 Тура сөздің кім табады бүкпесін, 

Тура жолдың кім қоя алар нүктесін.

 Жұбан ақын жолға шықты «жұртым» деп,

 Ал, ендеше, ақ сапары бітпесін!

 

Сағынтай Бисенғалиев, ақын, 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, 

Ақжайық ауданының құрметті азаматы, 

Батыс Қазақстан облысы

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар