Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Салауат Кәрім. Кемеңгердің соңғы сапары (2-бөлім)...

05.05.2022 5140

Салауат Кәрім. Кемеңгердің соңғы сапары (2-бөлім) 12+

 Салауат Кәрім. Кемеңгердің соңғы сапары (2-бөлім) - adebiportal.kz

Лев Николаевич пен Софья Андреевна Берс 48 жыл некеде өмір сүрді. Бастапқыда Лев Толстой Софья Берске емес, оның үлкен апасы Элизабетке (Лиза) көзі түседі. Берстердің отбасын бала кезінен жақсы білген Лев Толстой күнделігінде: «Лиза Берс мені еліктіреді, бірақ бұл болмайтын шаруа. Менің оған ешқандай сезімім жоқ, бір ғана есеп онымен қосылуға жеткіліксіз», - деп жазады.

Толстой он сегіздегі Софья Берстің жазғандарын оқымағанда Толстойдың тағдыры мүмкін мүлдем басқаша болар ма еді, Софья Берстің көркем жазбаларындағы басты қаһарманы «келбеті тартымсыз, бірақ бекзат қасиетті, ақылды князь Дублицкий» Толстойдың өзін еске салды, Толстой Софьяның шығармасынан өзін көреді.

Осыдан кейін 34 жастағы граф Лев Толстой 18 жасар Софьяға келіп, онымен ұзақ уақыт ашық сөйлеседі. Сондай кештердің бірінде ол күнделігінде: «Мен бұрын біреуді сүйе алмайтын шығармын деп ойлайтынмын, енді мен ғашықпын. Ертең мен оның алдына барамын да барлығын айтамын немесе өзімді атып тастаймын» - деп жазады.

Келесі күні Толстой Софьяға өзінің ойын жеткізеді. Үлкен апасының ашуланғанына қарамастан, Софья бірден «иә» деп жауап беріп, Толстойға күйеуге шығуға келесімін береді. Үйлену тойы бір аптадан қалмай өтеді, мұны граф Толстойдың өзі талап етеді.

Некелік өмірлердің басында қалыңдығы мен оның арасында құпия болмасын деп Лев Толстой Софьяға өзінің күнделігін оқуға береді. Күйеуінің жастық кезіндегі қыдырымпаз, сауықшыл, тән құмарлық өмірін және шаруа қызы Аксинья арасындағы қатынастарын білген зайыбы одан шошиды.

Лев Николаевич алғашқы отбасы жылдарын былай еске алады: «Сол жерден келгеннен кейін мен үйлендім. Бақытты отбасы өмірінің жаңа қызықтары менің көңілімді баулып, өмірдің мәнін іздеуден мүлдем тыс қалдым. Менің өмірім сол кезде отбасыма, әйеліме, балаларыма арналды, олардың күн көрісі қаражатын көбейтуге жұмсалды. Жетілсем деген менің талпынысым, жалпы жетілсем деген тілегіммен бірге қоса, енді отбасыма жақсы болса екен деген игілік мақсатыма ұласты.

Осылай тағы бір он бес жыл өтті.

Осылай жалғасқан он бес жылда жазушылықты болмашы іс санасам да, мен жазуымды тоқтатқан емеспін. Мен жазушылық қызметтің қомақты ақшалай табысына, шамалы еңбегімнің мақтаныш қызығына еніп, өзімнің материалдық тіршілігімді жақсартып, өмірімнің, жалпы өмірдің мәні туралы жан қинамайтын құралы етіп алдым. Мен түсінікті нәрселерді жаздым, әркім өзі үшін, өзінің отбасы үшін жақсы өмір сүрудің қажеттілігі туралы жаздым» -дейді.

***

Лев Толстой өзінің отбасылық өмірінің басында керемет жігерлі құлшынысты сезінеді, отбасылық бақытқа бөленген алғашқы он жылда «Соғыс және бейбітшілік» пен «Анна Каренина» романдары дүниеге келді. Софья Андреевна жазушының жұмысына баға жетпес үлес қосты. Софья Андреевна Толстойдың әйелі де, әдеби кеңесшісі де, тіпті оған рұқсат етілген шектерде цензоры рөлінде атқарды. Ол өзінің күйеуінің шығармашылық қызметіне барлық жағдайларды туғызады, Лев Николаевичті үй шаруасынан босатады.

Ерлі-зайыпты өмірінің бақытты осындай кезеңдерін бастан кешірген Лев Толстой үйінен қашу туралы шешім қабылдайды. Толстойтанушылар Толстойдың қашу туралы соңғы жылдары көп жоспарлағанын, бірақ шешім қабылдай алмағаны туралы айтады, алайда осының алдында 1901 жылы Л.Толстойдың Ясная Полянадан осындай түрде кетіп қалғаны туралы жазады, Толстой ол кезде Қырымға кеткен болатын, 1910 жылдың аяғындағы қашу Л.Толстой үшін соңғы сапар болды.

Ясная Полянадан Толстойға қашып шығуға кіші қызы Александра (Саша) мен оның дос қызы Феокритова, сонымен қатар Толстойды қасында сүйемелдеген дәрігері Д.Маковицкий көмектеседі, онсыз қарт Толстойдың қашып шығуы мүмкін емес еді. Олар түнде қашады. Лев Толстой Софья Андреевна оянып, олардың қашатынын білсе үлкен жанжалдың болатынын біледі. Ол осы жағдайдан қатты қорқады, оның жоспарының бұзылатынын жақсы білді. Толстой өзінің күнделігінде, Ясная Полянадан түнгі үште қалай қашып шыққаны туралы былай жазады: «Түн – мен көзімді жұлып алдым, жолдан адасып флигельге соқтықтым, ағаштарды қағып, құлап, бас кимімді жоғалтып таппадым, күштеп шықтым ау, үйге қайтып келіп, фонарикпен атқораға жеттім, аттарды жегуді бұйырамын. Саша, Душан, Варя келеді. Мен қуғыншыларды күтіп, дірілдеймін».

***

Лев Толстой үлкейген шағында да жетілсем деген көзқарастарынан, адамзатқа қызмет ету идеяларынан бас тартпады, жас кезінде қалыптасқан қағидаларымен өмір сүрді, өмірінің соңы жылдарында жалпы адам баласы бойындағы зорлық-зомбылықтың, оның қайғы қасыретін түсінеді, жалпы адамзаттық бауырластық, махаббат пен еңбек туралы идеялармен, қағидаларды кеңінен уағыздайды.

Лев Толстой өзінің жеке меншігін шаруаларға бөліп беру үшін бас тарту туралы көп ойланады, осы бағыттағы арманын іске асыру үшін ересек балаларымен сөйлесіп, оларды үгіттейді, сонымен бірге шығармашылығына қатысты авторлық құқықтан бас тарту туралы мәселені көтереді. Тағы бір ерекше нәрсе Лев Толстой өзінің отбасы үшін «өмір жоспарын» ұсынды, оған сәйкес ол табыстың бір бөлігін кедейлер мен мектептерге беруді ұсынды, бұл оның жаңа өмір салтын (қарапайымдылық, қанағат, еңбек, бауырластық) ұстанған отбасы өмірін айтарлықтай жеңілдетеді деп санайды, сонымен қатар «барлық артық» дүниені: фортепиано, жиһаз, күймелерді сату керегін және таратуды ұсынады.

Софья Андреевна мұндай жоспармен келісе алмайды, олардың ортасында елеулі қайшылықтар туындайды. Лев Толстой әйелі София Андреевнадан тек материалдық емес, сонымен бірге рухани өмірін, оның философиялық көзқарастарын бөлісетінін күткен болатын. Софья Андреевна оның көзғарастары мен жаңа өмір салтын қолдамады, кейінірек мұнысына өкінеді, сонымен бірге артынан бұл идеялардың оған жат екенін де жасырмады. Екіншіден, күйеуінің жаңа идеяларын түсінуге Софья Андреевнаның мұршасы да болмады, өмір бойы жүкті болған, бала емізуден босамаған, балалар тәрбиесімен айналысқан, оларды (балаларына киімді өзі тігетін) киіндіреді, оқуларына жауап берді, фортепиано ойнауды үйретеді. Сонымен бірге Лев Толстойдың шығармалары мен жазбалары бойынша жұмыстарда София Андреевнаның мойнында болатын, шығармалары мен мақалаларын жариялау, жазбалары мен кітаптарын бастыру, шығарылатын қағаздың сапасына дейінгі мәселе, яғни басылатын қағаздың сапасына дейін оның араласуынсыз шешілмейтін еді. Лев Николаевич өзінің 1881 жылға дейінгі жазылған шығармаларын бастыру құқығын Софья Андреевнаға берген болатын.

1883 жылы Л. Н. Толстой елу бес жасқа толады. Оның бұрын жарық көрген «Соғыс және бейбітшілік» және «Анна Каренина» романдары әлемге танылған, жазушының әлем мойындаған кезі болатын.

***

1865-1866 жылдары «Русский вестник» журналында «1805 жыл» деген атпен романның бірінші томының бірінші және екінші бөлімдеріне сәйкес келетін үзінділері жарияланды, 1867 жылдың күзінде Толстой Бородино шайқасын көз алдына елестету үшін, өз көзімен көру мақсатында Бородино шайқас алаңына барады. 1867 жылы маусымда «Русский архив» баспасының иесі, баспагер П.И.Бартеневпен романды жеке кітап ретінде шығаруға келісім жасаған соң Л.Толстой жазғандарын түзетуді жалғастырады, 1868 жылдың аяғында романның соңғы бөлімдерін толықтырып жазады, 1869 жылдың басында да толықтыруларды жалғастырады. 1868-1869 жылдары «Соғыс және бейбітшілік» романы толығымен жеке басылым түрінде алты томмен, 5000 дана таралыммен және кейінгі басылымдарда автордың өзінің есебінен төрт том болып жарық көреді. Кітап үлкен жетістікке жетті, орыс зиялы қауымы романды оқудан бас көтермеді. 1869 жылы сәтті жарық көрген романды кішкені түзетулермен (алғашқы 4 томы) романның екінші басылымында 6 том болып қайта жарық көрді.

Лев Толстой «Соғыс және бейбітшілік» романын жазуға жеті жылын арнады. 1863 жылы жазушы қайын атасы А.Е. Берспен кең көлемді туынды жасау жоспарын бірнеше рет талқылайды. Сол жылдың қыркүйегінде қайын атасы Мәскеуден хат жолдап, онда жазушының идеясы туралы өзінің ойын білдіреді. Романда Ресей тарихының он алты жылы, 1805 жылдан бастап 1821 жылға дейінгі жылдар қамтылады.

Романда 500-ден астам кейіпкерлер бейнесі сипатталады. Олардың ішінде 200-ден астамы өмірде болған адамдар, сонымен бірге, жазушының өзі ойдан шығарған әр түрлі мақсаттағы кейіпкерлер де бар. Толстой романды дәстүрлі бірінші жақтан әңгімелеу қағидасынан бас тартып, кейіпкерлері мен оқиғаларды монологтар мен авторлық шегіністер арқылы сөйлетеді, бұл оқырманға жеткізудің сәтті жасалған үлгісі болды.

Тарихшылар жазушы мұрағатында романның басталуының он бес нұсқасы болғанын айтады. Л.Н.Толстой 1812 жылғы оқиғаларды сипаттайтын көптеген шежірелерді, тарихи құжаттарды, материалдарды зерттеуге мәжбүр болады. Ол романды жазу барысында әртүрлі деректерді, замандастарының жазбаларын, газет және журнал мақалаларын, генералдардың хаттарын, Румянцев мұражайының мұрағаттық құжаттарын пайдаланды.

«Соғыс және бейбітшілік» атауындағы тіркес соғыс пен тыныштықты, бейбіт уақытты білдірді. Жазушы шайқасқа дейінгі орыс халқының тыныш, бір қалыпты, өлшеулі өмірін көрсетсе, соғыстың басталуы адамдардың әдеттегі өмірлерін бұзып, әр кейіпкердің тағдырын, өмірге деген көзғарастары мен тіршілігінің өмір салтын өзгертеді.

Шығарма әртүрлі шиеленіскен сюжеттік бағыттарда өрбиді, образдық –сюжеттік ерекшеліктерге толы, образдар жүйесі сан алуан және әрқилы: князь Андрей Болконский - үнемі өмірдің мәнін іздейтін, жігерлі тұлға, оған ары, абыройы ең басты, Толстой Балконскийді әдемі, ұстамды тұлға ретінде сипаттайды. Романның бірінші томында Наташа Ростова небәрі 12 жастағы қыз, ақылды, сұлу бойжеткенге дейінгі кезеңі суреттеледі, оның ішкі жан сұлулығы ерлерді өзіне тартады. Тіпті Андрей Болконский Наташаның махаббаты үшін күресуге дайын. Пьер Безухов – жұмсақ адам, асықпайтын тұлға, мейірімді жан. Шаруалардың өмірін өзгертуге және ауқымды оқиғаларға әсер етуге тырысады.

Автор Кутузов пен Наполеонның образдық бейнелеріне көп көңіл бөледі. Толстой қолбасшы Кутузовты ақылды, қарапайым және мейірімді адам көрсетеді, ал Наполеон жағымсыз күлімсіреген, кішкентай семіз адам ретінде суреттелген. Сонымен қатар, ол біршама жұмбақ және ойнақы келеді.

Романды жазу барысында Лев Николаевич тарихта адамның өмірі мен оның маңызы қаншалықты деген мәселеге жауап іздеуге тырысады, «Соғыс және бейбітшілік» романында жазушы «халық идеясын» да жеткізуге тырысады, оның мәні романдағы әрбір жағымды кейіпкердің халықпен қарым- қатынасын, соғыс арқылы халықтың отанымен байланысын, отанды қорғау, адамның отанға деген сүйіспеншілігін баяндау болатын.

Толстойдың барлық замандастары «Соғыс және бейбітшілік» туындысының тереңдігін не оның жаңашылдығын бірден түсіне қоймады, тиісінше бірінші журналдық басылымынан кейін жазылған сын аз болмады. Өзі Пьер Безухов сияқты қарапайым адам болған, Бородино шайқасына қатысқан П.А.Вяземский «1812 жылғы естеліктер» мақаласында «Соғыс және бейбітшілік» романы туралы: «Жоғарыда аталған кітапта оқиғаның қайда аяқталатынын және романның қай жерде басталатынын анықтау өте қиын және тіпті болжаудың өзі қиын. Бұл әңгіме мен романның араласуы, сөзсіз, біріншісі түпкілікті, соңғысының, яғни романның шынайы қадір-қасиеті жойылады» деп жазды. Әдеби сыншы П.В.Анненков «Соғыс және бейбітшілік» жеке тағдырлар мен тарихтың шиеленісі «роман машинасының дұрыс өрбуіне, қозғалуына» жол бермейді деп сынады. Генерал М.Драгомиров Л. Толстойдың романдағы соғыс реализмін жоғары бағалағанымен, әскери іс туралы жазғандарын сынға алады.

Дегенмен Ресейден гөрі шет жерде «Соғыс және бейбітшілік» романы ерекше туынды, әдеби құбылыс ретінде қабылданды.

«Une Russe» – «бір орыс» деген бүркеншік атпен қол қойылған «Соғыс және бейбітшілік» романының алғашқы француз тіліндегі аудармасын княгиня Ирина Ивановна Паскевич жасады, 1879 жылы Санкт-Петербургте басылып (үш томдық) Парижде сатылымға шығарылды. Бұл аударманың «Соғыс және бейбітшілік» романын насихаттаудағы рөлі орасан зор еді, артынан көптеген еуропа тілдеріне жасаған аудармашылар Паскеевич аудармасының негізінде тәржімелейді. 1879 жылы И.Паскевич жасаған «Соғыс және бейбітшілік» романының француз тіліндегі аудармасы жарық көрді, бұл шет тілінде жарық көрген тұңғыш аударма еді, содан кейін роман Германия, Дания, Америка, Англия, Венгрия, Голландия, Чехия, Швеция, Болгария, Сербия, Италия, Испанияда жарық көрді.

Роман француз тілінде 1879 жылы аударылған нұсқасын оқыған бір танымал француз әдеби сыншысы: «Мені тыныш өзеннің ағысына түсіп кеткендей сезіндім, бірақ оның ағысына жете алмадым», - деп жазса, романның алғашқы екі томын оқып шыққан әйгілі француз жазушысы, Гюстав Флобер: «Қандай суретші, неткен психолог!» - деп үн қосады.

Ағылшын жазушысы Джон Голсуорси: «Егер сізге әдеби сауалнаманы құрастырушылардың анықтамасына сәйкес жүрегіңізге жақын келетін «әлемдегі аса зор романды» атау керек десе, мен: «Соғыс және бейбітшілік» романын таңдайтын едім», - дейді.

Л.Толстойдың әсері сол XIX ғасырдың өзінде ақ әртүрлі дәрежеде француз жазушылары Эмиль Золя, Анри Барбюс және Ги де Мопассан шығармаларынан көрінді, олар өз туындыларында соғыс бейнесін жасау, образдық сипаттау барысында Л.Толстойдың дәстүріне үңіледі, олардың соғыс ұрыстарының ең кішкентай бөлшектеріне дейін нақты және сенімді түрде бейнелегенін аңғарады, ал атақты француз жазушы Ромен Ролланға Толстой тікелей әсер етті. Ромен Роллан 1887 жылы студент кезінде ол әйгілі орыс суретшісіне әдебиетке, өнерге деген көзқарасын түсіндіруді сұрап жүгінеді және оған жауап алады. Р.Роллан өзінің күрделі шығармашылық жолында Л.Н.Толстой туралы бірнеше рет жазды, оны әр түрлі себептермен өз шығармаларында бірнеше рет еске алады, көбінесе оның беделіне сілтеме жасайды, бірде сөзсіз келісіп, ал бірде онымен мүлдем келіспейді, бірақ әрдайым оған деген терең құрметін жасырмады. 1897 жылы 29 қаңтарда Лев Николаевичке жазған хатында «Сізге, құрметпен, ұлыңыз Ромен Роллан» деп қол қояды.

Л.Н.Толстойға және оның шығармашылығы француз жазушыларына ықпалы туралы француз ақыны, сыншы, Нобель сыйлығының иегері Анатоль Франс 1910 жылы Толстойды еске алған мақаласында: «Эпикалық жазушы Толстой біздің ортақ ұстазымыз, ол бізге адамды сыртынан көруге де, ішкі жанын көруге де үйретті. Толстой бізге теңдесі жоқ зиялы тектіліктің, батылдық пен жомарттықтың үлгісін көрсетті. Жауыздықты тыныштықпен, қаталдықты мейірімділікпен жеңуге болатынын суреттеп, қоғамдағы зұлымдықтарды әшкерелеуге үйретті, оның барлық шығармашылық заңдары бір мақсатқа тіреледі – әділетсіздікті, озбырлықты әшекерлеуге бағытталған, Толстой үздіктер ішіндегі ең үздігі, алғашқысы», - деп баға береді.

Л.Н.Толстой жалпы соғыс туралы роман авторы ретінде реализмнің қарқынды және өркениетті бағытында дамуына ықпал етті, ол әр түрлі елдердің жазушыларына оған дейінгі әдебиеттерде аз ғана жарық көрген реалистік бейнелеуді көрсету арқылы жаңа тақырыптық кеңістікті игеруге көмектесті, ХХ ғасыр әдебиетіндегі соғыс мәселесі ерекше маңызды болды. Әрине, Толстой дәстүрінің соғыс, әскери тақырыбына жазған шетелдік жазушылардың әрқайсысының көркемдік мәнерінің өзіндік ерекшелігіне әсер етпей қоймады.

XIX ғасырдың 60-шы жылдардағы орыс әдебиетіндегі басты тақырыптардың бірі халық мәселесі болды. Толстойдың шығармашылығын зерттеушілер Толстой «халық» деген ұғымды – шаруалар, жалпы орыс ұлты, көпестер мен патриархалды патриоттық дворяндар дегенді білдіреді дегенге мүлдем қарсы. Әрине, олардың барлығы Толстойдың «халық» деген сөзі түсінігіне енеді, бірақ Толстой түсінігінде «олар адамгершіліктің тасымалдаушысы болғанда ғана халық бола алады» дейді. Толстой азғындықтың бәрін «халық» деген ұғымға тіркестіре беруге, телей беруге қарсы болғанын айтады.

Жазушының алғашқы идеясы қуғынға 30 жыл салып, үйге оралған декабристер туралы көркем шығарма жазу болатын, алайда жазушының бұл ойы орындалмады, Виктор Шкловскийдің айтуынша: «Толстой бір роман жазғысы келіп ниеттенеді, алайда ол мүлдем басқа роман жазып шықты», - дегені шындыққа жанасады, Л.Толстой жазу барысында тарихқа және әдеби кейіпкерлерді құру туралы көзқарастарын түбегейлі өзгертеді, нәтижесінде «Соғыс және бейбітшілік» романы халықтың тарихы, соғыс тарихы, отбасы туралы роман ғана емес, философиялық тұрғыдан терең жазылған, онымен

Л.Н.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романы әлем әдебиетінде кең ауқымды тарихи эпопея, адам, өмір, отан, отбасы, халық, соғыс мәселесі қамтылған, адамдардың өмірі мен тағдырлары шынайы суреттелген роман, құндылығы жағынан бірде бір шығарма тең келмейтін классикалық туынды деп бағаланды, Л.Н.Толстой қалаған әдеби көркем дәстүр мен суреттік шеберлік ХХ ғасырда әлем әдебиетінің қарқынды дамуына негіз болды. Жазушы өзі болса роман жеке адамның өмірі елдің тарихынан ажырамайтыны туралы поэма деп санады. (жалғасы бар, басы өткен санда)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар